Саламатты гигиена негіздері.
Күн режимінің гигиеналық негізі. Жеке бас гигиенасы.
Зиянды әдеттер-темекі шегу, наша мен алкоголь қолдану дене тәрбиесі мен спорт сабақтарына жат нәрсе.
Темекі түтінінде ағза үшін зиянды ондаған химиялық затар бар, олар жүйке жүйесінің, асқорыту құрылымының, тыныс алу жүйесінің және т.б. ауруларына ұшыратады. Темекі смоласының қынтамақ ісіктерінің пайда болуына ықпал ететіні ғылыми зерттеліп дәлелденген Никотин есте сақтауды әлсіретеді, ерікті жояды, жүрек-буын және тыныс алу жүйесінің қызметін, адамның жалпы жұмыс қабілетін нашарлатады.
Жас кезінде адам ағзасы никотинмен тез уланады. Осыдан ызақорлық пен ашушандық, сабақта жолдастарынан қалып қою, дене дамуының уақытынан бұрын тоқтауы келіп шығады.
Алкоголь бәрінен бұрын адамның жүйке жүйесіне зиянды әсер етеді. Mac кезде күштің, лездіктің, төзімділіктің көрсеткіштері төмендейді, қимыл үйлесімділігі бұзылады, көру және есту қабілеттерін нашарлатады. Алкогольді жиі қабылдау нәтижесінде ағзаның жылу реттеуі бұзылады, ауыр жазылмайтын аурулар (гипертониялық ауру, жүрек бұлшық еттерін май басу) дамиды. Алкоголь ұрпаққа да зиянын тигізеді: ішкілікке салынғандар да қоғам мен ата-анасына азап әкелетін кемтар балалар туады. Ең зияны самагон, онда адам ағзасын бұзатын майлар көп.
Наша қабылдау адамның жүйке жүйесін топтастандырады, жасушалар мен ұлпаларды тез қартайтады. Адам үшін нашаға әдеттену өте тез құбылыс. Нашақор (наша қабылдауға әдеттенген адам) наша жоқ болса, дене әлсіздігін, зерігуді бастан кешіреді, ұйқысыздыққа тап болады, тек қана наша тауып, соны қабылдауды ғана ойлайды, бұл Адамдар өз әрекеттерін қадағалай алмайды, ал оның салдары, әрине, көбіне қылмысқа соқтырып жатады.
Шынығу деп организмнің қоршаған орта факторларына, әсіресе, метеорологиялық факторларға (шынығудың арнаулы әсері) қарсы тұру мүмкіндігін арттыратын процедуралар жүйесін түсінеді. Сонымен қатар шынығу организмнің қызмет қабілетін жоғарылатады, әр түрлі ауруларға иммунобиологиялық қарсы тұру (арнаулы емес әсері) дәрежесін арттырады.
Жеке әсерлердің ұзақтығы мен күшінің жүйелі түрде қайталануына байланысты, шынығуды жаттығулардың жеке түрі деп қарауға болады. Бұл жағдай шынығудың негізгі принциптерін ( ақырындап, еппен бастау және жүйелігін сақтау) анықтайды.
Балаларды ерте жастан метеорологиялық факторларға шынықтырудың маңызы өте зор. Дене температурасының тұрақтылығы химиялық және физикалық болып бөлінетін термореттеу процесі арқылы сақталады. Біріншісі- жылу бөлінуін (зат алмасу) реттеу, екіншісі- жылу беруді реттеу болып табылады. Сыртқы ортаның температуралық факторлары, терінің терморецепторларына (жылулық, салқындық) әсер етеді. Бұл рецепторлар дененің барлық аймақтарында біркелкі таралмаған. Оның ең көп бөлігі бет терісінде, ең аз бөлігі иық, қол терілерінде орналасқан. Кейінгі жылдары терідегі жүйке жүйесінің еркін аяқталуы туралы - салқындаған кезде терідегі жиі соға бастайтын импульс яғни салқын сезгіш жіпшелер туралы айтыла бастады. Импульстер рецептордан гипотала-мусқа (организмнің жылу реттеу орталығына) барады. Жылу реттеу реакциялары өз кезегінде зат алмасу және қаңқа бұлшық еттерінің моторлы ортасымен, яғни жылу өндіру орталығымен байланыста болады.
Дене температурасын реттеуде перифериялық қан айналысының жылдамдығы мен көлемі, тері бетінің жылу беру мөлшерін өзгертеді. Температуралық тітіркендіргіштер әсер еткенде қан тамырларының кеңеюуі немесе тарылуы, орталық жүйке-жүйесінің қатысуымен реттеледі. Салқын әсер еткенде, рефлекторлық реакциялар жылу бөлінуді 15-30% кемітіп, қан тамырларының тарылуын қамтамасыз етеді. Сонымен бірге жылу өндіруді ұлғайтатын, шартсыз рефлекстер де іске қосылуы мүмкін.
Бала организмі туған күнінен бастап, термореттеуші жүйемен реттеледі, бірақ ол толық жетілмеген, әлсіз болып келеді. Балалардың терісі ересектердікіне қарағанда жұқалау және капиллярларға бай келеді. Тері бетінің көлемі де салыстырмалы түрде көбірек болады, зат алмасу процессі ересектерге қарағанда үдемелі түрде жүретіндіктен, жылу берілуіне қолайлы жағдай туады, сондықтан олар салқын тигеннен пайда болатын ауруларға бейім келеді.
Жылу реттеу жүйесінің дұрыс жетілуі үшін, организм шынығуды қажет етеді және осы жүйелерге кейбір жүктеме түсіру бала организміне зиянды емес, керісінше, пайдалы болып келеді. Сондықтан, организмнің шынығу процесі термореттеу аппаратының жаттығуына негізделген.
Балалық шақта әсіресе, сәбилік шақта және мектепке дейінгі кезеңдерде химиялық жылу реттеу орталығының өте маңызды қорғаныш рөлін атқарады. Салқын тітіркендіргіштерге тері-тамыр реакциясының жылдамдығы жас өскен сайын арта түседі, бірақ аздаған шынығу процедурасы болуы да мүмкін. Рецепторлық аппараттар мен қан-тамыры реакцияларына қайта-қайта жүктеме түсіру, олардың қызметін жетілдіре түседі және термореттеу жүйесінің функционалдық мүмкіндіктерінің жетілуін жылдамдатады. Белгілі шартсыз рефлекстерден басқа, солардың негізінде, балалар организмінде температуралық әсерлерге термореттеу жүйесін саналы түрде іске қосатын шартты рефлекстер пайда болады.
Шынығудың тиімділігі төменде көрсетілген принциптердің сақталуына байланысты:
Процедураларды қолданудың жүйелілігі;
Тітіркендіргіштердің күшін ептеп ұлғайту;
Жасына, денсаулығына және шынығу дәрежесіне байланысты шынығуды бастаған кезде, жеке бас ерекшеліктерін ескеру;
Балалардың ең жақсы жылулық жағдайда болуы;
Баланың көңіл-күйінің дұрыстығы.
Балаларды шынықтырудың құралдары болып, негізінен табиғи факторлар алынады: ауа, су, күн радиациясы. Оларды шынығуға пайдалану үшін, белгілі гигиеналық талаптар қойылады. Ауа мен су таза және белгілі температурада болуы қажет. Сонымен қатар ауаның ылғалдылығы мен қозғалу жылдамдығы да есепке алынады. Күн сәулесінің түсетін бұрышы, әсер ету үстемдігі және ұзақтығы белгілі мөлшерде болуы қажет.
Жалпы алғанда, денешынықтыру тәрбиесінің салауаттандырудағы тиімділігі екі негізгі принципті сақтағанда ғана дұрыс болады: тәуліктік қимыл-қозғалыс белсенділігіне гигиеналық нормаларға сәйкес түзетулер жүргізілуі және денешынықтыру тәрбиесінің гигиеналық негізделген жалпы моделінің болуы.
ЛЕКЦИЯ №
Спорттық киімге, аяқ киімге қойылатын гигиеналық талаптар.
Адамды қоршаған ортаның қолайсыз әсерінен қорғайды, терінің бетін механикалық зақымданудан, ластанудан сақтайды. Киім арқылы, адам денесінің айналасында қоршаған орта климатынан біршама айырмашылығы бар, жасанды, киім астындағы микроклимат қалыптасады. Оның температурасы 280С- 340С мөлшерінде, салыстырмалы ылғалдылығы 20-40%, ауа қозғалысы өте төмен 0,006-0,097% мөлшерінде болып келеді. Киімдер киім асты микроклиматын қалыптастыра отырып, организмнің жылу жоғалтуын біршама төмендетіп, дене температурасының тұрақтылығының сақталуына жағдай жасайды, терінің термореттеу қызметін жеңілдетіп, тері арқылы газ алмасу процессін қамтамасыз етеді.
Балалық шақта термореттеу механизмі жетілмегендіктен, организмнің салқындауы немесе ыстықтауы денсаулық жағдайының жедел бұзылуына әкеліп соғатындықтан, балалар организмі жылу өндіруі 3-4 есеге дейін жоғарылайтын өте жоғары қимыл-қозғалыс белсенділігінде болатындықтан, балалар терісі өте нәзік, жылдам жарақаттанғыш келетіндіктен, зат алмасуда терінің тыныс алуының меншікті үлесі ересектерге қарағанда үлкен болатындықтан киімнің қорғаныштық қасиетінің балалар үшін маңызы өте зор.Балалар киімі өзінің конструкциясы және материалының физикалық-гигиеналық көрсеткіші бойынша жас мөлшерінің анатомиялық-физиологиялық ерекшелігіне, іс-әрекеттің түріне және метеорологиялық жағдайға сәйкес болуы керек, және оңай киіліп, оңай шешілетін, бала тәрбиесінде эстетикалық таным қалыптастыруға жағдай жасауы керек.
Балалар киіміне баға беру үшін, санитарлық-гигиеналық экспертизаға балалар киімін даярлауға арналған - киімнің сыртқы қабатына, ортаңғы қабатына және ішкі астарына арналған маталардан әрқайсысының размері 1м2 алынған бір бумасын және даяр болған өнімдерді жібереді.
Мата жасалатын талшықтар табиғи (мақта, кендір, жібек, жүн т.с.с.), жасанды немесе синтетикалық болуы мүмкін. Талшықтардан жасалған жіптер иірілген, қатты немесе бос, үлпілдек болуы мүмкін. Маталар құрылысы бойынша маталық және тоқыма-трикотаждық болып бөлінеді.
Маталардың түрлерін балалар киімінің өндірісінде пайдалану, олардың физикалық-гигиеналық көрсеткіштеріне: қалыңдығы, массасы, көлемдік массасы, кеуектілігі, ауа- және буөткізгіштігі, гигроскопиялылығы, ылғалсақтағыштығы, гидро- және липофильділігіне және жылуөткізгішітігіне байланысты болады.
Матаның қалыңдығы - миллиметрмен өлшенеді және негізінен матаның жылусақтағыштық қасиетіне тікелей әсер етеді. Қалыңдығы жоғары маталардың құрамында жылу өткізгіштік қасиеті өте төмен ауа көп болады. Яғни, мата неғұрлым қалың болса, соғұрлым жылы болады (мыс. бәтес-0,1мм, драп-5мм, табиғи жүн-30-50мм).
Матаның массасы – матаның белгілі ауданына (1м2 немесе 1см2) алынған грамм көлемімен өлшенеді. Өзіне қажетті қасиеттердің бәрі (мыс. крепдешин-25г/м2, драп-77г/м2, табиғи жүн-1000,0г/м2) сақталған және массасы төмен болып келетін маталар гигиеналық тұрғыдан ең дұрысы деп саналады.
Көлемдік масса - матадағы тығыз заттар мен ауа құрамының қатынасын анықтайды, 1см3 матаның граммен алынған массасы. Бұл көрсеткіш төмен болған сайын, матаның массасы жеңіл болады. Көлемдік масса сонымен қатар, қалыңдығы бірдей маталардың жылусақтау қасиетінің критерийі болып табылады, яғни, көлемдік массасы төмен маталар жылылау болып келеді (мыс. жүн трикотаж-0,07г/см3, брезент-0,6-0,7г/см3).
Кеуектілік - кеуектілік көлемінің берілген матаның жалпы көлеміне пайызбен алынған қатынасы арқылы анықталады және ол көлемдік масса көрсеткішімен тығыз байланыста болып келеді. Матаның кеуектілігі оның жылылық қасиетін анықтайды (мыс. драп-50%, жүн трикотаж-93-95%, жартылай жүннен жасалған ватин-97%, мақта мата-99%, мақта матадан жасалған ватилин-99%).
Ауа өткізгіштік - дециметр кубы (дм3) арқылы өлшенеді және 1м2 матаның кеуектілігінен сүзу арқылы секундына ауа өткізу қабілетін көрсетеді. Әртүрлі киімдерді өңдеуге арналаған маталардың, ауа өткізгіштігі әртүрлі болады. Мысалы, салқын ауадан сақтану үшін күз және қыс киімдерінің сыртқы қабатының ауа өткізгіштігі төмен болуы керек. Жаздық киімдер жақсы желдетілетін, яғни, ауа өткізгіштігі барынша жоғары болуы керек (мыс. мақта матадан жасалған жеңіл маталардың ауа өткізгіштігі секундына 111дм3/м2, табиғи жібек секундына-341дм3/м2, капрон секундына-125дм3/м2).
Бу өткізгішітік - 1м2 матадан сағатына өтетін су буының көлемі, граммен өлшенеді және матаның киім астында тұрақты түрде пайда болып тұратын су буларын (мата талшықтарына сіңірілуі арқылы) өткізу қабілетін анықтайды. Әсіресе, жылу беруі, негізінен булану арқылы жүретін ыстық климаттық аймақтарға арналған киімдердің бу өткізгіштігі өте жоғары болғаны дұрыс (мыс. мақта матадан жасалған жеңіл маталар сағатына-16,2г/м2, табиғи жібек сағатына-4,62г/м2, капрон сағатына-1,09г/м2 бу өткізедіт.с.с.).
Гигроскопиялылық - матаның су буларын сіңіру қасиеті, пайызбен алынады. Жақсы гигроскопиялылық іш киімдерге арналған маталардың жақсы қасиетіне жатады. Тері сыртына пайда болатын тер тамшыларын сіңіреді. Атмосфералық ылғалдылықтан, жылу жоғалту қасиетінен сақтану үшін, қыс және күз киімдерінің сыртқы қабатына арналған маталардың гигроскопиялылығы төмен болғаны дұрыс (мыс. бәтес, шыт->90%, мақта матадан жасалған мадополам->18%, жеңілдетілген драп->17,2%, табиғи жібек->16,5%, репс->7-8%, су өткізбейтін заттармен қанықтырылған репс->1,2%, капрон->5,7%, лавсан->0,5% т.с.с.).
Су сіңіргіштік - матаны суға салып қойғандағы су сіңіргіштігі, пайызбен алынады. Ылғалдық әсер еткен кезде ауаөткізгіштікті белгілі деңгейге жеткізіп, жылылық қасиетінің өзгеруін төмендететіндіктен, матаның кеуектілігінің белгілі бөлігінің бос болуының маңызы өте зор.
Гидрофильділік - матаның суды толық және жылдам сіңіріп алу қасиеті, пайызбен алынады. Дененің тері қабатына тиіп тұратын және тері бетіне пайда болатын су буларын сіңіретін маталардың гидрофильділігі жоғары болғаны дұрыс .
Гидрофобтық (суланбайтын) - гидрофильділікке қарама-қайшы қасиет. Сыртқы киімдерге әсіресе қар, жаңбыр, тұмандардан қорғануға арналған киімдердің гидрофобтығы жоғары болуы керек.
Липофильділік - матаның тері бетіндегі майларды өзіне сіңіріп алу қасиеті, пайызбен алынады. Әсіресе синтетикалық маталарға тән қасиет, талшықтар арасындағы ауа өтетін кеуектіліктер тығыздалып, матаның физикалық-гигиеналық қасиеттері төмендейтіндіктен, олардың нашар қасиеті болып табылады. Жылуөткізгіштік - матаның жылусақтау қасиетін сипаттайды; бұл көрсеткіш төмен болған сайын, матаның жылылық қасиеті жоғарылайды.
Жылулық қарсылық - жылуөткізгіштікке қарама-қайшы қасиет, температура өзгерісі 10С болған жағдайда, 1м2 матадан 1ккал жылу өтетін уақытпен (сағатпен) өлшенеді және жылу өткізгіштікке кері шама болып табылады.
Балалар киімін дайындау үшін табиғи талшықтардан жасалған маталар және қатал түрде СанНменЕ сәйкес келетін химиялық талшықтар қосылған маталар алынады. Балаларға арналған басқадай заттарға жасанды жүндер мен синтетикалық жылу сақтағыштарды (желімденген, көлемдік, ине өтетін) қолдануға болады.
Жаңа туған сәбилер мен сәбилер жасындағы балалардың (28 размерге дейін) іш киімдеріне химиялық жіп қосылмаған болуы керек, бастауыш мектеп жасына дейінгі жастағы балалардың киімінде ол 30%-ға, одан жоғары жастағы балалардың киімінде 50%-ға дейін рұқсат етіледі. 30 размерге дейінгі суға түсуге арналған костюмдер мен спорт киімдері тек қана табиғи жіптерден жасалуы керек.
Іш киімдер - тері қабатымен тікелей байланыста болатындықтан, киім астындағы аралықта пайда болып отыратын зат алмасу заттарынан (ылғалдылық, май, газдар) тазартып отыруға қатысады және олар ыңғайлы, кең, киім асты аралығының желдетілуіне, терінің “тыныс алуының” қамтамасыз етілуіне жағдай жасауы керек. Іш киімдер үшін ауа-, ылғал-, буөткізгішітігін, гигроскопиялылықтың және гидрофильділіктің жоғары болуын қамтамасыз ететін жұқа, жұмсақ, құрылысы тоқыма-трикотаждық маталар алынады. Жаңа туған нәрестелер мен 3 жасқа дейінгі сәбилердің киімінің ішкі қабаты тек табиғи талшықтардан (кендір, мақта, жібек) немесе вискозадан жасалуы керек. Мектепке дейінгі жастардағы балалардың іш киімдерін дайындауға мақта-сиблон маталарын (70% мақта және 30% сиблон) қолдануға рұқсат етіледі.
Балалар киімдерінде қалың, ыңғайсыз тігістер, қатты, тар резеңке баулар болмауы керек. Жазда климаттық және метеорологиялық жағдайларға байланысты балалар бір немесе екі қабат киім киеді. Бірінші қабаты - іш киімдер, екінші қабаты – көйлек, жейде, шолақ шалбар, юбкалар. Жаздық жейде, көйлектерге арналған маталардың да қасиеті, іш киімдікі сияқты жұмсақ, ауа-, буөткізгіштігі, гигроскопиялылығы, ылғалсіңіргіштігі, гидрофильділігі, жылуөткізгіштігі жоғары болуы керек. Жаздық киімнің пішімі кең және киім асты аралығын жақсы желдететін болуы керек. Жаз киімдеріне қысып тұратын белбеулер, резеңкелер, биік жағалар салуға болмайды.
Қыс кезінде ауа температурасы 200С жоғары жылы бөлмелерде балалар жаз киімдеріне қойылатын талаптарға сәйкес келетін 2 қабат киім киіп жүреді. Егер бөлме температурасы 190С төмен болса, үй киімі үшін қалыңырақ, жүн талшықтарынан жасалған, жылусақтау қасиеттері жоғары маталар алынады. Мұндай жағдайда киімдер үш қабатқа дейін киінуге болады.
Сыртқы жылы киімдер - олардың негізгі міндеті денеге қажетті жылуды сақтау және оны атмосфералық жел мен ылғалдылықтан қорғау болып табылады. Ол 3 қабаттан тұрады. Сыртқы, жабын қабаты ауа-, буөткізгіштігі, гигроскопиялылығы және ылғал сіңіргіштігі төмен, яғни, суық атмосфералық ауаның киім астындағы аралыққа дейін өтіп кетуін тежейтін, қар мен жауын суынан сақтайтын, жылу қорғау қасиеті жоғары матадан тігіледі. Балаларға арналған қыстық киімдердің сыртқы қабатын су өткізбейтін заттармен қанықтырылған табиғи талшықтардан жасалған маталардан немесе синтетикалық жолдармен алынған маталардан тігуге болады. Ортаңғы жылусақтағыш қабаты кеуектілігі жоғары, ауаны ұстап қалатын (мақта, ватин, ватилин, синдипон т.б.), табиғи, жасанды немесе синтетикалық талшықтардан жасалған маталардан тігіледі. Бұл қабаттың жылусақтағыш қасиеті жоғары болуы үшін және ол денеге тиіп тұрмайтындықтан, мұнда синтетикалық талшықтардан жасалған маталарды қолдануға болады. Ішкі қабат (астары) - ауа-, буөткізгіштігі, ылғалсіңіріуі және гигроскопиялылығы жоғары, яғни, киім асты аралығында қолайлы гигиеналық жағдай жасауға қажетті маталардан даярланады.
Балалардың қыс киімдерінің конструкциясы киім асты аралығындағы ауа айналымын және қоршаған ортамен ауа алмасуын барынша төмендетуді қамтамасыз етуі қажет. Бұл жағдай киім асты аралағын - капюшон, манжет, белбеулермен бекіту арқылы жасалады. Бала үшін ең жақсы қыстық киім белі биіктеу жасалған шалбар, етегі ұзындау келген, капюшоны бар күртеше болып саналады. Киімнің осындай конструкциясы жылу қорғау тиімділігін жоғарылатады, жылуды денеге бірқалыпта ұстап тұрады және баланың қимыл-қозғалысына кедергі жасамайды.
Киімнің жылу қорғағыш қасиетіне физиологиялық-гигиеналық баға берілуі қажет. Киімнің жылу сақтау қасиеті туралы толығырақ мәліметті энергия шығынын, тері температурасының көлемін, жылу ағынының тығыздығын - радиация және конвекция арқылы, дененің белгілі аумағынан белгілі уақытта жоғалатын жылу санын анықтау арқылы алуға болады. Киімнің жылу қорғағыш қасиеті дегеніміз, оның жылу ағынының тығыздығын төмендету қасиеті. Жылу ағыны қоршаған ортаның температурасының өзгеруіне және киімнің жылу қоғағыш қасиетіне байланысты болады. Жылу беру көлеміне, терінің орташа алынған температурасына, метеорологиялық (микроклиматтық) жағдайға байланысты киімнің организмінің жылу беруіне “қарсыласуына”, яғни, киімнің жылулық қасиетіне сандық баға беруге болады.
Аяқ киім - киім комплектісінің негізгі бөлігі болып табылады. Ол организмдерді салқын тиюден, ыстық өтуден қорғайды, табанды механикалық жарақат алудан сақтайды, аяқтың бұлшық еттері мен буындарына табан құрамын дұрыс ұстау үшін көмектесу арқылы аяқтардың рессорлық, амортизаторлық функциясын атқаруға жағдай жасайды. Аяқ киім жүрудің дұрыстығына, балалардың қимыл-қозғалыс белсенділігіне әсер етеді, табанның көптеген ауруларының және деформациясының себебі болып табылады. Балаларға арналып әр түрлі аяқ киімдер шығарылады: жыл бойы киюге болатын, жаздық, қыстық, көктем-күздік. Сонымен қатар күнделікті киетін, сәндік, үйде киіп жүретін, жолға киетін, ұлттық, спорттық т.б.
Гигиеналық тұрғыдан аяқ киім - бала организмін метеорологиялық қолайсыз әсерлерден және механикалық жарақаттанудан сақтауы керек; бала организмінің анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктеріне (әсіресе табанның) сәйкес болуы керек; табанға қажетті қолайлы микроклимат қалыптастырып, қоршаған ортаның микроклиматтық жағдайларына қарамастан, қажетті температуралық-ылғалдылық тәртібін сақтауға жағдай жасауы керек.
Балалар мен жасөспірімдердің аяқ киімдеріне арналған гигиеналық талаптар өсу кезеңіндегі табан құрылысының ерекшеліктерімен анықталатын аяқ киім конструкциясына қойылатын талаптардан және аяқ киім жасалатын материалдарға қойылатын талаптардан тұрады.
Балалардың табаны бақайларының басы өте кеңейіп келетін, доғалдау формамен сипатталады. Балалар табанының, өкше мен аяқтың басына қарай алынған қатынас ересектердікіне қарағанда басқаша, яғни, өкше жағы ұзындау болып келетіні, аяқ киімін жасаған кезде (әсіресе балалар аяқ киімі үшін қалыптар жасағанда) ескерілуі керек. Балалардың табанының қаңқа сүйектері, негізінен шеміршектен тұрады. Сүйектенуі бой өсуінің жетілуіне қарай аяқталатындықтан, баланың табанына берілетін механикалық әсерлер оны жылдам деформацияға ұшыратуы мүмкін. Сондықтан, аяқ киімнің қалыңдығын, иілгіштігін, сапасы мен жылу сақтау қасиетін гигиеналық нормаландыру қажеттігі туады.
Балаларға арналған аяқ киімдер табан ұзындығына сәйкес анықталатын өлшем арқылы (өкшенің ең дөңестеу келген шетінен бастап, ең ұзын бақайдың басына дейінгі аралық) алынады Өлшем бірлігі ретінде миллиметр алынған, нөмірлер арасындағы айырмашылық 5мм болуы мүмкін.
Аяқ киімнің негізгі элементіне аяқ киімнің үсті (басы, қонышы, балтыры) және асты (табаны, ұлтарағы, өкшесі) жатады. Балалар аяқ киімнің бас жағы, бақайларға дейінгі буындардан кеңірек болуы керек. Табанының (ұлтарақ, табан, өкшелері) қаттылығы дұрыс деңгейде болуы керек, қарсыласуы (килограммен алынған) І және Ү- бақайға дейінгі сүйектерді қосатын иілу сызығы бойынша пайда болған бұрыш, 250 - қа дейін жетуі керек.
Ұлтарақ - аяқ киімнің табан терісімен тығыз байланыста болатын және аяқ киім ішіндегі температуралық-ылғалдық комфорттың сақталуына жағдай жасайтын ішкі бөлігі болып табылады. Ол жұмсақтау иілгіш, жылу, және ылғалдан қорғау, гигироскопиялығы және желдету қасиеті сақталатындықтан тек табиғи теріден жасалуы керек.
Табан - аяқ киімнің төменгі бөлігінің негізгі элементі болып табылады және оның иілгіштігі, қалыңдығы, массасы және жылу сақтау қасиеттері өте жақсы болуы қажет. Аяқ киімнің иілгіштігі регламенттеледі және сәбилерге арналған аяқ киімдерге - 7H/см, мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған аяқ киімдерге - 10H/см, ұл балаларға арналған мектептік аяқ киімдерге - 9-13H/см, қыз балалардың мектептік аяқ киіміне 8-10H/см есебінен алынады. Табанның қалыңдығы пайдаланылған материалдар мен аяқ киім түріне байланысты алынады. (25 кесте).
Балалар аяқ киімдерін бекіту үшін, бас жағының улкен иілгіштігін, жеңілдігін, аяқ киімнің ішкі аралығының ауа өткізгіштігі мен желдетілуін қамтамасыз ету үшін арнаулы жіптерді және аралас тәсілдерді қолдануға болады.
Кеуекті резеңке, полиуретан және басқа материалдарды қолданған кезде бекітудің желімдеу және біртұтас құю тәсілдерін қолдануға болады.
Табан материалдарының жылу сақтағыш қасиеті олардың жылу өткізгіштігіне байланысты болады. Материалдардың жылу өткізгіштігі төмен болған сайын, олардың жылу сақтағыштық қасиеті жоғары болады. Қазіргі кездерде қолданылып жүрген материалдардың ішінде кеуекті резеңке жылусақтағыштық қасиеті бойынша табиғи тері мен кеуексіз құйма резеңкеден жоғары. Мұнда қоршаған ортаның ылғалдылығы жоғарылаған сайын табиғи тері мен жүннің (пималар) жылу жоғалту қасиеті жоғарылайды, ал кеуекті резеңкенің жылусақтағыштық қасиеті өзгермейді. Бұл жағдай тек жылусақтағыштық қасиеті үшін ғана емес, сонымен қатар қажетті қалыңдықты, иілгіштікті және аяқ киімнің тайғанақтауына қарсы қасиеті болғандықтан да, балалар аяқ киімінің табанын кеуекті резеңкеден жасауы дұрыс.
Өкше - табанның артқы жағын жасанды түрде көтереді, оның рессорлығын жоғарылата отырып, өкшенің жерге соғылып ауыруынан сақтайды және аяқ киімнің жылдам тозбауына жағдай жасайды. Тек ерте жастағы сәбилердің аяқ киімнің өкшесі(пинеткалар) болмайды.
Өкшенің биіктігі: мектепке дейінгі жастардағы балалар үшін - 5-10мм, 8-10 жастағыларға - 20мм жоғары емес, 13-17 жастардағы ұл балалар үшін - 30мм, 13-17 жастардағы қыз балалар үшін - 40мм дейін жасалуы керек. Бой жеткен қыз балаларға күнделікті биік өкшелі (4см-ден жоғары) аяқ киім киіп жүру, ауырлық орталығын алдыға қарай ауыстырып, жүруді қиындататындықтан, зиянды болып табылады. Өйткені, мұндай жағдайда бел омыртқасының иіні ұлғайып, жамбас аймағының орналасуы өзгеріске ұшырауы мүмкін. Биік өкшемен жүргенде тұрақтылық орнықты болмай, өкше алдыға қарай жылжиды, аяқ басындағы бақайларға жүктеме түсетіндіктен жұмылып, табан жалпақтынып, бақайлар деформацияланады.
Аяқ киім табанды қысып, қан және лимфоайналуын бұзып, аяқтың табиғи дамуына кедергі келтірмеуі керек. Аяқ киімнің биіктігі оның түріне байланысты нормаланады.
Қоныш - аяқ киімнің формасын сақтау үшін өкше жағына орналасқан, аяқ киімнің үстіңгі жағының негізгі деталі. Аяқ киім қонышы өкшенің деформациясының алдын алып, табанның алға қарай жылжуын болдырмауы үшін қажет. Қонышты даярлау үшін қалыңырақ табиғи теріден жасайды.
Аяқ киімнің бас жағы- бақайлар мен бақайларға дейінгі буындардың үстін жауып тұратын үстіңгі бөлігі. Аяқ киімнің бас жағында оның формасын сақтау үшін астары мен сыртқы қабатының аралығына арнаулы қаттылау келген деталь салынады және ол бақайларды жарақаттанудан сақтайды.
Балалар аяқ киімін қозғалуға кедергі келтірмейтіндей етіп, аяқтарына мықтап бекітуге арналған бекітпелері болуы керек. Ол үшін әр түрлі бекіткіштер: аяқ киімнің бауы, жылжымалы “молния”, арнаулы жабысқыштар т.б. қолданылады. Мектепке дейінгі жастағы балаларға бекітпесі жоқ, жылдам шешіліп қалатын үсті ашық аяқ киімдер жасауға болмайды.
Аяқ киімнің массасы бекітпелерінің түріне, конструкциясына және пайдаланылған материалдарына байланысты болады. Бәтеңкелердің массасының нормасы шолақ бәтеңкеге қарағанда - 10гр., сәбилер аяқ киімдеріне қарағанада - 15гр., естиярларға - 20гр., балалар аяқ киімінен - 15гр., мектептік - 25гр., ұл балаларға - 30гр. ұлғаяды.
Жылдың барлық мезгілінде киілетін балалар аяқ киімі табиғи теріден жасалғаны дұрыс. Жаздық аяқ киімге теріден басқа, әртүрлі тоқыма материалдардың өзі немесе олардың терімен араласқан қоспалары пайдаланылады. Жылыландырылған аяқ киімдердің үстіңгі жағы мауыты, шұғадан, драп, жартылай жүн, жүн материалдардан, киізден т.б. жасалады. Астарлыққа табиғи тері және мақта маталар пайдаланылады.
Балалар аяқ киімін жасау үшін полимерлік материалдар немесе химиялық талшықтар қосылған табиғи материалдар қолданылуы мүмкін. Соңғысы санитарлық нормалар мен ережелерде регламенттеледі.
СанНменЕ көрсетілген материалдарды өндірісте тек қана санитарлық-гигиеналық бағасына байланысты қажетті рұқсат берілгеннен кейін ғана пайдалануға болады. Ол үшін зерттеу жүргізетін мекемеге өнімнің саны 10-нан кем болмайтындай үлгісі, зерттелетін материалдардың ғылыми-техникалық құжаты (3 м2 ) және технологиялық процесстің тәртібі әкелініп берілуі тиіс.
ЛЕКЦИЯ №
Достарыңызбен бөлісу: |