7. Іргелес заттық ұғымдардың шектестігі.
8. Жалқы есімдердің бір – бірімен шектестігі [6, 91–92 бет].
Жазушы Т. Ахтанов “ Боран” шығармасы тіліндегі метонимияның қолданысы төмендегідей:
Метонимия
1. - Пай-пай, қыстай жұмыры толып шөп жемеген бишаралар, құшырланыпбарын салып жатыр-ау(“ Боран”, 7 бет).
2. Есепшілерде долбардан қалып барады (“ Боран”, 7 бет).
3. Күн райы бұзылса-ақ қорадан шыға алмай тамақ сұраған баладай шырылдап мазасын алады (“ Боран”, 8 бет).
4. Және ол мұның үйіне ел аралап жүріп, қойшының үйіне түскен әкімше келмейді (“ Боран”, 8 бет).
5. Ана жылғы жауларды құртқан кім деп ойлайсың, а? (“ Боран”, 32 бет).
6. - Қыздардың қолы жетпей жүрген Жаппасбайға мына жаман қатының сонша бұлданғаны несі-ай (“ Боран”, 33 бет).
7. Күндіз қасына жақындауға арланып, түнде кеп қол салатын жігіттер (“ Боран”, 33 бет).
8. Соңғы кезде "шопандардың комплексті бригадаларын құру керек" дегенді шығарып, сонысын ір жерде қаңқылдап жүр (“ Боран”, 82 бет).
9. Бұл өзі бір жағы қанды көйлек құрдасым (“ Боран”, 84 бет).
10. Біздің профиліміз мал шаруашылығы (“ Боран”, 93 бет).
Синекдоха
‟Бір заттың орнына екінші затты, не бөлшегін, не көпше, жекешесін айтса да, ең керектісін айтқандықтан сол заттың бүтін кескінін суреттеуден артық түспесе, кем түспейді... Бұларды шеберлікпен тауып қолданса, сөйлем тым ширақ, өткір болып келеді”, - деп тұжырымдайды Қ.Жұмалиев.
Орыс әдебиетінің теоретиктері де Б.Томашевский, Л.И.Тимофеев, Г.Н.Поспелов синекдоханы метонимияның бір түрі деп қарайды.
Б.Томашевский ‟Метонимияның ерекше бір тобы - синекдоха” десе, Л.И.Тимофеев ‟Дағдыда синекдоха метонимияның ерекше бір түрі деп танылады, бірақ мазмұнына қарағанда, метонимия мен синекдоханың арасында үлкен айырма бар деп айта қоюға болар ма екен”. Ал Г.Н.Поспелов метонимия мен синекдохалардың айырмашылық және бірліктерін айта келіп, қорытындысында: ‟Демек, синекдоха – метонимияның бір түрі ғана”, - дейді [5, 84 бет].
Синекдоха (гректің synecdoche – ара қатысын ашу, мегзеу) – лебізде болмыстағы заттар мен құбылыстардың бүтін сипатын бөлшек мәнді, керісінше, бөлшек сипатын бүтін мәнді сөздерді қолдану арқылы алмастырып пайдаланып, сөздің көп мағыналылығын туғызу тәсілі. Қазақ тіл білімінде синекдоха туралы пікір айтқан ғалымдар біршама: К.Аханов, Ә.Хасенов, Ә.Болғанбаев, Ғ.Қалиев т.б.
Ә.Болғанбаев, Ғ.Қалиев ‟Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы” атты оқулығында: ‟Сөздерді ауыстырып қолдану арқылы көп мағыналы сөздер тудырудың бір тәсілі – синекдоха. Зат пен құбылыстың іргелес, шектес келіп, бір атауға ортақтасып ауысып қолданылуы жағынан синекдоха метонимияға бір табан жақын тұрады” – деп жазады. Бүтіннің орнына бөлшекті, жалпының орнына жалқыны, үлкеннің орнына кішіні немесе бөлшектің орнына бүтінді, жалқының орнына жалпыны, кішінің орнына үлкенді қолдану арқылы тұлғаның ауыспалы мағынада жұмсалуы синекдоха деп танылатыны, көптеген зерттеулерде оның құрылымдық табиғатының негізгі ерекшелігі ретінде көрсетіледі (К.Аханов).
Лебізде синекдоха біршама кездесіп отырады. Көркем шығармаларда ішкі сезімнің бір иірімін бейнелеу үшін, салыстырылып отырған нысандардың халықтық дүниетаныммен сәйкес келуіне ерекше мән бере отырып, сөздерді ұғымдық жағынан үйлесімді етіп қолданады.
Синекдохалық қолданыстар арқылы ой орамды көрініс тауып, жинақы да нақты, дәл таңбаланып, әсерлілігі күшейе түседі [13, 90 бет].
Достарыңызбен бөлісу: |