ЖОО ЖАҒДАЙЫНДА БОЛАШАҚ МҰҒАЛІМ-ЛОГОПЕДТЕРДІҢ ЗЕРТТЕУШІЛІК ҚҰЗЫРЕТТІЛІКТЕРІН ДАМЫТУ
А.Е. Ахметова
магистр, анатомия, физиология және дефектология кафедрасының оқытушысы
Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты, Павлодар қ.
Б.А. Байдалинова
б.ғ.к., анатомия, физиология және дефектология кафедрасының доценті
Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты, Павлодар қ.
Білім берудің жаһандану жағдайы маман құзыреттілігін қалыптастыруды, олардың дара тұлғалық сапасын дамытуды талап етіп отыр. Қазіргі кездегі жоғары білімнің мақсатына жаңаша түсінікпен қарасақ, оны дамытудың басты стратегиялық бағдары – қоғамда болып жатқан өзгерістерге шығармашылық тұрғыдан қарай алатын, алға қойылған мәселені сапалы шеше білетін, терең теориялық біліммен қаруланған, іскерлік қабілеттілігі мен кәсіби деңгейі жоғары, еліміздің еңбек нарығында бәсекеге қабілетті бола алатын жоғары білікті мамандарды даярлау. Ол құзіреттіліктерді қалыптастыру арқылы шешімін табуда.
Жоғары оқу орнында оқу кезеңінде студенттердің ғылыми-зерттеу құзіреттілігі қалыптасады. Зерттеу жұмысының міндеттері ең алдымен, курстық және бітіруші біліктілік жұмыстарымен байланысты. Студенттер ғылыми-зерттеу жұмысын орындаудың дағдыларын меңгере отырып, ғылыми жетекшінің көмегімен студенттік конференцияларға, жас зерттеулердің конференциясына, түрлі шығармашылық конкурстарға, зерттеу жұмыстарының конкурстарына қатысады [1, 59-61 б.].
Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты - бәсекеге қабілетті маман дайындау. Жеке тұлғаны дамыту мен оған жан-жақты терең білім беру мақсатында оның еркіндігін, белсенділігін қалыптастыра отырып, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыру жолында неғұрлым тиімді шараларын енгізу бүгінгі ұстаздың жауапты істері болып табылады. Қазіргі әлемдік өркениетте әлеуметтік-экономикалық жағдайға сәйкес білім берудің бағыты тұлғаның құзыретін жалпы дамыту үшін, ең алдымен студенттерді дайындауда ғылыми-зерттеу жұмыстарына икемді етіп тәрбиелеу айқындалып отыр. Бүгінгі ұрпақ – қоғамның ертеңгі мүшесі. Сондықтан студенттердің ғылыми-зерттеушілік қызметін қалыптастыру уақыт пен зор еңбекті талап ететін, жауапкершілігі мол жұмыс. Соның негізінде студенттерге жоғары сапалы білім беру — ол ізденіс арқылы, білім алушының құштарлығы мен қызығушылығы арқылы, сабақта жаңашылдық әдістерді пайдалану арқылы өздігінен еңбек етуге, алған білімін жаңа материалдармен ұштастыра білуге дағдыландыру. Ғылыми жұмыс жазу барысында студенттің бойында ізденіс әрекетін ұйымдастыру, проблеманы тану және оны шеше білу дағдысын қалыптастыру керек.
Жалпы ғылыми-зерттеушілік жұмыстарға қабілетті, көбінесе шапшаң, тез ойланатын, көп көлемде білім меңгеретін, оны ұзақ уақыт ұмытпайтын және олардың түсінігі өте жоғары, сезімтал, ойға алған нәрсесіне, алдына қойған мақсатына қалай да жетуге тырысатын, адамгершілік құндылығы дамыған, моральдық қасиеттерге өте бай, қиял күші басым студенттермен жұмыс жасалады.
Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін басты мына мәселелерге тоқталған жөн:
— әрбір студенттің жек-дара ерекшеліктерін ескеру;
— студенттердің қабілеттері мен шығармашылықтарын арттыру;
— студенттердің өз бетінше жұмыс істеу, іздену дағдыларын қалыптастыру болып табылады [1, 13-21 б.].
Қабілеттілерді ерте айқындау, оларды тәрбиелеу білім беру жүйесін жетілдірудегі негізгі міндет болып табылады. Арнайы бағдарда оқыту тәсілінің негізінде зерттеуші студенттерге практикалық көмек көрсету, психо-диагностикасын жүргізу, қабілеттерін зерттеу арқылы жақсы нәтижелерге жетуге болады. Студенттердің дүниетанымын кеңейту, зерттеушілік қызметке баулу, ізденушілік қасиеттерін жетілдіруде
-аудиториядан тыс жұмыстарды жүргізу;
-үйірме, клубтар жұмыстары;
-олимпиадаға дайындау;
-конференция;
-көңілділер мен тапқырлар клубы;
-дәстүрлі емес сабақ түрлерін жүргізуді ұйымдастыру жұмыстарын өзін-өзі басқару әдісі бойынша жүргізу керек.
Студенттердің сабақтан тыс уақытта табысты орындалған және оқу бағдарламасының талаптарына жауап беретін ғылыми-зерттеу, жобалау-конструкторлық және шығармашылық-орындаушылық жұмыстары сәйкес келетін курстық жұмыстар, лабораториялық жұмыстар, дипломдық жобалармен басқа тапсырмалардың орнына есептелуі мүмкін. Студенттердің ғылыми жұмыстары жыл сайын сәуірде өткізілетін студенттердің конференциясында баяндалады. Үздік «студенттік» жұмыстар жоғары оқу орындары студенттерінің конференциясына ұсынылады, ал бұл кезеңнен үздік деп танылған жұмыс аймақтық, республикалық байқауларға жіберіледі.
«Ғылыми-зерттеу» түсінігі «жаңа білімді өңдеу процесі және таным қызметінің бір түрі болып есептеледі. Ғылыми зерттеуге қатыса отырып, студент алған білімдерін бекітеді, толықтырады және оны жоғары сатыға көтереді. Олар өз бетімен жұмыс жасаудың әдістерін меңгереді, ғылыми эксперименттің техникасын игереді, оның қорытындысын түсінікті әдіспен өңдеуді жүргізеді және алынған мәліметтерден қорытынды жасайды. Сонымен, ғылыми-зерттеу жұмыстары аясындағы білім, білік, дағды болашақ мамандарды дайындаудың іргетасы болып табылады және жеке тұлғаның дамуында маңызды орын алады.
Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі ұйымдастырылып жүргізілетін тиімді түрлеріне:
оқу жоспары негізіндегі оқу-зерттеу жұмысы;
ғылыми зерттеу жұмыстарының кейбір мәселелерін (элементтерін) жүргізілетін дәрістерге қосу;
ғылыми бөліктерден немесе толықтай ғылыми зерттеуден тұратын дипломдық жұмыстар;
оқытушылардың нақты жетекшілігімен белгілі бір ауқымды мәселелерді шешудегі студенттердің өзіндік зерттеу жұмыстары;
ғылыми-зерттеу жұмыстарын іс-тәжірибелерге қосу;
берілген тақырыпқа байланысты орындалатын ғылыми реферат жұмыстары;
студенттердің ғылыми үйірмелері;
белгілі бір мәселе төңірегінде жинақталған студенттік ғылыми топтар немесе лабораториялық не басқа да шығармашылық бірлестіктер;
студенттердің әр түрлі деңгейлерде өткізілетін айтулы іс-шараларға қатыстырылуы (оқу орнындагі, ЖОО-дағы, аймақтық, республикалық, халықаралық).
Мұндай іс-шаралар студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарының жүйесін тұрақты дамытуға, сондай-ақ әрбір студенттің шығармашылық деңгейін арттыруға септігін тигізеді. Оларға қатыстылар:
- Ғылыми-зерттеу жұмыстарына қабілеті бар студенттерден жинақталған топтарға арнайы өткізілетін дәрістер;
- Барлық оқу жоспарларына «Оқушылар мен мұғалімнің зерттеу қызметінің негіздері» атты курстарды ендіре отырып, студенттердің өзіндік ғылыми жұмыстарының өз қабілеті шеңберінде орындалуын, жаңаша ғылыми жұмыстарының, ғылыми зерттеу жұмыстарының зерттеу әдіс-тәсілдерімен танысу;
- Түрлі ақпарат көздері негізінде студенттерді ғылыми-техникалық мәліметтермен қамтамасыз ету;
- Студенттердің түрлі жаңашыл ғылыми ізденістерге қатысуын қамтамасыз ету.
Мұғалім-логопедті даярлауда тәжірибенің рөлі зор. Студенттер логопедиялық тәжірибені сөйлеу бұзылыстары бар балаларға арналған балабақшаларда, мектептегі логопункттерде жүргізілетін практика барысында жинақтайды. Балалармен қарым-қатынас жасау барысында студент нақты міндеттерді шешеді, талдау мен жинақтау дағдыларын дамытады, жеке және топтық түрде жүргізілетін логопедиялық жұмыстарды жоспарлауды және ұйымдастыруды үйренеді, баламен қалай тіл табысу керектігін біледі.
Студенттердің алған білімін тәжірибеде қолдана білуін тексеру үшін жобалау әдісі қолданылады. Студенттер жоба даярлау барысында өздерінің дербестігін, командада жұмыс жасай білетіндігін, шығармашылық қабілеттерін, компьютерлік технологияларды пайдалана білу шеберлігін көрсетеді.
Сөйлеу бұзылыстарын мектепке дейінгі жаста түзеткен дұрыс. Мектепке дейінгі балалық шақта бала жалпы дамиды және бала психикасының барлық жақтары қалыптасады. Сөйлеу бұзылыстары бұзылыс сипатына байланысты болғандықтан, бала тұлғасының дұрыс дамуына кері әсерін тигізбей қоймайды. Осы сұрақтардың жауабын білу үшін студенттер алғашқы курстарда «Есту, көру, сөйлеу мүшелерінің анатомиясы, физиологиясы және патологиясы», «Сөйлеу онтогенезі» пәндерін оқиды. Кәсіптендіру блогы бойынша барлық пәндердің жиынтығы сөйлеу бұзылыстарын түзету саласындағы болашақ маманның кәсіби және тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған, олар: «Логопедия негіздері», «Сөйлеу бұзылыстары бар балалармен жұмыс жасау технологиялары», «Әр түрлі білім беру мекемелеріндегі мұғалім-логопедтің жұмысын ұйымдастыру», «Логопедиялық практикум» және т.б.
Болашақ мұғалім-логопедтің тұлғалық қасиеттерін қалыптастыру маңыздылығын да атап өткен жөн. Логопедке мынадай қасиеттер тән: өз-өзіне сенімділік, шешім қабылдай алу, қарым-қатынас орнату, шыдамдылық, балаларға деген сүйіспеншілік және т.б. Нарық жағдайындағы мұғалімге қойылатын талаптар : бәсекеге қабілеттілігі, білім беру сапасының жоғары болуы, кәсіби шеберлігі, әдістемелік жұмыстағы шеберлігі.Осы айтылғандарды жинақтай келіп, жаңа формация мұғалімі- рефлекцияға қабілетті, өзін-өзі жүзеге асыруға талпынған әдіснамалық , зерттеушілік, дидактикалық - әдістемелік, әлеуметтік тұлғалы,коммуникативтілік, ақпараттық және тағы басқа құдыреттіліктердің жоғары деңгейімен сипатталатын рухани- адамгершілікті, азаматтық жауапты, белсенді, сауатты, шығармашыл тұлға.Нәтижеге бағытталған білім моделі мен басқарудың жаңа парадигмасы аясында жекелеген ұғымдар мен нормаларды және тиімді педагогикалық технологияларды меңгеру үшін педагогтардың кәсіби мәдениетін дамытуға бағытталған оқу қажеттіліктері туындылап отыр. Мұндай сұрақтар студенттермен бірге семинар-сабақтарда, тақырыптық дискуссияларда талқыланады. Сабақ барысында мұғалім-логопед жұмысында туындайтын проблемалық жағдаяттар талданады.
Заманауи сапалы білім беру жүйесіндегі болашақ мұғалім-логопедтің кәсіби ұтқырлығы, құзіреттілігі оның педагогикалық технологияларды меңгеруін талап етеді [2,13-27 б.]. Қазіргі таңдағы білім беру ерекшеліктерінің бірі – оқу үрдісіне инновациялық технологияларды енгізу. Инновациялық технологияларды қолдану студенттердің өздік жұмысының тиімділігін арттырады, білім қажеттілігін белсендіреді, білімді саналы меңгеруін қамтамасыз етеді.
Заманауи білім мен жоғары мектеп қоғамның ертеңгі күнін анықтап береді. Болашақ мұғалім-логопедтің сөйлеу бұзылыстарын түзетуде тиімді нәтижеге қол жеткізу және оқыту барысында тұлғаға бағытталып оқытуды жүзеге асыру қабілеті тиімді логопедиялық әрекет кепілі бола алады және таңдаған мамандығы бойынша белгілі бір табысқа жетуіне көмектеседі.
Қолданылған әдебиеттер:
Фуреева Е.П. О подготовке учителей-логопедов в условиях модернизации дошкольного образования/Актуальные проблемы подготовки специалистов для системы дошкольного образования: сб. материалов V Всероссийской научно-практической конференции преподавателей педагогических вузов (2-3 февраля 2011 г.). – М.: Баласс, 2011. – С.59-61.
Республикалық ғылыми-әдістемелік журнал «Мектептегі ғылыми жұмыс» № 4, 6//13, 19, 21-беттер.
«Педогогикалық кеңес» журналы № 2,3, 2011 жыл//17, 23, 27-беттер.
Достарыңызбен бөлісу: |