Бахтах, кейде Бақтақ, Форель (лат. Salmo) - Албырттар тұқымдасына жататын балық. Тау өзендері мен көлдерінде тіршілік етеді. Бахтах - құмжаның тұщы суда тіршілік ететін түрлері (өзен бахтағы, көл бахтағы) мен болатбас албырттың (құбылмалы бахтах) жалпы атауы.
Өзен бахтағының ұзындығы 37 см-дей, салмағы 200 - 500 г (кейде 2 кг-ға дейін) болады.
Бекіре , қызыл балық(лат. Acipenser gueldenstaedtii) – бекіретәрізділер отрядына жататын ірі балық. Қазақстанда Каспий теңізінде, Еділ-Жайық өзендерінде тіршілік ететін 2 түр тармағы бар: кәдімгі бекіре (A.g. gueldenstaedtі) және парсы бекіресі (A.g. persіcus). Олардың дене тұрқы 2 м-ден астам, салмағы 10 – 30 кг, кейде 80 кг-ға жетеді. Бекіренің тұмсығы қысқа, доғал не сүйрік, мұртшалары тұмсығының ұшына жақын, жотасында 5 – 19, бүйірінде 24 – 30, ал бауырында 6 – 14 қырлы сүйектері болады.
Камбала, камбалатәрізділер (Pleuronectіformes)– сүйекті балықтардың бір отряды. Алғашқы қазба қалдықтары эоцен кезеңінен сақталған. Денесі екі бүйірінен қысыңқы жалпақ, арқа және аналь жүзбеқанаттары денесінің ұзына бойына тұтаса орналасқан. Денесінің үстіңгі жағы қарақошқыл дақты болып келеді, ал денесінің астыңғы жағы ақшыл түсті болады. Көпшілік түрлері теңіз түбінде бір бүйірлеп жатып тіршілік етуге бейімделген. Біраз түрі өрістеу кезінде өзендердің тұщы суларына өтеді. Камбаланың денесінің ұызндығы 6 см-ден 4,7 м-ге, ал салмағы бірнеше грамнан 330 кг-ға дейін жетеді. Құрсақ жүзбеқанаттары көкірек жүзбеқанаттарының алдыңғы тұсында орналасқан. Камбалалардың қазіргі кезде 7 тұқымдасқа бірігетін 500-ге жуық түрлері барлық мұхиттарда кездеседі. Олар әсіресе, Тынық мұхиттың тропиктік белдеуінде кең таралған. Камбала ұсақ шабақтармен және теңіз түбіндегі бентосты омыртқасыз жануарлармен қоректенеді. Көпшілік түрі теңіздің жағалауға жақын жерлеріне уылдырық шашады.
Тұқылар (Cyprіnіdae) – тұқытәрізділер отрядының бір тұқымдасы. Тұщы суда тіршілік етеді, араларында өткінші түрлері де кездеседі. Жер шарында кең тараған (тек Оңтүстік Америка мен Мадагаскарда кездеспейді), 19 ғасырдың аяғында Австралияда жерсіндірілген. 270 туысы, 1500-дан астам түрі белгілі. Қазақстанның барлық су айдындарында кездесетін 33 туысы, 90-ға жуық түрі бар. Уылдырығын негізінен су түбіндегі шөпке шашады, араларында тасқа немесе құмға шашатындары да кездеседі. Тұқылар – кәсіптік маңызы бар балықтар (қаракөз, сазан, тыран, оңғақ, шемей, т.б.). Сондай-ақ балық тоғандарында жақсы өсіріледі және жерсіндіруге бейім келеді (тұқы, табан, ақ амур, дөңмаңдай, т.б.). Қазақстанда күтім, шортантәрізді ақмарқа, арал қаязы, түркістан қаязы, шу сүйрік аққанаты, көкбас – өте сирек кездесетін балықтар, сондықтан қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген.
Көксерке (лат. Sander lucioperca) – алабұға тұқымдасына жататын жыртқыш балық.
Бұлар табиғи жағдайда Балтық, Қара, Азов, Каспий, Арал теңіздерінің су алаптары және Эгей теңізіне құятын Марица өзенінде кездеседі. Қазақстанда Жайық – Каспий, Сырдария – Арал, Сарысу, Балқаш – Алакөл, Талас, Ертіс, Нұра су алаптарында тіршілік етеді. Ұзындығы 35 – 45 (91) см, салмағы 400 – 900 (11,3 кг) г. 10 – 12 (16) жыл тіршілік етеді. Ұзынша денесі екі бүйірінен сәл қысыңқы. Жақтары мен таңдайында шошақ тістері бар. Майда қабыршағы құйрық қанатының түбіне шейін, басында желбезек қақпағына дейін жауып жатады. Бүйірінде 9 – 14 қоңыр көлденең жолақтары бар, майдаларында анық көрінеді. Жақын орналасқан екі арқа қанатының біріншісі тек тікенекті талшықтардан тұрады. Кеуде, құрсақ және аналь қанаттары ақ немесе солғын сары түсті болады. Арқа және құйрық қанаттары көптеген майда қоңыр дақтардан шұбар болып көрінеді. Жыныстық жағынан көпшілік жағдайда 2 – 4 жасында жетіледі.