Байланысты: СӨЖ 4 Білім беру жүйесіндегі кеңестік үкімет реформаларының қарама қайшылықтары
Ахмет Байтұрсыновтың әліпби реформасы. Ахмет Байтұрсынұлы сауатсыз халықтың болашағын ойлап, жаны күйзелді. Қазақ халқы тұтынып отырған араб алфавитінің теріс жақтарын, кемшілік тұстарын көріп, өзгеріс енгізуді қажет деп санайды. Ол туралы ойын «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде» сөйлеген сөзінде айтады. А.Байтұрсыновтың ойынша, жақсы әліпбидің мынадай қасиеттері болу керек: жақсы әліпби тілге шақ болу керек; жақсы әліпби жазуға жеңіл болуға тиіс, әліпбидің әріп суреттері қиын болса, мүшелері көп болса, жазуды ұзақтатып, уақытты көп алады; әліпбидің жақсысы баспа ісіне қолайлы болуы тиіс; жақсы әліпби үйренуге де қолайлы болуы тиіс. Жас ұрпақтың сауатын қазақша ашатын ұлттық жазу таңбасының керектігін ұғады. 1913 жылғы «Қазақтың» № 35 санында жарияланған “Жазу мәселесі» деген мақаласында А. Байтұрсынов дауысты дыбыстарды таңбалау жөнінде өз ұсыныстарын айтты. Ол өзінің айтқан пікірлерін Ғ. Мұса мырзаның айтқан пікірімен салыстыра отырып, араб графикасы негізіндегі қазақ жазуында о, у, ы, е әріптерінің қалай таңбалануы жөнінде өз концепциясын ұсынады Араб жазуының түркі тілдерінің дыбыстық жүйесіне сай келмейтін тұстарын, басы артық әріптерін алып тастау керектігін тәптіштеп түсіндіреді. Сондай-ақ ол араб жазуын мүлдем алып тастап, басқа алфавитті алуға қарсылығын білдіреді.