А. Байтұрсыновтың жаңа әліпби үлгісімен жазылған «Оқу құралы» (Орынбор, 1912) қазақ мектептерінің әліппеге деген сұранысына толық жауап берді. А. Байтұрсыновтың әріп өзгертудегі, алфавитке реформа жасаудағы бұл жаңалығы сол кездегі зиялы қауым арасында да пікірталас туғызады. Мерзімді баспасөз беттерінде оның алфавитті өзгертудегі, жаңалық енгізудегі еңбегін бірі қолдап, бірі қарсы шығып, айтыс ұйымдастырды. Сондай мақалалардың бірі 1913 жылғы «Қазақ» газетінде жарияланды. А.Күзембаев, А. Иманбеков, Ғ. Тоқтарбеков сияқты азаматтар «Емле хақында» деген мақалада тіліміздің қажетін өтейтін әріптің жоқтығын айта келіп, бұл кемшіліктің орнын Ахмет Байтұрсынов толықтырғанын айтады. Оның еңбегінің мәнін, маңызын сөз ете отырып, былай дейді: «Байтұрсынов Ахмет мырзаның жазған әліппе оқу құралы дұрыс кітап қылып, оқытуға әбден жарайтын келіскен деп білдік. Ол мырзаның түзетіп шығарған белгілерінің кейбіреулері, біздің ойымызша, артық. Кейбіреулері кем болатын көрінеді». Сөйтіп олар өз ойларын айтып, бірқатар ұсыныстар жасайды. Бұл авторлардың ойынша, дәйекшенің керегі жоқ, себебі, сөздің жуан, жіңішкелігі сол сөздің ішіндегі дауысты дыбысқа байланысты болады. Сонымен, 1910 жылдан бастап араб жазуын қазақ тіліне ықшамдап өзгерту жолында еңбек еткен ағартушы ұстаз Ахмет Байтұрсыновтың әр жылдары жазған мақалалары мен оқулықтарын талдаған кезімізде оның араб жазуын қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне сай етіп өзгерткенін, араб жазуында жоқ әріптердің таңбасын өзі ойлап тапқанын көреміз. Мұндағы А. Байтұрсыновтың жетістігі қазақ тіліндегі дыбыстардың жуан, жіңішкелігіне қарай бөлінуін дәл белгілеп, әрбір дауысты дыбысқа арнап арнайы таңба белгілеуінде. Профессор Е. Д. Поливанов өзінің «Основные формы графической революции в турецких письменностях СССР» атты мақаласында А.Байтұрсыновтың араб графикасына енгізген реформасын «ғажап» деп бағалады. Бұл жобада араб алфавитіндегі қазақ дыбыстарын білдірмейтін кейбір таңбаларды алып тастау, қазақ тіліндегі ы, е, и, о, у дыбыстарының әрқайсысына жеке таңбалар алу ұсынылды. Жобадағы тағы бір ерекшелік – түрік тіліне тән сингормонизм заңдылығын мейлінше пайдалану. А. Байтұрсынұлының қазақ жазуына икемдеген араб алфавиті мектеп оқытушылары және басқа да қазақтың, татардың зиялы азаматтары тарапынан қолдау тауып, күнделікті өмірде қолданыла бастады. Осы алфавитпен «Қазақ» газеті (1913-1919), көптеген көркем әдебиет шығармалары шығып тұрды. Алайда бұл алфавит ресми түрде тек 1924 жылы Орынбор қаласында өткен қазақ-қырғыз білімпаздарының тұңғыш съезінде ғана қабылданды. «Біздің жасынан орысша я ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды...Яғни қазақ сөзінің қисынын келтіріп, өз нақышында жазу үшін сол тілде сауатын ашып, дағдыланған абзал». Ғалым мұны көрегендікпен айтқан-ау. Қазіргі таңдағы тілдік жағдай бұған толық көзімізді жеткізіп отыр – деп баға береді А. Б. Салқынбай. Ахмет Байтұрсыновтың латын әліпбиін енгізуді қолдаушылардың дәйектеріне қарсы ғылыми дәлелдері Президенттік мұрағат қорындағы Қазақ жазуын латындандыру мәселесі бойынша дискуссиялық кеңес құжаттарында кездеседі. Ол өзінің алдында сөйлеген Бәйділдиннің жаңа алфавитке көшу туралы баяндамасының ғылыми емес, агитациялық сипатта болғанын ашып көрсетеді. «Мен мәселенің ғылыми жағына тоқталсам. Ең алдымен, араб шрифін латынмен ауыстыру өмірлік маңызы жоқ, тіпті, ешқандай қажеттілігі жоқ мәселе екендігін айту қажет. Біздің қолымызда басқа халықтардың жазуынан әлдеқайда барлық жағынан қанағаттандыратын жазу бар. Себебі алфавит адамзат ақыл-ойы жетпейтін зат емес. Алфавит мәдениетке жетелейтін қысқа жолды көрсететін ешқандай да құпия сапа мен қасиеттерге ие емес. Алфавит дегеніміз – белгілі бір тілдің негізгі дыбыстарын бейнелейтін шартты белгілердің жиынтығы. Алфавит тіл элементтерін толық әрі нақты берген сайын, оның оқу мен жазуға қолайлылығы, техникаға бейімділігі арта түседі. Алфавит артықшылықтары мен кемшіліктерін айқындауға болатын нәрсе. Біз, қазақтар, ертеден-ақ тіліміздің негізгі элементтерін анықтап, оларды тиісті таңбалармен белгілеп қойғанбыз, жақсы жазамыз, жақсы оқимыз, орыс, неміс, француз, ағылшындарға және басқаларға қарағанда тез әрі оңай сауаттана аламыз. Одан артық не керек? Жоқ біздің өз жазуымызды латынмен ауыстыру керек екен дейді. Себебі ол біздікі емес, арабтыкі екен, араб жазуы дұрыс жазу мен заманауи техникаға бейімсіз екен»– деп жазады. Біз араб алфавиті негізінде өз әліпбиімізді жасадық. Сол секілді, араб харпін жазба машиналарына қолайландыру әдістерін де жетілдіріп жатырмыз. Соңғы жылдары тіпті, машинаға араб және орыс қарпін қатар енгізуге де қол жеткізілді. Түркі халықтарының 90 % ежелден араб шрифін қолданып келеді, және осы шрифт жүйесі негізіндегі жазу мәдениетін қалыптастырған. Жазба мәдениет ұғымына шрифт пен оны қолданумен байланыстының бәрі кіреді. Жазба мәдениеті қалыптасқан халықтарға шрифт жүйесін басқамен ауыстыру – оңай іс емес. Бір жүйеден екіншісіне сатылай өткеннің өзінде көп уақыт, құралдар мен күшті қажет етеді. Әсіресе, жазу мен оқуды параллельді екі жазу бойынша ұйымдастыру, параллельді баспаларды шығару қажет болады. Мұндай мәдени және материалдық мүмкіндікті қазақ халқы ғана емес, түркі халықтарының бірде бірі иеленіп отырған жоқ. Жаңа алфавитке өту үлкен қаржы, күш-қуат пен еңбекті талап етеді. Академиялық жұмыстарды жүзеге асыру, баспаханаларды жарақтандыру, параллельді баспа жұмыстарын игеретін ұстаздарды даярлау, т. б. – мұның барлығы 9-10 он күннің немесе 9-10 миллионның шаруасы емес. Сол себепті, харіпті өзгерту біз үшін ірі қоғамдық-экономикалық маңызы бар, үлкен жауапкершілікті талап ететін мәселе болып табылады. Халық, соның ішінде, сауаттылар жаңа алфавитке көшудің артықшылықтары мен пайдасы айқын көрініп тұрған жағдайда ғана бұл бастаманы қолдайтындығы сөзсіз. Керісінше, жаңа алфавиттің салыстырмалы түрде еш артықшылығы жоқ. Араб харпін латын әріптерімен өзгерту мәселесі көптеген ғалымдардың екі алфавитті салыстыра зерттеуге мәжбүрледі. Менің келтіретін дәйектерім жеке пікірім емес, осы мәселені зерттеген көпшіліктің зерттеулерінің нәтижесі болып табылады. Сонымен, А. Байтұрсынұлы бастаған алаш зиялыларының араб жазуын жақтаудағы негізгі дәлелдері – бұл алфавиттің 12-13 жыл бойы қолданылып, орнығып қалғандығы, қазақ тілінің дыбыстық табиғатына лайықталып, өзгертіліп, қазақ мәдениеті мұқтаждығын толық өтеп отырғандығы және оның дыбыс әдісімен оқыту ісіне айтарлықтай қолайлы болып шыққандығы.
Қолданылған әдебиеттер тізімі: Джумалиев Л.Т «Қазақ мәдениетінің даму тарихы»,Артыкбаев Ж.О «История Казахстана» ,https://kaz.tengrinews.kz/.