Лингвистиканың тіл дыбыстарын зерттейтін саласы — фонетика физиологиямен байланысты. Өйткені сөйлеу – дыбыстау мүшелерінсіз (ауыз, тіл, тіс ...) мүмкін емес. Тілдің шығуының өзі алғашкы адамдардың сөйлеу мүшелерінің жетіліп дамуына тәуелді.
Тіл білімі физиканың акустика саласымен де байланысты. Адам баласының тілі — дыбыстық тіл. Тілдегі дыбыстар жүйесін тіл білімінің фонетика саласы зерттейді. Ал жалпы дыбыс атаулыны физиканың акустика саласы қарастырады. Ендеше, бұл екеуі де бір- бірімен байланысты.
Тіл білімі және тарих
Тіл білімінің тарих ғылымымен, оның ішінде этнографиямен, археологиямен байланысы бар. Тіл тарихы - сол тілді жасаушы, сол тілді қолданушы халықтың тарихымен байланысты. Олар бірін-бірі байытады, бірін-бірі толықтырады. Тілдік деректерді — тарих, тарихи мәліметтерді - тіл пайдалана алады. Айталық, тіліміздегі кірме сөздерді зерттеу аркылы қазақ халқының бүған дейін кандай халықтармен аралас-құралас болғандығын білуге болады.
Этнографтар халықтың ерте кездегі салтына, дәстүріне, әдет- ғұрпына, тұрмысына байланысты материалдық байлықтарды зерттегенде тіл фактілеріне соқпай өте алмайды. Өйткені тіл - соларды ұзақ уақыт бойы сақтап қалған кұралдардың бірі.
Тіл білімі және география
Тілге кейде географиялық факторлар да әсер ете алады. Мысалы, аралда тұрған халықтардың тіліне ешкім әсер ете алмауы мүмкін. Болмаса кең аймақта тұратын халықтың тілдері диалектілерге бөлініп кетуі мүмкін, ал тар аймақта тұратын халықтардың тілдеріндегі диалектілер бірігіп, жойылып кетуі ғажайып емес.
Тіл білімі мен географияның өзара байланысы ғылымның жаңа бір саласы - лингвистикалық географияның тууына әкеп соқты. Лингвистикалық география тілдегі фонетикалық, лексикалық грамматикалық құбылыстардың қай территорияға тарағанын көрсетеді. Бұл, әсіресе, диалектілік ерекшеліктерді зерттегенде ерекше маңызды. Сол арқылы, белгілі бір тілдің немесе диалектілердің лингвистикалық картасы (атласы) жасалынады.