Шығарма.
Адал ұл ер болып туса-ел тілегі.
Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде. Нұрсұлтан Назарбаев.
Жоспар:
I Кіріспе
1.Азаттық-қазақтың ежелгі арманы.
II Негізгі бөлім
1.Қазақ халқының мәртебесі.
2.Аяулы отаным-Қазақстан.
III Қорытынды
3.Туған жер адам өміріндегі-киелі орын.
Азаттық қазақтың ежелгі арманы еді. Түлкі бұлаң тарихтың нешеме бұрылысында ел азаттығы үшін талай тарланның тақымындағы тер кеппеді. Ат үстінде өткен ғасырлар көп болды. Қазақтың соңғы ханы Кенесары азаттық үшін күресте айрықша қылыш сермеді.Қаша ұрыс салып жүргенде қапы кетті. Ханның басы қанжығада кете барды...
Сан ғасырлық тарихымызда мақтан тұтар, бүгінгіміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар оқиғалар мен Отан алдындағы адал қызметінен үлгі алар ұлы тұлғалар аз болмаған. Олардың қатарына: қазақтың ұлт болып ұйысуы мен оның ұлан ғайыр ата-қонысының қалыптасуын; ұлттық мемлекттігіміз – қазақ хандығының құрылуы мен дамуын; отырған тағы емес, билеп отырған халқының бағын ойлаған хандар мен оларға ел мен мемлекет тұрғысынан ақыл-кеңес берген ұлы билер дәстүрлерін; ата-бабаларымыздың халқымызға тән шаруашылық жүргізу жүйесін қалыптастыруын, таңғажайып этномәдени үлгілерін жасау арқылы әлемдік өркениетке қосқан үлесін, батырларымыздың ел тәуелсіздігі мен ата-қоныс тұтастығын сыртқы жаулардан қорғаған үлгісін жатқызуға болады.
Сонау ғасырлар қойнауының қатпар-қатпар белесінен байқасақ, ежелден ру-тайпаларымыздың өз жерін еш жауға бастырмаған, ұлын құл, қызын күң еткізбеуге батырлық ержүректігін, жауына қатал, досына адал, шыбын жанын шүберекке түйіп, садақ ұстап, қол күшіне сеніп, найзаның ұшына үкі таққан ұлдары мен қыздарының жауынгерлік үлгісі бізге аманат болып жеткен.
Ел басына күн туғанда даналығымен, батырлығымен, парасаттылығымен ел мұңын, халық сырын, тарих үнін түсіне білген, алты алаштың басын қосқан, ел мүддесі жолында, табандылығын да, тапқырлығын да таныта білген хан Абылай қазақ халқының күшін тасытты, мәртебесін көтерді, қазақ елін аса іргелі елге айналдырды. Батырларын, елін сүйген ерлерін, ақын-жырау өнерпаздарын достық –бірлікте ұстап, оларды жүзге бөліп жармады.Жауын торғайдай тоздырып, тарыдай шашып, ірімшіктей іріткен, қоқаңдап қоңқылдаған Қоқанмен де, қалың қара Қытаймен де, ормандай орыспен де тіл табысқан бабамыздың даналығының арқасында, осы біз өмір сүріп отырған аяулы Отан- Қазақстан жері сол бабалардың сақтап қалған, бізге қалдырған асыл мұрасы екені сөзсіз.
Абай, Шоқан, Ыбырай дәуірін қылыштан гөрі қаламның қуатты екенін дәлелдейді.Олар осындай қиыншылық кездерде халықтың рухын көтеріп,демеу беріп отырды.Абай,Ыбырайлардың ақылға шақыратын өлеңдері көп болды.Халық олардың өлеңдерінен өнеге алды,тығырықтан шығар жол іздеп жүргенде осылардан ақыл сұрады, оларды өте құрметтеп, сыйлады. XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың басын ала бере тарих сахнасына қазақтың оқығандары шықты. Ол кезде Отанымызда кеңестік кезең орнаған еді. XX ғасырдың 20-жылдарының екінші жартысында күшейген Сталиндік әміршіл-әкімшіл жүйе қоғамның тарихи заңдылықтарына қайшы келетін эксперименттер жасағанын бірінші кезекте айтар едік. Олар бүкіл КСРО-ны, оның ішінде Қазақстанды да қамтыды. Бұл эксперименттердің басты бағыттары мынадай болды: ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру және соның негізінде байлар мен ауқатты шаруаларды тап ретінде жою; аса тез қарқынмен елді индустрияландыру;мәдени –рухани салада, демографиялық саясатта, ұлт мәселесінде жергілікті халықтарды орыстандыру; қоғамдық саяси өмірдің негізгі салаларында тек қана комунистік идеологиялық үстемдігін орнату.
Осылардан туындайтын және басқа да ірілі-ұсақты шаралар болды.Тоталитарлық тәртіп жүзеге асырған халыққа жат саясат аса зор, қасіретті зардаптар әкелді: жаппай отаршылдықтың салдарынан қазақ халқының жартысына жуығы қырылды; өзінің атамекенінен басқа елдерге ауа көшті, тіл мен діл, дін мен ұлттық сезім, таным жойыла бастады;қазақ халқы өз жерінде ұлттық азшылыққа айналды...
Ахмет, Әлихан, Міржақып, Мағжан, Мұстафа, Смағұлдар алаш туы астында ел болуға, мемлекет құруға шақырды. Сұлтанмахмұттың «Өлер жерден кеттік біз, бұл заманға жеттік біз» деп жапанға жар салатын кезінде ұлт зиялылары не істеу керек, қайтеміз, қалай ел боламыз?- деп ойын он саққа, қиялын қырық саққа жүгіртіп еді. Сонда Әлихан Бөкейхан «Автономия, бізге керегі – автономия!» деп қайта-қайта шырылдап, телеграмма салумен болды. Сондағы ойы «мемлекет құрып алайық, мемлекетіміз болса, қалғанының бәрі болады» деген асыл арман-ды. Қазақ автономиясын жариялағанда алаштың арыстары «міне, ел болдық, еркіндік өз қолымызға тиді» деп бөркін аспанға атты.Алайда , бұл қуаныш ұзаққа бармады. Қазақтың еркіндігінен қорыққан қызыл империя көсемдері алаш туы астына бірікендердің бәрін біртіндеп құртты. Жүсіпбек Аймауытовты,Сәкен Сейфуллинді,Сейтқалиларды атты. Қияңдағы қария Шәкәрімге дейінгі қазақ оқығандарын түгел қырды.
Мұстафа Шоқай шетел асты... Алашорда партиясына мүше болғандардан Мұхтар Әуезов сияқтылары бағына орай қашып,аман қалды...Алаш деген сөзді тарихи санадан өшіру әрекеті басталды. Дүниедегі ең жек көрінішті сөзге айналдыруға тырысушылардың «еңбегі» зая кеткен жоқ. Әлі күнге дейін кейбіреулер алаш дегенде селк ете қалады...
Қазақтың өз билігі өз еркінен кеткен соң қара халықты қалай қорлаймыз деп қызыл империя аса қиналған жоқ.
1937-1938 жылдары яғни, бір жылдың ішінде 125 мың қазақ зиялысы қырылды. Жоғары білімді қазақтың бетке ұстайтын азаматтарының бар кінәсі - көзі ашық болғаны, өз ұлтының намыс-сезімін жақтағандары ғана.Осы жерде айта кеткім келетіні -бүгінгі ұлттық сана-сезіміміздің құны осыншама құрбандықпен келгенін есте сақтағанымыз жөн болар еді. Осы асыл азаматтардың үзілген жас, қыршын өмірлері, орындалмаған үміттері, армандары бізге аманат сияқты болып көрінеді.
Одан кейінгі Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 миллион 196 мың адам қару асынып, майданға аттанды. 700 мың адам еңбек армиясының сапында болды. Соғыстан тек 410 мың Қазақстандық жауынгер ғана оралды.
Осыншама нәубеттің ішіндегі ең сұмдығы – 1949 жылдан қазақ халқы атом полигондарының сынағына тасталды. Қазақ қоян құрлы болған жоқ. XX ғасырда дүние жүзіндегі бір де бір ел қазақ көрген азапты көрген жоқ. Аяулы Отаным - Қазақстан – ядролық қарудың қасіретін әлем бойынша ең көп тартқан ел. Оның талай ғасырға жететін тарихын қозғасақ, бабалардың басынан кешкенін көзге елестетсек, көздің жасын тия алмаспыз. Қазақстан ядролық инфрақұрылымнан құтылуды әлемге айғақ еткен, әлемге Қазақстанды бейбітшілікті сүйетін ел ретінде танытқан, еліме тәуелсіздіктің туын желбіреткен елбасы Нұрсұлтан ағамызға алғысымыз ұшан-теңіз. Атом сынағынан аман өттік, бұл заманға да жеттік. Аяулы Отаным-Қазақстан жерін бабаларымыз ерлікпен қорғап бізге қалдырған, кейінгі ұрпағыма «Асыл мұрам, ал балам» деп айту үшін, бізге тұтас уланбай, жоғалмай, өртенбей, сынбай-жанбай, ауыр азап, қиын-қыстау кезеңдерді бастарынан өткізген екен. Әрбір адам баласын тіршілік етіп, өзін-өзі асырап отырғаны, ұрпағын қалдырып, дамып жатқаны осы Отанның арқасында. Отан сүйгіштік кісінің бойындағы күш-қуатын, білімі мен өмір тәжірибесін халық мүддесінің игілігіне,кір жуып кіндік кескен жеріне деген ыстық махаббаты оның кісілігін танытатын ерекше асқақ сезім.
Қайсар ар-намысты аға ұрпақ 1929-1931 жылдары, Қазақстанды күштеп ұжымдастыруға қарсы 370-тен астам көтерілістер ұйымдастырды.халқымыз отарлық езгіге қарсы 400-ден астам көтерілістерге шығып, наразылықтар көрсетті. Осындай азаттық күрестің басында халқымыздың ортасынан қайнап шыққан ірі-ірі тұлғалар болды. Солар көрсеткен үлгі , сеппкен ұрық бір ұрпақтан екінші ұрпаққа табиғи түрде ауыса келіп,1986 жылғы желтоқсанда жаңғыруына әкелді."Желтоқсан көтерілісі"ұлттық рухтың өлместігін жарқын түрде дәлелдеді,желтоқсанның мұзға жаққан алауы 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздік таңын тудырды.1986 – жылғы желтоқсанда елде жария етілген қайта құрудың 20-шы айы өтіп жатқан-ды. Құқықтық мемлекет құрамыз дегенге сеніп, Горбачевтік «сәуір тезистерінің» тың идеяларымен жігерленген қазақ жастары орталықтың бұрынғыша өктемдігіне келіспеушілігін білдіруге митингілер, шерулер өткізіп алаңға шықты.
Қылышынан қаны тамып, жарты әлемді билеп тұрған қызыл империя кеңестік коммунистік партия кезеңінде қазақ жастарының ұлттық намысн ту етіп, отаршылдыққа қарсы алғаш жойқын бұлқыныс танытуы Мәскеудегі өктемшіл шовинистердің төбесіне жай түсіргендей әсер етті. Өйткені, уысындағы қол бала іспеттес көптеген ел бұдан «үлгі-өнеге» алып, ол өрт қаулай түссе, халдерінің мүшкілденетінінен қауіптенді. Оны олар алдын-ала сезді де, басқыншылық әрекеттерге, фашистік қатыгездік қадамдарға да көз жұма барды. Әділдіктің салтанат құруын сұраған жалаң қолды бейбіт жандардың тілектеріне құлақ асқысы келмеген озбыр орталық жүйесі жүректері тітіркенбестен мұздай қаруланған әскермен шеруге шыққандарды аяусыз жаншыды, итке талатты, бас-көз жоқ ұрып соқты. Кремльден кесепатты бұйрықтың пәрмені солай аласапыран құбылды.
Қазақ жастары Алматыда,Талдықорғанда,Ақмолада, Орталық Қазақстанның бірнеше елді мекендерінде тоталитарлық билік жүйесіне қарсы көтеріліп, өкіметке саяси талаптар қойды."Желтоқсан көтерілісі"сол кездегі кеңес одағының керегесін шайқалтып, КСРО-дағы ашық демократиялық үрдісінің негізін қалаушы оқиғалардың бірі болды. Белгілі ән- өлеңінде айтылғандай, «желтоқсан гүлді солдырып, нұрды оңдырып, көңілде мұңды із қалдырып» қана қойған жоқ, сонымен бірге және ең маңыздысы – халқымыздың ең алдымен жас буынның ұлттық санасын оятумен, ұлттық намысын көтеруінде болды. Ол еліміздің тәуелсіздік алуының алғышарттарын дайындауға қызмет етті. Қатыгездігі мың батпан солақай саясат орын алған соң, жүздеген еркіндік аңсаған ақ ниетті жас азаматтар алаштың арманын асқақтатып, кеудемсоқтықты көксегендерге ойсырата соққы жасады. Мұндай тегеурінді қарсылықтың болуы тиіс емес деп есптейтін кеудесіне нан піскен КОКП төбе шашы тік тұрып, «бұл нағыз қазақ ұлтшылдығы» деп апыл-ғұпыл баға беріп тастады. Олар үшін, әрине, бұл оп-оңай шаруа. Ал, сонда халық намысын қайда қоймақпыз? Орталық партия комитетіндегілер қазақ жастарының Респубика алаңына шығуын нашақорлардың, маскүнемдердің әрекеті деп жалпақ жұртқа жария етті. Уақыт өте өздері ушықтырып, күш қолданғандықтарын бүркемелегісі де келді. Бұл үлкен оқиғаны тент ектік әрекетке балауы көрсоқырлық еді. Көп ұзамай шындықтың бет пердесі ашылды. Оған көзі жеткен кеңес одағының тізгінін ұстаған серкелер «қазақ ұлтшылдығы» деген КОКП шығарған қаулының, яғни, қазақ халқына жабылған жаланың күшін жоюға мәжбүр болғаны белгілі. Жазықсыз, қиянатпен жоғары оқу орындарынан шығарылған, сотталған сан мыңдаған қыз-жігіттер кейін ресми ақталды. Бірақ, олардың жүректерінде қалған қаяу, сызат-дақ кете қойды ма екен?! Талайы зардабын шегіп, қасіретін тартты. Қаншама өрімдей жасөспірімдер қанаты қайырылса да намысын жерге таптатпай, еңселерін биік ұстады. Бірақ, сырын сыртқа шығармай, шерін тарқата алмай іштен тынды. Заман райы солай болды. 1991-жылы қазақ елі егемендікке қол жеткізіп, өз алдына тәуелсіз мемлекет атанды. Шын бағасын иеленбеген желтоқсан көтерілісін жай оқиға деу қиянат екенін дауыстап айтатын кезде келіп жетті-ау,әйтеуір.
Тәуелсіздік- халықтың үні, ұлттың тілі мен ділі. Тәуелсіздік- халықтың тойы, елдің тойы. Қалың қазақ, алты алаш туған күн, мерейтой.
«Қаз тұрып, қадам басқан тәуелсіздік сәбилік тұсауын өміршең уақытқа кестірген кезден бастап, осынау 15 жылдың бедерінде айшылық жерді алты рет аттаған алып секілді, дәуір жалынын мығым ұстап, тізгінін бекем қаға білді» - деп, елбасымыз Н.Ә .Назарбаев айтқандай, егемен Қазақстанды бүкіл әлем таныды. Туған Отанымыз жер жүзілік қауымдастықтың терезесі тең мүшесі ретінде демократиялық өрениетті даму жолына түсті. Үш ғасырға созылған ата-бабамыздың арманының жүзеге асқаны, оған өзімнің куәгер болғаным – мен үшін шексіз қуаныш. Мен өз халқымның ешкімге нақақ қиянат жасамағанын мақтан етемін, ал, қиянат жасамағанға Алланың көзі түзу. Біздің қолымызда қанның емес, тердің иісі бар. Демек, біз - жасампаз халықпыз.
Елге басымдық жасап,қандай жолмен болса да (күшпен,ақыл-айламен, мәжбүрлеумен,т.б ) бодандықта ұстап тұруға қарсылық жасауда халқымыз сол заманнан бері –ақ, елінің елдігін, жерінің байлығын сақтап қалу жолында талай ержүрек, ақылды, шешен де білгір азаматтарының бастауымен «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Тәуке ханның жеті жарғысы» деген қағидаларды сақтап, «Абылайдың ақ жолы», «Нұрсұлтан ағамыздың нұрлы жолына» ұласып отырғанын көріп отырмыз. Батыс Қазақстан облысындағы әйгілі "Үміт" лингвистикалық гимназиясының 2005 жылғы түлегі Ерболат Садықов-жақында Американың "Towson"университетін мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беру(special education)мамандығы бойынша тәмамдап қайтқан жас бала.Од біздің Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында дүниеге келген екен.Кішкентай кезінен сабақты жақсы оқыған.Оған осы күнге дейін ата-анасы демеу беріп келген.Өзінің оқуға деген құштарлығының, ынтасының арқасында Америкаға оқуға түскен.Міне,біз осындай ағаларымыз сияқты оқуға деген ынтамыз болуы керек.
Сонымен қатар біздің жерімізде Мәрлен,Шерхан Талапұлы сияқты жас ақындарымыз бар.Шерхан Талапұлы өлең өлкесіне қалықтауға қауырсын қанатын қомдаған,талпынысы таудай үміт күттіретін төңірегіндегі құбылыстарға ой тербеуі,сөз саптауы өзгеден бөлек те ерек жас.Оның балауса жырында тұма бастауындай мөлдірлік,таң шұғыласындай шуақ пен жылылық,сезім мен одағайлықтан ада тазалық басым.Шерханның жақында"Таңғы шыққа тамған жыр" деген өлеңдер жинағы шықты.Онымен Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,ақындарымыз-Закария Сисенғали менен Өмірзақ Ақбасов арнайы кездесуге шақырып,тілдескен болатын.Ал,Мәрлен біздің мектебіміздің мақтанышы.Ол 11 сынып оқушысы.Ылғи олимпадаларға,түрлі сайыстарға белсене қатысады.Өзінің ақындық қасиеті де бар.Мен оның жолын қууға тырысамын.
Халқымның «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген даналық пікірін ойлап қарасам, ата-бабаларымыздың асқар таудай ақылында, өз өмір тәжірибесінен өткен өнегелі істері – елін, жерін қорғау, бірлікте, ынтымақта өмір сүріп, еліне елеулі, халқына қалаулы болу сияқты жақсы қасиетті ұрпақтан- ұрпаққа дарыса деген асыл арманы екен.
Мен өзімнің әсем, көркем, көрікті, байтақ еліме, жеріме өте мақтанамын. Менің Отаным кішкентай болса да, мен үшін аса қымбат жер Жаңақала ауданынан басталады.Жаңақала-киелі өлке.Алты алаштың күй өнерінің бастауында тқрған-Құрманғазы,Дина,Мәмен,кешегі қайталанбас Қали,орыны толмас Оқап,қазақ өнерін дүние жүзіне танытқан Шамғон осы құранды да ұранды өңірдің перзенттері. Елім деп еңіреп,халқым деп қабырғасы қайысқан,терлігіне тер,кірпігіне мұз қатып,ақырып теңдік сұраған Исатай мен Махамбетті дүниеге әкелген де осы киелі өлке. Шаршы топта айтысқа түсіп,ақындық қасиетімен қалың жұртын тамсандырып,кейінгі ұрпақтарына айта жүретіндей асыл сөздерін қалдырған Білек,Өтеғали ақындар да Жаңақаланың жампоздары болған.Көптеген мемлекет,қоғам қайраткерлерінің,ғылым тарландарының тұсауын кескен,бұл жомарт өңір.Дәл осы жерде менің көңілді де, шаттықты, уайымсыз балалалық шағым өтті. Үйдің маңындағы аулада ойнағаным және бала-бақшаға барған көше әлі есімде. Сол кезде ол маған өте ұзын болып көрінетін. Мұнда көлік сирек жүретін, бірақ серуендеп жүретін адамдар көп болатын. Иә... Туған жер ұзаққа қиып жібермейтін. Сен әрқашан өзің бармасаң да, оймен қиялдап туған көшені, есіктің алдын, «Қызым, үйге кір...»деген ананың сөздерін еске түсіресің. Жүректің әлсіз дүрсілі естіледі. Қазір бойжеттім, бірақ та өмір бойы мен үшін балалық шақтағы туған аула мен көше – менің кішкентай Отаным. Сонымен бірге мен елімнің бір бөлшегімін, оның бүгіні мен болашағымын. Бұл қазақ жерінің жомарттығынан, осы өлкелерге тағдыр алып келген барлығына құшағын кең жайып, пейілін кеңге салатын қазақ халқының мінезінен жаралған.Осында тұрушылардың барлығы қазақ халқының тілін, тарихы мен салт-дәстүрін білуі келек. Қазақстанда тұратын барлық халықтың татулығы мен бірлігінің мәні осында. Ол байырғы көркем Қазақстан жерінде бейбітшілікті сақтауға көмектеседі. Ал татулық – болашақта гүлденудің маңызды талабы. Мен туған және өскен жері біртұтас болғанда ғана адам бақытты болады деп ойлаймын.Мен үшін Отан – құндылықтарды материалды тасымалдаушы емес.Бұл жан сезімі! Сенің әрқашан оймен болса да оралғың келетін Жердің рухани бұрышы. Менің жылдарым күндермен өлшенеді. Мен оның шексіз болғанын, менің кішкентай және үлкен Отаным татулықта болғанын қалаймын. Мен әрқашан да Қазақстанда тұратын адамдарға жанымның жылуын, жүрегімнің отын сыйлауға дайынмын. Мен өз Қазақстанымды қалай жақсы көремін? Мен өз отанымды қалай мақтан тұтпайын? Ол мені өз құшағына алады, әрдайым жылулық сыйлайды. Отанымда қонақта болғанда өзімді өте жайлы сезінемін, жақсы демаламын. Біз өмір сүреміз, кетеміз, өлеміз, ал біздің отанымыз мәңгі өмір сүреді.Бізді әлем таниды. Бұл өте маңызды. Бұл біздің де,біздің Президенттің де үлкен жетістігі. Біз, жастар бүгінгі табысымызды бекіте отырып, жаңа асуларға жету үшін көп еңбек етуіміз қажет. Біз оған дайынбыз.
Достарыңызбен бөлісу: |