әлеуметтік -мәдени келбеті
3.1 Қытайдағы қазақтардың XXI ғасыр қарсаңындағы жағдайы
XXI ғасырдың алғашқы бес жылы тарихқа айналды. Бірақ осы өткен жылдардан-ақ жаңа ғасырда әлемдік ауқымнын бет алысы анықталғандай болды. Оны қысқаша атап айтар болсақ елдігі бірнеше ондаған жылдар бойы әлі де ұлы державалардың дүние жүзіне өктемдігі сакталады; жаһандану үрдісі үдей түседі; ғылым техника ұшқан құстай дамиды; дүние жүзіндегі ұлттардың өркендеуі де, өшкіндеуі де тездей түседі. Осындай әлемдік жағдай аясында әрбір ел өз шама-шарықтарына карай әркелкі деңгейде дамиды. Сондықтан дүние жүзіндегі әрбір мемлекеттің және онда өмір сүріп отырған нақтылы халықтардың ғасыр басындағы әлеуметтік-мәдени жағдайына объективті түрде талдау жасау арқылы олардың болашағына логикалық болжамдар жасауға болады.
Біздің бұл арада назарда ұстайтынымыз - Қытай Халық Рес-публикасындағы қазақ қандастарымыз және олардың әлеуметтік-мәдени проблемалары болмақ. Өйткені, олар қазақ халқының құрамдас бір үлкен бөлігі, яғни халықаралық дәрежедегі репатрианттар немесе диаспора өкілдері. Сондықтан да олар біздің маңызды зерттеу нысанамыз болып табылады. XXI ғасырдын басында Қытайдағы қазақтардың жалпы саны 1.3 миллион. Олар Шынжаң ұйғыр автономиялы районның батыс солтүстігіне орналаскан, яғни Іле, Тарбағатай және Алтай аймақтарын камтыған Іле қазақ автономиялы облысына шоғырлы қоныстанған. Кытайдағы қазақтардың негізгі әлеуметтік аруашылығы - мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы және шағын кәсіпкерлік. Олар негізінен өздерінін дәстүрлі ислам дінін ұстанып, ұлттық тіл-жазуын (төте жазудағы) қолданып, тұрмыстық салт-санасын сақтап келеді. Дегенмен казіргі кезде Кытайдағы казактардың дәстүрлі шаруашылық формасы де, ресми тіл жазу қолданысы да, тұрмыстық салт санасы мен құндылық көзқарастарының үлкен өзгеріске ұшырау үрдісінде екендігін де айта кетуге тиіспіз.
Шынжаң - Қытайдың астанасына ең алыс орналасқан және әлеуметтік дамуда кейіндеп қалған көп ұлтты провинция. Сондықтан Пекиннін саясаты Шынжанда кешеуілдеп аткарылады немесе трансформацияға ұшырап барып іске асырылады. Сондықтан Кытайдың ішкі өлкелерінде жүргізілген ауыл шаруашылық, мал шаруашылық экономикасындағы реформалар алғашқы кезеңі Шыңжаңда 1984-1986 жылдары жүзеге асырылды /58/. Соның нәтижесіңде бұрынғы ұжымдық «Тайқазан» шағылып, оның орнына «өнімді отбасылық жауапкершілікке алу» тізімі (тәртіп, режим) орнап, көп өнім алғандар одан көп пайда алатын жағдай жасалды, сондай-ақ көп түрлі шаруашылықпен шұғылдануға да жол берілді. Сонымен қазақ дихандары мен малшылары басқалар сияқты өзінің отбасылық жылдық өнімінің нәтижесіне қарай табыс табатын болды. Сөйтіп еңбекшілердің өндіріс белсенділігі артты, отбасылық кірісі көбейді, тұрмыстары бірден жақсара бастады.
Жалпы айтқанда, Қытайдағы әлеуметтік экономикалық реформаның алғашқы кезеңінде, яғни XX ғасырдың 80 жылдардың ортасынан 90-жылдардың ортасына дейінгі аралықта, Қытайдағы қазақтардың әлеуметтік экономикасы ұдайы өсу процесінде болды. Дихандар мен малшылардың тұрмыс жағдайы айтарлықтай жақсара түсті. Соның нәтижесінде қазақ жастарының оқуға деген ынтасы бұрынғыдан күшейді, жоғары, орта оқу орындарына түсушілердің қатары көбейді. Қазақ тіліндегі басылымдардың саны еселеп артты, қазақ тілінде сөйлейтін телерадио арналар молайды. Бір ауыз сөзбен айтқанда, Қытайдағы қазақтардың әлеуметтік экономикасы мен мәдениетінде көркею көрінісі жарыққа шықты.
Бұл кездейсоқ жағдай емес, қайта ол Шынжанның әлеуметтік экономикасының дамуымен тығыз байланысты еді. Ресми орындардың мәліметіне сүйенсек, Шынжаңның 1994 жылғы ішкі өнімінін жалпы құны 1978 жылмен салыстырғанда 4.43 есеге артқан, жылдық орта есеппен артуы 11.6% болып отырған. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өнімдерінің құны 4 есеге көбейіп, жылдық өсуі 10.59% жеткен/3/. 1994 жылдың соңында бүкіл Шынжаң бойынша егістік жердің көлемі 3 миллион 119 мың гектарға жетіп 1949 жылдағыдан 1.58 есеге кеңейген. Оның 90% суармалы егістік жер құрайды. Аграрлық жалпы өнімнің құны 30 миллиард 647 миллион юань болған. Оны салыстыруға болатын құнымен есептегенде 1950 жылдағыдан 14 есеге көбейген; 1994 жылы Шынжан бойынша 21 жоғары оку орны, 355 әртүрлі орта кәсіптік техникумдар, 8947 орта мектеп болып, білім алушылардың жалпы саны 1 миллион 978 мың 200 адам болған; 1995 жылы кала тұрғындарының жылдық ақшалай алатын еңбек ақысы 51552 юань, дихандар мен шаруалардың табысы 1082 юаньнан жоғары болған /59/ көрінеді. Ал «Қазіргі заман Шынжаңның қысқаша тарихы» атты енбекте келтірілген мәліметтерде: «1994жылы бүкіл Шынжаң бойынша ауыл қыстақ тұрғындарының жанбасындық кірісі 935.5 юань болып, 1978 жылдағыдан 816.3 юаньға көбейген. Ауыл қыстақ тұрғындарының тұрғын үй көлемі адам басына шаққанда 16.38 шаршы метрге жетіп, ол 1978 жылдағыдан 5.31 шаршы метрге кеңейген. Кызметшілердің ортақ есеппен жылдық ақшалай алатын жалақы кірісі 4252 юаньға жетіп, 1978 жылдағыдан 3435 юаньға көбейген; қала тұрғыңдарынын жанбасындық тұрғын үй көлемі 11 шаршы метрге жетіп, 1978 жылдағыдан 3.16 шаршы метрге көбейген. Адамдардың өлімі 7.68%°, балалардың өлімі 54% төмендеген. Адамдардың орташа ғұмыры 65 жасқа жеткен. Сөйтіп Шынжаң ҚХР құрылған алғашқы жылдардағы егін шаруашылығы мен мал шаруашылығын негіз еткен агралық қоғамннан индустриялы қоғамнын алғашқы кезеңіне қадам басты» /60/. Демек, Қытай және онын Шынжаң провинциясы XX ғасырдың 90-жылдардың орта шегінде индустриялы қоғамды қалыптастыра бастаған.
XX ғасырдың сонында Қытайдың дәстүрлі әлеуметтік жүйесі негізінен нарықтық экономикалық жүйедегі осы заманғы қоғамдық қатынастарға өзгерді.
Олай болса, осындай әлеуметтік ортада өмір сүріп отырған қандастарымыздың қазіргі хал-жағдайлары қалай деген мәселеге тоқталайық. Бұл арада алдымен айта кетуге тиісті мәселе - жоғарыдағы сұраққа жауап беретіндей құжаттық деректер мен ресми әлеуметтік сандық мәліметтердің жеткіліксіздігі. Өйткені XXI ғасырдың басындағы қытайдың әлеуметтік-мәдени жағдайын көрсететін ресми деректер ашық жария болмайды, болса да толық берілмейді. Ал Қытайдағы аз санды ұлттардың (онын ішінде қазақтар да бар) әлеуметтік мәдени өміріндегі өзгерістерді айғақтайтын ресми әлеуметтік жылдық санақ қорытынды мәліметтер арнаулы түрде жеке-дара материал болып мүлде жарияланбайды. Өйткені ол Қытайда үлкен саясаттың құпиялығы болып саналады. Дегенмен, біз Қытайда жарық көрген басылымдардан тақырыбымызға қатысты деректерге сүйене отырып, көзге көрініп тұрған қоғамдық құбылыстарға талдау жасау арқылы XXI ғасырдың басындағы Қытайдағы қандастарымыздың әлеуметтік-мәдени өміріндегі өзекті мәселелерді ғылыми түрде түсіндіруге тырысамыз.
Жоғарыда пайымдағанымыздай, Қытайдағы әлеуметтік реформа алдымен Аньхуэй провинциясынан басталып, ішкері өлкелерде өріс алған сон, Шынжаң ұйғыр автономиялы ауданында жүргізілді. Шынжанда да реформа алдымен ауыл қыстақтар мен мал шаруашылықты аудандарда жүргізіліп одан кала экономикасына және жалпы саяси мәдени салаға өрістеп. XX ғасырдың соңына дейін Шыңжанды социалистік жоспарлы эко-номикадан казіргі нарықтық экономикалык жүйеге көшірді.
Қытайдағы қазақтардың басым көп бөлігі Шынжаңның ауыл қыстақтары мен мал шаруашылық аудандарында тұрады. Сондай-ақ олар ұйғыр, қытай, дүнген және де басқа халықтармен аралас қоныстанып, ортақ тіршілік ететінді. Реформаның алғашқы жылдары қазақтар да басқалар сияқты өздеріне тиесілі егістік жер, мал және мал жайылымдарына ие болып, отбасылық өз шаруашылығынын тізгінін өз қолдарына алды. Сөйтіп олар реформаның алғашқы жылдары қазақ дихандары мен шаруалары бәрі дегендей белгілі дәрежеде ауқаттанып, экономикалық жағынан еңсе көтерді. Бірақ реформа тереңдеп, нарықтық экономикалық қатынастар қалыптастып, базар бәсеке басталған кезде, яғни XX ғасырдың соңына таман қазақ дихан-дары мен шаруаларынын көп бөлігі қайтадан әлеуметтік қысымға тап болды. Қытайдағы қазақтардың өз сөзімен айтқанда оларда «қатардан қалу» мен «кедейлену» күйіне түсе бастады.
Экономистердің есептеуінше, «Қытайдағы қазақтардың 80 пайызы «ата кәсіп» аясында жұмыс істеп, малды және оның шикізатын өмір сүру мен дамудын негізі етіп келеді. Мал шаруашылығы қазақ жанұяларының отбасылық кірісінің 95 пайызынан көбірегін құрайды» /61/ екен. Демек, экономикалық салаға реформа жүрген жағдайда да, Қытайдағы қазақтардың кілең мал шаруашылығымен айналысатын өндіріс нысаны айтарлықтай өзгере қоймаған. Ал нарықтық экономика жүйесінде базарда баға заңдылығы басты рөл ойнайды. Шыңжанда базардың жетілуіне байланысты мал шаруашылық өнімдері бағасының төмендеуіне байланысты қазақ шаруаларының бірден кедейлесіп шыға келген жайы бар.
Мал шаруашылық экономикасын зерттеуші ғалым Әділхан Есханұлының айтуынша «соңғы жылдары базардағы мал шаруашылық өнімдері базары өнімдері жансызданып (депрессия), баға арзандап кеткендіктен, малшылар малды қанша өсіргенімен оның өнімдерін пұлдап сата алмайтын күйге түсті. Мәселен, Іле облысы секілді басты мал шаруашылық базарларыңда 1995 жылғы қойдың тірі бағасынын килограмы 10-12 юаньға жетсе, өткен жылы (1999 ж.) небары 4-5 юаньнан аса алмады. Биязы жүннің килограмы 20 неше юаннан 10 неше юаньға, «Жұмсақ алтын» - түбіт 400 неше юаньнан 100 юаньға дейін құлдырады. Жанбағыстың жалғыз жолы, тұтас тіршіліктін тірегі болған мал шаруашылығы өнімдерінің базар сайысында өз құнына лайық бағада сатылмауы немесе көп мөлшерде қолда басылып қалуы онсыз-да туралап тұрған қазақ малшыларының жай-күйі жөнінен сорлыға тиген сойылдай болғаны жұртқа мәлім... Реформа жасап, сыртқа есік ашудың алғашқы жылдары Шыңжанда малшы кірісі егінші кірісінен әлдекайда жоғары тұратын. Кейінгі кезде егіншілер кірісі біртіндеп алға өте бастады. 1992 жылы районымызда (Шыңжанда - Н.М.) егіншілердің жан басылық орташа кірісі 778 юань, 1997 жылы 1504 юань, малшылардікі 710 юань да 1100 юань. Базар эконмикасы түзілісіне (жүйесіне - Н.М.) көшкеннен кейін кіріс парқының алшақтауы тіпті де тездеп, 68 юаньнан 404 юаньға бірақ шыққан» /62/.
Дегенмен Қытайдағы қазақтардың экономикалық дамуда «қатардан қалып», «кедейленуінің» себептері көп. Экономист Әлілханның айтуынша, мал шаруашылығы өнімдерімен қамдау жалпы сұраныстан еселеп артып кеткен. Егіншілік өнірдегі бағылатын мал басы қас қағымда-ақ жалпы Шынжаңдағы мал басынын 50 пайызынан асып түскен. Сондай-ақ егіншілік аумақта мал бағушылардың базарға жақын орналасуы, акпаратты шапшаң қабылдауы, төрт маусымдық шектеуге ұшырамайтын абзалдықтарын пайдаланып, сахара малшыларының мал шаруашылық базарын тартып алған. Онымен қатар, мал шаруашылық өнімдерінің сапасыздығы, мал шаруашылық өнімдерін өңдеу техникасының төмендігі де қазақ малшыларының базардан ығысып шығуына түрткі болған.
Шынжанда мал шаруашылығы саласында жүргізілген реформаның алғашқы кезеңінде, малды малшыларға «темір мал» ретінде көтеруге берген. Реформаның екінші сатысында, әр отбасының еңбек күшіне және жанбасына қарай отырып, малды ақшаға бағалап малшыларға сатып берген. Сол арқылы малды меншіктену мен менеджерлігін толығымен базар экономикасына сәйкестендірген. Ал мал шаруашыдығын модернизациялаудың жолы - малшыларды отырықтандыру деп есептейді және осы бағытта малшыларды отырықтандыру жүзеге асырылып келеді.
XX ғасырдын соңында Шынжаңның мал шаруашылығында 160 мыңдай отбасы, бір миллионнан аса адам болған. Жайылымдық малға егістік жердегі мал басын қосып есептегенде, Шынжаң бойынша 40 миллион тұяқ мал бағылуда екен /63/. Мал шаруашылығын отырықтандыруды зерттеген мамандардың айтуынша: «Шыңжан бойынша 60 пайыздан астам малшы отбасы отырықтандырылғанымен, ол сан сапаға сай келмейді. Электр, су, жол, тұрғын үй, қора, жем-шөптік жері бар жан-жақты өлшемге жеткен, аты затына сай отырықтанған малшы семьясы жалпы малшылардың 30 пайызын құрайды. Осы сандық көрсеткіштен көрініп тұрғандай 70 пайыз малшы семьясы әлі төрт маусым бойы көшіп-қонып жүретін өндіріс, тұрмыс тәсілімен қоштаса алмай отырған» көрінеді. Әрине, дәстүрлі өндіріс нысанын өзгерте қоймаған қандастарымыздын қазіргі замандағы нарықтық қатынастарға жауап бере алмасы анық.
Дегенмен ұлы әлеуметтік өзгеріс Кытайдағы қазақтарды нарықтық экономиканың алғашқы майда толқынымен бір шәйіп шыққанда, олардан әр түрлі психологиялық құбылыстар көріне бастаған. Ол құбылыстарды қытайдағы қазақ зерттеушілер үш түрге жіктеген. Бірінші түрі базар экономикасының толқынана түсіп, тұрмыстық күй-жайы жақсарып, байи бастаған қазақтар, ұлттық салт-сана, мәдени дәстүр, адамдық этиканы ескеруден гөрі экономикалық мүддесін күйіттеуге бой ұратын болған; екінші түрі - шаруашылығы біраз жақсарған қазақтар. Олар бұрынғы байлардың тұрмысына еліктеп, атақ шығаруға әуестеніп, болымсыз іске бола аста-төк ас беріп, той жасап, ат шаптырып, бәйге беріп, жүлденің алдына түйе, артына бие беруді әдетке айналдырған. Сондай-ақ олар жиналып құдалық өткізу, аста-төк ішіп-жеу, қалыңмал беру (атақ шығару үшін), қонаққа қостап қой сою сияқты сырапшылықты әдетке айналдырған; үшінші түрі, кедейленіп өмірден торығып күй кешкендер. Соған қарамастан олар көл уақытын бос өткізуге, арақ ішіп маскүнемдікке салынып төбелес шығаруға, ұрлық істеуге, тіпті, қылмыс жасауға үйір болып алғандар /64/. Бұл сияқты психологиялық және әлеуметтік құбылыстар - қытайдағы қандастарымыздың өмір көзқарасының дұрыс болмағанын және олардың әлеуметтік тұрмысының тұрақсыздығын аңғартады.
Әлеуметтік экономиканың құлдырауы мәдениеттің дамуына тұсау болатыны белгілі. Шыңжаңдағы қазақтардың жалпы әлеуметтік мәдениетінің дамуы XX ғасырдың тоқсаныншы жылдардың ортасынан бастап құлдырай бастады. Себебі қазақтардың әлеуметтік экономикасының нашарлауы және білім беру мен еңбек бөлісі жүйесіндеі реформаның қазақ жастарының жоғары өрлеп оқуына және оқу бітірген соң жұмысқа ор-наласуын қиынлатып жіберген.
Өткен ғасырдың 90-жылдардын ортасынан бастап Қытайда жоғары оқу орындарында ақылы білім беру түзімі (тәртібі) жолға қойылды. Және оқу бітірушілер конкурс арқылы немесе енбек биржасы арқылы өзі жұмыс орнын табуға тиісті болды. Сонымен экономикалық құлдырау күйіне түскен қазақ шаруаларының ұл-қыздарынан өз қаржысымен жоғары оқу орындарын оқи алатындарының қатары күрт азайды. Олардың арасынан жоғары оқу орындарын, тіпті атақты университет бітіргендердің өзі жұмыс орындарын таба алмай көшеде сенделіп қала беретін болды. Сөйтіп қазақ жастары жоғары оқу орындарын оқу емес, орта мектеп бітімін толық алуға да құлықсыз болды. Оның үстіне «жоспарлы түрде бала туу» саясатының нәтижесінде қазақ отбасында бала санын азаюына байланысты, аудандық және ауылдық қазақ орта мектептері қысқаруға немесе өзара бірігуге мәжбүр болды. Бұл жағдай қазақ оқытушыларының жұмыстан қысқаруына әкеп соқты. Ал қазақ оқу-ағарту, білім берудің әлсіреуі - қазақ тіліндегі мерзімді басылымдар мен кітап шаруашылығын күйзеліске ұшыратты Сөйтіп, өткен ғасырдың соңында Қытайдағы қазақтарда әлеуметтік экономикалық және мәдени дағдарыс айқын байқалды. Атап айтқанда, жыл сайын шарықтап дамып келе жатқан Қытай қоғамында өмір сүріп отырған қазақтардың жыл өткен сайын тұрмыс-тіршіліктерінің құлдырай беруі - қытай коғамындағы үлкен бір сәйкессіздік құбылыс болып отырғаны шындық.
Қытайдағы қандастарымыздың әлеуметтік мәдени дамуындағы мәселелерді тексеріп-зерттеген жетекші ғылыми қызметкерлер Жақып Мырзаханұлы, Каһарман Мұқахұлы және Шәріпхан Әбдалиұлының «Ұлтымыздың заман талабына сай дамуына кедергі болып отырған кейбір мәселелер туралы толғаныс» /65/ атты көлемді мақаласының тұжырымдарын саралап қарайтын болсақ.
Мақала авторлары аталмыш тақырып бойынша өздерінің тексеріп-зерттеулерін 1996-1997 жылдары жүргізген. Олар зерттеу барысында негізінен төмендегідей қорытынды тұжырымдар түйіндеген:
Қытайда жиырма жылдан артық жүргізілген әлеуметтік реформаның нәтижесінде «қазақ халкының сан ғасырлық дала мәдениетіне негіз болып келген натуралды (тұйық) шаруашылық және бертінгі кезге дейінгі жартылай натурал шаруашылық жағдайында қанға сіңісті болып кеткен көптеген қасаң таным, ескі сана, әдет-дағдылардан белгілі дәрежеде арыла бастады. Көшпелі немесе жартылай көшпелі өмірге әдеттенген, оны қимайтын керанау сана мен әдеттер өзгере бастады... Шаруашылық пен мәдени өмірдің алуан саласына ден қойып араласа бастады. Жер-жерде әр салада бірсыпыра казақ азаматтарынын кәсіптену, тың тірлікке талпыну, ауқаттану жақтарынан бой көрсетуі сонын айғағы. Осынын өзі халқымыздың базар шаруашылығына ерікті - еріксіз үйлесе бастағандығының көрінісі. Қазақ халқының өндіріс тәсілі, тұрмыс формасы, ой-санасы және күн көзкарасы жақтарында азды-көпті өзгеріс болғандығы айқын байқалады».
Қытайдағы қазақтардың нақтылы жағдайы жөнінде: «Халқымыздың дені әлі де жергілікті шарт-жағдайға сай жалаң малшылық және егіншілікпен шұғылданып отыр. Тіпті сан-салалы кәсіп жолына ойысуды былай қойып, қолындағы азын-аулақ малын да жөндеп баға алмай, азғана жеріне жөндеп егін сала алмай, жан бағуы мұң болып отырғандары көп кездеседі. Сонымен кедейлер қатары көбейіп барады».
Ал кедейленудің себептерін олар төмендегідей факторлардан қарастырған:
1. Қазақтарда «тың тірлікке ұмтылу рухының, құндық (нарықтық) көзкарастың әлсіздігі; оқу-ағартудың маңыздылығын жете түсінбеуі; ұлттық оқу-ағарту сапасынын төмендігі; оқуға ынтасыздық, қазіргі кезде белең алып отырған нашар ауқым - балаларды, әсіресе, қыз балаларды жөнді оқытпау немесе оку жасындағы балаларды жол ортадан мектептен шығарып алу. Мұндай жағдай, әсіресе, ауыл қыстақтарда көптеп кездеседі. Кейбір ата-аналар балаларынын оку шығынын ауыр көреді, бірақ өздері ақшаларын аста-төк той жасауға, қонақ шақыруға аямайды. Осындай теріс ықпалдардың салдарынан және басқа да себептерден жер-жерлердегі орталау, орта мектептердегі қазақ оқушыларының саны жылдан-жылға азайып барады» екен.
2. Халқымызда сақталған «ұлттық салт-дәстүрге талғамсыздық, зиянды бәсекеге салынушылық; атақ шығару үшін үлкен той жасап, аста-төк ас беріп, ақша шашу».
3. «Мәдениет қабылдаудағы талғамсыздық. Басқа халықтардың озық мәдениетін қабылдағаннан гөрі олардың жағымсыз жақтарын тез қабылдау; спирттік ішімдікке салыну, жалқаулық, құнтсыздыктың салдарынан, олар жеке меншігіне тиген азын-аулақ малынан әлдеқашан айырылып, енді басқалардың малын бағып, әрең күн көретін күйге түскен және ондайлардың катары көбейген». Бұл талдауларды әрине жан-жақты болған деп айта алмаймыз.
Жалпы айтқанда, Қытайдағы қазақ зиялыларының өз ұлтының әлеуметтік экономикасы мен мәдениетінін нашарлауынын себеп салдарын қарастырған еңбектерінде, әлеуметтік статистикалық сандық мәліметтер аз, бірақ қоғамдық құбылыстарды теориялық танымдық жақтардан пайымдауы жоғары денгейде орын алып отырған мәселені шешетін практикалық қолданысқа енгізетіндей нақтылы ұсыныстар жоқ қазақтардың дамуына кедергі болып отырған ішкі себептерді қазбалау басым ал оның сыртқы әлеуметтік себептеріне талдау аз. Деғенмен олардың өздері тап болып отырған әлеуметтік мәдени мәселелерді ашық талқылауы, ортақ танымға келулерінің маңызы зор деп бағалаймыз.
Ал қоғамдық өмір шындығына келсек, Қытайдағы қазақтардың әлеуметтік экономикалық жақтан да, рухани, мәдениет жақтан да әлсіреген күйде XXI ғасырға аяқ басканы айқын байқалады.
3.2 Жаңа ғасыр басындагы қазақтардың әлеуметтік-мәдени
өміріндегі өзгерістер
Қытайдағы қазақтар XXI ғасырға әлеуметтік құлдырау күйінде келді. Олардың жаңа ғасырдағы әлеуметтік саяси, мәдени өмірі жалпы қытай елінің оның ішінде Шынжаңның әлеуметтік саяси-экономикалық даму үрдісімен тығыз байланысты. Сондықтан Шыңжандағы қазақтардың осы ғасыр басындағы әлеуметтік мәдени өміріндегі өзгерістері үлкен әлеуметтік ортамен байланыстырып талдау жасауға тура келеді.
XXI ғасырдағы Шынжаңның даму жоспары ШҰАР үкіметнің дайындаған «Шынжаң ұйғыр автономиялы ауданы халық шаруашылығы мен әлеуметтік дамудын «тоғызыншы бес жылдық» жоспары және 2010 жылға дейінгі даму нысанасы бағдарламасында» көрсетілген. Ол 1996 жылы 6 сәуірде өткен ШҰАР Халық құрылтайында мақұлданған. Осы «жобадағы»- жоспар бойынша Шыңжанның 2010 жылға дейін ұлттық ішкі өнімінің жалпы құнын 2000 жылдағыдан бір есеге көбейту халық тұрмысын дөңгелек дәулеттен (сиао кан) алғашқы дәрежеде байыту социалистік базар экономикасы жүйесін біршама кемелдендіру ұлттық экономиканың жалпы деңгейін айтарлықтай жоғарылатып үшінші этапдағы стратегиялық мақсатты іске асыруға берік негіз қалау» /66/ көзделген.
XXI ғасырдың басындағы Шынжанның әлеуметтік экономикалық даму жоспары жалпы мемлекеттік стратегиялық жоспардың аясында атқарыла бастады. Өйткені Шынжанның даму жоспары мемлекеттін «Батыс бөлікті қауырт игеру» стратегиялық жоспары бойынша жүзеге асырылатын болды әрі жүзеге асырылып та жатыр. Демек, XXI ғасырда Шыңжанды қауырт игеруге тек Шыңжанның ғана қаржысы жұмсалып қалмастан, оған мемлекет бойынша қаржы, техника және адам күші шоғырландырылды. Сөйтіп, 2000 жылы Шыңжаңда «қауырт игерудің» ұлы науқаны басталып кетті.
Қытайдың Батыс бөлікті игеру стратегиясы - Қытай Халық Республикасының жалпы әлеуметтік даму стратегиясының құрамдас бөлігі болып табылады. Қытайдың «Ши бу - Батыс бөлік» дегені - Қытай жерінің Орта-Батыс өнірін меңзейді. Онда қытайдын жалпы жер көлемінін 50 пайызын, жалпы тұрғындар санынын 22 пайызын, Қытайдағы аз санды ұлттар халқының 80 пайызын қамтыған он провинция мен автономиялы аудандар орналасқан.
Қытай Халық Республикасы өзінін «Батыс бөлікті қауырт игеру» стратегиялық жоспарын 2000 жылдан жүзеге асыра бастады. Бұл Қытайдың кезек-кезегімен, рет-ретімен іске асырылып келе жатқан әлеуметтік даму бағдарламаларының аса зор көлемдегі ен күрделісі болып табылады.
Әлемге аян, Қытай Компартиясы 1978 жылы желтоқсан айында өткен XI кезекті III Пленумында қабылдаған «әлеуметтік реформа жүргізу, есікті ашық ұстау» деген бас бағдарламасы бойынша, жоспарлы түрде алдымен аграрлық салаға, одан соң сауда-өнеркәсіп саласына, одан соң білім-ғылым саласына реформа жүргізу арқылы Қытай қоғамын жоспарлы экономикалық жүйеден нарықтық экономикалық үрдіске ауыстырды. Сонымен қатар, Шығыс-Оңтүстік теңіз жағалауындағы аудандарды, одан соң Шығыс- Солтүстік пен Яньзы (Шаңжиян) өзені бойындағы Орталық аймақтарды дамыту жоспарын іске асырды. Соның нәтижесінде, Қытай әлемдегі ең қуатты мемлекеттер қатарынан орын алды. Бірақ қытайдың ішкі әлеуметтік дамуында аймақтық айырмашылықтар пайда болып, қоғамдық қайшылықтар белең алды. Өйткені, әлеуметтік-экономика және ғылым мен техника саласында Қытайдың шығыс оңтүстік және Шығыс-Солтүстік аймақтарының дамуы қарқынды болды да, батыс және Батыс-Онтүстік аймақтары салыстырмалы түрде баяу дамып, олардан артта қалып қойды. Соның салдарынан әр түрлі әлеуметтік қарама-қайшылықтар орын алды.
Біртұтас елдің әлеуметтік дамуында аймақтық айырмашылықтардың тым алшақтап кетуінің соңы жақсылыққа апарып соқпайтыны белгілі. Сондықтан Қытай басшылары, ондай қайшылықтарды шешудің жолын батыс бөлігін дамытудан қарастырды.
1999 жылы наурызда Пекинде өткен Бүкіл мемлекеттік халық Құрылтайының (Бүкіл қытайлық халық өкілдері жиналысы кеңесінің) IX кезекті II Пленумында сөйлеген сөзінде Қытай Президенті Цзян Цымин (Jiang Zemin - Жаң Зымин): «Орталық Комитет Орталық-Батыс бөлікті игеруді тездету бағдарламасын анықтады. Сондай-ақ оған ел ішіндегі кажетсінуді экономикалық дамудың басты шарты ретінде қабылдап белсенді түрде қаржы саясатын қолданады. Бұл біздің дамуымыздың ұлы стратегиялық идеясы болып табылады» /67/- деп атап көрсетті. Содан кейін Қытай Мемлекеттік жоспарлау комитеті Батыс аймақты игерудің нақтылы жоспарларын жасауға кірісті.
Қытай үкіметі алғашқы үш жыл ішінде мемлекеттік бюджеттің құрылыс қаражатынан Батыс аймаққа 270 миллиард юань жұмсаған. Бұдан сырт инфрақұрылымға 200 миллиард юань, әлеуметтік істерге 10 миллиард юань қаржы жұмсаған /68/ көрінеді. Одан кейінде жұмсалатын қаржының көлемі жыл сайын өсіп отырғандығы белгілі. Демек, Батыс бөлікті игеру науқаны жыл сайын қарқын алып келеді.
Дегенмен, Қытай Үкіметі өзінің Батыс бөлігін қауырт игеру стратегиясындағы «маңыздыларының ішіндегі маңыздысы - Шыңжанды қауырт игеру» деп санайды. Өйткені Шынжаң Қытайдың ең батысындағы жері кең (1.6 мил. шаршы км асады), табиғи ресурстары мол, аз санды ұлттары көп, шетелдермен іргелес жатқан өлке. Сондықтан Шынжаңды қауырт игерудің Қытай үшін саяси стратегиялық маңызы айырықша болмақ. Ал Шынжаңның әлеуметтік жағдайындағы өзгерістер Шыңжанда өмір сүріп отырған ұлттардың қоғамдық саяси-экономикалық және мәдени өміріне орасан зор ықпал жасауы сөзсіз.
ҚХР Үкіметінің Батыс бөлікті игеру стратегиясына сәйкес 2000 жылы Шынжаң Үкіметінің жанынан «Шынжаң Батыс бөлікті кауырт игеру кеңсесі» құрылды. Ол «Батыс бөлікті игеру - Шынжанды қауырт игеру жоспарын» дайындады. Осы «Жоспар» негізінде Шынжаң Үкіметі «Инвестиция тартудың саясаттық белгілерін», «Шетелден инвестиция тартудың бірнеше саясаттық белгілемелері» сияқты бірқатар заң-ережелік күші бар шешімдерді қабылдады. Сондай-ақ Шыңжанды қауырт игерудің басты мақсаттарын анықтады. Онда Шынжаң «XXI ғасырдың алғашқы он жылында әлеуметтік дамуға қолайлы орта жарату; ішкі дамудың қуатын арттыру, өзін-өзі игеру мүмкіндігін жоғарылату және қауырт игерудін жақсы тетігін қалыптастыру; қауырт игеру арқылы Шыңжанды бүкіл мемлекет көлемінде ең үлкен сапалы мақта өндірісі, мақта-мата өндірісі, астық өндірісі, мал шаруашылығы өндірісі, жеміс-жидек, қант қызылшасын өндіретін және оларды өндейтін базаға айналдыру; мұнай-газ өндірісі және мұнай-газ химия өнеркәсіп өндірісі базасына айналдыру арқылы, бүкіл ұлттық экономиканың дамуының тың тірегі етіп құру» көзделген. Бұл мақсатты олар алты түрлі жетекші бағдарлама бойынша іске асырмақшы.
1. Табиғи ресурстық әлеуметті негіздік өнімдер рыногын кеңейту стратегиясына өзгерту, негіздік инфракүрылымдық құрылыстарды жақсарту, өндіріс құрылымдарын оңтайландырып, рынок сұранысы бойынша экономикалық қимылдарды жүргізу.
2. Экономикалық өнімділікті жоғарылатуды шаруашылық істердің басты максаты ету, ғылыми білім беру арқылы Шыңжанды көркейту, белсенді түрде маман кадрлар жетілдіру және кабылдау. 3. Әлеуметтік жүйеге жаңалықтар енгізу. Сыртқа есік ашуды кеңейту арқылы Шыңжанды игеруге кең бостық орта қалыптастыру. 4. Экономика, қоғам, казба байлықтар мен қоршаған ортаны өзара сәйкестеп дамыту. 5. Жер жағдайына қарай әлеуетті саланың белсенділігін арттыру, маңыздыларды алға қою, әлеуметті күштілерін қолдау, жаңа экономикалық дамуды қалыптастыру. 6. Тұрғындардың кірісін және заттық мәдени тұрмыс деңгейін жоғарылату. Осы мақсатқа жетудің нақтылы жоспарлары да жасалған. Мысалы, Шынжаң XXI ғасырдың алғашқы үш жылында халық шаруашылығының даму қарқынын 8 пайызға жеткізу. Ал 2004 жылдан 2010 жылға дейін ішкі өндірістің жылдық өсу қарқынын 10 пайыздан асыру. Сол үшін Шыңжан Үкіметі су құрылысы көлік қатынасы, энергетика, байланыс коммуникациясы қатарлы аса маңызды кешендік ин-фрақұрлымдарды салу арқылы, Шыңжанды аса зор көлемде игерудің негізін мықтап орнату жоспарын жасады. Сонымен қатар, Шыңжаң тұрғындарының тұрмыстық деңгейін жоғарылатудың нақтылы көрсеткіштері де жарияланған. Атап айтар болсақ қала тұрғындарының жанбасындық жылдық табысын 7 пайызға көтеру ауыл-қыстақтағы шаруалардың жан басындық жылдық таза табысын 150 юань көлемінде жоғарылату жоспарланған.
Қазір осы жоспардың алғашкы үш жылындағы орындалу жағдайын үкіметтік мәліметтерге сүйеніп айтар болсақ қауырт игеру жоспары іске асырыла бастағаннан бергі Шынжаңның 2000,2001 және 2002 жылдағы ішкі өндірісінің жалпы құны 136.5 миллиард юань, 148.5 миллиард юань және 159.8 миллиард юань болған. Яғни ішкі өндірістін жалпы құнынын артуы 8.2 пайыз, 8.1 пайыз және 8.1 пайыз. Ал кала тұрғындарының 2000 жылғы табысы 5817 юань -7.2 пайыз, 2001 жылғы табысы 6590 юань -13.3 пайыз, 2002 жылғы табысы 6941 юань - 14.4 пайызға өскен. Ауыл-қыстақ тұрғындарының жан басындық таза кірісі 2000 жылы 1618 юань - 9.8пайыз, 2001 жылғы таза табысы 1710 юань - 5.7 пайыз, 2002 жылы таза табысы 1863 юань - 8.9 пайызға көтерілген. Егер соңғы жылдардағы Шыңжаңдағы қала-қыстақтардың бет-бейнесінің шыт жаңа өзгергенің көлік жолдары мен телефон байланысының жақсаруы мен арзандауын, қытай тұрғындарының беттері ажарланып, жүздерінің жадырап қалғандығын ескеретін болсақ жоғарыда келтірген биліктің сандық мәліметтерінің шындыққа жақын екендігіне сенгіміз келеді.
Шынжаң үкіметі жаңа су құрылыстарын салуды басты орынға қойды. Олар 2010 жылға дейін бірнеше өзендерді арнасынан бұрып ағызатын ірі каналдар мен су қоймаларын салу жұмысын жүргізіп жатыр. Мәселен, Үрімжі қаласы мен Қарамайлы қаласының су проблемасын түбегейлі шешу үшін, Қара Ертістен Жоңғар ойпаты арқылы Қарамайлы қаласына баратын канал іске қосылды. Енді Қара Ертіске құятын Буыршын өзенінен Үрімжі қаласына бағытталған ірі канал құрылысы қолға алынды. Сонымен қатар, ол шөлейт жерлерді басып өтетін бұл каналдың бойын жағалатып, тез өсетін ағаштар егіп, кұмаауыт даладан жасыл белдеу жазира қалыптастырып, оны ағаш материалдары базасы мен сүтті сиыр өсіру базасына айналдыру ша-ралары да қатар жүргізілуде.
Ал Іле аймағында Іле өзенін бұру каналы мен үлкен су қоймасын салу құрылысы өзінін алғашқы жоспардағы жұмысын аяқтап қалды. Бұл құрылыс Іленің Тоғызтарау ауданы мен Текес ауданының қиылысқан тұсында салынуда. Олардың Іле өзенің белгілі мөлшерін бұрып ағызатын канал салудағы мақсаты екеу. Біріншісі, Іле өңірінен 120 мың гектар тың жер игеріп, оны Шынжаң биязы жүнді койын өсіретін және ет пен сүтті бірдей беретін сиыр өсіретін базаға айналдару; екіншісі, Іле өзенінің негізгі қайнар көзінің бір саласы болған Көксу өзенін Тянь-Шань тауының аржағына тесіп өткізіп, онда суалып бара жатқан Әйбиху көлінің экологиялық проблемасын шешуге пайдалану. Демек, Қытайдың Батыс аймақты игеруде немесе Шың-жанды қауырт игеруде трансшекаралық Қара Ертіс пен Іле өзендерінен жаңа каналдар салу мен ірі су қоймаларын жасауы, қалайда ол өзендерден Қазақстанға келетін су мөлшерін азайтатындығы сөзсіз. Әрине, бұл басқа тақырыптын мазмұны болғандықтан оған тоқталмаймыз.
Қатынас, байланыс құрылыстары бойынша, қолға алынып отырған темір жол құрылыстарын айтсақ, Қытай үкіметі осы он жылдың ішінде Ланьчжоу-Шынжаң және оңтүстік теміржолды негіз еткен магистралды тармақты жолдарды салу арқылы, оңтүстігі Эркаштамға (немесе Торғутқа), Батысы Қорғас, Алашанькоу, терістегі Шәуешек, Алтайға дейінгі көптеген облыс, аймақтардың жерлерін қамтыған темір жол торабын қалыптастыру кұрылысы жүргізілуде.
Егін шаруашылығы саласында. Ерекшелікке ие егін шаруашылығын дамытып, аграрлық өндірістің индустриялануын ілгерілету істері жүргізілуде. Аграрлық өндірістің құрылымын реттеу арқылы, жергілікті ерекшелігі бар егетін, бағылатын және жасыл азық-түлік өндірісін дамыту, экологиялық егін шаруашылықты, өнімді егіншілікті, сапалы егіншілікті, валюта болатын егіншілікті дамыту арқылы, егін шаруашылығының кешеңді экономикалық өнімділігін жоғарылатуға тырысуда. 2010 жылға барғанда, Шыңжанды мемлекет көлемінде ең үлкен сапалы тауар базасы, үзім, майлы дақыл және томат базасы, маңызды мал шаруашылық өнімдері базасы, жеміс-жидек базасы және жергілікті ерекшелігі бар жасыл азык-түлік базасы етіп құрып шығу көзделіп отыр.
Мал шаруашылығы саласында. Мал шаруашылығында дала мал шаруашылығы, егіншілік аудандар мал шаруашылығы және қала маңы мал шаруашылығын қатар қою, егіншілік аудандарындағы мал шаруашылықты дамыту бағытында табанды болу. Малшылық аудандарды отырықтандыру немесе жартылай отырықтандыру, отбасылық мал фермаларын қалыптастыру, егіншілік аудандарда көптеген мал бағушы отбасыларын қалыптастыру, қала маңында заводтасқан өндірісін қалыптастыру көзделген. XXI ғасырдың 10-жылына дейін Іле, Алтай, Тарбағатай, Бөрітала, Байнғұлын, Құмыл (Хами), Санжы қатарлы облыстар мен аймақтарда малшылардың отырықтану немесе жартылай отырықтануын аяқтап, отбасылық фермаларға ұштастырылған мал шаруашылықты байыту құрылысын жүргізбекші /69/.
Демек, Шыңжанның әлеуметтік-экономикалық дамуы бүкіл мемлекет деңгейінде жүргізіліп отырған «қауырт игеру» науқаны аясында іске асырылуда. Анықтап айтқанда, Шыңжанның даму қарқыны XX ғасырдағыдан да тездеді, бәсеке бұрынғыдан да күшейе түсті.
Осындай әлеуметтік өзгерістердің салдарынан қазақтардың экономикалық тұрмыстық деңгейі тіпті де төмендеді. Қазіргі заманда күн көрудің қиындауы ондағы қазақтардың ұлттық дәстүрлі ұстанымдарын өзгерте бастаған. Оның бір мысалы ретінде ауыл-қыстақтағы, мал шаруашылықтағы қазақ жастарының сырттан жұмыс тауып істеп ақша табуға ойысқанын айтуға болады. Олардың көбі қала, қалашықтарға барып қара жұмыстар тауып істесем, сауда жасасам немесе мейрамхана, қонақ үйлерде қызмет көрсетуші болып жұмыс істесем деген оймен үйден аттанады. Бірақ қаладағы жағдай олардың ойлағынан мүлде басқаша. Адам ресурстары асып-төгілетін қытай қалаларында жұмыссыздар көп. Шыңжанды игеруге байланысты ішкері өлкелерден ағылып келіп жатқандардың өзі Шыңжан қалаларындағы жұмыс қажетінен әлдеқайда артық оның үстіне олардың бәрі біршама маманданған жұмысшылар, оларды қазақ жастарының бәсекеде жеңуі қиынның қиыны. Сондықтан қала жағалаған жұмыссыз қазақтың ұлдарының кейбіреулері ұрлық-қарлық істеп, түрмеге түсіп жатса, қыздары кім болса сол болсын, әйтеу ақшасы бар адам болса артынан еріп кете беремін деген байламға барған, тіптен жеңіл жүріспен ақша табуды да әдетке айналдырғаны жасырын емес.
Ал ауыл-қыстақтардағы қазақтың жас ұлдары мен қыздары, жұма сайын ауылдарда өтетін жайма - көтерме базарды күні бойы аралап жүріп өзара танысып, күн батып базар тараған соң асханаларда бас қосады екен. Сөйтіп арақ шараптың қызуымен бірін-бірі ұнатып қалғандар, түн жамылып қол ұстасып «үйленіп» кете беретін болған. Бұны өздері «қыздардын коллективті қашып кетуі» деп атайды. Ал ертесі арақтың қызуы тарап, естерін жиған соң олардың арасында «мен сені алмайды екенмін» немесе «мен саған тимейді екенмін» деген дау көтеріліп, оның арты отбасылық ұрыс-керіске айналып, онан соңы сотқа жүгінумен тынатын көрінеді. Демек, бұл соңғы жылдары орын алған тек Қытайдағы қазақтарға ғана тән ерекше құбылыс болып отыр.
Жоғарыда пайымдағанымыздай, Қытайдағы қазақтардың әлеуметтік экономикасы мен оқу-ағатру істері еткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап құлдыраған болатын. Ол үрдіс XXI ғасырда да жалғасып отыр. Оның басты себебі, Шынжаңды қауырт игеру науқаны ондағы қазақтарды табиғи түрде әлеуметтік-экономикалық құрылыс процесінен ығыстырып тастады. Өйткені, Шыңжаңды игеру науқаны барысындағы мемлекеттік, ең болмаса жергілікті құрылыс немессе өндіріс жобаларды жүзеге асыруға жетекшілік еткен немесе еңбегіне қатысқан қазақтардың болмауы - соны айғақтайды. Демек, XXI ғасырдың басында Шынжаңның жалпы әлеуметтік экономикасы қарқынды дами бастағанымен, онда өмір сүріп отырған қарапайым қазақтардың тұрмыс деңгейі төмендеу үрдісінде болып отырғаны анық байқалады.
Соның салдарынан өз қаржысымен жоғары оқу орындарын оқитын қазақ жастарының қатары қатты азайды. Соған қарамастан жоғары оқығандарының, тіптен атақты унверситеттерді бітіргендердің жұмысқа орналасуы қиындады. Өйткені заң бойынша жұмысқа конкурс арқылы қабылдануы керек. Шынжаңдағы ондай конкурстардың нәтижесі көбінесе қатысушының қабілетіне қарай емес, қайта оның адами байланыстары бойынша шешіле беретіні бар. Оның үстіне қалың ханзулармен (қытай-лармен) бәсекеге түсіп, олардан озып шығу - екі қазақтың бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Сонымен соңғы жылдары жоғары оқу орындарын бітірген жұмыссыз қазақ жастарының қатары көбейе түскен. Бұларды жұмысқа орналастыруға жергілікті үкімет бас қатырмайды. Бірақ Орталық үкімет соңғы оншақты жылдан бері орта мектептегі қазақтың озат оқушыла-рын таңдап алып, ішкері өлкелерге апарып оқытуға үлкен көңіл бөліп, мол қаржы жұмсап келеді. Бұны Қытай орталық үкіметінің қазақ жастарының орта мектептерде сапалы білім алуына, одан жоғары оқу орындарына түсуіне жағдай жасап отыр деп түсінуге болар еді. Бірақ сол ішкері өлкелерден жоға-ры оу орындарын бітіргендерді жұмысқа орналастыруға жергілікті биліктің құлықсыз болуы ол түсінікті жоққа шығарады.
ҚХР Үкіметі аз санды ұлттардың ұл-қыздарын ішкерідегі орта мектептерде оқыту тәжірибесін (экспериментін) XX ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастаған болатын. Алғаш тек тибет балаларын ішкері өлкелердегі мектептерге апарып оқыта бастаған. Ол үрдіс қазірге дейін жалғасып келеді. Бұл тәжірибе Қытай Үкіметінің күткен нәтижесін берсе керек, оны өткен ғасырдың 90 жылдарының соңынан бастап Шыңжандағы аз санды ұлттарға, әсіресе қазақтарға қолдана бастады. Өйткені оны қазақтар белсенді қабыддап отыр. Бұл саясатты аз санды ұлттарға жасалған ерекше қамқорлық- деп түсіндіреді. Ондай «камқорлықтың» ассимиляцияға апаратын төте жол екендігін қандастарымыз біле бермесе керек.
Ел ішіндегі ұлттар мәселесін түбегейлі шешудін жолы оларды бір халыққа айналдыру екендігін мемлекет билігін ұстаған үстем ұлттар ежелден жақсы білген және сол үшін әрекеттеніп баққанды. ҚХР құрылған соң ККП ұлттар мәселесін маркстік-лениндік қағидат бойынша, автономиялы саясат жүргізу арқылы шешуге құлшынды. Бұл саясаттың Қытайдағы аз санды ұлттар үшін белгілі дәрежеде жақсы нәтиже бергендігін жоққа шығаруға болмайды. Әсіресе, ол саясат аз санды ұлттардың тіл-жазу, баспасөз мәдениетінін дамуына, оқу-ағартудың кең өрістеуіне, жалпы халықтың сауаттануына және олардын әлеуметтік саяси денгейінін көтерілуіне айтар-лықтай белсенді рөл атқарды. Соның нәтижесінде Кытайдағы қазақтар казіргі кезде тарихта болып көрмеген әлеуметтік саяси және мәдени деңгейге көтерілді. Бірақ сонымен қатар ол тарихта кездестірмеген ауыр сынға да тап болып отырғандығы айтуға тиіспіз.
Өйткені, қазіргі кезде Қытай Үкіметі ел ішіндегі аз санды ұлттарды ассимиляциялау процесін тездететін саяси шаралар ды қолдана бастады. Әсілі Қытай Коммунистік партиясы Қытайдағы ұлттар өзінің автономиялы саясаттын арқасында қытай мәдениетінін олардың санасына терең сіңуі нәтижесінді біртіндеп біртұтастану арқылы табиғи түрде Джун хуа мин цзу ге (Қытай ұлтына - Китайская нация) айналды - деп қараған еді. Бірақ әлеуметтік тәжірибе көрсеткендей, бұл процесс тым узаққа созылатын болды, оның үстіне, автономиялы провинция мәртебесін алған кейбір ұлттарда орын алған сепаратистік үрдіс, ұлттар мәселесін түбегейлі шештік деген Кеңес Одағының ыдырауы мен бұрынғы республикаларда ұлттық мемлекеттердің құрылуы, қытай билігін өз елі ішіндегі ұлттар мәселесін қайта карауға мәжбүрледі. Сонымен Қытай Үкіметі «Ұлттардың өңірлік автономиялы заңына» өзгерістер енгізбестен, аз санды ұлттарды ассимиляциялау процесін тездететін шараларды қолдануға кірісті. Соның бір көрінісі жоғарыда айтқанымыздай, қазақ және басқа да ұлттардын талантты балаларын орта мектептен іріктеп алып ішкері өлкелерге апарып оқыту болып табылады. Бұған үкімет қаржыны аямай жұмсап отыр. Өйткені ұлттық болмысты өзгерту - ұлттық сана-сезімді өзгертуден басталады. Ұлттық сана-сезім ең алдымен өз ана тілі мен ділінен айырылудан басталады. Сондықтан қолға алынған «ішкері орта мектебінде оқыту» саясатынын нәтижесі тез байқалады. Себебі, баланы қаршадайынан отбасынан, ата-ана тәрбиесінен, ұл ттық мәдени ортасынан айырып әкетіп, таза қытайлық мәдени ортада ондаған жылдар бойы тәрбиелеп оқытудың нәтижесінде, оларды тез арада толық қытайласқан мәнгүрт қып шығарары сөзсіз. Қазір Қытайдағы қазақтың бо-лашақта элитасы болатын талантты жастардың бір бөлімі осындай жолдармен білім алып тәрбиеленіп жатыр.
Өткен ғасырдың соңынан бастап, Шыңжаңдағы қазақ, ұйғыр сияқты ұлттық тілдерде білім беретін мектептерді қытай тіліндегі мектептерге қосу немесе ана тіл сабағынан басқа сабақтарды қытайша жүргізу күн тәртібіне қойылған еді, қазір ол жұмыс қалаларда орындалып болды, енді ауыл-қыстақтардағы мектептерде жүргізіле бастады. Бейресми ақпарларға қарағанда, 2010 жылдан бастап ұлттық тіл-жазудағы оқулықтар баспадан шы-ғарылмайтын көрінеді. Бұл сынды саяси шаралардың ҚХР Кон-ституциясына, «Ұлттық өңірлік автономиялы заңға» қайшы келуіне қарамастан тез қарқынмен жүргізілуі жөнінде басқаны айтпағанда, аз санды ұлттарды ассимиляциялауға асығудың көрінісі екендігін түсінуге болады.
Міне, осы саясаттың салдарынан қазірдің өзінде қазақ мектептері кысқаруда немесе қосылуда. Қытай тілінде сабақ бере алмайтын қазақ мұғалімдерінің жасы ұлғайғандары зейнетке кетіп, жастары жұмыстан босауға мәжбүр болуда. Ал қазақ тіліндегі басылымдарға сұраныстың азайюына байланысты, казақ тіліндегі мерзімді басылымдар мен кітап шығару істері де қиыншылыққа тап болды. Кейбір газеттер мен кітап баспа-лары тек үкіметтің саясаттың демеудің арқасында ғана сақталып тұрғаны жасырын емес. Демек, XXI ғасырдың басындағы Қытайдағы қазақтардың жалпы әлеуметтік-мәдениет саласындағы өзгеріс бет алысы ұлттық тұрғыдан алып айтқанда, көңіл көншітпейтін бағытта дамуда. Бұл үрдіс біздің еркімізден тыс жалғаса береді.
Достарыңызбен бөлісу: |