Жұртбаев Т. Жазушы, ғалым қайым (Ғабдұдқайым) Мұқамедханов 75 жаста // Қазақ әдебиеті. 1991. 1 ақпан. 4 бет



Дата25.12.2016
өлшемі56,48 Kb.
#4932
Жұртбаев Т. Жазушы, ғалым қайым (Ғабдұдқайым) Мұқамедханов 75 жаста // Қазақ әдебиеті.- 1991.- 1 ақпан.- 4 бет.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының секретариаты сыншы, әдебиеттанушы Қайым (Ғабдұлқайым) Мұқамедхановқа 75 жасқа толуына байланысты құттықтау жолдады. Онда былай делінген:

"Құрметті Қайым Мұқамедханұлы! Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының секретариаты Сізді 75 жасқа толған мерейтойыңызбен құттықтайды".

Құрметті Кәке, Сіз 1941 жылы Семей педагогикалық институтын бітірісімен сол институтта қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бердіңіз. Сіздің жарты ғасырға созылған жемісті еңбегіңіз ұлы ақынымыз Абайдың Семейдегі мемлекеттік әдеби музейін ұйымдастыруға белсене атсалысуыңыздан басталды. 1947 - 51 жылдары сіз сол музейдің директоры болып қызмет істедіңіз. Ұлы Отан соысынан оралған соң 1942 - 47 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының Семей облысы бойынша өкілі болдыңыз. 1955 жылдан Семей пединститутының доценті болып жұмыс істедіңіз.

Сіз алғашқы әдеби еңбектеріңізді студент кезіңізде жаздыңыз. "Абай шығармаларының текстологиясы" (1959), "Ақын Мағауия Құнанбаев" (1959) атты монография лық кітаптарыңыз, "Перне" (1944), "Майданнан - майданға" (1947), "Комиссар Ғаббасов" (1960) атты сахнада ойналған пьесаларыңыз қалың оқырман, көрермен қауымды әр кезде ризашылыққа бөледі. Сіз Ғ. Мүсірепов, Ә. Тәжібаевпен бірлесіп Қазақ ССР Мемлекеттік Гимнінің сөзін жаздыңыз.

Абай творчествосы мен оның дәуірін зерттеуде Сіз жазған "Абай төңірегіндегі ақындар" (1950 - 1959) атты көлемді еңбегіңіздің маңызды ерекше. Республикалық баспасөзде әдебиетіміз бен мәдени тарихымыздың көкейкесті мәселелерін көзғайтын мақала - зерттеулеріңіз оқырман жұртты әманда елең еткізеді. Сіз жазбаша әдебиетіміздің даму тарихын терең білумен бірге әдебиет сыншысы ретінде де көпшілікке танымалсыз.

Қазақстан жазушылар одағы, барша қалламдастарымызбен шәкіртеріңіз Сізді сын және әдебиет тану ғылымының өзік өкіл ретінде 75 жасқа тоглуыңызбен құттықтай отырып, өзінізге ұзақ өмір, жемісті еңбек тілейді".

Дәл осы сөзді ұлы Абай бүкіл саналы өмірін, дәлірек айтсақ адамға берген пенделік ғұмырын ақынды зерттеуге бағыштаған алаштың адал азаматы Қайым Мұқамедхановқа арнаған сияқты. Өйткені бұл азамат Абайдың өзін мегзеп, сүйініп отырған "келер күннің" арлы ұрпақтарының бірі болғандығын тірішіліктегі бар болмысымен дәлелдеп берді. Сәл-сәл атаққұмар, аздаған пендешілік мінез біткенде, бұл күнде: "е, жетпіс бес – дөңгелек сан емес, оның үстіне кез-келген ғалым кандидатын қолпаштай береміз бе" – деп пікірін ашық айтып – жүргендер де, үндемей ішінен тынғандар да Қайым туралы мақаласын сонау жаз айларыңда-ақ редакция тартпасына тықпалар еді. Осындайда тағы да Абайдың: "Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда" – деген сөзі еске түседі. Кімнің қанша жасайтынын кім білген, әйтеуір анық ақиқат біреу – әр адам көзі тірісінде игілікті ісі үшін жылы сөз естуге тиісті. Оның үстіне, халқымыздың ұлы рухани қазынасы Абайды білетін жалғыз-ақ (Иә, жалғыз. Қандай өкінішті) ғалым жөнінде тарынудың реті жоқ. Мен бұл арада ғылыми атақ үшін сілтеме жасауға ғана Абайды ауызына алған ағайындарды айтып отырғам жоқ. Таяулда өзімнің ісім түсіп барған академиктің: "Абай философияны біліп пе еді. Аристотельді естіді ме екен" – деген сөзін естіген соң, осындай да ағаларымыз елдің тізгінін ұстап отыр-ау деген қыжылтына жөн сілтеп, көрегендік танытып отырған бұл адамдар Қайымды қалай көзіне ілсін. Менің ойымша, біле – білген кісіге бұдан артық Қайым туралы айтып жатудың қажеті шамады. Бірақ жаңағыдай "жақсылардың" есінде жүру үшін және жастардың назарына іліктіру ниетімен қадірлі ағаның өміріндегі ең бір қиын кезіне тоқталып, қысқаша мағлұмат бере кетуді жөн көрдім.



"Адам жақсылықты да, жамандықты да өзінің мінезінен табады" – деп Абай айтпақшы, Қайым Мұқамедханов та өзінің жеке және ғылыми өміріндегі "алғыс пен қарғысты" сол турашыл, адал мінезінен тапқан. Мүмкін, оның бұлай қалыптасуына үй - ішінің тәрбиесі де әсер еткен шығар. Семейдегі қазақтардың игі жақсыларының басы қосылып, Мұқамедханның шатырлы үйінен Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Халел Ғаббасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мәннен Тұрғанбаев бастатқан ел ағалары үнемі дәм татып, талай - талай сұқбат құрған. Шәкәрім, Көкбай, Иса, Әміре, Мұхтар, Мағжан, Сәбит Дөнентаев ол үйдің өз адамындай еді. Бұлардың ішінде Мұхтар, Әміре, Исадан басқаларының барлығы да халық жауы боп ұсталды. Қайымды әкесінің үйінен қуып шыққан соң да - "шәкірт бала" олардан ат тонын ала қашқан жоқ. Керісінші, солардың мұрасын тірнектеп, сенімді жерге жасырумен болды. Қандай қиыншылықты басынан кешсе де, сол үшін түрмеге қамалса да, осынау халық көсемдері жөнінде бір ауыз қиянат сөз айтпады. Ал ол тұста атақдаңқы дәуірлеп тұрған, ауыздарынан от шашыраған "ел қамқорлары" қазір "ол кезде заман солай болды" деп ойдан оқиға қосып естелік жазып жүр. Соларды сөз орайында сұрай қалғанымда қайым аға:

  • Ей, олардың жамылғаны - түн, жастығы - қара мысық емес пе. Қанша бүркенсе де адамның ойынан қашып құтыла ма? Ары мысық боп мияулап, тырмалап тыныштық бермейді. Екі қабатты үй де, жібекпен тұмшаланған перде де, кілемі қалың еден де, атақ - даңқ та оған пана болмайды. әр - уақтардың елесі көзін жұмса - көз алдында тұрады. Жаза, қарғысқа ұшырады деген сол. Ертеңінде мыж - мыж боп оянып ойбай ұйықтай алмадым деп шағынып, қалайда ізін жасыру үшін тағы да жылап - сықтап естелік жазады. Онымды біреу өтірік деп айта ма деп ішкен асы тағы батпайды. Айла - амалға көшеді. Құдайға шүкір, ұйқым тыныш, ішкенім - адал. Бетім ашық. Мен несіне жасимын. Сен оларды әшкерелеймін, ұялтамын деп әуре болма. Қанша жылағанмен көздің жасы көңілдің кірін кетірмейді. Қайтесің, ол бейшараларды. Тағдырдың өзі жазғырған. Сол азап та жетеді. Және ашынған жандар аямайды. Әлі де уыттары бойында. Олардың өтірігін тоқтата алмайсың. Бір сөйлеміңе бір мақаламен жауап береді де шындықты одан әрмен шырмап қояды. Ал халық сенің сөзіңе емес, оған сенеді. Қалай қармауды олар біледі. Өзің сегіз жыл бойы кітабым шықпай жатыр дейсің. Мұхаңның әруағын сыйласа қол ұшын бермей ме. Олар әлі өтірігін айтып біткен жоқ. Байқа, бала, аулақ жүр. Жолама, - деді, "өзінің тәжірибесін" үйретіп.

Мен сонда ғана Қайым ағаның жан сырының бір қатпарын түсінгендей болдым. Бәсе, Мұхтар туралы естелік неге жазбайсыз, қалай түрмеге түстіңіз, өсек - аяңға іліктірген кім еді, сотта сізді кім қаралап сөйледі деген қолқаға үнемі немкетті жауап беруінің астары осында екен. Ол өзін емес, шындықты арашалап, соны сақтап қалу үшін ашық әңгімеден бой тартады. Бұл мінезі, Шыңғыстаудың ақсақалдарының "әдісін" еске түсіреді. Марқұм, Жұмакүлбай, Қабыш, Леймен, Әбіш, Балтақан сияқты қариялар әңгіме сұраған адамның кім екеніне анық көзі жеткенше шындығын ішінде ұстап, түлкі жортаққа салып, ізінен адастыроып кетуші еді. Сол әңгімелерді шала ұққандар талай дүниені шатастырып жазды. Кейін өздері ұялды. Қауесетті әлі де малданып, "ойбай анау алай екен, Абай былай өліпті" деп сыбырлап, жыбырлап, өтірік күле әңгіме айтып, білгішсініп сөз тасыған ағалар арамызда жүр - ау. Әлгі дегдарлардың құрдасы Шәкер Әбеновке және олардың інісі Қайым Мұқамедхановқа шындығын айтқыздым дейтін адамға ешқашан сенбес едім. Өйткені, бұл екі марқасқада шындықтан басқа туыс жоқ, шындықтан өзге дүние - мүлкі жоқ. Ал асылды әркім шығара бермейді. Айтпайды, айтса - қоспасыз ақиқат болғаны. Сондықтан да мен осы мақаланы жазар кезде тым құрығанда өзім білетін бір жайды айтайын деп сарғайған газет қиындыларын қарап шықтым. Соның ең біріншісі "Семей әдебиетшілері" деп аталатын 1947 жылы 2 тамыз күні "Социалды Қазақстан" газетінде жарияланған мақала. Қайымға құрылған алғашқы тұзақ еді бұл. Абайдың ақындық мектебі туралы алғаш дербес әңгіме қозғаған Қ.Мұқамедхановқа дүрсе қоя беріп, тікелей саяси айыпқа көшеді. Онда:

"Челкашты" аударған адам мейлі Абайдың туысы, жақыны болсын, ондай адамның бәрі прогресшіл, Абайдың шәқірті бола алған жоқ. Абайдың "Челкашты" аударған "шәкірті" Совет өкіметіне, партияға қарсы күрескен, соңынан әшкерленген адам. облыстық газет бұл мақалада оның атын бүркемелеп, атамай кіргізіп, "прогресшіл еді, шәкірті еді" деп босқа лағып отыр. Абайдың бір шәкірті Әріп ақын дейді газет. Әріп патша чиновниктерінің, қазақ байларының мүддесіне қызмет еткен атышулы тілмәш, өмір бойы Абайға қарсы пікірде болған, үнемі бақастықпен өткен адам… Абайдың енді бір шәкірті "Еңлік - Кебек" поэмасын жазып еді дейді. Бірақ Абайдың бұл "шәкіртінің" атын газет дәл айтудан қаймығып (?) басқа біреуге бұра салыпты. "Екпінді" газеті оны қаншама бүркегісі келсе де "Еңлік - Кебек" поэмасын жазған адамды әдебиеттен сауаты бар адамның бәрі біледі. Ол соңынан қолына қару алып, Совет өкіметіне қарсы күрескен қас дұшпан!… Облыстық газет осыны Абайдың шәкірті еді, прогресшіл адам еді деп саяси сауатсыздықтың шегіне жетіп отыр… Ішінде азиялық, түріктік бағыттың шеңберінде болған адамдар да бар. газет осы "шәкіртердің" бәрін сапқа қойып, "жаңашыл, прогресшіл әдебиет өкілдері" деп бәріне бір ат қояды. Міне, Семей "әдебиетшілерінің" бірі Қ.Мұқамедхановтың қаламынан шыққан және редакциясының қабылдап жариялаған "ғылыми мақаласының бірі осындай" - деп әрі қарай кекетіп - мұқата жөнеледі.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет