Тақырыптың зерттелу деңгейі. Жастармен әлеуметтік жұмыс жүргізу тақырыбы шетелдік ғалымдар тарапынан мол зерттелген. Олардың аттарын тізіп шығудың өзіне көп уақыт кетеді. Ал, отандық ғалымдарымызға келетін болсақ, аталған тақырып бойынша бірлі-жарым еңбектер болмаса, арнайы ғылыми еңбектер, монографиялар мен диссертациялар көзге түсе қоймайды.
Әлеуметтік жұмыс жүргізудің теориялық және методологиялық мәселелері Гуслякова Л.Г., Холостова Е.И., Зайнышев И.Г., Саппс М., Уэллс К., Фирсов М.В. және т.б. ғалымдар еңбегінде егжей-тегжейлі қарастырылған. Отандық ғалымдарымыз Аитов Н.А., Джаманбалаева Ш.Е., Ешпанова Д. Д., Нысанбаев А. Н., Калибеков Д. және т.б. еңбектерінде Қазақстан жастарының әлеуметтік-саяси бейнесі, олардың әлеуметтену жағдайы, жалпы проблемалары қарастырылған. Жастармен әлеуметтік жұмыс жүргізу мәселесін арнайы зерттеу нысанына айналдырған еңбектер жоқтың қасы деуге болады. Сондықтан да осы тақырыптың дипломдық жұмыс объектісіне айналып отыруы кездейсоқтық емес әрі өте зәру болып табылады.
Тақырыптың мақсаты отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектеріндегі жетекші ойларға, статистикалық деректерге, әлеуметтік зерттеулер мәліметтеріне сүйене отырып, Қазақстандағы жастармен әлеуметтік жұмыс жүргізу барысына ой жүгірту, басым бағыттары мен өзекті мәселелерін айқындау, әлеуметтік жұмыс жүргізудің тың технологияларын ұсыну. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін бітіруші алдына мынадай міндеттер қойып отыр:
– қойылған мақсатты барынша ашып көрсету, жұмыс тәжірибесін игеру үшін отандық және шетелдік авторолардың еңбектеріндегі деректерді шолып, өзіндік тұжырымдар жасау;
– әлеуметтік жұмыс жүргізудің теориялық және методологиялық негіздеріне ғылыми талдау жүргізу;
– Қазақстан жастарының бүгіні мен болашағына ой жүгіртіп, олардың қазіргі саяси-әлеуметтік ахуалын, экономикалық жай-күйін ой талқысынан өткізу;
– жастардың еңбек нарығындағы жағдайына талдау жасап, оларды жұмыспен қамтудың тиімді жолдары мен механизмдерін ұсыну;
– жастармен әлеуметтік жұмыс жүргізудің технологияларын қарастыру.