Үйсіндер тарихы (б з. д. ІІІ – б з. Y ғғ.) МазмұНЫ: кіріспе ежелгі үйсіндердің шығу тегі, орналасуы, КӨрші елдермен қарым-қатынастары


Үйсіндердің шаруашылығы, оған табиғи орта әсері



бет7/9
Дата11.10.2023
өлшемі364 Kb.
#184778
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Байланысты:
Дип.-Үйсіндер-тарихы-б.з.д.-ІІІ-–-б.з.Y-ғғ.

2.2. Үйсіндердің шаруашылығы, оған табиғи орта әсері.
Үйсіндер шаруашылығының даму ерекшелігіне көбіне-көп Жетісудың географиялық жағдайы себеп болды. Мұндағы ерекшелік сол, «классикалық» егіншілік немесе көшпелі мал шаруашылығы аудандарынан өзгеше мұнда мал шаруашылығы егіншілікпен ұштастырыла жүргізілді, ал көшпелі тұрмыс салты жартылай отырықшылықпен ұштасты.
Үйсіндердің шаруашылығы туралы жазбаша деректемелердің мәліметтері үздік-создық және олардың шаруашылығының бағытын бір жағынан ғана көрсетеді. Ежелгі заман авторларының үйсіндердің шаруашылығы мен тұрмысына берген сипаттамасы малға азық пен су іздеп, бір жерден екінші жерге көшіп жүреді деп барынша қысқа қайырылады. Бұл – көшпелі және мал шаруашылығымен айналысатын халықтардың көпшілігі үшін дәстүрлі және ортақ тұжырым. Алайда ол уйсундер жөнінде онша дәл емес /44/.
Ертедегі Қазақстан аумағындағы мал шаруашылығы бірнеше кезеңнен өтті. Оның алғашқы кезеңі б. з. б. II мыңжылдықгың бірінші жартысынан бастап қола дәуіріндегі тайпалардың үй жанындағы бақташылық мал шаруашылығы болды. Б. з. б. IX-VIII ғасырларда ғана ол көшпелі мал шаруашылығына айналды. Бұл кезеңде жайылымдар мен су көздерін маусымдық пайдалану қалыптасты, табында алысқа көшуге және қыс кезінде тебіндеп жайылуға мейлінше бейімделген қой мен жылқы басым болды. Мұндай жайылымдық-көшпелі жүйе тұрақты сипат алды. Ғасырлар бойы қоныстардың, қыстаулардың және жерлеу құрылыстарының белгілі бір жерлерде орналасуы нақ осыны дәлелдейді. Сан алуан үлгідегі ескерткіштерден тұратын үлкен зираттар мен көп қабатты қыстау-қоныстар осылайша пайда болды. Атап айтқанда, үйсіндер заманынан бастау алған осындай зираттар әсіресе Жетісудағы қыстаулы аймақтарда көп кездеседі.
Ежелгі үйсундердің қоныстары мен қабірлерінен табылған мал сүйектерінің қалдықтарына жасалған статистикалық талдау оларда қандай мал табындары мен малдың қандай түліктері болғанын айырып білуге мүмкіндік береді. Өз кезегінде, мал түліктерінің осындай арасалмағына қарап, мал шаруашылығының формасы туралы және тайпалардың тұрмыс салты туралы қорытынды шығаруға болады.
Ақтас-2 (Шығыс Жетісу) және Луговое-холм (Батыс Жетісу) қыстау-қоныстарын қазғанда алынған остеологиялық материал уйсундердегі малдың түліктік құрамы мал өсіруге негізделген жартылай көшпелі шаруашылыққа тән екендігін көрсетеді.
Луговое-холм қонысындағы ірі қараның (33,1%) және Ақтас қыстау қонысындағы қой (48,4%) мен жылқының (32,7%) проценті назар аудартады. Мал түліктерінің мұндай арақатынасы шығыс уйсундеріне қарағанда батыс Жетісу уйсундеріне көбінесе отырықшылық тән болғанын айқын көрсетеді. Мұндай айырмашылық Талас және Шу өзендерінің аңғарларындағы отырықшы егіншілікке жарамды жазық жерлердің ерекшеліктерінен, сондай-ақ Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанның егіншілік орталықтарының батыс Жетісуға ықпалынан туындайды. Бүкіл Жетісу үйсіндерінің мал кұрамында үй малдарының барлық түрлері: қой, жылқы, сиыр, қос өркешті түйе, ешкі, есек болғанын статистика көрсетіп отыр. Хань әулеттік хроникаларында уйсундерде жылқы шаруашылығының дамығаны атап өтілген. Байларындағы жылқы саны бес мыңға дейін жеткен, ал ұлы және кіші гуньмолардың жасағы 30 мың атты әскерден тұрған. Үйсін гуньмолары қытай ханшаларына үйленген кезде сөз байласу сыйы ретінде мындап жылқы мен қашыр айдатып жібереді екен. Таулы аудандарда қашырлар жүк артатын көлік ретінде пайдаланылған. Жетісуда асыл тұқымды жүйрік жылқы өсірген көрші елдердің білгірлері оларды төзімділігі мен жүйріктігі үшін бағалап, Даванның «қантерлі аспан» аттарынан кейінгі орынға қойған. Бір ғажабы, уйсундердің жылқысы «батыс шек» деп аталған /45/.
Теңлік обасынан табылған, салт аттының суреті салынған алтын қаптырмалардан үйсін жылқысының тұқымын білуге болады. Ол бейнеге қарағанда, бұлар ірі де биік, бұлшық етті, басы үлкен, құйрық-жалы ерілген немесе күзелген болып келетін жылқылар. Үйсін жылқысының Теңлік қаптырмаларындағы бейнесі б. з. б. I мыңжылдықтың аяғындағы - б. з. I мың-ылдығының басындағы бізге мәлім (Ашурнасирпал мен Ашурбанипалдың аңшылық бедерлеріндегі, Персепольдегі мидиялык және сириялық бедерлеріндегі, Иранның күміс табақшаларындағы сасанилер патшаларының аң аулау көріністеріндегі) Евразия жылқылары бейнелерінің бәрінен де дерлік ерекше.
Үйсін жылқысының бейнесі Персеполь бедеріндегі сақ жылқысына және Сібірден табылған (Петр коллекциясы) алтын қаптырмада суреті салынған, жыртқыш аң жұлмалап жатқан жылқы бейнесіне көп жағынан ұқсас келеді. Бұл бейнелердің бәрінде де аттардың кекілі мен жалын әсемдеудің ұқсастығы, олардың дене бітімі мен бастарын бейнелеуде ұқсастық таңғаларлық.
Жартылай көшпелі мал шаруашылығы үйсіндер шаруашылығының негізгі түрі болды. Қейінгі кезде де ол экономикада өзінің жетекші рөлін сақтап қалды, шаруашылықты жүргізу және жайылымдарды пайдалану жүйесі жетілдіріліп отырылды.
Егіншілік жане отырықшылық. Ақтас қыстау-қонысын қазып ашқанда үйсіндерде егіншілік болғанын тікелей дәлелдейтін олжалар табылды. Бұл жер өндеу құралы - тас кетпендер және егін жинау құралы - қола орақ (сынығы). Тастан жасалған дәнүккіштер өсімдік тағамының тұрақты тамақ құрамына кіргенін айқын көрсетті. Мәселен, Актас қыстау-қонысының үйлерінде 11 бүтін дәнүккіш және 15 дәнүккіштің сынықтары табылған; олардың бәріде ұзақ уақыт пайдаланудан әбден тозған /46/.
Ақтас қыстау-қонысының теңірегін зерттеген кезде үйсіндерде қарапайым суармалы егіншілік болғандығының белгілері байкалды. Мұнда арықтардың және аумағы 60 шаршы метрден 150 шаршы метрге дейін өнделген шағын танаптардың іздері табылды, бұларда, шамасы бақша дақылдарын өсірген болуы керек.
Өнделген алаптар су өздігінен ағып баратын жерлерде орналасқан, арықтардың арнасы жердің табиғи көлбеулігін есепке ала отырып жүргізілген. Қарапайым суарма жүйелерінің мұндай іздері Жоңғар Алатауы, ІІІолақ (Іле аңғарында) және Шу-Іле (Шу аңғары) тауларының қойнаулары мен баурайларында, Қырғыз Алатауының (Талас аңғары) солтүстік баурайларында да кездеседі.
Үйсіндерде бақша егу егіншіліктің бір түрі ғана болып қоймайды. Егер тас кетпендер бақша дақылдарын күту ге жұмсалса, қола орақтар дәнді дақылдарды оруға пайдаланылған. Ол кезде қандай дәнді дақылдар өсірілгенін анықтайтын деректер әзірше аз. Тары мен арпа егілгені жөнінде ғана айтуға болады, мұны Солтүстік Қырғызстанның үйсіндер зиратында бір ыдыстың түбінен табылған осы дақылдардың дән қалдықтары дәлелдейді /47/.
Жетісудың жерасты суына қаныққан сарғылт-сұр топырағы дәнді дақылдар еккен кезде суаруды қажет етпейді, артық ылғал тек зиянды болуы мүмкін.
Жетісуда суармалы егіншілік қана емес, сонымен қатар тәлімі егіншілік те дамыған деп топшылауға болады. Жауын-шашынның біршама кем болуы, топырақтың табиғи ылғалы жақсы болуы жағдайында тәлімі егіншіліктің өнімі түсімді болған. Сірә, егіске пайдаланылған жер көлемі шағын болса керек, өйткені егіншілік кұралдарының (кетпен) сипаты егіс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бермеген.
Ежелгі үйсіндерде егіншілік пен отырықшылық болғаны жазбаша деректемелерде айтылған. Мәселен, хань тарихшысы Бань Гу былай деп жазады: үйсін гуньмосына ұзатылған қытай ханшасына қызмет ететін сарай әйелі Фынь Чигу астанасында немесе оның төңірегінде тұратын үйсіннің «отырықшы шонжарларына» сыйлықтар үлестірген.
Хэ Цю-Тао ежелгі деректемелерге сүйене отырып, ежелгі үйсіндер жер өңдемеген, бірақ «ағаш егетін болған» деп жазады. «Ханьшуды» түсіндіруші Янь Ши-Гу - б. з. VII ғасырдың тарихшысы - «ағаш егеді» деген сез «ағаш отырғызады» деген сөз» - деп, бұл хабарды дәлелдей түседі. Тарихшы Суй Сун үйсіндер «су мен шөп іздеп жүретін» (көшетін) болсада, «дегенмен қалалары мен қала төңірегіндегі мекендері болған» деп тура айтады. Ертедегі қытай деректемелеріне сенбеуге негіз жоқ. Ресми тарихнама империяның «солтүстік» және «батыс» тайпалар женіндегі дәстүрлі ұлы державалық саясатынан туындап, олардың даму кезеңін бөліп көрсеткеннен гөрі, көшпелі мешеулігін атап көрсетуге неғұрлым бейім болды.
Мәселен, отырықшылық пен егіншілік ертедегі үйсіндерде біздің заманымыздың алғашкы ғасырларында-ақ болған деуге негіз бар, ал б. з. Ш-V ғасырларында, сірә, бау-бақша шаруашылығы, тәлімі егіншілік түрінде оның ілгері дами түскені өзінен-өзі түсінікті.
Меншік қатынастары. Бұдан бұрын атап етілгеніндей, көшпелі мал шаруашылығына көшу қоғамның өндіргіш күштері дамуында ілгері басқан кадам болды. Осы негізде малға жеке меншік қалыптасты, қауымдык, тайпалык және рулық жайылымдарды тайпаның үстем топтарының озбырлықпен иемденіп алу процесі жеделдеп, тайпааралық айырбас өрістеді.
Сол кездің өзінде-ақ әлі аз болса да рулық-тайпалык ақсүйектердің қоғамның үстем тобы болғаны даусыз. Археологиялық материалдардың көрсетіп отырғанындай, рулық зираттарда құрылымының алыптығымен және жерлеу рәсімінің байлығымен қайран қалдыратын ақсүйектер зираттарының табылуы кездейсоқ емес. Бір ғажабы олар енді бірлі-жарым немесе тіпті топтық құрылыстар емес, қайта ондаған тас немесе топырақ обалардан тұратын қорымдар. Олар үйсіндерге дейін-ақ пайда болып, үйсіндер заманында барған сайын көбірек таралған /48/.
Қандай формада болса да - рулық па, қауымдық па, немесе жеке меншіктің болғанының бір белгісі оның ерекше бір белгімен таңбалануы. Ерекше белгілерді ойлап тауып, оларды пайдалану ең алдымен әлеуметтік-экономикалық себептерге байланысты болды, мұның өзі таңбалардың пайдаболған кезінен бастап меншік белгісіне дейінгі эволюциясын жоққа шығармайды.
Кейін, қыш ыдыстағы белгілер пайда болған соң, үй малдарына да, атап айтқанда, мініс аттарына да салынатын белгі-таңбалар пайда болды. Жылқыға таңба салу түрік және түркі тілдес тайпаларда б. з. УІ-ҮІІІ ғасырларында кеңінен тарады. Металдан, тастан және қыштан жасалған мөрлер де жеке меншіктің пайда болғанын көрсетеді. Олардың шығуы туралы мәселе пікірталас туғызатын тақырып болғанмен, мөрлердің таңбасы қандай материалға басылса да, бейнесі сол заттың мөр басқан адамға тиесілі екені барша жұртқа түсінікті белгі болған. Мұндай тұжырымды үйсін моласындағы қыш мөр растайды. Үйсін мөрінің табылуы күтпеген жай емес. Ертедегі хрониктердің мәліметтеріне карағанда, усундердің кейбір әскербасылары мен чиновниктерінде алтын және мыс мөрлер болған.
Ал қабір жанынан табылған қыш мөр үйсін қоғамында тек шонжарларда ғана емес, адамдардың неғұрлым қалын тобының да өз мөрлері болғанын дәлелдейді. Шонжарларда мөрлер гуньмолар сарайы жанындағы лауазымды адамдар билігінің белгісі болса, ал қарапайым тас және қыш мөрлер, тегінде, әр түрлі қожайындардың меншігін ажырату үшін пайдаланылса керек.
Мәселен, ыдыстардың бүйіріне тырнап салынған белгілерге, аттардың құлағына салған ен-белгілерге, жылқының таңбалары мен ендеріне қарап, жеке пайдалану мөрлері бойынша рулык қауымдық меншіктен жеке иеленетін меншікке дейінгі меншіктің қалыптасу кезендерін аңғаруға болады.
Жеке меншік туралы жазбаша деректемелерде де айтылған. Сыма Цянь өзінің «Тарихи жазбаларында» («Шицзи») үйсіндерде «бай адамдардың төрт мыңнан бес мыңға дейін» жылқысы болады деген мәліметті бірінші рет келтіреді. Басқа бір деректеме - «Цяньханьшу» (б. з. I ғ.) бұл жәйтті біраз басқаша редакцияда: «байлар 4000-нан 5000-ға дейін жылкы ұстайды» деп қайталайды.
Н. В. Кюнер «Шицзндің» осы мәлімет жазылған 123-тарауын жаңадан аударды, сөйтіп түсіп қалған жерлерін түпнұска бойынша қалпына келтірді. Оның аудармасында бұл үзінді былай болып келеді: «үйсіндерде жылқы көп. Олардың ең бай адамдарында төрт-бес мын жылқы болады». Бұл шағын болса да, бағалы хабардан мынадай қорытынды шығады: жылқыға, оның үстіне үйір-үйір жылқыға, жеке меншіктің болғаны даусыз; малға бай әулеттер болса, кедейлердің де болғаны түсінікті, өйткені олардың байлық дәрежесін мұндай үйірлі жылқысы жоқтармен ғана салыстыруға болады. «Ең байларында» деген сөз әлдеқалай айтыла салмаған, сірә, үйсіндер арасында жай байлар да болса керек. Және, ақырында, байлықтың негізгі өлшемі шаруашылықтағы жылқының саны болғаны да анық /49/.
Алайда, ежелгі үйсіндердін жеке меншігінде болған үй малдарының ішінде, әрине, жылқы бірден-бір түлік болмаған. Ол байлыктың өлшемі ғана болды. Үйсіндердің ескерткіштерін қазған кезде табылған сүйек қалдықтары бойынша үйсіндердің малы құрамында қой көп, бірақ сиыр, қашыр, ешкі де болған. Бұл жануарлар да ірілі-ұсақты қожайындардын меншігінде болды деп санауға негіз бар.
Қоғамдық байлықты қозғалмалы және қозғалмайтын мүлік деп бөлуге болатыны мәлім, олардың біріншісінде - мал, қолөнер өнімдері мен тұрғын үйлер, екіншісіне жер жатқызылады. Қозғалмалы мүлік ертерек жеке меншік өнімдеріне айналды, өйткені оны айырбасқа беруге болатын еді. Шаруашылығының негізі мал шаруашылығы болған көшпелі тайпалар көшіп жүретін түрмыс салтының нәтижесінде басқа халықтармен үнемі араласып жүрді. Мұның өзі отырықшы халықтарға қарағанда айырбастың біршама ертерек шығуына, сол арқылы байлықтың жинақталып, мүліктік теңсіздігінің дамуына себепші болды. Жетісудың ертедегі үйсіндерінде нақ осындай үрдіс дамыды.
Жер пайдалану және иелену объектісі бола тұрса да, табиғат өнімі және қозғалмайтын байлық ретінде әлі басқаның қолына кешуге келмеді. Бірақ үйсіндерде малға жеке меншік болғандықтан, жерді жер қатынастарының бірден-бір түрі ретінде толық тең пайдалану мүмкін емес еді. Мұнда жер жөніндегі қатынастар жеке меншікті және тіпті мұрагерлік жолмен пайдалану түрінде болды деп топшылауға негіз бар. «Менің ата-бабаларымның сүйегі жатқан жер немесе менің қыстауым тұрған жер - менің жерім» деген белгілі принцип ежелгі заманнан бері, жер маусымдық жайылымдарға бөліне бастаған заманнан бері белгілі болды, ал жерді бұлай бөлу көбіне іс жүзінде оның монополиялық жолмен және мұрагерлікпен иеленуге бекітілуі болып шығатын еді /50/.
Жерді жеке меншіктеніп иеленудің қалыптасуын жазбаша деректемелердің мәліметтері дәлелдейді. Бань Гудің «Цзяньханшудағы» хабары бұл жөнінен едәуір ынта-ықылас туғызады: «Ол кезде ұлы гуньмо Цылими билікті өз қолына (ұстап) тұрды, ал лин-хоулардың бәрі (қорыққандарынан оған бағынды. Ол жұрт жылқы және мал баққанда жайылымға кірмесін деп жариялады». Бан Гу шығармаларының түсіндірушілері, оның ішінде Ян Ши-гу (VII ғасыр) «жайылымға кірмесін» дегенді «Гуньмо жайылымына» деп ұғыну керек деп түсіндіреді. Назар аударарлық бір жай - мүндай мәлімдеме Цылими гуньмо ретінде «билікті өз қолына мықты ұстап тұрған» кезде жарияланады /51/.
Тегі б. з. б. I ғасырда-ақ ежелгі үйсін коғамында шұрайлы жайылымдарды басып алу үрдісі басталған болуы керек. Көшпелі қоғамдардың бәрінде де орын тепкен жазылмаған заң - кімнің малы болса, іс жүзінде жердің де қожасы сол болуы - үйсіндердіңде нақты әлеуметтік өмірін бейнелейді. Егер бай үйсіндердің терт-бес мыңнан жылқысы болса (ал қыс кезінде бір жылқыны асырау үшін сапасы орташа 8-10 га табиғи жайылым керек), мұншама жылқыны бағу үшін шамамен алғанда 30-50 мың гектар табиғи жайылым керек екенін есептеп шығару қиын емес.
Тегі, негізгі байлық - мал басын сақтап, көбейту үшін неғұрлым қажет қысқы жайылым ғана жеке меншікте болса керек. Бұл жердегі қысқы үй-жайлар мен ата-бабалардың зираттары жер алқаптарын іс жүзінде мұрагерлік жолмен иеленуді баянды етті.
Бертін келе, біздің заманымыздың алғашқы ғасырларында үйсін жоғарғы топтарының қолдарында қозғалмалы мүліктер қорлана берді де, мүліктік теңсіздік езушілердің үстемдігі мен езілгендердің тәуелділігін күшейте түсті. Сөйтіп тапқа дейінгі қоғамнан таптық қоғамға өтпелі кезеңге тән қатынастар қалыптасты, қоғам әлі құл иелену формациясының да, феодалдық формацияның да аяқталған түрлеріне жете қойған жоқ, шаруашылықтың ерекше үлгісімен байланысты өзінше бір сипатта болды және мұның өзі әлі күшті патриархаттық-рулық институттардың, жайылымдық көшпелі қауымдар мен қандас туысқандық қатьінастардың қатар өмір сүруімен байланысты еді.
Ежелгі үйсіндердің материалдық мәдениеті жеткілікті дәрежеде толық зерттелген. Жетісудағы, негізінен алғанда Іле аңғарындағы қоныстар мен қорымдарды қазу айқын да әсерлі материалдар берді, олар үйсіндердің тұрғын жайларының сипатын, олардың ішкі көрінісін елестетуге, керамиканың эволюциясы мен негізгі үлгілерін зерделеуге, үйсін тайпаларынын еңбек құралдары мен қаруларын білуге мүмкіндік туғызды. Ертедегі үйсіндердің олар қоныстанған бүкіл кең-байтақ аумақтағы қабірлерге орнатылған ескерткіштері екі үлгідегі: үйілген обалар және жалпақ қоршаулар түріндегі құрылыстар болып табылады. Әдетте, кұрылыстардың екі үлгісі де бір корымның кұрамынан кездеседі. Кейде қоршаулар жеке қорым кұрайды, бірақ мұндай реттер біршама аз. Тек бір ғана қоршаулардан тұратын оқшауланған қорымдарды оп-оңай санап шығуға болады. Шығыс Жетісуда бұлар: Қалқан-1, Үңгірқора-2, Бесшатыр-4, Ақшоқы-3, Ақтасты-5 (Кеген езенінің аңғары), Өсек-2 (Өсек өзенінің аңғары). Батыс Жетісу мен солтүстік Ферғанада Шығыс Жетісумен салыстырғанда мұндай қорымдар әзірше белгісіз /52/.
Көп жылдық қазба жұмыстарының көрсеткеніндей, бұл ескерткіштердің сыртқы түріндеп айырмашылық олардың этникалык және мәдениетіндегі айырмашылықты білдірмейді. Керісінше, жерлеу ғұрпы мен қоса салынған саймандар жөнінен олардың бір-бірінен ешбір айырмашылығы жоқ. Әдетте, үйіндісіз қоршаулар неғұрлым ертедегі дәуірлердің сарқыншақтарымен байланыстырылады, сондықтан олардағы хронологиялык белгілер айқын ажыратылады. Алайда біздің байқауларымызда ондай тұжырымдарды дұрыс деуге салмақты дәлелдер жок.
Сонымен, үйінді обалардан тұратын қорымдар үйсіндердіц жерлеу құрылыстарын сипаттайтын ескерткіштердің негізгі үлгілері болып табылады. Обалар зираттың төңірегіндегі жергілікті материалдан үйілген. Обалар жазықдалаларда - топырақтан, өзен аңғарларында - сары топырақтан немесе өзеннің малта тастарынан, тау етектерінде тас араластырылған топырақтан, қиыршақ тастан, тастардан тұрғызылған. Үйінділердің көлемі мейлінше әр түрлі: диаметрі 80 метрден 100 метрге, биіктігі 10 метрден 12 метрге дейін жететін жер бетінен сәл көтеріліп жатқан үйіндісіз шағын обаларға дейін кездеседі. Үйсіндердің белгілі обаларының бәрін көлемі және жерлеу жабдықтарының байлығы жөнінен үш топқа: үлкен, орташа және кіші топтарға бөлуге болады. Белгілі қорымдардың басым көпшілігіндегі оба құрылысында үйсіндердің қабірге орнатқан ескерткіштері құрылысының екі үлгісі - үйінді мен қоршау ұштасып отырады. Әр түрлі нұсқалары кездеседі, бірақ ең жиі кездесетіндері: 1) «үйінді астындағы» қоршаулы обалар; 2) «үйінді сыртындағы» қоршаулы обалар, яғни қоршау негізгі үйіндіні айналдыра белгілі бір қашықтыққа орналасады; 3) «үйінді үстіндегі» қоршаулы обалар. Соңғыларының нұсқалары: үйіндіні түбінен қоршап тұратын қоршау, жиегіндегі қоршау және биік басындағы коршау. Оба үйіндісіне екі-үш қоршау салынған реттер де мәлім, олар концентрикалық жиегі бойынша орналастырылған (Сарытай-3, Акшоқы-4), бірақ үйінді астында бірнеше қоршауы бар обалар әлдекайда жні кездеседі (Қалқан-1) /53/.
Дербес топ ретінде немесе үйіндімен бірге кездесетін қоршаулар үлгісіндегі қабір құрылыстары көпшілік жағдайда – дөңгелек, кейде төрт бұрыш (шаршы, тік бұрыш), сирек болса да сопақша түрде болып келеді. Жер бетіне немесе үйінді үстіне үлкен-үлкен қойтастарлы бір қатар немесе бір қабат етіп жай ғана қалай салу жолымен қоршаударға алдын ала ойластырылған түр беріліп отырған. Егер тастың көлемі неғұрлым ұсақ сынықтары пайдаланылса, олардың биіктігі мен ені бірнеше қабат етіп қаланған. Өзен аңғарларында қоршауларды калауға өзеннің үлкен малта тастары қолданылған. Қоршаулардың биіктігі мсн ені орта есеппен алғанда тиісінше 0,5-0,6 м және 0,2-0,3 м. Өсек қорымында (Өсек озенінің сол жағалауы, Жоңғар Алатауының оңтүстік етегі) ірі жентектастар қырынан көміліп тік бұрышты және дөңгелек қоршаулар тұрғызылған. Ертедегі үйсін қорымдары тек қана қыстау-қоныстардың маңына, тау етектеріне, шатқалдардан жазыққа шығар жерлерге орналаскан. Үйсіндер қоныстануды ұнататын жер бедері қорымдарды олардың мәдениетіне тән меридианалдық «тізбекте» жоспарлауды анықтап берді. Қыстау-қоныстар тау шатқалдарының түбіне орналасқандықтан, зираттар тау өзендері мен жылғаларының жарқабақтарына салынған. Мұның өзі қабір кұрылыстарының өзара орналасуы судың солтүстіктен оңтүстікке және керісінше ағу бағытына қатаң сәйкес келіп отырды. Алайда ертедегі үйсін қорымдарының ерекше жоспарлануын жер бедерлері туғызған деген тұжырым бір қорым құрамындағы обалардың әрбір тізбегінің бір руға немесе үлкен әулетке жататындығы туралы әдебиетте бар қағиданың дұрыстығын әсте де теріске шығармайды. Ол былай тұрсын, біздегі жаңа материалдар, әсіресе Кетпентау етегіндегі Ақтасты қорымдарының тобы рудың немесе үлкен әулеттің ыдырауына қарай қорымдардың жоспарлануы қалай өзгеретіндігін айқын дәлелдейді: ұсақ тізбектер үзіледі; шағын әулетке тиесілі әрбір қыстау-қоныстың жанынан өз зираты пайда болады; жүйесіз орналасқан үйінділерден тұратын көлемді қорымдар кездеседі, оларды, сірә, енді қандас туыстық байланыстары бойынша емес, қайта аумақтық-шаруашылық мүдделері бойынша біріккен ұжымдар тастап кеткен болса керек.
Ақырында, кейінгі жылдарда археологиялық әдебиет беттерінде дұрыс баяндалмай келе жатқан бір жайға тоқталып өту қажет. Ол қорымдарды жоспарлаудағы және үйінділер қоршауларының орналасуындағы өзгерістерді обаның мерзімін анықтайтын белгілер деп қарастыруға әрекет жасау.
Біздің Жетісудың ертедегі кезі жөніндегі біліміміздің қазіргі сатысында А. Н. Бернштамның пікірін даусыз дұрыс деп санауға болады; оның пікірінше, белгілі бір корымдарды қазып, мерзімін белгілейтін материал алғанға дейін-ақ сақ-үйсін мәдениетіне жататындығын анықтаушы белгі оларда обалардың тізбек бойынша орналасуы және қабір құрылыстарының құрылымында үйінділер мен қоршаулардың ұштасуы болып табылады.Біз сақтар мен үйсін ердің кезіндегі мәдениет туралы жалпы сөз еткен кезде осы көзқарастың дұрыс екенін атап көрсетеміз. Бірқатар ескерткіштерді кезең-кезең бойынша хронологиялык топтаудың өлшемі, мәдениеттің сатылық эволюциясын анықтаушы емес. Үйсіндердің белгілі қорымдарының бәріндегі қабір құрылыстарының құрылымдарын салыстыру қоршаулардың үйінділерге қарай орналасуының әр түрлі нұсқалары үйсін мәдениеті дамуының барлық кезеңдеріне тән екенін көрсетеді. Сірә, әр түрлі нұсқаларды ертедегі үйсіндердің діни көзқарасы болып табылатын әлдебір рәсімдік-магиялық ұғымдар туғызған болса керек /54/.
Қорымдардың жоспарлануындағы өзгерістер де мерзімін дәл анықтайтын белгі бола алмайды. Біріншіден, жоғарыда айтқанымыздай, обалардың ерекше орналасуын жер бедері қалыптастырған. Екіншіден, үйінділердің «тізбектеле» орналасуы үйсін мәдениетінің неғұрлым алдыңғы кезеңіне, рулық байланыстар әлі де күшті болған кезге тән болған; ал олардың ыдырауына байланысты, яғни неғұрлым соңғы кезенде үйінділері жүйесіз орналасқан қорымдар пайда болады.
Сондықтан біз қорымдардың топографиясы мен қабір құрылыстарының құрылымы олардың мерзімін белгілеудің қосалқы өлшемі ғана бола алады, ал соларға ғана негізделген тұжырымдар мен топтаудың қандайы болса да қатерлерге ұрындырмай қоймайды және олар жасанды кұрылымдар деп саналуға тиіс деген тұжырымға тоқталамыз. Мұндай қателерге мысалдар аз емес. Бегазының (Орталық Казақстан) тақтатас қоршауларын Байкал сыртындағы тақтатасты молалармен немесе Ноин-Ула қималарын Пазырық обаларының қималарымен және т. б. салыстыру сәтсіз болғанын еске сала кетейік.
Бүкіл халық үшін ортақ жерлеу ғұрпы компоненттерінің бірі ретінде ертедегі үйсіндердің табыну құрылыстары олардың діни дүниетанымының тікелей көрінісі болып табылады. Біртіндеп күрделілене түскенімен, діни түсініктер негізінен алғанда айтарлықтай өзгерістерге ұшырамады және жерлеу ғұрпы мен табыну құрылыстарының да кұрылымы езгерген жоқ.
Үйсін ескерткіштерін археологиялық зерттеу мәдени дамудың хронологиялық үш кезеңін беліп көрсетуге мүмкіндік береді, олардың әрқайсысына қорымдардың жоспарлану ерекшеліктері, қабір құрылыстарының өзгешелігі және құрал-саймандардың, кару-жарақтың, тұрмыс заттарының, әшекейлердің өзіндік түрлері мен үлгілері тән.
Ескерткіштердің неғұрлым ертедегі тобы б. з. б. III-I ғасырларға, орта кезендегілері - б. з. I-III ғасырларына, кейінгі кезендегі ескерткіштер б. з. III-V ғасырларына қатысты.
«Қаратал» кезеңі (б. з. б. III-I ғғ.) - ертедегі үйсіндер мәдениеті дамуының бастапқы сатысы, бұл кезде археологиялық және палеоантропологиялық деректер бойынша сақ ескерткіштерімен сабақтастығын сақтап қалған, бірақ сапалық жағынан жаңа мәдениетке тән жаңа сипаты бар ескерткіштер тобын азды-көпті иланымды түрде бөліп көрсетуге болады. Біздің пікірімізше, бұл кезеңнің ескерткіштері: Қаратал, Қарғалы, Қапшағай-3, Үңгірқора-1, Қызылеспе, Бесшатыр-2, Өтеген-1, Қалқан-1, Ақшоқы-4, Бетағаш, Мойынтоғай-2, Сартоғай, Кеңсай, Шормақ-1, Бұрана, Шелпек обалы қорымдары /55/.
Ертедегі кезеңнің қорымдарына обалардың солтүстіктен оңтүстікке қарай тізбектеле немесе қосарласып тізбектеле орналасуы тән. Әдетте олардың әрқайсысында үйінді үстіне және үйінді сыртына оны айнала дөңгелете белдеулептас каланған 5-10, ал кейде 25-ке дейін оба болады; белдеулер онша ірі емес тастар жағалата қойылған 1-2 немесе 3-4 катардан тұрады.
Бұрыштары сәл дөңес қабір шұңқырлары шығыстан батысқа қарай ұзынынан қазылған. Шұңқырлардың қабырғалары тік, беті ағашпен жабылған. Өлік шұңқырға созыла жатқан күйінде, шалқасынан, қолын қапталына созып, басы батысқа қаратылып қойылған. Өліктің бір қолын шынтағынан бүгіп жерлеу ете сирек кездеседі. Шұңқырдың батыс бөлігіне, еліктің бас жағына қыш ыдыс қойылған. Марқұм тамақпен - қойдың сан етімен «жабдықталған». Қабірге өлген адамның немесе әйелдің өзінің тұтынып жүрген заттары - темір және қола пышақтар мен түйреуіштер, моншақтар, алтын, күміс және қола сырғалар, металл айналар, кейде жебелердің темір ұштары салынған.
«Жетісу» кезеңі (біздің заманымыздағы IIII ғғ.) - үйсін мәдениеті эволюциясының дамыған сатысы. Бұл кезеңнің ескерткіштері көп және мәдениет жетістіктерін мейлінше толық сипаттайды. Оларға мына обалы қорымдар жатқызылады: Талғар-1,3, Бастау-2,3, Ақтас-7, Сарытау-1,2, Ақшоқы-3,4, Отеген-2,3, Бесшатыр-1,3,4, Қадырбай-2, Шормақ-2,3, Ащысу, Актерек, Мойынтоғай-1, Сартоғай, Диқан-1, Күрті, Қызылауыз-2, 3, Тайғақ-1, Алтынемел-1, 3, 4, Қапшағай-2, Қалкан-4, Алатөбе-1, Ақтас-4, Қараша, Шошқалы, Ұзынбұлақ, Қызылқайнар.
Біздің заманымыздың шебіндегі қорымдарда обалар жүйесіз орналасқан. Дөңгелек қаланғаны көрініп тұратын үйінділер саны азаяды, беті ағашпен жабылған шұңқырлар саны кемиді. Мола құрылысының жаңа үлгісі - бүйірінде ұңғымасы бар шұңкыр пайда болады, ол шұңқырдан және оның бір жақ қабырғасынан қабірдің түбі деңгейінде қазылып, жерленетін өлік қойылатын ұңғыма лақыттан тұратын болды. Ұңғыма әдетте шұңқырдың солтүстік қабырғасынан қазылған Қабір қазудың тағы бір түрі - «ақымды» түрі пайда болады. Бүл - сырғауылдар мен бөренелерді көлбете қойып жасалған қалқамен бөлінген жерден қазылған шұңқыр. Қалқаның жоғарғы жағы шұнкырдың солтүстік қабырғасына, түбі онтүстік қабырғасына тіреледі. Қабірге қыш ыдыстар бұрынғыдан гөрі көбірек - көбінесе алты-жеті ыдыс қойылатын болды, ыдыстың түрлері де өзгереді: оның түбі бұрын деңгелек болса, енді жайпақ болып келетін болды /56/.
«Іле» кезеңі (б. з. IIIV ғғ.) - ертедегі үйсіндер мәдениеті дамуының кейінгі сатысы. Зерттелген кеп ескерткіштер ішінен ол кезеңге жататын бірнеше қорымды ғана бөліп алу мүмкін болды. Бұлар: Ақтас-1, 3, 6, Үнгірқора-2, Шолақжиле -1 қорымдары.
Соңғы кезеңде зираттардың жүйесіз салынуы дағдылы болған, кейде бірнеше тізбек (әркайсысында 5-7 үйіндіден) қыстау-қоныстың маңына орналасады (Актас тобы). Кейде үйсін қабірлері арасынан бірлі-жарым түрік обалары кездеседі. Үйінді үстіне дөңгелете тас қалаған обалар жасалмай, тастан қаланған шеңбер жоғарғы жағынан топырақпен көміледі. Қабірлер екі түрлі - жерден қазылған және ұңғылап қазылған лақыт. Қабірлерден түбі жайпақ және дөңгелек кәзелер, дәнүккіштер, әшекейлер, ыдыстар, ғұрыптық тамақ қалдықтары табылды.
Үйсін мәдениеті әр түрлі даму сатыларында сабақтастық байланыстарын сақтап отырған, бұл - 600-700 жыл бойы дамыған біртұтас мәдениет.
Ежелгі үйсіндердің материалдық мәдениеті әжептәуір толық зерттелген. Жетісудағы, негізінен алғанда Іле, Талас және Шу аңғарларындағы қоныстар мен қорымдарды қазу айқын да әсерлі материалдар берді, олар үйсіндердің тұрғын жайларының сипатын, олардың ішкі көрінісін елестетуге, еңбек құралдары мен қару-жарағын білуге, керамиканың эволюциясы мен оның негізгі үлгілерін зерттеуге мүмкіндік туғызды.
Жоғарыда ертедегі үйсіндердің жартылай көшпелі, жартылай отырықшы өмір салты оларда қыстау-қоныстар мен қала үлгісіндегі бекіністі қалалар салынуына себеп болғаны атап өтілді. Ертедегі қытайдың жазбаша деректемелеріндегі азын-аулақ мәліметтер шынында да солай болғанын қуаттайды.
Үйсін мемлекетінің Чигу (Қызыл Анғар) деген өз астанасы болды. Хань шежірелері бұл атауға «чен» деген косымша жалғауға болады деп тапқан, бұл арқылы олар қамал-қала үлгісіндегі бекіністі қоныс дегенді білдіреді.
Б. з. б. II ғасырда Чигученде үйсін гунмосы Люецзяоми мен оған ұзатылған кытай ханшасы Цзяндудың сарайы орналасты. Үйдің сәулеттік шешімі мен ішкі көрінісі бізге беймәлім, бірақ құрылысты ежелгі қытай сәулет өнерінің дәстүріне негізделген деп топшылауға болады. Ертедегі үйсіндер қоныстанған бүкіл кең-байтак жерде, сірә, Чигу-ен бірден-бір қала болмаса керек. Қолда бар деректерге қарағанда, біздің заманымыздағы IV-V ғасырларда сяньбилермен соғысқан әлдебір үйсін гуньмосының Хангай тауларында сарайы (қала ма, әлде орда ма?) болған. Хань әулеттік хроникасының неғұрлым кейінгі түсіндірушісі ертедегі үйсіндерді отырықшылық мекендері туралы мәліметтерді қуаттап, олар малшы болып, көшпелі тұрмыс салтын жүргізгенмен, бәрібір «қалалары мен елді мекендері болды» деп көрсетеді /57/.
Бұл хабарлардың археологиялық жолмен расталмауын қала мәдениеті ескерткіштерінің, атап айтканда Жетісудың бүкіл аумағындағы ертедегі отырықшы мәдениет ескерткіштерінің аз зерттелгенімен түсіндіруге болады. Екінші себебі Жетісудың қираған қалалары орындары стратиграфиясының және соған сәйкес керамикалык кешендерді хронологиялык топтаудың нашар талдап шешілгендігі болып табылады. Соңғысы әсіресе, қала мәдениетін Жетісуға соғдылардың әкелгендігі туралы сынаржақ кағиданы негізге алып, дәстүр бойынша түрік заманына теліп жүрген алдынғы ортағасырлық кешендерге қатысты. Солай бола тұрса да, қала орындарының түрік кезеңі қабаттары мен олардың қабірлерінен және әсіресе соңғы үйсін заманының қоныстарынан табылған керамикалық кешендер (тік әшекейленген тұтқалары бар ыдыстар, ілмек тәрізді тұтқалары бар саптыаяқтар, алуан түрлі көлбеу құлақты қазандар, хумчалар және т. б.) арасындағы көптеген ресми-типологиялық ұқсастықтар түрік керамикасының мерзімін ертерекке (кем дегенде 300 жылға) ысыру қажет екеніне коз жеткізеді. Кең келемді қазба жұмыстарын жүргізіп, стратиграсрияны мұкият зерттеген жағдайда кеп қабатты бірқатар қалалардын (Сүмбе, Лепсі - Шығыс Жетісу; Суяб, Кұлан, Ақтөбе - батыс далалық) төменгі қабаттары үйсін заманына жатқызылатын болады.
Сонымен біздің қолымызда әулеттік хроникаларында үйсін қалалары туралы жоғарыда келтірілген мардымсыз мәліметтерден басқа деректер жоқ оның есесіне «елді мекендер» туралы едәуір жақсырақ білеміз, себебі онда қоныстар мен қыстау-қоныстар туралы біршама кұнды деректер келтірілген.
Үйсіндердің отырықшы қоныстарының қалдықтары Шу және Кеген озендерінің аңғарларында зерттелді. Шу аңғарларындағы қоныстарда тұрғын үйлердің пішімі тік бұрышты болған, шикі кірпіштен салынып, балшықтан соғылған таға тәрізді ошақтармен жылытылған /58/.
Кеген өзеніндегі Ақтас қонысында кұрылыс сипаты әлдеқайда жақсы сақталған. Мұндағы кұрылыстар кешені тастан салынған 5 тұрғын жай мен бірне шекара-қоңсылардан тұрады. Кұрылыстар ішінде орталығы «шаршы белме» болған, оған іргелес көлемі 126 шаршы метрлік «үлкен бөлме» бар, бұл бөлмеге ұзын да енсіз дәліз арқылы кіреді. «Шаршы белмеде» тастан қаланған жер ошақ орналасқан.
Суық түскенде үйсін отбасылары екі түрлі тұрғын жайларда: кірпіш және тас үйлерде тұрған. Қыскы үйлер шикі кірпіштен және тақтатастан балшық лай құйылып қаланған. Әрбір тұрғын үйде үлкен бөлме, ұсақ қосалқы жайлар және мал қамайтын қашалар болды. Үй-жайлардың бәрі біріне-бірі жапсарластыра салынған. Олардың едендері балшықпен сыланған жер еден болды. Тұрғын бөлмелердің едендерінде айнала тас қаланған ашық шаршы жерошақтар болды. Жерошақтар үйді жылытты, жарық берді және оларда тамақ пісірілді. Қыс кезінде үй ішінің тіршілігі ошақтың айналасында өткен, оның маңынан ас құйылған қыш ыдыстар, ұн тартатын тас қол диірмендер табылды. Бала-шағалы терт-бес үй бір ауыл болды. Қонысқа жақын жерде ру және әулет зираттары орналастырылды. Зираттардың үстіне топырақ тас обалар үйілді, тас қалама мес қоршау жасалды. Жаз кезінде, кешіп жүргенде, ежелгі авторлардың жазуына қарағанда, үйсін отбасылары «киізбен жабылған дөңгелек жайда» - киіз үйде тұрған /59/.
Үйсін отбасының тамағы ет, сүт және түрлі өсімдіктер болған. Ерлер, әйелдер және балалар жүннен, теріден және жібектен тігілген киім киген. Жібек және баска бетен ел бұйымдары не сауда арқылы әкелінген, не үйсін шонжарлары соғыс шапқыншылықтары кезінде қолға түсірген.
Мал шаруашылығымен және егін салумен қатар үйсіндерде үй кәсібі, қолөнер дамыған. Әсіресе керамика ыдыстар жасау кең еріс алған. Ыдыстар пайдаланылуы жағынан - тамақ ішетін, тамақ пісіретін және шаруашылық (азық-түлік қорын сақтайтын) ыдыстар болып бөлінеді. Тамақ ішетін ыдыстардың ішінде ағаштан (негізінен алғанда қайыңнан) ойып жасалғандары да болды, бұлар - тағандары бар шағын табақтар, текше тостағандар, ожаулар болып келеді.
Үйсіндерде құмырашылық кәсібі барынша дамыды. Ыдыстар құмырашы ұршықшасында жасалды, сондай-ақ құм толтырылған мата қалыпқа қолдан жапсырылып та жасалды. Керамиканың іш жағында және түбінде матаның таңбасы кездесіп отырады. Ыдыстың қабырғасы жолақ-жолақ болып өсіп отырады, ал жолақтар бірімен-бірі қосылған жіктер сыланып, үстінен түсті бояумен боялады. Ыдыстар түрі жағынан да, пайдаланылуы жағынан да алуан түрлі болды.
Ең көп таралған ыдыс түрлері мыналар: дөңгелек кең түпті тегенелер, олар ішінен жиегі иілген, тік жиектілері сирек, бүйірінің биіктігі мен диаметрінің арақатынасы 2:1; түбі деңгелек немесе сирек болса да, жайпақ және аузы тар тостағандар. Жалпы алғанда алмұрт тәрізді болып келетін құмыралардың ерекшелігі - мойны тар, биік немесе түбі кең болады. Текше тостағандар екі түрлі: аласа жатаған (биіктігі мен диаметрі бірдей) және биік. Тұтқалары ілмек тәрізді немесе шығыңкы етіліп, бүйірінің ортасына немесе ернеуіне бекітілген, биік текше тостағандарға бүйірінің ортасында ғана болатын тұтқа тән. Көзелердің аузы тар немесе кең, түбі жайпақ және иіні ішке қарай сәл иіліңкі болады.
Ас пісіретін керамикадан табылғаны - жентектелген балшықтан қаралай күйдіріліп, алуан түрлі көлденең және тік құлақ шығарылған, қалың, жайпақ қазандар.
Үйсін ыдыстарының негізгі түрлері - жарты шар тәріздендіріліп жасалған тегенелер мен кеселер, ілмек тұтқалы текше тостағандар, алмұрт тәріздес құмыралар, бүйірі қалың тобатайлар, жапсырма құлақ шығарылған қазандар. Тұтқасы мен шүмекшесі бар шәугімдер, тікше құтылар, су таситын шүмекшелі құмыралар кездеседі.
Біздің заманымыздың басындағы керамикаға қызыл түс пен бүйірінің тіктігі тән. Кейінгі кезеңде, ПІ-У ғасырларда, түбі дөңгелек ыдыстар аз кездеседі, жайпақ түптілері көбірек ұшырасты.
Ежелгі үйсіндердің шаруашылығында емір, мыс және асыл металдарды қазып алу, қорыту және өндіру маңызды орын алды. Темірден, мыс пен қоладан еңбек құралдары, тұрмыс және табыну заттары - балталар мен шоттар, орақтар мен пышақтар, біз бен шеге, қазандармен құрбан шалатын ыдыстар, кішкене мехраптар мен шырағдандар, қару-жарақ, қанжарлар мен жебелердің ұштары және сәндік заттар - білезіктер, сырғалар мен сақиналар жасалды. Алтыннан ерлер мен әйелдер киімінің, бас киімінің және қаруының әшекейлері, көлемі мен бітімі әр түрлі қаптырмалар жасалды. Зергерлік бұйымдары - алтын, мыс немесе қола сымнан бұрап жасалған, асыл тасты алқалары бар сырғалар, қола түйреуіштер болып келеді, олардың бір шетіне құстың мүсіндік бейнесі салынады, әдетте мүсіндер ез ерекшеліктеріне барынша бейімдей жасалады /60/.
Жұқа жапырақша алтыннан сақиналар мен қаптырмалар жасалды. Соңғы үйсін дәуірі кезінде зергерлік заттарға түсті тастардан кез салу таралды. Полихромдық өнердің мұндай ескерткіштерінің тамаша үлгілері қызыл тастан түйірлеп кез салған, бедерленген алтын салпыншақтар Ақтас-2 қорымын қазып ашқанда табылды. Асыл және бағалы тастар - ақық, гауһар, перуза моншақ жасауға пайдаланылды.
Алматыға жақын жердегі Қарғалы қойнауынан табылған алтын бұйымдар ежелгі үйсіндердің зергерлік өнерін мейлінше айқын сипаттайды. Табылған заттардың ішінде айыр өркешті түйенің мүсіні салынған екі жүзік, таутекелердің он мүсіні, адамды кеміріп жатқан тышқан бейнеленген сырға, көптеген қаптырмалар бар. Бұл бұйымдардың бәрі алтыннан жасалып, перузадан өрнек салынған/61/.
Ерекше бір көз тартатын нәрсе Қарғалыдан табылған тәті. Бұл жалпы ұзындығы 35 см, ені 4,7 см екі бөлектен тұратын алтын жолақ, жолақтың жоғарғы жағына да, төменгі жағына да ені 0,5 см жиек жүргізілген. Оның ішкі беті толған күрделі өсімдік тектес ернектің ортасында тұрған андардың, құстардың, адамдардың бейнелері; бұлар қалыппен қысу әдісімен салынған. Мұнда басын артқа бұрып салынған марал, ұрғашы марал, олардың арасында ұшып жүрген құс, онан кейін үстіне адам мінген, андып басып келе жатқан қанатты жолбарыс бейнеленген; адам басын артына бұрып, қолымен ағаштың бұтағынан ұстап отыр. Онан әрі тұғырда тұрған қанатты ат бар. Тәтінің екінші жартысында жүгіріп келе жатқан аждаһа бейнеленген, оның үстінде сол қолымен аждаһаның мүйізінен ұстап алған адам отыр. Адамның үстінен қаз немесе үйрек ұшып бара жатыр. Онан соң тағы да тұғыр үстінде тұрған қанатты аттың суреті бар. Ақырында, бейнелердің соңғы тобы - ұшып жүрген құс, арқасында адам бар шауып келе жаткан таутеке, төбесінде құстар ұшып жүрген аю, олардың үстінде тағы да арқарға салт мініп алған адам бейнеленген. Адамның қолында гүл бар. Жануарлардың кездері түсті ақық пен альмандиннен салынған, денелерін оймыш-оймыш перуза жолақтарымен өрнектеген /62/.
Тәті ежелгі заман қоленерінің тамаша ескерткіші болып табылады. Тегінде тәтіде үйсіндердің діни ұғымдары мен мифологиясы бейнеленген болуы керек.
Үйсін қоғамында тоқыма, жіп иіру, тері илеу, тастан, сүйектен бұйым жасау ісі де дамыған. Жіп иіру мен тоқымашылық киіз басу, үйде жүннен киім тоқып тігуді қамтамасыз ететіндей едәуір ауқымда болған. Мата тоқу үшін қарапайым тоқыма станогы (қазақтардың «өрмегі» сияқты) қолданылған, Ақтас-2 қыстау-қонысын қазған кезде иірілген жіпті орап отыратын айқыш-ұйқыш орналаскан 4 тесігі бар сүйек қалақша табылды. Үйде мата тоқылғанын бүйірінің ішкі жағында матаның ізі қалған ыдыстар да дәлелдейді, ал олардың көп табылғаны және жалпы жұртқа мәлім екені белгілі.
Былғары ісі - жануарлардың терісін өңдеу және аяқ киім (Қызылауыз қорымының обалы қабірінен табылған былғары аяқ киімнің жұқаналары), ішік, тері шалбар мен бешпент тігу үшін тері илеу, теріден ыдыстар мен ат әбзелдерін дайындау кеңінен дамыды. Тастан еңбек құралдары - кетпен, диірмен, келі; тұрмыс заттары мен сәндік заттар - ұршықбас, мұсат, қайрақтас, түрлі-түсті асыл тастан моншақтар жасалды. Сүйектен жұмырлағыштар, жебелердің ұштары (Актас-2 қонысы) істелді, сүйек түймелер мен басқа да ұсақ заттар шаруашылық пен тұрмыста пайдаланылды /63/.
Жазбаша және археологиялык деректемелер бойынша үйсіндердің тілі мен жазуы женінде жөнді ешнәрсе жок. Біз руналык үлгідегі белгілер тырнап салынған призмалык үш қырлы тас және төрт белгісі мен сөз белгіші бар, соңғы үйсін және соңғы сақ заманына (тиісінше б. з. б. IV—III ғғ. және б. з. III—V гг.) жататын кішкенетас ыдыс табылғанын бұдан бұрын айтылды. Алайда олардың жазба ескерткіштеріне жататындығы болжам ғана және оны филологтар қуаттаған жоқ.
Оның есесіне үйсіндердің этникалык-мәдени бабалары - соңғы сақтарда беймәлім әліпбилік жазба ескерткіштің табылғаны бұлтартпайтын факт. Бұл жазуды сол тайпалар шығарып, пайдаланған деп жорамалдауға толық негіз бар.
Үйсіндерге көршілес мемлекеттер мен тайпалардағы лингвистикалық жағдай үйсін қоғамында да әліпбилік жазудың болуына қолайлы еді. Мәселен, III-VI ғасырларда Гаочан (алдыңғы чешилер) елінде қытай жазуы ғана емес, сондай-ақ түрік жазуы да, яғни «көлденең жолдармен» жазылатын жазу да колданылған. VI-VII ғасырларда мемлекетте (үйсін үйінің тармағы) тіпті түріктердің зандар жинағы болып, қылмыскерлер сол бойынша жазаланған, мұнда да жазу көлденең жазылған. Сірә, VI-VII ғасырларда Кучада түрік жазуы қолданылған болуы ықтимал, өйткені оның тұрғындары көлденең жолдармен жазған.
Үйсіндердің тілі мен жазуына ғылыми әдебиетте орын алып жүрген көзқарас негізделу дәрежесі бойынша әр түрлі, бірақ жалпы алғанда жұмыс болжамы денгейінде қала береді.
XIX ғасырдың 20-жылдарында Абель Ремюза да 1809 жылы Ертістегі үңгірден және Зыряновск руднигінің маңынан Г. Спасский тапқан руналық тоғыз жазбаны зерттей келіп, жазылуы жағынан олардың солтүстік руналарға ұксастығы бар және бұл жазуды «қытайларға үйсін деген атпен белгілі және Христос туғанға дейін 100 жыл бұрын Ертіс жағасымен Зайсан көлінің батыс жағында жаткан жерлерді мекендеген» тайпалардың қолданғаны күмәнсіз деп жазған еді.
А. Ремюзадан кейін ежелгі түркі жазуымен айналысқан шығыстанушылар мен филологтардың көпшілігі оның көзқарасын қолдап, ертедегі үйсіндердің түркі тілдес болуы мүмкін екеніне қосылды /64/.
Үйсін мемлекеті алып жатқан жер табиғи-климаттық және ландшафтық-географиялық көрсеткіштері жөнінен мейлінше алуан түрлі болған. Мұнда тау аңғарларындағы құнарлы тау беткейлері, өзендердің аңғарлары, кең-байтақ дала кеңістіктері, шөлейттер мен шөлдер де бар еді. Нақты шағын аймақтардың әркайсысындағы тұрғындардың шаруашылық қызметінің негізгі бағытын да географиялық орта анықтады. Оның үстіне түрлі аудандар адамның игеру дәрежесімен, шаруашылық қызметке тартылуымен, шаруашылыктың белгілі бір түрінің даму дәрежесімен ерекшеленді. Хорезмде, Арал өңірінде, Зеравшан аңғарында, Ташкент алқабында ертедегі және аддыңғы антик дәуірінде отырықшылық дамып, ежелгі қоныстар менкалалар қалыптасқан. Көшпелі (жартылай кошпелі) мал шаруашылығы мен суармалы егіншілікпен айналысқан тұрғындар мемлекеттік құрылым шеңберінде жарасымды біріктірілді. Бұл орайда сол шаруашылық бағыттарының өкілдері этникалық жағынан туыс еді, олардың мәдени тамырлары бір болатын /65/
Бұл қоныстар тұрғындарының шаруашылық қызметі қарапайым суландыру негізіндегі егіншілік болды. Бірақ біздің заманымыздағы алғашқы ғасырлардың өзінде-ақ, мысалы, Шыршық өзенінің оң жағалауында ірі Зах каналы (20 шақырым) қазылды, ал сол жағалауында Ханарық каналы тартылды /66/.
Жстіасар алқабында тұрақты емес оазистерді, су жайылғыш тоғандарды, көп еңбек жұмсау керек етілмейтін шағын суландыру жүйелерін пайдаланып, көлдете жайып суару түрі басым болды. Көк-Мардан алқабындағы суландыру жүйесін қосымша зерттеу Арыстың ескі арналарында топырақ үйіп бөгелген тоғандар мен бөгет салынған тармақтары суландыру үшін пайдаланылғанын керсетті, олардан егістіктер мен бақшаларға су ағатын арықгар тартылған. Жергілікті жерді зерттегенде және ескерткіштер мен олардың төңіректерінің аэрофотосуреттерін ажыратып қарағанда арықтардың іздері, плотиналар мен бөгеттердің қалдықтары аңғарылды. Кангюйдің қазылған қоныстары мен ертедегі қала орталықтарының бәрінен дәнді дакылдардың (арпа, тары, бидай) қалдықтары, бақша дакылдары (қауын, қарбыз) мен жемістердің (алма, жүзім, әрік және басқалары) дәнсүйектері табылды.
Тұрғын үйлер жанындағы зат сақтайтын жайлардан қор сақтауға арналған үлкен қыш көзелер мен ыдыстар табылды, еденнен ұра-шұңқырлар қазылған. Мәдени қабатта, тұрғын үйлердің қираған жұртында дәнүккіштер, тас диірмендер мен келілер көп. Тұрғын үйлер жанында малды қоршауда ұстауға арналғаны анық орындар кездеседі. Малдың негізгі бөлігі, сірә, қоныстан тыс жерде, ұжымдық табында ұсталса керек. Үйсіндердің қоныстарын қазған кезде үй жануарларының сүйектері көп кездеседі. Олардың ішінде ең көбі қойдың, сиырдың, ешкінің, жылқының сүйектері. Палеозоологтар елік, таутеке, арқар, киік, марал, қабан сияқты жабайы жануарлардың сүйектерін де бөліп көрсетеді. Басқасын былай қойғанда, мүйіздерден әр түрлі бұйымдар жасалған. Үйрек, қаз, бірқазан сияқты суда жүзетін құстар ауланған. Балық аулау дамыған, оны балық сүйектері мен қабыршақтарының табылуы дәлелдейді. Балықты сүңгімен түйреп, басқа да әр түрлі кұралдармен аулаған.
Осылайша өз кезегінде белгі дәрежеде үйсіндер өзінің шаруашылық мәдениетін қалыптасырып қана қоймай, белгілі дәрежеде оның қалыптасуы мен дамуына үлес қосып. Соған орай өмір сүру тіршілігін қалыптасырған болатын.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет