«Сарыарқа» газетінің тарихы
«Сарыарқаның» көтерген мәселесі: Алашорда үкіметін құру, қазақ мемлекетін жасау, жоғалған елдікті қайта орнықтыру болды. Сондай-ақ, Алашорданың Семей тобының саяси бағдарламасы да осында басылған. Ең бастысы сол кездегі қазақ қайраткерлерінің іс-қимылдарымен де осы газеттен танысуға болатын еді.
«Сарыарқа» газетінде кезінде негізінеи ел, жер, халық қамын ойлаған Ә.Бөкейхан, Х.Ғаббасұлы, Ж.Аймауытұлы, Т.Құнанбайұлы, М.Тұрғанбайұлы сияқты арыстардың жүрекжарды еңбектері жарняланып тұрған.
Бұл басылымға басқаларға қарағанда көбірек дүниелерін (өлең, әңгіме, мақалалар) бастырып, белсенді түрде қатысқан Ж.Аймауытұлы ма деген ойға келесіз. Себебі, оның «Сарыарқаның» бірінші нөмірінде «Сарыарқаның сәлемі» деген өлеңі, екінші нөмірінде «Тұр, бұқара, жиыл кедей, ұмтыл жастар!», үшінші нөмірінде «Партия» деген мақалалары мен «Ғашықтық» (Абайша), «Жынды», «Айна» атты (шағын әңгімелері мен оқшау сөздері жарияланған.
Ж.Аймауытұлының «Партия» деп аталатын мақаласында «партия» деген ұғымға жан-жақты анықтама бере келіп, «басқа жұрттың партиясының негізгі мақсұды қай жолмен болсын тұрмысын оңдауға тырысу», ал «біздің қазақтың партиясы бұл партияларға ұқсамайды, өйткені қазақ тұрмысын түзеуге, партия болмайды, — бұл бір; байлар, күштілер бірыңғай, жұмысшы кедейлер бірыңғай — одақтаса алмайды, бұл — екі; партиялар көптің қамын ойламайды, өз басының билігін, атағы, мақтану үшін таласады, бұл — үш. Ендеше қазақтың партиясы өзге жұрттан оғаш, мақсұды, шегі, тілеуі қиғаш, теріс партия», — деп тұжырым жасайды.
Жүсіпбек бұл мақаласында қазақтардың іштей тоз-тоз болып партияға бөлінушіліктерінің соңы ешқашан да жақсылыққа апарып соқпағаны, қайта ел ішін бүлдіріп, сүттей ұйып отырған ағайындарды бас жарыстырып қоюын мынадай себептермен түсіндіреді:
1. Ескі хүкімет партияны өсірмесе, өшіруге қарқ қылған жоқ, зәлім ұлықтарға құл керек болды. Болысты сүйеді, болыс — дәуірлі, ел ішінде шәкене «хан» сықылды болды. Мұндай зор дәрежеге бектік, атақ көксеген қазақ қызықпай тұрмады, малды төге берді.
2. Халықтың надандығы себеп болды. Қара халық көзі жұмулы болып, ас бергенді «мырза» деп, мал шашқанның соңынан ерді де отырды. Кеше көрген қиянатты бүгін тойса ұмыту, өз пайдасын, келешегін болжамау — қазақтың ой көзінің тарлығынан, надандығынан.
3. Партияға көмек берген нәрсе — қазақтың тұрмысы, кәсіпсіз қолының бостығы, сарнайын десе, жыны жоқ; ыңқылдайын десе, ауруы жоқ, жаны тыныш отырған қазаққа әңгіме керек. Әңгіменің яяғы тамаққа соғады, партия болмай, мол тамақ қайда? Бір күн де болса қожаңдап, «мырзаның» үйінде шіреніп, шалқиып отырып ішкен қымыз, жеген ет көкейден қайдан кетсін?!
Бұдан біздер автордың халық арасын былғаған партиядан бас тартып, бақытты болашақ үшін күресу қажет деген ниетін ұғамыз. Бұған оның «Партия басыларға баяғыдан бергілері де жетер, енді партия шығарып елдің шырқын бұзбау, жақсылық заманның тілеуінде болып, елге береке келтірер деп сенеміз»- деген сөзі дәлел.
«Сарыарқаның» бетінде Ж.Аймауытұлы сияқты елдің қамын ойлаушылардың мақалалары аз болмаған. Солардың бірі — Абай атамыздың бел баласы Тұрағұл Құнанбайұлы деп білеміз.
Басылымда бұдан басқа Әлихан Бөкейханның, Шәкәрім Құдайбердіұлының, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың және тағы да басқа халқым деп аңыраған бірталай абзал азамттардың көптеген еңбектері жарияланған.
Халел Ғаббасов 1917-1918 жылдары «Сарыарқа» газетін аяғынан тұрғызып, басылымның бұқаралық сипат алуына атсалысады. «Мемлекет күйі», «Алаш автономиясы» атты талдау мақаларында сол шақтағы күрделі саясаттың барысын, ұлттық мүдде мен елдің болашағын жүйелі сараптайды.
1917-1919 жылдары жарық көріп тұрған «Сарыарқа» газеті Халел Ғаббасовты мынадай мінездеме арқылы халыққа таныстырған: «Халел - студент күнінде-ақ ұлтшыл, жинаған білім қазынасын халыққа таратуды өзіне борыш санаған һәм сол пікірін іспен көрсете бастаған қазақтың үмітті ұлы» /«Сарыарқа» газеті, 1917 жыл/. Ұлттық басылым деңгейіне көтерілген «Сарыарқа» газеті 1917 жылдың маусымы мен 1919 жылдың ортасына дейін шығып тұрды. Бұл басылым Алашорда үкіметінің шешімдері мен қоғамдағы саяси өзгерістер туралы жұртшылықты хабарлап отырды. «Сарыарқа» газеті - қазақ оқығандарын өз маңына топтастырған сол кездегі халықтың мұңын, қоғамның саяси-мәдени өміріндегі өзекті мәселелерді өткір жазған басылым болды.
Семинария шәкірті Мұхтар Әуезов «Сарыарқа» бетінде «Адамдық негізі - әйел», «Қайсысын қолданамыз», «Оқудағы құрбыларыма» атты мақалалар жариялап, үлкен әлеуметтік мәселелер көтеріп, қаламын шыңдап, қоғамдық пікірдің жуан ортасында жүрді. «Алаш» газетіндегі әдебиет, мәдениет, өнер, отырықшылық мәселелері
“Алаш” газеті – 1916 жылғы 26 қарашадан бастап 1917 жылдың көктеміне дейін Ташкентте шығып тұрған апталық мерзімді басылым. Газеттің шығарушысы және редакторы Көлбай Төгісов пен Мәрием Төгісова.
Ағартушының «Алаш» газетінде көтерген мәселелерінің бірі – халықтың ескі мәдени мұралары- ертегілер, мақал-мәтелдер, аңыз-әңгімелер, жұмбақтарды жинастырып, еітап шығару, яғни ескі асыл қазыналарымызды халық жадында сақтау еді. К. Төгісов биліктен ғылым мен мәдениетті жоғары қояды, қаруға емес, білімге табылады.
Көлбайдың «Сорлы қыздар» деп аталатын еңбегінде әйел теңсіздігін терең ой тастап жазады. Қазақтың қыз-келіншектерінің хал-ахуалы, адамшылық дәрежесі қандай аяныш, қандай қоршылдықта екені ешбір талассыз әр адамға мағлұм. Осы күнге дейін бейшара қазақ қыздары саудагердің дүкендеріндегі кездемедей сатылып, әр адамның қолына ойыншық болып, ғұмыры гүлдей сөніп, суық қара жерге барады. Алмадай жаңа ғана басқан қазақтың жас қыздары қайдағы намыссыз біреуге кете барады. Көлбайдың қабырғасына қатты батқандықтан осы мәселеге ерекше тоқтала кеткен. Оны мына жерден көреміз: « Қыз сорлылар өздері сүйіп сондай сұмдарға бармайды, ықтиярсыз қолға салған жүзіктей сатылып кетеді. Қалың малдың алды келіп белдеуге байланған соң махаббатсыз жүрегі қара, көңілі соқыр.Ата-анасы сы қыздың көз жасына қарамайды. 15-16 жасқа жаңа шығып, сұм дүниенің дәмін татып, ыстығына күйіп, суығына тоңған, ақ жүрек, ақ көңіл қыздарды қартайған, жақсылық, жамандықтың бәріне тойған, мұздай суық, тастай қатты махаббатсыз ата-ана жеңбей қоя ма?» Осы жолдарға біз зерделей қарайтын болсақ, оның қазақтардың сол кездегі салт-дәстүріне қарсы болғанын байқаймыз. Оның көтерген мәселесі- қыз теңсіздігі. «Алаш» газетіне келіп түскен хаттарды газет бетіне жиі жариялап отырған.
Достарыңызбен бөлісу: |