Қазақстан – Zаман – халықаралық қоғамдық-саяси, танымдық газет. 1992 жылы 17 қаңтарда алғаш рет «Заман – Қазақстан» болып жарық көрді. Қазақстандағы алғашқы халықаралық басылым ретінде 2000 жылы “Казмедия” ЖШС компаниясының құрамында қайта құрылып, “Қазақстан-Zaman” болып өзгертілді. Аптасына бір рет, 12 беті қазақ тілінде, 4 беті түрік тілінде шығады. ГазеттеҚазақстандағы саяси, әлеуметтік, экономикалық, танымдық тақырыптармен бірге халықаралық жаңалықтар беріліп тұрады. Газет Қазақстан мен Түркия арасында ақпараттық байланыс орнатуға елеулі үлес қосып келеді. Құрылтайшылары: Түркия жағынан – Айдын Эрдем, Қазақстан жағынан – Нұрлан Оразалин. Республикамыздың барлық аймақтарына тарайды. 1992 жылы жарық көрген басылымның ең алғашқы санында «Қаламгер ой толғайды» айдарымен Әбіш Кекілбайдың «Ту тұғыры берік болсын десек...» атты материалы басылып, онда жазушы ұзақ ғасырлар бойы қазақ халқы аңсап келіп, енді ғана қол жеткізген тәуелсіздіктің тұғырын бекемдеп, ұлт шаңырағын биіктетудің мүдде-мұддағасы жайында басқаларға ой салар толғамдарын ортаға салған.