Kaзipгі таңда Советтер Одағында болып жатқан қилы-қилы саяси және құрылымдық



бет3/5
Дата29.01.2017
өлшемі0,95 Mb.
#8155
1   2   3   4   5

М.Қозыбаев: – Сіздердің патшаның отарлау саясатын өшкерелейтін деректерді мысалға келтірулеріңіз орынды, Тарихымыздағы ақтаңдақтар әлі де дұрыс көрсетіліп, ез бағасын алмай отыр. Қайта жаңару дәуірінде біз, совет ғалымдары, ұлт-азаттық қозғалысының тарихына, аз ұлттардың Россияға қосылу тарихына диалектикалық түрғыдан қарауды қалаймыз.

Қазақстанның Россияға қосылуы сан салалы құбылыс. Осы тарихи процесс барысында жан-жақтан таланған, қыспаққа түскен халықтың күшті, іргелі елден баспана сұраған кезі де болған, сонымен қатар, европалық шеңберден шығып, азиялық отарлы елге айналған Россия империясы күш көрсетіп, әскери күш жарақтап, сан жорыққа шығып, қазақ елін шауып алған кезі де жоқ емес. Орал тауынан асып, басыбайлықтан, зорлық-зомбылықтан қашып, баспана, күн-көріс қаракетін ойлап, босып келген орыс шаруаларының көрші елдерге, оның ішінде, қазақ жеріне қоныс тепкені де рас. Совет тарихшылары бұл процесті халықтық отарлау деп те атайды. Ендеп, бойлап, жаулап алған елдің байлығын игеру, халқын орыстандыру, христиандандыру, тарихи есінен айырып, өзінің үзбей сорып-еміп жатар отарына айналдыру, одан қалды, ен байлықты игеру – шын мәнінде сатыланып, қат-қабат болып, бірте-бірте үстемеленіп келетін шытырман астарлы процесс деп тануымыз абзал. Сөз жоқ, шығыстағы құрттай қаптаған қытайдан, дамуы азиялық шеңберден шыға алмай қалған деспотиялық Бұхара, Хиуадан, Жақын шығыс арқылы Орта Азия және Қазақстанға енуді арман еткен ағылшын отаршыларынан ежелден көрші, аралас-құралас болған орыс еліне қосылудың ұтымды жақтары ерекше екендігін айтпасақ та болады.

Біз, совет тарихшылары, Азия, Африка, Латын Америкасы халықтарының ұлт-азаттық қозғалысын дәріптеп келеміз, шындығында да құлдар көтерілісі, шаруалар көтерілісі, ұлт-азаттық көтерілісі, жұмысшы табының социализм үшін күресі – езілген таптың, езілген халықтың бостандың үшін, азаттық үшін, болашақ жарқын өмір үшін күресі емес пе? Ендеше, осы біртекті, біртипті революциялық процестен Россияны бөліп алып, басқаша қарау керек пе деген сауал тұрады.

Известияның «Неделя» атты қосымша апталығының 1990 жылғы №7-санына қараңыз. Онда «Обозревая прошлое Отечества: к истории Российской империи» деген көлемді мақалада (авторлары: тарих ғылымдарының докторы В.Виноградов, СССР Сыртқы істер министрлігінің тарихи-дипломатиялық басқармасының орынбасары В.Филатов) Россия империясының отарлы ел болғандығына күмән келтірді. «Сказать, что при Петре I Россия прочно встала на путь колониальной экспансии по примеру других колониальных имперйй — Британской, Испанской, Голландской и других — значит упрощать отечественную историю, закреплять в сознании ныне вновь часто повторяемый стереотип о поведении России как типично колониальной, имперской державы. Попробуйте ответить в этом случае на самый, казалось бы, простой вопрос: какие колонии в полном смысле этого слова приобрела и имела Россия тогда и позже? В отношении Британии, Испании, Голландии, Франции и некоторых других ответ труда не составляет. А в отношении России?» (Неделя, 12-18. 11.1990)

В.Виноградов, В.Филатов Россияның құрамына кіру барысында ара-гідік «орыс қаруы» қолданылғанын мойындапты. «Но в объясиениях этого, на наш взгляд,— депті авторлар,— нередко делается капитальная историческая ошибка: Россия, мол, просто расширяла свои колониальные владения, покоряла все окружающие народы силой, порабощала их, несла им гнет крепостничество».

Басқаша айтқанда, Бұл, В.Виноградов пен В.Филатовтың сталинизм дәуіріндегі көзқарастан бір тұтам да шегінбегенін көрсетеді. Сөйтіп, олар патша өкіметі мен орыс халқының арасына тепе-теңдік белгісін қояды, баяғы ұлы державалық шовинистік позицияда қалып отырғанын танытады. Шын мәнінде Қазақстан Россияға отар болмады ма?



В.И.Лении «Империализм капитализмнің жоғарғы сатысы» деген еңбегінде: «колониальная политика и империализм существовала и до новейшей ступени капитализма и даже до капитализма» (ПСС, т. 27, с. 379) – деп көрсетеді, Шын мөнінде Россия XVI ғ. екінші жартысында Сібірдің, XVII – XVIII ғ. Қазақстан мен Кавказдың біраз жерін өзіне қосып алды. 1876 ж. ұлы империалистік елдердің (Англия, Россия, Франция) отарлық системасы 273,8 млн. халқы бар 40,4 млн. шаршы км. жерді қамтыды. Осының ішінде Россияның 15,9 млн. халқы бар 17 млн. шаршы км. отарлары болды, Ал В.И.Лениннің есебі бойынша 1914 ж. қарсаңында Россияның метрополиясында 5,4 млн. шаршы км жері, 136,2 млн, халқы болды, ал отарларында 17,4 млн. шаршы км., онда 33,2 млн. халық мекендеді, (ПСС. т. 26, с. 314, т. 27, с. 377), Россияның отарларына В.И.Ленин Сібірді (оның құрамында Қазақстан), Орта Азияны, Хиуаны, Бұхараны, Кавказды жатқызды (В.И.Ленин ПСС, т, 28, с. 518). Бұл отарлар Россия империясы жерінің 76,3 процентін, халқының 19,6 процентін алатын-ды. Кавказ бен Қазақстан елі басыбайлылық үстем болған кезден отарланды, ал Орта Азия (оның ішінде ұлы жүз), Хиуа, Бұхара капитализм кезінде сол күйге түскен-ді. Отарлық қанау феодалдық, капиталистік қанаумен қат-қабат астарласты. В. И.Лениннің айтуы бойынша, отарлау барысында, жүздеген процент үстеме алатын «алғашқы қорлану» (первоначальное накопление), отарланған шаруаларды қанау-талау айтып жеткізгісіз дәрежеде жүргізілді. Отарланған елдің дамуы баяулады, тоқырады, «Возможность угнетать и грабить чужие народы укрепляет экономический застой, ибо вмес то развития производительных сил источником доходов является нередко полуфеодальная эксплуатация «инородцев» (ПСС, т. 26, с. 318). Мұндай ғылыми дәлелдерді көптеп келтіруге болады. Алайда, XIX ғасырдағы қазақ тарихының проблемаларымен тікелей айналысып жүргендіктен де, сөзді, Жәке, өзің жалғастырғаның дұрыс-ақ деймін.

Ж.Қасымбаев: – Романда XIX ғасырдың 20 – 30-шы жылдарындағы патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы күресті басқарған Абылай немерелерінің бірі – Саржан Қасымұлының тарихи бейнесі мен оның төңірегіндегі қазақ руларының патша жазалау әскерлерімен алғашқы қақтығыстарына біршама көңіл бөлінген. Әсіресе, сұлтан Саржанның Көкшетау өңірі мен Ұлытаудан басталған көтерілісінің патша жазалаушы отрядтарымен ұрыстарда шегініп, Орта жүздің оңтүстік іргесіне жақындау себептері, өз руластарымен Қоқан хандығына баруы – тарихи деректерді білгірлікпен пайдаланғандықтың дәлелі. Алайда, тым тартымды шығармада 1836 жылы Кенесарының туыстары, Қасымның ұлдары – Саржан мен Есенгелдінің Маделіхан мен Ташкент құшбегі Беглербектің қолынан қаза болуы тарихтан хабары тайыздау оқырмандар үшін біржақты көзқарас қалыптастыратын тәрізді. Біздің пікірімізше, бұл жердегі жағдайды Қоқан, Бұхара феодалдық иеліктері мен қазақ ақсүйектерінің арасындағы бақталастықпен, немесе Қазақстандағы Шыңғыс тұқымдарының әлсіреуімен ғана түсіндіру жеткіліксіз. Тарихи жағынан алып қарасақ, тіпті Саржан мен жақтастарының қазақтармен ғасырлар бойы шайқасқан Қоқан бектерінен қолдау табуға тырысуы – өзін ақтамаған қате шешім. Қасым сұлтанның ұрпақтарының ажалы Кенесарының Қоқан бектеріне деген өшпенділігін күшейтуге, кейін Қоқан тепкісіндегі қырғыз жеріне басып кіруіне де себепші болуы ғажап емес. Әрине, қырғыз жеріндегі, басқа оқиғаларды Кенесарының өз хандығының иелігін кеңейту арманы түрғысынан да түсіндірген дұрыс.

Кенесары қозғалысының қарсаңындағы қазақтардың патшалық Россияның отаршылдық саясатына қарсы бағытталған қозғалыстарының бірі – Жоламан би Тіленшіұлы тобының күресі. Алайда, Қасым төренің ұлдары, негізінен, хандық билікті қалпына келтіріп, отаршыл патшалық Россиядан дербес болуды көздесе, Жоламан бидің мақсаты: Жаңа-Елек (Илецк) әскери шебінің салынуына байланысты қазақтардан тартып алынған жерді қайтарып алу еді. Патша әскерлерінің қысымынан Ор-Троицкі бекіністерінің маңайын тастап, Торғай өзені бойына көшкен қазақ руларының мал жаюға жер таба алмай, Орта жүздің солтүстік батыс өңірінде ірі көтеріліс ошағының қалыптасуын тездетті. Бекіністерге шабуылдар жасаған, Орта Азияға Еділ, Сібір Орал өңірінен керуендерді тонай бастаған көтерілісшілерге Қоқан, Бұхара билеушілерінің наразылығы түсінікті еді. Кенесары қозғалысының алғашқы және соңғы кезеңіндегі оқиғаларды дұрыс түсіну осы аталған көтерілістердің тағдырымен байланысты. «Қаһар» – тарихи роман. Жоғарыда көрсетілгендей, көркем шығармада бұл жайларды тарихи дәлдікпен сипаттаудың қажеттігі де болмады. Ал, осы қозғалыстардың Кенесары көтерілісіне алғы шарт болғанын ұмытпағанымыз жөн.

XIX ғасырдың бірінші жартысы Қазақстандағы шаруалар көтерілісі үшін ерекше кезең. Патша үкіметінің отарлық саясатына қарсы бағытталған көтерілістердің бір дәуірде (XIX ғасырдың 20 – 50 жылдары) болғанына қарамастан, олардың арасында өзара байланыс болмауын қалай түсіндіруге болар еді деген сауалдарды да біз жиі естиміз, Шындығында, Бөкей ордасын қамтыған Исатай, Махамбет басқарған 1836 – 1838 жылғы көтеріліс пен Кенесары қозғалысы шамамен алғанда, бір мерзімде басталды. Біріншісі – 1836, екіншісі – 1837 жылы. Бөкей ордасындағы көтеріліс 1838 жылдың июль айында Ақбұлақ түбіндегі шайқаспен аяқталса, Кенесары қозғалысы 1847 жылы көктемде қазіргі Тоқмақтың маңында Майлытөбедегі ұрыспен тынды. Бөкей ордасындағы көтеріліс көсемдерінің бірі, басты дем берушісі ақын Махамбет 1846 жылы 42 жасында Баймағанбет Айшуақовтың жендеттерінің қолынан опат болса, сұлтан Кенесары 1847 жылы 45 жасында қырғыздың манабы Орман, оның жағына шыққан Дулат руының билері Сыпатай мен Рүстемнің қолынан қаза болды. Бір-біріне жақын, ойландыратын жәйттер емес пе. Алайда, бір дәуірде, шын мәнінде бір ұранның туы астында, бір қазақ даласында болған осы көтерілістердің басы неге бірікпеді деп – сауал беру жөн. «Қаһарда» жазушымыз мұны қазақ халқының арасындағы ала ауыз ру тартыстарынан көреді. Мүмкін, жүз арасындағы, рулар арасындағы, онсыз да патша үкіметінің саясатынан тарыла бастаған жайылым үшін тартыс, белгілі дәрежеде, үш жүздің арасындағы бірлікті әлсіреткенін мойындағанымыз жөн. Десе де, Россия тарихындағы бір кезеңде лаулаған шаруа соғыстары (басқаларын айтпағанда) өзара бірігіп қимылдамаудың салдарынан да жеңіліс тауып отырмады ма? Мысалы, 1773 – 1775 жылдары қазақ жерінде, Бөкей ордасына жақын ауданда басталған, қазақтар белсенді қатысқан шаруалар соғысы.

Пугачев көтерілісімен қатар Дон казактарының да толқуы Екатерина ІІ үкіметін қатты абыржытты. Петербург билеушілерінің «бақытына» қарай Дон мен Жайық арасында байланыс болмады. Бөкей ордасы мен қазақ жерінің басқа аудандарын қамтыған екі көтерілістің арасында байланыс болмауы – қазақ жүздерінің экономикалық және саяси жіктелуінде. Сонымен қатар, Кенесарының өзін қолдамаған ауылдарды аяусыз ойрандауы, Россияға беріктігінен айнымаған қазақ шонжарлары ауылдарының Кіші жүз шекарасына, орыс бекіністерінің қолтығына ығысуы да батыс аудандардағы қазақтарды еріксіз ұстап қалды. Екіншіден, Бөкей ордасы мен Орта жүз арасында XIX ғасырдың басында тұрғызылған әскери шептер көтерілістің ірі екі ошағының бірігіп қимылдауына мүмкіндік бермес еді. Ақ киізге салып, хан көтерілген Кенесары мен старшындар – Исатай, Махамбет өзара ортақ бағытты ажыратуы, түсінісуі екі талай нәрсе екендігін аңғару қиын емес.

Тағы да бір ойланарлық, шешуін таба алмай жүрген мәселе – Кенесарының көтеріліс басталғаннан кейінгі Россиямен байланыстары. «Қаһарға» қарағанда, көтеріліс тек ел-жерін қорғаудан туды. Кенесары өзі хандыққа ұмтылғандықтан, Россиямен келісімге келмеді деген ой бірнеше рет қайталанады. Солай ма екен? Иә, патшаның отаршыл тырнағынан қазақ жерін аулақ ұстау мақсаты объективті түрде: Кенесарының жеке басының беделін көтерді, қозғалысқа бұқаралық сипат берді. Кенесарының хандық таққа ұмтылуы Россиямен байланысты шиеленістірді – деген қорытынды, шындықтан алшақтау жатыр. Жоғарыда Кенесарының 1839 жылғы – патшаға, Батыс сібір генерал-губернаторына екі хатынан үзінділер келтірдік. Қазақтардың бір бөлігінің өзін қолдамайтындығына көзі жеткен Кенесары көздеген мақсатына келіссөзбен, дипломатиялық жолмен жетуге тырысқандығын көрсететін деректер аз емес. Алайда, патша үкіметінің түпкілікті мақсаты – Орта жүз арқылы Жетісуға, Оңтүстік Қазақстанға жету, ағылшындарды Орта Азиядан ығыстыру болса, бұл Кенесарының дербес хандық құруына еш мүмкіндік бермейтіндігі анық еді. Бұл тұрғыда: «Кенесары майданды ашпас бұрын, патша әскерімен таласты соғыссыз шешпек болып қолдан келген амалын аяған жоқ» – деп қорытындылауда негіз бар.

Ғ.Ахмедов: – Кенесары Орынборға қарасты жерлерге көшіп келгенімен де, Сібір жағынан шыққан әскерлер бұл жерлерге де келіп, Кенені іздеп қолға түсіре алмаған соң, жол-жөнекей жай көшіп жүрген елдердің талайын талап, олжалапты. Орынбор губернаторынан ел ішіне шыққан коллежский советник Ларионов деген кісі жоғары Шекті биі Мусинге және басқаларына жазған хатында: «В мае месяце сибирским отрядом разбито 17 аулов киргизов табынского рода, ведения бия Байкадама на Каракуме около речки Каргалы, при чем перебито много киргизов, детей и женщин и разграблены у них весь скот и имущество. После того, в скором времени, опять разбито 30 аулов киргизов чумекеевского рода, приверженных бию Сармаку, кочевавших на Каракуме, где так же били людей беспощадно. Ныне Сибирьский генерал-губернатор князь Горчаков предписал полковнику Гейсу возвратить ограбленный скот, имущество и отпустить задержанных двух киргизов... Предлагаю вам, почетным биям, если вам известно, то уведомить меня: 1) сколько именно было убито киргизов, женщин и детей, сколько взято в плен, сколько ограблено скота и сколько взято имущества, и 2) возвращен ли скот и имущество и отпущены ли взятые в плен киргизы». («Вестник Европы», 1870, т. V)

Тек Сібір жағынан ғана емес, Орынбордан шыққан отрядтардың да көбінің істейтіндері осындай. Орынбордан Кенесарыны іздеп шыққан Лебедев деген қазақтың ақсақал-билерін шақырып алып, Кененің қайда жүргенін, оны қалай ұстауға болатынын сұрастырғанда, әлгі адамдардың сөзіне сенбесе, оларды бас салып сабайды екен.

Әрине, қолында қару-жарағы жоқтың қасы Кенесарының патшаның «мұздай темір құрсанған» әскеріне табанды қарсылық жасауы қиын еді, көбіне қаша ұрыс салып жүрген, сөйтіп патша әскерлері оны қолдарына түсіре алмай қойған. Бірақ та Омбыдан шыққан әскерлер оның туыстары мен Күнімжан деген әйелін ұстап әкеткен.

Кенесары Орынбор жеріне келгеннен кейін өзінің патшаға қарсылығын қоятыны, сөзсіз бағынатыны жөнінде хат жазып, мәмілеге келуге тырысқаны белгілі. Бұған Орынбор ұлықтары сенгенімен, Сібір губернаторы Горчаков сенбеген. Осы жөнінен екі ұлықтың арасында біраз алакөздік те болған, екі жақ бірін-бірі айыптап Петербургке талай хат та жазған. Перовский вице-канцлер граф Нессельродеге жазған хатында: «Көтерілісші сұлтан Кенесары Қасымовтың осымен бірге жіберіліп отырған хатынан, оның сөз жоқ патша ағзамның мархабатынан үміт ететініне, егер де өткен (1840) жылы бұрын қарсылық еткен қазақтарға жариялаған патша ағзамның рақымшылығы оған да берілетін болса, тиісті өкімет орындарына бағынуға дайын екеніне өзіңіздің мәртебелі көзіңіз де жететін болар... Оны қудалағанда тек жазықсыз ауылдарды тонағаннан басқа нәтиже шықпас еді, ал сұлтан бұрынғысындай, өзінің жақындарымен қалай да қашып құтылып кетудің амалын табар еді» – дейді («Вестник Европы», 1870, т. IV).

Кенесарының патшаға қарсы күресуіне жоғарыда айтылғандай, өкіметтің зорлық-зомбылығы себеп болғанымен, оның өзінің көздегені, әрине, баяғы хан заманын орнатып, елге өзі хан болу екені анық. Ол өзіне бағынбаған руларға қарсы күш жүмсап, талай елге зәбір берген. Мысалы, Жаппас руымен жақын болу үшін сол елдің бір белгілі адамының қызына үйленеді, бірақ кейін ол ел өзіне қосылмаған соң, әлгі алған әйелінің мұрнын кесіп үйіне қайтарады. 1843 жылы Шекті елінің Назар руының бір белгілі адамының сұлу қызын сұратып Баубек деген құлын жібереді. Назарлар бұған арланып, әлгі адамның үйіндегі жас күңін киіндіріп беріп жібереді. Кейін Кенесары бір топ адаммен сол елді шабуға барғанда, жеңіліп қайтып, жолда Тілеу руының ауылдарын шауып, көп мал мен сегіз қыз, бір келіншекті алып кетеді. Сонда Кенесары Назар руының адамдарына мынадай хат жіберіпті: «Әбұлмұту уә әлмансур әбұлғазы Кенесары хан. Сізки Байтөре биге уә Бажық биге уә Қызыл биге уә Елқонды биге уә Мусылман биге уә Қаракүшік биге уә жамиғы Назарның яхшылариға уә мырзалариға сөз шолкүм, худайның тағдирі болып бізнің біраз мұнша кішімізнің қаны сізнің мойыныңызда ирді, ол қылған ішіңізден тәуба қылып, бізні хан біліп, өзіңіз қарашы болып бізнің білән ярашар деген ниетіміз бар ирді. Сіз худайдан қорқып әруахны сыйламадыңыз, сізнің кәсафатыңыз қарындашыңыз Тілеуні ұрды.

Әгәр бұрынғы ішләріңізден тәуба қылып қайтсаңыз, яхшыларыңыз бізнің алдымызға келіңіз, бізнің миһірбанлығымыз сізләрга көпдүр. Әгар келмәсаңыз, біз отыз яшқа келіпміз, сізні хүдадан тілеп енді отыз йыл яулармын инша алла тағала. Сізлөрға Баубек құлымызны йібәрдік, һар біз ағыз тілінә бауыр қылық (мүһір)». Міне осындай істеріне қарағанда, Кенесарының да құдай сүйер қылығы жоқ.

Ал екінші жағынан алғанда, сол заманда патша өкіметінің елді отарлауына қарсы күресті осылар сияқты ел басқарған адамдар бастамағанда, кім бастайды? Кенесары сол өз заманының перзенті, елдің бас көтерген адамдарының бірі. Орыс тарихында да шет ел басқыншыларына, мысалы, тевтон рыцарьларына карсы күресті князь Александр Невский, монғолдарға қарсы князь Дмитрий Донской басқарды, поляктарға қарсы қасапшы Минин мен князь Пожарский қайрат көрсетті. Сондықтан Кенесарының хан болу үмітін қазіргі заманның өлшемімен, «тап күресі» тұрғысынан қарауға болмайды, ол заманда тап күресінің иісі де сезілмеген, қалың елдің ұғымынша, ел-жұртты хан басқаруға тиіс болған.

Кененің ағасы Саржанды, Есенгелді, Әлжан сұлтандарды қоқандықтар өлтірген, оның үстіне, Ташкенттің бегі (Ташкент Қоқанға қараған) Кенесарының әкесі Қасымды алдап, оның өтініші бойынша азын-аулақ адаммен қару-жарақ жіберіп, хан ауылын алдарқатып, соңынан көп әскер жіберіп түн ішінде қаперсіз жатқан хан ауылын шауып, Қасымды өлтірген. Кенесарының ауылы бөлек екен, ол сондықтан ғана аман қалған. Кенесарының Қоқанға жасаған шабуылын бұл жағынан ақтауға болады.



Т.Жұртбаев:— Сіздердің бұл пікірлеріңізге қосымша мынаны айта кетейін. Егер де Сібір генерал-губернаторы Горчаков та Орынбордағы әріптесінің саясатын қолданғанда, көтерілістің басқаша арнамен дамитыны анық еді. Алайда, Горчаков қалайда Кенесарыны құрту мақсатымен қарулы арандатуын тыймады. Оған мына хат айғақ болады (Ескерту: бұл кезде Перовскийдің орнына Обручев келген):

«Орынборға жаңадан келген генерал мырзаға Кенесары Қасымовтан. Өткен 1939 жылы Орынбордың генерал-губернаторы мен генерал Генс Жоғарғы Мәртебелі Император Ағзамның бізге кешірімін жариялаған болатын және онда біздің барлық күнәларымыз кешірілді – деп еді. Біз мұндай мейірмандыққа шын жүрегімізден сеніп ұрысты тоқтаттық та, қылышымызды қынына салып, Мәртебелі Ағзамның жерінде тып-тыныш көшіп-қонып жүре бердік. Ақпан айының жиырма бесінде аға сұлтандар Баймұхамед, Арыслан және Ахмед үшеуі үш жақтан бізге шабуыл жасады, біздің қорғанысымызды бұза алмағандықтан, кері қайтып кетті. Патша Ағзамның кешірімін бұзбас үшін олардың бұл мазағына көндік те, ешқандай оқ шығармадық. Ал наурыз айының 21 күні Омбы облысынан шыққан жазалау отрядының бастығы Сотников біз аңға кеткенде ауылымызға шауып, тонап әкетті. Бірнеше адамымызды өлтірді және сұлтанша Күнімжанды өздерімен алып кетті. Олардың қасында Алтай болысының старшинасы Аққошқаров Сейдалы, сұлтан Қоңырқүлжа Құдаймендин болды. Бұл туралы Орынбордағы ұлықтарға хабар беру үшін Ырғыз бойына көшіп келдім. Бірақ майор Лебедев пен аға сұлтан Ахмед менің қарауымдағы Байқадам батырды тұтқынға алды, Осыдан кейін мен: «Тек жалғыз Құдайдан ғана рақым күту керек екен, ал орыс ұлықтарынан мейірім күтіп жарымайды екенбіз» – деген ойға келдім де, өзімше әрекеттеніп бақтым. Орынбордың бұрынғы ұлықтарынан үмітті үздім. Бірақ Сіздің келгеніңізді естіп жай-жапсарымды айтып, өтініш етіп отырмын. Бұрынғы ұлықтардан жақсылық көрмеп ем, ал Сізден қайырым күтемін. Егер де сіз Император Ағзамға тұтқындағы біздің адамдарды босату тұралы өтінішімізді жеткізсеңіз, онда сіздің де көңіліңіз кірден арылып, орыс пен қазақтың көз жасын тыйған болар едіңіз. Егер де сіз мұны жүзеге асыратын болсаңыз, онда мен Сіздердің барлық тілектеріңізді орындауға әзірмін».

Кейін Генстің күшімен Күнімжан сұлтаншаны қайтарғанымен де, жазалау шараларын үдете түсті. Талызиннің, Лебедевтің, Вишневскийдің, Ахмет Жантөриннің, Бизановтың, Дуниковскийдің дивизияларын қазақ даласына аттандырды. Бұрынғы губернатор Перовскийдің өзі бұған қарсы болып: «Менің ойымша, Обручев Кенесарының іс-әрекеттерінен бекер сескенеді және олардың сөзіне сенбеуі де жөнсіздік. Оның естігендерінің барлығы да қазақтардың арасындағы жай лақап және онда ешқандай шындық жоқ. Менің пайымдауымша, экспедицияның жоспары үстірт және отрядтың құрамы дұрыс жасақталмаған. Олардың жүзеге асырмақ болған шараларының сәтсіздікке ұшырайтынын және әр түрлі қолайсыздықтарға ұрынатынын мен алдын ала біліп отырмын» – деді. Оның бұл сөзі расқа шықты. Әрине, ол кезде Перовский Николай патшаның: «Бір патшалықта екінші патшаның өмір сүруі мүмкін емес» – деген жарлығын білмейтін. Ол жоспар бойынша Кенесарыны қалайда қанға батырып, жазасын беру керек еді.

Бұл бұйрық орындалды. Бірақ қандай тәсілдермен жүзеге асырылды десеңізші. Ол үшін ағайындас халықты бір-біріне айдап салды. Ырғыз, Елек, Ұлытау, Торғай бекіністерін салған соң Кенесарының барар жер, басар тауы қалмай Жетісуға шегінді. Кейбір тарихшылардың айтып жүргеніндей, Кенесары бұл өңірге баса-көктеп кірген жоқ. Алдын ала үйсіннің төресі Рүстем сұлтанмен, Пішпектегі Қоқанның құшбегі Әлішермен және қырғыздың манаптары Орманмен, Жантаймен келісіп, рұқсатын алды. Арада елші боп кейін Кенесарының басын Горчаковқа табыс еткен Қалықұл бидің өзі жүрді. I.Есенберлиннің «Қаһар» романында Жетісу өңіріндегі оқиға Кенесарының түсі арқылы беріледі де, Досқожаның қоштасуымен аяқталады. Ал М. Әуезовтің «Хан Кенесі» тікелей осы оқиғаны суреттегенімен, тарихи тұрғыдан талдамайды. Тек тағдырдың тәлкегіне түскен Кенесарының жеке басының қасіретін көрсетеді. Сол кездегі Россия мен қазақ даласы, қырғыз бен Қоқан хандығы арасындағы мемлекетаралық саясат қандай еді? Кенесары неге үш бірдей майданда соғысуға мәжбүр болды?



Р.Бердібаев: – Қалай дегенмен де, Кенесары мен Наурызбайдың туысқан халық қырғыз шебіне келіп, өктемдік жүргізуге ұмтылуы олардың қателігі деп саналуы тиіс. М.Әуезовтің «Хан Кене» пьесасында мәселенің дәл осы тұрғыдан суреттелуі аса бағалы тұсы болып табылады. Өйткені, бейбіт жатқан көрші елді өз ықтиярынсыз бағындыру әрекетін ешқандай да «азаттық» идеясымен ақтауға болмайды. Қырғыз елшісі Жаманқараның: «Уай, төрем, енді аса берме, қырғыз да қыруар ел. Бір сенің басыңа бақ пен атақ әпереміз деп қалың елдің кәрі-жасы сорлай алмайды» (Аталған кітап. 343-бет) деген сөздерінен осы жағдай анықтала түседі. Қырғыз халқының достығын іспен емес, күшпен аламыз дегендіктері Кенесарының ақырғы ағаттығы десе болады. Әрине, әрбір оқиғаның өз логикасы бар, қырғызбен қырбайлыққа барған эпизод қанша қажетсіз, қанша ауыр бола тұрса да, ол халық қозғалысының одан бұрынғы ондаған жылға созылған тарихын жоққа шығара алмайды.

«Хан Кене» пьесасында бірталай көркем бейнелер жасалған. Бәрі де тарихта аты белгілі адамдар. Олар шығармада келтірілген ситуацияға кезекті жерлерінде араласып, өз орындарында көрінеді. Қаһармандардың қай-қайсысы да қайталанбас мінез иелері болып сипатталады. Мәселен, Наурызбайдың асқан батырлығына кейде сүйінсек, кейде орынсыз ожарлығын қабылдай алмаймыз. Оның өз алдына ешбір батырды жібергісі келмейтін іштарлығы, әулеттік ескі ырым-салттардың ауқымынан шыға алмайтын біржақтылығы, айласын ашуы басып кете беретіндігі, Кенесарының терең ойластырылған істеріне қырсық келтіргендіктері пьесада нанымды бейнеленген. Әскербасы ретінде Кенесарының сенімді серіктерінің бірі болып көлген, Бұғыбай батырдың сын сағаттарында жан сауғалап кеткен табансыздығы да, Рүстем, Сыпатай сынды ру басылардың өздерінің жеке мүдделерін көздеп, алмағайып шақтарда Кенесарыдан жалт беруі де сенімді суреттелген. Ең ғажабы сол – суреткер М.Әуезов қаһармандардың іс-әрекетіне көлденең үкімші болмай, оқиға мен мінез дамуын табиғи өз ауанына жіберіп отырады. Драмашы шығарма ситуациясын қалай да бір төте тұжырымға байламай, шындықтың шырайын жан-жақты ашады. Пьеса осындай «тәуелсіз» қасиеттерімен қүнды.



Калай болған күнде де, М.Әуезов Кенесары қозғалысының сыры мен шынын, биіктігі мен қайшылығын жан-жақты елестете аларлық шығарма жасап, қаншама тарихшылар мен публицистерден көш ілгері озып кеткенін көреміз. Кенесарының соңғы монологінде ол бастаған қозғалыстың өрі мен ылдиын, мәні мен нәтижесін ұқтыра аларлықтай тебіреністі сөздер берілген. Оның: «Жерім таусылды. Өріс тарылып болды ма деймін... Кім қажымай еруге шыдады? Мені қайрат алған жоқ. Кескілесіп қарсыласқан жауым да емес... Сырттың күші жығатын болса, әлдеқашан жықпас па еді?.. Мені іштегі дерт жығып отыр... Өңшең азғын, арамбездері. Солар ала қылды, солар адастырды елді де. Менің күйігім де, ажалым да солардан.., Бірақ мені жыққан сол жауыздар жұртты қоса жыққанын ұға ма екені» – деген сөздері өз замандастарына ғана емес, кейінгілерге де қойылған сұрақ секілді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет