Kaзipгі таңда Советтер Одағында болып жатқан қилы-қилы саяси және құрылымдық



бет5/5
Дата29.01.2017
өлшемі0,95 Mb.
#8155
1   2   3   4   5

Ж.Қасымбаев: Әрине, Рахаңның «Қаһар» романын әдеби тұрғыдан талдауы орынды. Дегенмен, бізге қойылы отырған сауалдың бірі – Кенесары қозғалысының сыр-сыпаты ғой. Қазіргі пайдаланып отырған деректеріміз және осы проблеманың біздің күндеріміздегі зерттелу барысы он жылға дерлік созылған көтерілістің сыр-сыпатын толық ашуға, оның жеңілу себептерін терең көрсетуге мүмкіндік бермейді. Қолымыздағы мәліметтерге сүйеніп, осы мәселенің басын ашуға тырысайық. «Қаһарды» оқығанда көтерілістің жеңілу себебі қазақ феодалдарының арасындағы кикілжің деген ой қалыптасуы мүмкін. Иә, Рүстем төре мен Сыпатай Әлібековтың Майтөбе түбінде опасыздық жасап, манап орман Ниязбеков жағына шығуы, Кенесары сарбаздарының моральдық рухына да, әскердің қарсыласу күшіне де ізін қалдырмай қоймайды. Сұлтандардың бір бөлігі: Арыстан, Ахмет Жантөриндер, Қоңырқұлжа Құдаймендин, Тұрлыбек Шыңғысов – көтерілістің басында-ақ патша жағына шықты. 1844 жылы 21 июньде Кенесарының басты күшінің Жантөрин әскерін талқандап, бір шайқаста 44 сұлтанды өлтіруі Россия жағын берік ұстаған феодалдардың Кенесарыға деген өшпенділігін күшейтті, Кенесарының өзінің соңынан ермеген ауылдарды аяусыздықпен ойрандауы тыныштықты көксеген қазақ руларының көтерілістен алшақ тұруына әсер етті; Қоқанмен, қырғызбен, өзінің ел ішіндегі қарсыластарымен он жыл толастамаған қанды күрес елді титықтатты, ал Кенесарының соғыс шығынын жабуы үшін жинаған салығы көтерілісті қолдаған ауылдардың өз ішінде қобалжу туғызды; Қазақстанның ең маңызды аудандары Россияның құрамына кіріп үлгерген жағдайда Кенесарының басты мақсаты – Қазақстан шеңберінде біртұтас феодалдық мемлекет ққру мүмкін емес еді. Анталаған Қытай, Қоқан, Хиуа, Қырғыз феодалдары (Россияны айтпағанда) бір орталыққа бағынған қазақ хандығының құрылуына мейлінше қарсылық көрсетті.

Т.Жұртбаев: – Әрине, Кенесары қозғалысының барлық мәселелерін түгел қамту бір әңгіменің көтере алатын жүгі емес. Дегенмен, осы «қилы заман» кезеңіндегі оқиғаларға баға беру барысында: «Россияға қараған аз ұлттардың тарихы – Россияның белінбейтін тарихы. Сондықтан да Кенесары сияқты қарақшыларды тек қана жазғыру керек. Ол ұлтшылдықты оятады»,– деген пікірлер анда-санда қылаң береді. Егер бұл пікір бұдан біраз уақыт бұрын айтылса, уәж білдірмес те едік. Бірақ дәл қазір қойылуы орынсыз сияқты. Осыдан келіп: Кенесары қозғалысы – ұлт-азаттық көтеріліс пе, жоқ, реакциялық қозғалыс па? Шәмілдің көтерілісінен мұның не айырмашылығы бар? Қазақстанның Россияға қосылуы – тарихи қажеттілік пе? Егер өз еркімен қосылса, онда неге осыншама қарсылыққа тап болды?», – деген сұрақтар туады. Менің ойымша, бұл сауалдарға жауап бермесек, әңгімеміздің толық болмайтыны және оның түжырымдалмай қалатыны анық сияқты. Бұған тарихшылар қалай қарар екен?

Ж. Қасымбаев: – 1989 жылы республикалық телевидения арқылы «Уақыт және тарихи шындық» деген тақырып бойынша өткізілген хабарда, тіпті студент жастар мен интеллигенция өкілдерінің сауалдары бір нүктеге түйілді. Кенесары қозғалысы шын мәнінде ұлт-азаттық па? Кавказдағы Шәмілден айырмашылығы неде? Кенесары, Шәміл, Қазақстан мен Кавказ. XIX ғасырдың бірінші жартысында Петербург сарайын талай дірілдеткен осы екі қозғалыстың арасында ортақ белгілер бар ма, қай жағынан салыстырып өтуге болар еді? 1850 жылы 25 августа Гуниб аулында семьясымен, нөкерлерімен патша жазалаушы отрядының басшысы князь А.И.Баратынскийге беріліп, күресті тоқтатуға мәжбүр болған қаһарлы имам былай деген: «Сардар! Осы таулар мен таулықтардың абыройын қорғаймын деп, жиырма бес жыл соғыстым. Менің он тоғыз жарам сыздайды, бірақ ешқашан да жазылмайды» (Расул Гамзатов. Мой Дагестан. Махачкала 1985, с. 280). Заманымыздың атақты ақыны Р.Гамзатов өзінің әкесінде Шәмілдің бір хатының сақталғанын айтып, оның мазмұнын келтіреді. «Менің таулықтарым! Өздеріңнің жалаң, жабайы жартастарыңды сүйіңдер. Олар сендерге көп байлық әкелген жоқ, алайда бұл жалаң тауларсыз жер сендердің жерлеріңе ұқсамайды, жерсіз, жарлы таулықтарға бостандық жоқ. Күресіңдер ол үшін, сақтаңдар оны. Сендердің қылыштарыңның шыңылы, менің бейіттегі ұйқымды тәтті қылар» (Бұл да сонда. 28-бет). Аударма өзіміздікі (Ж.Қ.). Ондаған жылдар бойы зерттеулер мен оқулықтарда Шәмілді ағылшындардың агенті, өз халқынан ажыраған, ат төбеліндей ауқатты таулықтарды Россияға қарсы қойған бүлікші деп сипаттағаны есімізде. Мектепте оқытылатын ССРО халықтарының тарихында Р.Гамзатов қазір өз халқының перзенті деп бағалаған адамды құбыжық қып көрсетпеуші ме еді? Жоғарыдағы келтірілген мәліметтер Шәмілдің Кенесары сияқты өз жерінің бостандығы үшін күрескенін көрстетеді. «Россияға қараған кіші елдер тарихы – Россияның бөлінбейтін тарихы. Сондықтан: «Кенесары сияқты қарақшыларды тек қана жазғыру керек. Ол ұлтшылдықты оятады», – деген көзқарасқа қалай қарайсыз деген сауалға келсек, бұл мәселені жоғарыда біршама қарастырып та өткен сияқтымыз. Проблеманы басқаша жағынан алып қарасақ, кейінгі кезге дейін патша үкіметінің ұлттарды езу, жаншу, ғасырлар бойына жайлаған қоныстарынан күш пайдаланып ығыстыру саясатын ашып көрсету қиын еді. Жасанды идеологиялық жүйеге сай келмеген тарихы, әдеби шығармалардың авторларының тағдыры кеше ғана болған оқиға сияқты көз алдымызда. Тарихи оқиғаларды, әсіресе, бұқараның әр түрлі сипаттағы қозғалыстарын қарастыру терең объективтілікке негізделген сенімді деректерге сүйенгені дұрыс. Кенесарының қозғалысы Шәмілдің көтерілісі сияқты патшаның отаршылдық саясатына қарсы бағытталды. Ұлттарды езу саясатын айыптауды, жан-жақты әшкерелеуді «ұлтшылдықтың» көрінісі деп елді қорқытатын болсақ, қара түнек орнатып, азаттық ойды жаныштаған Россия патшаларын ақтағанымыз болмай ма?

Ғ. Ахмедов: – Ілгеріде тарихшыларымыз бұл жөнінде: сол заманда қазақ елі екі оттың ортасында қалған еді, бір жағынан жоңғарлар, екінші жағынан Русия төнді, жоңғарлар басып алғанда қазақтар өзінен төмен надан елдің қол астында тозып кететін еді, сондықтан мәдениеті жоғары Русияға қосылғаны жақсы болды – деп бағалап, мұны«из двух зол – наименьшее зло» деп келген еді. М.Вяткиннің сезімен айтқанда, «не как абсолютное, а как наименьшее зло». Бұл күнде қазақ елі Русияға өз еркімен қосылды деп жүрміз ғой, сондағы бір мықты дәлеліміз Әбілхайыр ханның Анна патшаға жазған хаты. Қазақтың ақсақал, билері Әбілхайырға орыс патшасымен тек одақ болу жөнінде ғана мәслихат берген ғой. Ру басшылары ханды тыңдамай, уысынан шығып бара жатқан соң Әбілхайыр патшаның күшіне сүйеніп, жоңғарды емес, алдымен өз елін бағындырып ұстауды көздегені анық. Әбілхайыр бір хатында: «Не советовая о том никому, не объявляя своим султанам и подлым знатным биям передал себя под высочайшую протекцию ее императорского величества», – дейді. Осыдан да оның ешкіммен ақылдаспағаны көрінеді. Патшаның елшісі Тевкелев келгенде жұрттың оны қалай қарсы алғаны, тіпті өлтірмекші болғаны да белгілі. Орыс тарихында да, орыс жеріндегі славяндар өзара қырқыса берген соң солтүстіктегі варягтарға: «Земля велика и обильна, а порядка в ней нет; идите княжить и владеть нами» – деп хат жазған, содан олардың рус деген руынан Рюрик, Синеус, Трувер деген ағайынды үш жігіт келіп басқарған деуші еді, қазірде тарихшылар оны бекерге шығарды (Чивилихин «Память» деген романында ол келген адамдарды «солтүстік славяндар еді» дейді),

Ал енді, екінші жағынан қарағанда, Европаның сол кездердегі ірі мемлекеттері: Англия, Испания, Голландия және басқалары ту сонау қиыр шеттегі Америка, Австралия, Индия, Индонезия жерлерін жаулап алып отарлап мәз-мейрам болып жатқанда, Россия патшалығы Әбілхайыр хат жазбаған күнде де іргесінде тұрған қазақ елін жайына қояр ма еді? Бірінші Петр патша Иран жорығында Астрахан қаласына келгенде: осы жеңілтек (орысшасында «легкомысленный») халықтың жері Азия халықтарының жеріне баратын кілт пен есік екен депті ғой. Патша өкіметі Әбілхайыр сияқты хат жазбаған басқа елдерді де жаулап алған жоқ па? Сондықтан Русия империализмнің экспансиясына адвокат болып, оны ақтаудың ешбір жөні жоқ, империализмнің қай жерде, қай мемлекетте болса да табиғаты бір, ағылшын империализмі жаман, Русиянікі жақсы деп алалап қараудың ешбір жөні жоқ, ол ғылымға, тарихқа қиянат.

С.Асфандияров өзінің «Қазақ тарихы» кітабында былай деп жазады: «Қазақтың «өз еркімен бағынғандығы» жайындағы ұлы державалық шовинистер мен ұлтшылдар айтып жүрген аңызды сол замандағы патша ұлығы Рычков келтірген фактілер жоққа шығарады, Бұл жөнінде Рычков бұрмалап отыр деуге ешкімнің ауызы бара қоймаса керек... Патшаның жаулап алуы халқымызға игілікті, тыныш, үлгілі өмір әкелген жоқ, елді сорлатып талан-таражға салды, адамдарын өлтірді. Ел жаулап алушыларға және патшамен одақтасқан хандарына қарсы көтерілді. 1735 жылдан 1869 жылға дейін (Даланы басқару ережесі дегенді енгізген жылдар) көтерілістер болып жатты. Сырым Датов, Исатай Тайманов, Махамбет Өтемісов, Кенесары Қасымов, Садық және басқаларының қозғалыстары осы жүз жылдан аса уақыттың ішіндегі елдің жаулап алынуына қарсы ұлт-азаттығы қозғалысының бастапқы формалары еді».

Тағы бір айта кететін мәселе – біз осы күнге дейін кейбір ақындарымыздың жырларын: «Ойбай, ол орысқа қарсы жырлаған» – деп қорқып жарыққа шығармай келдік. Сондағы «орыс» деген кім еді? Біздің халқымыздың алғашқы «орыстары» жоғарыда айтылған «тентек майорлар» болды, ақындарымыз елдің солардан көрген зәбірін жырлады. Олардың «орыс» дегені орыс халқының жұмысшысы мен шаруасы емес, колонизатор ұлықтар мен «тентек майорлар» еді, ал орыс пен қазақтың жұмыстарынан бас ала алмай жүрген еңбекші топтарының арасында алакөздік боларлық себеп жоқ еді.



Ж.Қасымбаев: – Тұрсын, жаңа жоғарыдағы «Егер қазақ халқы Россияға өз еркімен қосылса, онда осыншама наразылық қайдан туды? Ол тарихи қажеттілік пе еді?» – деп сұрадыңыз.

Жаңаша ойлаудың қажеттілігі деген желеумен кейбірде көне замандағы тарихымызды, нақты айтқанда, қазақ жерлерінің Россияның құрамына қосылуы жөнінде пікір жалғастыруда орашалақ, дәлелденбеген ойлар да айтылып жүр.

Қазақстанның, әсіресе, Кіші және Орта жүздің ден бөлігінің Россия империясына қосылуының тарихи қажеттілік екендігіне шұбалануға болмайды. Тарихымыздың келелі кезеңдерін қарастырғанда, сол кездегі ахуалға мән бермей, ойымызды «ұмытшақтық» басатын сияқты. 1684, 1711, 1712, 1717–1718, 1723–1727, 1738, 1741–1743 жылдардағы жоңғар шапқыншылығынан казақ халқының басына түскен ауыр халді бір сәт есімізге түсірейік. Басатын жер, ішетін су болмағанда, табан тілініп, сұлап жатқанда қол үшін берген Россия емес пе еді? Солтүстік соғыста Швеция сияқты қуатты мемлекетті жеңіп, дүние жүзіне беделі артқан Россияның қамқорына кіру ғана жоңғарлардың жалаңдаған қылышын қынабына салдырды. Ямышевск, Омбы (1716), Железинск (1717), Семей (1718), Өскемен (1720) басқа да шекаралық өңірде тұрғызылған бекіністер қаншама қазақтарды қалмақтардың жаулап алуынан аман алып қалғанын неге айтпаймыз. Ал XIX ғасырдың 20 – 40-шы жылдарында бейбіт жағдайда қазақ даласында салына бастаған қамалдардың отарлау мақсаты белек. Әбілхайырдың реті бөлек. Бір-бірімен таласуды әдетке айналдырған феодалдық ішкі қыркыстар жоңғар шапқыншылығын үдете беретінін дер кезінде түсінген Әбілхайырдың саясаты бірден-бір өзін-өзі ақтаған бағыт. Сондықтан да Әбілхайырдың бұл тарихи шешімін халықтың тілегі десек қателеспеген болар едік. Ал патша үкіметінің ұлы жүздің бір бөлігін өзіне күшпен қаратып алуы басқа мәселе. Генерал М.Черняевтің және басқа орыс отрядтарының қазақ ауылдарын зеңбіректің оғын тастай боратып талқандағанын «өз еркімен» қосылды десек, патшалар халық мүддесін ойлаған адалдар болып шығар.

М.Қозыбаев: Бұл арада әр түрлі пікірлер айтылып жатыр. Тарих, Н.Г.Чернышевский айткандай, түп-түзу Нева проспектісі емес. Қазақ халқының басына туған күннің ішінде ашық, жайма-шуағы да, батар шағында қанға малынғандай мұнарлысы да, қара түнек бұлт басқан шағы да болған-ды. Сол сияқты отаршылдыққа қарсы күрескен халықтың ішіндегі әлеуметтік топтардың, таптардың өз мүдделері, мақсаттары, іс-қаракеттері болғаны хақ. Олардың барлығы қазіргі заман талабынан ой елегінен еткізілуі абзал.

В.И.Ленин орыс халқының азаттық қозғалысын үшке бөлгені белгілі: декабристер, әр тектілер (разночинецтер), пролетарлық кезең. Демек, ол азаттық козғалысының басында кім тұрғанын, ол қозғалыстың мәні мен сырын, сипатын көрсетті. Ендеше, XIX ғасырдың орта шенінде отаршылдыққа қарсы күресті қазақ топырағында феодалдар бастады, қозғалысқа олар ықпалын жүргізді. Олар бұқара халықты соңына ерту үшін оның да мүддесімен есептесуге мәжбүр болды.

1868 ж. 21-октябрінде «Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстарын билеу туралы уақытша тәртіп» бойынша қазак жері орыс мемлекетінің меншігі болып жарияланды, Революцияға дейін қазақ жерінің 28 – 30 млн. десятинасы «артық жер» болып жарияланып, қара шекпенді шаруаларға, казактарға бөліп берілді. 1896 – І910 жылдар арасында ғана Қазақстаннның дала аудандарын 1 млн-нан астам европалық халық көшіп келіп мекендеді. Көшпелі халық қонысынан, орман-нуынан, бас бостандығынан айрылды.

XIX ғ. бірінші жартысында жерге феодалдық меншік қалыптасты, шұрайлы жер, орман-ну кімде мал болса, соның қолына көшті. Феодалдық-патриархалдық езгіге түскен халықты отаршыл патша өкіметі де қанады. Барарға жері, басарға тауы қалмаған бұқара халық әскери, саяси, феодалдық қанауға қарсы күресті. XIX ғ. 30 – 40 ж. болған көтеріліс барысында, менің өз ойлауымша, бұқара халық, негізінен, отаршылдыққа қарсы күресті, қазақ жұртының өз алдына мемлекет болуын, еркін ел болуын аңсаған халық патша өкіметіне де, орта азиялық хандықтарға да қарсы болды, екі майданда арпалысты. Басқаша айтқанда, жер үшін күресті шаруа халық ел бостандығымен қосақабат қойды. Жоңғарлармен күрес дәуірінде қарадан шыққан батырлар саяси күрестің басты тұлғасы болса, жер үшін күрескен, ел үшін күрескен дәуірде күрестің басты тұлғасы шаруа-бұқара халық болды. Хан Кененің, хан әулетінің бұл қозғалыста өз мүдделері болғаньі хақ – ол хан дәуірін қалпына келтіру, үш жүзге хандық системаны орнықтыру. Бірақ, күрестің сол кезеңінде қалың халықтың мүддесі мен хан әулетінің отаршылдыққа қарсы шығуы сәйкес келді.

Қазақ халқының XIX ғ. ортасындағы отаршылдыққа қарсы күресінің Шәміл бастаған қозғалыстан айырмасы жоқ емес. Қазақ топырағында қозғалыс басында хан бастаған феодалдар тобы тұрды. Шәміл көтерілісі теократиялық мемлекет шеңберінде жүргізілді. Ал Кенесары төңірегінде дінге құлшынған топ болған емес. Қозғалыс халықтың сана-сезімінің халық болып калыптасып, өсіп-өніп бір серпіліс алған кезінде өтті.

Қазақ елінің Россияға қосылуының біз бұл жерде прогрестік жағын қарап отырған жоқпыз. Қарапайым орыс шаруалары ез елінде жерсіз болды, езгілік тепкісіне түсті. Географиялық шектескен олар қазақ жерінде өздері сияқты езілген шаруаларды көрді, білісті, түсіністі, патша құрылысына, әлеуметтік, таптық езгіге бірлесіп, күрес жолына бірге түсті. Тағдыры бір екендігін бұқара халық осылай еңбек пен күрес, бейнет пен тер ұшырасқан жерде білісті, ортақ таптық мүдде ортақ бауырмалдық көзқарасты қалыптастырады. XIX ғ. орта шеніндегі көтеріліс қазақ шаруасының сана-сезімін көтерді, ол оның таптық күрес санасындағы бір белес болып, тарихқа енді.



Т.Жұртбаев: Біз бұл әңгімемізде «Қаһар» романының көркемдік ерекшелігінен бүрын, оның тарихи сипатына көбірек ден қойғанымыз заңды да ғой деймін. Өйткені, мұндағы суреттелетін оқиғалардың қиыннан қиысып, майын тамыза баяндалуынан дәл қазір біз үшін сол кездегі халық өмірінің шындығы әлдеқайда маңыздырақ сияқты Ілияс Есенберлин марқұмның да негізгі мақсаты сол болса керек-ті. Бұл шығармадағы көтерілген әлеуметтік мәселе әлі де күн тәртібінен түскен жоқ.

М.Қозыбаев: Романда автор оқиға өрісін тарихи методологиялық көзқарас тұрғысынан құрған. Хан Кененің көрегендігі, қаһарлылығы, қаталдығы, өз табының мүддесіне адалдығы, замана қыспағынан, тығырығынан шығар жол іздеудегі ауыр тағдыры шебер суреттелген. Елім деп еңіреген, халқым деп боздаған, халықтан шыққан қаһармандардың образдары өз алдына бір лек. Кешегі сталинизм рухы санамызды улап, басымызды құрсап тұрған кезде Ілияс ағамыздың көркем әдебиет арқылы халқымыздың тарихының бір белесін көрсетуі рухани ерлік, батырлық дер едім.

Ғ.Ахмедов: Мен тарихшы емеспін, бірақ та әрбір саналы азаматқа өз елінің тарихын жақсы білу парыз, ол ғана емес, бүкіл әлем тарихынан да хабардар болуы керек. Өзім жазған тарихи шығармаларға байланысты маған да біраз архивті, тарихи әдебиетті ақтаруға тура келді. Балаларымыз, орысы бар, қазағы бар, бізді білсін деп өз замандарынан біраз мағлұмат қалдырған екен, соларды дұрыс зерттеп пайдалана білуіміз керек. Біз кешегі бір күндері жасқаншақ, жалтақ болып ойымызды ашып айта алмай, «жоғарыдағылар» не дер екен деп, лауазым иелерінің аузына қарап, олар біліп айтса, құбақұп қой, білмей айтса да солардың ыңғайына қарай жығылып келдік. Бірақ нағыз ғылым бұрмалауды көтермейді. Тарихтың күнделікті публицистика сияқты әрқашан өзгеріп жататын уақытша саясаттың жетегінде кеткен кездері болды, енді ондайды қайталамай, ескілікті стереотиптен шығып, тарихи оқиғаларға дұрыс баға бере білуіміз керек. Келесі ұрпақтар бізді қайта түзетіп жүрмейтін болсын.

Ж.Қасымбаев:Ғалекеңнің емеуірінін түсініп ортырмын. Соның ішінде Е.Бекмаханов тәрізді ғалымдардың кітаптарын жарыққа шығаруға бола ма деген сұраққа төмендегідей жауап берер едім. Әрине, «Казахстан в 20 – 40 годы XIX века» деген атпен жарық көрген шығарма бірер адамдардың ғана қолында сақталған. Көпшілік қауым кітаптың мұқабасын да көз алдына келтіре алмайды. Дүниеге келе салып, құртылып жіберген осы талантты кітапты мүмкіндігінше жеткілікті тиражбен қайта шығарған жөн болар. Көрнекті тарихшы, марқұм профессор П.Г.Галузоның да «Туркестан как колония» деген атпен 1928 жылы жарық көрген шығармасы өз кезінде батыл еңбектердің бірі болды. Галузоның да тағдыры Бекмахановқа ұқсас...

Қайта құру тарих ғылымының райын ерекше көтеріп отыр. Тарихи зерттеулер мен арнайы романдардың, әсіресе, жастарды өз халқының тарихына баулудағы игілік екеніне күннен-күнге көзіміз жетуде. Бұл жөнінде жазушыларымыз бен тарихшылардың алдында тұр. Тарихшылар, әдебиетшілер бірігіп талқылайтын, мәселелер аз ба? Бір ғана Есенберлиннің трилогиясы төңірегінде қаншама жыл бойы әр түрлі ойлар айтылып жүр. Тарихи оқиғаларды, кейіпкерлерді көркем әдебиетте бейнелеу жөнінде әдебиетші және маман тарихшылардың басын қосатын республикалық конференция уйымдастыратын кезең келіп тұр.



Т.Жұртбаев:Сіздердің журнал тілегіне көңіл қойып, пікір білдіргендеріңізге көп-көп рақмет. Осы отырыста айтылған жайлардың оқырмандарға да ой саларына кәміл сенемін. Өткен тарихымызды еске алып, санада екшеп, сараға салуымыздың мәнісі – қалай болған күнде де халқымыздың жүріп өткен жолындағы танылмай жатқан қалтарысты-көлеңкелерге сәуле түсіру, жұртшылықтың назарын соған аудару. Өйткені бұл – тек тарих ғылымының еншісіндегі ғана мәселе емес, рухани өміріміздің де мүддесін қозғайтын кеңес. Ұлы орыс халқы мен патшалық өкіметтің ара-жігін ажырататын, отаршылдық дейтін кесел болғанын танитын уақыт жетті. Нысанбай, Досқожа мұрасына теріс бата берген, «Зар заман» ақындарының негізгі туындыларына тыйым салынған ескі санадан арылатын уақыт жетті.

Революцияға дейінгі кезеңдегі тарихи құбылыстарды дұрыс бағалауымызға байланысты шешілер түйін көп. Біз соның бір тармағын ғана әңгіме арқауы еттік. «Ел ерінен танылады», – дейді ғой. Сол ерлерімізді жұртқа танытпақ түгілі, өзіміз тани алмай жүрген жай бар. Бұл – жалғыз Кенесарыға ғана қатысты сөз емес. Ойланып, толғанудың уақыты өткен. Именетін, қорғалақтайтын кезең де артта қалды. Бүгінгі күн — нақты істің күні. Қайта құру мен жариялылықтың игілігін көрейік, орыс зиялылары айтатын «құлдық санадан» құтылып, еңсе жазатын, жарыққа ұмтылатын «жақсы заманды» зая жіберіп алмайық.


«Жұлдыз», 1990, №7.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет