Кеңестік мемлекет, саяси, мәдениет қайраткер]. Бұрынғы Көкшетау облысы



Дата15.11.2022
өлшемі25,21 Kb.
#158250
Байланысты:
Смағұл Сәдуақасов


Смағұл Сәдуақасов (1900-1933) — кеңестік мемлекет, саяси, мәдениет қайраткер]. Бұрынғы Көкшетау облысы, Ақжар ауданы, Жарқын ауылында туған.
Ол қамшының сабындай қысқа ғұмырын қазақтың азаттығы мен теңдiгiне арнады. Ол 33 жылдық ғұмырын қазақ елiнiң ел болып өркендеуiне арнады. Тiрлiгiнде Алаш жұртының азаттығын аңсаған қайсар ұл қылышынан қан тамған қилы заманға, тоталитарлық жүйеге қарсы тұрды. Жасынан саясаттың өтiнде жүрдi, ұлт азаттығы үшiн отаршылдармен айқасты. Ұлттың теңдiгi үшiн ғұмырын сарп еттi.Қайсар ұлдың азаттық жолында атқарар шаруасы әлi көп едi. Бiрақ Кеңес өкiметiнiң қазаққа жасаған қиянатына қарсы шыққаны үшiн елiнен аластатылды. Жұмбақ жағдайда уланып, Кремль ауруханасында қайтыс болды. Смағұлдың денесi 1933 жылдың 16 желтоқсанында арнайы пеште өртеледi. Содан берi рухы мықты қайсар азаматтың күлi 78 жыл бойы Мәскеудiң Дон қабiрстанында топыраққа көмiлмей, құмыра iшiнде сақталып келген едi.Қаңтардың 21-і күні таңғы сағат 7:15-те «Мәскеу - Астана» бағытындағы №874 ұшақпен Алаштың біртуар азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың мәйітінің күлі елордаға жеткізілді.
Он жасына дейін «Ғалия медресесін» бітірген өз әкесі Сәдуақас хазіреттен тәлім-тәрбие алып, одан кейін Әбіл молда мектебінде білімін жалғастырады. 1912-1915 жылдары Павлодардағы екі кластық орыс-қазақ училищесін бітіріп, бір жыл мұғалім болады да, Омбыдағы ауылшаруашылық мектебіне түседі.
1918-1920 жылдары «Центросибирь» кооперативтер бірлестігінде қызмет етеді.
1920 жылы Орынборда Қазақстандағы алғашқы жастар ұйымының хатшысы болып сайланады.
Сол жылы жаңа құрылған Қазақ Автономиялы республикасының үкімет басшылығына қызметке алынады. 1925-1926 жылдары «Еңбекшіл қазақ» («Егемен Қазақстан») газетінің жауапты шығарушысы, әрі «Қызыл Қазақстан» («Ақиқат») журналының редакторы, 1925-1927 жылдары Қазақ АССР Халық ағарту комиссары, 1927-1928 жылдары Ташкенттегі қазақ педагогика институтының ректоры қызметтерін атқарды.
1928-1932 жылдары Мәскеу көлік инженерлері институтын оқып бітірген соң Мәскеу-Донбасс темір жол құрылысында инженер-құрылысшы болып еңбек етті.
Мемлекеттік, қоғамдық қызметпен қоса әдеби-ғылыми шығармашылықпен айналысып, сол кезде шығып тұрған қазақ, орыс тілдеріндегі көптеген газет-журналдарда саясат, шаруашылық, ел ісі, мәде­ниет, әдебиет, өнер, тарих мәселелерін сөз еткен мақалалары жарияланды.
Көркем әңгімелері де жарық көрді. Оның «Жастармен әңгіме» (Орынбор, 1925 жылы), «Ұлт театры туралы» (Қызылорда, 1926 жылы), «Қазақстандағы халық ағарту мәселелері» (Қызылорда, 1927 жылы) деген үлкенді-кішілі кітаптары жарық көрді. Сондай-ақ Қазақстандағы ұл-азаттық көтеріліс пен Қазан төңкерісінен кейінгі ел өмірін арқау еткен «Сәрсенбек» атты романы да бар. «Салмақбай, Сағындық» (1923 ж.), «Күміс қоңырау» (1927 жылы) повестері қазақ әдебиетіндегі проза жанрын дамытуға қосылған үлес болып табылады.
С. Сәдуақасов «Еңбекшіл қазақ» («Егемен Қазақстан») басылымды екі рет (1921 жылы қаңтар — 1921 жылы ақпан және 1925 жылы қаңтар — 1926 жылы сәуір) басқарған кісілердің бірі.
Смағұл Сәдуақасовтың бүкіл қайраткерлік, азаматтық болмысы жарқырай танылған кезең 1925-1927 жылдар еді. Бұл кезде ол республика халық ағарту комиссары, әрі өлкелік партия комитетінің бюро мүшесі болды. Бұл кезең сонымен бірге Ф.И.Голощекиннің Қазақстан өлкелік партия комитетін басқару кезімен дәлме дәл келеді.
С. Сәдуақасов мен Ф.Голощекиннің арасындағы келіспеушілік, қақтығысты тарихшылар төрт түрлі мәселеден сабақтап жүр. Олар біріншіден, мекемелердегі іс қағаздарын қазақыландыруекіншіден, қазақтың оқыған, көзі ашық зиялы қауымына деген көзқарас, үшіншіден, байлар мен орташаларға деген көзқарас, төртіншіден, өнеркәсіпті дамыту.

ХХ ғасырдың 20-шы жылдарындағы ұлттық сананың оянуы халықтың саяси әлеуметтік ұйымдасуына, өмір тәжірибесіне, жаңа дәуір өзгерістерін қабылдау қабілеттеріне де елеулі әсер етті. Қоғамдық-саяси көзқарастың қалыптасу барысын бүгінгі күннің тұрғысынан қарасақ, ең негізгі қозғаушы күш ұлттық зиялылар тобы екенін көреміз. Олар қоғамдағы жүріп жатқан процестерді терең отырып, әлеуметті өзгерістер кезеңінде белсенділік танытты. Қазақтың озық ойлы азаматтарын ойландырған маңызды үш мәселе: жер мәселесі, оқу-ағарту мәселесі, патшалық. Отарлаушылық саясаттың қыспағы салдарынан өзін-өзі билеуден қалған елді өркениет жолына шығарып, азаттық әперу еді.


Патшалық Ресей тұсында отарлау саясатына қарсы шығып, азаттық, дербестік үшін, ұлттық бірлік үшін күрескен ұлт зиялылары «сепаратистер», «Пантюркистер» ретінде қуғындалса, қазан төңкерісінде жеңіске жеткен большевиктердің басқыншылығы боса көктеген шақта Қазақстанды Одақтан бөліп әкетуді көздеген «буржуазиялық ұлтшылдар» атанды. Кеңестік мекемелерде қызметте болған Ж.Мыңбаев, С.Садуақасов, Т.Рысқұлов, С.Қожанов сынды ұлт зиялыларының жаңа толқынында да «Буржуазиялық ұлтшылдар» ізбасарлары, «жікшілдер», «ұлтшылдар» деген сияқты негізсіз айыптаулар тағылды, осы саясатты нәтижелі жүргізу үшін ұлттық ерекшелік, ұлттық дербестік туралы түсініктерден біржола безіндіру мақсатында шүбәлі болса да, шындықтың өзі деп көрсеткен нақты шаралар атқарылды. Кеңестік тоталитарлық жүйе ұлт басындағы халық мүддесі үшін күрескен ұлттарды «жіктердің көсемдері» етіп, соның негізінде түрлі «шылықтарды» ойлап шығарды. Солардың бірі – Сәдуақасовшылдық. «Сәдуақасовшылдық» - қазақтың көрнекті қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасов (1900-1933) ұстанған ұлттық позицияға байланысты «партиға қарсы» деп танылған. Қазақстандағы большевиктік шолақ белсенділердің ойлап шығарған ағымы. Басшы қызметте өзіндік пікірі бар, ерекше талантымен ерекшеленген адамдарды жала жауып қуғындап, өзінің жеке дара билігін орнату мақсатында Ф.И.Голощекин осы «Сәдуақасовшылдыққа» және тағы басқа «шылдықтарға» саяси астар беріп, өз пайдасына шебер пайдалана білді. Ұзақ уақыт бойы С.Садуақасов есіміне алашорда ұлшылдары тобына жақын оңшыл оппортунистік идеяны уағыздаушы, Коммунистік партия ішіндегі буржуазия тыңшысы, жеке меншік пен байдың мүддесін көздеуші, партияның жерге орналастыру, байларды тәркілеу, ұжымдастыру мен индустрияландыруларына қарсы болды деген негізсіз айыптаулар тақты.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет