Кел, балалар, оқылық!



Дата31.12.2019
өлшемі42,5 Kb.
#54559
Кел, балалар, оқылық!

Ы.Алтынсарин өмірі мен шығармалары жайлы бейнебаян көрсетіледі.

1-жүргізуші: Армысыздар, құрметті ұстаздар, оқушылар!

2-жүргізуші: Биыл қазақ халқының арасынан шыққан тұңғыш ұстаз Ыбырай Алтынсаринның туғанына 175 жыл толып отыр.

1-жүргізуші: «Дала қоңырауы» атанып кеткен ағартушы-ұстаз, фольклоршы, жазушы, этнограф, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсаринға арналған «Кел, балалар, оқылық» атты әдеби кешімізге қош келіпсіздер! (7-сынып оқушылары «Кел, балалар, оқылық»)

2-жүргізуші: Бүгінгі кеште сіздерге 5,6,7 сынып оқушылары Ыбырай Алтынсаринның тәлім-тәрбиеге толы әңгімелерінен көрініс көрсетіп, өнер-білімге үндейтін өлеңдерін тарту етеді.

1-жүргізуші: Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы қазан айының 20-сында қазіргі Қостанай облысы, Қостанай ауданында дүниеге келеді. Үш-төрт жасында әкесі Алтынсары қайтыс болып, атасы Балғожаның қолында өсіп, тәрбиеленеді. Атасы Балғожа би өз аймағының атақты кісілерінің бірі болған.

2-жүргізуші: 1860 жылы Жайықтың шығысындағы қазақтар үшін төрт бастауыш мектеп ашылған кезде, Ыбырай Алтынсарин өзі сұранып, Торғай мектебіне мұғалім болуға рұқсат алып, сонда келеді. Бірақ мектеп бірден ашыла қоймайды. Бұл аралықта, Ыбырай ел ішінде мектептің пайдасын түсіндіріп, біраз баланы өз үйінде оқытады. Торғай мектебі 1864 жылы ғана ашылады. "Осы жылы қаңтардың 8-і күні көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды. Оған 14 қазақ баласы кірді. Бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай қызу кірістім", – деп жазады, ол белгілі шығыстанушы, профессор Н.И.Ильминскийге жолдаған хатында.

1-жүргізуші: 1991 жылы Қостанай қаласында Ыбырай Алтынсаринның мемориалдық музейі ашылды

1-жүргізуші: Еңбекті сүю және қадірлеу – Ыбырай әңгімелерінің негізгі тақырыбы. Оны жазушы шағын әңгімелерде үгіт, өсиет түрінде берсе, кей шығармаларында халықтың қоғамдық санасын тәрбиелейтін реалистік суреттер арқылы бейнелейді. "Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш" әңгімесінде Ыбырай ең кішкентай жәндіктердің өзі де тіршілік үшін тыным таппай еңбек етіп жүргендігін көрсете келіп, оларды балаларға үлгі етеді. "Қарлығаш, өрмекші ғұрлы жоқпысың, сен де еңбек ет, босқа жатпа", – дейді.

2-жүргізуші: "Атымтай жомарт" әңгімесінде жазушы халық арасындағы Атымтай жомарт туралы аңыздарға жаңаша мазмұн беріп, өзінше қорытады. Атымтайды ол еңбек адамының үлгісі етіп көрсетеді. Еш нәрсеге мұқтаждығы жоқ болса да, Атымтай ылғи жұмыс істейді. "Күн сайын өз бейнетіммен, тапқан пұлға нан сатып алып жесем, бойыма сол нәр болып тарайды. Еңбекпен табылған дәмнің тәттілігі өзгеше болады", – дейді ол. Қазір алдарыңызда оқушылар әңгімелерден көрініс көрсетеді.

6«б» сынып: «Шеше мен бала»

6«ә» сынып: «Асыл шөп»

6«а» сынып: «Мейірімді бала»

5«а» сынып: «Бақша ағаштары»

5«ә» сынып: «Әке мен бала»

1-жүргізуші: Ыбырай "Қазақ хрестоматиясына" кірген өлеңдерінде де халық-ағарту идеясын көтерді. Оның "Кел, балалар, оқылық!", "Өнер-білім бар жұрттар" өлеңдері осындай мақсатта туған. "Кел, балалар, оқылық!" өлеңі жастарды оқуға, білім алуға шақырады

2-жүргізуші: ақын, бір жағынан, жастарды оқуға, білім алуға үндесе, екінші жағынан, оқу, өнер, ғылым-білімге, оның жалпы халық үшін керектігіне еш мән бермейтін ескі көзқарасқа соққы береді. Өмірдегі сарқылмайтын мол байлық – білім екендігін айта келіп, білімге адамның қолы жету үшін, ерінбей оқу, қажымай еңбек ету керектігін түсіндіреді. Ыбырай "Өнер-білім бар жұрттар" атты өлеңінде оқу, білім алудың мақсатын кеңінен сөз етеді. Өлеңнің негізгі идеясы – қазақ қауымына озық мәдениетті елдерді үлгі етіп көрсету. («Өнер-білім бар жұрттар»)

1-жүргізуші:Ыбырай жастардың оқыған адам болғандағы мақсаты өз халқының бір керегіне жарау, оны "тастан сарай салдырып, айшылық алыс жерлерден көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызатын" елдердің қатарына жеткізу деп білді. Келешекке сенімі мол Ыбырай өмір көркі, болашақтың иесі – жастар деп ұқты.

2-жүргізуші: Ыбырай өлеңдері – туған ел табиғатын жырлап, сол арқылы өзінің жас шәкірттерінің бойында табиғатты, Отанды сүю сезімдерін тәрбиелеуге жасаған елеулі қадамы. Ыбырай табиғат көрінісін жалаң алмай, адамдардың тіршілігімен байланыстыра көрсетеді. Сол арқылы табиғат пен адамның байланысын, табиғаттың адам ісіне, еңбекке, ой-сезіміне тигізер жанды әсерін бейнелейді. («Өзен» өлеңі)

Қалған өлеңдер кезегімен оқыла береді.

1-жүргізуші: Ыбырай Алтынсарин шығармалары оқу -өнерге ұмтылуға, Отанын, елін сүйетін патриоттық сезімге, талапты, жігерлі, кішіпейіл болуға үндейді. Жалқаулықты, қиянат жасауды надандықты сынап, жас ұрпақты ондай әдеттерден аулақ болуға шақырады. Енді біздер әрдайым ізденіп оқып, Ыбырай Алтынсариннің өлеңдерінде айтып кеткен жақсы қасиеттерді бойымызға сіңірсек, келер ұрпақтың белсенді азаматы боламыз.



2-жүргізуші: Бүгінгі біздің Ы.Алтынсарин шығармашылығына арналған әдеби кешіміз өз мәресіне жетті. Сөз кезегін мектебіміздің директоры міндетін атқарушы Айтбаев Данияр ағайға (директордың оқу тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Спабеков Мейрамбек ағайға)береміз.

ОҚО, Төле би ауданы, Майбұлақ ауылы.

«Майбұлақ жалпы орта білім беретін мектебі»КММ

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі М.А. Тажибаева

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет