3-тарау. КЕМТАР БАЛАЛАРFА ӘЛЕУМЕТТIК ЖӘНЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТҮЗЕУ АРҚЫЛЫ ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ ЖӨНIНДЕГI ҚЫЗМЕТ
9-бап. Кемтар балаларға медициналық, арнаулы бiлiм беру және арнаулы әлеуметтiк қызметтердi көрсететiн ұйымдар 1. Медициналық қызметтердi: ұйымдық-құқықтық нысандарына қарамастан, ана мен баланы қорғау ұйымдары, алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететiн ұйымдар, консультациялық-диагностикалық поликлиникалар, медициналық оңалту орталықтары жүзеге асырады.
2. Медициналық қызметтерге:
1) "қатер" (скрининг) тобындағы балаларды анықтау мақсатымен жас сәби балаларды жаппай стандартты тексеру;
2) туа бiткен, тұқым қуалаған және жүре пайда болған патологияның тереңдетiлген диагностикасы;
3) психика-дене дамуында ауытқулары бар балаларды медициналық түзеу және оңалту;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес көрсетiлетiн өзге де қызметтер жатады.
3. Кемтар балаларға арналған арнаулы бiлiм беру қызметтерiн Қазақстан Республикасының бiлiм беру туралы заңдарында белгiленген тәртiппен арнаулы ұйымдар: психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар, психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттерi, оңалту орталықтары, логопедтiк пункттер, балалар бақшалары және басқа да арнаулы түзеу ұйымдары көрсетедi.
4. Арнаулы бiлiм беру қызметтерiн көрсетуге:
1) балалардың ақыл-ой жағынан даму ерекшелiктерiн анықтау және оқыту мен тәрбие берудiң түрi мен нысанын таңдау үшiн олардың мүмкiндiктерiн айқындау мақсатымен оларды тереңдетiлген және кешенді тексеру;
2) кемтар сәби, мектепке дейiнгi жастағы және мектеп жасындағы балаларды психологиялық-педагогикалық жағынан түзеу, оқыту мен тәрбиелеу;
3) еңбекке баулу, кәсiби диагностика;
4) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары бiлiм беру;
5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де қызметтер көрсету жатады.
5. Білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау ұйымдары арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететiн ұйымдар болып табылады.
6. Арнаулы әлеуметтiк қызметтер көрсетуге:
1) Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы заңдарында белгiленген тәртiппен әлеуметтiк көмек көрсету;
2) протездеу және протез-ортопедия бұйымдарымен қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтердi көрсету;
3) арнаулы техникалық және компенсаторлық құралдармен қамтамасыз ету;
4) кемтар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларына консультациялық көмек көрсету;
5) әлеуметтiк қызметкерлердiң қызметтер көрсетуi жатады.
Әлеуметтiк қызметкерлердiң құқықтық мәртебесi Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленедi.
Ескерту. 9-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.07.27 № 320 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.