КЕНЖӘЛИЕВ Д. И.
А С Т Р О М Е Т Р И Я
(Жоғарғы оқу орындарының студенттеріне арналған
оқу құралы)
ОРАЛ- 2002
Алғы сөз
Бұл оқу құралында астрономияның астрометрия деген саласына жан-жақты сипаттама берiлген. Бұл салада әдебиет басылғанымен, бұлардың бәрi орыс тiлiнде. Қазақ тiлiнде баспадан жарық көрген кiтаптар санаулы-ақ. оның ішiнде көзге iлiгерi Х.Әбiшұлының “Халық астрономиясы” [24] және Н. Бекбасардың мектептiң 9 сыныбына арналған кiтаптары [27, 28]. Алғашқы кiтапты қазiр табу өте қиын. Атап өтiлген кiтаптардың кейiнгiлерi мектепке арналған. Жоғары оқу орындарына арнап шығарылған қазақ тiлiнде кiтап әлi жазылған жоқ. Қазiр бұндай кiтаптың қажет екендiгi анық. ´йткенi жоғары оқу орындарын бiтiретiн ôизика және математика пәндерiнiң мұғалiмдерi пәндi ана тiлiнде оқымаса, терең меңгеруi қиынға түседi.
сонымен, астрономия пәнiне арнап шығарылатын оқулықтың кезегi алда ғой деп, автор астрономия саласының алғашқы және үлкен саласына арнап көмекшi құрал шығаруды мақсат қылып отыр.
Бұл оқу құралдарында, ең алдымен, жұлдызды аспандағы шырақтардың орналасуы мен қозғалысына сипаттама берiледi. осыдан кейiн аспан сôерасы; аспан координаттары; параллакстiк үшбұрыштың көмегiмен бiр координат жүйесiнен екiншiсiне көшу мәселесi айтылған.Үшiншi тарауда астрометрияның қазiргi өмiрде, практикада қолданылуы айтылады. Бұл - дәл уақытты өлшеу; Жер бетiнде дұрыс бағдарды анықтау және Жер пiшiнiн анықтау мәселелерi. Бұл мәселелердiң қарастыру тереңдiгi жоғарғы оқу орнында астрономия пәнiнiң бағдарламасына сәйкес келедi. сондықтан, бұл оқу құралы ең алдымен физика, математика мамандығы бойынша оқып жүрген мұғалiмдерiне, жоғары сыныпта оқитын оқушыларға да астрономиядан дайындалуға көмекшi құрал болады.
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ.
I тарау. Шоқжұлдыздар
§1. Жұлдызды аспанның көрiнiсi
§2. Жұлдызды аспанның көрiнерлiк қозғалысы
§3. Жұлдызды аспанда шоқжұлдыздарды тауып үйрену
II тарау. Сфералық астрономия элементтерi
§4. Аспан сферасының элементтерi
§5. Аспан координаттарының жүйелерi
§6.Шырақ координаттарының тәулiк бойы өзгеруi. кульминация.
§7. Астрономиялық рефракция және тәулiктiк параллакс
§8. Параллакстiк үшбұрыш
§9. Шырақтардың шығуы мен батуының уақыт мезеттерiн және азимуттарын есептеу
III тарау. Практикалық астрономия мәселелерi
§10. Уақыт өлшеу
§11. Жергiлiктi, әлемдiк, белдеулiк, жазғы және декреттiк уақыт
§12. күнтiзбе
§13. Қазақ күнтiзбесi
§14. Уақыт қызметi
§15. Жер бетiнде дұрыс бағдарды анықтау әдiстерi
§16. Жер формасын анықтау
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиет
КІРІСПЕ
Қазiргi қоғамда ғылымның орны ерекше. сан салалы ғылымның iшiнде астрономияның алатын орны қандай? оның алғашқы бөлiмi – астрометрияның маңызы, қолданылуы қандай? – деген сұрақтарға осы еңбекте жауап беремiз.
Астрономия дүниетану ғылымдарының iшiнде алдыңғы сапта келе жатқан ғылым. олай дейтiнiмiз, бұл ғылым саласының адам өмiрiнде алатын орны, даму тариХы, қазiргi ғылымда алатын орны негiз бола алады. ең алдымен, бұл ғылым саласы адамзаттың ғылыми туындыларының алғашқысы болғандығын айтқан жөн. Барлық ғылым салаларының iшiнде тариХи тұрғыдан ең алғашқы болып пайда болған қайсысы? – деген сұраққа немiс философы ФридриХ Энгельс: астрономия деп жазған екен. Бұның себебi: жұлдызды аспанды бақылау және зерттеу қызығушылықтан ғана атқарылмаған. адам баласы әрқашан бiлiмiн күнделiктi тұрмыс қажетiнде пайдалануға тырысқан. сонда астрономиялық бiлiм қандай мақсатта қолданылуы мүмкiн болды? мәселен, бiрiншiден, жұлдыздардың тәулiктiк қозғалысының бiрқалыптылығының арқасында уақыт өлшеу мақсатын көздейдi; екiншiден, жұлдызды аспанда қозғалмайтын жұлдыздарды пайдалану арқылы жер бетiнде дұрыс бағдар табуды көздейдi; және, бұдан бертiн келе, орта ғасырларда, бакылау орнының географиялық координаттарын анықтау мақсатында пайдаланылған. ал ғылымның басқа салалары кейiнiрек пайда болады. сонымен,
астрономия – аспан денелерi мен олардың жүйелерiнiң қозғалысын және құрылымын, пайда болуын және дамуын зерттейтiн ғылым.
астрономияның зертейттiн объектiлерi: Күн және жұлдыздар, жұлдыздық жүйелер және жұлдызаралық материя, планеталар және олардың серiктерi, тұмандықтар, кометалар және метеорлық денелер.
осы обьектiлердiң әр түрiнiң өзiндiк қасиеттерi бар. сондықтан астрономия бiрнеше бөлiмнен тұрады, әр бөлiмнiң зерттейтiн объектiсi бөлек. Бұл бөлiмдер:
астрометрия
аспан меХаникасы
планеталар физикасы
күн физикасы
астрофизика
Жұлдыздық астрономия
космогония
космология.
астрометрияның өзi үшке бөлiнедi:
алуан түрлi координат жүйелерiн пай-даланып, аспан денелерiнiң көрiнерлiк орындары мен қозғалыстарын анықтау-дың математикалық әдiстерiн қорытатын сфералық астрономия.
Бақылаулардан аспан шырақтарының коор-динаттарын анықтап, жұлдыз орындарының каталогтарын құратын және астрономиялық тұрақтылардың сан мәндерiн анықтайтын фундаменталдық астрометрия.
Географиялық координаттарды, ба-ғыттардың азимуттарын, дәл уақытты анықтау әдiстерiн қорытатын және бұл мақсатта қолданылатын құрал-жабдықтарды ұсынатын практикалық астрономия.
аспан механикасы аспан денелерiнiң бүкiләлемдiк тартылыс күштерiнiң әсерiнен болатын қозғалыс заңдарын зерттеп, аспан денелерiнiң массаларын және формасын анықтайды және олардың жүйелерiнiң орнықтылығын зерттейдi. аспан меХаникасы – меХаника заңдылықтарын пайдаланады.
Астрофизика, күн физикасы және планеталар физикасы- жұлдыз-дардың, Күннiң және планеталардың құрылысын, физикалық қаситтерiн және химиялық құрамын анықтайды. Физикалық әдiстемелердi, физикалық модельдердi пайдаланып, аспан денелерiн зерттейдi.
Жұлдыздық астрономия жұлдыздардың, жұлдыз жүйелерiнiң және жұлдызаралық материяның физикалық ерекшелiктерiн ескере отырып, ор-наласуында және қозғалысында байқалатын заңдылықтарды анықтайды. Механикалық және статистикалық заңдылықтарды, физикалық модельдер-дi пайдалану арқылы жұлдыз шоғырларының, ғаламдардың құрылымын зерттейдi.
космогония аспан денелерiнiң пайда болуын және эволþциясын зерттейдi.
космология тұтас әлемнiң құрылымындағы және дамуындағы жалпы заңдылықтарды зерттейдi.
аспан денелерiнiң құрылысы мен дамуын, кеңiстiктегi орна-ласуын және қозғалысын зерттей отырып, тұтас әлемнiң құрылысы және дамуы жайында мағлұмат алуға болады. астрономия – тұтас әлемдi зерттейтiн ғылым.
Сонымен, астрономияның барлық саласының iшiнде астрометрия алғаш-қы болып есептеледi. Бұның себебi – астрометрияда өтiлетiн ұғымдар астроно-мияның басқа салаларында пайдаланылады және тарихи тұрғыдан астромет-риялық ұғымдар, түсiнiктер алғашқы болып шыққан. Ерте заманнан Жер бе-тiнде бағдарлау, шаруашылық қызметтердiң мерзiмiн бiлiп орындау үшiн аст-рометриялық бiлiм қажет болатын. Қазiргi тұрмыста, техникада дәл уақытты өлшеу, географиялық координаттарды анықтау, Жер бетiнде бағдарлау мәселе-лерi маңызын жоғалтқан жоқ.
Кейiнгi кездегi космостық ұшулар астрономиялық мәлiметтерсiз мүмкiн болмас едi. Космонавтика техникалық сала болса да, астрономиямен байланы-сы терең. Астрономияның жетiстiктерiн пайдаланумен қатар зерттеу өрiсiн ке-ңейте түскенi анық. Кейiнгi кездегi космоста жұмыс iстеп жүрген космостық лабораториялар мен обсерваториялар басқа планеталарға сапар шеккен кос-мостық планетааралық станциялар планеталар және жұлдыздар жайында мәлi-меттер қорын байытып келедi. Космостық обсерваториялардың соңғы кездегi үлкен жетiстiктерiнiң себебi: атмосфераның өткiзбейтiн ультракүлгiн, гамма және рентген сәулелерiн зерттеу арқылы аспан денелерi жайында қосымша мәлiмет алынуы болса, космостық автоматты аппараттар планеталар және олардың серiктерiн жақын қашықтықтан фотосуреттерге түсiрiп алып, жаңа фактiлер өндiрiп келедi.
Астрометрия аспан денелерiнiң кеңiстiкте қозғалу заңдылықтарын, олар-дың нақты физикалық сипаттамаларын, iшкi құрылымын зерттемейтiндiгiн атап өту керек. Өйткенi бұндай мәселелердi зерттеу үшiн басқа әдiстемелер қолдану қажет.
Астрономияның пайда болуы және дамуы.
Астрономиялық ғылымның негiздерi ерте заманда көшпелiлер және оты-рықшы қауымда пайда болды. Сенiм-нанымдар түрiнде жинақталған бiлiм негi-зiнен уақыт өлшеу үшiн, жер бетiнде дұрыс бағдар табуды, жыл мезгiлдерiнiң басталу мерзiмдерiн болжау мақсатында қолданылды. Бұл үшiн аспан шырақта-рының көрiнерлiк қозғалысының заңдылықтарын пайдаланған. Уақыт өткен сайын сенiм-нанымдар өзгерiп, жаңартылып, байытылады, олар аспан шырақта-рының қозғалыстарын мейлiнше дәлiрек, жан-жақты сипаттауға, түсiндiруге тырысады. Сол дәуiрдiң iздерi халық санасында ертегi, аңыз, мақал-мәтелдер түрiнде сақталған. Мысал үшiн қазақтың Жетiқарақшы және Темiрқазық аңыз-дарын, ежелгi Грек мифтерi мен аңыздарын келтiруге болады. Қазақтың аңыз-ертегiсi аспан шырақтарының тәулiктiк қозғалысын аллегория тiлiмен сипатта-ды. Ал грек мифтерi мен аңыздары аспандағы жұлдыздардың топтарына атау тағайындаған. Сол атаулар қазiр де шоқжұлдыздардың халықаралық атаулары болып қолданылады. Бұндай мәлiметтiң бәрi халықтың күн қайыру жүйесiн – күнтiзбенi құру үшiн, сонымен бiрге жер бетiнде және теңiзде жүзгенде қолданылатын бағдарлау әдiстерi жүйесiн қалыптастыру үшiн пайдаланылды.
Астрономияның дамып өркендеуi бұл жетiстiктермен шектелмей, бұдан да маңызды сұрақтарға жауап iздейдi: Жердiң әлемдiк кеңiстiктегi алатын орны қандай? Жердiң өзi қандай? Осы сұрақтарға жауап табу үшiн астроном ғалым-дар аспан шырақтарының қозғалыстарын зерттеп, бүл қозғалыстарды түсiндiре-тiн теориялық модельдердi құрған. Осы модельдерге сүйенiп аспан шырақтары-ның келешек уақыт моменттерiндегi орындарын алдын-ала есептеп табу үшiн қолданған. Сол арқылы теориялық модельдердi тексерiп қана қоймай, практика-лық қажеттiктер үшiн пайдаға асырған.
Әрине, бүл еңбектiң жемiстерiн әр уақытта үстемдiгiн жүргiзген билiкшi-лер табы да, абыздар да өз билiгiн нығайту үшiн пайдалана бiлген. Ғылыми мә-лiметтермен дәлелденген дiни көзқарастар халықтың санасында терең ұялады. Дiни iлiмдi жамылған түрлi билеушiлер мен абыздар бұл сатыда ғылымның да-муын қолдау арқылы оны өз ырқына көндiрiп, бұғауынан босатпауға тырысты. Сол дәуiрдегi ғылымның ең елеулi жетiстiгi – Птолемейдiң әлемдiк жүйесi болатын.
Астрономияның дамуындағы екiншi дәуiр – Коперник iлiмiнiң пайда бо-луынан және телескоптың астрономиялық бақылауларда қолданылуынан бас-талды. Күн жүйесi жайындағы көзқарас дүрыс жүйеге келтiрiлiп, бақылау сапа-сы жақсартылып, бақылау өрiсi кеңейдi. Жаңа планеталар табылды. Күн жүйесi-нiң құрамындағы басқа да iрiлi-ұсақты денелер табылып, зерттелдi. Сөйтiп Күн жүйесi жайында мәлiметтер толықтырылды. Жұлдыздар жайында мәлiметтер көбейiп, жинақталып, ретке келтiрiлдi. астрономияның ең басты жетiстiгi – дiндi қолдаушылардың бұғауынан босап, екпiндеп алға дамығандығы болатын.
Астрономияның дамуындағы үшiншi дәуiр басқа ғылым салаларының ке-мелденген шағында, олардың жетiстiктерiн пайдалана бастаған кезге сәйкес ке-ледi. Әсiресе, физиканың Х1Х ғасырдағы табысы – фотография мен спектрлiк анализдiң астрономиялық зерттеулерде қолданылуы бұл гылымның өрiсiн едәуiр кеңейттi. аспан шырақтарынан келген жарықты астрономдар жан-жақты зерттеу мүмкiндiгiне ие болды. Яғни, аспан денесiнiң бетiндегi және әлемдiк кеңiстiктегi физикалық және химиялық процесстердi зерттеу мүмкiндiгi пайда болды. Өткен ғасырдың орта кезiнде басталған бұл дәуiрде зерттелуi мүмкiн болатын кеңiстiк аумағы ерекше кеңейiп, зерттеулер тереңдей түстi. Қазiргi кезде астрономдар Күн жүйесiнiң құрамындағы денелер, планета аралық орта, жұлдыз аралық орта, Галактика құрамындағы жүлдыздар және тұмандықтар, басқа галактикалар және тыс объектiлер – квазарлар және пульсарлар сияқты объектiлердi зерттейдi.
Астрономияның даму тарихын осы бiр жай схемамен бейнелегенде, астро-метрия оның бастапқы дәуiрлерiнде қалыптасқан деп ойлауға болар едi. Бiрақ бұл дұрыс пiкiр болмас едi, астрометрия бағытындағы зерттеулер әлi жалғасып келедi. атап айтар болсақ, Жердiң пiшiнiн анықтау, Жердiң айналу осiнiң пре-цессиясы мен нутациясын зерттеу, Жердiң өз осiнен айналу қозғалысының бiрқалыпсыздықтарын зерттеу және т.б. зерттеулер космостық зерттеулер дәуiрiнде де атқарылып келедi. Сондықтан астрометрия әлi де өсiп-өнетiн сала болатындығына күмән жоқ.
Қазақ тiлiндегi әдебиетке қысқаша шолу
Астрономиялық мәселелер орыс және қазақ тiлiндегi көптеген кiтаптарда баяндалған. Орыс тiлiнде жазылған әдебиетке сын-баға беру автордың мақсатына кiрмейдi. Бiрақ автор бұл кiтаптарды зерттеп, баяндалатын мәселелер аумағын айқындағанда жоғарғы оқу орындарында қолданылатын кiтаптарға сүйенген; бұл оқулықтарда [7,14-16], астрономия мәселелерiне жан-жақты шолу жасалған. Сондықтан астрономияны тереңiрек меңгерудi мақсат ететiн оқырман бұл кiтаптарды терең зерттеуi қажет. Бiрақ қазақша бiлiм алған оқырмандарға орысша жазылған мәлiметтi түсiну әдетте қиынға түседi. ал қазақ тiлiнде жазылған төл кiтаптарымыз жоқтың қасы, қазiргi кезде оларды табу да қиынға соғады, өйткенi Кеңес Одағы кезiнде шыққан кiтаптар белгiлi бiр себептермен аз тиражбен шығарылған, ал қазiр кiтап шығаруға мемлекет тарапынан қаржылық көмек көрсетiлмейтiндiктен, көбiрек шығаруға қаражат жетпейдi. Бұл кiтаптардың ([5,6,10,22,29,30]) маңызы – астрономиялық бiлiмнiң негiздерi қазақ халқының тұрмысында қолданылатындығын, бұл байланыстың қазақ ауыз әдебиетiнде наным-сенiмдер түрiнде ерте заманнан берi cақталып келе жатқандығын нақты мысалдармен көрсеттi, қазақ тiлiндегi астрономиялық терминдермен оқырман қауымды таныстырды. Бұл ретте ең белгiлi, сонымен бiрге сирек кездесетiн кiтап: Хасен Әбiшевтiң 1958 жылы шыққан “Халық астрономиясы“ кiтабын [5] атауға болады. Бұл кiтаптың жалғасы “Аспан сыры”- 1962 жылы шыққан[6].
Х.Әбiшұлының “Халық астрономиясы“ [5] астрономия пәнiнен қазақ тiлiнде жазылған алғашқы толық көлемдi кiтап болып табылады.Бұл кiтапта астрономияның барлық дерлiк маңызды салаларынан сол кездегi ғылымның даму деңгейiне сәйкес мәлiмет берiледi. Автор астрономиялық мәлiметтердi келтiре отырып, қазақ халқының ауыз әдебиетiнде, ұлттық мәдениетте ғасырлар бойы жинақталған бiлiмге сүйенедi. Бiз үшiн бұл кiтаптың Кiрiспесi мен 4 тарауында келтiрiлген мәлiметтерi құнды. Астрономияның ерте заманнан дамуына сипаттама берiп, шығыс, Қытай астрономдарының жетiстiктерiне шолу жасап, осы тарауда қазақ халқының астрономиялық бiлiмдерi жайында, бұл бiлiмнiң халықтың тұрмыс- тiрлiгiнде алатын орны туралы баяндалады. Бiрiншi тарауда аспан күмбезi, аспан сферасын бiлудiң қажеттiгi, маңызы айтылады. Осы тарауда жұлдыз атауларына тоқталып, қазақтың халықтық жұлдыз атауларын келтiрiп, осыларға байланысты аңыздарды мысалға келтiредi. Жердiң әлем кеңiстiгiндегi қозғалыстарын талдай келе, бұл қозғалыстардың нәтижесiнде аспан шырақтарының көрiнерлiк қозғалыстарында болатын құбылыстарына сипаттама бередi. Екiншi тарауда Күннiң көрiнерлiк жылдық қозғалысы сипатталады. Зодиактық шоқжұлдыздардың қазақша, түрiкше атаулары келтiрiлiп, жыл мезгiлдерiнiң алмасу себептерi, климаттық белдеулер, iңiрдiң болу себептерi жайында айтып бередi. Үшiншi тарауда уақыт өлшеудiң негiздерi берiледi. Уақыт өлшеу жүйелерiне, күнтiзбелерге сипаттама берiледi; қазақ халқының ертеден қалыптасқан уақыт санау дәстүрлерi мен әдiстерi жөнiнде мағлұмат бередi. Төртiншi тарауда практикалық астрономияға жалпы сипаттама берiледi, бағдарлану әдiстерiн, «Уақыт қызметiнiң» негiзгi мiндеттерiн баяндайды. Осы кiтапқа сипаттама бергенде, атап өтетiн бiрiншi артықшылығы - қазақ тiлiндегi мәлiметтердiң құндылығы. Кемшiлiгi – кейбiр ғылыми мәлiметтердiң ескiргенi, мысалы: уақыт санау жүйесi ол заманда кварцтық сағатқа негiзделген болатын, ал қазiргi атомдық сағат жүйесi ол заманда белгiсiз болатын.
Екiншi кiтабы [6] жайында айтар болсақ, бұл кiтап бiрiншi кiтапты толық-тырады. Бұл кiтапта баяндалатыны - халықтың ауыз әдебиетiнде, әдет – салтын-да сақталған астрономиялық бiлiм-нанымдар, бұлар қазiргi ғылыми тұрғыдан түсiндiрiледi. Сол арқылы халықтың ғасырлар бойы жинақталған бiлiмiне мей-лiнше толық сипаттама берiледi .
Бұдан кейiн атап өтетiн оқу құралы – мектепте қолданылған аударма оқулық: Воронцов – Вельяминовтың “Астрономия” оқулығы [9]. Ондаған жылдар бойы оқырманды астрономиямен таныстырған бұл кiтапта ескi терминдер, немесе тiкелей орысшадан аударылған терминдер қолданылды. Олардың қазақша аудармасы болса да, оларды iздеп тауып орынды қолдануына күш салынған жоқ. Сондықтан бұл кiтапта баяндалған мәселелер оқырманның санасынан аулақ жатты, өмiрлiк практикасымен байланысы болмады. Қазiргi заманда кейбiр терминдiк сөздердiң қазақша баламасы табылып жатқан кезде, бұл оқулықтың орнына жаңа оқу құралдары келуi тиiс. Алда сондай кiтаптар жайында бөлек сөз болады. Келесi атап өтетiн кiтап: Ысқақовтың “Халық календары” [10]. Календарь жүйесi, яғни ұзақ уақыт аралықтарын өлшеу жүйелерi, ерте заманнан берi барлық халықтарда, солардың iшiнде қазақ халқында да қолданылып келдi. Бiрақ осы жүйелер кейбiр оқырман топтары, айталық, қалада тұрып қалған оқырмандар үшiн беймәлiм болып келдi. Бұл тұрғыдан Ысқаковтың осы еңбегi өзiнiң тиiстi орнын тапты деп айтуға болады. Қазақ тiлiнде жазылған бұл кiтапта: қазақ халқының ежелден қолданылып келе жатқан күнтiзбелерiне сипаттама берiледi, шығыс елдерiнiң ежелгi күнтiзбелерiне, Европа елдерiнде қолданылып келген күнтiзбелерге шолу жасалған. Жалпы Ыскаковтың кiтабы астрономияның тек бiр саласы бойынша мәлiмет бередi, уақыт санау жүйелерiне тоқталған. А.Карамұрзиннiң “Астрономиядан қосымша оқуға арналған кейбiр мәселелер” [20] атты оқу құралы орта мектеп мұғалiмдерiне, жоғары класс оқушыларына арналған. Онда автор шоқжұлдыздар жайында, жұлдызға қарап бағдарлау жайында, Күн және оның қозғалысы жайында қысқаша түсiнiктеме берген. Жұлдыздардың жалтырауы, планеталар және кометалар, Кеплер заңдарын қолдануға байланысты мәселелер баяндалған. Орта мектеп оқулығына көмекшi құрал болғандықтан, сондағы суреттерге сiлтеме жасаған. Соңында келтiрiлген сандық таблицасында астрономиялық тұрақтылардың, аспан денелерiнiң сипаттамалары, кейбiр физикалық шамалардың сан мәндерi келтiрiлген. астрономиялық есептердi шығару үшiн, лабораториялық жұмыстарды орындау үшiн осы таблицалар қажет. Бiрақ бұл құралдан астрономиялық терминдер жайында алар көмек шамалы. аспан сферасы, аспан координаттар және т.б. астрометриялық мәлiметтер шағын. астрономияның басқа салалары тереңдетiлiп айтылмаған. Қазақтың ұлттық астрономиясына қатысты мәлiметтер үстiртiн берiлген. Н. Бекбасардың “Астрономияға кiрiспе” [22] кiтабында астрономияға жалпы шолу берiлген. Бұл кiтапта бiраз мәлiметтер келтiрiлген. Жұлдыздар мен шоқжұлдыздардың қазақша атаулары берiлiп, атаулардың шығу тарихы жайында аңыздарды баяндап берген. Шырақтардың сипаттамаларымен бiрге аспанның жылдың әр мезгiлiне сәйкес көрiнiсiн сипаттап өткен. Бiрақ астрометрияның басқа көптеген мәселелерi айтылмай кеткен. Н. Бекбасардың “Практикалық астрономиясына” [29] тоқталар болсақ, бұл кiтап негiзiнен практикалық бақылау тәжiрибелерiне көмекшi құрал болып табылады. Жай көзбен бақылау арқылы шоқжұлдыздармен танысуды үйретедi, бұларды аспаннан тауып алу әдiстерiн үйретедi, бағдарды дәл анықтауға, уақытты бiлу әдiстерiмен таныстырады. аспан денелерiн картаның көмегiмен табу әдiстерiмен, аспан координаттары жүйелерiмен таныстырады. аспанды бақылауға арналған қарапайым бұрыш өлшейтiн қондырғыларға және теодолитке сипаттама бередi. Астрономия бақылау жұмыстарын ұйымдастыру-ға назар аударады. Әртүрлi аспан шырақтарын бақылау шарттарымен танысты-рады. Алғашқы бөлiмiнде шоқжұлдыздар мен жұлдыздардың атауларына тоқта-лып, олардың пайда болу себептерiн талдайды,әртүрлi варианттарына тоқтала-ды. Бұл кiтап практикалық жұмысты ұйымдастырушылар үшiн маңызды оқу құралы болып отыр. Сонымен бiрге, астрономиялық мәлiметтер де баршылық. Әсiресе терминология тұрғысынан iзденiстерi маңызды.
Астрономияның барлық салаларынан бiлiм беретiн оқу құралы тек жоғарыда айтылып өткен Х.Әбiшұлының кiтабы [5] және аударма оқулық [9] қана болды. Жаңа дәуiрде астрономия ғылымы халыққа мейлiнше жақын болуы үшiн, заман талабына сай жаңа оқулықтар қажет. Бұл оқулықтардың шығуына кедергiлер де аз емес, солардың бiрi жоғарыда аталып өттi. Бұған кесел тигiзiп тұрған субьективтiк фактор да бар. Бұл кейiнгi кезде саясатта байқалып жүрген, табиғаттану және техникалық ғылымдардың маңызын төмендетуге, оның есесiнен гуманитарлық пәндердiң орнын күшейтуге бағытталған тенденция. Соның салдарынан мектепте астрономияның орны азайып, жеке пән болудан қалып, физиканың құрамында жеке тарау болып өтiлуi. Бұл – оқушылардың осы саладан бiлiмдерiнiң кемшiлiктерiн жоюға көмектеспейтiнi анық. астрономиялық құбылыстардың мән-мағынасын терең ашып түсiндiруде мектептiң ролi төмендеп отыр. Астрономия жеке пән болғанымен, астрономияны оқыту дәрежесi төмен болып отыр. Оның себебi, бiр жағынан, жоғарыда айтылған сағат көлемiнiң азаюы; екiншi жағынан, астрономияны қажеттi дәрежеде меңгеру үшiн оқытушының бiлiктiлiгi жоғары дәрежеде болмауы. Сондықтан астрономияны оқытуды жоғары оқу орындарында да дұрыс жолға қою қажет. Әрине қазiргi мектеп оқулықтарында астрономиялық мәлiметтер жүйелi түрде 9-кластан бастап берiлуi, бұрыңғы жағдаймен салыстырғанда, алға өрлеу болып табылады. Бiрақ бәрi де мұғалiмнiң бiлiктiлiгiне байланысты болып отыр. Қазiр теледидардан және радиодан дiни сенiмдер мен нанымдардың кеңiнен уағыздалуы, қарапайым халықарасында ескi заманның сарқыншағы болып қалған дiни көзқарастардың қайта жандана түсуi - табиғаттану ғылымдарын күшейтудi талап етедi. Сонымен жоғарғы оқу орындарында астрономияның деңгейiн күшейту мәселесi маңызды болып отыр. Бұл - кең ауқымды мәселе. Сол мәселенiң бiр жағы – жақсы оқулықты басып шығару болып табылады. Үлкен оқулықты шығару қиын болғандықтан астрономияның жеке салаларына арналған жеке кiтаптар шығару көзделдi.
Жеке әңгiме – қолданылатын терминдер жайында болмақшы. Бұл мәселе бiздiң оқулықтар үшiн маңызды проблемаға айналып отыр. Басқа техникалық пәндер сияқты астрономия пәнiнде де қалыптасқан терминдер көбiнесе орыс тiлiнен аударылған немесе тiке қабылдап алынған терминдер болып табылады. Бұл терминнiң бiразы орыс тiлiнiң төл сөздерiнен шықса, бiразы европалық астрономиялық терминдер болып табылады. Бiрақ ескеретiн жай, тарихи тұрғыдан астрономиялық терминдер европалық болып аталғанымен, көбiнiң төркiнi – араб тiлiнен енген терминдер. Қазiр қазақ оқулықтарында бұрыннан қалыптасқан терминдерге қазақша аударма тауып, терминдердi жаңарту процесi жүрiп жатыр. Кейде бiрдей ұғымдар әртүрлi оқулықтарда терминдiк сөзбен берiледi. Бұл негiзiнен авторлық концепцияға байланысты болып отыр, автордың тiл бiлiмiне, эрудициясына, тiптi сауаттылығына да байланысы болып отыр. Қалай болғанда да бұл процесс ерекше икемдiлiктi қажет етедi. Егер қалыптасқан сөздiк қорды беталды, шектеусiз өзгерте берсек, алғашқы оқулықтардан қол үзiп, жаңа терминдердi қалыптастыра алмай, оқырмандардың талап деңгейiнен көрiне алмауымыз да мүмкiн. Автордың пiкiрiнше, бұл терминдердi таңдауда халықтың ұмытылған, не ұмытылып бара жатқан сөздiк қорынан iздестiру қажет. ал бұл термин тiлдiң сөздiк қорынан табылмаса, не ескi терминдi қалдыра тұруға тура келедi, не жаңа терминдi құбылыстың табиғатына не сипатына сәйкес болатындай етiп таңдау қажет. Қалай болғанда да, бұл iсте асығыстық жасау ағаттық болар едi. Жоғарыда аталып өткен кiтаптарда терминдердiң бiрiздiлiгi жоқ. Терминология жағынан Х. Әбiшұлының [24] кiтабы халық тiлiне жақын деп айтуға болады. Әсiресе оның екiншi кiтабында [6] мақал-мәтел, аңыз түрiнде сақталып келген, қазақ халқының ертеден жинақталып келген бақылаулары, сенiмдерi баяндалған. Бiрақ кейбiр терминдерiн қазiргi оқулықтардан табуға болмайды. Айталық синодтық айды – туар ай, не туған ай деп атаса, Башарұлы және Н. Бекбасар өлiаралық ай деп атауды ұсынады [22,30]. Каталогтарды Х. Әбiшұлы [5,6] және Имажанова [23] – жұлдыз тiзiмi деп, ал Башарұлы және Н. Бекбасар- тiркемдер деп атауды ұсынады. Всемирное время терминiн Х. Әбiшұлы [5,6] – дүниелiк уақыт деп атаса, Башарұлы және Н. Бекбасар [22,30] – бүкiләлемдiк уақыт, ал Имажанова [23] – дүниежүзiлiк уақыт деп атайды, Склонение терминi бұрын ауысу деп аударылып келсе (Имажанова [23], мектеп оқулығы [9]), физикалық және астрономия терминологиялық сөздiгiнде [28] – еңкею, ал [22,30]-де - еңiстiк деп аталды. тағы басқа мысалдарды келтiруге болады. Сондықтан, мәтiннiң арасында кейбiр сондай терминдердiң варианттарын атап өттiк.
Автор өзiнiң алғашқы еңбегiн астрономияның алғашқы саласы – астрометрияға арнап отыр. автор бұл еңбегiнiң көп кемшiлiгi бар екендiгiн сезiнсе де, осы құрал аз да болса сұраныстың орнын толтырар деп сенедi.
Достарыңызбен бөлісу: |