4. Топырақтың гранулометриялық құрамы және оның топырақ қасиеттері мен құнарлылығына әсері
Қатты топырақ бөліктерін микроагрегаттар және макроагрегаттар құрайды. Икроагрегаттар топырақтың элементарлы өте майда бөлшектерінің бір-бірімен қабысып, желімденуі арқылы құрылады. Мұндай қабысу және желімдену топырақтағы физикалық, химиялық және биологиялық процестердің нәтижесінде өтеді. Агрегаттардың диаметрлері әдетте 0,25 мм-ден кіші болады. Макроагрегаттар микроагрегаттардан және элементар топырақ бөлшектерінен құралады, бұлардың диаметрі 0,25 мм – ден үлкен болады.Топырақтың элементар бөлшектері әртүрлі дәрежеде бөлшектенеді. Олардың диаметрі миллиметрдің он мыңнан бір бөлігінен бірнеше миллиметрге дейін, кейде сантиметрге дейін жетеді. Топырақ бөлшектерінің өлшемдеріне оның физикалық, физикалық-химиялық қасиеттері тәуелді болады.Сондықтан топырақты оның элементар түйіршіктеріне байланысты жіктеу (классификациялау) қажет. Барлық түйіршіктерді олардың өлшемдеріне (размерлеріне) байланысты топтарға немесе фракцияларға біріктіреді. Осы фракциялардың пайыздан үлесі топырақтың механикалық немесе гранулометрлік құрамы деп аталады.Қазіргі кезде Качинскийдің элементар топырақ түйіршіктерінің классификациясы қолданылады.Осы ғалымның зерттеуіне сәйкес топырақтар өзінің механикалық құрамына қарай төмендегі топтарға бөлінеді.
Тастар, тас бөлшектері, шағал, тау жыныстарының сынықтары болғандықтан оның құрылымын, қасиеттерін сақтайды, олар топырақтың физикалық қасиеттеріне әсер етеді.
Құм – (түйіршіктердің диаметрі 1-0,05мм) топырақтың аз жылжитын бөлігі. Ол негізінен кристалды кремний қышқылдарынан құрылады, кейбір жағдайда слюда пластинкалары мен басқа минералдардың сынықтарынан құралады. Химиялық реакцияларға қатыспайды десе де болады, өсімдіктер үшін қоректік зат емес, бірақ топырақтың физикалық қасиеттеріне әсерін тигізеді. Құм-силикаты тау жыныстарының механикалық үгітілуінің нәтижесінде пайда болады.
Шаң – (түйіршіктердің диаметрі 0,05-0,001мм) тұрақты кристалды және аморфты кремний қышқылдарынан тұрады. Шаң фракциясы салыстырмалы түрде алғанда топырақтың инертті бөлігі. Химиялық және физикалық процестер бұл фракцияда нашар жүреді.
Тұнба – (түйіршіктердің диаметрі <0,001 мм) – бұл топырақтың ең белсенді және жылжымалы сазды бөлшегі. Тұнба құрамына минералдық және аз мөлшерде органикалық заттар кіреді. Бұл фракцияның түйіршіктері бір-бірімен жақсы байланыста болады, серпімді келеді.Топырақтың механикалық құрамы Н. А. Качинскийдің классификациясы бойынша анықталады. Бұл классификацияның негізі топырақ түйіршіктерін физикалық саз (түйіршіктері <0,01) және физикалық құм (түйіршіктері >0,01мм) деп бөлу болып табылады.
Бірақ топырақтың механикалық құрамы бойынша оның физикалық қасиеттері жайында жуықтап қана айтуға болады. Топырақтың механикалық элементтерінің (фракцияларының) құрылымы оның қасиеттерінің жиынтығын бермейді. Мысалы, тұнба нашар су өткізгіштігімен және судың капиллярмен жылжуының нашар байқалатындығымен ерекшеленеді. Кальциймен және темірмен қаныққан соң тұнба топырақ құрылымының маңызды факторына айналады. Яғни топырақтың ең қолайлы физикалық қасиеттерін құруға себепші болады. Табиғатта топырақтың механикалық құрамының алуан түрлілігі байқалады, Механикалық құрамы ұқсас немесе бірдей топырақтар физикалық қасиеттері жағынан бір-бірінен едәуір алшақтануы мүмкін. Топырақтың қасиеттеріндегі үлкен алшақтық микроагрегаттық құрамының әртүрлілігімен түсіндіріледі. Микроагрегаттарды микроагрегаттық анализ арқылы фракцияларға бөледі.Топырақтың микроагрегаттарды құру қабілеті тұнбаның мөлшеріне байланысты болады. Микроагрегаттық анализ кезінде алынған тұнба мөлшеріне қатынасы дисперстік коэффициент деп аталады. (Н. А. Качинский бойынша). Осы қатынас үлкен болған сайын топырақтың агрегаттар құру қабілеті азайып, топырақтың микроқұрылымы беріктігін төмендетеді. Қара топырақтың дисперстік коэффициенті 10% дан аспайды, ал сортаң топырақтарда осы көрсеткіш 60-80%- дан асуы мүмкін.Топырақтың микроагрегаттық құрамы – динамикалық шама, осыған орай оның негізгі физикалық қасиеттері де өзгермелі, үнемі қозғалыста болады.Оның толығырақ атын басым және серіктес фракцияның (саз тұнба, орташа және майда шаң, ірі шаң және құм) анализ нәтижелеріне сүйене отырып анықтайды. Басым фракция механикалық құрам атауының соңына жазылып, оның жетекшілік маңызын көрсетеді. Мысалы, орташа саздақты, шаңды – тұнбалы топырақ және т.т.Уақыт өте келе топырақтың механикалық құрамы ауырлану жағына қарай өзгереді, ал элювиальдық қабатта (А2) ол салыстырмалы түрде алғанда жеңілдейді. Бұған осы қабаттан жұқа дисперсті бөліктің төменге қарай шайылуы себеп болады. Механикалық құрамға топырақтың сулық, физикалық және физикалық-механикалық қасиеттері бағынышты болады. Мысалы құмды және құмдақ топырақтар әдетте, құрылымсыз келеді, бірақ бұл топырақтарда қолайлы ауа және жылу тәртібі бар. Су өткізгіші жақсы, бірақ ылғал сиымдылығы нашар келеді. Топырақ өңдеуші құралдарға аз кедергі жасайды. Сонымен қатар, бұл топырақтар өсімдіктерге қажетті қарашірікке, азотқа, күлдік қоректік элементтерге кедей, сондықтан басқа топырақтарға қарағанда, тез құнарсызданып, тыңайтқыштар енгізуді қажет етеді.Саз топырақтар керісінше, күлдік қоректік элементтерге байлығымен, ылғал сиымдылығының жоғарылығымен, су өткізгішінің, су қайнатуының ауа алмасуының нашарлығымен және қолайсыз жылулық қасиеттерімен ерекшеленеді. Бұл топырақтар топырақ өңдеуші құралдарға үлкен кедергі жасайды. Бұл топырақтарда суды және ауаны нашар өткізетін қабық жиі пайда болып тұрады.Жеңіл және орташа саздақты топырақтар қасиеттері және құрамы бойынша жоғарыда аталған топырақтардың ортасынан орын алады. Бұл топырақтар – ең жақсы топырақтар болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |