Астық қоңыздары. Тақтамұртты қоңыздар (Scarabaeidae) тұқымдасына жатады. Астық қоңыздарының аса көп таралған үш түрі кездеседі – кузька - қоңызы (Anisoplia austriaca Hеrbst.), айқышты – қоңыз (A. аgricola Poda) және әдемі қоңыз (A. segetum Hеrbst.). Жас қоңыздардың топырақтан өріп шығатын кезеңі күздік астық дақылдарының дәннің-сүттену кезеңінің басына дәл келеді. Ертерек пайда болған кезде, олар бидайықтың әрқилы өскіндерімен қоректенеді де, бұдан соң дәнді дақылдарға көшеді. Бір аймақтың өзінде қоңыздардың пайда болу мерзімі көктемгі мезгілдің метеорологиялық жағдайларына байланысты. Ыстық болған жылдары олар ертерек шығады. Кей кезде қоңыздар күздік бидайларды жинау науқаны басталар алдында пайда болады. Бұл жағдайда олар жаздық бидай масақтарына шоғырлана бастайды. Қоңыздар күздік және жаздық бидайлардың, сондай-ақ арпаның сүттіген дәндерімен қоректенеді. Жабайы дақылдардан олар бидайықтың, атқонақтың, арпабастың, аталық шөптің дәндерімен қоректенуді ұнатады. Қоңыздар жылу сүйгіш, таңғы сағат 8-9-дан бастап күні бойы тыным таппайды: қоректенеді, бір жерден екінші жерге ұшып барып шағылысады, олар бір айға жуық тірішілік етеді, шыққаннан кейін 1-2 аптадан соң аналық қоңыздар топырақтың 10-12 см тереңдігіне (дымқыл қабатқа) жұмыртқа салуға кіріседі. Өсімталдығы 15-20 дана жұмыртқа. Эмбриондық дамуы 2-3 аптаға созылады. Құрғақшылық жылдары жұмыртқалардың едәуір бөлігі өліп қалады. Дернәсілдердің қарқынды өсіпдамуы тамыз айында жүреді.