реферат құрастыру – тақырып бойынша бірнеше ақпарат көздеріне шолу беріп, олардың мазмұны мен формасына өз бағасын беру;
мәтін жоспарын жасау - мәтінді бөлімдерге келтіріп, әрқайсысына атама беру; жоспар жай не күрделі болуы мүмкін;
сілтемелер беру (цитирование)- мәтіннен өзгертілместен бөліп алынған көшірме. Сілтемеге байланысты қойылатын талаптар: әдептілік болуы, мағынаның өзгеріске түспеуі, сілтеме алынған еңбектің авторын, атамасын, баспа орыны мен атын, жария жылын, бетін дәл келтіру;
түсініктеме беру (аннотация)- оқылғанның мәнді тараптарын жойып алмастан, қысқа, ықшам баяндау (ауызша не жазба); - пікір беру (рецензирование)- оқылған жөнінде өз ойын білдіруге арналған қысқаша ауызша не жазба баян.
анықтама (справка) түзу –ізденіс нәтижесінде жинақталған ақпарат бойынша мәлімет. Анықтамалар түрі - өмірнамалық дерек, сандық- статистикалық, жағрапиялық, терминологиялық және т.б.
формальды –қисынды модель жасау - оқылғанды сөз-сүлбе (схема) күйінде жеткізу;
тақырыптық тезаурус құрастыру - тақырып, бөлім не түгелдей пән бойынша тірек ұғымдардың реттелген жиынтық тізімін жасау;
идеялар матрицасын жасау - біртекті заттар, құбылыстар жөнінде келтірілген түрлі авторлар еңбектеріндегі салыстырмалы сипаттамаларда кесте формасына келтіру;
пиктографиялық жазба –сөзсіз бейнелеу.
Білім көзіне орай топтастырудың және бір реті - бұл көрнекілік әдістер. Көрнекі әдістерді пайдалану барысында ақпараттық материалды игеру оқу
процесінде көрнекі құралдар сүлбе (схема), кесте, сурет, модельдер, приборлар, техникалық құралдарды тікелей қолдануға тәуелді. Бұлардың бәрі оқушының сезім тетіктеріне ықпал жасауға негізделіп, сөздік және практикалық әдістермен бірге пайдаланылады.
Оқудың практикалық әдістері - оқушының іс-әрекетіне, оқу қызметтеріне негізделеді. Бұлардың басты міндеті –тәжірибелік ептіліктер мен дағдылар қалыптастыру. Мұндай топтастыруда жаттығу, лабораториялық және тәжірибелік әдістері бірігеді.
Жаттығулар – материалды игеру не игерілгеннің сапасын көтеру мақсатында оқу әрекеттерін (ақыл не қызметтік) көп мәрте қайталаумен орындау.
Жаттығулар ауызша, жазба, графикалық және оқу-еңбектік болып ажыралады. Ауызша жаттығулар оқушылардың сөйлеу мәдениетінің, қисынды ойлау, ес,
зейін, таным мүмкіндіктерінің дамуына ықпал жасайды.
Жазба жаттығулардың басты міндеті игерілген білімді бекіту және олар бойынша қажетті ептіліктер мен дағдыларды қалыптастырып, қолдануға бейімдеу.
Оқу-еңбектік жаттығулар ерекше әдістер тобын құрайды. Бұларды пайдалану нәтижесінде оқушылар теориялық біліктерін еңбек іс-әрекеттерінде қолдануға үйреніп, еңбек құрал-саймандарымен, лабораториялық жабдықтармен қатынас жасауға дағдыланады, құрастырушылық-техникалық ептіліктерін дамытады. Оқушылардың өзіндік әрекеті мен дербес жұмыс істеуіне байланысты қалаған жаттығу қайта жасау, дағдылану, шығармашылдық сипатына ие.
Оқу процесінің белсенділігін көтеру, оқу тапсырмаларының сапалы орындалуына түсіндірмелі жаттығулардың тиімділігі орасан. Бұлардың мәні – оқушы орындап жатқан әрекетіне сипаттама береді, осыдан жаттығу ісі мен білімі көтеріңкі саналылықпен меңгеріледі.
Лабораториялық жұмыстар әдіс ретінде оқушылардың өз бетінше арнайы приборлар мен құралдарды пайдалана отырып, тәжірибе не эксперимент жүргізуіне негізделген. Жұмыс дара не топта жүргізіледі. Бұл әдісті қолдану барысында оқушылар жоғары белсенділік және дербестікпен қатысып, зерттеу істеріне етене араласуға мүмкіндік алады.
Оқу әдістерін шәкірттердің танымдық әрекеттеріне орай топтастыру
Танымдық іс-әрекет сипаты оқушының ойлау белсенділігінің деңгейінен көрінеді. Мұндай топтастыру тұрғысынан келесі әдістер түрі ажыралады: түсіндірме – көрнекілі (ақпаратты – рецептивті, іштей түсіну), қайталай жасау (репрадуктивті), проблемді баяндау, бөлшектеп ізденіс (эвристикалы) және зерттеу.
Түсіндірме – көрнекілі әдістің мәні – оқытушы әрқилы құрал-жабдықтар көмегімен дайын ақпаратты хабарлайды, ал оқушылар оны қабылдайды, түсінеді және есте қалдырады. Оқушылардың танымдық іс-әрекеті дайын білімдерді есте қалдыруымен еленеді, бірақ бұл бейсаналық деңгейде де болып, ақыл-ой белсенділігіне ешқандайда әсер етпеуі ықтимал. Осыдан түсіндірме, яғни ақпаратты- іштей түсіну әдісі әрдайым тиімді бола бермейді.
Қайта жасау (репродуктивті) әдісте оқытушы ақпаратты дайын күйінде хабарлап, түсіндіреді, ал оқушылар оны меңгеріп, ұстаз тапсырмасымен сол күйінде қайталап айтып береді. Білім өзгеріске түспейді, оқушыдан шығармашыл белсенділік талап етілмейді.
Қайта жасау әдісінің, ақпараттық іштей түйсіну әдісіндегідей басты тиімділігі- уақыт, күш қуат үнемділігі. Бұл әдіс қысқа уақытта, көп күш жұмсамай ауқымды көлемдегі білім қоры мен ептіліктерді түсіндіріп жеткізуге мүмкіндік береді. Сабақ барысындағы көп қайталаудан білім бекімі бірқанша жоғары болады. Бірақ бұл әдіс те оқушылардың ой белсенділігін көтеруде өзінің тиімсіздігімен байқалады.
Проблемді оқу әдісі - оқу процесіндегі орындаушылық қызметтен шығармашыл іс-әрекетке өту құралы ретінде танылады. Бұл әдістің мәні – оқытушы мәселе ұсына отырып, оның шешімін береді, таным процесіндегі ой өрісінің даму жолын көрсетеді. Оқушылар дайын білімдерді, қорытындыларды тек қана түсініп, есте қалдырумен шектеліп қалмай, дәлелдер қисынына, ой пайымдау тәсіліне бақылау қояды. Мұндай әдісті қолдану барысында оқушылар таным процесінің тікелей қатысушысы болмағанымен, мұғалімнің ой топшылауларына зер сала отырып, өздеріде проблема шешуге үйреніп барады.
Танымдық процестің біршама жоғары деңгейде танылғаны - бұл бөлшектеп ізденіс (эвристикалық) әдісі. Бұл әдіске байланысты оқушылар күрделі оқу проблемасын толықтай бастан-аяқ шешпестен, проблеманы бөлшектерге келтіріп, оларды бірінің ізімен екіншісіне жауап тауып отырады.
Оқытушы мұндайда оқушының ізденіс әрекетіндегі әр қадамына назар сала отырып, оған бағыт-бағдар сілтейді.
Оқудың зерттеу әдісі – оқушының білім игерудегі шығармашылдық ізденісіне басты назар аударады. Бұл әдісті қолданудағы басты мақсат- оқушының білім игерудегі саналылығын көтеру, құбылыстар мен оқиғаларды нақты күйінде қабылдамай, олардың мән-мағынасына тереңдей ұғынуға үйрету, қорытындылар жасауға баулып, игерген білім, ептілік және дағдыларын тұрмыста қолдануға жаттықтыру.
Бұл әдістің бір кемшілігі – көп уақыт жұмсауды талап етеді.
Жоғарыда аталған дәстүрлі әдістерінің бәрі оқушының таңдау, есте қалдыру, мұғалімнің айтқанын қайталау әрекеттерін дамытуға бағытталып, шын мәніндегі шығармашыл еңбек, белсенді таным мүмкіндіктерін өрбітуде тиімсіздік танытады. Бұл кемшілікті белсенді және жедел әдістермен толықтыруға болады. Оқудың белсенді әдістері – оқушы іс-әрекетіне өнімділік, шығармашыл-жасампаздық және ізденісті - зерттеу сипатын беретін жол-жобалар тобы. Оқу танымдық процесте шәкірт белсенділігін көтеруге дидактикалық ойындар, нақты ситуатцияларды талдау, іскерлік ойындар, проблемді мәселелерді шешу, алгоритм бойынша оқу, ақыл шабуылы (“мазговая атака”), жеке ұғымдармен жұмыс істеу.
Жедел әдістер – қысқа уақыт аралығында оқу сеанстарына ұзақтай ендіру жолымен көзделген іс-әрекетке үйретуде қолданылады (шомдыру әдісі). Бұл әдістер бизнес, маркетинг, шет ел тілдерін, практикалық психология мен педагогиканы оқытуда кең қолданылуда.
Қазіргі уақыттары жалпы педагогикада теориялық негізін тауып, оқу-тәрбие процесіне еніп жатқан бұрын соңды естімеген әдістер тобын келтіруге болады: суггестопедия - иландыру жолымен оқыту; гипнопедия –ұйқыда оқыту; фармакопедия - дәрі-дәрмек қолданып оқыту. Бұл әдістердің бәрі адамның табиғатындағы, ішкі мүмкіндіктеріне қозғау салып оқытуға бағытталған. Сонымен, әдіс көп, оның топтастырылуы да сан қилы, әрқайсысы өз алдына тиімді де, кемшілігі де жоқ емес.Осынысына көз жібере отырып, зерделі ұстаз оқу мақсатына, мазмұнына, алдындағы оқу субъектіне сай келетін нақты әдіс таңдайды, оны қолданудың жолдарына мән береді.
Достарыңызбен бөлісу: |