Кіріспе жұмыстың жалпы сипаттамасы


Зерттеу жұмысының құрылымы



бет3/7
Дата27.12.2022
өлшемі94,56 Kb.
#164684
1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
Жоба (5)

Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, бір тараудан, үш бөлімнен, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1.1 Батыс Қазақстан облысындағы археологиялық зерттеулер, олардың тарихи сананы жаңғыртудағы нәтижелері.

Екі құрылықтың – Еуропа мен Азияның тоғысқан тұсында тұрған Батыс Қазақстан аймағын адамзат баласы ерте кезеңдерде игеріп, мекен ете бастаған. Ұлы дала төсінде көне замандардан батыстан шығысқа, шығыстан батысқа көшіп-қонып жүрген тайпалар Орал жеріне де аялдап ат басын тіреді, бұған осы өңірден табылған кесенелер, көне қоныстар, қалашықтар мен кен қазбалараның орындары куә. Бұл ескерткіштердің Қазақстан тарихы үшін маңызы орасан зор. Батыс Қазақстанның байырғы тарихы бүгінде негізінен археологиялық деректерге арқа сүйейтіні ақиқат. Батыс өңірі өткен заманалар құпиясын өз қойнында ғасырлар бойы сақтап келеді [2, c. 4-7]. Академик М.Қ. Қозыбаев батыс өлкесін зерттеу маңыздылығын былайша тұжырымдайды: «Қазақстанның батыс аймағы, оның тұрғындары мен географиялық ландшафты тарихшы-зерттеушліре үшін қазақтардың этногенездерінің негізгі кезеңдерін, Еуропаның шығысындағы халықтармен қарым-қатынастар тарихын бақылауға мүмкіндік берген ғылыми ізденістердегі маңызды нысанаға айналды» [13, c. 230-232].


Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанға алыс және жақын шетел археолог-ғалымдары батыс өлке көне ескерткіштері тарихына назар аударып, экспедициялар ұйымдастырды. Бұған қазақ-орыс, қазақ-американ, қазақ-француз экспедициялары жарқын мысал бола алады. 1992 жылдан бастап Қазақстан-Ресей экспедициясы құрылып, халықаралық «Ежелгі адам палеоэкологиясы және Еразиялық материктің алғашқы игерілуі» атты бағдарламаны іске асыру үшін Ресей мен Қазақстан аумағында біріккен жұмыстар жүргізді. Тоқсаныншы жылдардың өтпелі кезеңіндегі қаржылық қиындықтарға қарамастан Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы еліміздегі ұлттық мәдени мұраларды және отандық тарихымызды тануға, зерттеуге тарих бетіне ел тарихында өзіндік орны бар есімдерді қайта оралтуда бірқатар жұмыстар атқарып келеді [14, 38-41 б.].
2001 жылдан бастап Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты облыстық тарихи-өлкетану музейімен, ал одан кейін 2002 жылы құрылған Батыс Қазақстан облыстық археология және тарих орталығымен бірлесе жұмыстар атқарды. Батыс Қазақстан тарих және археология орталығындағы ғылыми-зерттеу жұмыстар жүйелі, жоспарлы, арнаулы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарлама негізінде жүзеге асырылып, зерттеулер бағытының дамуы жаңа қарқынға ие болды. Яғни, орталықтағы ғылыми зерттеулерді археолог мамандар жүргізе бастады [15, с. 18-24]. Сонымен қатар археологиялық қазбалар мәдени мұраның материалдық және рухани құндылықтарын зерттеу, қалпына келтіру және сақтау, мәдеи, рухани мұраларды насихаттай отырып, азаматтарды осы мұраларды сақтауға жұмылдыру ақылы патриоттық сезім, отаншылдық рух қалыптастыруды көздеді.
Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы археология саласындағы негізгі бағыттарды, алдымен, археологиялық ескерткіштерді, сонымен қатар тарихи-мәдени мұраларды анықтап, есепке алып, мемлекеттің қорғауына алынған ескерткіштер тізіміне қосумен, екіншіден, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізумен айналысады. Орталық қызметінің негізгі бағыттары қатарына тарих, археология және этнография салалары бойынша жан-жақты, қолданбалы ғылыми ізденістерді ұйымдастырумен, мәдени құндылықтарды қалыптастыру, қайта құру, тарату, сонымен қатар мәдени, рухани мұраларды насихаттай отырып, азаматтарды осы мұраларды сақтауға жұмылдыру ісімен, тарих және археология ғылымдарындағы анықталған, зерттелген, жетістіктерді ғылыми айналымға енгізу, оқу-тәрбие процесінде қолдану, зерттеу жұмыстарын жандандыру жұмыстары кірді.
Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы Қазақстанның, Ресейдің және Өзбекстанның жетекші ғылыми мекемелерімен, сонымен қатар ғылыми институттармен тығыз әріптестік және ғылыми байланыс орнатты. Атап айтсақ, Қазақстанда тарих және этнология Институтымен, ҚР Шығыстану және Ә.Марғұлан атындағы археология институттарымен, Ресейде Ресей Ғылым академиясының Археология институты (Мәскеу қаласы), Ресей Ғылым академиясының Дала институты (Орынбор қаласы), Топырақтанудың физика-химиялық биологиялық мәселелері институты (Мәскеу қаласы), Еділ маңы археологиялық ғылыми зерттеу Институты (Волгоград қаласы), Саратов Мемлекеттік Университеті (Саратов қаласы), Оңтүстік Орал Ғылыми орталығы (Челябинск қаласы), Татарстан Ғылым академиясының Ш.Марджани атындағы тарих институты (Қазан қаласы) және Өзбекстан Ғылым Академиясы (Нүкүс қаласы) Қарақалпақстан бөлімшесімен іскерлік байланыс орнатылды.
Батыс Қазақстан облысының аймағында тарих және археология институтының қызметкерлері М.Н. Сдыков, А.А. Бисембаев және Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институтының қызметкерлері (О.А. Артюхова, Г.Т. Бексейітов) тас дәуірінің ескерткіштерін зерттеу бөлімімен бірлесе жүргізген барлау жұмыстарының нәтижесінде палеолит дәуірінің ескерткіштерін анықтады. Тас индустриясының 23 орны анықталды, оның алтауы палеолит кезіңінде, біреуі мезолит, қалғандары неолит дәуіріне жатқызылды. Әсіресе палеолит кезеңіне жататын олжалар зерттеушілерді (Шалқар I-IV, Бұлақ І,І ІІ) қызықтырды. Аса үлкен қызығушылық туғызған, Шалқар І мекенінен табылған 20 данадан құраған топтама болды. Ғылыми, тарихи тұрғыдан құнды облысымыздағы палеолит кезеңінің ескерткіші – шеберхана – тұрақ Ешкітау болып табылды. Археологиялық қазба нәтижесінде 2 мыңнан артефактілер табылды. Зерттеулер бұл ескерткіштің Қазақстанның палеолит кезеңіндегі маңыздылығы мен бірегейлігін көрсетіп отыр. Облысымызда жобалығы жағынан бірегей жерлеу ғұрыптарының ескерткіштері Бөрлі ауданындағы 10 обадан тұратын бір-бірімен жыралар арқылы байланысқан «Облавка» обалар кешені. Соңғы жылдары аймақтың тас ғасырын зерттеу бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып, аймақтың тарихына қатысты көзқарастар қайта қаралып, тың материалдар қайта жинақталуда [16, с. 3-9].
Жыл сайын қазба жұмыстарын жүргізу үшін бірнеше барлау жасақтары ұйымдастырылады. Аталған бағытты тарих ғылымдарының докторы М.Н. Сдыков пен тарих ғылымдарының кандидаты А.А. Бисембаевтың жетекшілігімен, Батыс Қазақстанның кешенді археологиялық экспедициясы қызметкерлерінің және Батыс Қазақстан Мемлекеттік Университеті мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе Мемлекеттік Университетінің тарих факультетінің студенттері, оқытушылары (С.Ю. Гуцалов және Р.А. Бекназаров жетекшілігімен) белсенді дамытты. Ең ірі ашылулар қатарына «Лебедовка» кешенінің табылуы, скиф-сақ дәуіріне жататын (4-5 м.ж.) ақсүйек әйелінің, бай алтын әшекейлерімен, тұрмыс бұйымдарының табылуы Еділ және Орал өзен аралығында дала империясының болғандығын дәлелдейді. «Қырық-оба» кешенінің хронологиясы мен типологиясы орнатылды. 2005 жылы Топырақтанудың физика-химиялық және биологиялық мәселелері институтымен бірге палеотопырақты және магнитті зерттеу жұмысы «Қырықоба» археологиялық ескерткіштерінде жүргізілді, бұл зерттеу жұмысы, кешенінің жерлеу орындарының құрылысы мен орналасуының магнитті картасын алуға мүмкіндік туғызды. «Елекшар» кешеніндегі обаларды қазу барысында Орталық Орал өңірі көшпенділерінің генезисіндегі айрықша маңыздылығы дәлелдене түсті. 2008 жылы Тарих және археология орталығының ғылыми қызметкері Д.В. Марыксинның бастауымен археологиялық қазба жұмыстары, Жаңақала ауданындағы Мұқыр І кешенінде жалғасты. Бұл жерде Алтын Орда дәуірінен қалған шағын шоғырланған обалар ауданы анықталды [17, с. 3-9].
Отандық тарихымыздың өзекті проблемаларын толыққанды мақсатында, барлық археологиялық, этнографиялық материалдарды және табылған бұйымдар ғылыми айналымдарға енгізіліп келеді. Орталық қызметкерлері бірнеше тарихи тақырыптарды зерттеумен айналысады. Бірінші ежелгі заманнан қазіргі кезеңге дейін аймақта қоныстанған халықтардың шығу тегі. С.Ю. Гуцалов, А.А. Бисембаев және М.Н. Сдыков еңбектерінде қоныстанушылардың қалыптасуының негізгі кезеңдері, халықтардың рухани және материалдық мәдени тұрғыдан дамып жетілуі, қола дәуірінен біздің дәуірімізге дейінгі халықтардың ұзақ тарихи кезең бойындағы, негізгі миграциялық қозғалыстары қамтылады. Екіншісі Батыс Қазақстандағы қалалық мәдениеттің дамуы. Ресей, Қазақстан мұрағаттарындағы кең танымал жазба көздеріне сүйене отырып, Шығыс және Еуропа авторларының қайта енген еңбектерінің негізінде, 2003-2004 жылдары М.Н. Сдыковтың басшылығымен құрамында К.М. Байпаков, И.В. Ерофеева, С.С. Кривобокова, В.А. Иночкин ғалымдар тобымен бірлесе отырып жазылған «Жайықтағы ежелгі және қазіргі» атты еңбектің маңыздылығы Орал қаласының құрылу тарихы қайта қаралды. Қаланың пайда болуы, археологтардың және тарихшылардың соңғы жаңалықтарымен тығыз байланысты. Орал жерінде қалалық мәдениеттің пайда болу кезеңі XІІІ ғасырдан бастау алатындығы белгілі болды. Орал жерінде қалалық орнығулардың пайда болу тарихи кезеңдері толыққанды жазылған.
Жайық бойындағы көне шаһарларды іздеу Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының жұмысының негізі бағыттарының бірі болды. Жайықтың мол суы, табиғи-климаттық орта отырықшы қоныс үшін таптырмас мекен. Бұл жерді адамдар көне заманнан бері қоныстанған және негізінен көшпелі өмір салтын ұстанады. Өлкеде бірнеше сауда және керуен жолдары өткен, бұл жөнінде жазба деректемелерден кездестірумізге болады. Батыс Қазақстан облысы аймағында ортағасырлық бірнеше қала болған . Оның үшеуі археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылды. Олар XIII-XIV ғасырларға жататын Жайық өзенінің жағасында Орал қаласынан 12 шақырым жерде орналасқан «Жайық» қалашығы, Жаңақала ауданындағы «Өзен» қалашығы және Казталов ауданындағы «Жалпақтал» қалашығы. Археологтар пікірі бойынша, Жайық қалашығы қазіргі Орал қаласының арғы түп тамыры болып табылады. Бұл қалашықтың табылуы өлкеміздегі қала мәдениетінің даму тарихын 300 жылға ұзартты. Демек, атылған тарихи ескерткіш өлкеміздегі қала мәдениетінің өз бастауын көнеден алатындығын нақты дәлелдей түседі. Бұған қоса алдын ала мәліметтерге сүйеніп, М.Н. Сдыков кемінде үш қаланың орны бар деп тұжырымдайды. Бұлай деуге нақты археологиялық барлау жұмыстары мен көптеген қосымша дерек көздері – X-XVII ғасырлар аралығын қамтитын көне карталар, ежелгі авторлардың еңбектері мен оларға жасалған қазіргі заманғы ғалымдардың түсініктемелері негіз береді [7, 6-11 б.б.] .
Батыс Қазақстан жеріндегі әртүрлі тарихи дәуірде өмір сүрген адамдардың антропологиялық түрін анықтау мақсатында зерттеу жұмыстарын облыстық тарих және археология орталығымен тығыз байланыс орнатқан Башқұрт университетінің, атап айтсақ, биоантропология лабораториясының ғылыми қызметкері А.И. Нечволод өлкеміздегі бірнеше оба кешендерінен алынған материалдарға антропологиялық талдау жүргізді . «Елекшар», «Қырықоба» жерлеу орнынан табылған адамдардың қанқалары зерттеуге ұсынды. Нәтижесінде адамның жасы барлық морфологиялық белгілері анықталып олардың сармат дәуіріне тән екендігі белгілі болды.
Ал, этнографиялық зерттеу экспедициясы облысымыздың 8 ауданын қамтыды. Жұмыстар тарих және археология орталығы қызметкерлермен және этнография саласындағы тәжірибелі мамандармен бірлесе отырып жүргізілді. Олар Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының этнография бөлімінің профессоры С.Е. Әжіғали (Алматы қаласы), тарих ғылымдарының кандидаттары Р.А. Бекназаров (Ақтөбе қаласы), Ж.Т. Ерназаров (Орал қаласы) және тағы басқаларын атауымызға болады. Этнографиялық экспедиция бағдарламасы өз жұмысында дәстүрлі мәдениетпен қазіргі таңдағы даму үрдісін қарастырады. Мысалға, әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлер, қазақтың ежелгі жерлеу ғұрыптары, қоғамдағы діни және мәдени дәстүрлер нормасы, діни құрылыстар, этногенетикалық аңыздар, ертегілер және шежірелер, ауыл этнографиясының барлығы кешенді тұрғыдан зерттеу жұмыстары қолға алынды. Басты зерттелініп жүрген мәселелердің бірі қазақ мәдениетіндегі дәстүрлі мемориалдық-мәдени құрылыстар. Қаратөбе, Сырым және Бөкейорда аудандарында жүргізілген этнографиялық экспедиция негізінде 50-ге тарта ауыз әдебиеті үлгілері жазылып алынды. Этнографиялық экспедицияның жұмысының қорытындысы негізінде «Орал өңірі қазақтарының музыкалық фольклоры» атты еңбек басылып шықты.
Облыс территориясында бір уақытта тарихи және археологиялық барлау кезінде табиғи мұра қатарына жататын ерекше қайталанбас табиғат нысандарын есепке ала отырып олардың физикалық-географиялық жағдайын сипаттап жазумен де облыстық тарих және археология орталығы айналысты. Ерекше қайталанбас табиғат нысандары облыс территориясында біркелкі тең орналаспаған, оларды анықтап есепке алуда осы кезеңге дейінгі белгілі нысандар өлкемізге белгілі ғалымдар В.В. Ивановтың, А.З. Петренканың, О.Т. Колченконның және басқалардың сипаттарындағы негізінде қайта қолға алынды. Сонымен қатар, тарих және археология орталығы ұйымдастырған далалық экспедициялар жұмысы кезінде ерекше табиғи нысандар анықталып сипатталды. Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысы территориясында 204-ке жуық табиғат мұраларының ескеркіштері анықталды. Соның ішінде облыстық тарих және археология оталығының қызметкерлері экпедициялық жұмыстар нәтижесінде жаңадан 20-ға тарта нысандар анықталды. Олар ботаникалық, ландшафтық-ботаникалық, геоморфологиялық, геологиялық, зоологиялық, гидрологиялық, ихтиологиялық және орман мәдениеті типтеріне бөлінеді. Облыстық тарих және археологиялық орталығының облыс аймағындағы тарихи және мәдени ескерткіштерді анықтап, тіркеу нәтижесінде 14 томнан тұратын Батыс Қазақстан облысының табиғи және тарихи-мәдени ескерткіштерінің жиынтығы құрастырылды. Аталған еңбектің екі ерекшілігі бар. Біріншісі - басылымның жан-жақтылығы, жинақта тек тарихи және мәдени ескерткіштер ғана емес, сонымен қатар, бірегей табиғи нысандар мен аймақтар енгізілді. Екіншісі - бұл еңбекте Батыс Қазақстанның барлық аудандары мен облыс орталығы - Орал жеріне дербес том және жалпы Батыс Қазақстан облысын қамтитын екі томдық даярланды. Әрбір жиынтық басылым бөлімнен тұрады – а) табиғи мұра ескерткіштері; ә) археологиялық ескерткіштер; б) этнография, архитектура және монументалды өнер ескерткіштері. Әр бөлімде анықталған нысандардың нақты орналасқан жерінің картасы, ескерткіштің фотосуреті және графикалық бейне сызбалары жинақталды [8, с. 36-42].
2002 жылы құрылған Батыс Қазақстан облыстық археология және тарих орталығы 2006 жылдан бастап 15-томдық жинақ шығарды. Жинақтың авторларының мақсаты – облыстағы барлық тарихи-мәдени ескерткіштердің барынша толық жиынтығын жасау. Бұл зерттеудің тағы бір құндылығы ол отандық тарих пен мәдениетті насихаттау және жастарға патриоттық тәрбие беру ісінде маңызды орын алады. Өйткені келтірілген деректер мен материалдарды оқу үрдісінде де, практикалық қызметте де пайдалануға болады.
Еңбектің басты ғылыми жетістігі ретінде тарих пен мәдениет ескерткіштерінің толық жинағының алғашқы рет жасақталуын атап өтуге болады. Әрбір ауданға және Орал қаласына жеке том арналады, ал жұмыс облыстың барлық мәдени мұрасына арналған қорытынды ұжымдық монографиямен аяқталады.
«Батыс Қазақстан облысының тарихи-мәдени және табиғат мұралары ескерткіштері» атты жинақтың 1-томында Шыңғырлау ауданы қарастырылған. Шыңғырлау ауданындағы тарих пен мәдениет ескерткіштері жиынтығы 183 археология ескерткіштерінен тұрады. Ауданның тәуелсіздік жылдарында зерттелуі 2002 жылдан бастау алады. Бұл кезең 2002ж. 7 ақпандағы облыс әкімінің №20 шешімімен құрылған Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығымен байланысты. Ауданға археологиялық барлауды Батыс Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы жүргізді. Экспедиция т.ғ.д., профессор М.Н. Сдыковтың басшылығымен өтті. Орталық ұйымдастырған барлау-зерттеу жұмыстары ауданның барлық аумағында жүргізіліп, нәтижесінде археологиялық картада бұрын белгісіз болып келген 142 жаңа археология ескерткіштері тіркелді.
Солтүстік жақтан Жайықтың оң жақтағы ірі салалары Елек пен Утва аралығында, оңтүстікте ішкі ағыс өзендері қоршаған ауданның географиялық орналасуының ерекшелігі – бұл өлкеде ертеде тұрғындардың тығыз қоныстануына себеп болған. Осы аумақта жиі кездесетін археология ескерткіштері бұл болжамға негіз бола алады. Олардың басым көпшілігі су айырық шоқыларда және көтеріңкі қырқаларда орналасқан.
Шыңғырлау ауданындағы бейіттер обалардағы археологиялық қазба жұмыстар XXI ғ. басында жалғасын тапты. 2001 жылы көп жағынан алғанда ерекше бірегей көне Еуразиялық дерек болып есептелетін Үлгілі ауылы маңындағы бейіттер кешенінде зерттеу жұмыстары басталды, ал 2002 жылы әлемдік каталогтерге кірген Лебедевка (қазіргі атауы Сегізсай) ауылы маңындағы бейіттік кешенде қазба жұмыстары жалғастырылды. 2003-2004 жылдары А.А. Бисембаев бастаған археологиялық отряд Елекшардағы бейіттерде қазба-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде Батыс Қазақстанның ежелгі тарихы мен мәдениеті жайында құнды материалдар алынды. Бұл археологиялық деректерге жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік берді, ең бастысы өңірдегі ежелгі тарихының жаңа қабаттары (бейіттері) ашылды.
Ең ежелгі артефактілер тас ғасырына жатады. Тас ғасырдың жекелеген тұрақтары мен орындары құм алқаптары мен қыратты дөңдерге ұштастырылған. Олар пластина, микролит және нуклеус бейнесіндегі тас құралдарытүрінде берілген.
Кейінгі кезең ескерткіштері, қола дәуірінен ортағасырлық дәуірге дейінгілері негізінен обалық бейіттер түрінде. Топографиялық ерекшеліктеріне қарағанда қола дәуір обалары, ең алдымен, Елек және Утва сияқты өзендердің 1-ші текше кемерінде орналасқан (Елекшар І, Үлгілі І, Қыземшек т.б.). Аудандағы ең көне жерлеу ескерткіштері ерте қола дәуірінің (б.з.д. ІІІ мың. екінші жартысы) көне ұра (шұңқыр) мәдениетіне жатады, бұл кезеңде Шығыс Европа мен Қазақстан даласында мал шаруашылығы қалыптаса бастаған еді. Жерлеу ғұрпында сонымен бірге адамдарды жерлеудің обалық тәсілі негіз болды.
Осы кезеңге тән 2 жерлеуді 2003-2004 жылдары жүргізілген қазба жұмыстары кезінде Батыс Қазақстан тарих және археология орталығы отряды ашты. №№3, 6 бейіттер (Елекшар І, Үлгілі ауылы маңы). Осы зираттағы №3 обадағы №3 қабірдегі жерлеу кешені ерекше қызығушылық тудырды. Қабір шұңқырының құрылысы, қызыл бояумен боялған қаңқа сүйектер мен жекелеген құрал-сайман заттары (мыс алқа, бұралмалы сымнан жасалған қола түйреуіштер, пуансон оюлы алапты мыс қаңылтыр) болжамды негіздей түсті. Қызыл бояумен боялған адам қаңқалары бар шаршылық қабір шұңқырлар далалық Орал өңірінде б.з.б. ІІІ мыңжылдықтың екінші жартысында кеңінен тараған. Сонымен бірге зерттеушілер қабірден табылған темір зираттардың өзге өлкелік (кавказдық) тегі туралы да айтады.
Ерте темір дәуірінің жерлеу – еске алу нысандары, әдетте суды бөліп тұратын үстірт, жондарда орналасады. Олар дөңгелек топырақ құрылыс (жартылай сферикалық пішін қабатты) түрінде немесе жер-саз дуалдармен қоршалған тікбұрышты пішіндегі ғибадатхана түрінде кездеседі. Бұл жағынан алғанда Лебедевка (Сегізсай) ауылы маңындағы бейіттерді үлгі ретінде алуға болады.
Ерте темір дәуір обалары, негізінен, екі үлкен мәдени-хронологиялық кезеңге жатады: прохровтық (б.з.д. VI-I ғасырлар) және щиповтық (ІІ-IV ғ.) археологиялық мәдениеттер.
Шыңғырлау ауданындағы обаларда ерте темір дәуірі мұралары молынан кездеседі. Олардың ішінде зерттеушілер назарын ерекше өзіне аударған материалдар Лебедевка ауылы мен Елекшар маңындағы қазбалардан табылды.
Оңтүстіктегі Егіндікөл ауылынан бастап Лебедовкаға (Сегізсайға) дейін бірнеше шақырымға созылып жатқан Есен-Амантау үстіртінде көшпелілер мыңдаған жылдар бойына орасан зор бейіттер кешенін – жүздеген обалар тұрғызды. 40 шақты оба-қорғандар тізбегі мен Лебедевка-ІІ бейітінің тік бұрышты сағана-ғибадатханалары Есен-Амантау үстіртінде батыстан шығысқа дейін 1000 метрден астам қашықтыққа созылып жатыр. Үстірттің ең жоғарғы бөлігінде, ортасында скиф дәуіріне жататын ең ірі обалар (биіктігі – 2,5 метрге дейін, диаметрі 25 метрден астам) орналасқан болса, бейіттердің батыс және шығыс шеттерінде ғұн дәуіріне жататын «шаршы ғибадатханалар» жатыр.
2002 жылдың жазында осында диаметрі 25-тен 40 метрге дейінгі, биіктігі 1,5-тен 2,5 метрге дейінгі 10 нысан зерттелді. Олардың кейбіреуінде қазба жұмыстар қолмен жүргізілсе, басым көпшілігінде техника күшімен жүрді. Археологтардың өкінішіне қарай, қабірлердің көпшілігі ерте дәуірде-ақ тоналған болып шықты. Дегенмен осындай жағдайдың өзінде ғалымдар қызықты материалдарға қол жеткізді, ол өлкенің ежелгі тұрғындарының жерлеу салт-ғұрыптары ерекшеліктеріне жаңаша қарауға мүмкіндік берді.
Оңтүстік Оралдың басқа да аймақтарында жүргізілген қазба жұмыстарының материалдарын қарап б.з.д. IV-V ғ. соңында Батыс Қазақстандағы көшпелілердің саяси одағы құрамында кем дегенде үш этникалық компоненттің болғаны туралы тұжыры жасауға болады (Солтүстік Кавказ бен Қара теңіз бойынан – скифтік, Амудария мен Сырдарияның төменгі жағынан – массагеттік және Еділ-Дон бойынан – савроматтық). Сонымен бірге Батыс Қазақстанда этномәденигенездік үрдістің қалыптасуында б.з.д. І мыңжылдықтың ортасында жетекші рөлді скифтер ойнады.
Келесі кезеңде б.з.д. V-VI ғ. соңында Оңтүстік Орал өңірінің ежелгі көшпенділеріндегі әдет-ғұрып дәстүрі одан әрі дами түсті, бұл дәстүр негізі осы аймақта өткен уақытта қалыптасқан еді. Бұрын көшпелілер бекзадаларын жерлеуде кездесетін элементтерді енді қатардағы қауымдастық мүшелерін жерлеу рәсімінде де кездесе бастады. Лебедевка (Сегізсай) мен Елекшар обалары – прохоровтық мәдениет кешенінің түпкілікті қалыптасуының белгісі. Бұл кезеңдегі ғұрыпқа оңтүстік жағынан кіру-драмасы бар үлкен шаршы шұңқырларға ұжымдық жерлеу салты тән. Осы кезеңде қабір бұйымдары стандартизацияланды.
Лебедевка (Сегізсай) жерлеу кешені бейіттері обаларындағы және Үлгілі ауылы маңындағы обалардағы жерлеу салтының ерекшеліктері мен табылған материалдар сипаты бұл жерде жерлеу рәсімдері б.з.д. VI ғ. соңынан б.з.д. І ғасырға дейін жүргізілгенін және бұл кезеңге б.з.д. ІІІ ғасыр да кіретінін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл байқаулар мен тұжырымның маңыздылығы сонда, б.з.д. ІІІ ғасырда саяси және табиғи-климаттық факторлар әсерінен көшпелілер біртіндеп оңтүстік-орал далаларынан көше бастаған. Жерлеу ғұрпы да біртіндеп салтты және күнделікті қолданылатын бұйымдар да ыңғайлы, қарапайым қалыпқа ауысты. Б.з. аяқ басар кезеңде Прохровтық мәдениет жарқын тарихи-мәдени құбылыс ретінде өз мән-маңызын жоғалта бастады [18, 72-80 б.б.].
2018 жылы Шыңғырлау ауданында орналасқан Сегізсай (Лебедевка) ауылының шығысынан 10 шақырым қашықтықтағы жерлеу ескерткіштері – үйік-обалар шоғырланған Есен-Аман тауда жүргізілген қазба жұмысының барысында табылған сүйек қасық сабының ұшында «аң стилінде» жасалған қасқырдың басы бейнеленгендігі ежелгі өнердің туындылары екеніне және бұл жерде абыздың жерленгендігіне дәлел.
Өлкемізде анықталған Сегізсай, Қырық-оба кешендері бойынша археологтар М.Д. Калменов пен Я.Лукпанованың сұхбаттарын саралау негізінде төмендегідей тұжырымдар жасалды:
Сегізсай қорған кешенінің ең басты тарихи маңыздылығы – тас дәуірінен ортағасырларға дейін осы мекенді көшпелі тайпалардың мекен етіп, бірнеше мәдени қабаттардың қалдыруы;
- ХХ ғасырдың 60-жылдары қазылған қазба жұмысында табылған қос амфора бүгінгі күнге дейін кейінгі сармат кезеңіндегі оңтүстік Орал өңірі аймағында табылған бірегей кішіазиялық амфораның, өте сирек кездесетін, көз тартарлық тұтқасы бар Ирандық құмыраның табылуы Орал өңірінің шығыс пен батыс мәдениеті аралығында коридор болғанына, осы аймақ арқылы миграция үрдісі жүргеніне дәлел;
2018 жылы Шыңғырлау ауданында орналасқан Сегізсай (Лебедевка) ауылының шығысынан 10 шақырым қашықтықтағы жерлеу ескерткіштері – үйік-обалар шоғырланған Есен-Аман тауда жүргізілген қазба жұмысының барысында табылған сүйек қасық сабының ұшында «аң стилінде» жасалған қасқырдың басы бейнеленгендігі ежелгі өнердің туындылары екеніне дәлел;
Қырық-оба, Сегізсай қорған кешендері өлкемізде көшпелі элиталардың ескерткіштері ретінде туристер үшін өте қызықты нысан болмақ [19].
Б.д. шегінде жататын ескерткіштер онша танымал емес. І-ІІ ғасырда бұл өңірді сусловтық (орта сарматтық) мәдениетті иеленушілер мекендеген. Бұл кезең мәдениетін жерлеу ғұрпында шаршы қабір шұңқырлары, басы оңтүстікке қаратылған мүрделердің қиғаш қалпы сияқты белгілер, материалдық мәдениетте Оңтүстік Қазақстан мен Солтүстік Кавказ тайпаларында қолданылатын ыдысқа ұқсас қыш құмыралар кешені, сақиналы семсерлер сияқты белгілер сипаттайды. Бұл мәдениетті мамандар жазба деректерде «аландар» деген атпен белгілі болған ежелгі халықпен байланыстырады және бұл негізсіз емес.
Әсіресе ғұн дәуірі ескерткіштеріне ерекше тоқталған жөн. Оларға аласа жер обалар, шаршы формалы таға тәрізді құрылыстар, созылған «гантелүлгілі» обалар жатады. Бұндай нысандар ауданның шығыс бөлігінде өте көп. Олар су көздерінен едәуір қашық сайын далада (Лебедевка бейіттері), кейде 1-текшемерде (Үлгілі-І бейіті) кездеседі.
Тарихта ғұн кезеңін ортағасырлық дәуір алмастырды. Саман мазарларда, ағаш тақтайлармен жабылған қабір шұңқырларында жерленген адамдар беттері оңтүстікке қаратып қойылған. Ғұрыпта ислам белгілері байқалуына қарамастан, жерленгендермен бірге дұғалық бұйымдар бірге қойылған. «?» белгісі түрінде сырға, темір ұшты жебелер, қылдан қорамсақ, қола айна, темір қайшы т.б.
XIV ғ. ортасынан жерлеу салтында ислам пұтқа табынушылықты толықтай ығыстырып шығарды. Жерлеуде бұйымдар қоса қойылмайтын болды, сол себепті археологиялық әдіс-амалмен олардың уақытын анықтау қиын [18, 80-87 б.б.].
Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының зерттеу-іздеу жұмыстарымен Сырым ауданының барлық аумағы қамтылып, нәтижесінде археологиялық картада бұрын белгісіз болып келген 130-ға жуық археология ескерткіші табылды.
Сырым ауданындағы тарих және мәдениет ескерткіштері жиынтығы 548 оба, 50-ден астам мазар, ғибадатхана мен басқа да нысандары бар 153 археология ескерткішінен тұрады.
Қазір байқалып отырған біршама қатаң табиғат жағдайларына қарамастан, Сырым ауданы аймағын ерте заманда халық тығыз қоныстанған, оған осы өңірде молынан табылған археология ескерткіштері дәлел. Олардың көпшілігі ауданды солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай кесіп өтетін Шолақаңқаты, Есенаңқаты, Өлеңті, Бұлдырты т.б. өзендер жағалауларындағы қырат-дөңдерде және суайырық үстірттерде орналасқан.
Ескерткіштердің арасындағы көнелері тас ғасырына жатады. Тас ғасырының жекелеген тұрақтары мен орындары өңірдің құм алаптары мен қыратты дөңдерінде жинақталған. Олар пластина, микролит және нуклеус бейнесіндегі тас құралдар түрінде кездеседі.
Кейінгі кезең ескерткіштері, қола дәуірінен ортағасырлық дәуірге дейінгі ескерткіштер, негізінен обалық бейіттер түрінде. Топографиялық ерекшеліктеріне қарағанда қола дәуір обалары ұсақ өзендер бойындағы аласа қыраттарға қарай созылып жатыр (Тасқұдық-1 елді мекен). Аудандағы ежелгі жерлеу үлгілері кейінгі қола ғасырының алакөл мәдениетіне (б.з.д. XV-XIV ғасырлар) жататындығы анықталды. Сол уақыттың жерлеулері тікбұрышты формалы шұңқырларда сол жаққа қарай бағытталып қойылған. Қаңқалар бас батысқа қарай бағытталып қойылған. Марқұммен бірге жоғары жағы геометриялық оюмен безендіріліп саз балшықтан істелген қыш құмыра, сонымен қатар қоладан жасалған пышақ, біз, ине және т.б. шағын заттар түріндегі құрал-саймандар қоса салынған.
Ерте темір дәуірінің жерлеу-еске алу нысандары, әдетте, суды бөліп тұратын биік үстірт, жондарда орналасқан. Олар дөңгелек топырақ құрылыс (жартылай сфералық пішін қабатты) түрінде немесе жер-саз дуалдармен қоршалған тікбұрышты пішіндегі ғибадатхана түрінде кездеседі. Бұл жағынан Бегжанбұлақ 1, Былқылдақ 1, Қоңыр IV бейіттерін үлгі ретінде алуға болады. Ерте темір дәуірі обалары, негізінен, екі үлкен мәдени-прохоровтық (б.з.д. VI-I ғасырлар) және щиповтық (II-IV ғ.ғ.) археологиялық мәдениеттер кезеңі.
Әсіресе ғұн дәуірі ескерткіштеріне ерекше тоқталған жөн. Оларға аласа жер обалар, шаршы формалы таға тәрізді құрылыстар, созылған «гантель тәрізді» обалар жатады. Бұндай нысандар ауданның шығыс бөлігінде өте көп. Олар су көздерінен едәуір қашықтағы (5-6 шақырымға дейін) сайын далада (Мұқай І, ІІІ бейіттері) кездеседі.
Осылайша, II-IV ғасырларда Оңтүстік Орал өңіріндегі кейінгі сарматтық (шиповтік) мәдениет бірнеше этномәдени топтар қоспасынан құралды.
Тарихтағы ғұн кезеңін орта ғасырлық дәуір алмастырды. Бұл дәуір «Ұлы көштен» басталып Алтын Орда дәуіріндегі қабір ескерткіштермен аяқталады.
Сырым ауданы аймағындағы оба бейіттерде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу тек ХХІ ғасыр басында қолға алынды. 2003 жылы Бұлдырты І бейітіне қазба жұмыстары жүргізілді, өйткені қазба нәтижесінде біздің з.б. V ғасырда Батыс Қазақстанды мекендеген ежелгі көшпелілер мәдениеті жайында мол материал алынды.
2003 жылы А.А. Бисембаев бастаған археологиялық отрядтың бұл бейітте жүргізген қазба жұмыстары Батыс Қазақстанның ежелгі тарихы мен мәдениеті туралы бағалы деректер берді және археология материалдарына жаңа позиция тұрғысынан қарау мүмкіндігін туғызды. Барлық қазылған 5 оба б.з.д. V ғасырға жатады. Олардың ішіндегі ең ірі оба (№2) материалдары зерттеушілер назарын бірден өзіне аударды, мұнда оба астында күрделі бөренелі ағаш құрылғы тіркелді. Барлығы 3 бейіт шұңқыры анықталды, олардың негізгісі тонаушылық әрекеттен бұзылған жағдайда болып шықты. Сөйтсе де осы жерлеуден табылған жәдігерлер айтарлықтай қызығушылық тудырды, себебі онда дін қызметшісі – абыз жерленген екен. Шұңқырдан аймақтағы ежелгі көшпелілер жерлеу салтының сирек элементі – саз ошақ табылды, қасында бұлан мүйізінен жасалған салттық табақ, көне салттық кесенің күміс құрсаулары және жыртқыш құс бейнесіндегі үлкен тас келсап жатыр. Жерлеуде әдетте, келсап құрамында наша бар өсімдіктерді үгу, ұсақтау үшін пайдаланғаны мәлім. Бұлан мүйізінен табылған жасалған табақтың табылуы да Бұлдырты маңындағы бейітте дін қызметшісі жерленгенін нақтылап тұр. Батыс Қазақстанда бұл - өте сирек кездесетін жәдігер. Бүгінге дейін Оңтүстік Орал аумағындағы ж.с. дейінгі VI-V ғ.ғ. обаларында саз ошақтар үш рет қана: Елек өзені бойындағы бейіттерде (Ақбұлақ маңындағы Пятимарда және Ақтөбе іргесіндегі Бесобада) және Ұрқаш қойнауындағы Ор өзені бастаулары маңындағы бейітте кездесті. Осы жерлеу салтының бұрынырақ табылған белгілері Орал өңірінен оңтүстікке қарай жатқан Оңтүстік пен Шығыс Арал маңындағы біздің ж.с. дейінгі VII-VI ғасырлардағы массагеттер (тиграхауда-сақтар) бейіттері арасында кездескен еді. Жалпы Арал өңірі мен оған шектес жатқан Орталық Азия аумағы бұрыннан да көне дәуір дін (культ) ескерткіштерінің көп кездесетін орны ретінде белгілі. Олай болса, біздің ж.с.д. VI ғ. Соңында сол аймақтан Батыс Қазақстан өңіріне қарай көшпелі тайпалардың бір бөлігі қоныс аударды деген болжамға негіз бар [20, 73-82 б.б.].
2007-2008 жылдары тарих және археология орталығы Жәнібек ауданының аумағында археологиялық ескерткіштерге барлау мақсатындағы зерттеулер жүргізіп, археологиялық картада бұрын белгісіз болып келген 16 археология ескерткіші пайда болды.
2009 жылы археологиялық зерттеулер Жәнібек ауданында жалғасты. Ауданның солтүстік бөлігіне жаппай барлау жүргізіліп, нәтижесінде археологияның 94 ескерткіші анықталды. Олардың ішінде неғұрлым маңызды және болашағы зор объектілер бар. Бұл – қырқаға орналасып, батыстан шығысқа қарай 1,2 шақырым қашықтыққа дейін тізбек құрай созылып жатқан, 44 төбешік пен тік бұрышты ғибадатханадан тұратын Ақадыр ІІ обалар кешені; солтүстік шығыстан оңтүстік батысқа қарай жал құрай тізбектеліп жатқан Тарғын IV –Тарғын ХІІ кешендері; 15 үйінді төбешіктен құралып, солтүстік батыс – оңтүстік шығыс бағдары бойынша 350 метр арақашықтықта жалды тізбек құрай созылып жатқан Борсы-ІІ. Көптеген обалар жыртылған жерлерде, апатты жағдайда жатыр. Олардың үйінділері жыртылып тасталған. Мәдени мұра нысандарының үлкен бөлігі жоғалған, жыл сайынғы жер жырту кезінде жойылу үстінде. Ал бұл обадардың беткі қабаттарында бағалы артефактілер кездеседі. Тарғын ІХ кешеніндегі №1 обадан биіктігі 3,5 см., тесігінің диаметрі 0,5 см. Конус тәрізді қыш қорқор табылды. Жаңатұрмыс обасынан Жәнібек хан дәуіріндегі, Гүлстан тиын сарайында хижраның 754 жылы жасалынған 1353-1354 жылдардағы алтын ордалық тиын табылды [21, 72-73 бб.].
Қаратөбе ауданындағы тарих пен мәдениет ескерткіштері жиынтығы 101 археология ескерткіштерінен тұрады.
Тәуелсіздік жылдарында аудандағы ескерткіштердің зерттелуіне Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы маңызды рөл атқарып, олар жүргізген зерттеулердің нәтижесінде археологиялық картада бұрын белгісіз болған 79 археология ескерткіштері пайда болды.
Ескерткіштердің арасындағы көнелері тас ғасырына жатады. Тас ғасырының жекелеген тұрақтары мен орындары өңірдің орталық және батыс бөлігінің құм алаптары мен қыратты дөңдеріне жинақталған. Олар пластина, микролит және нуклеус бейнесіндегі тас құралдар түрінде кездеседі.
Кейінгі кезең ескерткіштері, қола дәуірінен ортағасырлық дәуірге дейінгі ескерткіштер, негізінен обалық бейіттер түрінде. Топографиялық ерекшеліктеріне қарағанда қола дәуір обалары ұсақ өзендер бойындағы аласа қыраттарға қарай созылып жатыр (Егіндікөл І елді мекені).
Ерте темір дәуірінің жерлеу-еске алу нысандары, әдетте суды бөліп тұратын үстірт, жондарда орналасқан. Олар дөңгелек топырақ құрылыс (жартылай сфера формалы) түрінде немесе жер-саз дуалдармен қоршалған тікбұрышты пішіндегі ғибадатхана түрінде кездеседі. Бұл жағынан Бөлектау, Қоскөл ІІІ (Оңтүстік), Тұзтөбе маңындағы бейіттерде үлгі ретінде алуға болады.
Әсіресе ғұн дәуірі ескерткіштеріне ерекше тоқталған жөн. Оларға аласа жер обалар, шаршы формалы таға тәрізді құрылыстар, созылған «гантелтәрізді» обалар жатады. Бұндай нысандар ауданның шығыс бөлігінде өте көп. Олар су көздерінен едәуір қашықтағы (5-6 шақырымға дейін) сайын далада (Қызылжар ІІ, IV-VII бейіттері), сонымен қатар оларға жақын жерлерде (Жарлы І бейіті) кездеседі.
Орта ғасыр кезеңінің ескерткіштері өзен жағаларындағы 1-жайылма үсті текшекемеріне ұштастырылған (Тұщықара ІІ, Қаратал IV обалары). Ең соңғы орта ғасыр кезеңінің кейбір нысандары далада ежелгі кезең обаларының арасынан жиі кездеседі (Мыңшұңқыр І бейіті) [22, 62-64 бб.].
2002 – 2008 жылдары Бөрлі ауданының барлық аумағы осы орталықтың барлау жұмыстарымен жаппай қамтылды. Нәтижесінде тағы да 34 археология ескерткіші анықталды. Қазір Бөрлі ауданының тарих және мәдениет ескерткіштерінің жиынтығында 200-ден астам дербес тұрған қорғандардың басын біріктіретін 45 археология ескерткіші бар. Бөрлі ауданында ежелгі заманда халықтың тығыз тұрғандығына аталған аумақта археология ескерткіштерінің аса молдығы айғақ. Олардың елеулі бөлігі үстірттің су айрықтарына және аңғарлардың қырқаларына орналасқан.
Ең ежелгі ескерткіштер тас ғасырына жатады. Тас ғасырының жекелеген тұрақтары мен қоныстары құмдауыт алаптар мен шоқылы төбелерге тән болып келеді. Олар нуклеустар, сықпалар, қабыршақтар және ұсаққұйматас түріндегі тас құрал-жабдықтар түрінде байқалады.
Қола дәуірінен ортағасырлық кезеңдерге дейінгі неғұрлым кеш замандардың ескерткіштері негізінен алғанда оба қорымдары болып келеді. Топографиялық ерекшеліктерге жүгінетін болсақ қола дәуірінің обалары Шыңғырлау, Қараоба, Қайыңды және басқа кішігірім өзендердің жанындағы шағын қыраттарға бөлінген. Ерте темір ғасырының жерлеу – аза тұту нысандары әдеттегіше биік су айрықтары үстірттеріне салынған. Олар жартылай дөңес көлемді пішіндегі айналдыра топырақпен қоршалған құрылыстар түрінде немесе жерден үйілген жалдармен қоршалған тік бұрышты пішіндегі киелі орындар болады. Мұндай ескерткіштерге Қырық Оба – І, Қырық Оба – ІІ, Ақсай – І, Жарсуат, Облавка ескерткіштерін жатқызуға болады.
Бөрлі ауданындағы негізгі археология ескерткіштері ерте темір ғасырына жатады. Осындай тамаша археология ескерткіштерінің бірі Алғабас елді – мекенінен солтүстік-шығысқа қарай бес километр жерде орналасқан су айрығы үстіртіндегі археологтар Қырық Оба – І және Қырық Оба – ІІ кешендеріне бөліп атайтын Қырық Оба кешені. Қырық Оба – ІІ обалар кешенінен оңтүстік-шығысқа қарай он километр жерге орналасқан Қырық Оба – І обалар кешені – бұл патша қорғандарының тобы. Қырық – Оба – І кешені алты оба үйіндісінен тұрады. Олардың ең үлкенінің диаметрі 200 метр, биіктігі 18 метр болып келіп, «сопақша бөлке пішіндес» болып үздік – создық обалар үйінділеріне ұласып жатыр. Ол өзінің ғажап құрылымымен көптеген ғалымдардың ықыласын туғызып отыр. Аталған кешенге археологиялық зерттеу жүргізілген жоқ. Өйткені оның тым үлкендігі қазба жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік бермейді. Қазіргі кезде ескерткіш скиф кезеңінің ежелгі тарихының бетке ұстарына айналып отыр.
Қырық Оба – ІІ обалар кешені – бұл Бөрлі ауданының батыс бөлігінде жатқан, облыстың Теректі ауданымен шектесетін көптеген обалардың басын қосатын қорымдар даласы. Обалар Орал – Бөрлі автокөлік жолының қос қапталында жатыр. Қырық Оба – ІІ кешені қырықтан астам түрлі обалардың аумақтарын қамтиды. Обалар тізбегі батыс-шығыс белдігінің бойымен бес километрге дейінгі қашықтыққа созылып жатыр. Ол шартты түрде екі топқа бөлінген: Қырық Оба ІІ (А) және Қырық Оба – ІІ (Б). Тізбектегі обаның ең үлкенінің биіктігі жеті метр, диаметрі сексен метр болып террасадан оңтүстік-шығысқа қарай жүз метр жерде орналасқан. Қырық Оба – ІІ тізбегінің шығыс жағындағы обалар шығыс-батыс желісін бойлай даланың үстімен өтеді. Ең үлкен обаның көлемі мынадай: диаметрі отыз метр, биіктігі екі метрге дейін. Оған бірінші рет 2001 жылы Ж.Құрманғалиевтің басшылығымен Қазақстан Республикасы археология Институты археологиялық зерттеу жүргізді. Ол сонымен қатар аудан аумағына кешенді барлау жүргізіп, бірқатар археология ескерткіштерін анықтады. Осы кезең ішінде Қырық Оба кешенінен үш оба – № 2, 6, 8 обалар зерттелді. Ж.Құрманқұловтың басшылығымен Қырық Оба – ІІ кешеніндегі обаларды зерттеу ерте темір ғасырына жатқызылады.
Жыл сайын бұл кешендегі жұмыстар жалғастырылып, 2001 жылдан бері оны Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы (мұнан былай қарай – БҚОТАО) жүргізіп келеді. Осы жылы М.Н. Сдықовтың, А.А. Бисембаевтың, С.Ю. Гуцаловтың басшылығымен шығыс топтағы үш оба (№№№ 16, 18, 19) зерттелді.
2004 жылы жазда Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының археологиялық жасағы Қырық Оба ІІ тобының жойылып кету қарсаңында тұрған қорғандарына қазба жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нысанасы ретінде толық жыртылып, тек қана жойылып кету қарсаңында тұрған (№№ 27-29) қорғандар мен автотрасса құрылысын салған кезде бұзылған бір қорған - № 10 қорған алынды. Жұмыс С.Ю. Гуцаловтың, А.А. Бисембаевтің басшылығымен жүзеге асырылды.
2004 жылы Қырық Оба ІІ жерлеу орындарына қазба жұмыстарын жүргізу барысындағы маңызды табыстардың қатарына қатардағы жайын көшпенділердің жерлеу кешендерінің зерттелуі жатады. 2001 жылы да, одан кейінгі жылдары да малшылардың бұл бөлігінің жерлеу ескерткіштерінің табылмауының себебі қазба жұмыстарын жүргізген сәтте алқаптарда орылмаған егіс танаптары болды. Өткен жылғы қазба жұмыстары бір жағынан олар Батыс Қазақстанның біздің заманымыхға дейінгі YІ-Y ғасырлардың аяғына дейінгі көшпенділерінің қатардағы жайын жерлеу орындарының негізгі тобына жақын жатқандығын көрсетсе, екінші жағынан олардың әскери – абыздардың қорғандарымен дәстүр жағынан сөзсіз ұқсастығын байқатты (болмаған жағдайда № 27 қорған).
2005 жылы Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы археологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, оның барысында Ақсай қаласынан солтүстікке, солтүстік-батысқа қарай орналасқан Ақсай ІІІ оба қорымдары анықталды. Қауым көлемі 0,3х12 метрден 1х12 метрге дейінгі бес үйінді топырақтан тұрады. Жерлеу орны су айрығындағы тіл пішіндес үстіртте батыс-шығыс желісін бойлай созылып жатыр (М.Н. Сдықов, А.А. Бисембаев, Т.Т. Жүсіпқалиев, 2005).
Жоғарыда көрсетілген қорымда тікелей қазба жұмыстары 2006 жылы жүргізілді [23, 78-13 б.б.].
Тасқала ауданындағы ең маңызды жаңалық болып табылған 2002 жылы О.А. Артюхова, Г.Т. Бексеитовтер (Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкерлері) мен Т.Т. Жүсіпқалиевтердің («Тарих және археология орталығының» ғылыми қызметкері) тапқан, Үлкен Ешкі тауында табылған Ешкітау шеберхана-тұрағы болды. Археологиялық жұмыстар 2005 жылға дейін жүргізілді. Ешкітау шеберхана-тұрағында 1-1,5 м. тереңдікте шөгіп жатқан кварц түріндегі құмдарды қашау жұмыстары жүргізілген, кей жағдайда жоғарға шығарылған. Қазу барысында түрлі шикізаттар табылып, алғашқы жару, нуклеус бейнесіндегі тас құралдарды, сұрыптау жүргізілді, сол себептен де тұрақ басында өндіріс қалдықтары көп.
Ешкітау шеберхана-тұрағының зерттелуі, Қазақстан жерінің және Еуразия континентінің өткен кезеңі туралы көптеген тың жаңалықтар әкелері сөзсіз. Біздің континенттің арид аймағында палеолит кезеңінің жерлеу ескерткіштері сирек кездеседі, сондықтан да біздің арғы аталарымыздың палеоэкологиялық, палеоклиматтық жағдайда қалайша өмір сүргендері туралы толық мәліметтер қаншалықты мол болатындығын бағалау қиын. А.Г. Медоеваның (1980ж.) терминалогиясы бойынша «Ешкітау шеберхана-тұрағы» «леваллуа-ашельді» ареал тобына енеді. Бұл – шеберхана-тұрақ, Солтүстік-шығыс Арал маңы палеолит орны мен Мұғаджар, бір жағынан Еділ өзенінің төменгі ағысын байланыстырушы буын болып табылады.
2006 жылы «Тарих және археология орталығының» қызметкерлері мен Кирова елді мекенінің қасындағы Кирова бейіті зерттелді.
Ескерткіш б.з.д. Vғ. Прохровтық мәдениетке жатқызылды. Прохоровтық жерлеу ғұрыптары белгілері жерленгенмен, бірге қой ұшасы (туша) құрбандық еті, міндетті түрде бассыз қойылған. Бұл ғұрыптан ескі тотемизм қалдықтарын көруге болады.
Тотемизм ғұрпында жануарлардың кей мүшелерін азыққа қолдануға тиым салынады, бұл көптеген халықтарға тән ғұрып. Зерттеліп жатқан аймақтағы көшпенді шаруашылық жүргізудің ерекшелігін, таңдап алынған кезеңдегі (б.з.д. VI-V ғ.ғ.) мына нәрсе көңіл аударарлықтай, номад жерлеу ескерткіштеріне тән белгілер – шатыр тәрізді ағаш конструкциялар, кең көлемді тік бұрышты, үлкен бейіт орларындағы ұжымдық жерлеулер ортоганальды бағдардағы бейіттер.
Осылайша Тасқала ауданындағы ескерткіштер археологиялық кезең бойынша хронологиялық жүйемен берілді. Тас ғасыры – бұл жерде палеолит кезеңінен басталып, (Ешкітау шеберхана-тұрағы) неолит кезеңімен (Ермольчева ауылы маңында табылған бұйымдар) аяқталады. Тас ғасырын, қола дәуір алмастырды, бұл кезең көрінісін Бауыржан-Аяқ мекенінен көреміз. Аудан аймағында кең тараған Ежелгі номад (ерте темір дәуірі) кезеңі. Бұл кезеңнің ескерткіштерін қыраттарда, үстірттерде және Деркул, Чижа өзендерінің жағаларында кездестіруге болады. Ең соңғы хронологиялық кезең ортағасыр ескерткіштері Чижа І елді мекеніне жақын жерде орналасқан [24, 64-67 б.б.].
Теректі ауданының қорғандағы қабірлеріне археологиялық қазбалар жүргізу жұмыстары осы күнге дейін жалғасып келеді. Атап айтқанда, 2003 жылы А.А. Бисембаевтың басшылығымен Ащы қорған қабірлерін зерттеу жұмыстары басталды. 2007 жылы тарих және археология орталығы Төңкеріс ауылының қасындағы қорған қабірлеріне қазба жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, Батыс Қазақстанның ежелгі тарихы мен мәдениетінің құнды материалдары алынды.
Ежелгі артефактілер тас ғасырына жатады. 2001 жылы Қазақстан Ғылым Академиясының Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының кешенді экспедициясы (О.А.Артюхова, Г.Т.Бексейітов, Орал 2002 ж.) тапқан палеолит дәуірінің ескерткіштері Шалқар көлінің төңірегінде жинақталған. Тарих және археология орталығының кешенді экспедициясы Танас елді-мекенінің төңірегінен мезолит дәуірінің ескерткішін тапты. Бұл делювиальды силикат құмдарымен көмкерілген үлкен құмтас алабы. Қатарлар арасында жел үрлеп ашып тастаған қазаншұқырлар жатыр. Олардың астыңғы жағындағы силикат құм жалаңаштанып қалған. Осы жерден темірленген фауна қалдықтарын көруге болады. Олардың ішінде мезолит пен неолит дәуірлерінің жабдықтары кездеседі.
Аудан аумағындағы неғұрлым ежелгі уақыттардың ескерткіштері қола дәуірінен орта ғасырларға дейінгі қорғандардағы жерлеу орындары түрінде сипатталады. Қорғандардың топографиялық ерекшеліктері мынадай: қола дәуірінің ескерткіштері өзен террассаларының бірінші қатарларына орналасқан: биіктігі 0,2 метрден 1 метрге дейін де, диаметрі 10 метрден 25 метрге дейін. Ерте темір ғасырының ескерткіштері, негізінен алғанда, үстірттің су айрықтарының төңірегіне орналасқан. Орта ғасырлық ескерткіштердің көлемдері шағын және жүйесіз орналастырылған болып келеді.
Аудандағы неғұрлым ежелгі жерлеу орындары ХІІІ-ХІY ғасырларға жатады. Олар 2003 жылы Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының жасағы А.А. Бисембаевтың басшылығымен Ащы қорғанындағы жерлеу орындарына қазба жұмыстарын жүргізген кезде ашылды. (М.Н. Сдықов, А.А. Бисембаев және басқалары). Оған мынадай жерлеу рәсімдерінің белгілері жатады: қорғанның өзінің диаметрі 13 метр, биіктігі 1 метр, шикізат конструкциясы 6,5х6 метр көлеміндегі саман кірпіштерінің бірнеше қатарынан тұратын шаршы үлгіде, бұрыштары жарық жақтарға қаратылған болып келеді. Барлық бөліктерінде ірі және ұсақ мүйізді ірі қара малдарының сүйектері ретсіз шашылған түрінде көрініс беріп, ас беру жоралғыларының қалдықтары жатыр.
Суслов мәдениетінің негізгі жерлеу белгілері (біздің заманымызға дейінгі ІІ-І ғасырлар. Б.Н. Граков) мыналар: аласа жайылып жатқан қорғандар болып келеді. Оны біз ернеуі кең, шаршы шұңқырлы ІІ Ащы мәдениетіндегі № 2 қорғанынан байқаймыз.
Археология ескерткіштерінің негізгі саны қорымды қорғандар түрінде болып келеді. Олардың басым көпшілігі Шалқар, Ащы көлдеріне, Төңкеріс, Алебастрово, Федоровка, Барбастау, Новопавловка, Покатиловка елді-мекендеріне таяу жерлерге жинақталған [25, 84-89 б.б.].
Қазіргі кезде Жаңақала ауданы аумағында қорған қорымдар, қоныстар, тұрақтар және Алтын Орда қалашықтары түріндегі 170 археология ескерткішінің орналасқан жері белгілі болып отыр.
2005 жылы Новая-Казанка ауылына таяу жердегі құм шағылдардан мезолит дәуірінің тұрағы табылып, тарих және археология орталығы мен Қазақстан Республикасы Оқу министрлігінің Ә.Марғұлан атындағы археология институтымен бірлескен экспедициясының зерттеу нысанына айналды. Түрлі белерлі және мөлдірліктегі негізінен кремниден жасалынған 2189 тас артдерегі табылды. Шикізат, шамасы, әзірленген дайын өнімдер (нуклеустар) түрінде (оған шеткі және жартылай шеткі сынықтардан аздаған мөлшері айғақ) аздаған мөлшерде (өндірілген жерін әлі анықтау қажетсініледі) әкелінген болса керек. Оны асқан мұқияттықпен пайдаланып, құралдарды жасағанда тіпті өте ұсақ сықпалар мен пластина кескіндері (фрагменттері) алынған.
2003 жылы аудан аумағында БҚО тарих және археология орталығы, осы орталық директорының орынбасары, т.ғ.к. А.А. Бисембаевтың басшылығымен алтынордалық қалашықты тапты. Қалашықтың үстіңгі жағында әшекейлі плиталардың, күйдірілген кірпіштердің және тікелей артдеректердің үлкен көлемдегі қалдықтары жинақталды. 2005 жылы Ә.Х. Марғұлан атындағы археология Институты ескерткішті зерттеп, оның ерекше маңызын дәлелдеп берді. Қазіргі кезде аталған қалашық аумағының зерттелуі бойынша Жайық қалашығынан кейінгі екінші қалашық және ортағасырлық тарихтың зерттелуінде айрықша орын алады [26, 78-81 б.б.].
Қазақстан археологиясы әлемдік ғылым жүйесімен бірге дамып келеді. Көпжылдық археологиялық зерттеулер батыс өлкесіндегі адамзат қоғамының тарихи дамуының негізгі кезеңдерін белгілеуге мүмкіндік берді. Оның әрбір кезеңі соңғы жылдары жаңа сапалық деңгейде қарастырылып, әрбір тарихи, мәдени дәуірдің материалдарымен толықты. Алынған жаңа материалдар археология ғылымының іргелі мәселелерін жан-жақты қарастыруға, түйткілді сауалдарды нақтылауға, жаңаша концептуалдық ой-пікірлердің қалыптасуына мол мүмкіндік беріп отыр. Өлкемізде археологиялық зерттеулер көшпенділер өркениетінің қалыптасуы мен даму проблемаларын, атап айтқанда, аймақ тарихын савроматтар, сарматтар, сондай-ақ массагеттер, исседондар және басқа да халықтардың аттарымен байланыстыра отырып скиф-сақ мәдениетінің зерттеу үшін айрықша орын алатындығын көрсетті. Одан былайғы кезеңдерде бұл аймақ түркі этносаяси қауымдастығы қалыптастырған ғұндар жайлаған, осы күнгі қазақ халқы қалыптасқан жер болды. Сөйтіп, өңірдің ежелгі қоныстанушылары өз кезеңдерінің тарихынан құнды материалдар беретін көптеген ескерткіштер қалдырған. Белгілі археологтар, тарихшы-зерттеушілер ескертпелері, әр кезенде әлі күнге дейін маңызды болып отыр.
Мемлекет тарапынан археологиялық кешенді зерттеулер бүгінгі танда республиканың барлық аймақтарында жалғасын тауып, ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы беттеріне жана танымдық жаңалықтар әкелуде. Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы археологиялық, антропологиялық, тарихи зерттеулерді жүргізіп, көне шаhарларды іздеу, этнографиялық, табиғи, мәдени нысандарды ғылыми айналымға енгізіп, ғылыми тұрғыда өлкеміздің тарихын жаңаша зерделеуде жүзеге асыруда. Қазірде өлке тарихы ғылыми зерттеу жұмыстарының тақырыптары мен ауқымы кеңейе түсті. Қорытындылай келе, Қазақстанның батыс өлкесіндегі тарих және археология орталығының соңғы жылдары табылған тың материалдары мен алдағы уақыттағы жаңа археологиялық зерттеулерді жаңа ашылуларымен жалғасын табады деген ойдамыз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет