Кіріспе «Өмірдің өзегі – адамның өзі. Өмірді, өнерді жасайтын тағы да адам. Әрине, бұл соншалықты тың тұжырым да емес, уақыт көрігінде қорытылып, тіршілік толқынында суарылған қағида. Талант иесін өмірдің



бет1/3
Дата31.01.2018
өлшемі363,29 Kb.
#36939
  1   2   3
КІРІСПЕ
«Өмірдің өзегі – адамның өзі. Өмірді, өнерді жасайтын тағы да адам. Әрине, бұл соншалықты тың тұжырым да емес, уақыт көрігінде қорытылып, тіршілік толқынында суарылған қағида. Талант иесін өмірдің, өнердің тұлғасымен тұтастыратын қасиет – еңбегі. Салалы, терең тамырлы бәйтеректер болады. Жер нәрін, табиғат құдіретін біз соған қарап сезінеміз. Солардың табиғатпен егіз тұтастығынан, қарапайым жарастығынан тіршілік тұрпатын танимыз» [1]. Белгілі түрколог ғалым, көрнекті публицист, зерделі зерттеуші Асқар Егеубай ағамыздың осы бір ғибратты сөзі біз сөз еткелі отырған тау тұлғалы Тауман Амандосов ағамызға тура бағытталып айтылғандай-ақ. Олай дейтініміз, ғалымдықты ұстаздықпен тоғыстырып, жүректе түйіскен қос арнаны шығармашылықпен ұштаған, сол арқылы еліне қаламгерлікпен қоса танылған Тауман Салықбайұлының қайраткерлік қызметі, ғылым саласындағы мәңгі өшпейтін, тайға басқан таңбадай сайрап жатқан сара жолы бізге қашанда ғибратты. Абзал ағаны көзімізбен көріп, тағылымды дәрістерін тыңдамағанымызбен де, артына аманат етіп қаладырған амандосовтық мол мұра мен ғалым, ұлағатты ұстаз жайлы көзкөргендер айтар естеліктер қашанда жан дүниемізге азық. Бар саналы ғұмырын сарп етіп, толағай теңіз ізденістен туған ғылыми теориялық еңбектері бүгінгі біз секілді шәкірттер игілігіне қызмет етуде.

1921 жылы қараша айынының 5-ші жұлдызында өмірге келген Атырау облысы, Балықшы ауданы, Кеңөзек ауылының тумасы Тауман ағамыздың балалар үйінен бастау алатын шырғалаңға толы өмір жолы - ғалымды өмірдің сын тезіне салған сан сынағынан өткізіп барып, шығармашылық аталатын сырлы әлемнің қойнауына сүңгітіп жіберген болатын. Бұл жөнінде ағамыздың өзі де: «Көзімді ашқалы бері мені тағдыр аяған жоқ. Жетімдер үйі, тұяқ қалмаған ақсүйек аштық, соғыс уақытындағы тылдағы ауыр еңбек, ғұмырымда бала боп ортекедей бір орғытып ойнатпады. Мені құрсаулаған денсаулық. Ішер асқа, киер киімге жарымаған ақсақ жігітті қыздар не қылсын. Менің етегімді жауып, елге ілескенім, соңғы отыз-қырық жыл. Оның ар жағындағы өмірімді Құдай ешкімнің басына бермесін» деп ағынан жарыла баяндайды.

«1942 жылы қазіргі Атырау қаласында шығып тұрған облыстық “Социалистік құрылыс” газетінде әдеби қызметкер болып еңбекке араласқан кезінен былай қарай ол кісі журналистикадан бір елі ажырамай, қаламгерлікті өмірлік серігі етеді. 1946 жыл. Жиырма бес жастағы Тауман өміріндегі ең бір шешуші жыл еді. Осы уақытта ол талайлардың биік арманы – атақты ҚазМУ-дің филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түседі. 1950 жылы оқуын үздік дипломмен тәмамдаған жас маманды қасиетті білім ордасы – ҚазМУ аға оқытушы етіп өзіне алып қалуы да тегін емес-ті. Екі жылдан кейін университеттің сырттай оқу жөніндегі проректоры қызметіне тағайындалып, оны абыроймен атқаруы сенім үдесінен шыға білгендігі жайынан сыр шертеді. 1958 жылдан 1966 жылға дейін қазақ білімінің қарашаңырағы ҚазМУ-дің филология факультетінің алдымен бір жыл деканның орынбасары, одан кейін тоғыз жыл бойы тапжылмай декан қызметін абыроймен атқаруы – айрықша атап айтуды қажет ететін елеулі еңбек. 1966 жылы ол кісінің басшылығымен филология факультеті құрамындағы журналистика бөлімі арнайы факультет болып еншісін алып шықты. Тауман аға осы факультеттің тұңғыш деканы болып сайланып, бұл абыройлы міндетті 1971 жылға дейін үлкен жауапкершілікпен, толымды табыстармен атқарды. 1969 жылы факультетте телерадио кафедрасының ашылуына ұйытқы болып, оған жетекшілік жасаса, 1971 жылдан өз ұсынысымен ашылған қазақ журналистика кафедрасының профессоры болып қызмет етті. Ал 1976 жылдан өмірінің соңғы сәтіне дейін замандастары Амандосов кафедрасы атап кеткен журналистік шеберлік және әдеби редакциялау кафедрасының меңгерушісі міндетінде де үлгілі өнеге көрсетті»[14].

Сондай-ақ, Тауман Салықбайұлы – қазақ кеңес журналистикасының тарихы мен теориясы және алғашқы публицистерінің шығармашылығын зерттеп, зерделеген, осы бағытта көптеген ғылыми еңбек жариялаған қайраткер, ғалым-қаламгер. 1982 жылы Мәскеуде МГУ-дың профессоры, әйгілі ғалым Ясен Николаевич Засурскийдің жетекшілігімен «Қазақ публицистикасының тарихы, өркендеуі және проблемалары» атты докторлық диссертация қорғап, республикамызда журналистика теориясы бойынша тұңғыш ғылым докторы, профессор атағын алды. Журналистика факультеті студенттеріне арнап шығарған «Қазақ совет баспасөзінің жанрлары» атты тұңғыш оқулықтың авторы да. Сонымен бірге 11 монографияның, соның ішінде күні бүгінге дейін студенттердің қолынан түспейтін “Публицистика – дәуір үні”, “Газет жанрлары”, “Журналист және өмір” атты айтулы оқу құралдарының иесі.

Осылайша журналистиканы өмірінің мәні етіп қалап алып, бар саналы ғұмырын аталмыш факультеттің қалыптасып, дамуы жолына арнаған ғалым-ұстаздың жанр саласындағы жар салып кеткен жаңалықтары мен елеулі еңбегі жай ғана ғылыми жұмыстың ауқымы емес, докторлық еңбектерге жүк боларлықтай-ақ.


І тарау. Көсемсөз теориясының кеңестік дәуірдегі көшбасшысы
1.1 Профессор Т.С.Амандосовтың қазақ көсемсөзі жанрларын зерттеу принциптері
Тауман Амандосов ағамыздың қазақ кеңес журналистикасының тарихы мен теориясы және алғашқы публицистерінің шығармашылығын зерттеп, зерделеген, осы бағытта 100 баспа табақтан артық ғылыми еңбек жариялап, журналистика факультеті студенттеріне арнап шығарған “Қазақ совет баспасөзінің жанрлары” атты тұңғыш оқулықтың авторы әрі аталмыш сала бойынша сүбелі зерттеулер жүргізіп, қазақ журналистикасының ғылыми тұрғыда дамуына өлшеусіз үлес қосқан алғашқы ғалым-қаламгердің бірегейі екендігін жоғарыда атап өттік.

Кеңес Одағының ақпарат пен насихаттың бұқаралық құралдары жүйесіне – газет, журнал, телевизия, радиохабары, телеграфтық баспасөз агенттіктері және кітап баспалары жатады. Міне, осы салалардың қазақ журналистикасындағы теория мен практика тұрғысынан өркендеп, дамуын, қалыптасу жолы мен кемелдену үдерісін алғаш болып жүйелеген Тауман Салықбайұлының аталмыш саланы зерттеудегі өзіндік принциптеріне тоқтала кетуді жөн санадық. Өз дәуірінің майталман маманына айналған Т.С.Амандосов ағамыз баспасөз теориясын зерттеп-зерделеуде негізінен кеңестік принциптерді адал ұстанғандығын, марксизм-ленинизм іліміне ерекше құрметпен қарағаны – соңында қалған мол мұрасында сайрап жатыр. Бұл тұжырымымызға дәлелді ғалым ағамыздың мына бір пікірінен анық байқаймыз: «Насихат пен үгіттің барлық түрі негізгі мақсатқа - еңбекшілерді коммунистік рухта тәрбиелеу мақсатына қызмет етеді. Міне, сондықтан баспасөз қызметкерлері - совет журналистері өздерінің әрбір материалында коммунистік идеяны насихаттауды берік ұстанған. Совет журналисі дұшпандық идеологияға қарсы күресе отырып, империалистердің реакциялық, халыққа қарсы идеясын батыл әшкерелеп отыруға тиіс. Екі дүние таным күресінде бейтараптылық пен ырымшылдыққа жол жоқ» дей келе, одан арғы ойын былай жалғайды: «Информация мен насихаттың бұқаралық құралдарының теориялық негізі – марксизм-ленинизм ілімі. Бұл құралдардың күші коммунизм құрылысшыларын коммунистік рухта тәрбиелеу мақсатына бағытталған. Осы тұрғыдан алғанда насихат пен үгіттің бұқаралық құралдары Коммунистік партияның экономикалық стратегиясына сай халық шаруашылығының барлық саласын серпінді де пропорциялы дамытуға, еңбекшілердің материалдық және мәдени тұрмыс дәрежесін арттыра беру жолында асқан творчестволықпен жемісті жұмыс істеуге тиіс» [2, 8 б] .

Т. Амандосовтың қай кітабын ашып қарамаңыз, бәрі де кеңес публицистикасы жанрларын өмір шындығынан айнымауға, өмір шындығының бұлтарпас материалына сүйенуге, әлеуметтік болмыстың құбылыстары мен үдерістерін объективті көрсетуге үндейді.

Кезінде В.И.Ленин : «Газеттер түрлі партиялық ұйымдардың органдары болуға тиісті» деп көрсеткен болатын өз еңбетерінде. Ал, прфессор Т.Амандосов болса, газеттердің коммунистік партияның саясатын насихаттауда кемелденген социализм дәуірінің міндеттерін іске асыру жолында аса зор рөл атқаратындығын айта келіп, газетті жаңа адам тәрбиелеудің айрықша құралдарының бірі деп, баспасөзге ерекше назар аударады және жазармандарға үлкен міндеттер жүктейді. «Баспасөз алдындағы міндеттерді жүзеге асыру, газет редакцияларының жұмысын жетілдіре беру - әрбір газет қызметкерінің білімін, кәсіби мамандығын, шеберлігін ұштай отырып, олардың шығармашылық ізенісін, белсенділігін барған сайын арттыра беру деген сөз», - деген тұжырым жасайды. [2, 63 б].

Жоғарыдағы талаптарды айта келе, профессор сондай-ақ, әр жанрдың өзіне тән ерекшеліктерін сақтай отырып жазу принипін алға тартады: «Шығарманың тақырыбы ұнамды, мазмұны тартымды болуы – публицистиканың негізгі міндеті. Бұл талап – публицистиканың үлкенді-кішілі жанрларының бәріне бірдей қойылатын ортақ және негізгі талап. Осы талаптың іс жүзінде орындалуы, ең алдымен, публицистің тақырыпты дұрыс таңдай білуі мен жанрлық ерекшеліктерді көтерілер мәселе мазмұнына қарай ұтқыр пайдалана білуіне тікелей байланысты» [5]. Белгілі сөз зергері Зейнолла Қабдолов ағамыз: «Жанрлар туады, өседі, өзгереді, жоғалады, жаңадан пайда болады» деген болатын. Дәл қазіргі журналистикада прфессор ағамыз айтпақшы, жанрлар туып, өсіп, өзгеріп, осы шақта жоғалу, тоқырау кезеңіне келе жатқан сияқты. Т.Амандосов, Т.Қожакеев сынды ғалымдар зерттеп, талдап жазатын жанрларды бүгінде баспасөз бетінен көп ұшырата бермейміз. Атап айтар болсақ, очерк, корреспонденция мен баспасөзге шолуды ара-тұра басылым беттерінен көзіміз шалып қалғанымен, памфлет, фельетон, жанрларының келмеске кеткені қашан. Мақала жазғанның өзінде көпшілік журналистеріміз жалпылама жазуға бейім тұрады, талдап-таразылауға, сараптап, ой түюге келгенде әлі де шикіліктері байқалады. Кейде апталық газеттерден тұшынып оқитын материал таппай, бетін жаба салатын кездер де жиі қайталанып жүр. Содан кейін, «газеттің оқырманы азайып бар жатыр» деп шулайтын да тағы біз. Бірақ, кінә оқырманнан емес, өз жазбасынан кез келген оқырман айналып өте алмайтындай етіп жазбаған жорналшының өзінде болар. Көпшілік, оқырман, әсіресе үлкен адамдар қауымы журналистикадан жаңалық күтеді. Ал, журналистикадағы жаңалық – ол бірінші көтерілер проблеманың сонылығы болса, екіншісі - жанр.

Бар ғұмырын журналистика теориясын зерттеп-зерделеуге арнаған Тауман Амандосов ағамыздың өзі айтпақшы: « Газет жанрлары әр алуан, олардың ерекшеліктер де әр түрлі екені мәлім. Газет материалдарының сапалы болуы олардың жазу үстінде журналистің баспасөз жанрының әрқайсысына тән сол ерекшеліктерін жете айыра біліп, оны шебер жаза білуіне байланысты. Егер журналист газет жанрларының теориясын жақсы біліп, оны өз ісінде жемісті қолдана білсе, газет материалдары бір-біріне егіздің сыңарындай ұқсап тұрмай, бірін-бірі қайталамай, арқайсысы өз жақсылығымен жарық көреді, саны жақсарады, жазылу түрі соны сипат табады, мазмұны тереңдейді, нәтижесінде, ондай газет материалдарын оқушылар сүйсініп, қызыға оқитын болады.

Әр жанрдың өзіне тән ерекшеліктерін тұтасқан синтез ретінде бір жерден тауып, танымайынша оның жанрлық табиғатын түсіну мүмкін емес. Сондықтан қандай жанр болмасын оның тек сыртқы белгілерін ғана жіпке тізе бермей, ішкі мазмұнындағы сырлардың байыбына барыңқырап, жанрлық болмысындағы заңдылықты аша білу керек.» - деген болатын[5]. Демек, оқырманды тарту үшін де жанрды жаңғыртып, түлетіп отырудың рөлі орасан зор екендігін жағарыдағы ғалым сөзінен тұжырымдаймыз. Бүгінгі «қысқалық мен нұсқалық керек» деп, барынша қысқалыққа, жалаңдыққа, тек қана ақпарат жазуға бейімделіп келе жатқан қазақ журналистикасы көркемдіктен ажырап, мүлдем жұтаңданып кеткен сыңайлы. Бір мақаланың ішіне бірнеше жанрлық элементтері енгізіп, жанрлық қойыртпақтыққа тап болып отырғанымыз - өз алдына үлкен проблема. Кезіндегі баспасөз бетінде үлкен сілкініс туғызған Камал Смайылов пен Шерхан Мұртазаның арасында өрбитін эпистолярлық жанр да ұмыт болып барады. Профессор Қожакеевше айтсақ, газет-журнал материалдарының, радио және телевизия хабарларының өмір сүру және көрініс беру формасы - жанрлардың «жүрек соғысы» қазіргі басылымдарда тіптен мүшкіл.

«Кезіндегі кеңестік дәуірдегі қазақ публицистикасы ағартушылық, үгітшілік, насихатшылық, ұйымдастырушылык,, әшкерелеушілік, анықтамшіық, жарнамалық, танымдық функцияларды атқарды. Біз қарастырған кенестік дәуір кезендерінде қазак публицистикасының әр жанры әр түрлі деңгейде баспасөзден орын алып отырды. 20, 30-шы жылдары заметка, хат, мақаланың проблемалық түрі, фельетон сияқты публицистика жанрлары көбірек көрініс тапты. 40-шы жылдары публицистикалық мақала, памфлет, үндеу, рух көтеруге бағытталған хаттар түріндегі публицистика ерекше дамыды. 50, 60, 70-ші жылдары очерк өз дамуының биігіне жетті. Очерктің физиологиялық, социологиялық, экономикалық, проблемалық-аналитикалық, портреттік, сапарнама, психологиялық, лирикалық, т.б. түрлері бірінен соң бірі жарқырап көрінді. Осы жылдары публицистикалық мақаланың "өлеңмен жазылған қарасөз" түрлері ерекше ынта-ықылас туғызды. Фельетон жанры қайта өрлеу жолына түсті. 80-ші жылдары сұхбат жанры мен репортаж кең қолданылды. Сұхбаттың диалог түріне қоса, сұхбат-монолог, сұхбат-хабар, сұхбат-суреттеме, сұхбат-пікір, сұхбаттың анкета түрі, дөңгелек стол басындағы әңгіме, баспасөз конференциясы сияқты бірнеше жаңа түрлері қолданысқа енді. Кеңестік дәуірдің барлық кезендерінде де заметка, корреспонденция, есеп, бас мақала, рецензия, шолу, баспасөзге шолу, мақала жанрлары баспасөз бетінен түскен жоқ. Мұның бәрі де дәуір мазмұны - сол дәуірдің өзіне тән түрді қажетсінетіндігінің айқын көрінісі» [9, 401 б.]. Ал, бүгінгі біздің дәуір қандай жанрды талап ететіндегіне әлі де үлкен зерттеулер қажет-ақ.




1.2 Ғалымның қазақ журналистикасы жанрларын зерттеудегі өзіндік ерекшеліктері
Жанр жөнінде белгілі ғалым, профессор Т.Қожакеев: «Жанр дегеніміз – газет-журнал материалдарының, радио және телевизия хабарларының өмір сүру және көрініс беру формасы» деп тұжырымдаса, М.М.Бахтин есімді ғалым: «Жанр – всегда тот, и не тот, всегда стар и нов одновременно. Жанр взрождается и обновляется на каждом этапе развития литературы и в каждом индивидуальном произведении данного жанра. Жанр живет настоящим, но всегде помнит свое прошлое. Жанр – представитель творческой памяти в процессе литературного представителя. Конец цитаты» деп дәйектейді. Яғни, жанр қашанда таныс һәм бейтаныс. Көнелігі мен сонылығы қашанда мезгілдес. Жанр - әдебиет дамуының әр кезеңінде және сол жанрдың әрбір жеке шығармасында жаңғырып, жасарып отырады. Жанр – бүгінгі күнмен өмір сүреді, бірақ өзінің өткенін естен шығармайды. Жанр - әдебиет дамуы үдерісіндегі шығармашылық жадтың өкілі. Дәйексөздің аяғы. (ауд. – К.Қамзин. – Н.Ж.).

Демек, жанр дегеніміздің өзі француздың «qenre» деген сөзінен шығып, біздің тілімізде «түр» деген баламаны береді екен. Яғни, жанр – ол, біздіңше, түр. « Газет жанрлары әр алуан, олардың ерекшеліктер де әр түрлі екені мәлім. Газет материалдарының сапалы болуы олардың жазу үстінде журналистің баспасөз жанрының әрқайсысына тән сол ерекшеліктерін жете айыра біліп, оны шебер жаза білуіне байланысты. Егер журналист газет жанрларының теориясын жақсы біліп, оны өз ісінде жемісті қолдана білсе, газет материалдары бір-біріне егіздің сыңарындай ұқсап тұрмай, бірін-бірі қайталамай, арқайсысы өз жақсылығымен жарық көреді, саны жақсарады, жазылу түрі соны сипат табады, мазмұны тереңдейді, нәтижесінде, ондай газет материалдарын оқушылар сүйсініп, қызыға оқитын болады.

Әр жанрдың өзіне тән ерекшеліктерін тұтасқан синтез ретінде бір жерден тауып, танымайынша оның жанрлық табиғатын түсіну мүмкін емес. Сондықтан қандай жанр болмасын оның тек сыртқы белгілерін ғана жіпке тізе бермей, ішкі мазмұнындағы сырлардың байыбына барыңқырап, жанрлық болмысындағы заңдылықты аша білу керек.». [5]

Жанр жөнінде ғалым тағы да мынадай пікір білдіреді: «Жанрлар өзара бөлінгенде, олар ерекшелене, екшеле түскенде, біз олардың сыртқы пішініне ғана қарап қоймаймыз. Олардың атқаратын функцияларын негізге аламыз, өйткені олардың атқаратын функцияларына қарай сипаттама беруге болады. Жанрлардың түрлерге бөлінуі, ол түрлердің іштей ерекшеленулері жанрлардың жалпы даму заңдылығымен байланысты болуға тиіс. Публицист өз шығармасы арқылы заманымыздың оқиғалары туралы жалпы бағыт беруді қолай көреді. Немесе жанды фактілер арқылы оқырманға әлеуметтік өмірдің заңдылығы мен тенденциясын түсіндіруді мақсат етеді. Болмаса, оқырманға қазіргі өміріміздің әлеуметтік сипаттары туралы баяндап беруді көздейді. Публицистің алдына қойған осы мақсаттарына байланысты публицистика хабар, талдамалы және көркем-публицистикалық болып жүйеленеді де, олар өзара іштей жанрларға бөлінеді. Әрбір жанрдың өзіне тән заңдылығы, өз ерекшеліктері, өмір шындығын көрсетуде өз әдістері бар» дей келе, профессордың өзі жанрларды төмендегідей жіктейді. Хабарлама жанрларына: заметка, есеп(очет), әңгімелесу (интервью) және репортаж жатады.

Публицистиканың хабар жанрларының негізін қоғамдық ой-пікірлер, әлеуметтік фактілер құрайды. «Өмірдің күнделікті оқиғаларына қоғам мүшелері ілесіп, олардын толық хабардар болу үшін хабар жанрлары «Көрер көзіміз, естір құлағымыз, қимылдар қолымыз» сияқты публицистиканың бірден –бір ебдейлі жанрлары болып табылады». Профессор Амандосовтың пікірінше, факті – хабар жанырының жүрегі болып табылады. Публицистиканың хабар жанрлары бүгінгі өмір тынысын, шетелдердегі өмір шындығын жан-жақты көрсетеді,егер хабар жанрларын баспасөзде орынды пайдалана білсе, оның мүмкіндігі шексіз. Біздің өміріміз қандай ұлан-ғайыр болса, хабар жанрларының мүмкіндігі де сондай болуға тиіс.

Хабар жанрлары – заманымыздың елеулі істері мен сипатын көрсететін уақыт шежіресі: ол кеше мен бүгін не болғаны,ертең не болатыны туралы баяндай алады. Хабарлар біздің ілгері басқанымызды, экокномикалық жағынан сапалы өзгерістерге қолымыз жеткенін білдіреді. Ал мұндай жаңа құбылыстарды көрсететін оқиғалар күн сайын болып жатады. Мұны газеттеріміз жедел де тартымды жазып келеді[2].



«Заметка дегеніміз – ең шағын және оперативті жанр. Ол өмір шындығының нақты фактілері, құбылыстары туралы дәлме-дәл тұжырымды хабарлайды. Заметканың негізінде бір оқиға, бір құбылыс, бір объект ғана жатады. Заметканың авторы өз пікірін байыптау мен қорытынды жасамайды. Тек бір мәселені немесе құбылыс пен бір жақсы бастама, не бір аяқталған жақсы іс туралы үн қатады. Заметка – үгіт-насихатты тек фактімен жүргізудің бірден-бір құралы», -деп тұжырымдай келе ғалым заметка жанрын екіге бөліп зерттейді:
.

Заметканың негізінде бір оқиға, бір объект ғана жатады және аталмыш жанр ортақ немес дербес тақырыптармен беріледі. Өз алдына дербес тақырыпшасы болмай, бірнеше жолдық болып, бір атаумен берілетін заметка түрі – тектес заметка деп аталады. Ал, дербес заметка тектес заметка сияқты ортақ тақырыпшамен берілмейді., мұнда барлығы керісінше. Және заметканың бұл түрінде мәселе толығырақ қамтылып, тектес заметкаға қарағанда көлемі жағынан да анағұрлым кең болады.


Хабарлама жанрының келесі түрі есеп деп аталады. Есеп жанрына ғалым: «Съездер, конференциялар, мәжілістер мен кеңестер туралы мерзімді баспасөзде жиі жазылатын хабар жанрларының бір түрі. Газет есебіне оқиғаны, сол оқиғаның қорытындысын хабарлау тән келеді. Ол – газет бетіндегі сынды батыл да кең жүргізудің өткір құралы», - деп анықтама бере келе, төмендегіше бес топқа жіктейді. .

Тауман ағамыздың пікірінде есеп жазатын журналистер материал жазу барысында сөйленген сөзді бермей-ақ, қайта сөйленген сөз жөнінде қысқа есеп беру керек екен. Одан арғы ойын ғалым аға: «Шынында да жиналыста айтылған нәрселердің бәрін түгел тіркеп жаза беру жақсылықтың нышаны емес. Мәселеге жан-жақты түсініп, оны сауатты да түсінікті жаза білу керек. Жиналыстың күн тәртібінде қаралған мәселелердің ішкі мазмұнына үңіле түсіп, оның қоғамдық саяси маңыздылығын аңғарту – журналистің негізгі міндеті болуға тиіс те, жиналыста қандай маңызды мәселе орын алғандығы газетте жарияланған есптен байқалуы керек. В.И.Лениннің сөзімен айтқанда, баспасөзге арналған есеп түсінікті, тұжырымда есеп болу керек» деп сабақтай келе, жазарманға да дәл сондай талап қояды[5].
Хабарлама жанрларының келесі бір түрі репортаж деп аталады. Репортажға профессор Т.Қожакеев: « Репортаж – негізгі фактіге құрылатын, оқиғаны шындықпен суреттейтін әрі белгілі бір объектіге арналған жанр» десе, профессор Т. Амандосов: аталмыш жанрға «автор өз түйсігі арқылы өмір картиналарын дәлме-дәл күйінде баяндаса, оның баяндауы публицистикалық мәнермен әсерлі де әдемі келіп, болған оқиғаға автордың өзі қатысқаны шығарманың бүкіл өн бойынан сезіліп тұрса, бұл газеттің хабар жанрларының бір түрі – репортаж болады» - деп анықтама береді және репортажды оперативті, оқиғалы, проблемалық және жол-жөнекей репортаж деп 4-ке бөліп қарастыруды жөн санайды.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет