Кіріспе
Зерттеудің көкейкестілігі. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ұсынған «Қазақстан-2030» стратегиясында негізгі бағыттардың бірі ретінде халықтың ұлттық моделі мен салт-дәстүрлерін есепке ала отырып, білімі мен білігі жағынан өркениетті елдердегі замандастарымен қатар тұра алатын, бойында ұлттық, отаншылдық рухы мықты қазақстандықтардың жаңа ұрпағын тәрбиелеу қажеттігі баса айтылған [1].
Мектеп жасына дейінгі балалардың мемлекеттік міндетті білім беру стандартының жобасында: «Мектепке дейінгі білім беру – Қазақстан Республикасының жалпы білім беру жүйесінің құрылымдық бөлімі ретінде маңызды роль атқарады, себебі оның шегінде баланың табиғилық сапалары мен ерекшеліктері анықталып, олардың даму жағдайлары қамтамасыз етіледі...» деп көрсетілген [2] .
Тәуелсіздік алған еліміздің келешек ұрпақты ұлттық, халықтық және этностық-мәдени тұрғыда тәрбиелеуі бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Бұл мәселенің шешімін табу үшін үздіксіз білім беру жүйесі айтарлықтай дәрежеде қайта қаралып, оны жетілдіру жолдары іздестірілуде. Мұндағы алға қойылып отырған негізгі талаптар – Қазақстан білім беру жүйесінің бүкіләлемдік білім беру кеңістігіне толық енуінің алғашқы ұлттық даму стратегиясын жасап, моделін құру.
Бұл талаптардың жүзеге асырылу бағытындағы жұмысты үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы – мектепке дейінгі ұйымдарда баланың білімге деген құштарлығын арттырудан, ұлтымызға тән қасиеттер бойына сіңген шәкірт тєрбиелеуден бастағанның маңызы өте зор.
Жаһандану дәуірінде этностық-мәдени сәйкестілік (идентичность) мәселесі үлкен маңызға ие болуда. Адамзат қоғамы екі бағытта дами алады деп болжайды: мәдениеттің бір-бірімен араласуы немесе мәдениеттің бір-біріне қайшы келуі. Бірақ, екі көзқарас та тарихи дағдарысқа алып келуі ықтимал. Бұдан шығудың үшінші жолы бар, ол мәдениеттердің диалогы, мұндай жағдайда бірде-бір мәдениет өз ерекшелігін жоғалтпай, әлемдік қоғамға шығуына мүмкіндік алады. Міне, сондықтан да мәдениеттердің диалогына шығу проблемасы этностық-мәдени сәйкестіліктің қалыптасуы арқылы шешіліп, этникалық қауымдастықтардың мәдени түрде өзара әрекеттесуіне әкеледі.
«Қазақстан Республикасындағы этникалық-мәдени білім беру» тұжырымдамасында (1996) атап көрсетілгендей, халықтың этностық-мәдени сәйкестілігі өз тарихында, мәдениетінде болған оқиғаларды білу, қалыптасқан рухани құндылықтарға адалдық, ұлт қаһармандарын қастерлеу нәтижесінде құралады. Ол ұлттық азат және ерікті жасампаздық шығармашылығы процесінде қалыптасады. Этностық-мәдени сәйкестілік жағдайына халықтың өзі тудырған әлеуметтік-мәдени жүйе арқылы қол жетеді. Бұл жүйеге отбасы, мектепке дейінгі балалар мекемелері, оқу орындары, ұлттық, мәдени орталықтар, бұқаралық ақпарат құралдары, көркем және ғылыми әдебиет, ғылыми-зерттеу және әкімшілік мекемелері, тағы басқалары жатады [3].
Бұл жағдайларда этностық-мәдени сәйкестілікті қалыптастыру мәселесін педагогикалық тұрғыда зерттеу маңыздылығы артады. Қоғамның қазіргі даму кезеңінде мектепке дейінгі ұйымдардың оқу-тәрбие процесінде балаларды жан-жақты дамыған жеке тұлға ретінде тәрбиелеуді жүзеге асырып, этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастыруға мүмкіндік беріп, халықтың рухани мәдениетін зерде мен ой елегінен өткізіп, оны қазіргі заман құндылықтарымен байланыстыра білуге машықтандырады.
Ғылыми әдебиеттерді талдау барысында этностық, этностық-мәдени және мемлекеттік сәйкестілік мәселесі философия, саясаттану, тарих және этнографиялық салада (Э.З.Александренков, Ж.М.Әбілдин, Ю.В.Бромлей, В.И.Козлов, Қ.Е.Көшербаев, Ә.Н.Нысанбаев, Б.Ф.Поршнев, И.А.Снежкова, Э.К.Суслова, Ғ.Т.Телебаев және т.б.); әлеуметтану мен мәдениеттануда (С.М.Арутюнян, М.Х.Балтабаев, Л.М. Дробижева және т.б.); этнопсихологияда (В.А.Вяткин, Қ.Б.Жарықбаев, Н.Е.Елікбаев, Б.А.Әмірова, О.Х.Аймаганбетова, А.П.Оконешникова, У.Г.Солдатова, Г.М.Старовойтова, Ю.В.Хотинец, Е.Т.Шлягина және т.б.) көрінетіні айқындалды [4-22].
Қарастырылып отырған мәселенің педагогикалық аспектісін талдауға бірқатар этнопедагогикалық зерттеулер арналған (Г.Н.Волков, А.Э.Измайлов, Я.И.Ханбиков, Е.Л.Христова, К.Б.Жарықбаев, С.К.Қалиев, С.А.Ұзақбаева, Ж.Ж.Наурызбай, М.Х.Балтабаев, К.Ж.Қожахметова, Р.Қ.Дүйсембінова, Р.К. Төлеубекова, К.А.Оразбекова, Ж.Асанов, Ә.Табылдиев, Қ.Бөлеев, Ш.Б. Кульманова, Л.С.Сырымбетова, Ш.М.Мұхтарова және т.б.). Қазақстандық педагогика ғылымында этностық мәдениет бойынша этнопедагогикалық зерттеулер баршылық (И.Өршібеков, А.Х.Мұхамбаева, Б.Е.Қаирова, Г.Р.Бахтиярова, Е.Ш.Қозыбаев, С.К.Әбильдина, К.Е.Ибраева, Т.М.Шакирова, Г.К.Тлеужанова және т.б.). Соңғы уақытта қазақ этнопедагогикасының мәселесі бойынша ғылыми жұмыстар саны жас педагогтардың зерттеулерімен көбеюде [23-44].
Мектепке дейінгі ұйымдардағы балаларға ұлттық, этностық-мәдени тәрбие беруге байланысты бірнеше шетел және отандық ғылыми зерттеушілерді атап өтуге болады:
- мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеудің халықтық педагогика аспектілері (Т.В.Черник, О.В.Леонова, М.Г.Евграфова, Е.А.Иванова, Е.Н.Кергилова, Т.Иманбеков, К.Сейсембаев, Т.А.Левченко, Ә.С.Әмірова, А.Е.Манкеш, О.М.Сыздық, З.М.Балгимбаева) [45-49];
мектеп жасына дейінгілердің этностық-мәдени дамуы (Е.Ф.Вертякова, Л.Д.Вавилова, В.Д.Ботнарь, О.Н.Юденко, С.Д.Кириенко, Б.Н.Галаева) [50-54];
мектепке дейінгі ұйымдардың мамандарын даярлау мәселесі (О.И.Давыдова, Х.Т.Шерьязданова, Л.С.Берсенева, У.Ш.Ибрагимов, М.Б.Кожанова, Ж.С. Хасанова) [55-58];
мектепке дейінгі ұйымдардың оқу-тәрбие үдерісіне ұлттық педагогика үлгілерін ендіру (Ж.М.Акпарова, С.Г.Жанабаев, А.Ә.Капенова, Ұ.Т.Төленова) [59-62].
Этностық-мәдени сәйкестілік бойынша зерттеулер негізінен мектеп оқушыларына және студенттерге арналған, ал мектепке дейінгілердің этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастыру мәселесі бойынша педагогикалық зерттеулер дамып келеді.
Көптеген зерттеулердің әдіснамалық бағдарына профессор Ж.Ж.Наурызбайдың Қазақстан Республикасында этномәдени білім беру тұжырымдамасы алынды [3].
Мектепке дейінгі ұйымдардың оқу-тәрбие процесін талдау балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастыру мақсатында мектепке дейінгі ұйымның жұмысының мазмұнында ұлттық-мәдени элементтердің өз мүмкіндігіне сай қолданылмайтынын көрсетті.
Осыған сәйкес дәстүрлі құндылықтар негізінде жан-жақты дамыған жеке тұлғаны тәрбиелеудегі қазақстандық қоғамның қажеттіліктері мен мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастыру жүйесінің жеткіліксіздігі; мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастыру мүмкіндігі мен бұл мәселенің педагогикалық теория мен практикада аз зерттелгендігі арасында бірнеше қайшылықтар туындайды. Бұл қайшылықтардың шешімін табу мақсатында этностық-мәдени сәйкестілікті мектепке дейінгі кезеңнен бастап қалыптастыру жолдарын анықтау біздің зерттеу проблемамызды айқындауға және тақырыпты «Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырудың педагогикалық шарттары» деп таңдап алуымызға негіз болды.
Зерттеудің нысаны: мектепке дейінгі ұйымдардың педагогикалық үдерісі.
Зерттеудің пәні: мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастыру.
Зерттеудің мақсаты: мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырудың педагогикалық шарттар жүйесін теориялық тұрғыда негіздеу.
Зерттеудің ғылыми болжамы: егер мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастыру ерекшеліктері айқындалып, сол арқылы оның үлгісі жасалып, сонымен қатар педагогикалық шарттар жүйесі құрылып, іс жүзінде тәжірибеге енсе, онда мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырудың тиімділігі артады, өйткені мұндай жағдайда қарастырылып отырған процестің жүйелілігі мен тұтастығы қамтамасыз етіледі.
Зерттеудің міндеттері:
мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырудың ерекшеліктерін ашу;
мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырудың үлгісін әзірлеу;
мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырудың педагогикалық шарттар жүйесін құру;
аталмыш жүйені мектепке дейінгі ұйымдардың педагогикалық үрдісіне енгізіп, оның тиімділігін тексеру.
Зерттеудің жетекші идеясы: мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін олардың жас және дара ерекшеліктерін есепке алу негізінде қалыптастыру жалпы адамзаттық және этноәлеуметтік құндылықтарына баулу жолдарының бірі болып табылады.
Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері:
мәдениет жеке тұлға факторы ретінде, сананың мәдени-тарихи даму теориясы (В.С.Библер, Э.С.Маркарян, Л.С.Выготский, А.Н.Леонтьев және т.б.) [63-64];
этнос теориясы (Ю.В.Бромлей, Л.Н.Гумилев, Ә.С.Қалмырзаев, Б.П.Поршнев және т.б.) [4;65;66];
жеке тұлғаның әлеуметтік, этностық сәйкестілік үлгілері (Э.Эриксон, М.Баррет, Ж.Пиаже, Л.М.Дробижева, Ғ.Т.Телебаев, В.Ю.Хотинец және т.б.) [67;13;10];
мектеп жасына дейінгі балалардың даму заңдылықтары мен принциптері (Л.С.Выготский, И.С.Кон, А.Н.Леонтьев, Д.Б.Эльконин және т.б.) [68;69;70;71;72;73];
тәрбиенің этнопедагогикалық аспектілері (Т.Тәжібаев, Қ.Б.Жарықбаев, С.Қ.Қалиев, Қ.Бөлеев, Р.Қ.Дүйсембінова, К.А.Оразбекова және т.б.) [74;75;26;35;30;32];
оқушыларға этностық-мәдени білім беру тұжырымдамасы (Ж.Ж.Наурызбай) [3];
жоғары мектеп студенттеріне этнопедагогикалық білім беру тұжырымдамасы (С.А.Ұзақбаева, К.Ж.Қожахметова) [76].
Зерттеудің көздері: зерттеу проблемасы бойынша философтардың, мәдениеттанушылардың, педагогтар мен психологтардың еңбектері; педагогиканың ғылыми жетістіктері мен озық педагогикалық тәжірибелерді мектепке дейінгі ұйымның практикасына ендіру мәселесіне байланысты ресми құжаттар; оқу-әдістемелік кешен; автордың көпжылдық педагогикалық тәжірибесі.
Зерттеудің әдістері:
аналитикалық (ғылыми, әдістемелік әдебиеттерді талдау, модельдеу, жіктеу, жүйелеу, жалпылау, т.б.);
диагностикалық (сауалнама, жеке және топтық әңгіме, сұхбат, бақылау, тестілеу, т.б.);
статистикалық (зерттеу нәтижелерін математикалық өңдеу).
Зерттеудің ғылыми жаңалығы және теориялық мәнділігі:
теориялық-әдіснамалық әдебиеттерді талдау негізінде мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырудың ерекшеліктері ашылды;
мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырудың үлгісі әзірленді;
мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігінің қалыптасу деңгейлерінің өлшемдері мен көрсеткіштері айқындалды;
мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырудың педагогикалық шарттары анықталып, жүйеленді.
Зерттеудің практикалық мәнділігі:
мектепке дейінгі ұйымдарда балаларға этностық-мәдени білім беру бағдарламасы жасалды;
мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастыру бойынша тәрбиешілерге арналған әдістемелік нұсқаулар әзірленді;
«Ана тілі» атты ЭЕМ-ға арналған бағдарлама даярланды;
балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастыру бойынша ата-аналармен жұмыс бағдарламасы құрастырылды;
балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастыруды диагностикалау әдістемесі жасалды.
Алынған нәтижелерді педагог-тәрбиешілерге, мектепке дейінгі білім беру жүйесінде, осы сала мамандарын даярлау мен қайта даярлау мекемелерінде қолдануға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |