Дроссельдеу немесе жанышталған су буы
Су буын дроссельдеу (жаныштау) процесін зерттеу су буының is- диаграммасында өте көрнекі жүргізіледі, онда жаныштау процесін шартты түрде көлденең сызықпен кескіндеуге болады, өйткені көлденеңдік соңғы нүкте күйінің параметрлерін табу үшін тек қана қосалқы құрылым бола алады және аралық нүктелерде физикалық мәні болмайды.
Егер аса қызған бу жаныштауға түссетін болса (1-2 процесс), онда қысым мен температураның төмендейтіні, ал көлемнің, энтропияның және аса қызу дәрежесінің артатыны диаграммадан жақсы көрінеді. Жоғары қысымды және аздап аса қызған буды жаныштау кезінде (7-8 процесс) бу алдымен құрғақ қаныққан түрге, содан соң ылғалдыға, қайтадан құрғақ қаныққанға, содан соң аса қызған буға өтеді. Қайнап тұрған сұйықты дроссельдеу кезінде (5-6 процесс) ол құрғақтық дәрежесінің өсуімен жартылай буланады. Ылғалды буды дроссельдеу кезінде оның құрғақтық дәрежесі жоғарылайды (3-4 процесс).
Дроссельдеу процесі энтропияның артуымен қатар жүретін қайтымсыз процесс болып табылады. Алдыңғы тараулардан энтропияның артуымен газдың немесе будың жұмыс істеу қабілеттілігі төмендейтіні белгілі, ол диаграммадан көрнекі көрінеді. Мейлі, су буы а күйінен с күйіне дейін дросселденеді дейік. а нүктесінен р5 қысымына дейінгі энтальпия ab кесіндісімен көрсетіледі; с нүктесінен энтальпия айырмасы cd кесіндісімен белгіленген, ол ab кесіндісінен едәуір қысқа, яғни будың жұмыс істеу қабілеттілігі күрт төмендейді. Бу қаншалықты жаншылған болса, соншалықты оның жұмыс істеу қабілеттілігі төмен болады.
Достарыңызбен бөлісу: |