«Күміс белдік» повесінде қызыл террордың адам басына әкелген тауқыметі



бет2/18
Дата20.06.2018
өлшемі1,12 Mb.
#43622
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18

III.

--Бір өзіңнің қырсығың бүкіл бір рулы елдің соры болғалы тұр. Орыстың бір мылтығының аузына мың кісі сиып тұрғанда, сенің құрықпен орысты жеңем, қиратам дегенің бекер. Осыдан бес жыл бұрын бала дедік. Енді жазаны өзің ал. Мына бауырларыңның сорына тышпа. Орысқа бар. Беріл. Сөз төркіні, тоқтам осы!

Қанша қатқыл, салмақты айтамын дегенмен Доланбайдың дауысында діріл бар екенін бәрі байқады. Бір сәт тыныштық орнады. Ошаққа жақын отырған Бәйтелі отты қозып-қозып жіберді. Қып-қызыл көң шоғы алтын түске боянып, артынша қошқылданып, алаулай түсті. Жаны күйзеліп, жүзі от қызуына қарамастан сұрлана түскен. Жалтақтап інісіне қарай береді. “Ақсақалдар-ау, әкеміз Қалмырзаның әруағынан қорықсаңдар қайтеді” деп айқайлап жібергісі келді.

Есік жақта тізерлеп отырған Сейталы орнынан ұшып тұрды. Жанары от шашады. Қалың еріндері дүрдиіп, әдемі қияқтай мұрты тікірейе қалыпты.

--Ақсақалдар, атамыз Құлан батыр осы өңірді қорғап, мекен етіп қалдырғанда шашы сары, көзі көк, түп тамырынан үзілген келімсектердің алдында қаңлыға ұран болған Бәйтерек баба ұрпағы тізе бүксін, айдауында жүрсін демеген болар. Қиындықта жол таба алмай, намысын табан асты еткен сіздерге еріген бауырларымның маңдайларыңның соры қанша елі екен? Бұға бергенге сұға беретін халық екеніне көздеріңіз жетпеген ғой. Тауды да, тасты да, ағып жатқан суды да “менікі” деген бұл келімсектер өзімізді құл етіп, шошқасын баққызады. Дінімізді бұзып, шоқындырады. Менің айтпағым – ел болып, қарсылық көрсету, қайрат ету. Онсыз біздің ұрпақ ез болып өседі. “Жеңеміз, орысты көшіреміз”, - деп айта алмаймын, бірақ қорлауын қояды. Жер иесі, ел иесі бар екенін біледі. Менің арманым – соғысымның арманы осы.

Осылай деді де Сейталы жер кепе үйден шығып кетті. Шыбынның ызыңы естілмейді. Үйде отырғандардың бәрі төмен қарап, тұнжырай қалған. Осы ауылдың мықтысымын деп жүрген Асқанбай бағанағы берлі жантайып жатқан күйі, қимылдамады. Доланбай болса жаңағы батшағардың тілінің уыты, жүрегінің түгі бар екеніне тағы көз жеткізгендей анда-санда басын шайқап қояды. Дарабек жұтынып, тамағын қырнап, сөйлеуге ыңғайланып, жүрелей түсіп еді, Доланбай ала көзімен ата қарап “тыныш” дегендей белгі берді. Әлден соң Сейталының туған ағасы Бәйтелі басын көтеріп, жан-жағына қарап:

--Не істейміз? Баланы ұстап бергенімізбен, ертең бізге тыныштық бола ма? Осыны да ойлайық, - деді жай ғана. Бұған да ешкім үн қатпады.

Жер кепе үйді түтін тұмшалады. Дарабек ошаққа бетін бұрды, қолына көсеуді алып, бір сәт ұстап тұрды да, тастай салды.

--Көшеміз. Шыршықтағы ағайындар ортасына барамыз. Бауырымызды қалайша отқа саламыз. Оның соғысы біздің соғысымыз емес пе? Неге тұқшия бересіңдер? Малымызды алып, жерімізді иемденіп, қызымыздың әбүйірін айрандай қылғаны аз ба? Енді “жаныңды алам” дейді. Оған да көнеміз бе?

Дарабектің мына сөзіне Доланбай айқайлап орнынан тұрды.

--Әй, күшік, Шыршықта құшағын ашып тұрған кімің бар? Қоқаңдап Қоқан, қиқулап Хиуа әмірлері мен датқалары келеді. Оларда ондағы бауырларымызға тыныштық бермей жатқанын мына Сейталының өзі айтып келмеді ме. Оның үстіне орысқа бодан болғанымызды еске алған мыналар бізді оңайлықпен жібере ме? Бір әулет қырылғанша бір сұңғыланы құрбандық еткен артық. Сейталы мұны білмей отырған жоқ. Ол да ойланар “Намысымызды қорғаймыз” деп, жойылып кетсек, ол намыс кімге керек. Бәріңнің де сөзіңнің нәрі, сөлі жоқ.

--Басқаларға... Қазақ жалғыз біз емеспіз ғой... Жанымыз бабалар жанынан артық емес... Толқындатып сөйледі десем слқылдақтық сөз айтқаныңыз қалай…

--Неге сол қалың қазағың көтерілмейді? Сонда біз еркек тоқты құрбандық болуымыз керек пе? Қандай шашырап жатқан қаңлың неге бізді қорғамайды? Олар әлде біздің жайды білмей отыр ма? Өмір бойы соғысып, теңдік іздеген қазақ енді неге орысқа мойын ұсынып отыр. Осыны білдің бе?

--Елміз деп еміренетін сендер үшін азаматтың басына іс түскенде бір жеңнен қол шығара алмасаңдар, елдігімізге сын болатынын ұмытпаңдар. Айқаспай жатып “жеңілдім” деп жата кетсең, бізді кім сыйлайды. Ер азаматтар осыны ұмытпаңдар! Әділетсіздік қазанына қақпақ бола алмасаңдар сендердің құндарың қанша екенін өздерің болжай біліңдер. Еріген сары май салынған бүйен сияқты былжырасаңдар еліміз не болады?! Бағанадан бері даулы әңгімені үнсіз тыңдап отырып осылай деген Доланбайдың кемпірі Аққайшаға үйде отырғандардың бәрі ошарлана қарады.

Үйдегілер тұйықталған. Бұл сөзге не айтуға болады? Доланбай кемпірінің ойы Болған-Ананың даналығын қайталап тұрғандай көрінді. Кезінде қаңлының ішінде ауызға іліккен Болған-Ананың бір ауыз сөзі бабаларын жауға қарсы көтерген екен. Ол жылдары қаңлылар Ұлытау мен Кішітауды жаз жайлау етіпті. Бірде моңғолдың мыңбасы қаңлыларға сәлем айтып, жайлауға биыл өзінің қоныстанатынын жеткізіпті. Ел ағалары сөзге келместен қуатты Жошы ұрпақтарының айтқанына көнген рай білдіріпті. Мұны естіген Жошыханның қызы сол кезде қаңлыға ана болған Болған-Ана қатты ашуланып, төркінінен бұрын барып, Ұлытаудың ең үлкен, суы мол бастауының басына үйін тігіпті.

Осы кезде әңгімеге Асқанбай араласты.

--Бір баланың дауын мың үйге жүк етіп артудың қажеті бар ма? “Соғысамын, шайқасамын” десе жол ашық. Бірақ бізден алыс. Жүгенін сыпырып жібер. Орысқа айтарымыз “Бізде Сейталы деген бауыр жоқ. Тәшкеннен келген... Өздерің ұстап алып, білгендеріңді істеңдер” дейміз. Ал Сейталы сол орыстардың көзінше қашсын. Оларда менің Желжүйрігіме жетер сәйгүлік жоқ. Бердім, Сейталыға Желжүйрікті... Одан соң мен де орыстарға көз қылып, “жүйрігімді ұрлап кетті” деп шапқылаймын. Ал орыстың дауынан құтылу оларға айып ретінде бір үйір жылқымды тағы беремін...

Асқанбайдың мына сөзіне үйдегілер таңдана бір-біріне қарады. Бұл қай жомарттық? Тышқақ лағын бермей, қойшысын қотыр, аш еткен байдың бұл сөзіне ешкім түсіне алмаса да “Дұрыс сөз” деп бас шұлғысты.

Бұл шешімді жеткізген Дарабектің сөзін Сейталы самарқау тыңдады да басын шайқап “Білем ойын, білемін” деді де қойды. Оның жанында тұрғандар оның білетіні не екенін түсінбеді. Ал Асқанбайдың көздегені Сейталыны құтқарып жіберу емес, басқа еді. Ол Сейталының Әміршенің қызына көз салып, кездесіп жүретінін білетін. Ол қызды тоқалдыққа алу Асқанбайдың ой түкпірінде жатқан арманы болатын. Негізгі бақталасы Сейталыдан құтылса, Әміршенің қызын құшағына алатындығына сенімді.Мұны жас жігіт сезетін. Тіпті қыздың әкесін қолтығының астына алып, биыл үйінің жанына көшіріп қондырған. Анда-санда оларға көже қатық беріп, қонақ келгенде қызға шай құйдыруды дәстүрге айналдырған. Сондықтан да аталас ағасының жомарттығының сырын түсініп, басын шайқаған да қойған. Бірақ оны налытқан Асқанбайдың бұл зымияндығы емес, ағайындарының дәрменсіздігі. Өзі үйден шығып кеткеннен кейінгі әңгімені толық естіген Сейталының бойы ауырлап, дел-сал күйде ағасы Бәйтелінің ошағына қарай беттеді.

Қарт Қаратаудың қойнауына тереңдеп енген сайын Сейталының бойы жеңілдеп, тынысы ашылды. Қарақасқаның жүрісі де баяулап, белуардан келетін шөптің басын шалып келеді. Ойы он сақта болғанымен жан-жағына жіті көз тастап, әлденені іздегендей. Нені іздейді, кімді аңсайды, оны өзі де білмейді. Неге Қошқар-Атаға қарай жол тартты? Оған да жауап жоқ. Күн бата терең сайдың табанында жайылып жатқан қойды көрді. Қойшысына келіп сәлем берді.

--Қайдан келесің? Қайда барасың?

Сәлемдеспей жатып, жөн сұраған қойшыға ренжіген жоқ. Көңіліндегі ойды ірікпей айтты.

--Баяғыда мына фәниден орын таба алмаған біреу”Алдым жар, артым құз. Ұшарымды жел, қонарымды сай біледі” деген екен. Менің де жайым одан алыс емес. Елім бар деп келіп едім, жексұрын болдым. Жалғыз алысып, арпалысқан жанмын. Өз жерімде өзгеден де, өзімнен де тепершік көріп, қорланған бір пендемін, - деген Сейталыға қойшы қайта көз тастады. Келбетті жүзі, келісті киімі жолаушының тегін адам емес екенін айқындап тұрғандай.

--Бауырым, дегенмен де ныспыңды айта отыр, - деген қойшы бұған шұқшия қарады.

--Атым –Сейталы, әкем Қалмырза. Тәшкен пен Әулиеатаның арасын жол еткен кіші-гірім саудагер, қаңлымыз.

--Е... білем, білем. Естігенбіз. Бұқарада медресе бітіріп келіп, орысқа ойран салып жүрген сен екенсің ғой. Бауырым, жайың белгілі болды... Өкінішті-ақ...

--Неге өкінішті дейсің? – деп Сейталы қойшының аузынан шыққан сөзін жұлып алды.

--Осылай демеске лажым жоқ. Адамды асырайтын оның тілі. Сен тілге бай, оны сөйлетер білімің де бар. Оқығансың. Дүниенің бәрі жалған екенін білмейсіңдер. Талас-тартыстың қажеті қанша. Орыс билесін, олман билесін біз бейбақтарға бәрібір емес пе? Молдалықпен-ақ жақсы өмір сүруге болады емес пе? – деген қойшы тағы да Сейталыға қарады. Жалақ болған ернін бір жалап алып, орнынан тұрды. --Анау қырдың астында ауыл бар. Қаласаң үйге келіп шай іш. Бізді менсінбесең байдың үйіне барарсың.

Сейталы қойшымен сөз таластырғысы келмей, көк шалғынға шалқасынан жата кетті. Көк аспанда қазбауыр бұлттар қалықтап шығысқа қарай жылжып барады. Қазір болмаса да, таңға жуық жаңбыр жаууы мүмкін деп ой қорытқан ол көзін жұмды. Қап-қара түнекке еніп кеткендей, өзі де аспандағы бұлттай қалықтап барады.

Атының пысқырғанынан оянып кетті. Қараңғылық айналаны әбден көмкеріп алыпты. Аспанға қарап еді, жұлдыздар көрінбеді. Биік-биік тау жоталары қарауытып далия түсіпті. Айнала жым-жырт. Көңілі құлазып, бойы ауырлады. Ешқандай шешімге келе алмай дел-сал күйде біраз отырды. Әлден соң орнынан тұрып, атының ертоқымын алды. Одан соң ұзын шылбырдың бір ұшын ердің басына орап, тоқымдарды астына төсеп, шекпенін жамылып, ерді жастанып, қайта жатты. Тез-ақ ұйықтағысы келді. Бірақ онысы бекершілік болды. Жатқан жері жайсыз болғандай көрінді. Орнынан тұрып, көкке қарады. Бұлт қоюланып, төніп, таумен астасып кеткен. Жаңбырдың жауатыны анық болды деген ол жан-жағына қарап қалқа болар жер іздеді. Бағана осы айналада ықтасын болар жарқабақты көріп еді, соны іздеді. Ақыры жауыннан қалқа болар ыңғайлы жерді тапқандай болды. Бірақ аты осқырынып жүрмей қойды. Жылқы малы иісшіл, секемшіл. Осы айналада қасқырдың іні бар екенін Сейталы іштей сезді. Ертоқымын қалқаға қалдырып, атын бір топ долана ағашына ұзын арқан, кең тұсау етіп байлады.

Шынында да таңға жуық жылы жаңбыр жауды. Сейталы талықсып ұйықтап кетті.

...Ақбоз ат осқырынып тұр. Сейталы ақбозға мінейін деп еді, балағынан қасқырдың бөлтіріктері тартып жібермейді. Қанша дәрмен еткенімен бөлтіріктер жіберер емес. Атқа міну былай тұрсын, қайта өзін апанға қарай сүйреп барады.

--Балам, тізгінді жіберме. Тізгінді жіберсең мыналар талап, жеп қояды. Сүйегіңді де қалдырмайды. Бұлар аш бөрі. Аш бөрі өзінің қаншығын да, арланын да аямайды, - деген кебінге оранған ақсақалды қария алыстан айқайлап тұр.

Енді бөрілердің бәрі жабылды. Апанның түкпірінде тісін ақситып, арлан тұрғандай ма, қалай. Оны Сейталы ажыратып көре алмады. Бар күшін жинап, ақбоздың жалына қолын созды...

Басы тасқа сарт етті. Ауырған жерін сипалап еді, қолы жылымшы сұйыққа тиді. Көзін ашып алды. Етпетінен жатыр екен. Не болғанын түсіне алмай біраз отырды. Басы ауыратын сияқты. Қолымен төбесін сипап көріп еді, томпиып іскен жерінен қан ағып тұрғанын байқады. Енді аңғарды, жаңағы көргеннің бәрі түсі екен. Түсінде басын тасқа ұрып, қанатып алыпты. Мырс етіп күліп жіберді. Жаңбыр себелеп тұрғанын да енді аңғарды. Қос алақанын жарқабақтың жырасынан ағып тұрған жаңбыр суына тосты. Басын жуды.

Сейталы жүрелеп, басын ұстап, ұзақ отырды. Неге түсіне ақбоз ат, кебін оранған ақсақал кіре береді? Бірде ақбоз атпен ұшып келе жатып, терең апанға түсіп кетсе, енді ақбоздың тізгінінен балағынан тартқан бөрілердің кесірінен айырылғаны мынау. Бұл түстің жоруы қандай?

Сейталы оқыс дыбыстан селк ете қалды. Орнынан ұшып тұрам деп, тағы да басын тасқа ұрды. Көзінің алдында сансыз жұлдыздар пайда болды. Қайта отыра қалды. Басынан аққан қанға қарамастан, жан-жағына көз тастады. Міне қызық, жақын да емес, алыс та емес, анық көрінетін жерде тісін ақситып екі қасқыр тұр. Қасқыр екеніне ешқандай күмән келтірмеді. Біреуі жаңа ғана түсінде балағынан тартқылаған бөрілердің арғы жағында тұрған арлан сияқты көздері сексеуілдің шоғындай. Орындарынан қозғалар емес.

Қарсы алдында жүрелеп отырған адамнан көздерін алмайды. Сейталы тағы да жан-жағына қарады. Бөрілерді іздеді. Бір қызығы бойында ешқандай қорқыныш жоқ. Тіпті қасқырларға қарамай қимылдамастан отыра берді. Бұл не? Түсі ме, өңі ме? Қасқыр қайдан келді? Бөрілері қайда? Біреу жанынан жүгіріп өткендей болды. Көзін ашып, басын көтерді. Тап жанынан, қол созым жерден бөлтіріктер жүгіріп өтіп жатты. Бағанадан бері іздегенін тапқандай, іші жылып, қуанып қалды. Енді аңғарды – қасқырдың апанын паналаған екен. Түсі емес, өңі екеніне көзі анық жеткен Сейталы орнынан жайлап тұрып, ертоқымын арқалап, атын байлаған доланаға қарай беттеді. Арланға да, бөрілерге де қарамады. Олар да мұны көрмегендей. Көзі көрмесе де, көңілі сезді. Арлан мен қаншық бөлтіріктерін аймалап жатты. Қазір түнгі жорықтан әкелген олжасын бөлтіріктерінің талапайына беретінін де білді. Өзінің бүкіл Қошқар-Ата өңірін аралап келіп, қойшыны, одан кейін қасқырдың апанын паналағанына таңқалды. Қандай күш жетектеп әкелгенін өзі де білмейді.

Айдалада жалғыз өзі болғанына, қолында қаруы болмаса да қасқырдан қорықпағаны қалай. Тіпті көк бөріге жем болуға пейіл. Қазір де арлан мен қаншық артынан келіп бас салса, армансыз бір арпалысса. Тіпті өзі айқай салып қасқырларға тап беруді де ойлады. Көңілін алагеуім сәукелегеніне де таңғалмады. Неге көңілі арпалысты қалайды?Қос жыртқышты жеңіп, аман қалуы да екіталай ғой. Әлде жалғыздықтан жабырқаған көңілі өлімді аңсай ма? Өлуге пейіл болғаны қалай? Жыртқышқа жем болып, сүйегі далада қалғанша ағайындары мен бауырларының намысын, арын таптаған келімсектермен арпалысып, өлгені артық емес пе? Мейлі, өзін ешкім қолдамай-ақ қойсын. Мұратына жетпесе де мұра болатын істі бастап, сол үшін құрбан болса айып па?

Толқынды толқын қуғандай, ой ойға жалғасып, аузынан шықпаған сөз кеудесін кернеді. “Жалғызбын” деп жапа шеккенше, жалғыздық ісі өнеге болатын жағын ойласа қайтеді.

Сұрақ көп, жауабы жоқ. Бірақ қалың тұманның арасынан иненің жасауындай саңылаудан шыққан сәулелі ой алға адымдаған сайын анық көрініп, жарқырап бара жатқандай. Кеудесіне сол сәулені түсірген жаңа ғана өзін көзге ілмеген қасқырлардың әрекеті, солармен арпалысам деген ой екенін ол енді түсінді.

Қасқа егесін осқырына қарсы алды. Долананың айналасындағы шөптің жапырылмағанынан атының оттамағанын, жатпағанын да білді. “Жануар-ай, жыртқыштардың алыста емес екенін сезген болды ғой”, деп атының сауырынан сипады. Сейталы долананы сілкіп-сілкіп жіберіп, оның жапырақтарында қонақтаған жауын тамшыларын жаудырып болған соң, тоқымды төсеніп, ерді жастанып жата кетуді ойлады да артынша ол райынан тез қайтты. Жауын тамшыларымен бірге жаңадан жеміс сала бастаған доланаға залал келтіргісі келмеді. Қазір таң атады. Таң шапағына бөленген доланадағы жауын тамшылары көздің нұрын тойдырып, әсемдік бояуы қаныға түсетіндігін түсінді. Сұлулыққа жететін не бар бұл дүниеде. Қайран әлемнің бәрі, адам жаны сұлулыққа толы болса арман бар ма. Ойлап қараса, аз өмірінде тек жан сұлулығын армандапты. Қиялдың қанатына мініп, берекелі, ынтымақты өмір сүруді армандапты. “Сен қоламса сасыған орыссың”, “сен мал санатындағы қара қырғызсың” деп айтпай, “Біз – бауырмыз, Жер-Ананың төл перзентіміз” дейтін күн туса, тұнығымыз лайланбай, барымыз базарлы болса арман бар ма. Осыны адамдар неге түсінбейді, неге сондай күнге жетуге ұмтылмаймыз.

Сансыз сауал жан рахатына бөлемеді. Қайта еңсесін түсіріп, езіп жіберді. Көп сауалға жауап таба алмай қиналды. Таба алмасын түсінді. Түсінді де күрсінді.

Заман-ай, бабалары да осындай ой тұңғиығына талай сүңгіген екен ғой. Әйтпесе Қорқыт-Ата қобызын күңіретпей, Асанқайғы – желмаясымен жерұйықты іздеп желмеген болар еді. Бірақ олар қой үстінде бозторғай жұмыртқалар жер таба алмағаны да белгілі. Тек олардың арманы ғана аңыз болып қалыпты.

Сейталы ауыр күрсінгенін өзі де байқамай қалды. Құр қиял, арман бақытқа жеткізбегенін олар білмеген бе. Бақытқа жету жолы күрес екенін білмегені қалай. Тек күрес қана мақсатқа, бақытқа жетудің темір қазығы. Бағанағы бергі ойын ол осылай түйіндеді. Бойы сергіп, жеңілденіп қалғанына қуанды. Тездетіп атын ерттеді.

Қошқар-Ата, Шақпақ-Ата, Бақа-Ата әулиелерге тәу етіп, құран оқып өзімен-өзі кеңескен Сейталы ауылына екі күннен кейін бір-ақ келді. Ешкіммен сөйлеспестен сыртқа шықпай Бәйтелінің үйінде тағы бір күн жатып алды. “Неге жатырсың”, “Не шештің”, - деп те ешкім сұрамады. Күні бойы тек қара шай ішіп, дұға оқып, намазға жығылумен болды.

Бәйтелі болса інісінің қандай шешімге келгенін біле алмағанына қиналды. Жүрек құрғыр әлде нәрседен қорқатындай діріл қағады. Бірақ інісінің жүзінде ешқандай өзгеріс жоқ сияқты. Бұрынғыдай көзі шоқтай жанып, сабырлы қалпы. Бірнеше рет сөйлесейін деп оқталып еді, Сейталы рай бермеді.
ІV.
Сейталы Әміршенің үйін Асқанбай ерекше қарауылға алатынын бай ауылына беттегенде-ақ іштей сезген. Сондықтан да қарақасқаны сай ішіндегі сәмбі талдың арасына тұсап, ауылға сайдың ішімен бұлақты жағалай жаяулап тартты. Мыңбұлақтың сылдырай аққан бір бұлағы ай сәулесіне шағылысып, жылт-жылт етеді. Бұлақ жағасындағы жалбыздың исі айналаны елтіп тастағандай тыныштық орнаған. Анда-санда аяқтың астынан пыр-пырлап ұшқан құс қанатының суылдаған дыбысы ғана айналаның тыныштығын бұзғандай.

Бұрын бұл ауылға Сейталы ұрланып келген емес. Асканбай жақын ағайыны болғандықтан, қалаған уақытта атының басын бай үйінің алдындағы кермеге келгенде ғана тартатын. Ал бугін соның бәрі түс сияқты. Әміршені қолтығының астына алган бір айдың ішінде бір-ақ рет келген.

Әмірше сиқым руының бір атасының жалғыз баласы. Айналаға ер-тоқым шауып, арба жасайтын ұсталығымен белгілі ол ешкімге тәуелді болмады. Осылайша оның өнерлі еңбегі елдің алдында беделге ие еткен. Алайда соңғы жылдары ауруға шалдығып, бала-шағасын асырауы қиын бола бастаған. Үш ұлдың арасында аққудың көгілдіріндей болып өскен жалғыз қызы - Гүлбарам біраздың көзінің құртына айналғанымен, ешкімнің құда түспегені жанына бататын. Осыны сезген Асқанбай түпкі ойын жүзеге асырмақ ниетпен: "Жаныма кел, ауыл жігіттеріне өнеріңді үйрет. Ақыңды жемейміз. Қашанғы жолдың үстінде жалғыздан жалғыз отырасың", — деген. Байдың сөзін құп алған Әмірше қаңлылардың арасына осылай келген. Бірақ Гүлбарамнан оның дәмесі бар екенін ол білмеген. Ал Гүлбарам болса байдың залым ойын бұрыннан-ақ сезетін. Мұны қыздың өзі Сейталыға соңғы жолыққанда айтқан.

"Қайран, Гүлбарам! Бағың ашылса",- деп ауыр күрсініп, жүрісін ширата түсті. Гүлбараммен сөз байласып, бір-біріне жар болуға келіскеніне де жылға жақындады. Қыздың уәдесін алғанымен, өзінің ісі оңға баспай, қайта-қайта ағайын арасында орысқа тиіскен ақ сауысқан атанған соң Сейталының қызды ауылға апаруына батылы жетпей жүрген. Соған қарамастан бүгін Гүлбараммен жүздескісі келетіндігін, Ақбастауға келуін өтініп, бала жіберген. Оның үстіне, бүгін бай ауылына қонақ келетіндігін де естіген. Мұндайда Гулбарамның әке-шешесі бай үйінде болатындығын топшылаған.

Ынтық жүрек лүпілімен Ақбастауға асығып жеткен Сейталы жан-жағына бағдарлай қарап, Гүлбарамды іздеді. Келмеген екен. Көк шалғынға аунай кетті.

Гүлбарамға не айтпақ, оны қалай жұбатпақ. Жақында, ғана орыстың егінін ойрандап, одан амалын тауып құтылып еді, енді міне тағы басын қатерге тігіп, қыз алдына келіп тұр. Бүгін тоспасын қиратты. Озбырлығын қоймаса, ертең одан да сорақысын өтемек. Егер діттегенін жүзеге асырса, қайтып бұл жерге келе ме, келмей ме оны өзі де білмейді. Әлде, бәрін жиыстырып тастап, туған жерге тартып кетсе қайтеді. Бірақ қоқаңдағанды кім тоқтатады. Бұл өңіррде бас көтерер кім бар. Егер өзі бастаса жанына қосылатындар табылар. Сонда ғана ел жаппай көтерілуі мүмкін.



Көк аспанға көз тастады. Шығыстан қияқтанып, ай туып келеді. Тамыз айының тамылжыған түні деп осы кеөріністі айтатын болар. Қоңыр самал жанға жағып барады. Сылдырап аққан бұлақ сылқ-сылқ күлетін ерке сылқымдай. Құлқайыр мен жалбыздың хош исі аңқаңды жарып барады. Көк аспанда ақ айдында жүзген жалғыз ақ, желкенді қайықтай жаңа туған ай көкке өрлеп барады. Ай сәулесіне шағылысқан алтын түстес зауза қоңызының әні құлаққа келеді.

Көк шалғында шалқасынан жатқан Сейталының құлағына "әуп" деген иттің даусы естілді. Жігіт орнынан ұшып тұрып, сайдың өр қабағына қарай жүгірді. Анық керді, қоңырқай үйден осылай қарай жүгіріп келе жатқан сәукелелі қыз мүсінін байқады. Шолпысының сылдыры бірте-бірте жақындай түсті. Сейталының жүрек соғысы жиілеп, аузына тығылды. Гүлбарам екенін оның сұңғақ, талдырмаш дене кескінінен анық, таныды. Аяғы жерге тимейтін сияқты, ұшып келеді. Көйлегінің етегі самал желмен көтеріліп, қалықтап, бейне бір айдын көлде аққу жүзіп келе жатқандай көрінді.

— Гүлім менің... Аузына басқа сөз түспеді. Қолқасы бітеліп, жүрегі аузынан шығып кеткендей. Ғашық екі жүрек бір-бірінен сая тапқанша асыққанымен, жақындаған сайын жүрістері баяулап, аршын қалғанда тіпті тоқтап қалды. "Гүлім менің" деп, Сейталының сыбырлай ғана айтқан сөзіне: "Бармысың, батырым", — деген Гүлбарам жігіттің құшағына құлады. Аймаласқан екі ғашық көпке дейін бір-біріне үн қатпады. Әлден соң қыздың даусы дірілдей шықты.

– Саялатсаң, мәңгі келдім құшағыңа... Сенімен бірге болуға бел будым, - деген Гүлбарам бағанағы берлі қолында ұстап тұрған түйіншекті жерге тастай салды.

Айқасқан құшақтарды сәулесімен аймалаған ай көк аспанда қалықтап келіп, тоқымдай сұр бұлттың арасына келіп тығылды.

Айналаны қараңғылық басты. Жігіт қыздың сөзіне не айтарын білмей қиналды. Жан толқынын білдіргісі келмей қыздың жүзіне қайта-қайта ынтыға қарап, бетінен сүйе берді. Ыстық лептер шарпып, күйдіріп бара жатқандай. Аймаласқан құшак пен табысқан жүрек қызуы жүздерін шарпыды. Жүздері ысып бара жатқандарын екеуі де сезді.

Естідің бе, батырым, мен сенімен бірге бүгін мәңгі бірге
болуға дайындалып келдім. Ел-жұртың сидырар бізді, - деп
Гүлбарам жігіттің жүзіне енді ғана тіктеп қарады. Сейталының
жалындаған жүзінде мұң бар екенін анық байқаған қыздың
денесі бір сәтте жиырылды да қалды.

– Не болды? Әлде мені қаламайсың ба? — Гүлбарамның даусы
дірілдей шықты.

Жігіт үн қатпай, состиып біраз тұрды да, жерге отыра кетті. Әлден соң көкірегі қарс айырылып күрсінді. Қыз жүрегі бір нәрсенің болғанын сезді. Бойын діріл алды.

Гүлім менің, сенің жаңағы сөзіңді жыл бойы үзіле күтіп


едім. Алайда, бүгін олай болмады... Неге дейсің бе? Сүйген
жарыңа қосылудан да үлкен арман, мұрат бар. Мен соны күн
өткен сайын жете түсініп келемін. Бүгін отбасының бақыты мен
б
ірге ел-жұртыңның да болашағы үшін күресу керек.
Елім, жұртым менің көз алдымда жүнжіп барады. Мен дәріс
алған бес жыл бойы талай елде, талай зиялылармен сырлас
болдым. Бәрі елінің, халқының болашағын әңгімелейді. Мешеу
ойдан, күңгірт кеудеден арылу ғана жарқыраған күнді
шығаратынын айтады. Сонда ғана елің ел болып, өзгелердің
қатарына қосылады дейді. Әбунасыр әл-Фараби атты ұлы
ғұлама өмір бақи халқының бақытын көруді армандап, сол
жолда еліне білім нұрын сеуіпті. Тағы бір ұлы бабаларымыз
Құлан мен Қайырхан елінің бостандығы үшін қолына найза
алып, бауырын ерлікке, баласын теңдікке жетуге, өзгенің
алдында бас имеуге жаныпты. Ал мен ше? Ұлы бабаларымыздың
қасиеттерін біле отырып, халқыма пілтенің жарығындай сәуле
түсіре алмадым. Арманым көп. Сол арманымды жүзеге асыруға
маған сырттан келген мына келімсектер кедергі жасағандай
болады да тұрады. Жерімізді тартып алып, басымызға әңгіртаяқ
ойнатты. Қасиетімізді бүлдіріп, қиратты. Солармен жалғыз,
жасырын күрес жүргіздім. Егінін өртедім, бақшасын қираттым,
шошқасын Теріске батырдым... Ал бүгін елу жыл бойы салған
бөгетін қиратып, бұзып, саған келіп тұрмын. Су болмаса олар
өмір сүре алмайды. Бұл жерден енді олар көшеді. Ал менің
ертеңім не болады, ой түкпірінде қорқыныш. Мұндай жағдайда
мен сені жетектеп, ауылға апарсам, жарға сүйрегенім емес пе?
Мен осыны ойлап, саған тап бүгін нақты жауап бере алмай
отырмын...

Гүлбарам ғашығының ұзақ сөзін бөлмей, үнсіз тыңдады. Бойы бір тоңып, бір ысыды. Не айтып тұр, не деп кетті?! Жігіттің айтқан сөзінің байыбына бара алмай қиналған тұсы да болды. Түсінгені - Терістің жағасында отырған орыстардың тоспасын бұздым дегені. Ол рас болса... Гүлбарам өз ойынан өзі шошып, жылап жіберді. Сейталыда үн жоқ, тек қыздың қолын сипай береді.



- Өлдік ғой... Өлдік. Мұның не? Орыстар сен екеніңді білсе аямайды. Өткенде біреуінің қолын сындырғаның үшін ат-шапан беріп, тіпті болмаған соң Тәшкенге ағайындарыңды сағалап, оқуға кетіп, әрең құтылып едің... Орысты қорқытамын дегенің бекер. Асқанбай көкем де жерінен айырылса да түк істей алмай, қайта соларға жалбарынумен жүр емес пе?

Ұзақ үнсіздік орнады. Айнала тыныш. Бұлттан шыққан ай жарқырап, қалықтап барады. Самал да соқпайды. Әлден соң Гүлбарам басын оқыс көтеріп алды.

- Қашайық!

Қыздың тана көздері жарқ ете қалды. Иегі кемсеңдеп тұр. Кішкентай бала сияқты көз жасын жеңімен сүртіп қояды. Сейталы қызды аяп кетіп. Құшағына қысты. Қыз селсоқ.

-Қашып қайда барамыз? Барлық жерде қаптаған орыс. Тәшкен алыс. Қашсам жалғыз кетемін. Сенің обалыңа қалмайын. Бірақ бір нәрсені түсінгендеймін. Жалғыз болсам да, олар озбырлыққа қарсы күресетін ұл бар екенін, күндердің күнінде бүгінгі жалғыздың жаппай бас көтеруге ұласатынын олардың білгені жөн. Сондықтан да мына біз ғана жалғанды жалпағынан басып, кеудеміз ешқашанда басылмайды деген ойдан бір табан болса да кейін шегінетіні анық. Әлі заман талай өзгереді. Мен сияқты қазақ ұлдары көп туады. Сол кезде кеудесін олар ешкімге бастырмайтын болады. Мен соған сенемін. Осыларды ойлағанымда істеген ісіме өкінбеймін.



Ол осылай деді де біраз үнсіз қалды. Қызды құшағына қайта қысып, аймалап, томпайып тұрган қос анарын мейірлене қысты. Мұнысы бір сәт ауыр ойдан арылу екенін ол ішгей түсінді. Құшағында балбыраған қыз болғанымен, оның ыстық лебі жандырып бара жатқанымен ойы он сақта. Тағы да ауыр күрсініп, үзілген сөзін қайта жалғады.

— Біз кетерміз. Бірақ мен сияқтыларды еске алар ұрпақ келеді. Жанын жалау етер бір емес мың азамат туар. Сонда олардың артынан еретіндер миллион болар. Көпті ешкім жеңе алмайды. Тау қанша биік болғанымен, ынталанған адам оның басына шығатындай жеңілмейтін жау болмайды. Мен келер ұрпаққа осыны аманат етемін. Осылай ойласам, кеудемді бір сәт керемет күш билейді. Бұл пәнидің ғұмырлығы да осында болса керек. Бізді Аллатағала осыған жетектейді, осыған үндейді. Сондықтан да мен қандайда болса, сыртқы күшке қасық қаным қалғанша қарсы тұрамын. "Адасқанның алды—жар, арты — соқпақ" деген. Мен сол соқпаққа тап болмасам болғаны. Келер жас ұрпақ дінінен, бабалар рухынан айырылып қалмаса. Бүгінгі шәкірттерімнің нұрға толы жүзін көргенде солай болатынына сенемін де. Сен ше? Сондай күн туатынына сенесің бе?

--Сен айтсаң мен бәріне сенемін. Алтыннан қымбат сөз айтқанымен, оның мәнісін біліп жатқан ешкім жок ғой. Босқа арам тер болып қайтесің... — Ол көзінің жасын аппақ орамалымен сүртіп жатып, жігіттің мойнына қолын салды. — Менің ұққаным, сенің сөзіңде өзгеше бір сарын бар сияқгы. Арылшы одан. Мен сенің сол уайымнан арылуыңа не істейін? Қажет болса, бойымда бар қымбатымды қазір алуыңа да қарслық жоқ. Мен жан-тәніммен сендікпін. "Оның ақыры не болады?" деп ойламаймын да, қорықпаймын да, — деген Гүлбарам солқылдап жылап жіберді.

-- Жыламашы, жаным. Ак төсекке жатпай, ұшпа сезімге беріліп, сенің тәніңді жаралағанша өлгенім артық. Мен сенімен қоштасып тұрғаным жоқ. Мына қуғын-сүргіннен құтылсам, оспадарсыз келімсектерді кетірсек, бағымыз ашылар. Кім білсін, мүмкін екеуміз бірге түсіме жиі кіретін ақбоз атпен бақыт жолын табармыз. Алтыннан қымбат сөзіңе ақымақ құлақ аспаса оған өкінгенмен не пайда. Тек сен жыламашы. Қарашы, қандай көп көк аспанда жұлдыздар. Олардың бізге бақыт тілейтіні анық. Қарашы, жымың-жымың етеді. Қандай әсем. Айтшы, тілеші, "жұлдызымыз жоғары" деші. Шын ниетпен тілесек Алла тағала берер сұрағанымызды...

Гүлбарам тізерлеп, екі қолын көк аспанға қарай жайды.

- Көк аспандағы ерке сұлу Ай, жымың қаққан жылы жүзді Жұлдыз, жаратқан Ием, бізді қолдап, қорғашы! Ниетіміз ақ, пейліміз пәк! — деп дауыстап бастаған сөзінің аяғын ол ішінен сыбырлай айтты.

Қыздың жәудіреген жүзінен жасты көрген Сейталы оның көңілі пәс, жүрегі жаралы екенін білді. Қолынан жетектеп, жар төсегіне апарғанша жаралы жүрек жадырамайтынын сезді.

Екеуі де үнсіз. Тамылжыған түн сұлулығы жанды рахатқа бөлер емес. Көк шалғынға аунаған қос мұңлық жанарларын көп жұлдыздарға тікті. Жаңа ғана сұраған тілектерін Аллатағала тап қазір беретіндей телміреді. Тылсым тыныштық орнаған. Қияқтанып көтерілген Ай толысып, Құлан тауына қарай асып барады. Бағанағы тоқымдай сұрғылт бұлт үлкейіп, қарақошқылдана түсіпті.

Екеуі де іштей таңның атпауын тіледі. Екеуі де бір-бірімен қоштасқысы келмеді. Екеуі де қосарланып күрсінді.

--Гүлім, таң атып келеді. Көріскенше сау бол. Амалсыздан


біраз уақыт бой тасалай тұрамын. Хабарды өзімнен күт.
Амандығымды тіле. Мен сені аман болсам алып кетемін, — деп
орнынан тұрған Сейталының даусы жарықшақтанып шыққанын
қыз көңілі сезіп, секемденді. Қолынан тартып, Гүлбарамды
орнынан тұрғызды. Қыз жылағанын тоқтатып, жадырай күлген
болды.

Ырық менде болса, қанша күт десең де күтемін. Әр таңды тағатсыздана атырып, сенімен табысар күнді күтемін...



Екеуі бір-бірінен алыстап барады. Екеуі бір-біріне қайта-қайта бұрылып қарап, қимай барады. Сейталының қолындағы жаңа ғана қыз берген ақ орамал таңғы самалмен желпілдеп барады. Сіркіреп ақ жауын жауды.

Бозамықтанып таң атып келеді. Теріс өзенінің жағалауындағы сәмбі талдарды қалқалай төмен қарай жүрді. Жазда шылдырап ағатын өзен суы молайып, саркырай ағып жатыр. Сейталы миығынан күлді. Тоспаның суы өзенге құлағанын білді. Орыстар қайтадан бөгет тұрғызғанша біраз уақыт. Құдай аманшылығын берсе тағы да тоспаны құлатар. Егіні қурап, өзегі талған олар амалсыздан бітімгершілдікке келуі мүмкін. Құдай сәтін салса, көшіп кетер. Тіпті болмағанның өзінде озбырлықтарын қойып, еңселері басылар. Содан кейін ғана бауырлары өзінің күресі бекер болмағанын түсінер. Түсінбесе ше? Бірақ олардың түсінуі келімсектердің ертеңгі әрекетіне байланысты болуы да әбден ықтимал ғой.

Қайран заман-ай. Әділетсіздік болса да күштің құдіреті асқақтап тұр емес пе?! Жок! Бәрібір, мен жеңемін! Тек қорықпай, жарым жолда тоқтап қалмаса болғаны. Бірте-бірте өзін қолдаушылар көбейеді. Сол кезде білектің күшінің де озбырлықты жеңетін кезі болады. Сонда ғана әкесінің, әбиірі төгілген қарындастарының кегі қайтады.

Ой шырмауығынан арыла алмаған Сейталы қарақасқаны тебіне түсті. Жауын күшейіп, ақ жаңбырға ұласты. Ылдиға немесе қырғызға қашып, біраз уақыт бой тасалай тұрам деген ойынан тез-ақ қайтты. Ешқайда бұрылмай ткіе Бәйтелінің үйіне тартты. Көңілі көтеріңкі. Тез-тез шешініп, ағаш төсекке жата кетті. Шаршағандықтан ба, көп ұзамай ұйықтап кетті.

Сейталы шошып оянды. Бәйтелінің жан даусы шығып, айқайға басқан.

-- Ойбай, келіп қалды! Екпіні қатты! Тығылыңдар! Балаларды жасырыңдар!



Сейталы ак дамбал, ак жейдесімен далаға жүгіріп шықты. Жиырма шақты орыс ауылға жақындап келіп қалыпты. Қолдарында айыр, сойыл, бір-екі мылтықтың шошайған ұңғысы да көрініп қалды.

-- Ойбай, неғып тұрсың, қаш! Сені іздеп келеді. Тығыл! Мыналар ешкімді де аямайды. Жаңа ғана екі-үшеуі келіп сені сұрап кеткен... Тоспалары құлап, бүкіл көкөнісін, егінін су шайып кетіпті, соны сенен көреді. Артынша Дарабек пен Доланбай барып, сені ауылда жоқ, Тәшкенге кетіп қалған деген олардың сөзін тыңдамай, өздерін үш-төртеуі жабылып ұрып: "Егер Сейталыны тауып бермесеңдер, ауылдарыңды өртейміз. Балаларыңа шошқа баққызамыз", — депті... Ойбай, неғып тұрсың, тығыл, сені көрсе оңдырмасы анық, - деген Бәйтелі інісін үйге қарай итермелей бастады. — Бұлар тоспасы құласа да сені кінәлайтіні барып тұрған оңбағандығы ғой...

Тоспаны құлатқан мен! Ешқайда да тығылмаймын! Өлсем
де алысып өлемін!

--Ойбай, не деп тұрсың?! Мына сөзіңді ешкім естімесін. Енді
тығылмасаң өлтіретіні анық. Бағана солай депті. Ақсақалдар не
істейміз деп ақылдасқан болып жатыр...

--Ақылдары қара бастарынан аспайтын ақсақалдарыңды


қойшы... Қайда қашамын? Бәрі бір өлім, арпалысып өлемін.

Осы кезде үйдің бұрышынан Доланбай мен Дарабек бастаған бір топ қарттар шыға келді.

-Атаңа нәлет, өзің ғана құрымай, бәрімізді құртатын


болдың, - деген Доланбай Сейталының жон арқасынан
қолындағы таяқпен тартып, тартып жіберді. - Өзіңді аямасаң да
бала-шағаны аясаң нетті. Сенің соғысың біздің соғыс емес
екенін неге білмедің?! Құры, түс ұраға, тығыл!

Доланбайдың таяғы Сейталыға тағы да үйірілді. Басын қос қолымен қорғалағанымен соққыдан есеңгіреп қалған Сейталы Бәйтелінің жетегінде сүйретіліп, жүре берді. Ол аса жылдамдықпен үйдің бұрышындағы ұраның аузын ашты да, соның ішіне қарай інісін итеріп жіберді. Ұраның қақпағын бір құшақ кәшекпен жапқан болды. Бұл кезде орыстар да ауылға жақындап қалған болатын.



- Не істейміз? Бала-шағаның жолында еркек тоқты құрбандық дейміз бе? — Дарабектің даусы қатты шықты.

- Ойбай, не деп тұрсың?! Өз қолымызды өзіміз кесеміз бе?-деген Бәйтелінің даусы жалынышты естілді.

-Онда неғыл дейсің, бір Сейталының жолында бәріміз
құрбан болуымыз керек пе? - Доланбай қолындағы таяғын
жерге тастай салды.

Бұл кезде айқайлап, жапырып жіберерлік екпінмен мұжықтар да ауылға келіп қалған болатын.

— Сейталыны қолымызға беріңдер, болмаса бәріңді қырамыз,- деген олар Бәйтелінің жеркепе үйінің есік-терезесін сойылдарымен соққылай бастады. Бір-екеуі Дарабек пен Бәйтеліні де, өзгелерді де сойылдың астына алды. Гүрс еткен мылтықтың да даусы естілді. Кішкене ғана ауыл азан-қазан болды да кетті. Шошыған баланың, жылаған әйелдердің даусы айналаны айқайға толтырды.

Епим колын кетерді. Орыстардың арасында қазақша білетіні осы. Орыс пен қазақ арасындағы қандай дау болмасын алдымен Епим жүреді. Балалар жылағанын қоймаса да, дүрліккен мұжықтар мен қорқып, үрпиісіп тұрған ауыл адамдары да сілтідей тына қалды.

--Әй, Дарабек! — Даусы өктем шықты.— Әй, Доланбай!
Шынымды айтамын. Күш біз жақта. Сендердің қауқарларың
қаңбақтың салмағындай ғана. Әлгі оңбағанды қолымызға бермесеңдер, ауылдарыңды өртейміз, түптеп келгенде бәріңді көшіреміз! Көнсеңдер де, көнбесеңдер де біздің шешім осы. Оның үстіне, біздің шығынды өтеу үшін мал бересіңдер! Оны, Дарабек, сенен, Доланбай, сенен аламыз. Ал Сейталыны тап қазір Ивановкаға айдаймыз. Итжеккенге кетеді. Ол ешқайда кеткен жоқ, түнде оны біздің мұжықтар көрген.

Ауыл адамдарында үн жоқ. Біреу "өздерің тауып алыңдар" деп күңк ете қалды.

--Тауып бермесеңдер ез обалдарың өздеріңе! Бастаңдар,


өртеңдер!

Мұжықтар бас-көзге қарамай жиналып тұрғандарды сойылдың астына алды. Біреулері жеркепе үйдің боғатынан көрініп тұрған қамысқа от қоя бастады. Ойбайлаған, жылаған дауыс тағы да ауылды азан-қазан етті.

--Сейталы, шық! Қайдасың, бүкіл ауылыңды өртейміз!


Сейталы есін жинағанда қара түнектен ешнәрсе көре алмады.Өзінің қайда жатқанын да алғаш түсінбеді. Әлден соң құлағына орыстардың айқайы мен бала-шағаның жылаған даусы келді.

--Сейталы, шық, қайдасың! Сен үшін бүкіл ауылыңды


өртейміз! - деген дауыс құлағына үзіліп-үзіліп жетті. Орнынан
тұрмақ болып ұмтылып еді, тұра алмады. Денесі қорғасыннан
құйып қойғандай. Іштей толғанысы күбірлеген дыбысқа ұласып,
өз сөзін өзі есітті.

Болар іс болды. Өзі үшін бір әулет тауқымет тартуы керек пе? Ұрадан шықса өлтіріп тастауы да мүмкін. Қорғайтын кім бар. Әттең, Кенесары сияқты қазақ қайта тумады ғой. Сондай азамат қайта бас көтерсе соларға қосылуға өзінің іштей дайын екенін сыртқа шығармап еді. Бұл ой көптен бері тұңғиықта жатқанымен, құлағын түрік ұстап, өткен-кеткеннен қазақ жерінде болып жатқан оқиғаларды сұрастыратын. Тіпті бұл ішкі ойын Гүлбарамға да айтпаған. Осы арманымды орындаймын деп тығылып жата берсе ауылы орынсыз қырғынға ұшырамай ма? Өйтіп тірі жүргеннен не пайда?! Өмірі өксікпен өтіп, елдің қарғысына ұшырап қалайша жер басып жүрмек. Мұның соғысын түсінбеген ағайын-туыстарының не жазығы бар? Енді байқады, бағанағы бері шалқасынан жатыр екен. Көзін ашты. Көзіне ұраның төбесінен сәуле түсті. Солай қарай тағы да ұмтылды.

--Мен мұндамын! Елдің жазығы жоқ! Тиіспеңдер!
Сейталы бар даусымен айқай салғанын да байқамай қалды.

Сонда да даусы шықпағандай болды. "Мен мұндамын!" деп тағы да айқай салды. Орнынан әред тұрып, ұраның төбесіндегі есікке қарай жақындады.

--Мұнда, ұрада екен! Орыстар топырлай үйдің бұрышына


қарай жүгірді. Қақырайған шәпке киген біреуі ұраның аузына
мылтығының ұңғысын тығып жіберіп, гүрс еткізіп атып жіберді.
Әлден соң кеудесі қанға боялған, ақ жейделі Сейталының басы көрінді. Мылтықтың даусы тағы шықты. Сейталы шалқалап құлап бара жатты.

—Уа, ағайын! Мен өлдім! Не үшін...

Сейталы сөзін аяқтай алмады. Мұжықтар да, ауыл адамдары да топырлап ұраның үстіне шығып кетті. Осы кезде ауыр салмақты көтере алмаған ұраның үсті опырылып, ішіне құлап түсті. Аяқтары ұраның төбесін тесіп, қуысқа кіріп кеткен аттар оскырына аспанға шапшыды. Бәйтелі "бауырым-айға" басып, бар даусымен айқай салды. Жүгіріп әйелдер келді. Сейталыны басып қалған топырақты қолымен аршып, бар даусымен ойбайлаған Бәйтелі айналаны күңірентіп жіберді. Не болғанын кеш аңғарған Бәйтелінің әйелі Үрзада бетін тырнақтарымен осып-осып жіберіп, «Бәйтерегіміздің құлағаны ма, ел үшін деп жүріп, мерт болған боздағым-ау" деп бозборан болды.

Бұл кезде мұжықтар бұрылып кетіп бара жатты. Ауыл ақсақалдары мен қарасақалдары толқынның екпінімен жар қабаққа соғылысып есі ауысқан балықтай теңселіп бір орындарында тұрды да қалды.

Сейталы қанша ұмтылып тұрмақ болғанымен тұра алмады. Денесін жоғарыдан сауылдаған топырақ басып барады. Жарық дуниені көргісі келіп көзін ашайын деп еді, аша алмады... Бір кезде көз алдында сансыз жұлдыздар жарқ етті... Бір көрініп, бір көрінбей кетті. Шынымен өлгені ме? Жеткен жері осы ма? Бірте-бірте жұлдыздар қарауытып түнекке айналды. Тағы да баяғы түсінде жиі көретін ақбоз ат пен ақ кебінге оранған ақсақал сол түнекті қақ жарып ұшып келеді.

— Балам, ақыры келдің бе? Енді біз мәңгі біргеміз, — деген қарт Сейталының қолынан ұстап, көк аспанға самғай жөнелді.

мамыр, 2002 жыл.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет