«Күміс белдік» повесінде қызыл террордың адам басына әкелген тауқыметі



бет1/18
Дата20.06.2018
өлшемі1,12 Mb.
#43622
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18
Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ

БАҚАТЕРЕК



Жазушы Мақұлбек Рысдәулеттің бұл кітабіне тарихи деректерге негізделген шығармалары енгізілген. Заманының тұлғалары туралы жазылған повесть, очерктері тұнып тұрған тарихи деректер мен оқиғалар. Әсіресе, Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақмыс» корпорациясының конкурсында проза жанры бойынша бас бәйгеге ие болған «Мыс дария» повесіндегі басты кейіпкер, қазақтың бір туар азаматы Қаныш Сәтбаев туралы көпшілік біле бермейтін деректер оқырмандарын қызықтыратыны анық. Ұлы ғалымның өміріндегі кейбір сәттер нақты тарихи оқиғалар арқылы өріледі.

«Күміс белдік» повесінде қызыл террордың адам басына әкелген тауқыметі шынайы суреттелген. Жазушының бұл шығармасы оның тіл, ой байлығын, шеберлігін танытады.

Кітапқа енгізілген барлық шығармаларды оқырмандар қызыға оқитыны сөзсіз. Тілі жатық, ойы анық.

ШЫҒАРМАЛАРЫ ТАРИХПЕН

ТАМЫРЛАС
Жазушы Мақұлбек Рысдәулеттің барлық шығармалары тарихпен тамырлас. Сондықтан да тақырыбы да, кейіпкерлері де таныс. Ол тұлғаларды қолдан жасауға ұмтылмайды. Барлық кейіпкерлері өз замаымен үндес. Оның шығармаларын оқи отырып, оқиғаның қашан, қай жерде өткенін нақты елестете аласыз. Сол тарихи оқиғаның ортасында жүрген кейіпкедрің іс-әрекеті арқылы заман суретін салады. Шығармалардағы дәйектер дәлдігімен, оқиғалар шынайлығымен ерекшеленеді. Мәселен,Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақмыс» корпорациясының қазақ өнеркәсібінің қара шаңырағы Қарсақбай мыс қорыту зауытының 80 жылдығына орай өткізілген конкурсында проза саласы бойынша бас бәйгені жеңіп алған «Мыс дария» повесін оқи отырып, бейне бір тарихи шежіреге тап болғандайсыз. Бұл оның әдебиетке журналистикадан келгенін аңғартады.

«Қараңғыдағы жалғыз» повесінде қазақ жеріне патшалық Ресейдің билік құруының алғашқы кезеңдеріндегі оқиға сөз болады. Повестің басты кейіпкері молданың алдынан хат таныған жас жігіт. Бойында туған жерге деген ортаймас махаббат бар. Ол мылтықтарын шошаңдатып, қазақтарды тау мен тасқа, құм мен шөлдалаға ысыра бастаған орыс байларымен «тіл табыспайды», тіл табысқысы келмейді де. Қазақ жеріне біртіндеп ие бола бастағандар ақыры өздерімен жалғыз күрескен Сейталыны тірідей ұраға көміп өлтіруі өте аяншты. Жалғыздың үні шықпастың керін айта отырып, автор әлеуметтік әділеттілік жолындағы күрескердің шама-шарқын танытады. Автор осындай күрестің өзі бірте-бірте қарсылықтың алапат күшіне айналатынына сендіреді.

Ал «Күміс белдік» повесі жазушының шұрайлы шығармасы. Мұндағы бас кейіпкер Сұлтанмұраттың әлеуметтік әділеттілікті орнықтыру жолындағы күресі өзгеше. Ол заман оқиғасына тікелей араласа отырып, қарапайым халыққа жақсылық жасауға ұмтылады. Сол үшін билікке де қол жеткізіп, сол арқылы теңдікке халықты жеткізуге ұмтылады. Бірақ қызыл империяның зорлық-зомбылығына, ұжымдастыру саясатына қарсы тұруда өзі қол жеткізген биліктің шамасы келмейтініне көзі жеткен соң Сұлтанмұрат басқа жолын таңдап алады. Тектілік мінезді ол қандай сәт болса да сақтай білгенін анық байқайсыз. Тіпті «халық жауы» атанып, сотталып, абақтыда ұзақ жылдар отырып келгеніне қарамастан елге келісімен советтік құрылым барлық халықтың мүддесін қорғамайтынын айтады, соны өзгертуді армандайды.

«Мыс дария» повесі тұнып тұрған тарих. Қазақтың біртуар азаматы Қаныш Сәтбаевтың көпшілік біле бермейтін өмірінің кейбір сәттерін суреттейді. Оның хаттарынан үзінді бере отырып, ғалымның кім екенін, не үшін еңбек етіп жүргенін оқырманға жеткізеді. Ғалымның тұлғасы еңбегі, ісі арқылы сомдалады. Мұнда да әлеуметтік әділеттілік ерекше сөз болады. Бұл шығармада қазақ жерінде алғашқы жұмысшы табының қалыптаса бастағаны да көркем айшықталады.

Жазушы оқиғаны қолдан жасап, оқырманын алдамайды. Сұлу сөз емес, ой іздейді. Осы жолда ол тарихи деректер мен оқиғаларды шығармалына арқау ете отырып, басты кейіпкерлерінің бейнесін жасайды. Олардың ішкі толғанысы шығарма оқиғаларымен астасып жатады.

Осындай пікірді оның «Жұлдызды өмір», «Алтын төс» очерктерінен де анық байқайсыз. Бұл шығармалар журналистика жанрында жазылғанымен әдебиет жанры басым. Соған қарамастан автор бұл туындыларына «очерк» деп айдар тағыпты. Шынын айтқанда, бұл очерктердің көтеріп тұрған жүгі өте салмақты. Жазушы туған жері Жуалы туралы жазған эсселері де тартымды, қызғылықты,перзенттік махаббат желі әрбір жолында есіп тұрғанді.

Мақұлбектің Рысдәулеттің шығармаларынан ол жазып отырған саланы жақсы білетінін де аңғару қиын емес. Әр мамандық иесіне ғана тән сөз тіркестерін, ой орамдарын, жекелеген терминдерді орынды әрі сауатты пайдалана отырып, сол кезеңнің суретін жасайды.

Сонымен бірге шығармаларында тектілік пен кісілік, туған жерге деген махаббат, адамның жан-дүниесінің толғанысы мен тебіренісі ерекше өріледі. Оның кейіпкерлерінің сөзі нақты іспен сабақтасып жатады. Драмалық тартыс, оқиға желісінің дамуы үзілмейді. Сол арқылы шығармадағы кейіпкерлер бейнесі жасалған.

Жазушылыққа журналистикадан келгенін оның барлық шығармаларында байқалатынын жоғарыда айттық. Сөйлем құрастырудан бастап, ой орамдарына дейін ол нақтылықты, дәлдікті өзінің шығармаларына басты арқау еткенін көресіз. Сондықтан да кейбір сәттерде әсерлеуге келгенде кібіртіктеп қалатындығы бар. Дегенмен де, жазушы журналистикаға тән нақтылық пен дәлдікті шығарма болмысына сіңіре отырып оның оқылымын арттырып, көпсөзділікке, ой қайталауға ұрынбайды. Ұзақ сонар диалогтар да жоқ. Жүрек соғысын дәл білдіретін толғаныс пен тебіреніс бар. Сондықтан да оның шығармалары тартымды, оқылымды.
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы

төрағасының бірінші орынбасары.

ҚАРАҢҒЫДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ

(Повесть)

Осы жерге жалғыз атты жігіттің суреті салынуы керек

Тәшкенттен шыққан керуен араға екі күн қонып, Жуалыға жетті. Сейталы керуен басына рахметін айтып, қоштасып, осы жерде жолдары айырылатындығын жеткізді. Қауға сақалды сарт саудагері сымбатты жігіттің бойына тағы да көз тастап тұрып, бұл жақта кімдері бар екенін сұрады. Сейталы жөнін айтып, ағасының үйіне келе жатқанын, бір ауыл түгелімен туыстары екенін жеткізді. Керуен басы көмекшісін шақырып алып, Сейталының қоржынына мәмпаси, өрік, мейіз салып беруді тапсырды. Сейталы саудагердің мырзалығына рахметін жаудырып, Құлан өзенін жағалай жаяулап Теріске тартты. Қарт Қаратаудың қатпар-қатпарына енген сайын өзен суы азайып, сылдырай ағады. Алдында көлбей жатқан жотаға шықса Шақпақ-Ата әулие кесенесі де көрініп қалар. Керуеннен ерте бөлінгендегі ойы әулиеге тәу ете кету болатын. Кезінде Жібек жолымен жүргендер әулиені айналып өтпейтін. Қазір осы дәстүр бұзылған секілді. Себебі өзі ілесіп келген керуен басынан әулиеге баратын бармайтындарын сұрағанда, олар ол жол қияс екенін сылтау еткен. Бұрын ешқашанда олар әулиені айналып өтпеген. Тіпті әулиенің басына түнемей кететін жолаушы, саудагер кемде-кем кездесетін. Заман-ай, уақыт өткен сайын баз біреулер үшін әулиелер да аласая бастағаны ма.

Алдынан пыр етіп ұшқан бір топ кекіліктің қанаттарының сусылы ойын бөлді. Таяқ тастам жерге барып қонған кекіліктер жорғалай жөнелді. Аң мен құсы мол Қаратау ғана өзгермейтін секілді.

Ауылдан кеткеніне бес жылға толмаса да біраз өзгерістің болғанын байқады. Бұрын ашылып-шашылып жататын ауыл етек-жеңін жинап, үйінің айналасын қоршайтын болыпты. Бос жүретін малын арқандайтындар да табылыпты. Ауылдың тұсынан өткенде айқай салып “сусын ішіп кет” дейтіндер де көрінбейді. Шөлдегенін енді сезген ол өзен жағасына жайғасып, аяқ киімін шешіп, бойын жазды. Одан соң өзен суын уысына толтырып көп ішті.

Қас қарая Шақпақ-Ата әулиенің мазарына жетті. Биік төбенің басындағы мазар мүжіліп, тозып кетіпті. Әлде біреулер күмбездің бір қанатын бұзып, кірпішін алғанға ұқсайды. Мұны істеген Құлан мен Шақпақ өзендерін жағалай қоныстанып, шатырлы үйлер салған орыс мұжықтары екенін іштей сезді.

--Жарықтық-ай, күмбезіңді қорғар мұсылманның табылмағаны ма? – деп, кейіген Сейталы шырақшының үйіне қарай аяңдады. Алдынан бәкене бойлы буырыл сақалды қарт шықты.

--Ассалаумағалейкүм.

--Уағалейкүмсәлем. Қай баласың, байқаймын, бұл жердің кісісі емессің ғой, - деген қарт жас жігітке бағдарлай қарады. Үстіндегі киімінің матасы қымбат болмағанымен келісті тігілгендіктен аса қонымды екен. Жарасып-ақ тұр. Қолындағы таяғының ұшы мүжіліп, ақ желімделіп, ұстар жері қарауытып қалғанына, аяғындағы етігінің де басы түбіттенгеніне назар аударған ол жігіттің жолаушы екенін аңғарды.

--Жолаушымысың. Хош келіпсің. Үйге жүр. Шай іш, тынық, - деді.

--Дәл таптыңыз, ата, жолаушылап келемін. Туған жерім Тәшкен маңы болғанымен өскен елім осы аймақ.

Шырақшы жалғыз екен. Тездетіп жез құманға шай қойып, дастархан жая бастады.

--Ата,әулиенің мазарының бір қанаты құлап қалған ба? – деген Сейталының сөзін есітпегендей шырақшы үн қатпады. Дастарханға екі үзім нан қойылды.

--Құран оқып жіберіңіз.

--Қарағым, сенің оқығаның дұрыс болар. Әулиеге бұрылғандағы парызың құран оқу болған шығар.

Сейталы үн қатпастан қоржынынан Құран кітабын алып, алдына қойды да, терең тыныстап барып, дұғасын бастап кетті. Дауысы ашық, құлаққа аса жағымды екен. Құранның әр сөзін нақышына келтіре оқығанына риза болған шырақшы жолаушы жігіттің жүзіне тағы да тіктеп қарады. Аққұбаша жүзіне қыр мұрыны мен үлкен қой көздері, қалың еріні , қияқтай қасы жарасым тауыпты. Мұрт қойысында да талғампаздық байқалады. Қою қара шашы қайратты екен. Қолын жайғанда жолаушының саусақтарынан диқан да, малшы да емес екенін аңғарды.

Дұға аяқталып, дастарханға бата жасалынғаннан кейін, жігіт кітабын қоржынына салып, “бисмилдә, рахман-рахим” деп нанға қолын созды.

--Айналайын, әңгіме айта отыр. Бұрынғыдай емес әулиенің басына келетіндер де азайды, - деп, ауыр күрсінген шырақшы бір сәт үнсіздіктен кейін, - Байқаймын оқыған, көзің ашық сияқты...

--Рас, айтасыз медресе бітіргенмін. Бірақ дін жолына түскен діндар емеспін. Еліміз де, жеріміз де Тәшкенттің айналасы. Ағайынның арасында алауыз болып, менің туғандарым осында, мына Терістің төменгі сағасына орын тепкен. Осыдан бес жыл бұрын оқуға кеткен едім. Енді, міне, елге қайтып келемін.

--Оқығаның дұрыс. Біз шала сауаттымыз ғой. Әліп-биден аса алмай қалдық. “Шақпақ-Ата әулие мен Құлан батырдың әруақтары қолдасын, еліміз бен жерімізді жын-шайтаннан құтқар” деп жалбарынумен жүрген Аллатағаланың бір пендесімін. Жаңа сен мына күмбездің бұзылғанын сұрадың. Айтуға ауыз бармайды. Көшіп келіп, қоныстанған жалба шаш, көк көздер мазарды бұзып, кірпішін алып жатыр. Қарсы тұрар күш жоқ. Келмей жатып төрімізге шығып, қасиетімізді қиратуда, - деген шырақшының көкірегі қарс айырылды.

Екеуі де үнсіз. Пілте май шамның жарығы бір ұзарып, бір қысқарады. Сейталы ашық тұрған есіктен сыртқа қарады. Құлан тауы қарауытып көлбей жатыр.

--Қайран ұлы бабамыз Құлан батыр моңғолдарға жерімізді таптатпаймын деп жан беріп, жан ала айқасқан ғой. Осы Құлан тауы мен Күйіктен жауға асу бермей шайқасқан. Аңыз бойынша Отырардың билеушісі бауыры Қайырхан Құлан батырды басшы етіп моңғолдардың алдынан жіберіпті. Мақсаты Отырарға келер күшті алдын ала әлсірету болса керек. Құлан батыр Шыңғысханның Боралдай тауының бөктеріне тіккен шатырына да шабуыл жасап, жауды талай әбігерге салған дейді. Ақыры Құлан батыр мекен еткен асудан асу аса қауіпті және көп шығын болатынын білген жау бетін Созаққа түзеп, Отырарға сол жақпен жетсе керек. Отырарды алты ай бойы жаудың бағындыра алмауы монғолдардың арттан келер күшін Құлан батырдың әлсіретуі әсерін тигізген. Күн сайын Отырарды қоршаған жаудың ту сыртынан шабуылдап, қырғын салған. Сонда күш алар, қайрат жинар жері осы Шақпақ әулие болса керек.

--Шақпақ әулие Қожа Ахмет Йасауийден бұрынырақ өмір кешкен дейді, одан хабарыңыз бар ма? – деп, Сейталы әңгіме арнасын басқа жаққа бұрды.

--Кім білсін, балам, Шақпақ-Ата әулие Тектұрмас әулиемен қатарлас дегенді айтады. Ал Тектұрмас әулие Қожа Ахмет Йасауийден бұл өлкеге бұрын келген. Әулиенің шын аты белгісіз. Ол кісінің әулиелігі бұл өлкеге аңыз болып тараса керек. Күні бойы бойына, бірнеше тасты байлап жүреді екен. Ал түнде сол тастарды қолымен бір сипап әр жерге тастағанда әлгі тастар көпке дейін сәуле шашып жатады деген аңыз бар. Содан барып Шақпақата әулие атанған.

Енді, міне, сондай әулиелер мен батырлар мекендеген қасиетті жерімізді әлде кімдер таптап жатыр... Қоқандықтар сияқты қоқаңдап, қоқан-лоқы көрсетіп, қызымызды зорлап, баламызға шошқасын бақтыруда...

Сейталы бұл оқиғадан елден келген кісілер арқылы хабардар еді. Бірақ әулиенің күмбезін бұзуға дейін барады деп ойламаған. Құлан батыр туралы да естіген. Кейінірек оның ұрпақтары Арқа ауып қыпшақ руына қосылып кетті деген де сөз бар екенін білетін. Қайран батырлар-ай, қаңлыға ұран болған Бәйтеректің бауыры Байқоңыр ұрпақтары да Арқаны мекен еткенде, халқын сақтап қалуды ойлаған ғой. Ал қазір мына халық туған, өскен жерін тастап қайда бас сауғалайды. Мылтығын қолына алып, кетпенін арқалап сулы, нулы жердің бәрін тартып алып жатқанда қалай жаны жай тауып отыра алады.

Алғаш орыстар Жуалы жеріне қоныстана бастаған ел жақсылары:

--Кішкене қысылып, қымтырылыңдар, шешім жоғарыдан. Орыстарға қол бергенде жер де береміз десе керек. Олар жерімізді Қоқан, Хиуа хандықтарынан қорғайды, - деген. Жоңғар шапқыншылығынан әбден қорқып қалған халық енді қалмақтардан қауіп жоқ болса да оны жұтып жіберген Қытай аждаһаларымен орыстың ұзын мылтығымен жерімізді қорғайды дегенге сенген. Алғаш орыстардың қазақ жеріне қоныстанғанына да келісім берген. Бірақ оларды осыншама көп болады деп ойламаса керек.

--Балам, ойланып қалдың ғой...

--Иә, ақсақал. Осыдан біраз бұрын жерімізді тартып ала бастаған орыстардың зомбылықтарына қарсы күресті түнделетіп, жалғыз қорасына шауып, егінін өртеп, малын барымталағанымды кейінірек Ташкенде жүргенімде балалық, қызғаншақтықтың оты деп ойлап едім. Қазір тіпті де олай емес екен. Ол қылығым жерді, елді қорғаудан туған қимыл болыпты. Орыс пен арамыз жаман бола бастағанынан, оған себепкер мен болғандықтан әкем Шыршықтағы нағашыларыма апарып “Оқытыңдар, оңы мен солын танысын. Түп атасы Қозы мен Тілеуке батырлардай жауымен ашық майданда шайқасуды санасына түйсін” деген. Қозы атамыз Тәшкеннің көп қақпасының бірін ұстаса, Тілеуке батыр Аңырақайда қаңлы қолын бастап, одан кейін Жетісуды қалмақтардан азат етуде Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Өтеген, Мәмбет батырлармен тізе қоса соғысып, мың қолды басқарып, ұлы жүз туын көтерген Қойкелді батырдың қол астында жаумен шайқасқан.

--Иә балам, тектімін дейсің бе. Тектілігіңді танып, білудің өзі қасиет. Батырдың ұрпағымын дейсің бе, оны таныта алмасаң одан не пайда? Самарқанд даласынан бастап, Жоңғар қақпасына дейінгі Жібек жолын бақылауға алған қаңлы бүгін байлыққа ие емес. Бұрынғыдай бүкіл жол бойында сауда керуендерін ұры-қарыдан қорғай алмайды. Сондықтан да жібек жолы сауда керуені жүретін маңызынан айырылып барады. Біле білсең исі қазақ бірігіп, амал қылмаса біздің мекен шөл мен шөлейіт болмақ.

Жібек жолы тек сауда жолы емес. Бұл әулиелер соқпағы. Одан айырылу береке, дәулеттен ада болу деген сөз. Осыны жадыңда сақташы...

Сейталы ойланып қалды. Бағанадай емес, өскен жерге табаны тигендегі көңіл толқуы басылып, қуанышты жүрек қайғы шерін сіміргендей. Кім білсін мына шырақшы түймедейді түйедей етіп отырған шығар деген де ой келді. Көз көрмегенге сену қиын.

Медреседе оқып жүргенде Сайран дамоламен “Көзің көрмегенге сенбе, өнбесті қума, өткенге өкінбе” дейтін пәлсафалық мәні бар қағиданың айналасында ой таластырып қалатыны есіне түсті.

Бірде Сайран ұстаз мынандай әңгіме айтты. Ертеде бір хан “Көршілерге жайлауымызды беріп, диірменімізді, малымызды кепілдікке қойып қарыз алсақ екі-үш жылда бізден күшті хандық болмайды” деген уәзірлерінің сөзіне сеніп, жылдар бойы жиналған қазынаның мүлкін оңды-солды шаша беріпті, уәзірлерінің айтқанын бұлжытпай істеуге жарлықтарды үсті-үстіне шығарыпты. Күндердің күнінде дүние таусылып, хандығы әлсіреп, әскері аштыққа ұрына бастапты. “Көпір салдық, тоспа тоқтатып, егін ектік, халық тоқ” дегеннің бәрі бос сөз болып шығады.

Хандық ыдырай бастайды. Басындағы тәжі мен бала-шағасы ғана қасында қалыпты. Тамақ тауып жеу үшін өзі қолына садақ алып, тоғай аралайтын болыпты. Бір күні тұзағына түрлі түсті кішкентай торғай түсіпті. Мұны не істесем екен. Әдемілігіне базарда қызығушылар табылып сатып алуы мүмкін ғой. Мен мұны базарға апарайын” деп, тор қалтасына сала бергенде әлгі торғай сөйлей жөнеліпті.

--Мені қоя бер. Үйіңде, патшалығыңда жақсылық болады, - депті. Хан торғайды ешқандай сөзге келместен қоя беріпті. Торғай анандай жерге барып қонып, былай депті.

--Ақылыңнан өткізбестен шешімге тез келдің. Соның салдарынан қолыңа түсіп тұрған байлықтан айырылдың. Менің қанатымның астында асықтай алтын бар еді, - депті. Мұны естіген хан торғайды ұстамақ болып алға ұмтылады. Торғай, бір ұшып, бір жорғалап ханға ұстатпапты. Әбден шаршаған хан торғайды жібергеніне өкініп, өзіне өзі кейіп, көк шалғынға құлай кетіпті.

Сол кезде торғай тағы сөйлепті.

--Мен саған бірнеше ақыл айтайын. Бірінші – көзің көрмегенге сенбе. Кішкентай торғайдың қанатының астында асықтай алтын бар дегенге қалай сендің?! Байлық аспаннан және біреудің көмегімен келмейді, алдымен өзіңе, одан кейін халқыңа сенгенің дұрыс. Екінші - өнбесті қума. Аспанда ұшып жүрген торғайды қолмен ұстаймын дегенің бекершілік. Алдымен мені ұстау үшін ақылыңа салмадың ба? Үшінші - өткенге өкінбе. Осының бәрін ой елегінен өткіз де өзіңді, одан соң халқыңды тиімді еңбек етуге баулы. Тек еңбек ғана бақытқа жеткізеді, - депті де торғай ұшып кетіпті.

Сайранның осы әңгімесіне Сейталы былай дау айтқаны бар.

--Ұстаз, “Көз көрмегенге сенбе” дейтін болсақ, көңілде бар көзде жоқ құран қағидасына не дейміз. “Өнбесті қума” десеңіз көптің алдында көсем болам деген де бекершілік сияқты. Бүкіл әлемді мұсылман дініне кіргіземін дегенге де күмән келтіруге болады. “Өткенге өкінбе” десек, алға қалай ұмтыламыз? Кешегі бүгінгі ісімізге сабақ емес пе? Кешегімізге өкінгеніміз, бүгін өкінбеу үшін екенін ойдан шығаруға бола ма?

--Құранға тіл тигізбе Алла да, құран да қақ. Екеуі де жалғыз. Жалғыз ешқашанда бөлінбейді. Оған сенбеуге болмайды. Құран сөзі бұл дүниеден биік. Ол Алланың сөзі. Өнбесті қусақ - өкінесің. Сондықтан да алдымен оның өнбейтін іс екеніне көз жеткіз. Ал, мұсылман болу әрбір санасы бар адамның арманына айналатынына сенуің керек. Сенбесең қолыңа құран ұстама, Алла жолына түспе. Құр өкініш өзекті өртейді, құса боласың. Мұндайда ертеңге сенім болмайды. Осыны да ойла, - деп еді Сайран дамолла.

Егер осы қағиданы еске алатын болса суық қаруы бар, көп орысқа қарсы күресу өнбестің ісі болып, өкініп жүрсек не болады. Оны басынан өткізбеді ме? Орысқа ойран салам деп әкесінің малынан айырылып, жанын сауғалап, әзер аман қалмап па еді. Оны ұмытуға бола ма?

Осы ойдың келгеніне еріксіз мырс етіп күліп жіберді. Тап орысқа күреске шығатындай, алды-артын ойлағаны несі? Қашан, қай жерде орысқа қарсы күресуді шешіп қойып еді? Өзіне-өзі таңғалады. Бірақ жүрек түбінде озбыр орысқа қарсы шығу көптен бері бар екенін қалай жасырады. Сол ойы жаңа ғана күн батар сәтте Шақпақ-Ата әулиенің күмбезін орыстың бұзғанын көргенде беки түскенін жасыра ала ма?

--Балам, жолдан шаршаған боларсың, демал, - деген шырақшының сөзі ойын бөліп жіберді. Май шамның жарығы әлсіреп қалыпты.

--Ата, рұқсат болса мен әулиенің мазарына түнесем.

--Дегенің болсын, қарағым...

... –Балам, ағаш бұтақсыз, адам жұлдызсыз болмайды. Бірақ мен сенің жұлдызыңды көре алмай тұрмын. Ағып жерге түскен бе деймін. Иә сенің жұлдызыңның сынықтырының жарығы жерден көрінеді. Өзіңе көрінеді ме, қарашы, - деген ақсақалды қария алдында көлденеңінен түсіп кебінге оранып жатыр, жүзі ашық.

--Жоқ, маған көрінбейді.

--Балам-ай, жұлдызыңның жарығын көре алмасаң жолға шығып нең бар еді. Қария басын сипағандай болды. – Сен көрмесең мен көрде жатып-ақ көріп тұрмын.

--Көрде жатып көргені несі? Мына тұрған ақбоз атқа мініп, жер шарлап келейін. Құлан батыр бабамның тауының биігіне шығайын, - деді де Сейталы ақбоз атқа қарғып мінді де шаба жөнелді. Шауып келе жатқан жоқ, ұшып келеді. Ұшқаны несі, атта ұша ма екен, деп іштей ойлап қояды. Солай дегенімен де ұшып келеді.

--Балам-ай, бәрібір Құлан батыр шыққан биікке ұшсаң да шыға алмайсың. Ол да менің жанымда, сенің жұлдызыңды көргісі келеді, - деген ақсақал алдынан шықты.

--Әулие, бекер айтасыз ұшқан ат Құлан тауын айтпағанда Алатаудан да асады. Көресіз, әлі биікке шығамын.

Бірақ көз алдындағы тау биігіне ақбоз ат жете алар емес. Бір орнында шауып тұрғандай. Әлден уақытта алдынан үлкен апан көрінді, соған түсті де кетті.

--Ата, құтқар мені...

Сейталы өз айқайынан оянып кетті. Жүрегі дүрс-дүрс соғады. Мұздай суық тер тұмшалап алыпты. Өзіне-өзі келе алмай біраз отырды. Аспанға қарады. Сан мың жұлдыз жылт-жылт етіп сәуле шашады. “Менің жұлдызым қайсы екен. Бар болса ол неге көрінбейді? Жерге түскені қалай? Ақбоз атқа мінгені жақсы-ақ. Қара түнек апанға құлағаны несі”.

Бойында діріл бар. Қайта жантайып жатып еді, ұйықтай алмады, ұйқысы да келмеді. Оң жамбасына аунап түсіп, тағы да көк аспанға көз тастады. Жұлдыздар жарқырай түскен. Көзін жұмды. Кәлимаға тілін сындырды.

--Жаттым тыныш, жастығым пейіш. Жаратқаныңа шүкір, - деп ешнәрсені ойлағысы келмей, ұйқысы келмесе де ұйықтағысы-ақ келген кейіп танытты. Көп ұзамай көзі ілінгендей болды.

...Жасы жиырмаға жетер жетпесте әкесі Қалмырза шаңырақ иесі деп ақбоз ат сыйлады. Алғаш ақбоздың тізгінін ұстарда әкесі:

--Балам, ат адамның қанаты. Қанатың ақ болсын. Көңілің жүйрік, ойың асыл, жасындай жарқылда, - деген.

Жаңағы түсінде мініп жүргені сол ақбозы секілді. Қайран ақбоз. Желден жүйрік жануар еді. Жүрісі мен желісі майда, сәйгүлік судың тұнығын ішетін. Иесін алыстан танып осқырынса, бөтенге бөксесін беріп, жанына жақындатпайтын. Бәйгеге шауып жүлде алмағанымен қанатты еді. Желігі басылмаған жас жігіт күміспен көмгерілген әбзелдерін сәндеп, өзі қатарластарының алды болып, қызды ауылдың сыртынан әндетіп өткен де елең етпейтін адам болмайтын.

Шырақшымен күн көтерілмей жатып қоштасты. Жүзіндегі кірбіңді көрсеткісі келмей, қарияға рахметін айтып, орнынан асығыс тұрған. Мұнысы сезімтал қарт әр нәрсені сұрап, көңілін бұзып жүре ме, дегені еді. Шақпақ әулие биігінен бірден төмен түсті.

Құлан және Қошқар-Ата тауларынан бастау алатын Теріс өзені мың бұралып, сылдырай ағады. Екі жағасы да ну орман. Сәмбі, тораңғы және бірен-сараң болса да кездесіп қалатын ақтеректен өзен көрінбей, оның ағысы ғана құлаққа келетін тұстары көп. Шолп-шолп етіп суда секірген балықтарды да көзі шалып келеді. Пыр-пырлап аспанға көтеріліп, қайта қонып жатқан үйрек пен қаңқылдаған сарыала қаз, қалың тоғайдың арасында осқырынған жылқы осы аймақтың сәні сияқты. Байқап келеді тоғайдың кейбір тұстарына балта жүзі аяусыз тиіпті. Тоғайдың әр тұсынан сырылдаған бел орақтың, оның жүзін қайраған қайрақ пен орыс тілінде сөйлескендердің де дауысы анық естіледі.

Жаздың соңғы айы болса да шөп қурай қоймапты. Әлі көкпеңбек. Белуардан келетін шөптің түсі де әр түрлі. Неше түрлі гүлмен кестеленген өзен жағасының көрінісі өте көрікті.

Қайран Жуалы, жерің – гүл, ауаң – самал, аспаның – тұнық. Жан-жағын қоршаған Алатау мен Қаратаудың сілемдерінің ортасындағы мұндай жер жәннәті басқа қайда бар екен? Жер жәннәтінің балын сору үшін орыстар тығыз қоныстана бастауы да сондықтан болса керек. Көтеріңкі көңілі су сепкендей басылды. Сәске түс болса да әдемі көрініске көз тастап, көңілі тасып, беймарал келе жатқанда ойына тағы да қайдағы жоқтың ойына түскеніне қапаланды.

II.

Ауылға келісімен ағайын-туғандары әкесі Қалмырзаның қайтыс болуына байланысты көңіл айтып, сәлем берді. Одан соң кезектесіп тамаққа шақырды, аз ғана үйлі ауыл күн сайын бір дастарқанның басына жиналып, Сейталының әңгімесін тыңдаумен болды. Сейталының бір аңғарғаны, ауыл да, оның адамдары да өзгерген. Терістің арғы жағалауында орналасқан орыстардың үйренген болулары керек, үйлерінің төбесін бұрынғыдан өзгеше етіп жабатын болыпты. Бірге туған ағасы Бәйтелі де үйін өзгелерден қалыспай түйе өркеш етіп жауып алыпты. Балаларын «әні орыс келе жатыр» деп қорқытатынды шығарыпты. Бұрынғыдай кешке қыз-жігіттер Терістің жағасында емін-еркін серуендеуді қойыпты.



Бұрын қалай білмегенбіз, мынауың жауын өткізбейді екен. Үйге ошақ салып, бүгінгінің тілімен айтсақ, пеш орнатып, қыста тоңбайтын болдық. Үйдің төбесін жауып, пеш салып бергені үшін орыс шаруасына бір ат, он қой бердім. Жүдә, жақсы болды,-деп қояды Бәйтелі інісіне қуанышын жасыра алмай.

Тура жақсы келдің, ауылда биыл той көп. Доланбай көкең шілдехана көкпарын берейін деп жатыр еді. Ал одан кейін сенің оқу бітіріп келуіңе арнап мен де көкпар беремін. Бидай егіп, оны ұнға айналдыруды да үйрендік. Бұл, атаңның көрі, орыстар тіпті пәле екен. Қолдарынан бәрі келеді. Бірақ озбырлықтары да бар... Келгелі бір емес, бірнеше қыздарымызды да зорлап, қорлады. Ешнәрсе істей алмадық...

Бәйтелі дәудірлеп сөйлеп жатыр. Сейталы орыстардың озбырлықтары туралы келгелі талай естіген. Қаны қайнап, жігері құм болған ауылдастарына озбырлыққа қарсы күреспегендеріне ренжіген. Ауыр ойдан арылу үшін қарт Қаратауға көз тастады. Бала кезінде талай ойын-сауық құрған жері ғой№ ергешбек байдың тоғыз баласы нөкерлерімен әр сайдан шыққанда, айнала думанға толып, сауық-сайран басталып кететін. Бәйтелінің ауылда той көп дегеніне қуанып қалды. Күні ертең тақымына көкпарды басып, қара қасқамен желдей ессе, одан артық дала қазағына қуаныш бар ма? Жүрек лүпілін жасыра алмай, Бәйтеліге жадырай көз тастады.

Құдайға шүкір, мінетін ат бар. Былтыр қырғыздардан бес құлынды биеге айырбастап алған қара қасқаға міну осы өңірдегі кез келген көкпаршының арманы... Атқа мінуді ұмытып қалған жоқсың ба? Алдын ала қара қасқаға мініп, өзіңе үйрете бер. Жануар ыңғайынан-ақ өзі додаға кіреді, көкпар қолға тиісімен сытылып, алға ұмтылады...

Ағасы өзі келгелі қуанышты. Қалбалақтап, әр түрлі әңгіменің басын бір қайырып, інісінің көңілінен шығу үшін қолынан келгеннің бәрін істеуге дайын. Жаңа ғана өзі мінуге аяйтын қара қасқаның тізгінін мұның қолына ұстата салғаны да бауырға деген іңкәрлігі болса керек. Тіпті ағасының ер жетіп қалған балаларын да қара қасқаға жақындатпай, «көкелеріңнен сұраңдар, ат иесі Сейталы» деген сөздерін естігенде жүрегі елжіреп кетеді. Ағасының бұл пейіліне іштей көңілі толды. Ал жеңгесі үрзаданың да пейілі ерекше тасып жүргенін байқады. «Молда жігітпен кеңесіп шешпейсің бе?» деген сөзді жиі айтып, аяғы аяғына тимей зыр жүгіріп жүр. Ерекше қуанғаны, ауылында күйбең тірліктің көбейгені жаздың ортасы болғанына қарамастан қысқа дайындалып, отын жинап, көң мен тезекті қораларына кіргізе бастағанына таңқалды. Терістің жағасынан ақ топырақпен үйлерін сылаудың өзі сән беріп, көңілді көтеріп тастады. Мұның бәрін орыстардан үйренгенін білді.

Тірлігі бар ел азбайды деген осы да деп іштей қуанып, еңсесі көтеріліп қалды. Ертеңге ұмтылыс та бар. Асқанбай ағайыны биік жерге ағаштан мектеп салыпты. Әттең, Әулиеатадан келген молда ауылына кетіп, содан қайтып оралмай, екі қыстан бері сабақ тоқтап қалыпты. Сондықтан болар ауылға келген алғашқы күні-ақ Асқанбай көкесі: «Енді қайдағы бір татарға жалынбаймыз, мектепті саған беремін. Балаларды оқыт, өзіңнен кем болмасын»,-деген. Ағасының сөзіне Сейталы жауап қайтармай үнсіз қалған.

Айналайын, інішектеріңнің қолынан жетектеп, білім берсең, бұл ауылда сенен құрметті ешкім болмайды. Мұны да ойлағаның жөн болар. Қалмырзаның әулетінен де сыйлы азамат шыққанын ел білсін, - деп, Бәйтелі басын көтеріп, інісіне қарады. Терлеген мұрнының ұшын жеңімен сүртіп тастап, - Сенің мына сымбатты кейпіңді әке-шешеміз көре алмай кетті ғой... Оқуды ертерек бастап жібермесең әлгі татар келіп, мектепті иеленіп қалар.

Бәйтелі, қазір балалар көбелек қуып, қозы бағып дегендей қызықты уақыт ғой. Алла сәтін салса, қар бірінші жауған күні сабақты бастап жіберерміз.

Оның да дұрыс екен,-деген Бәйтелі іштей қуанышын жасыра алмады. Сояу-сояу тістері ақсиып, ыржиды. Онысына өзі ыңғайсызданып тез бұрылып, желіге қарай адымдай жүрді. Іштей інісінің мұғалім болудан сырт емес екеніне қуанды. Қайтадан Ташкенге кетіп қала ма деген ойының жоққа шыққанына көңілі толды. Тіпті, бойдақ жігіт, ойын-сауық қуып, ылди мен жотаны жол етсе қайтер еді. Інісінің айтқанын тоқтамы деп қабылдаған Бәйтелі кештің болуын асыға күтті. Кешке Доланбай көкелерін шайға шақырып, бұл әңгімені дастархан үстінде тағы да ширата түсуді ойлады. Сейталы болса, ағасының қуанғанын бауырмалдығы деп түсінде. Жанашыры бар, жалғыз емес екенін тәубе етті. Анасы марқұм сегіз құрсақ көтерген. Содан аман қалғаны екеуі ғана. Шешесі бұл онға келгенде қайтыс болса, әкесі өзін Шыршыққа ағайындарына тапсырып келгеннен кейін елу бесінде дүниеден өткен. Оны да ауылға келгенде ғана естіген. Ағайын-туыстары көңіл айтып, өксігін баса алмай ұзақ жылаған Сейталыға басу айтқан. Бәйтелі екеуіне ең жақын ағайыны Доланбай мен Дарабек. Ал атқамінерлермен қатар жүретін Асқанбай да тыңдайтын. Іштей мақұлдамаса да сырттай айтқанына қарсы келмейтін. Марқұм әкесі аналары ерте қайтыс болса да тұрмыс құрмай, үлкені бәйтеліні үйлендіріп, немере сүюге асыққан. Томаға-тұйық момын сияқты болып көрінгенімен, бірбеткей, қатал болатын. Ешкімге кеудесін бастырмай, алақан жайған емес. Молдадан қара таныған ол кіші баласы Сейталыны оқытуға барын жұмсаған. Орыстар алғаш келіп қоныстана бастаған бастағанда баласының олардан қаймықпай, ауылдарына жақын барып, араласа бастағанына да қуанған. Алайда ол қуанышты алысқа бармады. Кенжесінің қайта-қайта орыс балаларымен төбелесіп қалуының соңы үлкен дауға айнала жаздаған. Баласының бұл қылығы оны Ташкенге ағайындарына тезірек апаруына жетеледі. Сөйтіп, жиырмаға келгенде молданың алдында малдасын құрып отырды. Бірақ оның жігіт болып, ой тоқығанын әкесі көре алмады. Қаһарлы да қауқарлы әкесінің тез арада о дүниелік болғанына таңғалғанымен, Алланың ісіне не шара бар деген ой оны сабасына түсіретін. Сейталы ауыр күрсінді. О, жалған-ай, мәңгілік еш нәрсе жоқ екен ғой.

Өзі де асыға күткен Доланбай көкесінің шілдехана көкпарына жиналғандар алдына шыққан Асқанбай батасын қысқа қайырды.

Көк тәңіріне табынған көкбөрі-көкпар тартыстардың қастандыққа емес, бірбіріңді табыстыратын ұлы істің, ойын-сауықтың жолы болсын! Доланбайдың үйіндегі келіннің етегіне беріп, ат байлайтын азаматтар, жаудан қорғар батырлар көп болсын! Тұлпар мініп, ту ұстайтын ел қорғаны болғай. Әумин!

--Әумин!

--Әумин! – деген көкпаршылар үлкен ақ серкені алдарына өңгеріп, ауылдан ұзай түсті. Одан кейін ақсақалдар да аттарына қонып, көкпар тартылатын жерге қарай басын тартты.

Көкпар жаппай тартыс болған соң, мұндайда жақ-жақ бөлінетіндер болмайды. Кім күшті, көкпар соныкі. Ыңғайы келсе алып қашуға да дайын тұрған жігіттер табылады. Әр салымға саулық тіккен Доланбайдың өзі де қоқаңдап, әр жерден бір көрініп қояды. Асқанбай мен Дарабек көрші ауылдардан келген ақсақалдардың жанында жүр. Балалар болса, орталарына тулақ алып, есекпен көкпар тартқан болып жүр. Балалар болса, орталарына тулақ алып, есекпен көкпар тартқан болып жүр. Доланбайдың үйінің жанында қалған бозбалалар кешке ойналатын алтыбақанды құрумен әлек.

Ақсақалдар жанында айналсоқтап жүрген Бәйтелі інісінің қимылдарын жіті бақылап, анда-санда әттеген-ай деп басын шайқап қояды. Сейталы қата-қайта ұмтылғанымен додаға кіре алмады. Амалсыз шеттеп жүріп, көкпарды алып қашпақ болғанның соңына ілессем, тартысып көрсем деген ойы бар. Оның да сәтін салмай тұр. Осылай додаға кіре алмай, қара қасқаның ыңғайын таба алмай тұрғанда жанына Дарабек шауып келді.


  • Ой, қызталақ! Жігіт пе десем, елге шариғат айтқаннан басқа білерің жоқ па деймін. Қара қасқаны қор қылмай додаға кір,-деген Дарабек қараның сауырынан қамшымен тартып-тартып жіберді. тАпайтөсімен алдындағыларын қаға алға ұмтылған қара қасқа көкпар жатқан жерден бір-ақ шықты.

Сейталы серкені жерден көтеріп алып, тақымына қыса бергені де сол еді қара қасқа осқырынып, аспанға шапшыды. Мұндай қимылды күтпеген ол аттан сыпырылып түсіп, жерге топ ете түсті. Орнынан ұшып тұрып атының жалына жабысты. Аттан өзімен бірге кірген Жақып пен Ердәулет те аттарының жалына қайта жабысыпты. Аттар облса бір орнында тұра алмай осқырынып, тыпыршып, танаулары делдиіп, көздері шатынап барады.

  • Не болып қалды? – дегенше болған жоқ, аттар тағы да аспанға шапшыды. Енді байқады, көкпаршылар арасында бір емес екі-үш шошқаның торайлары жүгіріп жүргенін байқады. Бұрын көре бермейтін құқайлары болған соң, жылқы жануарлары доңыздан үріккен екен.

  • Бұл бәлелер қайдан келіп қалды?

  • Білмейсің бе? Өткендегідей орыстар әкелді де. Әні, күліп мәз болып тұрғандары.

Сейталы қара қасқаға қарғып мінді де, орыстарға қарай шаба жөнелді. Бара, сөзге келместен қамшысымен шеткісін тартып-тартып жіберді. Мұндай қимылды күтпеген орыстар алғаш абдарап қалғанымен, артынша олар да аттарын тебініп, қамшыларын сілтей бастады. Бұл кезде өзге жігіттер де төбелеске араласып кетті. Әп-сәтте қоқырайып тұрғандар аттарынан аударылып, жерде домалап жатты.

- Әй, Сейталы, сен де әкеңнің артынан кетейін деп пе едің?! Бір күні сен де қолға түсерсің. Сен де әкең секілді кеселге шалдығып, құсалықтан өлерсің,-деген өңкиген Епим орнынан тұрып, шеттей берді.

- Мына иттің баласы не деп тұр?!

Сейталының көзі қарауытып, ешнәрсені көрмей, басы мең-зең болып, шыңылдады да кетті. Не деп тұр?! Әкемді осылар өлтірген бе? Маған неге айтпаған? Қорлық-ай№ мен бұлармен елдеспек болып жүрсем... Мұнысы несі?! Өзін-өзі тоқтата алмаған, қалш-қалш еткен Сейталы атынан секіріп түсіп, Епимнің жағасына жармасты.

- Доңыз, не деп тұрсың?! Менің әкемді сен өлтірсең, онда иманыңды үйіре бер,-деп, басы-көзіне қарамай ұра бастады. Өңкиген Епим Сейталының жұдырықтарын шыбын шаққандай көрмей, үлкен қолымен бір ұрып ұшырып түсірді. Ол жалма-жан орынан ұшып тұрып, Епимге қайта ұмтылды. Осы кезде біреу оның қолына келтекті ұстат салды. Келтек Епимнің иығына сарт ете қалды. «Ой» деп бар даусымен ақырып, құлап түскен Епимді тағы ұрмақ болып ұмтылғанда, Асқанбай ашудың айғырына мінген Сейталыны ұстап қалды.

- Жіберіңдер, әкемді өлтіріп тірі болмай-ақ қояйын.

- Ой, қызталақ әкеңді өлтірген бұл емес. Бұл боқ жеп, оттайды! Қалекең өз ажалынан өлген,-деп жігітті жетектеп бара жатып артына бұрылып:

- Епим, ажалдан қалғаныңды ұмытпа, істі насырға шаптырмай, осы тойғанымызбен қояйық.

Мұжықтарда үн жоқ. Сынған қолын сипап, есін әрең жинаған Епим:

- Калбиттердің бізге қол көтеруі ешқашанда кешірілмейтін күнә. Бүгін болмаса ертең Уаренежден келген бүкіл орыс көтерілсе, сендерді үрім-бұтақтарыңмен құртып жібереді. Жер, су біздікі дейсіңдер, біз оны сатып алғанбыз. Сондықтан да қожа біз! Осыны ұмытпа, Сейталы! – деп, бұрылып бара жатып,-бірақ сенің жанымды сақтап қалғаныңды да, мынауыңның да қорлығын ұмытпаспын...

Сейталы түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмады. Көптен асыға күткен көкпар тағы бір пәленің басы болғандай. Қоңсы отырған орыс пен қазақ арасында бітіспес даудың туындауының соңы айықпас қастасу ауруына ұшырауы әбден мүмкін деген ой мазасын алды. Олардың озбырлығына құрық салатын шама бар ма? Бірақ қорлыққа шыдаудың соңы ездікке айналуы ғажап емес.

Медіреседе оқып жүргенде Сайран дамолла "Бұл дүниеде өзгенің жерінде жүріп озбырлық жасаған оңбайды. Олар тек озбырлықпен ғана өз діттегендеріне жетеміз деп ойлайды. Бірақ сол озбырлык түбіне жететіндіктерін білмейді'', - дегені әлі есінде. Алайда, Жуалы жеріне бес-алты жылдан бері аяқ басқан келімсектер ез жерінде жүргендей, олар күннен-күнге күшейіп, жалдары күдірейіп келеді. Байлары қазақтармен сөйлесуге арланып, мұжықтарын жіберетіні де белгілі. Жақында болыстан орыстар иемденіп отырған жер туралы сұрағанда, шынында да, олар 200 десятин жерді бұларға дейін Жуалы жерінде қоныстанған орыс пошта стансасынан сатып алғанын айтқан. "Ал орыс пошта стансасы қазақ жерін қалай иеленген?" дегенге ол жауап бере алмағаны да есінде. Бар айтқаны "орыс патшасы мен қазақ хандарының арасындағы келісім болыпты" деген де қойған. Бұл әңгімені бірде Епим де айтқан. Терістің жағасына орын тепкен орыстар Уаренеж деген жерден келіпті. Ал өзі Оралдың казагі екенін, бұларға жол көрсетуші әрі тілмаш болып жалданғанын айтқан. Қазір егін егіп, мал жинап қоң жинап қалғанын да жасырмаған.



Сейталы қанша ұйықтайын деп көзін жұмғанымен ұйықтай алмады. Бір ойды бір ой жетектеді. Әкесін еске алды. Ешкімнен тайсақтамай тура сөйлеп, әділін айтатын Қалмырза озбырлығы озып тұрғандардың алдында табандылық көрсеткенін баласы талай керген. Мыңды айдаған Асқанбайды да тәубесіне келтіріп, бүгжеңдетіп қоятынын көз алдына елестеткенде, Сейталының жүрегі елжіреп, әкеге деген сағынышы сарғайып, алқымына өксік толды. Ақыры сол қайсар мінез бен табандылық ажалын жакындатқанын ұлы бүгін естіді.

...Бұрыннан егін егіп, сайдың суын қырға шығаруға машықтанған шаруаның шаужайына жабысып, келімсекте р бірінші жылы-ақ ауыл адамдары тартқан арықтарды иемденіп, бастау суларын өздеріне бұрғанын кергенде Қалмырза шыдап тура алмай, суды бұрынғы арнасына кайта бурган. Дәл сол кезде көтеріліп қалған тарыға нәр аса қажет еді. Суды байлаған жерге келген бір-екі мұжықты жақындатпай, бұлақтың басында отырып алады. Ақыры қазақша жақсы білетін Епим бастаған бір топ мұжықтар келе Калмырзаға тап береді.

Құдайдан қорықсаңдаршы, бұл арықты тартқан — біздің ата-бабамыз. Сендер бүгін келе салып иемденгендерің дұрыс бола қояр ма екен, - деген Қалмырзаның сөзіне құлақ аспаған орыстар оны ұрып-соғып,суға тұншықтырады.

Біз бұл жердің суын да, арығын да сатып алғанбыз. Қажет десеңдер сендерді бұл жерден көшіреміз. Екінші суды бұрсаң, өлтіреміз, — деп жібергенімен, ашуға булыққан Қалмырза ауылға барып атына мініп, қолына сойылын алып, қайтып келеді. Екі-үшеуіне сойылы тигенімен, көп қойсын ба, жабылып жүріп Қалмырзаны атынан сыпырып алып, өлімше етіп ұрып, атының ішін жарып, өзін судың ішінде таң атқанша ұстайды. Әкесі содан кейін төсектен тұрмапты. Нәр татпай, ақылап, үкілеп, ешкіммен сөйлеспей он күн жатып көз жұмады. Тіпті дүниеден өтерде ағайын-туыстарымен қоштаспапты да. Әкесінің темірі катты екенін Сейталы кішкентай кезінен білетін. Енді міне, сондай қорлықты өзі де көріп отыр. Сонда қалай, әкесі сияқты құсаланып, төсекте жатып өлуі керек пе? Жо-қ, ол бола қоймас. Әлі оларды тәубесіне келтіріп, бұл жерден оларды көшіремін. Сонда ғана бұл жерде теңдік, әділеттілік орнайды, әкесінің кегін алады. Ол үшін не істеу керек?



Сейталы орнынан тұрып, терезеден сыртқа қарады. Қою қараңғылық айналаны басыпты. Терістің арғы жағалауынан Бурно-Ивановканың шамы селкеуленіп көрінеді. Не істеу керек? Шынымен намысын қайдағы жоқ біреулерге таптатып, тыныш жата беруі керек пе? Бағана Епимнің кіжініп кеткені анау. Жоқ, озбырлыққа мойын ұсына беру тұяқ серіппей өлгенмен бірдей емес пе? Тап қазір, бүгін түнде Асқанбайдың қалың жылқысын қаптатып, егінін таптату керек. Сонда ғана олар мәмлеге келер. Жергілікті халықта да күш, мұқалмайтын жігер барлығын олар білетін болады.

Киініп сыртқа шықты. Белдеуде тұрған қара қасқаны ерттеп мініп, қолына құрықты алып, жылқы жатқан Қаратауға қарай жүрді де кетті. Атқа мініп, қолына құрық алғанымен, қандай шешімге келгенін өзі де білмейді. Бір сәт атының басын тартып, айналаға көз тастады. Түн тастай қараңғы болғанымен бірте-бірте оған да көзі үйреніп, қарауытып көрінгеннің не екенін ажырата бастады. Аспанды бұлт тұмшалап, жаңбыр жауатындай түнеріп тұрғанын аңғарған ол атын қайта тебінді.



Шынында да, не істемек? Кімді шауып, кімді жалғыз өзі мұқатып алмақ? Басыма іс түссе көмек ететін жақсы табыла ма, әлде жаныңнан күліп өтетін жаман көбейе ме? Оны кім біледі? Бүгінгі бекінген ісі елін бұрынғыдан да өзгенің табанының астына салып берсе не болғаны? Алғыс емес, істегені қарғыс әкелсе, елге пайда емес кесір әкеліп жүрмей ме? Сақтықты соқырдан үйрен, кішілікті түйеден үйрен деген сөз бар. Кішірейе қалса не болады? Ж-о-қ, бұл — намыстың ісі. Кішірею емес ез болып, езілу екенін ұмытуға бола ма.Тіпті болмаса қап түбінде жатпайтын бізді қайрамай ма?! Оны қалай ұмытуға болады. Өмір бойы жаумен арпалысқан ата-бабалары осыны ойламады дейсің бе? Сауал көп. Жауап аз. Қайсарлықпен қайтпаймын деп, қарныңды жарып алсаң одан не пайда. Ақылды еді деп ишарат жасамай, ақымақ еді деп таяқтап жүрген дұрыс бола қоя ма. Сырдың ұясы көңілде көп ой бар. Оның бәрін айқайлап сыртқа шығара беру де жараспайтынын Сейталы біледі. Арманының ұясы құздың басында екенін кім біеді? Әттең, жалпы қазақ болып көтерілер ме еді. Шашақты найзаны ұңғысы ұзын мылтыққа ауыстырып, Кенесарыдай бір ұлы азаттыққа бастаса, арман бар ма?..

Аяңдап, өз ойымен өзі болып, Терістің жағасына келіп қалғанын да байқамай қалды. Қарақасқа басын суға қойды. Шөлдеп қалған ба, әлде қожасының көңіл қобалжуын біліп, ойын бөлейін деді ме, жай ғана осқырынып, судың жағасын тұяғымен тарпып тұрып алды. Сейталы аттан тусіп, қасқаньщ ауыздығын алды. Күйкентайдай күбіжіктеп сан-тарам ойдың жетегінде кеткені несі. Ақсұңқардай қаққызбай ілетін батылдық жоқ па. Тұрысатын жерді белгілеп, әрекет ете алмаса ат тізгінін тартып, ауылға қайтса қайтеі!. Артынша бұл ойына өзі жауап тапқандай қуанып қалды. Жалғыз ғой,оның үстіне айналасы қараңғы емес пе. Жалғыз адамның қараңғыда жол табуы қиын. "Онда жолға шығып нең бар?" деп, өзіне-өзі кіжінегендей болды.

Шолп еткен балықтың секіргенінен шошып, бойын жинап алды.Түн қараңғылығын түріп батыстан көтеріліп келе жатқан ай сәулесі өзеннің бетін аймалап, су бетіндегі майда дірілді сазанның бауырына ұқсатып, жылт-жылт еткізеді. Айдың көтерілуімен бірге тунгі самал соқты. Өзен бойындағы сәмбі, тораңғы, қара ағаш сыбдыр қағып, сыбырласа бастағандай.

Ауыздықты салып, қарақасқаға қайта мінді. Терістің шылдырап ағып жатқан жерінен төтелеп өтіп, Асқанбайдың жылқысы үйездейтін тау бөктеріне қарай ентелей жүрді. Ойдан арылған. Бар ынтасы - жылқыға тезірек жету.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет