Үлкендерден естіген әңгіме. Бірде жалғызының қазасының қайғысынан ас ішпей, әрі қарап жатып қалған Баймұрат деген кісіге біраз адам келіп көңіл айтады. Үкілеген жалғыз үміті желге ұшқан жаралы жүрек жүзін елге қаратпастан әрі қараған күйі жата беріпті. Үш күн өтеді, төрт күн өтеді, ас ішпейді. Бұл хабар да ауыл арасына тарайды. Бесінші күні бесінде үйге жасы жетпіске келсе де, әлі шыр еткен нәресте көрмеген Жанғазы дейтін ақсақал келеді. Дұғасын қайырған соң сөз бастайды: «Жә, Байеке, өткенде елмен бірге көңіл айтып шыққанмын. Онда да балаңды осы ел өлтіргендей теріс қарап жатып алдың. Өзі тұрар деп үндемей кетіп едім. Құдайға әлі өкпелеп жатыр деген соң қайта келдім. Әй, Баймұрат тыңда сөзімді! Көзімнен сорам ағып Құдайдан бала тілегелі міне, 50 жыл болды, үміт те үзіліп жапырақсыз қу дарақтай қуарып отырғанымды бүкіл ел біледі. Маған Алла тағала бір шыр еткен беріп, көзім қанып бір көрсем, кеңсірігім жарып бір иіскесем, алақаным толып арқасынан ұстап кеудеме бір бассам, шіркін-ай, сарайым ашылар еді, зарығым басылар еді, содан кейін Алла қайта өзі алып кетем десе арманым жоқ еді...
Саған Құдай бермеді ме, берді. Былдырлаған тәтті тіліне құлақ құрышыңды қандырып, апыл-тапыл басқан аяғын қызықтадың, алыстан келгенде құлындай құлдыраңдап алдыңнан шықты. Құшақтасаң құшағың толардай азамат қылды, ат жалын тартып айбыныңды асырды. Осының бәрін көрсеткен Құдай тағалаға өкпе артып теріс қарап жатқан бұл жатысың қай жатыс? Аллаға елден артық қылған қызметің, өткізіп қойған дүниең бар ма еді, бұл фәни жалғаннан шыр еткен көрмей зарығумен өтіп бара жатқан мына бізден бір жерің артық болмаса орныңнан тұр, шүкір қыл!», деп тоқтайды. Сонда Баймұрат орнынан тұрып: «Сөзің сүйектен өтті ғой Жанғазы-ай, Жаратқанға назым жоқ, жанға батқан соң жатыр едім, тұрдым міне, тұрдым», деп келіп, Жанғазыны құшақтап еңкілдеп жылаған екен дейді...
Бұл өзін мысал ете отырып оның басындағы барды бағалатып, шүкірін айттырып көңілін емдеу болса, кейде «бұған сабыр етпесең Алла бұдан да ауыр қайғы береді?» деп енді қалғанының тілеуін тілетіп, қайғылы көңілін емдейді. Бұған елге белгілі тұлғалар арасында болған көңіл айтуларды да мысал етуге болады.
Аты алты алашқа белгілі Илья Жақановтың баласы қайтыс болғанда белгілі журналист Анар Төлеуханқызының анасы Күләнда апа: «Алла тағала: «Пендеме көтерсін деп жүк артамын, көтерсе көңілін ағартамын, көтермесе тағы артамын» дейді екен. Халқымыз «Қайғыны нар көтерер, ақылы бар көтерер» , депті тағы да. Басқа түскен ауыртпалықты сынбай көтере білу де парасаттылық, сабырлылық, Жаратқанға неге бұлай еттің дей алмайсың», деп көңіл айтқан екен. Ардақты ананың көңіл айтуын жан жүрегімен қабылдаған Илья ағамыз көңіліне тоқтау болған бұл сөздерді кейін қайталай айтқызып жазып алған екен.
Ал, арғымақтай атылып тұрған Сағиы дүниеден өткен алаштың ардақтысы Асанәлі Әшімовтың жалғаннан қалған көңілін тағы да сол жақсылар бұрынғыдан қалған «бұл сенің ғана қайғың емес» деген тәсілмен емдегенін де естіп едік. «Үкіліген үміті Әбіші қайтыс болғанын естіген Абай үйде отыра алмай, Ақшоқының басына шығып кетіпті. Қайғы жанын жегідей жеп, жер-көкке сыймай күңіренген Абайдың қасына елдің не бір жақсы-жайсаңы келіп көңіл айтса да, үнсіз мелшиген қалпы төбеден түспей отырып алыпты. Бір кезде қасына Қиясбай келіпті: - Абай аға! Ел Әбіш деген ақылды баласынан айырылып қалды. Елге көңіл айтпайсыз ба? – депті. Сонда Абай таңырқаған бейнеде басын шайқап: - Қазақтың қара тіліне сендей шешенді көрсем, бұйырмасын! – деп көз жасын тиып, Қиясбайды өзі қолтықтап, ауылға қарай беттеген екен». Абайдай алыптың тағдырындағы бұл әңгіме де біраз жұрттың аузында құлағында. Асанәлідей ауыр қайғы басқан азамат ерге әйгілі сөз зергері Зейнолла Қабдолов Қиясбайдың осы сөзін мысалдап көңіл айтып, еңсесін көтерткен деседі.
Кешегі Базар, Назарынан айырылып: «Омырауымнан үзіліп түсті екі түйме-ай, ой дүние-ай» деп зарланып отырған Кененге атының жалын құшып еңіреніп келіп көңілқос айтқан қырғыздың біртуар ақыны Оспанқұлдың жоқтау жыры білген жанға екі адамның ғана емес, екі бірдей халықтың бір-біріне деген ыстық көңіліне қойылған мәңгілік ескерткіш болып қалды емес пе!?.
Сол үрдіс үзілмеген екен. Ішке қатқан мұзды еріткен, тағы бір оқиға қазақтың Маңғыстаудай маңғаз, алып жүректі аяулысы Әбіш Кекілбайдың баласы Әулет қайтыс болуына байланысты болған екен. Әйгілі Алмас Алматов жырау арғы ақын, жыршы-жыраулардан қалған үлгімен абыз Әбішке арнап көңілқос айтыпты.
«Алмас аға көңілқосын жазғаннан кейін маған көрсетіп, «мұны сен айтасың» деді», дейді жыршы Амандық Көмеков. «Айтып көрдім, Әбіш ағаға арналған сөз біздің жүректі қалай қозғамасын, көңілді босатты. Алмас аға: «бірден жетіп бармаймыз, жөнін тауып жосынмен келе жатқанымызды айтуымыз керек» деп, Әбіш ағамыздың жақын досы Сайын Назарбекке хабарласты. Ол кісі «келе қалыңдар» деп, алдымен сонда бардық. Көңілқос жырымыз барын айттық. Содан Сайын ағамызды алдымызға салып алып Әбіш ағаның шаңырағын бетке алдық. Алдында Сайын ағамыздан «көңіл айтып келген адамдармен амандасқан соң ұзақ отырмай өз бөлмесіне кіріп кетеді» деп естігенбіз.
Аман-саулық аяқтағаннан кейін сәл үнсіздік бастала бергенде Алмас жырау сөз бастады: – Ардақты Әбіш аға, өзіңіз білетін сөз ғой, «ағайын мен ағайынның арасын майын мінген ат айырады, оқылмаған бәте айырады» дейді екен. Кешіккенімізге айыптымыз, ол жайында соңыра айта жатармыз, «қазалы үйдің босағасында жыл тәулігіне дейін арыстан жатады» дейді екен бұрынғылар, бір келе алмаған адам уақыт өткен сайын ызбарланған сол арыстанның айбатынан жасқанып шегіншектей береді екен. Алланың дидарласуға жазған күні бүгін екен, Әулеттің иманы саламат болсын, деп тыныстады. Әбіш аға сөзін қабыл алғандай ишара жасады. Сөйтті де, қазақы жосынмен жөн сұрады. Алмас аға өзінің ата тегін айтып еді, Әбіш ағамыз әрі қарай таратып ала жөнелді. Не дерсіз, екеуі бірін-бірі қостай жұптап толықтыра тарихтың біраз қатпарларын ақтарып барып дамылдады. Әбіш аға ашылып сала берді.
Шай келіп, жылқы қасынасқандай жақындық жүз берген уақытта Алмас ағамыз: «Әбіш аға, өзім Сырдан Астанаға келіп, жыршы-термешілер тәрбиелеп жүргенде «Маңғыстаудың жыры қашан Астанаға жетеді Алмас?» деген бір сөзіңіз ойымнан кетпей қойды. Содан мынау Амандық ініңізді 50-ге келген шағында студент қылып, өзінің кәсібіне сай жыршылық дипломын алдырып, содан кейін Астанадағы Қазақ Ұлттық өнер университетіне қызметке алдырдық. «Астанаға кел» деп досыңыз Мырзатай Жолдасбеков аға да айтқан екен, сөйтіп, Амандық Маңғыстауыңызды көтеріп Астанаға келді. Мінеки, осы жұмыс реттелмей тұрып сізбен жүздесуге жүзіміз шыдамады», деп тоқтап еді, Әбіш аға риза болып, Клара жеңгемізге: «Клара, Әулет дүниеден өткелі осы үйде домбыра тартылмап еді, елдің қос ұзаны келіп отыр ғой, домбыраны әкелші» дегені.
Домбыраны алған Алмас аға, іштей баптанып отырса керек, бастай жөнелді. Әбіш аға ұйып тыңдап отыр. Басын изей, тамсанып қояды, бір кезде көзі жасаурады. Алмас аға үшінші жырды аяқтағанда Сайын ағамыз «Алмас ініңіздің Сізге арнаған кеңілқосы бар екен. Соны тыңдасаңыз», деді. Бұл жырды Алмас аға Маңғыстаудың мақам-сазына келтіріп, мен орындайтындай қылып жазған екен, тапсырма бойынша мен айттым.
«Ассалаумағалейкум!
Арыстан жал айбатты,
Алашқа сүтін азамат!
Адамдықтың ақ туы,
Жалғаннан жөнеп кеткенше,
Қолыңда ерлер аманат.
Халыққа «Абыз» оғлансыз,
Адасқанға жанға жол айтқан,
Тілеуін тілеп саламат», деп басталатын Маңғыстаудың зарлы әуеніне иленген сойқан жыр созыла шығып, екпін ала көтеріліп барып:
«Қалыңға түскен құсыңды,
Қанатынан қайырып,
Жатсыз ба аға азалап?!» деп қайырып келесі сөзге өтпекке кезекті домбыраға берген тұста Әбіш ағаның көзінен жас бұршақтай жөнелді.
«Кезекті нәубет келгенде,
Балдан тәтті ажал оқ,
Омыртқадан қадалат.
Уайым қақпан құрулы,
Тасты тескен тамшыдай,
Уыты бойға таралат.
«Ерге берген қайғыны,
Ел көтерер» – деген, бар,
Ойлаңыз аға саралап» дегенде абыз ағаның жасы мейірімді жүзін жуып алып денесі солқылдай жылады. Жырдың соңын ала:
«Қуанбадым – «туды» – деп,
Жұбанбадым – «өлді» – деп,
Азасын сойып қазалап!?» дейтін дүниеден перзентсіз өткен Палуанқұл деген кісінің сөзін келтіреді. Қандай ауыр сөз. Сондай халдегі Палуанқұлдың өзіне ақсақалдардың айқан:
Тәубашыл ерге бас берем,
Жылаған көзге жас берем,
Дегенді, Алла – жамағат!
Алладан болсын панаңыз,
Етіңіз – барға қанағат...» деген сөзін айта келіп:
Сол айтқан сөзді зерлесек,
Әулеттен өрген ұрпағың,
Болғайда аға саламат.
Тәубаңыз болсын таяныш,
Ұл-қызың өскен саяңыз,
Келмесін қайтып жаманат.
Дұғадан ізде бағланды,
Еншісі ердің сол болар,
Алладан бұйрық – аманат!» деп тоқтағанда Әбіш аға теңселіп кетті. Көз жасын сүрте орнынан тұрып Алмас ағаны құшақтады: «Осылай еді ғой, Алмасжан-ау! Осылай еді ғой! Шалдармен бірге кетіп еді ғой бұл дүние, жоғалмай, жоғалтпай бұл дүниені қалай сақтағансың, айналайын! Осылай айтатын еді ғой мәпелеп» деп Алмас ағаны алып құшағына қайта-қайта басты. «Мәпелеп, аялап» деп тағы қайталады. Мына жақта Клара апамыз жыласын. «Әулет өлгелі көзінен тамшы жас шықпап еді, күйігі ішіне түсіп кетті ме екен деп қорқып едім, шықты ғой, айналайын, шықты ғой» деп ебіл-дебілі шығып жылап жүр, Әбіш ағаға орамал әкелді.
Абыр-сабыр басылып, ет желініп, шай ішіп отырғанымызда Әбіш аға шынымен де Әулет дүниеден өткелі көзінен жас шықпағанын өзі айтты. «Мен өзімнің бұл жағдайыма қатты таң қалдым. Кино көрсем көзімнен жас шығып кететін көңілшек адаммын ғой, қалай екенін түсіне алмадым. Естігенде көзімнен жас шықпаған кезде «жүзін көргенде жылармын» деп ойлап едім, жоқ жас шықпады. Жанымның жартысындай аяулы балама өз қолыммен топырақ салып жатқанда да жылай алмадым. Міне, қанша уақыт өтті, бір тамшы жас шықпап еді, Құдайдың құдіретімен осы бүгін сендер келгенде бір толқып, көзіме анда-санда бір лық етіп жас келіп қалғандай болып еді...», деді.
Көзінен жас шыққаннан кейін бе жадырап сала берді. Тіпті қуанып, баладай мәз болды. Сол отырғаннан алты сағат отырдық. Кетерде бізге шапан жауып, есік алдына дейін шығарып салды. Шығарып салып тұрып тағы құшақтады. «Әбеке, Алмаспен аптасына бір кезігіп тұрыңызшы, мұндай көңілденгеніңізді көрмегелі қашан? Тамаша отырыс болды ғой» деп жатыр Сайын досы. Міне, қазақтың көңілқос, көңіл айтуы дәстүрі Әбіш ағаның шерін осылай шығарып, жасын осылай төгіп еді. Қазірге дейін менің көрген соңғы көңілқосым осы. Сыртқа шыққаннан кейін тіл ұшыма өзінен-өзі «нарды нар ғана тұрғызады екен ғой» деген сөз келді. Ол Алмас ағаға арналған сөзім еді».
Бұл әңгімені жыршы Амандық аға Көмеков осылай айтып еді, бәлкім осыдан да әсерлі айтып еді...
Мінеки, «ой түбінде жатқан сөз шер толқыса шығады» дегендей қаншама ғасырлар бойы халық жасаған сара салт, нешеме дәуір тегершігінен өткен дара дәстүр теңіздей терең Әбішті осылай толқытыпты.
Кезінде Арқада өткен атақты Ерденнің жалғыз баласы қайтыс болғанда, аяқ жетер жердегі ел түгел келіп, көңіл айтса да басын көтермей, сартөсек боп сарғайып жатып алған оқиғасын біраз жұрт біледі. Сонда суық хабар тигеннен кейін Сыр бойындағы Досбол мен Шоқай ел арасы шалғайлықтан жетінші күні жетіпті. Үйге кіріп, көңіл айтып, бет сипаған соң арғы бергіні ақтара сабырға шақырып Досбол сөйлейді. Ерден оған да мызғи қоймайды. Сонда Шоқай дауға түсер адамдай қатулана шарта жүгіне отырып:
«Ей, батыр Ерден! Басыңды көтер жерден! Құдайға құдіреттімін деп, Мейманасың тасып кеткен екенсің кердең?! Мыңды айдаған әкең Сандыбай да қара жерге енген! Оны мына Шоқай көзімен көрген! Әулие болсаң, әкеңді де, балаңды да алып қалуға әлің қане, келген?! Көкті бу көтереді, жүйрікті ду көтереді, өлімді ер көтереді, ауырды нар көтереді?! Ер емес пе едің талай құқайды көрген?! Тағы да айтамын басыңды көтер жерден?! Құнсыз беріп, пұлсыз алды, нең бар еді Құдайға берген?!» депті. Сонда Ерден төсегінен басын көтеріп: «Уа, асып туған асылдар! Қайғырсаң да қаншама, өлі артынан өлмек жоқ. Құрдымға хайыл кеткен соң, екі айналып келмек жоқ! Көтермесем басымды, көңілім өксік қаяулы! Ардақтыларым едің аяулы, саңлақтыларым едің санаулы! Көңілде қайғы, шемен-шер, төбелерің көрінбеген соң, күтіп жатыр едім, өздеріңдей асыл ерлерді жараулы!», деп, құшақтаса көрісіпті. Сонда атақты Ықылас қобызын күңірентіп «Ерден» деген күй шығарыпты. Оның өзі анау «Ақсақ құланнан» жалғанған желідей болып бүгінге жетті. Осы «Ерден» күйі негізінде Жезқазған өңірінде жыл сайын республикалық дәстүрлі қобызшылардың байқауы өтіп келе жатыр. Сонда қараңызшы, Ерден бұларды күтіп жатыр ғой, ара жолдың алыстығынан аптадан кейін келген күнде де көңіліндегі назы айтылып жатқан жоқ па?!.
Міне, бір-бірінің қаяулы көңілдеріне асыл сөзбен дем беріп, жүз көрісіп, жүрек жылытысып, қайғысын бөлісіп, алдамшы дүниенің арзан күлкісіне алданбай бұл фәни жалғанда адам көңілінен құнды нәрсенің жоқ екенін дәлелдеп кеткен асылдар үлгісі. Бұл – салт, бұл – дәстүр. Біздің айтып отырғанымыз соның мысалдары ғана. Бұл күнде небір көңілжақын, қайғыңа ортақтасуы тиіс деген адамдарымыз қарға адым жерде тұрып бет көруге, жүзбе жүз көңіл айтуға бармай әлеуметтік желіде отырып «иманы саламат болсын» деп пікір жазған мың сан бейтаныс адамдардың арасына сіңіп жоғалып жатқан жоқ па?!. Торқалы той, топырақты өлімде керек дейтін ағайынның арасын жалғап, азаматтың қайғылы көңілін емдеп жазатын көзге көрінбес қанша желі үзілді бұл күнде, қаншама сөз жоғалды. Қайран қазақтың дара болмысы сол қолға білінбес, көзге көрінбес нәзік те қуатты осындай жүздеген желілермен жоталанып тұрған екен-ау...