«Күміс белдік» повесінде қызыл террордың адам басына әкелген тауқыметі



бет9/18
Дата20.06.2018
өлшемі1,12 Mb.
#43622
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   18

Әбдір төс туралы әңгімелерді есіне түсіріп, ой тұңғиығынан арылып, дастарқан басындағы ағайындарына зер сала қарады. Әңгіме көрігін қыздыратын ағасы – Кемелдің араларында болмауы өзіне біртүрлі көрінді.

Ағайын-туыстарының маңдайлары жібісіп, енді әңгіме тетігін ағыта бастағанда арсалаңдаған Кемел қызы Орынбасар мен ұлы Қаржаубайды жетектеп үйге кіріп келді. Әбдір де, өзгелер де орындарынан тұрды. Бауырын құшағына алып, жүрекжарды сөзін айтқан Кемел дастарқан басындағыларға бағдарлай қарап:

– Қуаныштарың құтты болсын! «Гүлсіз болса-- жер мұңаяды, күлкісіз болса—ел мұңаяды» деген аталар сөзін еске алсақ, көңілдерің көтеріңкі екен, күлкілерің алысқа естіліп жатыр. Бүгін қуанатын күн. Қуаныштың белгісі күлкі. Біле-білсеңдер бұл біздің ғана емес барша қазақтың қуанышы. Сағынтайдың баласының Кремльдің төрінде отыруы бағымыздың жанғаны деп бағалаңдар. Осылай деген Кемел масаттана жымиып, анасының жанына отырды. – Сендер маған күлетін шығарсыңдар: «Кемел өмірі табылмайтын төсін іздеп жүр» – деп, бекер күлесіңдер. Мен сол төстің алтын екенін және тапқанымды айтайын деп отырмын. Дастарқан басындағылар қозғалақтап «жақсы болған екен, көрсетпейсің бе? Лепесбай, Қалымбет, Айымбет, Үдерген. Өтеген аталарымыз ұстаған төстің қандай болғанын көрейік», – деп желпініп қалды. Жоғалған төс алдарыңда отыр. Ол қиын жолда қиялап шыңға шыққан, боранды, дауылдарда адаспайтын, жақсылығын нұр етіп туған жерге шашып жүрген, аталарымыздың аманатын орындаған мына отырған бауырымыз Әбдір.

Отырғандарға тағы бір көз тастап, шайды бір ұрттап алып, тағы да сөйлей жөнелді.

– Мен төсті іздеп сабылып жүргенімнің өзі аталардан қалған мол мұраның киесі бәрімізді Алла Тағала қолдасын деген ниет еді. Сол ниетке бүгін анық жеткендеймін, – дегенде қара жүзі нұрланып сала берді. Осы жерде Әбдір ағасының жүзіне бір-екі рет көз тастап, «түсімді жорытсам ба екен, әлде «төс табылмайды» деп тікесінен айтсам қалай болады» деп өзіне-өзі сауал қойып, оған жауап таба алмады. Алғашқы айтпақ болған райынан тез қайтты. Үмітті өлтіруге болмайды. «Үмітсіз шайтан ғана». «Табылмайды, іздеме. Оны атам алып кеткен» десем; «Төсті табам, ата аманатын орындаймын» деп жүрген көкесінің жүрегіне жара салар. Жаңағы сөзіне қарағанда енді іздемейтін секілді ғой. Астарлап айтса да «таптым» деді емес пе?!

– Оның жөн-жөн, – деді Әбіл ақсақал. Жоғалған төсіміз алтын болып ортамызға оралып жатса одан артық бақ бар ма?! Төс табылса, көрік басылса, от жалын шарықтаса, дүкен қызбай ма?! Қызған дүкеннен інжу-маржан шашылатыны анық! Құтты болсын, осы баланың тілеуін тілейік! – деп бетін сипады. Әбілдің сөзін Асқанбай мен Жақсыбай да қолдады. Бұдан кейін Кемел сөйлемей, қоңыр шайды сораптап ұзақ ішті. Ағайындарының сөзін естімегендей Әбдір де алдында отырған Бақытжанының кекілін сипап үнсіз қалды.

Дастарқанға ет келгенде ғана әңгіме қайта жанданды. Негізінен Москва, съезд салтанаты туралы әңгіме көпшілікке қызық болғанымен Әбдір оның бәрін бүге-шігесіне дейін айтпай, тоқ етерін ғана сөз етті де қойды. Табиғатында асқақтап, асығыс сөз сөйлемейтін Әбдірден туыстары мен жақындары одан артық әңгіме де күтпеген еді. Ал оның есесін Кемел қайтарды. Інісінің Кремльдің төрінде отырғанын, Компартияның үлкен лауызымына ие болғанын мақтанышпен айтып, мұндай бақыт бұл өңірде ешкімге қонбағанын толғана сөз етіп, қатты тебіренді. Ата-бабаның, туған жердің рухы мен киесі қолдап жүргенін айтып, бауырына денсаулық тілеумен болды. «Алтын тон кисең де, атаңды ұмытпа» деген ойды да әңгімесіне қыстыра кетті.

Пісірген тамағы әрқашанда таңдайға татымды Құндызайдың сүр қазысы мен жал-жаясын жеген сайын Кемел ағынан жарылып, есіп те, өсіп те сөйледі. Оның айтқан кейбір әңгімелері көптің көкейінен шықты. Ауылдан алысқа шықпаса да әңгімесі тұшымды, тартымды болып келетін ақсақалдың сөзін балаларға дейін ұйып тыңдады. Ерте заманда Саңырақ батырмен тізе қоса жауға шапқан атасының ерлігі туралы да әңгіме шертілді. Білмейтін тақырыбы, қозғамайтын ойы жоқ. Алыстан орағытып сөйлеген әңгімелері кімді болса да елітіп әкететіні бір бұл емес, талай тыңдап жүргендердің өздері Кемелдің аузына қарап, «тағы, тағы» деп ентеледі. Ағайындар арасында аты аңызға айналған Шегебай туралы әңгіме қозғалғанда дастарқан басында отырғандар бірінен соң бірі ауыр күрсінді. «Есіл ердің аманатын орындалмай қалыпты, жанға сол батады» десті. Әбдірдің есіне атасы Қалымбеттің Шегебай туралы айтқан әңгімесі түсті.

...Мойынқұмның бергі бетінде қоныстанған ошақты, ойық, сіргелі, аз ғана шапырашты мен Бетпақдаланың арғы жағалауын жайлаған арғындар арасындағы барымта ұзақ жылдардан бері жалғасып келе жатқан. Үнемі итжығыс болып жүрген екі жақ оған да үйренісе бастаған. Алайда соңғы он жылда Шегебай ат айылын тартып сары айғырға мініп, қолына Асаның бойында өскен сәмбіні құмға қақтап, кептірілген сойылды алғалы Мойынқұмның бергі жағындағылар жеңіске жетіп жүрген.Енді, соңғы бір-екі жылдың жүзінде Арқа азаматтары тыныштықты алып, қайта-қайта ел шетін дүрліктіріп кететінді шығарды. Малынан айырылған ағайындар мен ауылдастар Шегебайға тіл тигізетінді шығарды. Ағайын арасы алауыздана бастады. Ортаға ақсақалдар түсуіне тура келді. Шегебайды аттан түсіру, оған атқа мінуге тиым салу туралы сөздер қозғалды. Ер азаматтың қанаты болып есептелінетін қасиеттен айырудан артық ауыр жаза жоқ екенін еске ала келіп, ақсақалдар Шегебайға «тиыл» деп қысқа ғана ескерту жасаған. Мұның өзі Шегебайға ұнамады. Барымтаны кәсіп те, нәсіп те еткен ол бұл істі оңтайландырып жүрсе. Ақыры атқа қайта мінудің, Арқаға жол тартудың жолын тапқандай болған. Сөйтіп жанына жеті-сегіз ұрымтал жігітті ертіп Арқаға ерте көктемде кеткен. Ондағы ойы ауылдарына жиі келіп жүрген барымташылардың бетін Қызыларай, Қарқаралы сияқты өңірге аударып жіберу болатын. Ақтау, Ортау, Қызылтау және Ақсу-Аюлы маңынан барымталанған малды қаракесектер мен қазаққа сіңіп кеткен қырғыздар отырған ауылдарды баса өтіп, Балқаш көлінің теріскейін жағалап, Шыңғыс тауына қарай асырды. Ол жақтан барымталанған малды Ақтауға дейін жеткізді. Ерте көктемнен бастап бұл іс ендігі жерде өздерінің араласуынсыз-ақ жалғасын таба бастады. Енді елге қайтса да болатын еді, бірақ үйреншікті іс қойдырсын ба, қол Арқадан құр қол қайтуды жөн санамай, жаз бойы бірнеше рет көзінің құртын жеген тарақты Сәтпай байдың көкқасқа айғыры бастаған үйірін ала кетуді ойлады.

Қар ертең жауады, бүгін жауады деген сәтте, көлеңке ұзарған кезде Қызылтаудың қойнауында жатқан үйірге лап қойған Шегебайлар шу шығармай екі жылқышыны да тірсектен қағып түсіріп, үйірді бір үйіріп, енді бетті түземек болып тұрғанда, «аттандап», он шақты жігіт шыға келмесі бар ма. Саны шамалас қуғыншыларға бұлар да қаймықпай ұмтылды.

– Жігіттер, тірсектен немесе тобықтан ғана ұрыңдар, майып болып жүрмесін. Өздерің тас кебенектеріңді киіп алыңдар,- деп айқайлай алға ұмтылған Шегебай әп-сәтте екі қуғыншыны атының үстінен ұшырып түсірді. Бәкір де, Әубәкір де жайпап жүр. Байқайды қызыл тұмақтың маңдайын қайырып киген ұзын тұра жігіт Шегебайдың ұрымтал тұсын іздеп жүргендей. Бір-екі рет жанай келіп сойылын сермеді де, қашқақтап кетті. Бір сәт қызыл тұмақты жігіттен секем алғанымен Шегебай қарабаласта оны ұмытып, оқалақ тиген өгіздей, бас-көз демей жапап жүрген дәуге ұмтылған.

Екіжақ та өліспей беріспеуге бел байлағандай. «Мал» деп жүріп, жанмен қошайтысу мүмкін екенін болжаған барымташы жігіттерге «шегініңдер» деп белгі берген. Тура осы сәтте қызыл тұмақ киген ұзын тұра жігіттің сойылы Шегебайдың жон арқасына сарт ете қалды. Ат үстінен әрең аумай қалған ол аса жылдамдықпен қарсысыласының қарынан жібергені сойылмен ұрып сол еді қызыл тұмақ ұшып түсті.

Шегебай бойын түзеді. Бір сәтте бойынан жан кетіп бара жатқандай бүкіл денесі ұйыды. Денесінің атынан ауып бара жатқанын байқады. Бар күшін жинап, ердің үстінде түзеліп отырды. Қызыл тұмақ кигенге қайта бұрылып келіп қараса, қолын ұстаған күйі бар дауысымен айқай салып, қырбақ қардың үстінде аунап жатыр. Шегебай бар күшін жинап, сойылын көтеріп серемей бергенде қызыл тұмақтың жанарына көзі түсіп кетті. Сондай бір қайсарлықпен «ұрсаң ұр, бірақ мен сені жеңдім» деп тұрғандай тесіле, масаттана қарай қалыпты. Жалындаған жанары өңменінен өтіп барады. Көтерген сойылын сермемей, жігіттің үстінен асыра лақтырып жіберді де, атының басын бұрып, бар дауысымен: «Жігіттер, кеттік!» деді. Қырдан асқан үйірді тез ақ қуып жетті. Алайда олар шайқас болған жерден ұзап кете алмады. Шегебай көп жүрмей ақ атынан аударылып түсті. Аузынан қан кетіп, басы айналды, жылымық пен бірге ыстық леп шарпыды. Айнала бозымық тұманға ұласты. Жолдастары оны биік жартастың ығына әкеліп жайғастырды. Бүкіл денесі терге шомылған ол біраз көзін жұмып жатты да қоңыр дауысымен сөйлей жөнелді.

– Бауырларым, жортуылда жүрген жиырма жылда бір жеріме таяқ тимеген еді. Ешқашанда көтікүл болған емеспін, тартысып, жұлысып өтіп барамын. Мына соққы алғашқысы әрі ең соңғысы болар. Мен таңға жетпей бұл дүниемен қоштасамын, – деген ол қайта-қайта жұтынып, әңгімесін сабақтай алмай біраз жатты. Езуінен қою қара қан аға бастады. Тағы да жұтынып еді, аузы лықсыған қанға толды. Түкіре алмады. Жолдастары басын көтеріп, орамалмен ауызын сүртті. – Барымтаға мені анам немесе туғандарым үйреткен жоқ. Мені осы жолға салған ел намысы. Есең кетіп жатқанда қалайша тыныш жата аласың. Осы күнге дейін өзімнің де, ағайын-туысқандарымның да есесін ешкімге жіберген емеспін. Барымтамашы болып, мыңды айдап жүргенімде астымдағы аттан артық малым болған емес. Аталарымыз айтқандай «барымталап алған мал емес, қуып алған—құн емес». Тапқан - таянғанымды өздеріңе бөліп бердім. Бірақ, бір нәрсе өзіме баяғыдан-ақ аян. Елдің қарғысы жібермейтінін білдім. Ішімнен осы жорық соңғы жорық деп байламға келіп те қойып едім. Шынында да өмірімді қиятын соңғы жорық екенін білмеппін. Дегенмен де мен ақтала алмаймын, қалай айтсам да мен зорлық жолында жүрген адаммын. Оны Алла Тағала кешпейді. Енді міне, елдің көз жасы жібермей мені жазалап жатыр. Жаным о дүниеде жай табатынына да көзім жетпейді. Елге сәлем айтыңдар, қарыздары болса, ағайын-туыстардың алдында күнәм болса кешсін. Мүжілмеңдер, сағтарың сынбасын.

Осылай деген Шегебай ауызына толған қара қанға шашалып, тағы да біраз уақыт сөйлей алмай жатты.

– Шәке, о не дегеніңіз, елге аман-есен барасыз. Барымтаның тоқтайтынын айтып, бауырларыңызды қуантасыз...

– Иә, енді ауылды Арқаның жігіттері шаппайды. Ол рас. Мені мына жерде Айғырұшқан деген биік шатқал бар. Сол шатқалдың бауырына аманат айтып жерлеңдер. Жер аяғы ұзарған соң алып кетерсіңдер, – деп үзіліп кете берді.

Бұл оқиғаны Шегебайдың жанында болғандар көз жастарын көлдете әңгімелегенін естіген Қалымбет атасы іштей егіліп, ұзақ жылағанын кішкентай Әбдір көрген, естіген. Осы оқиға атасының еңсесін басып, төсті іздеп баруға мойын бұрғызбағанын қайта-қайта айтып, мазасызданғаны да есінде. Төсті іздеуді амалсыз қыстауға қоныстанар сәтке қалдырған...

... Түн жарымға дейін дастарқан басында ағайындар арасында отырған Әбдір ертең шопандарды ертелей аралайтыннын айтып, демалыс бөлмесіне кетті. Дастарқан басындағы әңгіме бұдан кейінде біразға дейін тоқтаған жоқ.

...Ерқара Үдербаев үйінен екпіндей шықты.

– Ассалаумағалейкум, Жәке. Мерейіңіз көтеріліп, съездің төрінде отырғаныңызды көріп, Ленин орденімен наградталғаныңызды естіп, қуанып жатырмыз. Ұзағынан сүйіндірсін! Құтты болсын!

– Мен сені құттықтағалы келгенімді пайдаланып, алды-артымды орап, сөзімізді жұлып алып жатырсың ғой... Пысығын қарай көр.

– Е... Жәке Сіз таусыз ғой. Сізге жақындаған сайын біз кішірейіп, Сіз үлкейе түсесіз. Ерқара бар дауысымен күлді.

– Жарайды Жұлдызыңды көрсет, көрімдігін берейік, – деп директор қалтасына қолын салды.

– О... жәке, ол болмайды. Көрімдік алдымен бізден. Менің Социалистік Еңбек Ері атануым Сіздің арқаңыз ғой. Биыл талайлардың кеудесі жарқырады.

– Дұрыс айтасың 48 үшаралдық мемлекет наградасына ие болды. Ең үлкені сенікі. Маған көрімдікті үйге келіп, Құндызай жеңшеңе берерсің, ал әзірге мен әдейі сені құттықтағалы келгенімде көрімдік бермей кетуім жарамас. Келін қайда? Келінге берейін, – деп үйге беттеді.

... Дастарқан жайнап тұр. Молынан жайылыпты. Әбдірдің іші жылып сала берді. Бүгінгі дастарқан басындағы әңгіме тұшымды болатын жүрегі сезді.

Көптен бері көріспеген шопандар бір-бірімен қауқаласып, әрнәрсені әңгіме өзегіне айналдырып, дауыстай сөйлеседі. Ақ бауырсақ пен құрт-ірімшік шашылған дастарқан үстінде жеміс те, тәтті мен ләмпесиде жатыр. Қаймақ пен сары май әр адамның алдына қойылғандай. Сүт құйылған қою шайдың үндіден келгенін де Әбдір сезді. Іштей коопторгтың бастығы Зейнолла Сабыровқа риза болды. Бір сәт директор не айтар екендей бәрін үнсіз қалып, жәкелеріне қарады.

...Бір-біріне жақын отырған он отардың шопандарын бір жерге топтастырып, дастарқан басында әңгіме өткізген бастыққа олардың ризашылығын жүздерінен байқаған Әбдір әдеттегінше алдымен шопандарды тыңдап, олардың ұсыныстары мен өтініш-тілектерін екшеп, қорытынды сөзді өзі айтатын. Бүгін де сол дәстүр сақталды.

– Өздерің жақсы білесіңдер «Таластық» деп аталатын елтірінің аспанкөк жаңа түрі пайда болды. Ғалымдардың қанша жыл талмай-қажымай жұмыс істегендерін де жақсы білесіңдер. Бұл елтірі түске дейін алқаракөк, түстен кейін сарғыш-қоңыр, кешке қарай қызыл жалқын, түнде сары жалқын болатынын да көріп жүрсіңдер. Одақта бұдан артық елтірі жоқ. Біздің елтіріні Англия, Франция Америка алтынға сатып алып жатыр.

– Оның несін айтасыз, Үшаралдың қойнауынан шыққан елтірі Леонид Ильичтің польтосының жағасында тұр емес пе!-деген Серіктің сөзіне жиналғандар ду күлді. – Күлмеңдер, сенбесеңдер өздерің бағдарлап қараңдаршы. Оны ол кісіге Димекең сыйлаған. Ол аз десеңіздер генералдың папахаларыда біздің елтірілерімізден тігіледі. Сенбесеңдер сұрап көріңдер. Тағы күлкі. Серіктің мына сөздеріне Әбдір жылы жымиды. Бірақ әңгіме арнасын басқа жаққа бұрмай сөзін одан әрі жалғастырды.

–Елтірі қойдан қымбат. Қойдың құны 17 сом болғанда, бірінші сұрыпты елтірі -30, екінші сортты 27 сом. Жылына мемлекетке өткізетін 25-30 мың елтінің 85 пайызы бірінші сортпен қабылданатынын еске алсаңдар қанша пайда алатынымызды мына Кемал Дотдаев ағаларың алдынала еспетеп қойған. Бұл аз десеңдер жыл сайын Семей ет комбинатына жіберілетін 1,5-2 мың мәйекті айтыңдар. Жаңа сойылған қозыдан алынатын мәйек көнеден қалған атамыздың ашытқысы. Қазақ ғана пайдаланатын бұл ашытқыға қазіргі қоспаларың миығына да келмейді. Сіздердің еңбектеріңіз адал. Атам қазақ маңдай терін атақ үшін емес, абырой үшін төккөн.

Әбдірдің мына сөзінен кейін әңгіме қызып сала берді. Қойдың сүті қатылған қою қара шай дастарқан басында отырғандардың маңдайынан тер шығарды.

Әбдірдің дастарқанды ақылдасар, кеңесер алаңға айналдырғаны қашан. Дастарқан киесі иілмегенді иілдіріп, бүгілгеннің белін жазатынын жақсы білген ол бүгін де қателеспегенін жақсы білді. Енді Ақсайды тіліп, Үшаралды басып, Аралдан асатын жаңадан салынатын жолдың сүрлеуі туалы әңімелесу керек. Ауылдың ескен желін емге айналдырған азаматтар қандай міндет болсада орындайтынын жақсы білетін Әбдір тағы да ауылдың көркіне көрік қосу бағытында атқарылатын жұмыстар туралы да жиналғандарды хабардар етуді міндетіне санады.

Дегенмен де Ерқара Үдербаевты Социалистік Еңбек Ері атағын алуымен Әбдірдің құттықтауы және өзінің партияның үлкен форумына қатысуы қалыптасқан дәстүрді сәл де болса бұзды. Біраз шопандар қайта-қайта Съезд, Москва, Ерқара және директордың мәртебесі айналасында сөз қозғап, әңгіме арнасын басқа жаққа бұра берді. Алайда көлгірсуді ұнатпайтын Әбдір кездесу басында съезден алған әсерлері туралы айта отырып, алда тұрған міндеттерге қайта айналып.

– Партияның шешімдерін орындау міндет. Бізге көрсетіліп жатқан қамқорлық осыған міндеттейді. Бұл съезде ауыл шарушылығын көтеру, оны техникамен жарақтандыру ерекше сөз болғанын жаңа ғана айттым. Қалай да биыл алынған төлді аман сақтауға, елтірінің сапалы болуына ерекше назар аударуымыз керек. Қазір біздің сұр түсті елтіріге деген сұраныс өте жоғары. Оның үстіне өткен жылы бізге келген шетелдік қонақтар өніміміздің өте сапалы екенін бүкіл әлемге жарнамалады. Моквадағы «Каракөлтрестің» басшылары осыны айтты. Тағы бір айтатын мәселе Біріккен Ұлттар Ұйымы біздің тәжірибемізді тарату бағытында іс-шаралар қабылдап жатқанын да естідім. Осы орайда сексеуіл тұқымын себудің әдісін де қайта қарау керек, – деп бас агроном Омарқұл Үмбетовке қарады. – Осындай сәтте табыс биігінен көріну парыз. Барлық мамандарға, сауда, мәдени-тұрмыстық, қызмет көрсету салаларына сіздерге қызмет көрсетуді, жағдай жасауды тапсырамын. Социалистік жарыстың қорытындысы тез шығарылып, жеңімпаздар марапатталады. Оның шарттарын өздеріңіз жақсы білесіздер. Кәсіподақ, партия ұйымдары жеткізген болар. Көп ұзамай көктеуге көшеміз, оны да ойластыра берген жөн, – деп, басқосуды қорытындылаған Әбдір сөзді қысқа қайырды. Оның есесіне шопандарды дәрігерлердің белгіленген кесте бойынша араламағаны, аяғы ауыр келіншектерді орталыққа емдеу орындарына жеткізілмегеніне қатты реніш білдірді.

Бұдан кейін директорға ферма меңгерушілері Қожамқұл Ілебаев, Сыздықбек Амангелдиев, Әміртай Мүкияеев, Сарыпбек Исаев, Тұрарбек Серікбаевтың, бас мал мамандары Әрін Әйтекеев, Елизавета Акатова, Иван Мальцев, Кемал Дотдаев, Омарқұл Үмбетов, Талатбек Жұмабеков, Лев Ким және бас экономист Жақсыбек Тойшыманов есеп берді. Директор олардың әрқайсысын мұқият тыңдап, қосымша сауалдар қойып, кейбір мәселелерді нақтылай түсті.

– Барлық жұмысымыз болашақтың жарқын болуына бағытталған. Ішкенге – мәз, жегенге – тоқ болудың күні өтуі керек. Сондықтан да ең алдымен адамға деген қамқорлық ерекше болуы керек. Ферма меңгерушілері мен мал мамандарының осыған назар аударуын тапсырамын, – деп сөзін тұжырымдаған директор бас мамандарды ертіп келесі фермаға қарай жол тартып кетті.

Алдынан арсалаңдап шопан Жамбыл Айдынбеков шықты.

– Е... батыр қалай амансың ба? Есегің қалай, – деп күлді. Жамбылда күлді.

– Жәке аман болсақ есекпен коммунизмге барамыз.

Әбдірдің ойына осыдан бір жыл бұрын болған бір оқиға есіне түсті. Күн сайын болмасада күнара шаруашылыққа облыстан немесе ауданнан өкіл келіп, шопандарды аралайды. Облыстық халықтық бауылау комитетінен келген азамат барған, көрген жерінен ілік іздеп, әйтереу кемшілік тапқысы келіп тұрғанын директор іштей сезді. Бір қызығы биліктің өкілі өзін жергілікті азаматтардан ақылды санайды. Жанында атағы одаққа тараған, өндірген өнімін әлем тұтынатын асыл тұқымды қой зауытының директоры, Социалистік Еңбек Ері, КПСС-тің Тексеру комиссиясының мүшесі, СССР Жоғарғы Советінің депутаты тұрғанына қарамастан биліктің өкілі болған соң өзін ақылды санап, ақыл айтуын жалғастырып келеді. Байқайды бір-екі рет шаруашылықты жүргізу туралы өзіне ақыл айтып, «орындау керек» деп, нығыздап тапсырма бергенін де байқады. Байқап қараса, қазір облыс малшыларының табиғаттың мінезіне сәл болса да, қарсы тұра алмай, оның ауыртпалығын жеңілдетуге болатын істерді қолға алынбауына билік кінәлі. Өзі қыс басталар алдында облыстық партия комитетінің хатшысына телефон шалып, қыстың соңы қатал болатынын айтқан. Құлақ асқан кісі болмады. Ойының бір сақтан екінші саққа ауысып кеткеніне таңданыс білдірді. Қойшы, сол өкіл Жамбыл Айдынбековтың қыстауына келген де шопанның сәлемін жүре алып, бірден қорға беттеген. Қора жанындағы маяда шөп жеп тұрған есекті көріп аңтарылып біраз тұрып қалған.

– Мына неғылған есек. Арам есегіңді қой жейтін шөпке жібергенің не? Мемлекеттің қаржысына дайындалған шөпті жекеменшігіңдегі есегіңе бергенің масқара!

– Бұл шаруашылықтың есегі. Шөпті берсем зауыттың есегіне беріп жатырмын,-деген Жамбылдың сөзіне уәкіл ежірейе қарады.

– Не айтып тұрсың! Аты одақтың Алтын Кітабына жазылған «Талас» асыл тұқымды мемлекеттік қаракөл зауыты қойды есекпен баға ма? Өтірігіңе береке берсін! Барып тұрған есектің миын жеген екенсің!

– Не қаңқып тұрсыз. Есек... – деп Жамбыл едірейіп келе жатыр еді, Әбдір жөтеліңкіреп алып:

– Басеке, шопан рас айтып тұр. Есек шаруашылықтыңке. Ана жылы мына Созақтан Сейдахмет Айтжанов басқаратын совхоздан қой алғанымызда олар «есегімізбен бірге аласыңдар» деп, бізге өткізіп жіберген. Содан бері біздің есбімізде оншақты есек бар. Құмда, қой қайыратын балалар үшін таптырмайтын мініс.

– Не сонда, коммунизмге де есекпен барамыз ба? Құртыңыздар. Басқа басқа тап сіздерге есек мінген жараспайды!

– Несі бар есекпен коммунизмге барса?! Әжетіңе есек жарап жатса одан неге тартынамыз. Көтерген жүгі адал емес пе? Құдай адамның есегінен сақтасын, ал бұл есектің зияны жоқ,-деп бұрылып жүре берді.

Уәкіл қызарып жерге қарады. Жамбыл білінер білінбес жымиып барып, есектің аттақырына шөп салды...

Мойынқұмға бойлай енген сайын құмның бауыры күн қызуына жылынып, босай түсуі жол жүруді қиындата түсті. Жайлаукөлге жақындап, Аралбайдың Доңғалына шыққанда құм бауырының да жылығанын анық сезді. Бұған Әбдір іштей қуанып келеді. Құмнан тоң кетті дегенше көк шөп шығады дей бер. Мұның өзі төлдеп жатқан қой үшін азық. Жанында отырған бас зоотехник Әрін Әйтекеевке бұрылып:

– Қыстан қанша шөп қалды? Есептедіңдер ме? – деді.

– Әлбетте. Қазір ғана төлдеген қойға шөпке жем қосып беріп жатырмыз. Малдың көпшілігі Сіздің нұсқауыңыз бойынша қыста жылдағы әдет бойынша тебіндеп шықты ғой. Қызық болғанда бізден көп шөп жинағаны туралы ақпар бергендер шөп сұрап келді емес пе?! – деп, бас зоотехник мырс етіп күліп жіберді.

– Өтірік өрге жетелемейді. Атам қазақ жайылымды тиімді пайдаланған. Менің айтайын дегенім бүгінгі күннен бастап құмның қай жеріне қар қалың түсті, қай жерге су көп жайылды осыны назарға алып, ойда сақтағаның абзал. Келесі қыста қар қалың түскен жерге малды әкелмеу керек. Себебі мал тебіндей алмайды. Су көп жайылған жердің шөбі қалың, шүйгін болатынын да ұмытпаған жөн. Ол жерге қыста малды ұзақ уақыт жаюға болады. Байқасаңыздар біз негізінен ата-бабаларымыздың мал бағу тәсілін игеріп, шөпті көп дайындамаймыз. Оны өздерің көріп жүрсіңдер. Ал, шындап келгенде осы өңірден 70 мың қойға зоотехникалық талапқа сәйкес жеткілікті шөп дайындау мүмкін емес. Бұл бағытта айта берсек шешімін табар түйінді мәселелер көп. Құрама жемазық цехтарынсыз қойды көбейту әрі қыстан аман сақтап қалу қиын. Ұрандай берудің де пайдасы шамалы. Баға білмеген мал әлек, бағымы кеткен ел әлек болып жүрмесін...

Сөзге партия комитетінің хатшысы Әділ Шөреков араласты.

– Партияның бүгінгі мақсаты мен саясаты да соған бағытталып отырған жоқ па, соны ұмытпаған жөн. Қажет болса шөп те, жем де табылады, – деп ол айналасына бағдарлай көз тастады.

– Оған сөз бар ма?! Соншама қой өсіру үшін қазақтың бәрі қойшы болу керек емес шығар,- деген Әбдір парткомға қарады.

– Жастар бар, бригадалар ұйымдастырамыз. Комсомолдардың коммунистердің соңынан ергені өмір жолын анық көргені.

Әбдір әңгіме арнасын басқа жаққа аударды.

– Малды көбейту үшін алдымен шопандарға жағдай жасауымыз керек. Алдағы бесжылдықта біздің алдымызда тұрған басты мақсаттың бірі жол салу. Мойынқұмды тіліп тұрып Жуантөбе, Бөлтірік, Досбол бағыттарында жол саламыз. Барлық ферма орталықтарына тас жол жеткіземіз. Өздерің білесіңдер біздің жаз жайлау Ақсай алқабы. Осы алқаптан ферма орталықтарына жүз шақырымдық ауыз су құбырын, сонымен бірге электр энергиясын тартуды келісіп келдім. Сонымен бірге мұғалімдерге, жас мамандарға жағдай жасау үшін тың шешімдер қабылдаймыз. Алдымен оларға үй саламыз. Үшінші ферманың орталығында орталау мектеп ашып, мектеп директорына үй салып беру де ойда тұр, деген Әбдірдің сөзін шопандар қол шапалақтап қарсы алды.

Ойына Асанбай Асқаровтың күні кеше ғана ұшақта айтқан сөзі оралды. «Алдымен елдің жағдайын жақсарту керек. Жол, мектеп, клуб, жай сал. Болмаса жолын тауып еңбек ақысын көтер. Сонда ғана халқымызға адал қызмет еткен боламыз. Енді 10-15 жылда Қазақстанда жаңа қалалар, өндіріс орындары салынатын болады. Үлкен кісі аман болса енді біз мешеуліктен кетеміз, жайнаған, жасарған елге айналамыз. Осыны естен шығарма. Жан-жағыңа айта жүр» деген еді. Сол кезде Асекеңнің ол сөзіне айтарлықтай мән бермеген еді. Қазір ойлап қараса, астары бар, көңілді толқытар істің басы екен.

Директордың жанында жүргендер басшыларының көзқарасы да, сөзі де өзгергенін байқады. Партия беделін жалаң сөзбен емес, халыққа жасап жатқан жақсы істерін айта отырып көтеру қажеттілігін талай рет қайталады. Шаруашылық фермаларын аралағаннан кейін аудан орталығында өткен белсенділер жиналысында сөйлеген сөзінде осы ойды қайталады. Тіпті аудан басшыларына экономиканы көтеру алдымен халыққа пайдалы болу керек екенін де естеріне салды. «Көп қозы алған шопанның да, экономикасы өрлеген шаруашылықтың жағдайлары да, тұрмысы да өзгелерден жақсы болуы керек. Теңгермешіліктен арылу ғана социалистік жарыстың нәтижелігіне қол жеткізеді», деген пікірі басшылардың біразын екіұдай пікірде қалдырды. «Қағиданың қарама-қайшылығы бар ма?!», – деп ойлағандар да болды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   18




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет