КҮНДЕЛІКТЕГІ ЖАЗБАЛАР
Камалқызы Жагымгүл - Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті. Түркістан қаласы
Фил.ғыл.канд., доцент
(М.Әуезовтің музей-үйінде орналасқан Халық университетінде өткізілген сабақтар туралы Р.Бердібай күнделігіндегі жазбалардан)
Дневниковые записи
(Из записей в дневнике Р.Бердибая об уроках проведенных в народном университете, расположенном в доме –музее М.Ауэзова)
Түйін сөз: Мақалада ҚР ҰҒА академигі Р.Бердібайдың күнделігіндегі Халық университетінде өткізген сабақтары туралы мәліметтер айтылады. Халық университетінде өткізген әрбір сабақтың халық рухын оятуға еткен қызметіне баға беріледі.
Резюме: В сатье даются сведения из дневниковых записей НАН РК Р.Бердибая о проведенных им уроках в стенах Народного университета. Дается оценка каждого урока направленного на пробуждение национального сознания.
Кілт сөздер: Халық университеті, ұлттық ой, мәдени мұра, халық арманы, сақ, ғұн, керей, найман, Оғызнаме, айғыр мен қасқыр суреті, Бұланты өзені, Ақ Орда.
Ключевые слова: Народный университет, ноциональное сознание, культурное наследие, меччта народа, саки, гуны, керей, найманы, огызнама, наскальные рисунки жеребца и волка, река Буланты, Ак орда.
Аннотация: Мақала 1963 жылдан бастап, М.Әуезовтің музей-үйінде жұмыс істеген Халық университетінің қоғамдық негіздегі ректоры ҚР ҰҒА академигі Р.Бердібайдың ерекше қызметі жайлы баяндайды. Халық университетінде өткізілген сабақта жасалған баяндамалар, баяндамашылар, олардың негізгі мазмұны жайлы мәлімет беріледі. Халық университетінде өткізілген сабақтың қазақ қоғамындағы маңызы туралы айтылады. Әрбір сабақтың ғылым үшін, ұлт мәдениеті үшін маңызды болғандығы нақты сабақ мазмұнымен түсіндіріледі. Мақалада төрт сабақ туралы жазба келтірілген. Бұл Р.Бердібай күнделігінде сабақ туралы жазылған мәліметтердің қалай жазылғандығына мысал түрінде алынған. Өзінің баяндамасы, атақты ғалым Ә.Марғұланның баяндамсының тезистері, жазушы І.Есенберлинмен кездесу. Автор Халық университетіндегі сабақ туралы мәлімет білетіндерден хабар күтеді. Халық университетіндегі сабақтар туралы жинақ шығаруға дайындық үстінде, жинаққа қосуға болатын мәлімет болса, жіберулерін сұрайды.
«Өкінбедім орденін алмадым деп,
Темір белгі киімге таңбадым деп,
Киім тозар, темірді тот та басар,
Айтсам болды халықтың арманын тек».
14.12.88.
(Р.Бердібай күнделігіндегі жазбадан )
Кеңес дәуірінде орталығы Мәскеу қаласында орналасқан «Білім қоғамы» жұмыс істеген. Соның бір саласы – жер-жерде қоғамдық негізде Халық университеттері ашылған. Қазақстанда «Білім қоғамының» жоспарына сәйкес, 4 000 –ға жуық Халық университеті тіркелген екен. Бірақ бірде-бір басқа университеттің қызметі туралы еш жерде айтылмайды. Демек, олар жай ғана қағаз жүзінде болған. Ал, Р.Бердібай өзі басқарған университетті нағыз халықтың ұлттық санасын оятатын, өткен тарихымыз, бабалар қол жеткізген ғылым мен өнер туралы құпияны ашуға, жариялауға пайдаланған. Өшіп бара жатқан халық өнерін қайта тірілтуге осы қоғамдық негізде ашылған Халық университетінде өткізілген сабақтар көмектескен. Қазақ зиялылары бұны қатты қолдаған. Тыңдаушы да, оған келіп баяндама жасаушылар да сол кездегі ғылым мен өнердің ірі тұлғалары болған. 500 рет өткізілген сабақ қазақ зиялыларының саясатқа бағынбай, ұлт тағдырына қатысты мәселені айтатын, шешім қабылдайтын ерекше қасиетті орны болғанын көреміз. Дамыған елдер тарихында бұндай оқиғалар жазылып қалған. Мысалы неміс ұлтының ұлт болып бірігуіне, мәдениетінің дамуына ХҮІІІ ғасырда «Тасқын мен тегеурін» қоғамдық ұйымы көп әсер еткені айтылады. Оның құрамында атақты И.Гете болғаны туралы мәліметтер бар Біз сөз еткелі отырған Р.Бердібай басқарған Халық университеті де қазақ қоғамында ұлттануда ірі қозғалыс болғаны анық.
2016 жыл 20 тамыз. Сағ.11.08. ҚР ҰҒА академигі Рахманқұл Бердібайдың жұбайы Бибізада Медеуова мен қызы Айжан Бердібайдың рұқсатымен өз үйінде сақталған архивіндегі қолжазбаларын оқуға кірістім. Ең алдымен, Айжан академиктің қойын дәптерлерге жазған күнделіктерін ұсынды. Біз академиктің М.Әуезов музей-үйінде өткізіп тұрған Халық университеті сабақтары туралы мәліметтер іздеп, ол тек өз қолжазбаларынан табылып қалар деген шешімге келгенбіз. Өйткені ғалым өзі өміріндегі көп қырлы қызметтерінің ішінен ерекше бағалағаны, аса бір ризашылықпен еске алып отыратын бір қызметі – М.Әуезовтің музей-үйінде ашылғын Халық университетінде өзі ұйымдастырып өткізген 500 сабағы. Бұл туралы өз сөзін келтіргенді жөн көрдік. «500-ден аса сабақ өткізілді. Қазақ халқының соңғы 2000 жыл ішіндегі тарихы жайында қадау-қадау, тың тақырыптарға барып жүрміз. Бұл –ұлттық ойымызды оятуға, мәдени мұраны таныстыруға зор қызмет атқарған жалғыз университет. Алған айлығым, мінген машинам болған жоқ, соны басқарып келемін. Жолдастарым: - Қанша орден алдың?- деп қалжыңдайды. Мен үшін әр сабағым – орден. 500 сабағым – 500 орден. Мақсатымыз – мүлгіп жатқан ойды ояту, қазақтың өз мұрасын өзіне қайтару»[1; 126-б.]. Осы сабақтарды түгелдеп, ең болмағанда тақырыптарын, баяндамашылар мен тыңдаушылар туралы мәліметті жинап, анықтағыш түрінде болса да баспадан шығаруды мақсат етіп жүргенімізге біраз уақыт болған еді. Өйткені бұнда өткізілген сабақтар туралы, онда көтерілген мәселелердің қоғамда сұраныс тауып, біраз рухани мәдени мұралардың қайтарылуына, қайта жандануына әсер еткенін Р.Бердібай туралы сөз еткен зиялылардың айтқандарынан әр жерде есітіп те, оқып та жүрміз. Ғалымды соңғы сапарға шығарып салуға арналған қаралы жиында жазушы Ж.Шаштайұлы: «Құрметгі қауым, біз жоғарғы оқу орнын бітірдік деп көңілімізді марқайтамыз ғой, әрқашан. Өткенге ой жіберіп қарасақ, оқудың оқуы халық университеті екен. Соның арқасында ғана қазақтың домбырасы мен жырын қасиетті мұра деп сезіне бастадық. Сөздің шыны осы. Бірақ сол университет жұмысын Рахаң өзінің күнделікті міндеті сияқты атқарды. Мұндай мінезді қазір қолыңа шам алып тұрып іздесең ле таппайсың. Рахманқұл Бердібаев арқылы біз ата-баба табиғатына жақындадық. Рахаң арқылы қалың қазақ өз орындаушыларымен танысты»,- [2; 264-65],- деген болатын. Ғалымның өз сөздерінде де бұл жайлар айтылып отырады: «Мысалы, терме мен жыршылықты, шертпе күйді насихаттаған – халық университеті. 60-жылдардың басына дейін ән ғана айлатын. Халықтың бір өнері - жыршылық қайта оралды. Ақындар айтысы дәстүрін жаңғырттық. Халық университеті көптеген қайым айтыс кештерін өткізді. Ел көріп, ғажайып өнер екеніне көзі жетті. Соның нәтижесінде, республикалық айтыстарға жол ашылды. Ескі музыкалық аспаптар, домбырашылық өнердің бір саласы шертпе күйлер қайта тірілді»[1;126-б.]. «Ғалымның күнделіктері, жазысқан хаттары біраз сыр ақтарары анық. Әсіресе, М.Әуезовтің музей-үйінен ашылған Халық университетінде өткізілген 500 сабағын зерттеу, оның жастар тәрбиесіне қаншалықты әсері болғанын айқындаудың өзі бір ғылыми диссертацияның жүгін арқалайтын салмақты зерттеу болады»,- деп жазғанбыз[3;15-б.]. Бұл сабақтар туралы М.Әуезовтің музей-үйіне іздеп барып ешқандай дерек таба алмадым. Ғалымның қолжазбаларынан, қойын дәптерлерінен іздегенді жөн көрдік.
Айжан екеуміз қасиетті жаннан қалған қолжазбаларға жүрексіне қол создық. Құпиясын ішке бүккен сан түрлі қойын дәптерлерді киелі кітап ұстағандай әсермен іштей кәлима келтіріп, аса бір толқыныспен ұстадым... Алғаш қолыма түскен қойын дәптердің бірінші бетінде Халық университетінде өтілген сабақтар туралы жазба шықты. Менің де іздегенім осылар еді. Жақсы ырымға баладым.Үлкенді-кішілі түрлі қойын дәптерлерге жазылған күнделіктер ғалымның азаматтық болмысынан хабар беретін жанды суреттер, ерекше құнды деректер екен. Соның ішінен тек Халық университетінің сабақтары туралы жазбаларды оқып шықтым. Ал, күнделіктерін тұтастай кітап етіп бастыру болашақтың міндеті болып қалып отыр. Оған да бір сәтті күнді бұйыртар деген үміт бар.
Халық университетінде өткізілген сабақтар туралы мәлімет түрлі деңгейде жазылған. Бірінде толыққа жуық баяндамашының сөздері келтірілген. Бірінде қысқа мазмұндалған. Бірінде тек сол тақырыпта сабақ өтілгені туралы қысқа мәлімет жазылған. Берілген сұраулар, оған қайтарылған жауаптар, өзінің пікірлері қысқа- қысқа жазылған. Кейде сұрақтардың жауаптары жазылмай қалыпты. Кей сабақтарды қорытындылап, қабылданған шешімдер жазылған. Көбінде ондайлар жазылмай қалып отырған. Кейбір сабақтардан соңғы автордың өзінің көңіл күйі, сабаққа берген бағасы да жазылған. Кей жазбалар қатты толқыныста отырғанын көрсеткендей. Және қойын дәптерлер толық сақталмаған сияқты. 500 сабақ туралы толық мәлімет табылмады. Табылған мәліметтерде сол уақыттың суық ызғары да, ұлт санасын оятуға ұмтылған қазақ азаматтарының қажыры мен қайраты да анық көрініс тапқан. Болашақта жиналған жазбаларды кітап етіп бастыру жоспарлануда.
Бұл мақалада алғаш қолыма түскен жазбалар туралы ғана хабардар етуді мақсат етіп отырмыз. Және осы сабақ туралы қолдарында мәлімет сақталған заматтар болса, хабарласуын, кітапқа жақсы деректер бергенін қалаймыз, өтінеміз. Біз жіберген мәлімет иесінің аты-жөнін толық сақтап отырамыз.
Қойын дәптердегі жазба: «13.06.62. Кеше Халық университетінде «Тұран тағлымы» деген тақырыпта сабақ өткіздік.
Түрік бірлігінің тарихы, қазіргі жағдайы және келешегі жөнінде сөйледім. Менің сөзімді Моллауздов (?) жалғастырды».
Ғалым қойын дәптердегі күнделігіне өзі жасаған баяндамаларының мазмұнын ашып жазбаған. Тек жоғарыдағыдай қысқа мәлімет беріп қана кеткен. Бұл жазбаның құндылығы – ғалымның тек соңғы, тәуелсіздігімізге ие болғаннан кейін ғана көптеген ғалымдар сияқты кенеттен түріктанушы болмағандығы, сонау ХХ ғасырдың 60-жылдарының басынан бастап бұл мәселеге өз концепциясы тұрғысынан келгендігіне дәлел болатындығы. Баяндамасының тақырыбы: «Тұран тағлымы». Мазмұнына назар аударыңыз: «Түрік бірлігінің тарихы, қазіргі жағдайы және келешегі жөнінде». Коммунистік партияның СССР деп аталатын алып мемлекетті тек бір ұлт, бір тілді етіп шығаруға бағытталған интернационализм идеологиясы шегіне жетіп тұрған уақытта жалпы түрік бірлігі туралы сөз қозғауының өзі ерекше батылдық. Түріктанушылар түрік халықтарының бір-бірінен айырмашылығын, өзгешелігін насихаттап жатқан кезеңде оның бірлігін, бір түбірден тараған туыстығын дәлелдейтін тарихын, одан алар тағлымды сөз етуінің өзі ғалымның өз замандастарынан өзгеше бағытын, өзгеше таңдауын, ұлт тарихын тереңнен танығандығын көрсетеді. Қойын дәптердегі екі жол жазба оқыған жанға үлкен ой қалдырады. Ғалымның жан қиярлық батыл қадамынан хабар береді.
Қойын дәптердегі тағы бір жазба: «24.11.72. Халық университетінде өтілген сабақ. ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ЭТНОГЕНЕЗІ
Баяндамашы: Әлкей Марғұлан
Әлкей Марғұлан сөзінен: Груссенің «Степная империя» деген кітабы (орысшаға аударылмаған) . Клацат(?) Юлиан (ХҮІІІ ғ. жасаған) найманды моңғол емес деген осы. Алим Шмидтпен осы жөнінде айтысқан. Алим Шмидт найманды моңғол деген.
Грек – антика, Иран, Қытай источниктерін білмей, ескі қазақ тарихын білу қиын. Ирандар сак деген. Венгриядан Моңғолияға дейінгі аралықта сырты да, іші де ұқсас обалар кездеседі.
Алтын қазыналар көп жерден табылған. Амудария қоймасын ертеде ағылшындар алып кеткен ... алтын арбада болған. Мұның суретін Дальтон деген кісі шығарған. Ескі суреттерді (жан-жануарлар) ислам діні сынаған, құртқан. Қанкерде (самұрық құс), тастағы суреттер аса бағалы, етене мұра. «Оғызнамада» кездесетін айғыр мен қасқыр суреті Бұланты өзенінің бойында сақталған.
Гүндердің, қаңлылардың әйелдері жоқтау айтқанын тарихшылар (Меканов, т.б.) жазған. Бартольд, Клаузендер мұны растайды. Олардың қазаққа тек боларлық белгісі көп (киіз үй мәдениеті, т.б.) Тас мүсіндер солардан қалған.
Түрік қағанаты бұдан кейін (ҮІ-ІХ ғ.ғ.) ҮІ ғ. Рим елшісі Земарх Таласта болған. Суяб, Баласағұн да сол дәуірден мәлім. Демек, көшпелі тұрмысқа өзгеріс кіре бастаған. Қала мен көшпенділік қатар дамыған.
//Земархты оқу керек. (Бұл ғалымның өзіне жазған ескертпесі сияқты).
Орхон-Енисей жазуы (қия тастағы) сол заман жемісі. Кей тастарда тұтас кітаптың сюжеті бар. Қазақта суармалы егіншілік болғанын көп ғалымдар жазған. Тоқымашылық өнері де күшті дамыған. Кілем, текемет. Мұны Рубрук те жазған. Айша бибі күмбезінде кілемнің өрнегі бар.
ҮІІІ ғ. Керей Найман тайпасынан бөлініп шыққан. Ер Қосайлар осы кездің геройлары. Бірігу үшін күрескендер. Оғыздар осы тұс Сырдан түрікпенге көшкен.
Қарахандар әулеті Қарлұқтардан шыққан. Оларға қыпшақтан басқаның бәрі кірген. Қарлұқтар сахраға исламды әкелді. Қыпшақтар намаз оқу мал бағуға кедергі болады деп көп уақыт қарсы болған.
Алтын дәптер Тараз түбінен табылған. Оны тек Бартольд білген. (Алтын яруғ). Шу бойында Ақжебе шаһары болған. Бұл дәуірді кей ғалымдар эпоха возрождения деп те атайды.
Қазақтың ІХ-Х ғасырларда шыққан алғашқы аты «Алаш». Алты алаштың бірі қаңлы. Ол елден көп ғалым шыққан. (Жамал Қарши) Алты Алаш моңғолға біраз қарсы болған. Кейінірек Жошының әулетіне бағынған. Қазақ Орда ежен әулетін өз ханы санаған.
Орда базар – термин сөз. Шудың орта ағысында Аңырақай тауында Қазақ хандығы ту көтерген. Бұл алғашқы емес, қазақ тайпалар одағы одан да бұрын болған. Мына одаққа алты тайпа кірген. Эведгард «қазақ» есімін ІХ ғасырға апарады. Араб источниктерінде қазақ кейде салт, байтақ деген ұғымда айтылады. Кавказда малшы ұғымында. Сүлеймен Бухари кітабында да қазақ туралы түсінік бар.
ХІІ ғасырдан бері қазақ ұғымы сахарада орын алған.
Сұрақ:
- Дулат руы жөнінен?
- Абайдың қазақ тарихы туралы еңбегі қалай?»
Ә.Марғұланның сұрақтарға берген жауабы жазылмаған.
Бұл сабақтың құндылығын айтып жеткізу қиын. 1972 жылы қазақ зиялылары өз тарихымызға осылай тереңдеп барғанына таңдануға болады. Бұл жылдарда ұлт тарихын біржола жоққа шығарып, тек орыс тарихы, соларға бодан болғанымыздың мерейтойлары аталып өтіп жатқан кезең екенін ұмытуға болмайды. Қазақ ғалымдары өз ұлтымыздың шын тарихын тереңнен зерттей алғандығына дәлел болады. Үкімет саясатын, одан келер қауіпті біле тұра, ұлт санасын жоғалтып алмас үшін, ұлт рухын сілкіндіру қасиетті жанның - М.Әуезовтің музейге айналған үйінде ұлттық рух алауын жағып отырғанын көруге болады.
Келесі бір жазбада да ұл зиялыларының қасиетті үні, сол уақыттың ызғарымен қатар естілгендей болады. «8.12.72. Халық университетінде өтілген сабақ
ІЛИЯС ЕСЕНБЕРЛИНМЕН КЕЗДЕСУ
І.Есенберлин сөзінен: 1943-44 жылдардан бастап қазақ тарихы туралы материал жинай бастадық. //Ермұханмен бірге Маркизде істеген// (Автордың ескертуі). Кішкентайдан құлаққа сіңген әңгімені Кенесары ту тіккен жерден жастай естіп, бойға сіңіргендіктен жазбасқа болмады. Трилогияның атын ойша «Ақ орда» деп қойған едім. ...(Бір сөйлемнің жазуы танылмады).
«Знамя», №11. 1972. Ломидзе мақаласы. «Сборник русских летописей» (1930) көп мағлұмат береді. Иран саяхатшыларының кітаптарынан орыс тіліндегі үзінділері көп мәлімет берді. Қобыланды тарихта бірнешеу. Біздің алып отырғанымыз дерекке негізделген берідегі Қобыланды. Жүз шақты ханнан он шақты хан алынды.
Сұрау-пікірлер:
- Асан, Қобыланды туралы дерек дәл ме?
- Бұрындық аты Мұрындық болса қайтеді?
- Әскери тактика мәселесі қайдан алынған?
- «Алмас қылыш» қанша уақытыңызды алды?
- Газет жанрына қалай бардыңыз?
- «Қаһар» үш жарым айда жазылды. (1943 ж. ойланылған)
- «Алмас қылыш» бас-аяғы бір жылдай уақытта бітті.
// Ибраев «Алма-Ата жилстрой» тресінің жұмысшысы пікір айтты. Ризашылық білдірді, тарихымызды білейік, - деді.
С.Ғаббасов ...»
Міне, күнделіктегі сараң жазбалар осылай беріліп отырады. Кейде тым асығыс жазылған, кейде ерекше бір толқыныстың әсері көрінеді. Кейде автордың ерекше шаттықты жайынан да хабар беріледі. Бірнеше сабақты өткен күні мен тақырыбын ғана жазып, «телевидение түсірді», «телевидениеден хабар берілді» деген мәліметтермен аяқтаған. Мысалы Халық университетінің жиырма бес жылдық мерей тойына арналған сабақты былай баяндаған. «14.12.88. Халық университетінің 25 жылдығына арналған кешті телевидениеден көрсетті. 50 минуттық хабар мазмұнды секілді. Менің «Кәусар бұлақ» деген баяндамамның мәнді желісін беріпті. Біраз қысқартулары сырт көзге байқалмайды. Ширек ғасыр бойындағы еңбектің халыққа кең көрсетілген сабағы осы болды. Телехабарды ұйымдастырушыларға рахмет. Еңбегің халыққа жетіп жатса, оның пайдалылығын ел мойындаса, ризалық білдірсе, одан артық мәртебе жоқ.
Өкінбедім орденін алмадым деп,
Темір белгі киімге таңбадым деп,
Киім тозар, темірді тот та басар,
Айтсам болды халықтың арманын тек».
(«Кәусар бұлақ» деген атпен дайындалған баяндамасының машинкада басылған нұсқасы табылды)
Телевидегие архивіне де өтініш айтылмақ. Мүмкіндік болса оны да жинаққа қосуымыз қажет. Біз үшін маңыздысы сол уақытта ірі ғалымдар айтқан ғылыми қорытындылар, жазушылардың өз шығармашылығы туралы айтқан пікірлері. Уақыт өзгерді, қазіргі дүние таным, қазіргі өмірлік ұстаным мен мақсат та өзгерді. Бірақ Халық университетінде өткізілген сабақтардағы ойлар бүгінмен сабақтасып, бүгінгі күннің негізгі мәселелеріне жауап беріп жатқанын тануға болады. Сол кезде өмір сүрген түрлі саладағы қазақ зиялыларының үні сақталған, ой-армандары, болашаққа қалдырған аманаты бар. Біз жазбаларды өзгеріссіз осы қалпында шығаруды жоспарлап отырмыз. Ал, ол сабақтарда оқылған баяндамалардың толық мәтіні табылып жатса, оны да жариялау ойда бар. Өйткені бұл жазбаларда 1960 жылдардан басталған отыз жылдан астам түрлі саладағы қазақ ғалымдары мен өнер қайраткерлерінің, қоғам қайраткерерінің ұлттың болашағы үшін шырылдаған жан айқайы естіліп тұрады. Қазіргі күн үшін де, болашақ үшін де берері көп дүниелер сақталған.
Ескерту: Жақшаның ішіне сұрақ қойылса, сөз қате болуы мүмкін, қолжазбадан дұрыс оқылмаған дегенді, көп нүктелер де танылмаған сөздер қалдырылғанын білдіреді.
Әдебиеттер:
1. Бердібай Р. Бес томдық шығармалар жинағы.5-т. «Қазығұрт», 2005, -456 б.
2.Қазақ рухынан бой көтерген бәйтерек. Түркістан. «Тұран». -2013. – 312 б.
3.Камалқызы Ж. Р.Бердібай және қазақ романы. Алматы. 2016. 320 б.
Достарыңызбен бөлісу: |