Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар


-тарау. ЕҢБЕК ШАРТЫ ТАРАПТАРЫНЫҢ, ЖІБЕРУШІ ТАРАП ЖҰМЫСКЕРІНІҢ МАТЕРИАЛДЫҚ ЖАУАПТЫЛЫҒЫ



бет10/18
Дата03.04.2022
өлшемі269,29 Kb.
#137766
түріКодекс
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   18
Байланысты:
рахмет

10-тарау. ЕҢБЕК ШАРТЫ ТАРАПТАРЫНЫҢ, ЖІБЕРУШІ ТАРАП ЖҰМЫСКЕРІНІҢ МАТЕРИАЛДЫҚ ЖАУАПТЫЛЫҒЫ


Ескерту. 10-тараудың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 19.12.2020 № 386-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
120-бап. Еңбек шарты тарапының келтірілген нұқсанды (зиянды) өтеу жөніндегі міндеті
1. Еңбек шарты тарапының еңбек шартының басқа тарапына келтірген нұқсан (зиян) үшін материалдық жауаптылығы, егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше көзделмесе, құқыққа қарсы кінәлі мінез-құлық (әрекет немесе әрекетсіздік) және құқыққа қарсы кінәлі мінез-құлық пен келтірілген нұқсан (зиян) арасындағы себепті байланыс нәтижесінде келтірілген нұқсан (зиян) үшін басталады.
2. Еңбек шартының басқа тарапқа нұқсан (зиян) келтірген тарапы оны осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес өтейді.
3. Еңбек, ұжымдық шарттарда жұмыскер мен жұмыс берушінің материалдық жауаптылығы нақтылануы мүмкін.
4. Нұқсан (зиян) келтірілгеннен кейін еңбек шартының тоқтатылуы еңбек шартының тараптарын басқа тарапқа келтірілген нұқсанды (зиянды) өтеу жөніндегі материалдық жауаптылықтан босатпайды.
121-бап. Жұмыскерді еңбек ету мүмкіндігінен заңсыз айыру арқылы оған келтірген нұқсан үшін жұмыс берушінің материалдық жауаптылығы
1. Жұмыс беруші жұмыскердің алмай қалған жалақысы мен оған тиесілі өзге де төлемдерді жұмыскер басқа жұмысқа заңсыз ауыстырылған, жұмыскер жұмыс орнына заңсыз жіберілмеген, еңбек шартының талаптары біржақты заңсыз өзгертілген, жұмыстан заңсыз шеттетілген, еңбек шарты заңсыз бұзылған жағдайларда, оған өтеуге міндетті.
2. Еңбек, ұжымдық шарттарда жұмыскерді еңбек ету мүмкіндігінен заңсыз айыру арқылы келтірілген нұқсанды жұмыс берушінің өтеуінің қосымша жағдайлары белгіленуі мүмкін.
122-бап. Жұмыскердің өміріне және (немесе) денсаулығына келтірілген зиян үшін жұмыс берушінің материалдық жауаптылығы
1. Жұмыскердің еңбек міндеттерін орындауына байланысты оның өміріне және (немесе) денсаулығына зиян келтірілген кезде жұмыс беруші зиянды Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген көлемде және тәртіппен өтеуге міндетті.
2. Осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, осы баптың 1-тармағында көзделген зиян жұмыскердің сақтандыру төлемдері болмаған кезде толық көлемде өтеледі. Сақтандыру төлемдері болған кезде жұмыс беруші жұмыскерге сақтандыру сомасы мен зиянның нақты мөлшері арасындағы айырманы өтеуге міндетті.
3. Жұмыскерге кәсiптік еңбекке қабiлеттiлiгiнен айырылудың бестен жиырма тоғызға дейінгі пайызды қоса алғандағы дәрежесiн белгілеумен байланысты зиян келтірілген кезде, жұмыс беруші жұмыскерге жоғалтылған табысын және денсаулығының зақымдануынан туындаған шығыстарды өтеуге міндетті.
Еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін белгілеу кезеңінде денсаулықтың зақымдануынан туындаған, жұмыс беруші өтейтін шығыстардың мөлшері төлем төленетін кезде республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген екі жүз елу айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс.
Денсаулықтың зақымдануынан туындаған шығыстарды өтеу бойынша төлем осы шығыстарды шеккен жұмыскер не тұлға ұсынған, осы шығыстарды растайтын құжаттардың негізінде жүзеге асырылады. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде ұсынылатын медициналық көмекке жұмсалатын шығыстар өтелуге жатпайды.
Ескерту. 122-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 30.06.2017 № 80-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

123-бап. Жұмыс берушіге немесе қабылдаушы тарапқа нұқсан келтіргені үшін жұмыскердің, жіберуші тарап жұмыскерінің материалдық жауаптылығы


Ескерту. 123-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 19.12.2020 № 386-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Жұмыс берушіге немесе қабылдаушы тарапқа нұқсан келтіргені үшін жұмыскердің, жіберуші тарап жұмыскерінің материалдық жауаптылығы осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде және жұмыс берушінің актілерінде немесе қабылдаушы тараптың актілерінде көзделген жағдайларда басталады.
2. Егер нұқсан, салдарынан міндеттерді тиісінше орындау мүмкін болмаған еңсерілмейтін күш не аса қажеттілік, қажетті қорғаныс, сондай-ақ жұмыс берушінің немесе қабылдаушы тараптың жұмыскерге, жіберуші тараптың жұмыскеріне берілген мүліктің сақталуы үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі міндетті орындамауы мән-жайларына байланысты туындаса, жұмыскердің, жіберуші тарап жұмыскерінің жұмыс берушіге немесе қабылдаушы тарапқа келтірілген нұқсан үшін жауаптылығы жойылады.
3. Жұмыскер, жіберуші тараптың жұмыскері жұмыс берушіге немесе қабылдаушы тарапқа келтірілген тікелей іс жүзіндегі нұқсанды өтеуге міндетті.
4. Тікелей нақты нұқсан деп жұмыс берушінің немесе қабылдаушы тараптың қолда бар мүлкінің шынайы азаюы немесе көрсетілген мүліктің (оның ішінде, егер жұмыс беруші немесе қабылдаушы тарап осы мүліктің сақталуы үшін жауаптылықта болса, үшінші тұлғалардың жұмыс берушідегі немесе қабылдаушы тараптағы мүлкінің) жай-күйінің нашарлауы, сондай-ақ жұмыс беруші немесе қабылдаушы тарап үшін мүлікті сатып алуға немесе қалпына келтіруге шығын шығару не артық төлем жүргізу қажеттілігі түсініледі.
5. Жұмыскерге, жіберуші тараптың жұмыскеріне қалыпты өндірістік-шаруашылық тәуекел санатына жатқызылуы мүмкін нұқсан үшін жауаптылық жүктеуге жол берілмейді.
6. Жұмыс беруші немесе қабылдаушы тарап жұмыскерлерге, жіберуші тараптың жұмыскерлеріне қалыпты жұмыс істеу және оларға сеніп тапсырылған мүліктің толық сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті жағдайлар жасауға міндетті.
Осы тармақтың ережесі, қашықтан аралас жұмыс істеуді қоспағанда, қашықтан жұмыс істеуге қолданылмайды.
7. Жұмыскерлерге берілген мүліктің және басқа да құндылықтардың сақталуын қамтамасыз етпегені үшін толық жеке немесе ұжымдық (ортақ) материалдық жауаптылық туралы шарт жасалуы мүмкін жұмыскерлер атқаратын немесе орындайтын лауазымдар мен жұмыстардың тізбесі, сондай-ақ толық материалдық жауаптылық туралы үлгілік шарт жұмыс берушінің актісімен бекітіледі.
8. Мынадай:
1) жұмыскерге, жіберуші тараптың жұмыскеріне толық материалдық жауаптылықты өзіне алу туралы жазбаша шарт негізінде берілген мүліктің және басқа да құндылықтардың сақталуы қамтамасыз етілмеген;
2) жұмыскер, жіберуші тараптың жұмыскері біржолғы құжат бойынша есебіне алған мүліктің және басқа да құндылықтардың сақталуы қамтамасыз етілмеген;
3) алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаңдық (оларға ұқсас) жағдайда нұқсан келтірілген;
4) материалдар, жартылай фабрикаттар, бұйымдар (өнімдер), оның ішінде оларды әзірлеу кезінде, сондай-ақ жұмыс беруші немесе қабылдаушы тарап жұмыскерге, жіберуші тараптың жұмыскеріне пайдалануға берген құрал-саймандар, өлшеуіш аспаптар, арнайы киімдер мен басқа заттар кем шыққан, қасақана жойылған немесе қасақана бүлдірілген;
5) жұмыс беруші немесе қабылдаушы тарап үшін нұқсан келтіруге әкеп соққан, бейбәсекелестік туралы талап бұзылған жағдайда;
6) еңбек, ұжымдық шарттарда немесе қабылдаушы тараптың актілерінде ескерілген өзге де жағдайларда жұмыс берушіге немесе қабылдаушы тарапқа келтірілген нұқсанның толық мөлшеріндегі материалдық жауаптылық жұмыскерге, жіберуші тараптың жұмыскеріне жүктеледі.
Ескерту. 123-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 04.05.2020 № 321-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.12.2020 № 386-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 01.07.2021 № 61-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   18




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет