Көлденең жатқан көк тасты Тіктеп тиген тұяғы Саз балшықтай иледі



Дата13.12.2016
өлшемі121,81 Kb.
#3767
Әсірелеу (гипербола)- суреттелетін затты немесе құбылысты шамадан тыс асырып айту арқылы тілдің бейнелігін,әсерлігін арттыратын көркемдік тәсілдің бір түрі.Ол фольклорлық шығармаларда,әсіресе,батырлар жырында жиі кездеседі.

Сонда Буырыл гуледі,

Табаны жерге тимеді,

Көлденең жатқан көк тасты

Тіктеп тиген тұяғы

Саз балшықтай иледі...

...Ұмтылғанда қысылып,

Бес жүз құлаш жазылды.

("Қобыланды батыр")

Сонымен қатар әсірелеу ақындар мен жыраулардың шығармаларында да жиі қолданылған.

Балығы тайдай тулаған,

Бақасы қойдай шулаған...

(Қазтуған жырау)

Шендестіру (антитеза)-кереғар екі затты немесе құбылысты қатар қоя отырып,келесі бір заттың,ұғымның,құбылыстың сипатын аңғартатын айшықтаудың бір түрі.

...Қара жерге қар жауар,

Қарды көр де етім көр,

Қар үстіне қан тамар,

Қанды көр де бетім көр.

("Ер Тарғын")

Сондай-ақ шендестіру тәсілін кейінгі халық ақындары мен жазба әдебиет өкілдері де кеңінен қолданып келе жатқаны белгілі.

Қар -аппақ,бүркіт - қара,түлкі - қызыл,

Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға...

(Абай)

Риторикалық сұраулы сөйлем- ойды,сезімді әсерлі жеткізу үшін жауабы өзінен-өзі айқын нәрсені әсерлі леппен,сұрау түрінде айту.Өлеңде қойылған сұраудың жаубында екі ұштылық,шүбәлану болмайды,оны оқушы іштей біліп отырады.

Мысалы:

Балалық өлді,білдің бе?

Жігіттікке келдің бе?

Жігіттік өтті,көрдіңбе?

Кәрілікке көндің бе?

(Абай)

Сөз өнеріндегі тек пен түр
Әдебиеттің тектері мен түрлері

Әдеби жанр (французша genre – тек, түр) екі түрлі мағынада қолданылады:

Әдебиеттің тектері – эпос, лирика, драма

Әдеби шығармалардың түрлері - әңгіме, роман, баллада, поэма, комедия, трагедия т.б.

Эпос (грекше epos – баян, әңгімелеу, тарихтап айту) – көркем әдебиеттің байырғы, негізгі тектерінің бірі, дәлірек айтқанда өмір шындығын мейлінше мол қамтып, кең суреттейтін, адам мінезін мүмкіндігінше терең ашып, жан-жақты танытатын іргелі, күрделі жанр.

Эпостың туу, қалыптасу тарихы тым әріге, адам санасының алғаш ояну дәуірлеріне тамыр тартып жатыр. Қай халықтың болсын, баяғы бабалар заманынан бері қарай ауыздан ауызға таратып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра ғып қалдырып келе жатқан әдеби туындыларының дені – эпостық шығармалар. Олай болса, эпос – көркем творчествоның ең бір егде, етене, кең тынысты, кәмелетті түрі.

Эпикалық шығармада адамның өмір жолы кеңінен баяндалады, оның басынан кешкен тағдыр мен тіршілік толық жинақталады, ол қатысқан оқиғалар молынан суреттеледі, ол жасаған іс-әрекеттер тұтас бейнеленеді, адамдар арасындағы қарым-қатынастар әр қырынан айқын көрсетіледі.

Өмір шындығын қамту, адам мінезін ашу мүмкіндіктеріне қарай эпикалық жанр үш түрге бөлінеді:

шағын көлемді эпикалық түр

орта көлемді эпикалық түр

кең көлемді эпикалық түр

Шағын көлемді эпикалық түрге жататын әдеби туындыларда, негізінен, өмір шындығы бір немесе бірар эпизод мөлшерінде жинақы оқиға көлемінде ғана көрсетіледі. Оқиғаға қатысатын қаһармандар санаулы, олардың басынан өтетін құбылыстардың бәрі емес, кейбір үзіктері ғана суреттелетін болғандықтан, мұндай шығарманың көлемі де шағын, ықшам. Адам мінезі мұнда көбіне қалыптасқан, дайын қалпында көрінеді. Кейіпкер өмірінің көп бұралаңы – шығарма сыртында – баяндаудан да, суреттеуден де тыс; авторлық материал – нағыз қажетті детальдар мен штрихтар ғана. Шығарманың сюжеттік арқауы ұзақ желілі, арналы даму үстінде емес, қысқа қайырылған келте суреттер түрінде тізбектеледі; композициясы да – жинақы, үйірімді, ширақ.

Шағын көлемді эпикалық түрге – миф, аңыз, ертегі, мысал, новелла, әңгіме, очерк, фельетон жатады.

Миф – табиғат құпияларын, адам не қоғам өмірінің сан алуан сырын қиял ғажайып оқиғаға айналдыра бейнелейтін фантастикалық баян.

Эпостың көне түрлерінің бірі – аңыз. Бұл да миф секілді әсіре қиял аралас фантастикалық хикая. Бірақ мифтен өзгешелігі – аңыздың негізінде шындыққа жанасымды, көбіне тіпті өмірде болған, халық жадында сақталған оқшау оқиғалар жатады. Әр халықтың тарихындағы әлдебір абзал адамдар – аса көрнекті қайраткерлер хақында да талай аңыздар туған.

Шағын көлемді эпикаға тән жанрлық түрлердің бірі – ертегі. Бұл да миф пен аңызға ұқсас, адам өмірінде не хайуанат дүниесінде болуға лайық әр алаун қызық, кейде тіпті ғажайып оқиғаларды ойдан шығарып, өсіре әңгімелейтін көркем баян, әсерлі хикая.

Мысал – эпостық шығармалардың ішіндегі ең қысқа түрі. Әрқашан сатиралық сипатта, көбіне аң, хайуанат, кейде зат туралы жазылады да, сол арқылы адам бойындағы мін, әлеуметтік ортадағы кемшілік күлкіге, келекеге, мазаққа айналып, сықақпен сыналады.Мазмұны бүкпелі болғанмен, идеясы астарсыз, тура, тілі мірдің оғындай өткір, шымшыма, шымыр келеді.

Феодализм мен капитализм тұсында туған түрдің бірі – новелла (итальянша «novella - жаңалық, соны сөз») – «бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген тамаша оқиға туралы шындыққа сыйымды әңгіме» (Гете).

Шағын көлемді эпикалық түрдің соңғы жүз жыл ішіндегі нағыз классикалық үлгісі - әңгіме.

Әңгіме – қиын жанр. Алдымен көлемі шағын. Ол жазушыдан барынша жинақы болуды талап етеді. Содан соң оқырманды бірден үйіріп әкету үшін, сол шағын көлемдегі өмір эпизодының өзі соншалық тартымды, сюжет желісі қызғылықты болуға тиіс.

Шағын эпостың әңгімеге жақын түрі – очерк. Очеркте суреттелетін шындық – ойдан шығарылған нәрсе емес, өмірде болған не бар ақиқат, очерктің қаһарманы – ойдан жасалған бейне емес, өмірде болған не бар адам.

Эпостың шағын түріне жататын очерек секілді аралық жанрдың бірі – фельетон (французша «feuilleton - парақ»); бұл да әрі әдеби жанр, әрі газет жанры. Өлеңмен де, қара сөзбен де жазыла береді. Мұның әдеби қасиеті мол жақсы үлгілерінде кәдімгідей көркем бейнелер, қызық мінездер, сатиралық типтер жасалған.

Орта көлемді эпикалық түрдің үлгісі - повесть пен поэма. Повесте шағын эпостағыдай бір емес, бірнеше оқиға, адам өмірінің бір немесе бірер эпизоды ғана емес, бір алуан кезеңді құбылыстары кеңірек, біраз дамытыла суреттеледі. Сондықтан әңгімеге қарағанда, повестің көлемі де үлкен, сюжеті де күрделі, оқиғларға қатысатын қаһармандар да біреу емес, бірнешеу.

Орта көлемді эпикалық түрдің повестен басқа тағы бір түрі – поэма - өлеңді повесть, өмірде болған не болуға тиіс күрделі құбылыстар мен келелі оқиғаларды, алуан-алуан адамдар тағдры мен заман шындығын көлемді, желлі, эпикалық не лирикалық сипаттағы өлеңмен суреттеу.

Кең көлемді эпикалық түрге роман мен эпопеяны жатқызамыз. Роман – орта ғасырларда роман тілінде жазылған шығармалар осылай аталған. Сюжеттік құрылымы күрделі, көп желілі, кең тынысты, кейіпкер бейнесін ол өмір сүрген уақыт, ол тірлік еткен орта ауқымында, жанжақты мүсіндейді. Басқа жанрларға қарағанда ұзақ уақытты, байтақ кеңістікті қамтиды.

Эпопея тарихи тақырыпты кең қамтып, халық өмірінің өткен кезеңдерін көркем бейнелейтін жанр.

Лирика (грекше «lyra – ежелгі гректер үніне қосылып ән салған музыка аспабы») - әдебиеттің Аристотель заманынан бері келе жатқан дәстүрлі үш тегінің бірі, шындықты адамның ішкі көңіл-күйіне бөлеп, ойы мен сезіміне астастыра суреттейтін терең психологиялық шығармалардың түрі. Көбіне, өлеңмен жазылады.

Лириканың негізгі түрлеріне баллада, идиллия, мадригал, сонет т.б. жатқызамыз.

Орта ғасырда роман (француз, испан, итальян) елдерінің поэзиясында туып қалыптасқан лириканың ерекше бір түрі – баллада (итальянша «ballare -билеу») – лиро-эпостық сипаттағы, шағын сюжетті өлең. Мұнда ақын өзінің көңіл-күйін, толғанысын жырлап қана тынбайды, сол сезімді туғызған себептерлі оқиғаға айналдыра суреттеп көрсетеді.

Лириканың антик әдебиетінде көп тараған түрлерінің бірі – идиллия (грекше «eidyllion – суреттеу, сурет») - әледбір парықсыздау салтанат, қаракетсіз қызық, уайым-қайғысыз қызғылт өмір туралы жыр.

XIV ғасырдағы француз әдебиетінде идиллия мадригалға (французша «madrigal – малшы сазы») ауысты. Бұл да басында жым-жырт, ың-жыңсыз рахат тіршілікті мадақтайтын өлең болатын, кейін әйелдерге арналған альбомдық сипатқа көшті; енді бірде азын-шағын сықақ, күлкі араласатын болды.

Лириканың келесі түрі –ода (грекше «ode - ән») – есімі елге тараған жеке адамдарды не батырларды мадақтаған не болмаса ел ішіндегі елеулі оқиғаларды дәріптеген аса көтеріңкі, көңілді жыр.

Лириканың әдемі түрлерінің бірі – сонет (итальянша «sonetto; sonare –сылдырау, сыңғырау») – арнаулы өлшеммен, әр түрлі тақырыпқа жазылатын сыршыл өлең; XIII ғасырда Сицилияда туған; Данте, Петрарка көп жазған; кейін Батыс Европаның басқа елдеріне кең тараған; классикалық үлгілерін Шекспир жасаған.

Лириканың бұлардан басқа да түрлері толып жатыр: канцонетта (баяғының серілік сезімдерін мадақтайтын көне әуен), романс (жалт еткен бір жақсы сезімді, көбінесе сүюді жырлау), пастораль (мадригал тәрізді малшы сазыныі бір түрі), эклога (идиллия тәрізді селодағы сауық жырының бір түрі), элегия (бір мұң, бір сыр аралас назды сарын), эпиталама (жаңа қосылған жас жұбайлардың жарастығын құттықтайтын көне өлеңдердің бір түрі), эпитафия (дүниеден кеткен әлдебір қадірлі кісі жайлы жоқтау), эпиграмма (жеке біреулерді мінеп, мысқылдайтын сықақ өлең) т.б.

Драма (грекше «drama – қимыл, әрекет») - әдебиеттің үшінші тегі, шындықты айрықша тәсілдермен синтез қалпына келтіріп, шиеленіскен тартыстар үстінде жинақтап, оқиғаға қатысатын аамдардың сөзі мен ісі арқылы көрерменнің көз алдында қолма-қол көрсететін күрделі жанр – «әдебиеттің ең қиын түрі»(Горький). Драмадағы ең шешуші нәрсе – тартыс.

Эпос пен лирика сияқты, драманың да бірнеше жанрлық түрлері бар. Соның бірі – трагедия, екіншісі – комедия.

Трагедия (грекше «tragoidia – текенің әні») – құдіретті күш иесі, ғаламат қайсар, ақиық, ер де өр тұлғалардың жаратылыстағы, жалпы өмір-тіршіліктегі адам жеңіп болмас асыңқы, асқақ кедергілермен кескілесіне, оның жан дүниесіндегі терең тебіреністерге, өзімен-өзінің іштей арпалыстарына құрылған күрделі сахналық шығарма. Трагедиядағы оқиғалар әдетте қатерлі, қайғылы қалден туындап тұтасады да, бас қаһарманның қазасымен – мұңмен, зармен бітіп отырады.

Драматургияның бір түрі – комедия (грекше «komodia – күлкілі қызық, ән») - өмірдегі келеңсіз, керексіз құбылыстарды, адам бойындағы қасиетсіздікті, оспадарлықты, мінездегі мінді сықақпен сынап, келекеге айналдыратын күлдіргі пьеса.


Текстология - әдеби туындылардың тексін зерттеп, танудың принциптері мен методикасын жинақтайтын арнаулы ғылыми пән.

Историография - әдебиет теориясының, тарихының, сынының тарихи дамуы туралы деректер мен дәйектемелер, мәліметтер мен материалдар жинағы.

Библиография – көркем әдебиеттің өзіне және әдебиет туралы ғылымға байланысты көрсеткіштер мен анықтамалар, шолулар мен сілтемелер жинағы.

Сюжет – шығарманың мазмұны. французша «зат» деген мағына береді.

Тартыс – латынша «қақтығыс» (конфликт) – көркем шығармада сюжет желісіне арқау болатын айрықша шиеленіскен түрде көрініс беретін қайшылықты күрес. Конфликттың ең айқын көрінетін тұсы – драмалық шығармалар.

Ырғақ немесе ритм (грекше «шамалас, мөлшерлес, сайма-сай») – қимылдың, құбылыстың, үннің жүйелі, мерзімді, мөлшерлі қайталануы.

Шумақ - өлең-жырларда, дастан, поэмаларда өлең жолдарының белгілі ретпен топтасуы.

Тармақ - әр шумақтың әр жолы (өлеңнің әр жолы).

Cиллабикалық (грекше «силлабе – буын») – бұл өлең өлшеміндегі шешуші нәрсе буын, яғни ырғақ пен шумақ, тармақ пен бунақ бәрі де буынға негізделеді.

Тоникалық (грекше «тон-екпін»)- бұл өлең өлшемі – екпін. Ырғақ пен шумақ, тармақ пен бунақ екпінге негізделеді.

Силлабо-тоникалық – бұл өлең өлшемі - әрі буын, әрі екпін: ырғақ пен шумақ, тармақ пен бунақ – бәрі де буын мен екпінге бірдей негізделеді.

Қазақ өлеңі – силлабикалық өлең, яғни буынға негізделеді.

Әдеби жанр (французша genre – тек, түр) екі түрлі мағынада қолданылады:

1. Әдебиеттің тектері – эпос, лирика, драма

2. Әдеби шығармалардың түрлері - әңгіме, роман, баллада, поэма, комедия, трагедия т.б.

Эпос (грекше epos – баян, әңгімелеу, тарихтап айту) – көркем әдебиеттің байырғы, негізгі тектерінің бірі, дәлірек айтқанда өмір шындығын мейлінше мол қамтып, кең суреттейтін, адам мінезін мүмкіндігінше терең ашып, жан-жақты танытатын іргелі, күрделі жанр.

Лирика (грекше «lyra – ежелгі гректер үніне қосылып ән салған музыка аспабы») - әдебиеттің Аристотель заманынан бері келе жатқан дәстүрлі үш тегінің бірі, шындықты адамның ішкі көңіл-күйіне бөлеп, ойы мен сезіміне астастыра суреттейтін терең психологиялық шығармалардың түрі. Көбіне, өлеңмен жазылады.

Драма (грекше «drama – қимыл, әрекет») - әдебиеттің үшінші тегі, шындықты айрықша тәсілдермен синтез қалпына келтіріп, шиеленіскен тартыстар үстінде жинақтап, оқиғаға қатысатын аамдардың сөзі мен ісі арқылы көрерменнің көз алдында қолма-қол көрсететін күрделі жанр – «әдебиеттің ең қиын түрі»(Горький). Драмадағы ең шешуші нәрсе – тартыс.

Стиль (грекше - stylos) деген терминнің мағынасы әр түрлі: байырғы римляндар сырлы тақтаға сөз жазатын бір ұшы қалақша, бір ұшы сүйір таяқшаны стиль деген болса, кейін әркімнің қолтаңбасы, жазу өрнегі, одан бертін келе сөз мәнері, сөйлеу машығы, ақыр аяғында әр суреткерге тән өнер ерекшелігі стиль атанған.

Монолог - әдеби шығармаларда әсіресе драмалық туындыларда кейіпкердің ішкі көңіл-күйін білдіретін толғау сөзі, кейіпкерді сөйлету тәсілі.

Диалог - әдеби шығармаларда екі кейіпкердің немесе бірнеше адамдардың сөйлесуі, яғни оларды сөйлету тәсілі.

Портрет (французша «бейнеленген» деген мағына береді) – әдеби кейіпкердің сырт-көрінісін, кескін-кейпін, бой, тұлғасын суреттеу.

Пейзаж (французша «ел-жер» деген мағына береді) - әдеби шығармаларда жаратылыстың, яғни табиғаттың әсем көрінісі, көркемдік бейнесі.

Тенденция – шындықты суреттеудегі қаламгерге тән құштарлық, оның қоғамдық көзқарасының тұғыры, ой өзегіндегі мығым принцип.

Композиция - әдеби шығарманың құрылысы.

Аллитерация – грекше «дыбыстас» деген мағына береді. Шығармаларда бірыңғай дауыссыз дыбыстардың қайталануы.

Ассонанс – французша «үндес» деген мағына береді. Өлең сөзде дауысты дыбыстың үндесе қайталануы.

Эпитет (айқындау) – грекше «сипаттау» деген мағына береді. Заттың немесе құбылыстың айрықша сипатын, сапасын анықтайтын суретті сөз.

Метафора (грекше орнын ауыстыру, көшіру) – екі нәрсені немесе құбылысты жанастырып, жақындату негізінде астарлы тың мағына беретін бейнелі сөз немесе сөз тіркесі.

Аллегория - мысал өлеңдердегі құбылту (грекше «пернелеп айту»).

Метонимия (грекше «қайтадан атау») - өзара шектес заттар мен себептес құбылыстардың, өзара байланысты ұғымдар мен шартты сөздердің бірінің орнына бірін қолдану.

Синекдоха – бүтіннің орнына бөлшекті, жалқының орнына жалпыны қолдану тәсілі.

Ирония (грекше «келемеждеу») – сырты мүсіркеу болғанмен, іші кекесінге, әжуаға толы.

Сарказм – шығарма тіліне өткір сұс беретін, тегеурінді күш беретін көркемдік тәсіл.

Гипербола (грекше «үлкейтілген») – бір затты немесе құбылысты шамадан тыс ұлғайта суреттеу.

Гротеск (французша «оқыс, оқшау, оспадар»). Мұнда адам немесе адам өмір сүрген орта оның әлеуметтік шындығы кейде кісі күлерліктей, кейде жан шошырлықтай ерекше сұмдық халде әдейі өсіріле немесе өшіріле суреттелінеді.

Эвфемизм – сыпайлап сөйлеу.

Антитеза – бір-біріне керағар құбылыстарды, мән-мағынасы әртарап ұғымдарды, түр-түсі бөлек нәрселерді өзара бетпе-бет қою арқылы бұлардан мүлде басқа бір құбылыстың, ұғымның, нәрсенің суретін, сыр-сипатын, кескін-кейпін анықтау, аңғару, елестету.

Градация – алдыңғы сөзден соңғы сөзді, алдыңғы ойдан соңғы ойды, алдыңғы құбылыстан соңғы құбылысты асыра, асқақтата түсу.

Инверсия - (латынша «орнын өзгерту, төңкеру») – прозалық әсіресе поэзиялық шығармаларда сөздердің әдеттегі грамматикалық түзілу тәртібінен тыс орындарын ауыстырып, өзгеше тіркестер құру.



Эллипсис (грекше «түсіріп тастау, атап айту») – сөйлем ішінде немесе өлең шумағында атап айтпаса да түсінікті кейбір сөздерді әдейі жазбай тастап кету.

Параллелизм (грекше «қатар жүру») – екі ұдай нәрсені, құбылысты, ұғымды, сезімді қатар қойып, жұптап суреттеу.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет