Балаларыма
Сағындым да, сарғайдым да жүдедім,
Қайғы отынан өртенгендей жүрегім.
Көңіл қаяу, жүрек баяу соққанда,
Осы өлеңім дұғам менен тілегім.
Құлындарым сендерді ойлап сағынып,
Қалғандаймын кейде есімнен жаңылып.
Ұзақ түнде кірпік қақпай жатқаным,
Көкірегім қарс айырылып, аһ ұрып.
Нені ойлаймын кірпік қақпай жатқанда,
Байлық, атақ, мансап пен бақ, мақтан ба?!
Қаным қайнап, қапаланып күйем бе,
Дүние үшін ар, ұятын сатқанға?
Оларды ойлап: жанбаймын да, күймеймін,
Байлық, атақ, мансапқа бас имеймін.
Қайғы бұлтын серпіп тастар сендер ең,
Басқа менің сүйерім жоқ, сүймеймін.
Бір күндерде сағым қуып, сандалдым,
Бала көңіл, алдамшы өмір, алдандым.
Табасына тап болғандай тағдырдың,
Шырмауына түстім келіп жалғанның.
Тастүлектей құлаш ұрдым қияға,
Өткен өмір өкінішке сия ма.
Торға түстім қанатымнан қайырылып,
Сендер қалдың, темірқанат ұяда.
Құлындарым есен-аман жүр ме екен,
Әкесінің бары-жоғы бір ме екен?
Мүслимәм, жасын төгіп, мұңайып,
Суретіме көзін сатып тұр ма екен?
Қазыбегім, түстің бе екен не халға,
Араласып жүрсің бе әлде жанжалға?
Тірі жетім секілденіп, қарағым,
Сенің-дағы үсті-басың дал-дал ма?
Розошкам екі көзің мөлдіреп.
Қағылса есік: “Әне, аға келді” деп.
Есік ашсаң ағаң емес бөтен боп,
Жүр ме екенсің қашан келер енді деп.
Қайран дүние-ай өзегімді өртедім,
Жанам-күйем, шердің күйін шертемін.
Ойыма алсам, көзіме жас келеді,
Жәнібегім, айналайын, тентегім.
Көгершіннің баласындай Назымым,
Тірі жанға жоқ қой сенің жазығың.
Тар дүние-ай қыспағыңда тарығып,
Тыныс бітіп, тұншыққандай қажыдым.
Бекет жаным, томпаң қағып жүгіріп,
Кейде жылап, кейде құлап сүрініп.
Шаршап келіп: алдыма алып сүйгенде,
Қайғы бұлты кетуші еді түріліп.
Тасқа тиіп тасырқады табаным,
Жүрегіме тұр қадалып қаламым.
Дүниеге жаңа келген нәрестем,
Мейірімсіз деме әкеңді қарағым.
Жүрген күнде еркін басып өмірде,
Қолмен соқтым көріксіз көк темірді.
Күнім түн боп, жігер құм боп жасыдым,
Жалғыздығым енді ғана көрінді.
Жүрек жара, аяқ ақсақ, бел жауыр,
Амалың не сұм тағдырға тас бауыр.
Құлындарым көріскенше күн жақсы,
Бәрінен де сорлы анаңның күні ауыр.
Тіршілікте не көрмейді ғазиз бас,
Кейде шаттық, кейде қайғы, көзде жас.
Шаттығыңа әркім ортақ, дос та көп,
Қайғыңа ортақ шын адал дос табылмас.
Қайғы отына бірдей жанып, күйетін,
Ыстық жүрек, ақ көңілмен сүйетін.
Адал ана, асыл жарым, ардақтым,
Қағыбамдай алдыңа бас иетін.
Жарым болып, жаман атақ тақпадың,
Ана болдың, Ана атыңды ақтадың.
Айнымайтын адал досым, бір өзің:
Фархинұрым, сенсің менің мақтаным!
Мақтанамын сенің биік жаныңа,
Мақтанамын адамшылық арыңа.
Отқа, суға түссең-дағы қажымай,
Жүрегіңде мені сақтағаныңа.
Қайғы бұлты төнсе-дағы басыма,
Жасым жетпей ақ кірсе де шашыма.
Жалын сөнбес, жаным жас боп қайтармын,
Сүйген жарым, жабырқама, жасыма!
Ит боп үріп, мен ешкімді қаппадым,
Қастық жасап, кісіге оқ атпадым.
Алтын көріп, адал жолдан таймадым,
Сұғанақ боп, арам астан татпадым.
Мен кісінің қол созбадым бағына,
Мен ешкімнің таласпадым тағына.
Кең дүниеде жолым даңғыл деп жүріп,
Кез болыппын сүрінетін шағыма.
Карлаг. 1952 жыл
***
Отырдық тар қапаста күнді санап,
Ұйқысыз өткен түнді жылға балап.
Мөлтілдеп көз жасындай кеп қапсың ғой,
Көзімнен бір-бір ұшқан қайран арақ.
Дейтұғын уақыт жетіп соқса сағат,
Сағынған сондай күнді қылмай тағат.
Жарқ етіп бұлттан шығып күткен күнім,
Ақ құсы әділеттің қақса қанат.
Дер едім сонда, дүние, арманым жоқ,
Тағдырға таба болып қалғаным жоқ.
Көрсеттің қорлығыңды, зорлығыңды,
Кеудемнен жүрегімді алғаның жоқ.
Зорлықпенен басымнан еркімді алдың,
Әжім салдың бетіме, көркімді алдың.
Аңқылдап ақ көңілмен алданбасқа,
Аузымнан айнымайтын сертімді алдың.
Отқа салдың, отырдым жігер қайнап,
Тордағы арыстандай көзім жайнап.
Шыңдалып шарболаттай шықтым, міне,
Отырмын өзіңменен күліп-ойнап.
1952 –1956 жылдар.
***
Шерубай – Нұра станциясы маңындағы Қуандық – Қареке
Достарыңызбен бөлісу: |