Комиссар єаббасов



бет2/55
Дата22.12.2021
өлшемі3,8 Mb.
#380
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   55

БІРІНШІ ПЕРДЕ

Бірінші сурет


Еркіннің үйі. Ортада стол, орындықтар. Бір жақта диван, пианино. Еркін мен Бақтыбаланың библиотекасы. Телефон, қабырғада айна, сағат. Бір қабырғада Горький мен Абайдың суреттері.

Шымылдық ашылғанда үйде Айбала жалғыз. Қуанышты. Ыңылдап өлең айта жүріп, үй шаруасының жабдығымен шұғылдануда.

Айбала. - Еркін ағатайым үйден аттанғалы бес жыл. Күнде күткен бес күн, бес жылдан да ұзақ сияқты. Бүгін де келмес пе екен... Жоқ, бүгін келеді. Қуаныш... Шаттық. /Айнала қарап/ Үйдің іші де бүгін өзгеше... /Терезеден қарап/ Дала неткен тамаша еді. /Аз пауза/ Бәрі де ұмытылды. /Ойланып/ Кешегі ауыр күндер... Қиыншылық... Қауіп-қатер... /Телефон соғылады. Айбала тыңдап/ Иә, иә, тыңдап тұрмын. /Қуанып/ Бағыш тәтембісің. Ту... әлі келген жоқ па? Жарты сағаттан кейін. Жоқ, жоқ ешкім келген жоқ. Кімге дейсің? Айттым, айттым. Жарайды, жарайды. /Трубканы іліп қояды. Сағатына қарап/ Жарты сағаттан кейін...:/кенет өзгеріп/ Ту мен әлі ойламаппын ғой... Қазір Еркін ағатайым кіріп келеді... Сонда мен не істемекпін! /Ақыл тапқандай/ Е, не істеймін... /құшағын жайып есік жаққа қарай жүре беріп/ «Еркін ағатай!» деп құшақтай аламын...

Дәл осы кезде есіктен асығыс Тұрдықұл кіріп келеді. Баста шляпа, көзде көзілдірік, қолына таяқ, қолтығында 3-4 кітабы бар.

Тұрдықұл. Ғафу ет, Айбала. /Сағатына қарап/ Япырай, мен кешігіп қалғамын ғой сірә... Вокзал басына кетіп қалған ғой шамасы.

Айбала. Иә, кетіп қалды...

Тұрдықұл. Япырай, бүгін де келмес пе екен.

Айбала. Бүгін келеме деп Бағыш тәтем тағы кетті ғой.

Тұрдықұл. Осында келе жатып. Болмашы жерден ұсталып қалғаным...

Айбала. Ұсталып қалдым дейсіз бе.

Тұрдықұл. Жо... о жолшыбай келе жатып әншейін бір болмашы жерден... Жәй әншейін былайша...

Айбала. Қайдам... Ұсталып қалдым дегеніңізге айтам.

Тұрдықұл. Жәй әншейіл... А... Поезд уақытында келе ме екен?

Айбала. Бағыш тәтем жаңа телефон соқты...

Тұрдықұл. Иә, иә...

Айбала. – Жарты сағаттай кешігіп келеді дейді.

Тұрдықұл. Ә... Солай ма... /кетуге ыңғайланып/ Онда менде үлгереді екенмін ғой. /бір нәрсе айтқысы келіп/ Айбала, қарындас... өзің... Үйде қалған екенсің ғой...

Айбала. Бағыш тәтем мен Зейнеп кетті.

Тұрдықұл. /Таңырқап/ Зейнеп... Е, Зоя де.

Айбала. Зоя десеңіз, Зоя...

Тұрдықұл. Да... а... Қой мен кешікпейін... /кенет өзгеріп/ Айтпақшы, Айбала қарындас /бір кітабын ұсынып/, міне, менің лирикалар жинағымды шығарыпты. Мына кітапты саған арнап әкелдім. /Береді/ Міне.

Айбала. /алып/ Рахмет.

Тұрдықұл. Шатобриянның тамаша тәтті қиялы, Оскар Уайльдтың өткір ой, нәзік сезім, Байронның өршіл мінезі көз алдыңа келеді. Оқы қарындас, сүйіп оқы... Достар талап әкетті. /Бір кітабын нұсқап/ Мынаны Еркін досыма... Ал мен кеттім. Кешігіп қалдым...

Айбала. Жақсы.

Тұрдықұл кетеді. Айбала жалғыз.

Осы Тұрдықұл ағай қызық өзі. Кешігеді де жүреді... Соғыс басталғалы осы үйге келген сайын: «Әне аттанам майданға, міне аттанам!» Жазған өлеңінің бәрінде: «Мен аттандым майданға», «Қош туған жер», «Отан үшін жан пида». /Тұрдықұлды кекей сөйлеп/ «Аспандағы айға балаған қарындасым, Айбала. Саған арнаған лирикам бар, лириканың терең сырын ұғынатын қарындассың... Лирика әркімге жазыла бермейді...

Сондықтан да ол - лирика», - деп... Қойшы осы Тұрдықұл ағайды. /кенет өзгеріп ойланып қалып/, кітаптарының арасынан Мақсоттың суретін алып қарап

Шіркін... Бүгінгі қызықтың ішінде Еркін ағатайыммен бірге сені де көретін болдым... Еркін ағатайым қандай жақсы көруші еді өзін... /дауысын өзгертіп, шын беріліп/ Айтысқан серт айнымас...

Есік қағылады. Айбала есікке жүгіріп барады. Зурә кіреді.

Айбала. Сен екенсің ғой.

Зурә. Әлі келген жоқ па?

Айбала. Жоқ әлі...

Зурә. Жақсы болды ғой... Үйде отырғанда келсем... Телеграммасында не депті. Оқышы тағы...

Айбала. /Еркіннің телеграммасын алып/ Міне...

Зурә. Оқышы, оқышы.

Айбала. /Оқиды. Зурә Айбалаға жақындап тыңдайды/. Аман есенмін. Үйге қайтып келемін. Қасымда досым Мақсот бар...

Зурә. Мақсот та осы үйге келе ме екен...

Айбала. Келмесе жазама... Енді қайда келуші еді...

Зурә. Ойпыр-ай, төрт күн бірдей вокзалға барып-барып дәл бүгін біз бара алмай қалған күні келіп қалса ғой...

Айбала. Келсе екен...

Зурә. Бізді көргенде Еркін ағай да, Мақсот та таң қалар...

Айбала. Есіңде ме, ағатайым ана жылы екеумізге әдейі арнап жазған хаты.

Зурә. Енді қалай: «Сүйікті бауырларым, қарындастарым Айбала, Зурә! Сендердің білім алып, ғалым болуларың үшін, сендердің бақыттарың үшін ағаларың жаумен алысуда» демеп пе еді.

Айбала. Еркін ағатайымның сол хаты екеуіміз ауыл шаруашылық институтына түскен жылы келіп еді-ау...

Зурә. Қыздардың бәріне оқып бердік емес пе...

Айбала. /Өзгеріп/ Еркін ағатайыммен бірге оны да көретін болдық...

Зурә. Мақсот! Менің ұстазым.... Сенің болашақ жарың...

Айбала. Алдағыны көрерміз, аман келсінші өздері...

Зурә. Соңғы хатында не жазып еді?

Айбала. Ұшарға қанат жоқ... Не болса да осында келіп көрсем деп еді... Саулығы онша емес-ау деймін Мақсоттың... Бірақ, толық жазбаған хатында.

Зурә. Бағыш тәтем не дейді?

Айбала. Келген соң көрет те... не десін...

Зурә. Айбала, айтпақшы анада маған оқыған хатың мен суретіңді Мақсотқа жіберіп пе едің?

Айбала. Енді хат салма деп телеграмма келіп қалды емес пе... /кітаптарының арасынан өзінің Мақсотқа арналған суретін алып көрсетеді/ жібергем жоқ, міне.

Зурә. /Суретін алып қарап/ Қалай тамаша түскенсің өзің. /сыртындағы жазуын оқиды/. «Сүйген досыма! Жарқын жүзім, ақ көңілім. Айбала». Жібергенде қандай жақсы болар еді...

Даладан машинаның дауысы естіледі. Зурә терезеге барып.

Зурә. Машина келді, Айбала! Түсіп жатыр! Түсіп жатыр!

Айбала терезеге жүгіріп барады.

Айбала. Солар, солар!

Зурә. Жүр енді... жүр.

Айбала. Ағатайым-ай...

Зурә асығып, Айбаланың суретін стол үстіне тастап, екеуі жүгіріп шығып кетеді. Сахна бос. Аздан соң қолында чемодан Тұрдықұл кіреді. Чемоданды қойып қайта шығып бара жатып столға қарап.

Тұрдықұл. Стол да әзір... Мен де әзір... Мақсот та келді... /Стол үстіндегі суретті көріп, қолына алып қарап тұрып, сыртындағы жазуды оқиды/ «Сүйген досыма!..» Шіркін Айбала. Кімге екен! Маған емес пе екен...

Суретті асығыс қалтасына салып шығып кетеді. Сахна аз уақыт бос.

Аздан соң әскери киімді Еркін, екі жағында Бақтыбала, Айбала, соңынан Мақсот, Зурә, Зейнеп, Тұрдықұл кіреді. Нәрсе көтергендер екінші бөлмеге нәрселерін қойысып шығады. Мақсотта науқастық кейіп бар. Жолдан келгендер екінші бөлмеге барып жуынып шығады.

Айбала. /Еркінге орамал әпереді/ Еркін ағатай, өз орамалың... Өзің кеткелі ешкім сүртінген жоқ...

Еркін. /Айбалаға/ Міне, қалқам: «Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, гүлі мол, жақсы жаз келмеуші ме еді», - деген ғой Абай... Ақпан қаңтарымен, сақылдаған сар аязымен, бұрқыраған боранымен қыс та өтті... Жаз дакелді /Мақсотты нұсқап/ біз де келдік...

Тұрдықұл. Да... а, көңіл-көктем, өмір – жаз...

Мақсот. Біз сол жаз үшін күрестік... осы үй, мына сендер көзден таса болса да көңілімізден кеткен жоқ.

Бақтыбала. Еркіннен хат алған сайын сенен де сәлем келгенде, Айбала екеуміз Еркінмен бірге сені де көруді арман етуші ек...

Айбала. Бағыш тәтем екеуміз осы күнді... Дәл бүгінгі күнді арман еттік. Еркін ағатай, сенің аттанарда: «Келем» деген бір ауыз сөзің, сол сеніммен айтқан сөзің, сол даусың құлақтан бір минут кеткен емес...

Тұрдықұл. Еркіндер аттанған күннің өзінде-ақ, бүгінгі күннің келетініне, бүгінгі қуаныш, шаттықтың болатынына көзіміз жеткен...

Бақтыбала. - /әзілмен/.Иә, Тұрдықұл тапжылмастан – ақ Еркін досың күтті...

Зейнеп. Бұл кісі орнынан табылайын деген ғой...

Тұрдықұл. Еркін, мені іліп тұрғанын байқаймысың...

Еркін. /әзілмен/ Бақтыбаланың жауабын мен беремін ғой. Ал, мына Зейнепке өзің жауап бер.

Тұрдықұл. Е, майданға Зейнептің өзі барса, менің өлеңім майданға бармады ма.

Зейнеп. /әзілмен/ Еркін ағай майданға кеткенде өлеңін үйге тастап кетіп па?

Тұрдықұл. Еркін, майданға келген қарындастың сөз тастасы қалай...

Еркін. Тұрдықұл, сен бұл қарындастарыңның немістермен «сөйлескенін» көрсең...

Мақсот. Мәншүк, Әлиялардың фрицтермен автомат, пулемет арқылы сөйлескені ақындардың да тілін байытатын шығар...

Еркін. Дұрыс айтасың, Мақсот.

Тұрдықұл. Да... а, /кенет өзгеріп/ ал бүгін өлең мен жырға, ән мен күйге жол беретін шығармыз.

- Еркін. - Бақтыбала, Тұрдықұлдың бұл сөзіне қосылатын шығармыз.

- Бақтыбала. - Әрине қосыламыз.

- Тұрдықұл. - Е, бәсе, манадан солай болу керек қой.

Бақтыбала. - Қыздар...

Бақтыбала. - Зейнеп, Айбалалар стол әзірлеуге кіріседі. Есік қағылады. Мұрат кіреді.

- Мұрат. - /Қуанышты. Достық жүрекпен/ Еркін!

- Еркін. - /Қуанып/ Мұрат! /Құшақтасып сүйіседі/

- Мұрат. - Осында келе жатып жолшыбай... Бес жыл ғой, бес жыл... Ойлаймын кеп: апырмау, бұл Еркінмен қалай амандассам екен ә... Ақжайықтың ақмаралы Жібекті аңсап келген Төлегенше ме. Жоқ Баянды аңсаған Қозы-Көрпешше ме. Бірі де келмейді... Жоқ... Еркін... Досым... Бес жыл ғой, бес жыл...

Еркін. -Аман есен келдік, Мұрат. Келші (сүйіседі). Міне, осылай... тура өзімше...

Мұрат. /Мақсотпен қол алысады/. Сені Еркін досыммен бірге көргеніме қуаныштымын.

Мақсот. Рахмет, Мұрат!

Мұрат. Бақтыбала, қайырлы болсын! Еркіндерің жеңіспен қайтқан қуанышты – ел қуанышы...

Бақтыбала. /барлығына/ Ал, қане отырыңыздар. Осындай стол басынан қуанышпен кездесу – бәріміздің де кешегі арманымыз еді...

Мұрат. Бәріміздің де адал жүрегіміз осы болатын.

Тұрдықұл. /Столға шақырып/ Мақсот... Мұрат.

Мұрат. Қане достар!

Еркін. Бәріміз де кеше осы отымыздың басының тиыштығы үшін, адал дастарханымыздың амандығы үшін күрестік. Әрқайсымыздың отымыздың басында, амал дастарханымыздың үстінде Отан деген қасиетті сөз жүрегімізде орнады...

Даярланған столға айнала отырысады. Бақтыбала арақ құяды. Еркін түрегеліп:

Еркін. /Рюмкасын қолына алып/ Ал, достар...

Осы кезде Әлімбет кіріп келеді. Еркін рюмкасын қойып, қарсы алады.

Еркін. - О, Әлекең келді біздің...

Әлімбет. - Келші Еркінім - ерім, /маңдайынан сүйеді/ сағындық қой, Еркін сені!

Еркін. - Күйлі қуаттысыз ба, Әлеке. Сіздің сағынғаныңызды біліп біз де жеттік. Міне біздің Әлекең...

Мақсот. Ә, Әлеке аға, саусыз ба? Жоғары шығыңыз, жоғары шығыңыз.

Әлімбет. Келші Мақсотым, батырым! Келші... /құшақтап сүйеді. Бәрі де жоғары шығыңыз десіп-құрмет көрсетеді. Әлімбет Мақсотпен амандасып отырады/. Қыруар елдің тілегі текке кеткен жоқ. Сеніммен аттандыңдар, сертке жеттіңдер. Жау жағасы жығылды. Сағынысқан жүректер табысты. Жібермедік жауға намысты!

Тұрдықұл. Әлекең дұрыс айтады.

Әлімбет. - Еліме ерім, еріме елім сай. Түлен түрткен дұшпан түнде жортатын. Алыстан шабынған бураның айбыны белгілі болатын. Қабақ түйіп, қаһар жиып аттанған ерлерімнің мерейі үстем болып келгенін көргенде, қуанғаннан аузыма сөз де түспей қалды. Қайырлы болсын Бағышжан... Айбала қалқам.

Бақтыбала. - Рахмет, Әлеке аға.

Еркін. Әлеке, сіздердің мұндағы өткен еңбегіңізге біз де сүйсіндік...

Мақсот. - Артымызда сіздердей арқа сүйейтін ардақты адамдарымыз болғандықтан да біз басым болдық.

Мұрат. - Біздің Әлекеңдер асыл сөзді автоматтың оғындай бұрқыратқанда жауға жайдан кем тиді дейсіз бе...

Тұрдықұл. - Қаһарлы сөз қамал бұзбай ма!..

Еркін. - Ал, қане достар...

Тұрдықұл. /Ұшып тұра келіп/ Аңсап күткен досыма арнаған аз жыр еді...

Әлімбет. Е, бәсе, ендігі жол жырдікі.

Мұрат. Асыл жырын бүгін ақтармаған ақын ба. Қане, Тұрдықұл.

Тұрдықұл. /түрегеліп тамағын кенеп, көзілдірігін жөндеп, көзін сүзіп жоғары қарап алып нақышпен оқиды/:

Алаулаған қан майданнан,

Келді досым зұлмат аттап...

Арсыз ажал ашқан аузын

Күлгенде өлім кеше сақ-сақ.

Міне досың, құшақ жайған

Жаны таза, жүрегі аппақ!

Тұр ғой күліп раушан аспан,

О, Муза!

Кел Парнастан.

Тарқады шер,

Гүлжазира –

Құлпырды жер,

О, ақындар,

Баста дастан!

Шөліркеген, жас жүректер,

Көтер көкке, көңіл күйін!

Ал, шәрәптә, кел жігіттер,

Міне досым,

Ақын досың

Алшы қабыл,

Тартқан сыйын!

Өлеңін Еркінге ұсынады. Еркін салқын ғана алады. Әлімбетке қарап.


  • Әлеке, міне енді...

Әлімбет. Түзу кел, қисық, қыңыр қырын келмей,

Сыртын танып іс бітпес сырын көрмей,

Шу дегенде құлағың тосаңсыйды

Өскен соң мұндай сөзді бұрын көрмей, - деп Абай айтқандай қайдам, қарағым...

Тұрдықұл. Иә, Әлеке, бұл лирика ғой /Әлімбет басын изейді/ Да... а. /Еркінге өлеңдер жинағын береді/ Міне Еркін, саған арнаулы тартуым. Лирикаларымның жинағы – «Даңқ»

Еркін. Рахмет, Тұрдықұл.

Бақтыбала. - Мұрат, сен Еркін келген күні осы үйдің ішін театрға айналдырып жіберемін дегенің қайда осы.

Мақсот. А, сондай уәдесі бар ма еді Мұраттың. Дұрыс, дұрыс.

Мұрат. Орындалмай жатқан уәдеміз көп әлі, Мақсот. Бірақ, орындаймыз. Үлкен той әлі де алда. Сендерден де күткен сауғамыз көп.

Еркін. Сау келген соң сауға күткендеріңнің жөні бар. Шабуылға шыныққанбыз. Қол қусырып жата алмаспыз.

Мақсот. Бейбітшілік өмірді... еркін еңбекті аңсап қайттық...

Тұрдықұл. Шіркін бейбітшілік. Қандай тамаша! Басшы Мұрат, «Сүмбіл шаш».

Мұрат. «Сүмбіл шаш» қашпас, айтылар. Жаңа ырғағы табылса, айтылатын жыр да көп, шырқалатын ән де көп...

Мақсот. Дұрыс айттың, Мұрат. Бірақ, біз естімеген әндерді аңсап келдік.

Еркін. - Ауылдың алты ауызы бар емес пе.

Әлімбет. - Бәсе, бәсе, орынды сөз тіпті.

Тұрдықұл. Шырқа, Мұрат!

Бақтыбала. Еркін, Мақсот.

Еркін. /Рюмкасын алып/ Біз аттанғанда орта мектептің оқушылары, бүгін міне маман болып, бізді қарсы алып отырған қарындастарым үшін...

Мақсот. /рюмкасын алып, әзілдей сөйлеп/ Еркіннің кейде ұмытпайтын жерде ұмытып кететін әдеті болатын... Адал жар, жар ғана емес-ау, сау-сәлеметтігіңіздің сақшысы – дәрігер, ғалым...

Бақтыбала. /сөзін бөліп/ Жетті, Мұрат, жетті.

Мұрат - Бақтабала үшін, достар!

Әлімбет. Бәрекелді, бәрекелді сөз-ақ.

Мұрат. Бәсе, бір мақтаншы, Бағыш!

Бақтыбала. /рюмкасын көтеріп/ Мақтанам, міне!

Тұрдықұл. /Айбалаларға/ Қане, қарындастар...

Бәрі ішіп қояды.

Мақсот. Ал, енді сөзді Әлекеңе берсек деймін...

Еркін. Әрине.

Бәрі де мақұлдасады.

Мұрат. Айбала, домбыра қайда қалқам.

Әлімбетке домбыра беріледі. Домбырамен желдірте жөнеледі.

Әлімбет. - Қолында кектің қанжары,

Балдағынан қан болған,

Іңірде жортса үдере

Дамылдар сертің таң болған.

Атағы айдай әлемге

Білініп даңқы ұзарған.

Қойнынан аққан қанына

Ат тұяғы қызарған.

Қалшылдаған қаңтарда

Таң күзетіп мұздаған.

Маңдайына найзаның

Сабын тіреп мызғыған.

Жеделдей тартқан жебесін

Жеті қырға жеткізген,

Жамылған болат танкіден

Атқан оғын өткізген.

Шілдеде шілгер ыстықта

Тамшыдай суған тарыққан,

Сүйіп алған сұлуы

Сарғая күтіп зарыққан.

Ел үшін жаным құрбан деп

Ерлерім шыққан халықтан

Алатаудай атағы

Еркін, Мақсот ерлерім,

Кездеспеген тарихтан.

Ұлы өмірдің ұланы,

Отанымның қыраны,

Алғыс алып елінен

Әлемге атын танытқан!

/Бәрі де Әлімбетті қошеметтейді/.

Мақсот. Жарайсың, Әлеке.

Әлімбеттің қолын алады.

Мұрат. - Бәсе, осылай асқақтасын асыл жыр.

Еркін. - Ризамыз, Әлеке.

Мұрат. - Еркін, бес жыл ғой, бес жыл... Сенен сағынып күткен сауғамыз көп...

Еркін. - Бастан кешкенім, көзбен көргенім, көңілімде, Мұрат. Жайбарақат жатқызбас.

Тұрдықұл. Көңіл құсы шар тарапқа шарықтаса, жырдың көркі – лирика сонда тумақ, Әлеке. Шабытта ғой мәселе.

Мақсот. Қанмен жазылған тарихты қағаз бетіне түсіріп, халық алдына тарту құр қиялмен, жалған шабытпен болмас...

Әлімбет. Ат қойып айдар таққаны емес, адамның көңіліне жаққаны керек қой.

Тұрдықұл. Жағу деген – сезімнің нәзік қылын таба білу... Махаббат... Сұлулық сипат... Классический нәрселердің жаны ғой.

Еркін. Барлығы да өмірде...

Мұрат. Өмір шындығының шыңында.

Тұрдықұл. Шалқи білу керек достар, шалқи білу керек...

Әлімбет. /Қалжыңдап/ Шалқитын күн бүгін емес пе.

Тұрдықұл. Шалқимыз, шалқимыз... Сіз әлі терең түсінбей отырсыз... Поэзияның шыңына шалқу... Ол солай...

Мұрат. /қалжыңдап/ Сен тіпті шалқимын деп көзімізден мүлдем ғайып болып кетіп жүрме, Тұрдықұл.

Күліседі.

Тұрдықұл. Көре білу керек.

Еркін. Көрсете де білу керек... Соғыс тақырыбында жазылғандарды оқыдым... Көзбен көрмей, байыбына бармай, құр көңілмен пішкен тон кімге шақ келмек...

Тұрдықұл. Еркін, ол тақырыпқа өзің бір классический Шекспировский бір нәрсе жазсаң деп ем...

Мұрат. Осы классический, Шекспировский деп күні бұрын даурықпай-ақ қояйық... Көрген шындығыңды жазып қолымызға бір тигізші.

Еркін. Жазамын Мұрат, жазамын... Жазамын деп келдім.

Тұрдықұл. /қызулау/ Еркін, мен тыл тақырыбына романтический планда пьеса жаздым. Мұрат өзі қоюға тиіс... Оқырсың әлі. Қазір драматическая поэма жазып жатырмын... Как сказать... Просто байроновская восточная поэма деуге болады...

Мақсот. Неге реалистический емес.

Еркін. Ел шегінен шығып кетпедің бе.

Тұрдықұл. Поэзияда шек болушы ма еді.

Еркін. Жақсы, танысармыз, Тұрдықұл.

Мақсот. /Іштей қиналып/ Бағыш, достар, маған рұқсат болса...

Бақтыбала. Ауырлап отырсың ғой, Мақсот.

Әлімбет. Жолдікі болар...

Мұрат. Еркін, Мақсоттың саулығы солай ма еді.

Еркін. Әзірше солай болып тұр.

Бақтыбала. Қай жерің, Мақсот?

Мақсот. /білдіргісі келмей/ Жол азабы да бар...

Бақтыбала, Айбала, Зурә, Зейнеп Мақсотпен бірге екінші бөлмеге кетеді.

Тұрдықұл. Мына қызық үстінде... Япыр-ай ә, Еркін...

Еркін. Мақсоттың жәйі солай болып тұр.

Бақтыбала келеді.

Әлімбет. О не қарағым, Бағыш?

Мұрат. Мақсоттың мұндай халі көңілсіздеу екен, ә...

Бақтыбала. Әзірге не айтуға болады... Көрерміз...

Мақсот, қыздар қайта шығады.

Әлімбет. Мақсот қарағым, көңілің жақсы ма? Шошып қалдық қой.

Мақсот. /науқастығын білдірмей/ Шошымаңыз, Әлеке аға. Көктем келгенде агрономның көңілі жаман болушы ма еді!

Әлімбет. Бәсе, бәрекелді.

Мақсот. Соғыс бөліп кетті ғой. Бастап кеткен ісім бар. Баянды ету борышым. Егіс үстіне дәл келдік.

Бақтыбала. Мақсот, дем алу керек.

Мақсот. Жақсымын Бағыш, жақсымын... Демді бір-ақ аламыз. Тұрдықұл. Е, бәсе... өршіл мінез, асқақ көңіл романтический настроение керек...

Әлімбет. Денсаулық – зор байлық... /Қыздарға/ қайда менің үш қызым.

Бақтыбала. /Әзілмен/ Ағалары шалқып жатыр ғой, Әлеке.

Әлімбет. Е, қыздарым да шалқысын.

Тұрдықұл. Басшы бір, Мұрат, «Ағаш аяққа!»

Мұрат. Дұрыс айтады. Әлекең.

Бақтыбала. Қыздар!

Мақсот. Тыңдаймыз, тыңдаймыз!

Үш қыз пианиноға барып ән айтуға даярланады. Зурә пианино тартуға отырады, Зейнеп нота даярлап тұрады. Айбала әннің кіріспесін өзі пианинаға тартып көрсетіп береді. Тұрдықұл тұрып барып нотаға қарап, Айбалаға бір көз тастап, келіп отырады. Айбала ән айтады, Зурә пианино тартады.

Мақсот. Міне, рахмет! Біз сендерді бекер сағынбаған екенбіз.

Тұрдықұл. Поэзия мен музыканы аңсамайтын адам бола ма! О, шіркін!

Еркін. /Рюмкасын алып/ Қане достар, бейбітшілік өмір үшін! Ұлы өмірде алдыңғы сапта бірге аттап, ел сенімін бірге ақтап шығамыз деген сенім үшін! Бәрі түрегеледі.

Мақсот. Барлығыңыз үшін, достар! Еркін досым үшін! Майданнан майданға! Жеңістен жеңіске достар!

Мұрат. Достық үшін!

Бәрі. Достық үшін!

Ш ы м ы л д ы қ.

ЕКІНШІ ПЕРДЕ


Бірінші сурет
Қара адыр алабы. Егіс даласы. Қойтастар. Шауып келе жатқан аттылардың дүбірі естіледі. Агроном Оңғарбай мен колхоз бастығы Қаратай шығады.

Оңғарбай. Ал, Қареке Қараадырыңа келдік...

Қаратай. - «Қараадырдан» қол үзгелі үш жыл болды қайдам...

Оңғарбай. - Үш жыл бұрын бір бала басып кеткен жерден береке шығады деп тұрмыз ғой енді...

Қаратай. - Осы жерге тоқырадық па өзі?

Оңғарбай. Өзі майданнан келсе, омырауы толған орден болса, өр көкіректеніп бола ма сірә... Басыммен жауап берем деп отырып алған жоқ па облыста... Сенің жасың үлкен болса, менің басым үлкен деуден де тайынғалы тұрған жоқ. Оған біздің секретарь Абзал барып қосыла кетті...

Қаратай. Ол баланың жаманшылығын да, жақсылығын да көргеміз жоқ. Осында агроном болып бір-ақ жыл істеді...

Оңғарбай. Не істеді сонда?!

Қаратай. Келген жылы арпалысып жүріп осы Қараадырдың анау алабына жоңышқа мен бидай еккізді...

Оңғарбай. Жұмыс тауып берген екен сіздерге...

Қаратай. Өзі де соңғы кезде өнім бермейтін боп кетіп еді. Тіпті бекер емес пе деймін сол баланікі...

Оңғарбай. Несіне көзіңіз жетті?

Қаратай. Майданға кетіп қалды емес пе...

Оңғарбай. Мен өзім дәл осы алапқа қарсымын. Тілмен бәрі де болып жатыр ау, көнер ме екен кеудеге...

Қаратай. Қайсымыз болсақ та дәл биыл аянатын жыл емес, шырағым...

Оңғарбай. Әрине Қареке, о не дегеніңз...

Қаратай. Ол баланікі құр сөз бе, жоқ өз қолымен істері бар ма?

Оңғарбай. Өз қолымен істер деп енді... не істеуші еді. Келеді осында.

Қаратай. Соны айтам...

Оңғарбай. Тау-тасың мынау, шалғай жатқан өзенің анау... Жаңбыр болмаса, тілеймісің қайтпексің...

Қаратай. Оны олардағы ойланған шығар. Біз де қарап отырамыз ба. Ел бар, жұрт бар кеңесерміз.

Оңғарбай. Ел Құландыға кетіп қалады емес пе? Тракторлар да сонда барып қалған шығар. Кейде осы баланың ойыны сияқты етіп жібереміз...

Қаратай. Еңбек желге кетпеуін ойлаймыз да. Белді бекем байласақ, ел осы жерге келеді. Іске кіріседі. Оның өкініші жоқ. Бригадирлер, звено басшылары осында келсін деп хабар айтқызам.

Тасқа шығып көз жібереді.

Оңғарбай. /Өз-өзіне/ Майдандағы ерлігін көрсетпек қой. Егін майдандағы қимылыңа көнсе игі еді...

Қаратай. Анау бір машина келе жатыр солар-ақ болар. /Тастан түсіп/ Жақсы болды.

Оңғарбай. /Ұнатпай/ Келсін, келсін...

Қаратай. Сізге мына жас агроном ұнаңқырамай ма қалай?

Оңғарбай. Ұнап деп қыз ба ол бір...

Қаратай. /Күліп/ Қыз демекші осы сіз әлгі ... Келін бола ма, құрбы бола ма... Со кісіні... Қалай енді... Былай...

Оңғарбай. Қалайы бар ма, Қареке. Агроном тілімен айтқанда өнім болмады... Екі жыл болып барады, ажырастық.

Қаратай. Сондай бір сыбыс естуші ем де, сенбеуші едім. Солай-ақ екен. Қыз ба деп тұрғаныңыз сол екен ғой... Бәсе /күледі/.

Оңғарбай. Ол да бар... Қырықтың қырқасынан асып бара жатқанда жәй де бар...

Қаратай. Қырық та деп кім айтады тәйір.

Оңғарбай. Қыздарға қырық қорқынышты емес-ақ шығар...

Қаратай. Е, бәсе /күліседі/. /Машинаның дауысы естіледі/. Ә, келді.

Абзал, Мақсот, Айбала, Зәуре шығады. Мақсот таяқ ұстаған, науқас халі бар.

Абзал. Іске сәт, Қареке!

Қаратай. Айтсын-ақ. /амандасады/ Саусың ба, Мақсот қарағым? Жол болсын! /бәрімен де амандасады/.

Мақсот. Рахмет, Қареке, айтқаныңыз келсін.

Абзал. Міне, Мақсот Қара адырға қайта келді.

Қаратай. Дұрыс-ақ. Азамат бастаған ісін аяқтамай тастамас болар.

Мақсот. Дұрыс айтасыз.

Абзал. Мына қыздарыңыз биыл оқуын бітірген, болашақ ауыл шаруашылық мамандары. Көмектесуге келді сіздерге.

Қаратай. Бәрекелді. Өркендерің өссін.

Оңғарбай. /Қыздарға қырындап қарап/ Қарындастардың осындай болғаны да... Жақсы. Солай емес пе, Қареке.

Қаратай. Мынау Оңғарбай ағаларың, шырақтарым... Қайда бұл ағаларың көптен бері...

Зурә. - Ә, агроном ағай ма?

Оңғарбай. - Иә, қарындасым, /қолын ұсынып/ танысып қояйық. Бас агроном Өндірбаев Оңғарбай.

Зурә. - /Қолын алып/ Зурә.

Оңғарбай. - Жақсы қалқам, жақсы. /Айбаланың да қолын алады/.

Айбала. - Айбала.

Оңғарбай. Өте жақсы. Жеткен қарындастарымызды көргенде қуанып қаламыз.

Қаратай. /Шын ниетімен/ Енді қалай...

Мақсот. Жақсы Қареке. Ал енді іске кірісеміз ғой.

Абзал. Қареке, мәселе түсінікті ғой. Даярлық қалай болып жатыр?

Қаратай. Біз егіске сақадай-саймыз... Мәселе осы жерде... Мына Қара адыр алабына ғана тіреліп тұрған жоқ па.

Абзал. Қара адыр алабы туралы Мақсот жолдастың ұсынысы қабылданды. Енді іске кірісу керек.

Қаратай. Мынау Оңғарбай жолдас Қара адырға беттемей тұр ғой.

Абзал. О, не деген сөз. Мәселе шешілген. Облыста шешілді емес пе?

Оңғарбай. Қағаз жүзінде шешілді ғой. Мен нәтижесінен қауіптенем.

Абзал. Қауіптенген істен нәтиже шықпайды. Сол қауіпті жеңіп, нәтиже шығарамыз деп тұрмыз емес пе.

Мақсот. Қауіп сенімсіздіктен туады. Ғылым сенімсіздікті сүймейді.

Оңғарбай. Ғылым... ғылым ғой... Табиғат адамның айдауына оңай көне бермейді ғой, Мақсот жолдас.

Мақсот. Ғылым-ғылым. Табиғат оңай көнбейді. Дұрыс айтасыз. Ал, біз көндіруге тиіспіз.

Оңғарбай. Көріп жүрген нәрсе ғой... Еңбек желге кетпесін деймін.

Мақсот. Көргенге ғана қанағаттанып жүре беруге болмайды. Көрсете де білу керек. Еңбек желге кететін қаңбақ емес.

Абзал. Орынсыз, тірексіз айтылған сөз желге кетеді. Былтырғы еңбекті қайтесің.

Оңғарбай. Былтыр тозған жерге салынды, жауын да болмады, тұқым да белгілі болатын.

Абзал. Белгісіз не сонда?

Қаратай. Белгісізі – еңбектің жемісін көре алмадық қой...

Оңғарбай. Болжау айтатын сәуегейлігіміз жоқ.

Мақсот. Ғылым мен құрғақ сәуегейлік сыйыса алмас болар.

Қаратай. Жолдастар, мен осы Қара адырға сінген еңбегіміз көп деп білем. Осыдан үш жыл бұрын осы мына тұрған Мақсот бізді тіпті де босқа әуре еткен жоқ.

Абзал. Дұрыс айтасыз. Сол еңбектің жемісін көру керек. Желге келтірмеу деген сол болады.

Айбала. Оңғарбай аға, сіз Василий Робертовичтің ғылымына мойын сұңғыңыз келмей ме?

Оңғарбай. Ай, қарындас-ай, баласың ғой әлі.

Зурә. Оныңыз рас ағай... Бірақ академик Вильямс бала емес еді ғой.

Оңғарбай. Білеміз қарындасым, біз де 25 жыл бойы айналысқан іс. Белгілі бәрі.

Мақсот. /ұнатпай, кекей/ Белгісіз де көп пе деймін, Оңғарбай жолдас.

Оңғарбай. Әрине, белгісізі де көп. Бұл іспен талай дөйлер басын ағартқан, асығуға болмайды.

Абзал. Асықпаған арбамен қоянға жетеді дегелі тұрсыз ба. Біздің заман, біздің дәуір оны көтермейді. Мағынасыз бас ағартатын ғылымның қажеті не. Қызық екен сіздің «теорияңыз».

Оңғарбай. /сасып/ Мен сіздің ауданға келгелі биыл екінші-ақ жыл. Әлі жер жағдайымен толық танысқаным жоқ.

Абзал. Мен келгелі 6 ай. Мен сізді осымен үш-ақ рет кездестірдім. Бірталай танып қалған сияқтымын.

Оңғарбай. Оныңыз рас, үш-ақ рет көрдіңіз. Мен демалыста болдым... Одан сырқаттанып курортта болдым. Мына егіс уақыты таяп қалған соң амал жоқ, қайтеміз...

Қаратай. /білдірмей іле сөйлеп/. Онысы рас. /Оңғарбайға/ сырқатыңыз болу керек... Көнбесе қалада боласыз ғой.

Абзал. Жақсы, түсінікті.

Мақсот. Өндірбаев жолдас, ерте уақытты кеш қылмайық. Мен сіздің қарамағыңызда қызмет істеуге келдім.

Абзал. Мақсот жолдас өз тілегімен осы «Қара адыр» колхозына агроном болып келді. Мына қарындастар практикаға келді. Мәселе түсінікті. Егіс бригадасы осы арада болсын делінген. Әлімбаевтың комсомол бригадасын осы жерге жіберу керек. Барлық көмекті ұйымдастырыңыз.

Қаратай. Ол бригаданы Құландыға көшіріп жіберіп едік.

Абзал. /келіп/ Қалайша? Келіспеппе ек Қареке?

Қаратай. Мынау Өндірбай жолдас Қара адыр мәселесі әлі тиянақталған жоқ деп...

Абзал. Сіз тез хабар беріңіз. Келсін осында.

Оңғарбай. Құланды үлкен үміт етіп отырған жер, жолдас Жантасов. Ол бригаданы қозғауға болмайды менімше.

Абзал. Құрғақ үміт пе? Тірегі, негізі бар үміт пе? Осы күнге шейін неге айтылмаған ол? /Қаратайға/ Құландыңыз анау қақ па?

Қаратай. Сол. Бірақ, Оңғарбай жолдас ерік бермеді тіпті.

Оңғарбай. Көптен егілмеген жер, сынау керек.

Мақсот. Негізсіз құр сынау, желге кеткен деген сол болады.

Абзал. Мәселе түсінікті ғой, Қареке. /Мақсоттарға/ Ал, жер көрейік. Жүріңдер қарындастар.

Қаратай. Мен кеттім. Төкен өзі де зорға көніп еді. Барып та жетпеген болар. Осылай бұрайын.

Оңғарбай. Ойлану керек еді.

Ш ы м ы л д ы қ .





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   55




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет