Компьютерлік желілері туралы түсінік, оның тағайындалуы. Компьютерлік желілердің классификациясы Желі



Дата30.03.2020
өлшемі25,3 Kb.
#61064
Байланысты:
Компьютерлик желилер

Компьютерлік желілері туралы түсінік, оның тағайындалуы.

Компьютерлік желілердің классификациясы

Желі дегеніміз ресурстарды – дискілерді, принтерлерді ортақ пайдалану мақсатында бір-бірімен мәлімет алмасу арналарымен байланысқан бірнеше компьютерлер тобы.

Бірнеше (екіден артық) компьютерлерді бір-бірімен физика­лық түрде байланыстырғанда компьютерлік желі құры­лады. Жалпы компью­терлік желі құру үшін арнаулы аппараттық жабдықтама (желілік жаб­дық­тар) және арнаулы программалық жабдықтама (желілік програм­малық құралдар) қажет болады. Мәлімет алмасу үшін компьютерлерді қарапайым түрде бір-бірімен байланыстыру түрі тікелей байланыс деп аталады. Компьютерлік желілерді құру кезінде шешілетін негізгі мәселе – аппараттық жабдықтардың электрлік және механиалық сипаттама­лары мен информациялық жабдықтамалардың (программалық мәлі­мет­тер­дің) форматтары мен кодталу жүйелерінің бір-біріне сәйкес келіп үйлесуін қамтама­сыз ету болып табылады. Соңғы мәліметтер үйлесімін жүзеге асыру үшін оларды стандарттау мақсатында OSI (Model of Open System Interconnections – ашық жүйелердің өзара әрекеттесу моделі) моделі жасалып шықты. Бұл модель Халық­аралық стандарттар жасау ұйымы­ның – ISO (International Stan­dards Organization) техникалық ұсыныстары негізінде құрылған еді.

Осы ISO/OSI моделіне сәйкес компьютерлік желілер архитек­тура­сының әртүрлі деңгейлерін (деңгейлер саны – жетіге шейін) қарастыру керек. Олардың ең жоғарғысы ­­­­–­ қолданбалы деңгей, ал ең төменгісі ­­­­­­­– физикалық деңгей болып саналады.

Компьютерлік желі архитектурасының осы жеті деңгейінде мәлімет­тердің бір-біріне қажетті сәйкестігін қамтамасыз ету үшін протокол (хаттама) деп аталатын арнайы стандарттар жасалған.

Пайдаланылатын хаттамаларға байланысты компьютерлік желілер жергілікті (LAN – Local Area Network) және ауқымды (WAN – Wide Area Network) деп екіге бөлінеді.

Жергілікті желі – бір мекеменің ғимараты көлеміндегі немесе жақын орналасқан ғимараттарда орналасқан компьютерлер желі­сі. Олардың бірі көбінесе орталық сервер (басты компьютер) рөлін атқарады. Жергілікті компью­терлік желіге қосылған әртүрлі ЭЕМ-дердің дискіле­рін­дегі бумалар мен файлдарда орналасқан мәлімет­ті пайдалану өз ком­пью­терің­де орналасқан мәліметті пайдалануға өте ұқсас болып келеді. Желі ресурстарын ортақ пайдалану үшін керекті мәлімет орналасқан, осы желіге қосылған басқа бір ком­пью­тердің мәліметтер бумасын ашу қажет.

Ауқымды (ғаламдық) желілер бүкіл дүние жүзіндегі компью­тер­лерді немесе олардың тораптарын байланыстыруға арналған желілер түрі, олар көбінесе ғарыштық (спутниктік) байланыс арна­ла­рын пайда­ла­на­ды.

Компьютерлік желілердің барлық түрлерінің атқаратын қызме­ті екі функциядан тұрады, олар:

- ­аппараттық және программалық желі ресурстарының бірігіп жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

- мәліметтік ресурстарға бірігіп ортақтаса қатынас құруды қамтама­сыз ету.

Егер желіде барлық компьютерлер ортақ пайдалануға арнал­ған арнайы бөлінген компьютер – сервер болмаса және барлық компью­терлер бірі-бірімен “тең құқықты” мүмкіндікпен мәлімет алмасатын болса, ондай желілер біррангылы (әдетте олар шағын желілер) деп аталады.

Бір мәселені шешу мақсатында жергілікті желі арқылы байла­нысып жұмыс істеп жатқан қызметкерлер тобын жұмысшы топ­тар деп атайды.

Желіге қосылған компьютерлердің құқықтарын бөлу және шек­теу тәсілдері жиынын желі саясаты деп атау қалыптасқан. Желі саясатын реттеп отыру істерін желіні басқару деп атайды. Ал жергілікті желідегі компьютерлер жұмысын басқаруды ұйымдас­тырушы тұлға желі басқару­шысы (әкімі) болып табылады.

Әртүрлі хаттамалар бойынша жұмыс атқаратын бірнеше жер­гі­лікті желілерді бір-бірімен байланыстыру үшін арнайы құралдар – шлюздар (тоғандар) қолданылады.

Мекеменің жергілікті желісін ауқымды (ғаламдық) желіге қосар кезде желі қауіпсіздігі деген ұғым туындайды. Жергілікті желі мен ауқым­ды желі арасында мәліметтер алмасуы кезіндегі олардың қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету брандмауэрлар арқылы жүзеге асырылады. Желілер ара­сын­да мәлімет тасымалдауда олар­ды қорғау, пайдалануды шектеу істе­рінде брандмауэр рөлін арнайы компьютер немесе программа атқаруы мүмкін.

Желідегі қызмет түрлері. Негізгі түсініктер

Виртуальды байланыс туралы түсінік. Кәдімгі пошта арқылы екі адамның қарапайым мәлімет алмасуын қарастырайық. Егер олар бір-біріне тұрақты түрде хат жіберіп, хат алып тұратын болса, олардың арасында тұтынушы (қолданбалы) деңгейінде байланыс болғаны. Бірақ олар бір-біріне хаттарын өздері алып бармайды, пошта жәшігіне сала сала­ды, яғни тікелей байланыста емес. Олардың басқалар көмегімен мәлімет алмасу түрін виртуальды (нақты болмағанымен елестетуге бола­тын) байланыс деуге болады. Өйткені біздің хатымыздың басқа жердегі танысымызға жетуі үшін өзіміз бармай-ақ, қаламыздағы пошта қызметінің басқа қаладағы поштамен байланысы болса болғаны. Біздің байланы­сымыз пошта қатынасы арқылы жүзеге асып, бізге өзіміз тіке­лей байла­ныс­та сияқты болып көрінетін, елестетуге болатын виртуаль­ды байланыс түрін осылай деп қарастыруға болады.

Мемлекеттік пошта қызметі де өз жұмысында осындай төменгі дең­гей­дегі байланыс арқылы жүзеге асырылады, мысалы, хат алма­су темір­жол­дың пошта-багаж қызметін ұйымдастыру жолы­мен атқарылады. Тек осы қызмет бабының жұмысына қарап, біз екі қаланы физикалық түрде байланыстырып тұрған темір жол екенін байқаймыз.



Ашық жүйелердің әрекеттесу моделі. ISO/OSI моделінде ком­пью­­терлер арасындағы байланыстың жеті деңгей арқылы орын­далатыны айтылған болатын. Енді әртүрлі құрылықтарда орналас­қан компьютер­лер арасында қалай мәлімет тасымал­дана­тынын қарастырайық.

  1. Тұтынушы алғашқы қолданбалы деңгейде өз компью­те­рін­дегі прог­рам­малар көмегімен жіберілетін құжатын даяр­лайды.

  2. Ұсынылу деңгейінде тұтынушы компьютеріндегі операция­лық жүйе мәліметтің қайда жазылып тұрғанын анықтап, оның ке­ле­сі деңгей­мен әрекеттесуін қадағалайды.

  3. Келесі сеанстық деңгейде тұтынушы компьютері жергілікті неме­се ауқымды желімен байланысады.

  4. Тасымалдау (транспорт) деңгейінде жөнелтілетін құжат қол­да­ны­­латын желі хаттамалары талаптарына сәйкес тасымалдауға ыңғайлы фор­­мат­­қа (пакеттерге) түрлендіріледі.

  5. Желілік деңгейде мәліметтің тасымалдану маршруты анық­та­лып, ол адреспен толықтырылады.

  6. Байланысу деңгейінде желілік деңгейден алынған мәлімет модем көмегімен физикалық деңгейге қажет нақты сигналдарға түр­лендіріліп, оны модульдеу ісі атқарылады.

  7. Мәліметтерді нақты түрде тасымалдау соңғы физикалық деңгейде орындалады. Мұнда мәлімет тек биттер түрінде өрнек­теліп тасымал­данады. Мәліметті қабылдап алу тағы да екінші тұты­нушы компьюте­рінде осы деңгейлердің кері бағытта жұмыс іс­теуі арқылы биттерді қай­та­дан нақты құжатқа түрлендіру жолымен атқарылады.

Виртуальды байланыс ерекшеліктері. Мәлімет жөнелткен сервер мен оны қабылдап алған клиент кмпьютері хаттама­ларының әртүрлі деңгейлері бір-бірімен тікелей әрекеттеспей, олар тек физикалық дең­гей арқылы байланысады. Мәліметтер бірте-бірте жоғары деңгейден төменгі деңгейге үздіксіз түрлене отырып, қосымша деректермен толық­тырылады да, олар деңгейге сәйкес хаттамалар арқылы қадағаланып тексеріліп отырылады. Осындай тәсілмен екі компьютердің бір-бірімен виртуальды байланысы жүзеге асырылады. Байланыс виртуальды болғанмен, мәлімет осындай сатылар арқылы бір нүктеден екінші нүктеге түрлендіріле отырып жеткізіледі.

Желідегі қызмет түрлері. Қазіргі Интернетті пайдалану қыз­мет­­терінің барлығы да осы виртуальды байланысқа негізделген. Мәлімет­терді тасымалдау қызметі желілік деңгейдің виртуальды байланысына негізделіп, соның хаттамаларына сәйкес құрылады.

Интернет. Негізгі түсініктер


Интернет – біріктірілген желілер жүйесі, яғни желілердің желісі деген ұғымды білдіреді. Соңғы кездері оны Дүниежүзілік компью­терлік желі деп атайды. Физикалық тұрғыдан алғанда Интернет бір-бірімен байланыс арналарымен біріктірілген бірнеше миллион компьютерлер­дің жиыны деп қарастыруға болады. Бірақ мұнан гөрі Интернетті белгілі бір информациялық кеңістік деп айтқан дұрысырақ болады.

Интернеттің теориялық негіздері


Компьютер арқылы мәлімет тасымалдау тәжірибелері 1950 жыл­дары басталып, ол әуелгі кезде лабораториялық эксперимент түрінде қарастырылған еді. Содан оншақты жылдар өткен соң, АҚШ қорғаныс министрлігінің Перспективалық Жұмыстар Агент­тігі (DARPA – Defense Advanced Research Project Agency) қаржы­сына мемлекеттік деңгейдегі алғашқы компьютерлік желі жасалып шықты. Агенттіктің атына байланысты ол ARPANET деп аталды. ARPANET желісі 1969 жылы жұмыс істей бастады. Осы желі жаңа компьютерлер тораптарының (түйіндерінің) қосылуына қарай кеңітіліп, 80 жылдарда ірілендірілген тораптар негізінде аймақтық желілер жасалып, ARPANET жүйесі жалпы архитектурасының төменгі деңгейлері іске қосыла бастады. Интернеттің нақты дүние­ге келуі 1983 жыл болып саналады. Дүниежүзілік желі негізін құрайтын, бүгінге дейін кең пайдаланылып келе жатқан TCP/IP байланыс хаттамасының сол стандартталған мерзімі Интернеттің бастау алған күні болып табылады.

TCP хаттамасы. TCP(transfer control protocol) хаттамасына сәйкес жөнелтілетін мәліметтер шағын пакеттерге (дестелерге) бөлі­­неді де, олардың әрқайсысы белгілі бір тәртіппен таңбаланады. Бұлай таңбалау тәсілі мәліметтерді керекті компьютерге жеткіз­ген­нен кейін қайтадан біріктіруге мүмкіндік береді.

IP хаттамасы. IP (Internet Protocol) адрестік хаттама болып табылады. Оған сәйкес Дүниежүзілік желіге қосылған әрбір ком­пьютердің өзіндік ерекше адресі (IP-адрес) болуы тиіс. Осы адрес­ке қарай TCP пакеттері керекті компьютерге тез жеткізіледі. Адрес нүктемен бөлінген төрт саннан тұрады. Соларға байланысты желі тораптары арасында қажетті байланыс орнатылады да, мәлімет “жақын” немесе “алыс” орналасқан бір компьютерге жөнелтіледі. Бұл тырнақшадағы сөздер ара қашық­тық­ты емес, мәлі­метті жылдам жеткізуге болатын нүктелер мүмкіндігін көрсе­теді. Қай компьютердің “жақын” немесе “алыс” екендігін арнайы құралдар – маршрутизаторлар анықтайды.

Интернеттегі қызмет түрлері


Интернетте қызмет түрлері (баптары) өте көп, олардың әрқай­сысының өз хаттамасы болады. Олар қолданбалы хаттамалар деп ата­лады. Қолданбалы хаттамаларға сәйкес мәлімет алмасу арнайы клиент­тік программалар (немесе жай клиент) арқылы орындалады.

Терминальдық режим. Интернетті алдыңғы кезде алыстағы компьютерді басқару үшін қолданған болатын, мұны Telnet қызмет бабы деп атаған еді. Алыстағы компьютерге осы жұмысқа сәйкес хаттама арқылы қосылып, оның жұмысын басқаруға болады. Мұндай басқару түрін консольды немесе терминальды басқару деп те атайды. Көбінесе Telnet қызмет бабы техникалық объектілерді алыстан басқару мақса­тында қолданылады.

Электрондық пошта (E-Mail). Бұл жұмыспен Интернетте арнайы пошта серверлері айналысады. Сервер рөлін компьютер немесе арнайы программалық жабдықтама атқарады. Пошта серверлері әр тұтыну­шыдан (клиенттерден) мәлімет алып, оларды адрестеріне сәйкес алушы­ларға жақын орналасқан пошта серверлеріне жөнелтеді. Сондай сервер­лерде хаттар жиналып тұрады да, адресат пен сервер байланысқан кезде хаттар оны алушыға жіберіледі.

Пошта қызметі SMTP және POP3 сияқты екі хаттама арқылы жұмыс атқарады. Алғашқысы мәліметті компьютерден жақын жердегі серверге жөнелтеді, ал екіншісі – алушы маңындағы серверге келіп түскен мәлімет­­ті керекті компьютерге жіберуді қамтамасыз етеді.



Тарату тізімдері (Mail List). Әдетте электрондық пошта екі компьютер арасында мәлімет тасымалдайды. Ал көптеген мәлі­меттер бір адамға емес, көпшілікке арналады, олар алдын ала жазылған тізім бойынша таратылады. Мұндай тізімдер сервер­лерде жиналып тұрады, сол серверлерге арнайы тақырыптық мәліметтер де тұрақты түрде келіп түседі, сонан соң олар жазылған тізім бойынша газет-журналдар тәрізді таратылады.

Телеконференция қызметі (Usenet). Телеконференция қызметі келіп түскен мәліметті осы тақырыптағы конференцияға қатысушы­лар­дың бәріне, яғни белгілі бір топқа жөнелтеді. Мұндай топтар жаңалық­тар тобы деп те аталады.

Көптеген мамандар өз мамандықтарына қатысты тақырыптар аймағында өтіп жатқан телеконференциялар мәліметтерін тұрақты түр­де қарап отырады. Мәліметтерді осындай тәсілмен шолып өту ин­формация мониторингі деп те аталады..

Кейбір топтарда конференция тақырыбына келіп түскен мәліметтерді алдын ала қарап шығып сұрыптау ісі жүргізіледі. Тақырыпқа сәйкес келмейтіндері (көбінесе жарнамалар) алып тасталынады. Мұндай конференциялар модельденетін топтарға жатады. Модельдеуді жүргізуші модератор рөлін адам немесе алдын ала белгіленген өзекті сөздерге байланысты мәліметті сұрыптаудан өткізетін программа да атқара алады. Егер программа қолданылса, онда автоматты модерация жүргізілді деп айтылады.

World Wide Web – бұл Web-серверлерде сақталатын, өзара байланыстағы миллиондаған электрондық құжаттардан тұратын біртұтас информациялық кеңістік. Web кеңістігін құрайтын жеке құжаттардың бір беті Web-парақ деп аталады. Белгілі бір тақырып бойынша біріктірілген Web-парақтар жиыны Web-тораптарды немесе Web-сайттарды құрайды.

Web-парақтарды көруге арналған программалар броузерлар болып аталады. Кейде броузер сөзін браузер, көрсеткі деп те айта береді. Броузер құжатты оны жасаған автордың мәтін ішіне енгізілген арнайы командаларына сәйкес экранда бейнелеп көрсетеді. Сондай командалар тәгтер деп аталады. Тәгтер құжатты броузер арқылы қарағанда, мәтінді безендіріп форматтап береді, бірақ өздері көрінбейді. Құжат авторы тәгтерді алғаш жазған кезде оларды латын әріптерімен теріп бұрыштық жақшаларға () алып отырады. Күрделі тәгтердің бұрыштық жақшаларға алынған түйінді сөздерге қосымша атрибуттары (анықтауыш, сипаттама) немесе параметрлері болады. Осындай тәртіппен құжаттың алғашқы нұсқасы тәгтермен біріктіріліп HTML тілінің ережелеріне сәйкес жазылады, ал құжат экранға шыққанда тәгтерсіз тек мәтін ғана көрініп тұрады. Құжат HTML (HyperText Markup Language) ­­- гипермәтінді белгілеу тілінде жазылатындықтан, Web – құжат HTML-құжат немесе HTML форматындағы құжат деп айтылады.

Сонымен HTML тәгтері арқылы жазылатын Web – парақтардың ең маңызды ерекшелігі ­– олардың гипермәтіндік сілтемелері болуында. Мәтіннің бір сөзімен немесе суретімен басқа Web –құжатты гиперсілтеме арқылы байланыстырып қоюға болады. Осылай бір құжаттан екінші құжатқа гиперсілтеме көмегімен ауысып отыру мүмкіндігін Web-серфинг Web-навигация деп атайды.

Дүниежүзілік Web кеңістігіндегі кез келген файл адресі ресурстың ықшамдалған көрсеткіші ­ – URL арқылы анықталады. Сонымен, Интер­нет­тегі әрбір мәліметтің IP-адресі және URL көрсеткіші арқылы берілген домендік адресі болады. Соңғы адрес белгілі бір мағынасы бар сөз тіркесімен – символдармен беріледі.



Домен аттары қызметі (DNS). Адамдарға санмен берілген IP-адре­стермен жұмыс істеген ыңғайсыздау болады, бірақ көбінесе белгілі бір мағынасы бар домендік ат жеңіл есте қалады. Сондықтан домендік аттарды соларға сәйкес IP-адрестерге түрлендіру керек болады. Міне, осы жұмыспен домен аттары қызметінің сервері DNS (Domen Name System) айналысады.

Файлдарды тасымалдау қызметі (FTР). Файлдарды тасымалдау жұмысы желі арқылы программалық файлдарды алу кезінде, көлемді құжаттарды немесе солардың сығылған архивтік файлдарын тасымалдауда жиі қажет болады. FTP қызметінің дүниежүзілік желіде өз серверлері бар, оларда мәліметтер архиві орналасқан.


IRC қызметі. IRC (Internet Relay Chat) қызметі нақты уақыт кезеңінде бірнеше кісі тікелей әңгімелесіп қарым-қатынас жасауы үшін қажет. Кейде IRC қызметін чат-конференция немесе жай чат деп атайды. IRC жүйесінде қатынасып сөйлесу тек бір канал аралығында және бұл жұмысқа бірнеше адам ғана қатынасады.

ICQ қызметі. Бұл қызмет осы сәтте Интернетке қосылып отырған кісінің желілік IP-адресін іздеуге арналған. Бұл қызметті пайдалану үшін оның орталық серверінде тіркеліп, жеке идентификациялық нөмір UIN алу қажет.

Интернетке әрбір қосылған сайын сіздің компьютеріңізде тұрған ICQ программасы сіздің ағымдағы IP-адресіңізді анықтап, оны қызмет орталығына жібереді де және ол адресті сіздің әріптестеріңізге жібереді. Байланыс орнатылғаннан кейін ары қарай қатынасу IRC қызметі сияқты жалғаса береді.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет