3. Конкурс комиссиясын қалыптастыру
15. Конкурс комиссиясы осы Қағидалармен айқындалған тәртiппен тиiстi лауазымға тағайындауға құқығы бар тиiстi мемлекеттiк органның басшысымен, ал жауапты хатшы (аппарат басшысы) лауазымы енгізілген мемлекеттік органдарда, жауапты хатшымен (аппарат басшысымен) қалыптастырылады.
16. Осы Қағидалардың 15-тармағында көрсетілген тұлғаның шешімі бойынша конкурс комиссиясының төрағасы болып персоналды басқару қызметінің (кадр қызметі) басшысы, ал ол болмаған жағдайда – өзге тұлға тағайындалады.
17. Аудандарда, қалаларда, облыстарда тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің бюджетінен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшін бірыңғай конкурс комиссиясын құруға жол беріледі. Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын аудандық, қалалық, облыстық атқарушы органдардың бірыңғай конкурс комиссиясы осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындауға құқығы бар тұлғаның шешімімен құрылады.
18. Орталық мемлекеттік органның аудандық аумақтық бөлімшелері үшін орталық мемлекеттік органның өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшелерінде бірыңғай конкурс комиссиясын құруға жол беріледі. Аудандық аумақтық бөлімшелердің бірыңғай конкурс комиссиясы орталық мемлекеттік органның өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесі басшысының шешімімен немесе жоғары тұрған органның шешімімен құрылады.
19. Конкурс комиссиясы кемінде бес мүшеден тұрады, оның үштен бір бөлігі түрлі құрылымдық бөлімшелердің өкілдерінен, оның ішінде төрағадан тұруы тиіс.
20. Конкурс комиссиясының құрамына персоналды басқару қызметінің (кадр қызметінің) қызметкерлері не персоналды басқару қызметінің (кадр қызметінің) міндетін атқару жүктелген тұлғалар, орналасуға конкурс өткізілетін бос лауазымдары бар құрылымдық бөлімшелердің қызметкерлері енгізіледі.
21. Бірыңғай конкурс комиссиясының құрамына орналасуға конкурс өткізілетін бос лауазымдары бар мемлекеттік органдардың не мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелерінің басшылары енгізіледі.
22. Конкурс комиссиясының құрамына мемлекеттік органның басшысы және басшы орынбасары болып табылатын мемлекеттік саяси қызметші кіре алмайды.
23. Конкурс комиссиясының құрамына конкурс қатысушысы кірмейді.
24. Конкурс комиссиясының хатшысы оның жұмысын ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді жүзеге асырады және дауыс беруге қатыспайды.
25. Конкурс комиссиясының қатыспаған мүшелерін алмастыруға жол берілмейді.
26. Конкурстық комиссияның құрамын өзгерту осы Қағидалардың
15-тармағында көрсетілген тұлғаның шешімі бойынша жүзеге асырылады.
27. Конкурс комиссиясы әрбір жарияланған бос лауазым үшін сол бір лауазымға үміткер кандидаттарға тең көлемде қойылатын сұрақтар тізбесін қалыптастырады.
28. Конкурс комиссиясы осы Қағидалардың 60 және 101-тармақтарында көзделген жағдайларда әр бос лауазымға эссе тақырыптарының тізбесін бекітеді.
29. Конкурс комиссиясы жұмысының ашықтылығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін оның отырысына байқаушылар шақырылады.
30. Конкурс комиссиясының отырысына байқаушылар ретінде Қазақстан Республикасы Парламентінің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының, Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіпте аккредиттелген бұқаралық ақпарат құралдарының, басқа мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің (үкіметтік емес ұйымдардың), коммерциялық ұйымдардың және саяси партиялардың өкілдері, уәкілетті органның қызметкерлері қатыса алады.
31. Байқаушылар әңгімелесу процесінде кандидаттарға сұрақтар қоймайды. Байқаушыларға конкурс комиссиясының жұмысына кедергі келтіретін іс-әрекеттер жасауға, кандидаттардың жеке басы деректеріне қатысты мәліметтерді жариялауға, кандидаттар қатысатын конкурс рәсімдерінде олардың техникалық жазба құралдарын қолдануға жол берілмейді.
32. Байқаушы ретінде конкурс комиссиясының отырысына қатысу үшін тұлғалар әңгімелесу басталғанға дейін бір жұмыс күнінен кешіктірмей персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) тіркеледі. Тіркелу үшін тұлғалар персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін, осы Қағидалардың 30-тармағында көрсетілген ұйымдарға тиесілілігін растайтын құжаттардың түпнұсқасын немесе көшірмелерін ұсынады.
33. Конкурс комиссиясының хатшысы байқаушыларды әңгімелесу басталғанға дейін осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысандағы байқаушыларға арналған жадынамамен таныстырады.
24. Байқаушылар конкурс комиссиясы отырыстарының хаттамаларымен танысады және тиісті мемлекеттік органның басшылығына және уәкілетті органға конкурс комиссиясының жұмысы туралы өздерінің пікірлерін жазбаша түрде бере алады.
35. Осы Қағидалардың 15-тармағында көрсетілген тұлғаның келісімі бойынша конкурс комиссиясының отырысына сарапшылар шақырылады. Сарапшы ретінде конкурс жариялаған мемлекеттік органның қызметкері болып табылмайтын, бос лауазымның функционалдық бағыттарына сәйкес облыстарда жұмыс тәжірибесі бар тұлғалар, сондай-ақ персоналды іріктеу және жоғарылату бойынша мамандар, басқа мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері, Қазақстан Республикасының Парламент және мәслихат депутаттары қатыса алады.
36. Сарапшылар әңгімелесуге қатысады, кандидаттарға сұрақ қояды, конкурс комиссиясының мүшелеріне кандидаттар туралы өз пікірлерін білдіреді. Конкурс комиссиясының қорытынды отырысына бұл тұлғалар қатыспайды.
37. Конкурс аяқталғанға дейін уәкілетті органдарға ақпарат беруді және Қазақстан Республикасы заңдарымен бекітілген басқа да жағдайларды қоспағанда мемлекеттік органның қызметкерлеріне конкурс комиссияларының құрамы, конкурсқа қатысушылар туралы және олардың жеке деректерін жариялауға жол берілмейді.
38. Уәкілетті органның және оның аумақтық бөлімшелерінің жолдамасы бойынша олардың қызметкерлерінің кандидаттармен әңгімелесуіне және конкурс комиссиясының қорытынды отырысына қатысуға жол беріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |