1946-1959 жылдары
Көлiк пен байланыс жүйесiн дамыту жөнiнде қыруар жұмыстар жүргiзiлдi. Республика аумағында темір жолдың пайдалану ұзындығы 1631 км-ге, жүк тасымалы 5,7 млн. т-ға жеттi. Уралды көмiрмен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарған Қарталы — Ақмола (Астана) темір жол желiсi қатарға қосылды. Гурьев (Атырау) — Қандағаш, Жамбыл (Тараз) — Шолақтау темір жол желiлерi пайдалануға берiлдi. Күрделi құрылыс көлемi ұлғайды.
2-бесжылдықта барлық салалар бойынша 721 млн. сом күрделi қаржы игерiлсе, 4 жарым жыл iшiнде (1941 — 1946) 981 млн. сом игерiлдi. Соғыстан кейiнгi бесжылдықтарда (1946 — 1960) Қазақстан экономикасы бейбiт жағдайға көшiрiлiп, қандай да болсын халық шаруашылығы мәселелерiн шеше алатын, одақтың негiзгi ауыл шаруашылығы базаларының бiрiне айналды. Жаудың басып алуынан (оккупациядан) зардап шеккен және өнеркәсiптiң соғысқа дейiнгi дәрежесiне 1949 жылдың аяғында ғана жеткен аудандардан Қазақстан халық шаруашылығының өзгешелiгi сонда, ол қалпына келтiру кезеңiне соқпай, бұрынғысынша ұдайы өндiрiс негiзiнде дамыды. Қазақстан бұл аудандарға металл, отын, шикiзат қорларын, құрылыс материалдарын, жабдық, азық-түлiк, асыл тұқымды мал, т.б. жөнелтiп тұрды.
Достарыңызбен бөлісу: |