Тіліктер. Бір немесе бірнеше жазықтықпен ойша қиылған нәрсенің кескіні тілік деп аталады. Тілікке қиюшы жазықтықтың өзінен шыққан және оның ар жағында жатқаны көрсетіледі. Нәрсенің қиюшы жазықтықта жатқан бөлігі (қимасы тілікте шартты түрде сызықтаумен көрсетіледі).
Тіліктер қиюшы жазықтықтың алатын орнына және олардың санына байланысты бөлінеді.
Қиюшы жазықтықтың, проекцияларының горизонталь жазықтығына қатысты алғандағы орнына қарай, тіліктер: вертикаль, горизонталь және көлбеу болып бөлінеді.
Егер қиюшы жазықтық проекциялардың фронталь жазықтығына параллель болса, онда вертикаль тілік фронталь тілік деп, ал қиюшы жазықтық проекциялардың профиль жазықтығына параллель болса, онда вертикаль тілік профиль тілік деп аталады.
Егер қиюшы жазықтық проекциялардың горизонталь жазықтығына параллель болса, горизонталь тілік шығады.
Егер қиюшы жазықтық проекциялардың горизонталь жазықтығына қандайда болмасын (тік емес) бұрыш жасап орналасса, ондай тілік көлбеу тілік деп аталады.
Егер қиюшы жазықтық нәрсенің ұзындығын немесе биіктігін бойлай өтетін болса, онда бойлық тілікті, ал егер қиюшы жазықтық нәрсенің ұзындығына немесе биіктігіне перпендикуляр бағытталса, онда көлденең тілікті береді.
Қиюшы жазықтықтардың санына байланысты тіліктер жай және күрделі болып бөлінеді. Егер тілік нәрсені бір қиюшы жазықтықпен қию нәтижесінде шыққан болса, онда жай тілік деп аталады. Егер тілік нәрсені бірнеше жазықтықтармен қию нәтижесінде шыққан болса, онда ол күрделі тілік деп аталады.
Қиюшы жазықтықтардың орнына қарай күрделі тіліктер сатылы және сынық тіліктерге бөлінеді. Сынық тілікке қиюшы жазықтықтар шартты түрде бір жазықтықпен беттескенше айналдырады. Жазықтықтар арасындағы бұрыш доғал.
Нәрсенің шағын бөлігінің құрылысын көрсету үшін жергілікті тілік деп аталатын тілік қолданылады.
Фронталь, горизонталь және профиль тіліктерді әдетте сәйкес негізгі көріністердің орнына орналыстырады. Егер беттестірілген жазықтықтар негізгі проекция жазықтықтарының біреуіне парллель болса, онда сынық тілікті сәйкес көріністің орнына орналыстыруға рұқсат етіледі.
Күрделі тіліктерде қиюшы жазықтықтардың орны басында (қиюшы жазықтықтармен қиылысқан жерінде) әрқашанда үзік сызықтармен және соңында үзіктің сызықша сызықтарымен белгіленеді. Бастапқа және соңғы сызықша сызықтардың қарау бағытын көрсететін нұсққамалары болады, нұсқамаларды сызықша ұшынан 2-3 мм қашықтықтан жүргізеді. Бастапқы және соңғы сықша сызықтары кескін контуры қиылыспауға тиіс. Қима сызықтарыныңшеткі сызықшаларының жанына нұсқамаларды сырттай, қазақ алфавитінің бір ғана бас әрпі қойылады. Егер қиюшы жазықтық нәрсенің симметрия жазықтығымен дәл келсе және сәйкес кескіндер бір бетте тікелей проекциялық байланыста орналасқан болса, онда жай горизонталь, фронталь және профиль тіліктерді белгілемейді.
Жергілікті тілік, әдетте, белгіленбейді. Ол сызбада тұтас ирек сызықпен (жуандағы S/3-тен S/2-ге дейін) бөліп көрсетіледі. Бұл сызық кескіндегі басқа сызықтармен беттеспеуге тиіс.
Көрініс бөлігі мен тілік бөлігін қосып біріктіруге рұқсат етіледі. Бұл кескіндердің арасы тұтас ирек сызықпен бөлінеді.
Егер көрініс пен оның орнына орналастырылатын тілік симметриялы фигуралар болса, онда көріністің жартысы мен тіліктің жартысын қосып біріктіруге болады. Олардың аралық шегін көрсететін сызық симметрия осі болмақ.