Негізгі бөлім:
Адамзат өркениетінің даму сатысында бірнеше ақпараттық серпілістер болды. Олардың алғашқысы – жазу арқылы ақпараттың ұрпақтан-ұрпаққа жетуі. Екіншісі – баспалардың пайда болуы. Үшінші серпіліс – электрдің пайда болу нәтижесінде қалыптасқан телефон, теледидар, радио секілді т.б. ақпарат тарату құралдарының дамуымен ерекшеленеді.
Ал ХХ ғасырдың соңынан басталатын төртінші серпіліс – компьютерлік технологияның желілік технологиямен бірігуі нәтижесінде қалыптасып, ақпараттық – коммуникациялық технологиясы атанған жаңа ақпараттық серпіліс. Бүгінде осы ақпараттық серпіліс дәуірді таңқаларлық өзгерістерге бастар басты күшке айналып келеді.
«Ақпараттық қоғам» туралы ұғымды өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында жапон ғалымдары ұсынған еді. Қазірде бұл озық идея адамзат өркениетінің, ғылым мен білімнің өрлеуіне, мемлекеттің қоғамдық – саяси құрылымының жетілуі мен оның тұрақты дамуына әсер ете отырып көптеген елдердің назарына ілікті. Идеяның негізгі тұғыры – желілік – ақпараттар технологиясы болып табылады. Және бүкіл әлемде ерекше қарқынмен дамып келеді. Себебі қазіргі таңда қоғам тұрмысындағы қажетті барша ресурстарды басқаруды ұйымдастыру мен азаматтардың рухани, мәдени қажеттіліктерін қамтамасыз етуде құрлықаралық жүйе құрушы құрал болып отыр. Ал бұл үрдісті әлем әлеуметтанушылары адамзат қоғамы өзінің даму жолында «ақпараттық қоғам» деп аталатын жаңа сатыға қадам басуы деп бағалауда.
Бүгінде АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Франция, Германия, Дания, Финляндия, Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия, Марокко, Маврикия, Эстония секілді т.б. көптеген елдер ақпараттық қоғамның негізін қалаудың көш басында келеді. «Мәселен, АҚШ 1993 жылы ұлттық – ақпараттық инфрақұрылым қалыптастырудың жоспарын қабылдады, 1994 жылы шілдеде Еуропалық одақ комиссиясы «Ақпараттық қоғамға – Еуропалық жол» атты жоспарын бекітті, 1995 жылы Финляндия «Ақпараттық қоғамға – финдік жол» деп аталатын өз бағдарламасын әзірлесе,1996 жылы ГФР «Ақпараттық қоғамға – германдық жол» атты бағдарламасын қабылдады. Осылайша өткен ғасырдың 90 жылдары шенінде мұндай бағдарламалар барлық дамыған елдер мен дамушы елдерде қабылданды. Бұл бастамаларды мұнан ары кең ауқымда жалғастыру мақсатында «Үлкен сегіздік» елдері 2000 жылы әлемдік ақпараттық қоғам орнатудың «Окинава хартиясын» бекітті.»
Бағдарламалардың басты мақсаты интернет арқылы компьютермен халыққа білім беруді күшейту, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін арттыру, электрондық құжатпен дүниежүзі елдерімен ақпарат алмасуды қалыптастыру. Сондай-ақ, мемлекеттік басқару органдарының құжаттары мен кітапханалардың, оқу орындарының және басқа да санаткерлік орталықтардың түрлі ақпараттық ресурстарына қол жеткізу. Бұл идеялар жыл өткен сайын маңызы арта түсуде. Соның нәтижесінде әрбір мемлекетте электрондық э – үкімет (e – government) пайда болып жатыр. Біздің елде де бұл бағдарлама жүзеге асырылуда. Ол жөнінде тереңірек тоқталамыз. Ақпараттық қоғамда электронды үкімет пайда болғаннан кейін, әрине басқа салалар да тыс қалмауда. Яғни кәсіпкерлікті дамытып экономиканы арттыруға негізделген э – бизнес (e – business), азаматтардың тұрмыстық тіршіліктеріне қатысты э – азамат (е – citizen) іспетті т.б. нысандары жан –жақты дамуда.
«Бүгінгі күні «ақпараттық қоғам» құру мәселесін әлемнің көптеген елдері мемлекеттік биліктің жүйе түзуші құрал деп, оған сәйкесінше арнайы жұмыстар жүргізіп келеді. Ал жетістіктерді тек дамыған елдер ғана емес, дамушы елдер де сезіне бастады. Мәселен, Еуропаның дамыған елдерін былай қоя тұрып, әлемнің үшінші елдері санатындағы Солтүстік Африканың Марокко елінде ақпараттық технологиялар алғашында білікті мамандардың Еуропаға қоныс аударуын тоқтатып, ел экономикасын ырықтандырудың тетігі ретінде қарастырылған болатын. БҰҰ-ның тәуелсіз сарапшыларының келтірген деректері бойынша 1996 жылы бұл елде 20 интернет-провайдер, 50-ге жуық интернет – кафе,10 мыңдай интернет тұтынушылары, 50 –ге тарта ақпараттық web - сайттар, 1,4 млн. тіркелген телефон желілері болды. Интернетке енудің орташа құны ол уақытта айына 50 АҚШ долларын құрайтын. Мемлекеттің жоғарғы дәрежелі саяси басшылығының қолдауымен 1998 жылы наурызда елді ақпараттық технологиялар негізінде дамытудың ұлттық жоспары бекітілді. Оның басты мақсаттары барлық сатыдағы билік құрылымдары қызметінің барынша ашық болуын қамтамасыз етуге, жаңа технологиялар негізінде мемлекеттік секторды басқарудың жаңа тәсілдері мен тетіктерін енгізуге бағытталған Үкімет бағдарламасын жүзеге асыруда ауыл – қыстақтарда оқшауланған халықтың тұрмысын көтеру үшін жаңа технологиялар арқылы оларға нақты көмек көрсететін шараларды жүзеге асыруды белгіледі. Үкімет осы стратегиялық бағыттарды табанды жүзеге асырудың нәтижесінде 2000 жылдың ортасына қарай 28 млн. халқы бар Мароккода 300 интернет-провайдер, 500 интернет-кафе, 6 млн. тіркелген және 700 мың ұялы телефондар жұмыс істеді. Бұл кезең ішінде елдегі ақпараттық ресурстар қоғам өмірінің сан алуан салаларынан түрліше мағлұмат беретін мыңдаған web-сайттармен толықты. Сонымен қатар, ең бір маңызды мәселе интернетті пайдаланудың айлық құны елде 10 есеге (айына 6 долларға жуық) төмендеді. Осының нәтижесінде ақпараттық технологиялар мемлекеттің ашық саясатын жүргізудің негізгі құралына айналып, халық пен мемлекеттік билік арасындағы толық түсіністікпен кең ауқымда нығая бастады. Жалпы, ақпараттық қоғам құру тәжірибесінде жоғарыда аталған мемлекеттер тәжірибесіне ұқсас мысалдарды Африканың, Оңтүстік Америка мен Оңтүстік – Шығыс Азияның көптеген дамушы елдерінен кездестіруге болады.»
Достарыңызбен бөлісу: |