Қазақ жастарын жаңа белеске көтерген, қазақ халқының көркемдік ойының үздік үлгілерін туғызған қаламы жүйрік жазушы, тұңғыш педагог,заманы мен халқы жөнінде ой толғанған ақын, ойшыл философ, аудармашы, Ы.Алтынсариннің шығармалары мектеп оқушыларын тәрбиелеуде қолданатын баға жетпес құрал.
Кел, балалар, оқылық
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Оқысаңыз, балалар
Шамнан шырақ жағылар,
Тілегеннің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар – деп қазақ балаларын білімге шақырған Ыбырай бүгін жарқын бейнесімен де жалынды жырымен де бізбен бірге жасасып келеді. Ыбырай тек қазақ әдебиеті тарихында емес, бүкіл қазақ халқының тарихындағы үлкен де ерен құбылыс. Тамаша ақынның, кемеңгер ойшылдың, дарынды ұстаздың өмірі мен қайраткерлігі тарихи жағынанда әдебиет
тұрғысынан да өте қызық. Сондықтан «Ыбырайтану» курстың басты мәселелерінің бірі - жасөспірімдерді Ыбырай өмірі, шығармашылығы арқылы тәрбиелеу, олардың Ыбырай шығармаларын оқуға деген құштарлығын, белсенділігін арттыру, дамыту. Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында: «Қоғамның негізгі мақсаттарының бірі-мектеп қабырғасында қабілеті анықталған жастардың талаптарын дамыту» керек екені айтылған.
Осы орайда Ыбырайтану курсын жүргізудің қазақ әдебиеті пәні бойынша болашақта білімін жалғастырғысы келетін мектеп оқушылары үшін мәні зор.Еліміздің адамзат тарихында алатын орны, әдет-ғұрпы, салт-санасы Ыбырай шығармаларынан көрініс табады.
«Ыбырайтану» курсының мақсаты мен міндеті: Білімділік: Қазақтың тұңғыш педагогі Ы.Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығын терең меңгерту.
Дамытушылық: Ыбырайдың өскен ортасы, шығармашылығы туралы терең білім беру, өлеңдерін мәнерлеп оқуға, жатқа айтуға баулу, Оқушылардың Ыбырайдың өлеңдерін, шығармаларын талдау машығын, сөйлеу мәдениетін жетілдіру.
Тәрбиелік: Ыбырай өлеңдерінің тереңдігін сезіндіру адамгершілік, эстетикалық тәрбие беру, еңбекқорлыққа, саналылыққа тәрбиелеу. Ыбырай шығармаларының таралуын насихаттау.