Көше бойлап келе жатқан аруға, Байқалғаны нанның жерде жатқаны



бет2/4
Дата25.12.2016
өлшемі0,69 Mb.
#4775
1   2   3   4

Егіз-лебіз.

Күлімдеген күн болсаң,

Гүлің болып, ашылам.

Аспаным ашық, түн болсаң,

Жұлдызың болып шашылам.
Жүректегі жыр болсаң,

Әлдилермін мәңгілік!

Жанымменен бір болсаң,

Атар мәңгі таң күліп!


Іздейтін бізді асығып,

Адамның бары белгілі.

Жүректе сезім тасынып,

Асығып жүрміз көргелі!


Сағынған жанды іздеуден,

Аңсаған адам шаршамас.

Күрестен, үміт үзбеуден,

Сезіммен өмір қарбалас.


Қарсы алдым үміт ақ таңды,

Сезініп қуат өзіңнен.

Сенімен жүрек шаттанды,

Бақытты жан боп сезінгем!

05.06.2009жыл.
Сағыныш.

Сағыныш екен ең қиын,

Күтудей азап бар ма екен?

Өмірден алар мың сыйың,

Сақталған ұятың арда екен!
Сағынған жанмен көңіл күй,

Байланып тұрар жіпсіз де.

Хабарын алсаң барлық сый,

Аяулы жанды күткізбе.


Сағыныш екен сарғайтар,

Санаға салмақ түсірер.

Үзілген үміт қартайтар,

Басына түскен түсінер.


Сағыныш екен сезімді,

Ең тәтті сәтке көшірер.

Бақытты балдай кезіңді,

Мәңгілік сақтап, өсірер.


Арманмен адам өтер ме?

Сағыныш кәрі жаста бар.

Табысып тұрып кетерде,

Сағыныш қайта басталар...

08.06.2009жыл.
Сағына берем.
Сағына берем,

Сағыныш мені жеңді ме?

Бағына берем,

Тағдырдан бұйрық келді ме?

Мөлтілдеп тұрған тамшыға тағы айналдым,

Аңсауға жаным енді де.


Сағына берем,

Жандағы жалын отқа орап.

Ағыла берем,

Жырларды сүйер ақ парақ.

Түн ұйқы көрмей, күн күлкі ермей жүргенін,

Сезеді азап тартқан-ақ.


Сағына берем,

Сағынған жанды қиялдай.

Бағыма келем,

Өзіме өзім сия алмай.

Ойлармен от боп, елеске еріп, езілем,

Ағашқа карап қия алмай.


Сағына берем,

Сағыныш оты маздайды.

Ойлансаң терең,

Сүймеген жанда аз қайғы.

Жаныңа жақын сезіммен ерітер жан ғана,

Жүректің қылын қозғайды.


Сағына берем,

Өмірде сезім қарқыны.

Тым жақын көрем,

Жүзіңде айдың жарқылы.

Көрікті әлем келбетті, көркем көрінер,

Сезінсең өзің арқылы!

09.06.2009жыл.
Қараңғы түн жалын отқа өртенді.
Қараңғы түн жалын отқа өртенді,

Шерлі жүрек қуанышыңды шерт енді.

Күлімдесе күнге ғана ұқсаған,

Ай сәулесі шырайлы етті көркемді.


Тал иілді, жапырағы салбырап,

Жанға жайлы жылылықтан қалжырап.

Түн тылсымның құдіретін сезініп,

Сабыр сақтап, самал соқты, балбырап.


Ақ қайыңды самал беттен өпкенде,

Жылы лебі баурар шөлмен кепкенде!

Тербелді де тіптен естен айырылды,

Дауыл тынбай тамырына жеткенде.


Найзағай да күркіреді аспанда,

Бұлт сезінді құтылмасын қашқанда.

Отты семсер құшағына жіберді,

Аңсауменен әппақ төсін ашқанда.


Құйды нөсер, ажарланды жер беті,

Шөлі қанып, айқындалды келбеті.

Қараңғыда қол шатырмен сыр шертіп,

Бара жатты қайталанбас он жеті.

11.06.2009жыл.

Табиғат ару.

Тау көрінді көкпен бірге тіресіп,

Бұлттар көшіп бір-біріне ілесіп.

Айналамда ес тандырар сұлулық,

Мақсат қойсаң сонау шыңға күле шық!
Гүрілдейді таудың асау өзені,

Осы маңды мың сұлулық кезеді.

Тартылыспен таңқалдырар табиғат,

Мен аңсаған ару қыздың өзі еді.


Бәрі қолмен қойылғандай талғаммен,

Көңілің толып, қалықтайсың арманмен.

Бәрін дағы ұмытасың бір сәтке,

Қош айтысып, күйкі тірлік жалғанмен.


Көз тігесің шаттанумен биікке,

Мәз боласың бақыт қолға тиіп те.

Алыстағы арманыңды аңсайсың,

Мойындайсың сұлуға бас иіп те.


Мөлдірлікпен жайнағанда тал құрақ,

Ес жия алмай отырасың абдырап.

Тек сұлулық сымбатты еткен әлемді,

Мойындайсың тұрғандығын мән құрап!

15.06.2009жыл.
Кірпігіңе ілінетін тамшымын.
Ең нәзік гүл, ең жақын үн, ақылдым,

Сағынғаннан ақ таңдарда шақырдым.

Сені ойладым уайымдаумен жүр ме деп?

Тым алыссың, тек жүрекпен жақынмын.


Сені аңсадым, жан жүректі жаншыдым,

Естен кетпес сол бір күндер бал шырын.

Күлімдесең өрнегің боп өріліп,

Кірпігіңе ілінетін тамшымын.


Сені аңсадым, қимай тіпті қия алмай,

Өз-өзіме келмей, тағы сия алмай.

Өмір өтті бір өзіңді қиялдай,

Өзімді өзім елесіңмен жиі алдай.


Сені аңсадым, жақсылыққа жалғанып,

Бал үніңе пәк сәбише алданып.

Бұл өмір тұр сезімдерге байланып,

Гүл көңіл тұр сұлулыққа арбалып!


Өткізерміз гүл көңілдің көктемін,

Келмес тағы шаттығымды шектегім.

Сағынышпен сарғаюда жүргенде,

Білмес адам өмірінің өткенін...

15.06.2009жыл.
Адамдық-абырой.
Қашан уайым таусылады адамда?

Күнделікті бітпес күйкі тіршілік.

Ақылсызбын деген жан жоқ шамамда,

Кімдерде жоқ кемшілік?


Күнделікті нан да тәтті бола ма?

Бел бүгілмей, еңбектенбей, тер шықпай.

Адамзаттың көңілі сірә тола ма?

Тазаланбай, жүректегі шерді ұқпай.


Еңбектену көп нәрсені ұғынтар,

Қиындықпен жеткен нәрсе баянды!

Сұлулықтың сиқыры мол сұғынтар,

Адамдығың абыроймен аяулы!

17.06.2009жыл.
Өмірге мынау керексің!
Жаныңды сездім жалындай,

Үмітті келем арқалап.

Өткен күн бейне сағымдай,

Ішкі шер қалай тарқамақ?


Әр адам бейне жапырақ,

Жылуын күннен іздеген.

Өзіңді-өзің бақылап,

Жүргейсің, бақыт бізбенен.


Таныспай келген тағдырға,

Белгілі адам көнбегі.

Жаралы жаны жаңбырда,

Намыспен шындық өнбегі.


Күліп жүр көктем, күн болып,

Көркейер жанды күйретпе.

Денсаулық-көңіл-бір толық,

Жамандық бойға үйретпе.


Көңілді көтер, жасыма,

Еңбектен, сені Ер етсін!

Жақсылыққа жеткін асыға,

Өмірге мынау керексің!

19.06.2009жыл.
Тәтті арман.
Таңдарда жанда оянар бірге тәтті арман,

Іздеймін сені жұлдызды өткен шақтардан.

Елесіңменен езіліп кетіп ес түссіз,

Тербеліп кетіп, құлауға тағы шақ қалғам.


Келесің бастап, назыңды тастап биікте,

Арманды сендей дәл мендей өзге сүйіп пе?

Лүпілдеп жүрек, қосылып тілек қуантсаң,

Сағынышыңмен уайымды қойдың үйіп те.


Алыстап арман, кеткенде елітіп елесің,

Қуасың сағым, үмітті үзбей сенесің.

Қонақ боп жүріп құйындай мынау әлемде,

Мақсатың болса жеңесің!


Ғарышты көркем арманмен жүрміз аралап,

Бақыт пен бақты, өмірдің мәнін саралап.

Бәріне қамқор боламын дейтін адамзат,

Жүрегін жүрер жаралап...


Өмірің сірә ақ парақ күнде ақтарған,

Іздеймін сені шуақты нұрлы шақтардан.

Жымиып күліп, жауқазын болып жанымда,

Жүректе жүрсің тәтті арман!

22.06.2009жыл.
Әлемдік тартылыс.
Ал, мен сенің сағыныппын күлкіңді,

Сейілтетін көңілдегі бұлтымды.

Жабырқаумен жаным жүдей бастаса,

Ашатынсың жүректегі құлыпымды.


Сағыныппын жайлы ерке назыңды,

Жанға жақын жылылықты, жазыңды.

Алыстығың аңғарылып, аңсаттың,

Серік еттім сағыныш сыр сазымды.


Елестеттім нұрлы шуақ шағымды,

Жүрегіме ыстық, қуат бағымды.

Бар әлемдік тартылысқа айналдың,

Жанға жайлы, жалындатқан жағымды.


Сағыныппын біз қыдырған қыр бақты,

Таң атқанда айтылмаған сыр жатты.

Есте бәрі мөлдіреген сол кезің,

Бұлбұл құстың әсем әні ырғақты.


Бүкіл әлем сағыныштан тұрады,

Сананы да сезімімен құрады.

Жылылықпен жаратылған жер жаһан,

Сыйластықпен мәңгі сөнбес шырағы.

23.06.2009жыл.
Жан жаңбыры
Мезгілсіз жаңбыр төккені,

Жуылды сұлу тал,құрақ.

Найзағай көкті өпкені,

Күркіреп кетті ән құрап.

Төгіліп бұршақ тарсылдап,

Үзілген моншақ секілді.

Жаураған қыздай қалшылдап,

Тал бейне ару кекілді.


Терезеге тиіп бұтағы,

Аруды іштен іздеген.

Мақсаты барлар ұтады,

Жетеді үміт үзбеген!


Әйнекке қарап мөлтілдеп,

Бұлттар да көшті бөгелмей.

Самал жел келді желкілдеп,

Іздесем бірге дегендей.


Бұлбұлдар келді сайраған,

Ажарлы ару елестеп.

Думанға толды айналам,

Көңілдер көкке теңеспек.


Бал қызық мынау мекенді,

Қия алмай тұрды күн ғана.

Өмірдің мәні екен-ді,

Жастығым болған гүл қала!


Жуылып бәрі тазарып,

Сұлу боп кетті өзіңдей.

Өмірге құштар жасарып,

Осында болған кезіңдей...

24.06.2009жыл.


Қуана біл, сені іздеуші бір жан бар!
Қуана біл, бұлбұл үнін естісең,

Ғажап бар ма арайланған ақ таңдай?!

Нұрын шашқан елестетші кешті сен,

Бүкіл әлем балқып бара жатқандай.


Қуана біл, бұл өмірде барсың сен,

Амандығың керемет гүл сыйлығың.

Әрбір істе ой тоқтатсаң мән білсең,

Ең тамаша күн бүгін!


Қуана біл, сені іздеуші бір жан бар,

Түсінетін, ойлап, күн-түн уайымдар.

Өкінеді досты ұмытып, сызғандар,

Өмір арнар жайың бар!


Қуанғаның, әрбір сәтке шуақты,

Жақсылықты жинағаның бойыңа.

Таза оймен нәр аларсың қуатты,

Ешнәрсеге өкінбе де мойыма.


Қуана біл, әрбір күннен сыр түйіп,

Әрбір таңды қарсы ала біл бағыңдай!

Өмір саған өкпелемес бұртиып,

Өмірді сүй, өмірді сүр жалындай!!!

25.06.2009жыл.
Өзіңді сақтап, сыр қып өмір өтті...
Арманмен алыстадым аласұрып,

Ыстық пәк көңіліңді балаша ұғып.

Сағыныш сабырлы етті санамызды,

Өзіңмен өткен күнде жарасым ұқ!


Елес боп езілгемін келбетіңде,

Жаныма жақын жансың жер бетінде.

Өзіңмен жүрегімді жаралап ем,

Өзіңді іздеп жүрмін емдетуге!


Қиылған қастарыңда көңіл құсы,

Сөзіңнің астарында сезім күші.

Өмірде амандығың қуат берсе,

Аңсаумен қиналады жүрек тұсы.


Аймысың қолым жетпес аспандағы,

Ойлардан құтылмадым қашсамдағы.

Еріксіз елесіңе еміренсем,

Үніңнен қуаныштың басталмағы.


Өзіңді сақтап, сыр қып өмір өтті,

Жүрегім жылағанмен жеңілмепті.

Керемет табиғаттай тартымдысың,

Жыл сайын жаңаруға қабілетті!

03.08.2009жыл.
Ақ парақ.
Мен сені күткен едім,

Сен десем тіктелемін.

Ақ парақ жырың болам,

Өтінем, бүктемегін.


Өзіңмен қауышамын,

Сырымды тауысамын.

Сөзіммен жеңілденіп,

Сезімге ауысамын.


Сырымды сақтаушым да,

Үмітті ақтаушым да.

Қуансам, қапа болсам,

Өзіңсің жақтаушым да.


Аяулы ақ парағым,

Жырың боп жатталамын.

Сезім мен сағынышты,

Ертеңге ап барамын.


Кеңейттің мекенімді,

Сезіндім шекеріңді.

Тек қана сен білесің,

Менің кім екенімді...

08.08.2009жыл.
Күн-келбет.

Көркіңді көріп қызықтым,

Мүсінің кетті отқа орап.

Жалғауын аңсап үзіктің,

Көңілім тоймас ашқарақ.
Сол бір кез қалды жадымда,

Дидарың шуақ күн-келбет.

Қарасың құрсау қадымға,

Жарасым неткен шын сәулет!


Қия алмай кеткем қасыңнан,

Құмарта қарап, құнығып.

Аяулы ару асылдан,

Тұлғаны танып, тынығып.


Жанарда жалын,жақсылық,

Жылуын берген жүрекке.

Өзіңе деген жақсы үміт,

Жалғасты жырда, тілекте.


Өрнек боп өмір өрінде,

Жырымсың жанда жатталған!

Жүректің биік төрінде,

Сырымсың сұлу сақталған!

14.08.2009жыл.
Бал-бақыт.
Қандай жақсы бірін-бірі іздеген,

Өмір мәнді сыйластықпен,сізбенен.

Көңіл шіркін гүлдей нәзік, бейне күн,

Жақсылықтан адам үміт үзбеген.


Қандай ғажап сұлулықтың сиқыры,

Таң көрінер, бүкіл әлем ұйқылы.

Немеренің қамын күйттеп қария,

Ат арбаның үндеседі шиқылы.


Қандай көркем ару шықты бұралып,

Тоғай жақтан күле жүріп, су алып.

Жанарында сағыныштың сазы бар,

Гүл қонақтың ішкі сырын ұғалық!


Қандай әсем ару қыздың күлкісі,

Туған жерді аңсап келер жыл құсы.

Аналар-ай перзенті үшін күн кешкен,

Бейнеті ауыр көтере алмас мың кісі.


Қандай сұлу нұр төгілді аспаннан,

Сәуле шашып, күн келбеті расталған.

Жақсы көрер жанның барын сезінші,

Бал-бақытың әлдеқашан басталған!

18.08.2009жыл.
Баланы сүю бақыты.
Баланы сүю бақыты бізге берілген,

Перзентпен бақ та, байлық та бірге өрілген.

Күндерін сызып, түндерін бұзып, жүргенмен,

Аналар алда келеді үміт, сеніммен!


Өмірді жалғау-өмірді арнау арқылы,

Берілер тағы перзентке жанның жарқылы.

Арымен асқақ, намысын қанға сіңдірген,

Қайран аналар адамның таза алтыны!


Сездірмей күйін, жанының ішкі жылауын,

Жаратушының қабылдар барлық сынауын.

Мың азап көру, шын ғажап өру анадан,

Қоғамда жайнау, құлауың!


Баланы сүйіп, көңілің көкте тербелген,

Бақыттың құнын көтере білер мән берген.

Аз ғана ғұмыр, саз етіп оны өткізсек,

Қымбат қой өмір сендермен!


Қаншама ғажап, соншама азап, өтер сын,

Анада үміт, еңбегі адал, өтелсін!

Мәңгілік көркем, жаныңа желкен мекенді,

Қалайша қиып кетерсің???

Қалайша қиып кетерсің???

19.08.2009жыл.


Телефонсыз қалғанда.
Қиын екен тілдеспеу,

Әлемменен үндеспеу.

Уақыт тоқтап қалғандай,

Көңіл жүдеу, күн кештеу.


Жалғыз қалып жалғанда-ай,

Керең болып қалғандай.

Тентек болып, телміріп,

Алжығандай армандай.


Ерен еткен елдікті,

Сипалайсың белдікті.

Жұмысың тұр жалғанбай,

Сезінерсің кемдікті.


Ербиесің елеңдеп,

Тұнжырайсың тереңдеп.

Телефоның табылса,

Көңіл нұрға бөленбек.


Өмірлері үндескен,

Телефонды білместен.

Айналайын аталар,

Қалай ғана күн кешкен?!

20.08.2009жыл.
Жан шуақ.

Көркіңе тұрар көз тоймай,

Жауқазын жанар, күн келбет.

Өткіздім өмір сізді ойлай,

Жүректен жырды мың тербеп.
Сананы орап, сағыныш,

Үніңнен есті жия алмай.

Тағдырға деген бағыныш,

Тартады көңіл күй алға-ай.


Еліктей ерке лақсың,

Өмірді ұят пен ұстар сын.

Талпынып аққан бұлақсың,

Өмірге сондай құштарсың.


Жаныма беріп мол қуат,

Сағым боп алда тұрарсың.

Көңілді етер жан шуақ,

Өзіңнен екен ұғарсың.


Өмірдің мәні не сонда?

Сағыныш неден тоқтайды?

Адамдар аңғал қашан да,

Жоғалтып алып жоқтайды...

21.08.2009жыл.
Шалқар шабыт.
Сені күттім!

Мәңгілік күтемін де.

Мәңгі үміттің,

Сезімнің жетегінде.

Шалқар шабыт өзіңнен қуат алып,

Мен бәлкім жап-жас болып өтемін де!


Саған таңмын,

Келесің күй ақтарып.

Сенімен әнмін,

Шұғылаң сияқтанып.

Шалқар шабыт өмірге құштар еттің,

Ғашық болғам өзіңе тұрақталып!


Елеңдедім,

Жан дүнием нұр болғаны.

Бөленгенім,

Ішке күй сыр толғаны.

Шалқар шабыт жүректі жібіттің де,

Параққа сыр боп түсті мың талғамы.


Шалқар шабыт,

Сен менен алыстама.

Асқан бақыт,

Самғадым ғарышқа да.

Қамықсам, қуансам да қасымда бол.

Сәбиге қамқор болар алыста ана.


Шабыт-сенім,

Сезілдің өмір жырдан да.

Ақылдың кенін,

Мәңгілік сырға бұрғанда.

Өзіммен бірге өзгеше өмір сүресің,

Жүрегім соғып тұрғанда!

23.08.2009жыл.
Құштарлық.
Сені күнде қуантуға құштармын,

Елеңдедім көңіліңе қарап та.

Мөлдір, нәзік сезім күшке ұсталдым,

Сия болып түстім әппақ параққа.


Жүрегіңнің естіп, лүпіл дүрсілін,

Бал үніңнен айтылмаған сыр ұқтым.

Жаңбыр төкті, ақ жауынның тырсылын,

Сезінгенде «Сен екен»-деп құнықтым.


Жел шайқады жаңбыр жуған ағашты,

Жапырақтар ұштарында көп тамшы.

Пәк сұлулық тазалықпен жарасты,

Сенің жаның сұлулықтан ұқсаңшы.


Бұлбұл сайрар сен сүйенген талдарда,

Жапырақтар жүрек болып желбірер.

Сезім шіркін соншалықты самғар ма?

Жүрек дүркін жақын тұтып елжірер.


Төгіп нөсер күз келерін байқатты,

Ақ сезімді сағынышқа бұрғандай.

Елес күнге емірентіп, шайқалтты,

Жалын жастық қолын бұлғап тұрғандай...

25.08.2009жыл.
Сәби көңіл.
Бәрі қызық, өткен күнді еске алсаң,

Албырт көңіл, алыстаппыз аңсаумен.

Ең қиыны бәрінен де кеш қалсаң,

Бала көңілі шектелмесін қоршаумен.


Бала болдық жылап қолдан түспеген,

Еркелік пе көп нәрсені қаладық.

Көп сыйлыққа жеттік зорлық күшпенен,

Сынар ойыншық жанға жақын санадық.


Сәби көңіл бар болмысын белгілеп,

Осы бір шақ қалыптасар мекен-ді.

Бұл өмірден бар аларын еншілеп,

Кім боларын ізденеді екен-ді.


Демде өстік қамқорлықпен, бауырмен,

Ата-анадан сезіндік те даралық.

Өмір-ғажап, өмір сүру ауыр ма ең?

Жыл құсындай жылы жаққа тарадық.


Сол ойыншықтар санамызға сән берген,

Ата-ананы сағынумен еске алдық.

Құшақтарын толтыра алмай гүлдермен,

Суретіне жаутаңдадық, кеш қалдық.

27.08.2009жыл.
Көркем күй.
Жүректің басып пернесін,

Бал үнің енді емдесін.

Езіле беру-ерге сын!

Қиыла қарап өзіңе,

Алыстығың ауыр сезіле,

Сыр шертем саған сенгесін!


Жайнатып жанның жарқылын,

Көркейтіп көңіл қарқынын.

Жадымда жүрсің жарқыным.

Сағынған сазды сәттерде,

Сия боп түстің дәптерге,

Ардағым болып алтыным!


Елестер кештер сыр тұнған,

Суретке қарап қырқылған,

Жаралы жүрек жыртылған,

Қиялым ұшып бұл түнде,

Есте ғой сәби күлкің де,

Жете алмай саған ұмтылғам!


Қол бұлғар әсем бақтар да,

Сезімге толы шақтар да.

Пәк кезім сол бір жақтарда,

Тауып ал мені елестен,

Қызғалтақ гүлім тең өскен,

Өткен күндерді ақтар да!


Өзіңе көңілім сүйінсін!

Кеудемде көркем күйімсің!

Бақыттың балы бұйырсын!

Мәңгілік алыс кетсең де,

Сағыныш болып өтсең де,

Өмірдей қымбат сыйымсың!

28.08.2009жыл.
Жыр-қуат.

Сағынышты

Жан жырларым

Баса ма?


Бағынышты

Көңіл шіркін

Тасада.

Елесіңнен



Еміреніп

Езілдім


Мың ойлардан

Құтылмадым

Қаша да.
Сұлусың сен,

Биіктікпен

Өрілген

Көркемдігің



Кермаралдай

Керілген


Келбетіңе

Қарап тұрсам

Көз тоймас

Құдіреттен

Мың талғаммен

Берілген.


Жібек шашың

Жазық маңдай

Қасыңмен

Үйлескенде

Мөлдір жанар

Асыл ма ең?

Жаз дидарың

Үлбіресе


Ерінмен

Мәңгі өзгермес

Шырша талдай

Жасыл ма ең?


Сұлу бейнең

Жүрегімде

Қаланған

Шіркін көңіл

Мың ойлармен

Таланған


Уақыт-емші

Жан жүректі

Жазар-ау

Үміт, сенім

Жетелейді

Сан арман.


Өмір-өзен...

Мөлдіріне

Қанбайық!

Амандығың

Маған қуат

Жан байып.

Бақытына

Жетем деген

Адамзат

Сағынышпен



Өтеді екен

Сарғайып...

31.08.2009жыл.
Ақ тілек!
Дауысыңды есітіп, қуандым,

Амандығыңа жұбандым.

Қасиетіңді құп алдым.

Қиналған сәтте қуатсың,

Мұңайған сәтте шуақсың,

Тектілігіңді ұға алдым.


Жанымды сырттай сезерсің,

Көңілімді іздеп кезерсің.

Қиындықтарға төзерсің

Бақытпен жүрсің балбырап,

Кездесіп сенімен жанды бақ,

Өмірің-өрнек, өсерсің.


Өмірге сондай құштарсың,

Жақсылықтарды нұсқарсың,

Қайғы мен уайым тыс қалсын!

Бейнетің көп қой онсыз да,

Жолама ұятсыз арсызға,

Өн бойың таза ұсталсын!


Дәл қазір қалай жағдайың?

Біле алмай тұрмын қандайын.

Тілеулес болып әрдайым

Жақсылығыңды күтем де,

Қолыңа кірер тікенге

Дайын ғой менің маңдайым.


Арманың алдан асықсын!

Өмірге сондай ғашықсың!

Дос сүйіп, сені қас ұқсын!

Жақсылық тілер әлемде,

Бақытты нұрға бөлен де,

Көңіліңді көлдей тасытсын!

01.09.2009жыл.
Таң гүлі.

Шапағын «Сен»-деп ақ таңның,

Сезіне тағы шаттандым.

Өзіңнен келіп гүл тілек,

Өткен шақтарды ақтардым.
Жылуын өткен шақтардың,

Жүректе мәңгі сақтармын.

Сезімің болып сеніммен,

Келеді жыр боп жатталғым.


Қорғаушым сенсің, ақталдым,

Бала боп кеттім, мақтандым.

Сағыныш болып санада,

Елесі қалды бақтардың.


Ұрпағы болып сақтардың,

Келмесі анық тапталғым.

Абырой берер әлемге,

Адамдықты ғана жақтармын.


Бейнесіндейсің ақ қардың,

Балапан етіп баптармын.

Махаббат періштесі етіп,

Ертеңге келед ап барғым.

02.09.2009жыл.
Күз-келбет.

Жүректегі жақын жан сезімдегі,

Осы бір сәт ең мөлдір кезім бе еді?

Тыныштықта алаңдап аласұрып,

Түсінбедім дауылға өзімдегі.
Ұға алмадым, бойымда жалын тасқын,

Армандау мен аңсаудан арылмаспын.

Көңілден шығады ма күйкі тірлік?

Жанына жақын жанды сағынбас кім?


Тапқанмен өмірдегі жарасымын,

Адамдар жүрегінде жарасы мың.

Өзін танып біле алмай жүргенімен,

Қорғаны өзінің көз қарасының.


Беймәлім аңсарының айтылмағы,

Кедейлеу, адам жаны байытылмады.

Адамның жыл мезгілмен үндестігін,

Күз келіп сағыныш боп айқындады.


Ұқсастық жыл мезгілмен білінгендей,

Сезімтал қайран жүрек дірілдердей.

Табиғат тарту еткен тартымдылық,

Бұтаққа адам-жүрек ілінгендей...

03.09.2009жыл.

Көркем күз.

Күз келді міне, сарғайып дала, тал құрақ,

Жапырақтар тұр түсерін біліп, қалжырап.

Дауыл жел келіп, сағыныш күйге салды да,

Тербелтті талды ән құрап.
Күз келді міне, сағыныш мені орады,

Сағынған жанды аңсатып тағы барады.

Биікте өсер, көзге тез түсер еңлік гүл,

Тоңбаса енді жарады.


Күз келді тағы, аязға арты ұласпақ,

Заңдылық осы, адам мен мезгіл сынаспақ.

Сертіне берік серілік құрған жігітке,

Талғамы биік қыз асқақ.


Келіспес кімдер даланың қатал заңымен,

Тәуелді оған тіршілік түгел санымен.

Өмір де мектеп, уақытпен шектеп берілген,

Адамдық биік арымен!


Күз келді міне, ұғынтып жаздың өткенін,

Көз көрді бұлттың көрсетпей күнді өпкенін.

Алтын күз еріп, жемісін беріп, қуантты,

Сағынтты сені көп керім.


Күз келді міне, күлкімді күнмен қысқарттым,

Құстардың қайтқан үнімен саған тіс қаттым.

Ерекше көркем, жемісті өркен күзімді,

Өзіңе еркем ұқсаттым...

04.09.2009жыл.
Уа, адамдар...

Уа, адамдар, бір-біріңді сыйлаңдар!

Ешқашанда жамандыққа қимаңдар!

Өткінші өмір өкінішпен өтпесін!

Түптің түбі бәрін шектер иман бар!
Уа, адамдар, біріңді сүйіңдер!

Адамдыққа тағзым, басты иіңдер!

Бірін-бірі түсінісу арқылы,

Бар әлемде шешіледі түйіндер!


Уа, адамдар, бір-біріңді қолдаңдар!

Күндестік пен күншілдікте солмаңдар!

Ынтымақпен ырыс-құтың көркейсе,

Тек бірлікте орындалар армандар!


Уа, адамдар, кешірімшіл болыңдар!

Әз басыңды қор қылмайтын жолың бар!

Бақталастық бақытты ете алмайды,

Ру, жүзге бөлінсеңдер сорың бар!


Уа, адамдар, ұрпақ-өмір жарқылы!

Тілің,дінің, салт дәстүрің қарқыны!

Қасиетіңді мәңгілікке жалғайсың,

Жақсы атыңды сақтап қалу арқылы!

07.09.2009жыл.
Сағыныштағы сыңармын.

Оранған сәтте ойға сан,

Жаныңнан жалын сезіндім.

Жүрекпен ұғып байқасам,

Соншалық неге езілдің?
Бақытың сенің базарлы,

Тұңғиық ойға таланба.

Ақкөңіл жансың ажарлы,

Орының бөлек ғаламда.


Өзіңді ұғар жанашыр,

Жаныңда ана ата бар.

Тіршілік жалғап сан ғасыр,

Үлкеннен кіші бата алар.


Жүрегім кетті жаншылып,

Неліктен сонша торықтың?

Жанарда жүрер тамшы-үміт,

Құдайдан ғана қорықтым.


Үмітті үзбей үңіліп,

Сағыныштағы сыңармын.

Өмірге кетсең түңіліп,

Өмірде жоқ та шығармын...

08.09.2009жыл.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет