Көшпенділер. Екінші кітап



бет1/4
Дата07.02.2022
өлшемі0,76 Mb.
#84220
  1   2   3   4
Байланысты:
Көшпенділер. Екінші кітап




Table of Contents


ЖАНТАЛАС


Тарихи трилогия
ПРОЛОГ
Қазақтың ұлы даласын күнгей мен күншығыс жағынан алып тағадай иіле түсіп, мыңдаған шақырымға созылған дүние жүзіндегі ең биік таулар қоршап жатыр. Осы ақ басты ғажайып шың, құздар қазақ жерінің үстінен өтетін ескек желге, азынаған дауыл-боранға ғана тосқауыл емес, бұл таулар көшкен елге де, басқыншы жаудың қалың қолына да асу бермес берік қамал. Тек бір жерінде ғана бұл ғаламат қиялар, шөккен нардай, даланың бауырына кіре, жатаған тартқан. Осы тұстан Азия мен Европаның түйіскен алқабына қарай, жаратылыстың өзі жаратқан долы сұрапылымен бірге, араларына жүздеген жылдар салып фангфур ұлы хандарының, Әтилланың, Шыңғыстың құмырсқадай құжынаған қосындары төгілген. Бұл қанды жорықтар ең алдымен осы арада әлмисақтан бері егіп егіп, мал бағып, қала салып, бейбіт жатқан елдерді талқандады. Одан өтіп қазақтың көшпенді байтақ даласын қызыл қанға бояп, лек-легімен күнбатысқа қарай лап қойды. Бұлар басып өткен жерде тек күңіренген ел, күйзелген дала, күйреген қала ғана қалды.
Бұл жолғы шайқас та — соның бірі еді.
Жоңғар қақпасының етегіндегі Сойқан сайда қытай мен қазақ әскерінің алысқанына міне бір жеті болған. Бойлауық жылқы секілді бой бермей, екі жақ бірдей арандағанда, талай қанды ауыз бөрілер пұшпағынан ілінді. Жүрегінің түгі бар талай батырлар қайқы қара алдаспандардан қаза тапты. Талай албырт жас өмір сабағынан үзілген гүлдей семді. Бірақ кісі қанын толарсақтан кешіп жүрсе де селт етпейтін қолбасшылар майданға жұртты төпеп айдай берді. Сегізінші күні жасыл жібек шатырын қырық құлға көтертіп, майдан шебіне қытай боғдыханы Канси келді. Әскер басшыларын шақырып алып:
— Ұрыс қалай жүріп жатыр? — деп сұраған.
Әйел өңдес, қу тамырдай қатып-семіп қалған, көсе қара әскер басы иіле тәжім етіп, жауап берді.
— Алдияр тақсыр, әлі итжығыс түсіп жатырмыз. Екі жақ бірдей қырғында. Біздің шығынымыз көптеу.
Әскер басы өзек жарған шындығын айтқан. Боғдыхан шаршы топтың алдында өз әскер басын мұқата сөйледі.
— Ақымақ, — деді ол, — үш ғасыр бойы алысып Тан династиясы жеңе алмаған бұл тайпаны сен жеңем деп ойлап па едің?
— Алдияр тақсыр, соғыс деп бұйырған өзіңіз ғой.
— Соғыс дегенде мен саған осылай соғыс деп пе едім? Бүйтіп сен оларға тізе көрсетіп, бетін қайтара алмайсың. Одан да өзің былай тұр да, күнде шабуылдап мазаңды ала берген ойрат тайпасын жап. Екі жұрт бірін-бірі ала алмай, әбден әлсіреп, енді тентіреп кетуге айналғанда, сен бір бүйірден шыға кел де, екеуін екі бүктей салып, бос қалған жерін басып ал...
— Алдияр, — деді анау басын бұрынғысынан да төмен иіп, — қалжыраған ойратты олжалау қиын болмас. Ал қазақ жұртын олай құртып, жерін оп-оңай басып ала аламыз ба? Ар жағында бізден күші басым Луссия көршісі бар ғой. Ол бізге қазақ даласын көпе-көрнеу талатып қоя ма?
— Луссия үшін құса болма. Қазақ жері өгіздің талысындай мол, бәрімізге де жетеді. Біз Ертістің жоғарғы тұсымен Жетісу, Түркістан уәлиетін, Шығыс Түркістанды тегіс баурымызға басамыз... Қысқасы, Көкше теңіздің оңтүстік жағасына дейін біздікі, солтүстік жағасы Луссиянікі болуы керек-ті.
— Сонда қазақ елі қайда қалады?
— Көкше теңіздің түбінде! Жоңғар тайпасын қалай құртсаң, қазақ жұртын да сондай етіп құртасың!
— Құп, тақсыр.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет