Күтумен кешкен ғұмыр



Дата16.12.2019
өлшемі94,73 Kb.
#53651
Байланысты:
әдебиет 999

Күтумен кешкен ғұмыр


Б.Нұржекеев 
Бексұлтан Нұржекеевтің “Күтумен кешкен ғұмыр” романы қазақ халқының өткен өмір шындығын, ХХ ғасыр басындағы қазақтың рухани тынысын өзек еткен туынды. Роман “Ойда жоқта ұшырасқан келіншек”, “Тағы да ойда жоқта ұшырасқан басқа келіншек”, “Жайма базардағы жолығыс”, “Қыз алып қашу”, “Үзілмей келе жатқан үміт”, “Отыз тоғыз жыл өткенде” деген бөлімдерден тұрады. Романда өнер адамдарының өзара қарым-қатынасы, жастарды өнерге баулудағы ақын-әншілердің рөлі нанымды бейнеленеді.

Романның басты кейіпкері Әтіке жастайынан өнер қуған, ән айтқанда даусында зәредей міні жоқ әнші болып танылады. Жазушы Әтікедей әншінің қайталанбас, дара бейнесін жасаған дей аламыз. Қаһарманның әлеуметтік ортасы, басқа өнер адамдарымен байланысы туралы мағлұмат көп, әншінің шаттығы, қайғысы соншалықты әсерлі, көп хиқаялар айтылып, құрғақ әңгіме күйінде емес, сәйкес бояулармен суреттеуде қаламгер даралық танытады.

“Күтумен кешкен ғұмырдың” авторы даланың қарапайым тіршілігін, сахараның өз заңдылықтарын жақсы біледі деуге болады. Бірақ бұл романда байқалған кемшін тұсы - өнер тақырыбында жазылған басқа шығармалардың көлеңкесінде қалып, тың қаһармандарға, оқиғаларға жаңаша көзқараспен баға беру жағы жетіспейтін сияқты.

Дегенмен, шығарма ішінде кейіпкерлер ісі мен әрекеті оқушыны әсерлендіріп, қаһарманның дара мінезінің ашылуы, ішкі толғанысынан көрініп отырады. Жас әнші Әтікенің сый-сияпатының олқы, атағының ауыл үйден аспай жүргендігін білген Айсары болыс әншінің өз аулына көшіп келіп, өнерін жәрмеңкеде көрсетіп, жұрт жинауға көмектесетініне уәде алып, болыс сый-сияпатты аямай беріп, көндіреді. Айсарының айтқан сөздері алтынның буындай әсер еткенін жазушы былай суреттейді: “Қалай қарғып тұрғанын Әтіке өзі әлі түсінбейді. Әйтеуір, мұны Айсарының сөзі сиқырдай арбады. Шат сезім шалқыған өрттей лап қойып, ой-санасын қуаныш тасқынымен көміп тастады. Басы мен аяғын бірден болжай қою да қиын, әйткенмен өңі түгіл, түсіне де кірмеген үлкен бір бақ-дәулеттің басына қонғалы тұрғанын анық түсінді. Болыс екеуі төс қағыстырып, бір қауым тұрды. Жұрт дабыра болып, баталы сөздер борап кетті. Ғұмыры көрмеген қошеметтен Әтікенің басы айналды. Көз алдындағы сый-құрмет көңіліне сыймай, осының бәрі өңі екеніне сенер-сенбес дүдәмал халден көпке дейін айыға алмады.”,- осы сезімнен ата қонысы Аққайқыға жеткенде ғана көңілі ойран-ботқа болып бұзылып, атақтың буы ақылынан алжастырғанын әнші бірақ түсінеді.

Романда Жайту деген кейіпкер бар. Оның іс-әрекеті бөлек, жан шошитын әрекеттер жасайды. Әтіке Қайныкешті алып қашып келе жатқанда, артынан қуып жетіп, тартып әкетеді. Қызды өз інісі Байтуға апарып беріп, жайбарақат ұйқыға кеткенде бір топ жігіт қызды тартып әкетеді. Жайтудың алты жасар баласы Төребек болған жайды хабарлай келгенде кісі жаны түршігерлік оқиға болғаны былай суреттеледі:

“- Байту ағамның басын жарып, әкелген қызын тартып әкетті.

Жайтуға баласының жүзі жадырап тұрғандай көрінді. 

  • Жетесіз ит, шүйінші сұрап келдің бе менен? 


Байтудың барып ит терісін басына қаптағысы келді. Оған деген ызасы шегіне жетті. Жолында тұрған Төребекті жағасынан алып жұлқып лақтырып жіберді. Адымдай беріп арт жағында әлдененің бырш ете қалғанын естіді. Қарағысы келмей қасарысып, қырын ғана көз салды. Аяқ-қолын бауырына жия алмай, өңкиген қара тастың үстінде Төребек сұлқ жатыр екен. Жүгіріп барып бас сала жаздады. Жылап бара жатқан жүрегін зыр ете қалған суық ой сап тоқтатты. ... Ішіндегі удай өкінішті басу үшін де барынша ақырды:

-Аттан! Өлтіріп кетті! Қанға қан! Қан!”.

Бұл оқиғаның тарихи негізі болмаса да автор қиялының жемісі нанымды шыққан деуге болады. Қиын-қыстау кезеңде өз баласын өзі өлтіріп алған Жайтудың тоңмойындығынан туындаған жантүршігерлік әрекеттер бұдан кейін де романда өрби түседі. Әтікенің жоғалып кетуі, Сейітбатталдың кісі қолынан өлуі Жайтудың тікелей қатысуымен жүзеге асырылады.

Бұл роман барысында автор табиғатты суреттеуде қаһарман жан-дүниесіне үңіле отырып, дербес өмір суреті мен табиғат заңдарының сипатын орайластыра суреттейді. Туып-өскен жерін топ жылқыға айырбастаған Әтіке әнші үшін дүние тар қыспақ, тау да, ағынды су да тарылып кеткендей әсер етеді.

“Еңсеңді басып келе жатқан екі бүйірдегі жақпар таулар кенет үркіп кеткендей, кеудесін кейін тартып ала қояды. Содан кейін-ақ ілгерілеген сайын таулар шалқая қашып, қашақтаған төбелері аласарып, айналаң ашылып сала береді. Бірте-бірте жол таудың сағасына қарай тырмысып, өрлей келе сай табаны жайдақтап, келе-келе алдыңнан дөңгеленген кең жазық шығады”,- бұл тұста табиғат суреті мен кейіпкердің күйініші күрсініс деміндей әсер береді.

Шығарманың тағы бір орталық кейіпкері – Қайныкеш. Оның тағдыры қым-қиғаш, тағдыр сынына шыныққан, өмір шындығынан ойып алынған бейне. Қайныкештің таза махаббаты, Әтікемен қашуының өзі саналы батылдығы деуге болады. Қайныкеш өмір бойы Әтікеге деген махаббатты, құштарлықты аңсаумен ғана өтеді. Өмірдің қызығы бала болса, сол баланы сүйгенінен емес, өзін зорлап қосылған адамнан сүйеді. Тағдыр тәлкегіне көнбіс әйел қартайғанда өмір дағдысын өзгертіп, қырық жыл бойы аңсаған адамды көруді армандауында анау айтқан ерсілік жоқ сияқты болып көрінеді: “Қырық жыл тірі деп күтіп өлі екеніне енді ғана көзі жеткеніне өкінді. Ағыл-тегіл егіліп жыласам мына үнсіздіктен сол жеңіл болар деп ойлады. Өйтіп жылауға ұяты жібермеді. Жұрттың оны ерсі көретінін түсінді. Көз жасын үнсіз ғана ұрлана сүртті. Мұнша жыл күтіп, мұнша жыл үміттеніп содан өзіне әл-қуат алып жүрген қария жүрек біресе жиілеп соғып, біресе тоқтап қала жаздап, жүрісінен жаңылған жорғадай шоқырақтап кетті”- деген түйіннен Қайныкеш тұлғасының жан-жақты ашылғанын көреміз.

Тағы бір ескеретін жай романда Айсары болыс пен Үмбетей қажы портреттері сәтті шыққан деуге әбден болатын сияқты. Айсары романның ішінде қоғамға пайдасы бар, өнерді түсінетін, өнерпаздардың жанашыры ретінде көрінеді: “Әлденеге іштей түйіліп, екі беті бұртиыңқырап, шегір көздері сыр бүгіп кісінің бетіне сырғи қарайды. Онсыз да аласа бойы төртбақ тартып, кейпі тап бір бейқам торғайды бас салғалы жиырыла қалған әбжіл мысық тәрізді. Шегір көздері қараған кісісіне шегедей қадалады. Денесінің толықтығы мен бойының быртықтығын жүзінің өткірлігі басып, байқатпайды тіпті. Төңірегіндегілер бүкшие бұғып, еңкіш тартып оның аласалығын тым аңғарта бермеуге де тырысатын секілді”, - деген жолдардан елдің атын екінің бірі шығара бермейтінін түсінген Айсары болыс Әтікенің өз елін тастап көшіп келуін өтінуінде үлкен мән бар екені түсінікті жайт.

“Күтумен кешкен ғұмыр” романында Қошқар руының бірден-бір белді, беделді адамы, біреуді қарпып, біреуді тарпып өмір сүріп келе жатқан Үмбетей қажы портреті сәтті жасалған. “Қажының қазіргі тұрқы төбенің үстіне қадап қойған қарақшы тастан аумайды: серейген күйі сіресіпті де қалапты. Үмбетей – денесі зор, еңселі кісі. Бет әлпетінің өзі кішігірім баланың төсіндей. Жақ сүйектері де жөушенді кісінің жауырын қақпағындай жап-жалпақ. Сынған тостағанның қақ жартысы құсап қабақтары үңірейіп шүңет көзін шым тереңде жатқандай қарауытып көрсетеді. Бүкіл бітім тұлғасының ірілігі көз алдыңа алқ-салқ еткен атан түйені елестетеді”,- деген жолдардан бедел салмағын өзі де білетін қажының бейнесін жасауда жазушы жасандылыққа бармай, қайсыбір кемшіліктері мен осал жақтарын да қалт жібермей, шүбә тудырмайтындай етіп кескіндеген деуге болады.

Б.Нұржекеевтің “Күтумен кешкен ғұмыр” романы өнер тақырыбына арналған, екі адам арасындағы махаббат тақырыбын өзек еткен өмір бойы сүйгенін бір көруді армандап өткен әйелдің құнды моральдық-адамгершілік қасиетін сәтті суреттеген шығарма. 


Қ 
Қазақтың Қанышы 

М.Сәрсеке 
Қазақ өзінің тарихын жеке тұлғалары арқылы парықтауды дәстүр еткен халық. Байырғы заманнан бастау алатын бұл дәстүр Жолды-тегіннің тас қашау жазбаларында, “Құпия шежіреде”, сондай-ақ Бабырдың, Мұхаммед Хайдардың, Әбілғазы Баһадүр-ханның, Ұлықбектің, Қадырғали Қосымұлының, Өтеміс-қажының, Шәкәрім-қажының, Құрбанғали Халидтің, тіптен берідегі Мұхаметжан Тынышбайдың еңбектерінде айқын көрініс тапқан. Әрі-беріден соң, қазақтың шежірешілдігі де тарихты жеке тұлғалар арқылы танудың, тарихты жеке тұлғалардың өнегелі өмірі арқылы парықтаудың орныққан дәстүрі болып табылады. Түптеп келгенде, бұл дәстүр әрісі Еуразия көшпелілері, берісі қазақ халқы тарихының философиясы екені ден қойдыруға тиіс. Қазақтың дәстүрлі философиялық пайымында өмірді өзгертуден бұрын, алдымен адам сапасын шыңдауды нысана етеді. Шежірешілдік дәстүрде де өмір туралы жалпылама деректен бұрын, алдымен адам туралы мағлұмат беру басты шарт. Яғни, қазақтың дәстүрлі тарихи танымы бойынша адам бар жерде ғана тарих бар. Адам тарихтың негзігі тұлғасы, ал адам сапасы тарихтың қозғаушы күші. Әрбір адам әкесі мен шешесінің ғана перзенті емес, сонымен бірге этностың да бір мүшесі. Қазақ үшін этнос тарихы жеке адамнан тыс қарастырылмайды, керісінше адам әулетінің өмірбаяны ретінде қарастырылады. Сонда, қазақтың тарихнамалық зердесі дегеніміз тек қана саясатқа, шаруашылық-мәдени ахуалға немесе қоғам дамуының заңдылықтарына қатысты жалпылама сөз емес, ең алдымен сол тарихтың субъектісі болып табылатын нақты адам туралы пайым болып шығады. Мұның өзі тарих ғылымында ертеден төбе көрсеткен, әсіресе соңғы кезде француз тарихшыларының арасында тұтас дәстүрге айналған “әлеуметтік тарих” немесе “тарихи антропология” деп аталатын үрдіспен үндес екенін атап өткен жөн.

Осынау өміршең үрдіс жалпы қазақ өнерін де, соның аясында сөз өнерінде де өзінің тамырын тереңнен тартып, сабақтастығын үзбей жалғап келе жатқан орнықты дәстүр деуге болады. Тек көркем проза тілінде ғана сомдалған қазақтың тарихи тұлғалары бүгінгі таңда тұтас галереяға айналған. Этностың қордаланған тарихы бар мәдени-рухани жады дейтініміз осы. Міне, қазақтың осындай текті дәстүрінің соңғы кезде өрісін ұзартқан тегеурінді туындыларының бірі жазушы Медеу Сәрсекенің “Қазақтың Қанышы” атты ғұмырнамалық роман-эссесі.

Тарих еншісіне айналған ұлы тұлғалар, олардың ұлағатты өмірі жер басып жүрген тірілер үшін мерей-мәртебе ғана емес, ең бастысы ұлттың мәдени-рухани деңгейінің тарихы көрсеткіші, халық өресінің бедерлі айғағы ретінде ден қойдыруға тиіс. Өйткені, ұлы тұлғалардың өзі тарих еншісіне айналғанымен, олардың өнегелі өмірі бүгін мен болашаққа қызмет етеді. Қазақ халқының бүгіні мен болашағының мақтанышы да, қызметшісі де болып тарих төрінен орын алған біртуар тұлғалардың бірегейі Қаныш Имантайұлы Сәтбаев. Оның адам ретіндегі қасиет-болмысы парасаттылық пен кемелдіктің үлгісіндей болып ұрпақ жадында сақталса, ол тындырған ұлан-ғайыр істер Қазақстанды тарихи дамудың жаңа сапалы белесіне шығарып, ғылымы мен экономикасының тұғырын бекемдеп берді. Тарихи тұлғаның осы қасиеттерін М.Сәрсеке өз романына тұжырымдамалық өзек етіп алған, айнымас темірқазық етіп ұстанған.

Әрине, бұл бір айтарға ғана оңай сөз. Әйтпесе, Қаныш Сәтбаев сияқты қиямет заманның оты мен суын белшесінен кешіп, қияпат кезеңнің ызбары мен ызғарын басынан өткеріп, сол заманы мен кезеңі бетін берсе таспай, сыртын берсе саспай, қашанда халқының қамын өмірінің мағынасы деп білген тағдыры күрделі тұлғаның ғұмырнамалық диалектикасын ашып көрсету және терең біліктілікпен, тегеурінді қаламгерлікпен ашып көрсету қиыннан да қиын шаруа. М.Сәрсеке сол қиынның қиынымен беттесе отырып, замана көлденең тартатын мың сан құбылыстың тағдыр қалыптастырғыш тілін зерделеу арқылы “Заман – Қоғам - Адам” проблемасын тұжырымдамалық өреде көрсетіп бере алған. Яғни, заман мен қоғамның ең бір шиеленіске толы ширыққан кезеңінде ұдайы ұлы тұлғалардың сын тезіне түсіп отыратыны және ондай шақта ұлы тұлғалардың тегеурінді әрекет-қарымы керісінше қоғамдық, қажет болса заманалық құбылыстарға ықпал ететіні шеберлікпен суреттелген. Түптеп келгенде, романның өзінде ғана емес, исі қазақ прозасына шырай беретін философиялық толымды идеясын осылай парықтауға болады.

Романда Қаныш Сәтбаев бейнесі қазақ халқының ХХ ғасырда басынан өткерген барша жетістігі мен жеңісінің, қиындығы мен қасіретінің куәгері ретінде ғана суреттеліп қоймайды, сол күрделі кезеңнің бел ортасында жүрген қаһарманы тұрғысында сомдалған. Яғни, Қаныш сынды ұлы тұлғаның ғұмыр шежіресі арқылы тұтас бір тарихи кезеңнің әлеуметтік-саяси, мәдени-рухани болмысы ашылып көрсетілген. Автор тек суреткер ретінде ғана емес, инженер-металлург ретінде де Қ.Сәтбаевтың кәсіби және ғылыми өмір жолын саралай суреттеуге келгенде қаламгерлік қарымдылығына қоса, тақырыпты кәнігі біліктілікпен игерген тереңдік танытып отырады. Ғұмырнамалық романды шынайы көркемдік биікке көтере алған себептердің бірі осы екені шәк келтірмейді.

М.Сәрсеке романда бас кейіпкерді бірыңғай сыдыра мақтауға бармайды. Өмір шындығын өзек ете отырып, Қанаңның қателескен, сүрінген, шамырқанған, ширыққан тұстарын, сондай-ақ ізденген, күрескен, жеңіске жеткен кезеңдерін шығарманың алтын арқауына айаналдыра алған. Мұның өзі, авторлық қиялға көп ерік бере қоймайтын ғұмырнамалық романның көркемдік өресін биіктетуге кепіл болған. Былайша айтқанда, автор өмір драмасын өнерге айналдырған. Әсіресе, империяның кезекті репрессиялық әрекеті басталып, “ұлтшылдықты іздеу” науқаны қабындаған 50-ші жылдар зардабын, сол кездегі Қ.Сәтбаевтың қатерлі де, қаһарлы сыны мол кезеңді бастан кешуін романның ең бір кульминациялық шыңы деуге болады. Ет жүректі пенденің шыдау-шыдамауы неғайбыл ситуацияда Қанаң шын мәнінде парасаттылық пен даналықтың, азаматтық пен табандылықтың үлгісін көрсетеді. Мұның бәрі романда терең тебіреніспен, тегеурінді суреткерлікпен көрініс тапқан.

Автор Қ.Сәтбаевтың ізімен жүруге, ол болған орындарды көзімен көруге айрықша мән бергені байқалады. Әсіресе, Қанаңның көзін көргендермен сырласып, ұлы тұлғаның өмір майданындағы болмысын тану үшін; дәлірек айтқанда, ұлы тұлға бейнесін сомдау үшін ұрымтал пайдалана білген. Бұл ретте, тарихи деректер, айғақтар, естеліктер, архив материалдары авторлық баяндауы жандандырып, бас қаһарманның өсіп-жетілу жолдарын, ғылыми-кәсіби шыңдалу кезеңдерін барша ақиқатымен аша түсуіне себепші болып отырады.

Қ.Сәтбаев тұлғасын сомдау М.Сәрсекенің қаламгер ретіндегі ең өзекті мұратына айналғанын осындайда атап өтудің артықтығы жоқ. М.Сәрсекенің алғаш Қанаң туралы қалам тартуы мен соңғы роман-эссесінің арасында аттай 36 жыл өтіпті. Осы уақыт ішінде Қанаң жайында үлкенді-кішілі 7 кітап жариялап, бұл кітаптары әлемнің 112 еліне тарапты. Ұлы тұлғаны ұлықтауға қатысты еткен еңбек, төккен тер осындай-ақ болса игі.

Сөз соңында, М.Сәрсеке роман-эссесінің идеологияшыл қыспаққа ұшырамай, жал-құйрығы күзелмей, авторлық ой-тұжырымдар тұншықтырылмай, толық нұсқасында жарық көруі және көз қуанып, көңіл сүйсінетіндей болып басылуы, ең алдымен тәуелсіздігіміздің шапағаты екеніне шәк жоқ. Сонымен бірге, “Атамұра” баспасының да елдік іске шынайы жанашырлықпен, кәсіби біліктілікпен, шығармашылық жауапкершілікпен қарап, кітапты биік талғам деңгейінде басып шығарғанын атап өткен жөн. 


Қалың мал 
С.Көбеев

С.Көбеев 1878-1956 ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасының көрнекті өкілдерінің бірі. Қаламгер жазушылық және ұстаздық қызметпен қатар айналысқан. Негізінде жазушылық қызметіне ұстаздық еңбегіне қажетті тәрбие құралы ретінде қараған. “Қалың мал” романына дейін жарық көрген “Үлгілі тәржіма”, “Үлгілі бала” кітаптары осы мақсаттан туындаған шығармалар еді. Бұл кітаптардың балалар әдебиетіне қосар үлесі мол.

С.Көбеевтің 1913 жылы Қазанда жарық көретін “Қалың мал” романы көпшілікке жақсы таныс шығармалардың бірі. Ол орта, арнаулы, жоғары оқу орындарына арналған оқу құралдарының бәрінде жүйелі түрде сөз болады. Хрестоматияға енген.

Алайда романға арналған талдаулардағы басты назар бай-кедей арасындағы таптық тартыстарда болғандықтан, негізінен осы романның 1934 жылы екінші рет түзетіліп басылған нұсқасы ғана сөз болған. Алғашқы нұсқа бірен-саран зерттеушілер еңбектерінде ғана кездеседі. Ал олардың арасында айтарлықтай айырма бар.

Екінші басылымда С.Көбеев ресми идеология ыңғайына орай біраз түзетулер жасады. Алайда, романның көркем мазмұны сол қалпында сақталғандықтан соңғы түзетулер қаламгер күткен нәтиже берген жоқ, қайта көркем жүйедегі қайшылықтарды туғызды. Өйткені, роман жазылып, жарияланған 1911-1913 жылдар мен түзетілген 1933-34 жылдардағы қоғамдық ахуалы өзге еді.

С.Көбеевтің “Қалың мал” роман бізге қазақ романы құрылымындағы әлеуметтік мазмұн қызметін ашуға көмек береді. Біріншіден, онда С.Көбеев тәрізді қазақтың ағартушылық-демократтық бағыттағы жазушыларының роман тәрізді көлемді прозалық шығарма келу жолы, мақсаты бар. Ол туралы қаламгер былай деп жазады:

“Надандыққа, феодалдыққа ескішіл, өрескел сорақы салтқа қарсы күрес жүргізудің бірден бір жолы халықты ағарту, балаларды оқыту, халықты сауаттандыру деп, оны мәдениет сатысына аяқ бастыру деп ұғушылардың бірі мен едім. Бірақ сегіз-тоғыз жыл оқытушы болғаннан кейін феодалдық салтпен күресу үшін тек бір ғана балаларды оқыту жеткіліксіз екеніне әбден көзім жетті. Бұл күресте санаға күштірек әсер ететін басқа да құралдар керек сияқты көрінеді. Іздене келе, мен осы мақсатқа жету жолында ағартушыға ыңғайлы күрес құралының бірі – көркем әдебиет екен деген ой түйдім.

... Мен осы ойымды жүзеге асыру мақсатымен 1911 жылдан бастап “Қалың мал” романын жазуға кірістім. Романды себеп болған негізгі ойдың бірі – роман сияқты қазақ тілінде елдің тұрмыс жағдайынан алынып, көркем шығармалар жазылса, олар халық арасына неғұрлым көп тараса, ескіліктің, феодалдық әдет-ғұрыптың тамырына балта шабылар еді, еңбекші елдің санасы оянып, мәдениетке талпынар еді деген қорытындыдан туды”. Қаламгер алдына қойған салмақты, келелі әлеуметтік осы мақсат шығарманың, мазмұны ғана емес, көркем құрылымына, поэтикасына әсер еткен.

Романның 1913 жылы Қазанда басылған вариантына тоқталуына және оның алғашқы және кейінгі басылымдары арасындағы айырма көркем жүйедегі әлеуметтік мазмұн ролін анық көрсетеді.

С.Көбеев революциядан бұрын жазылған романына 30-жылдары қайта оралғанда негізгі объектісіне жаңа көзқараспен келген. Сөйтіп, бүгінгі оқырманға жақсы таныс “Қалың мал” романындағы қақтығыс, елге тізесін батырып отырған озбыр бай – Тұрлығұл мен кедей тобы Медеу ауылы арасындағы таптық тартыс пайда болған. Контрасты стильде баяндалатын бұл қақтығыс 1913 жылғы “Қалың мал” романында өте солғын, онда бай-болыстармен, билердің момын елге істеп отырған қиянаттары ағартушылық-демократтық көзқараста ғана айтылады.

Тұрлығұлға Ғайша жайын айтып, Байғазы мен Құрымбайлар келетін уақиғаны еске түсірейік:

“Бұл келген, сол елдің: Байғазы, Құрымбай деген ақсақалдары еді, өздері және де бетіне жан келмейтін билер.

Елден шыққалы бір жетідей болып еді, ауылнай жағына барып келеміз. Сиязден, халық ішінде бір-біріне ауысқан-түйіскен бар, тоқты-тұрымдай жанжалдары бар сондайларды бітіріп, елде мұндай дау көп болар ма, халық бұзылып біткен ғой, Құрекеңнің пышағы май үстінде, қалтасы да толған шығар, деп Байғазы көзін қысып қалжыңдады. Құрымбай қасқырды қойға тимес деп ешкім айтпас деп қарқ-қарқ күлді”.

Олар осы келгенде Ғайшаның ғана емес, Есмұраттың келінінің деп тағдырын саудаға салып, Оны Жиенбайға ақшаға алып бермек болып уәделеседі.

Бұлардың осы қалжыңдары мен сөздеріне қарағанда айтқандары болмай қалмайтын тәрізді. Бірақ ел ішінде олардың жолсыздығына қарсылық көбейіп келеді. 1913 жылғы басылымда осы қарсылық көріністері өте әлсіз, солғын болса, кейінгі басылымда негізгі желіге айналған.

Тұрлығұлдың үйінен Ғайшаны алып қашқаннан кейін оның артынан қуып барған Әбіш пен Байғазы пара беріп, сол елдің болыс билерін көндіргендей болса да, олар “қалың қараның” қарсылығынан жақсанып, Ғайшаны қайтара алмайды.

“Бұл ыңғайды көргесін кіли қара халық Қожаш жағына шығып, Ғайшаны бермеуге айналды, - деп жазады С.Көбеев, - Біздің елдің де, пәленше түгеншелердің де жесірлері кеткен деп, бұл қалыппен бес-алты күн тартысып көріп, істің аяғы зорайып бара жатқансын, есек дәмелі болып жүрген би, болыстар ақылына түсіп оңашада мәслихат етістілер: қой, былтырғы астан жаңа бір аллалап есімізді жиып отырғанда, тағы да кісі өлімі болып, айдаладағы біреудің қатыны үшін он, бес сом аламыз деп басымыз кетер деп тоқтастылар”.

Үзіндіде би-болыстарға автордың көзқарасы айқын. Олардың жаңа заманды, заңды сезуі, халықтан қорқа бастауы аңғарылады.

Ел ішінде олардың жүгенсіздігі мен әділетсіздігіне, жастарды бақытсыздыққа ұшыратушы көне салтқа деген қарсылық пісіп, жетіліп келеді. Ал Қожаштың Тұрлығұлға теңдік бермей кетуі, осы әлеуметтік жағдайдың да жемісі.

Бұған қосымша романдағы кейбір әлеуметтік жағдайды да есепке алу керек. Романның, әсіресе, 1913 жылғы нұсқасында Тұрлығұл елге-зорлық жасап, қаталдық көрсететін ызғарлы байдан гөрі, бәйбішесінің өліміне қатты қайғырған дәрменсіз шал. Сондықтан да Ғайшаға жаны ашып, көмектесуші жастар Әлкен, Бірке, Жүніс, Серғазылар оның әрекетсіздігін біліп, Қожашқа Ғайшаны Көкшетауға алып қаш деп кеңес береді. “Сонау Көкшетауға артынан іздеп кім барар дейсің. Еліңе бір жеткесін заңмен, болмаса қолмен бұл (Ғайша. –З.Б.) елінде қалады. Тұрлығұл болса шал, Итбай болса, мынау”.

“Итбай болса мынау” дегеннің өзінен автордың оған деген ирониясы, юморы байқалады.

Сонымен қатар, Қожаштың ағайындары да Тұрлығұлдан қорқып отырған жоқ. “Жарайды, талабың қайырлы болсын, мұнда аман-есен бір жетсең, Есіл елі біздің Қыр елінен зорлағанда ғана мал алады, болмаса олда жоқ қой”. Қарап отырсақ, Тұрлығұлдан ешкім де қорқып отырған жоқ. Атқамінер, ақсақалдар мен би-болыстардан да үрейленіп отырған кісі көрінбейді. Бұл сол дәуірдегі халық көңілі мен санасындағы өзгерістердің бірін көрсететін факті ғана.

ХХ ғасыр басында қазақ жастарының, әсіресе, қыздарының бостандық үшін күресінің соншалықты күшеюі де ғасырлар бойы тырп еткізбей келген салт-сананың, би-болыс, ауылнай, атқамінерлер тобының билігінің бұрыңғыдай шексіз болмай солқылдауында, олардың қаулап көтеріліп келе жатқан ел наразылығынан үрейленуінде, жоғары-төмен жалтақтауында.

“Қалың мал” романының қай басылымен алсақ та, Тұрлығұл жастарға қарсы тегеурінді қимыл көрсететін басты бейне емес. Кейінгі жөндеулерінде автор қосымша детальдар мен эпизодтар арқылы оны алдыңғы лекке шығармақ болса да, мақсатына жете алмаған.

Кейінгі басылымдарда Тұрлығұлға қосылған мінездемеге қараңыз: “Тұрлығұл ұзын бойлы, мес қарын, түксиген қалың қабақты, көп сөйлемейтін, жалпақ мұрын, қарсы келген адам қаймыққандай елге зәбірлі, көршілеріне мазақ, қатты адам еді”.

Ендеше осындай мінезді адамның жалшыларының еркін жүруін немен түсіндіруге болады.

Көркем шындықтың өзі бірімен бірі байланысып, үндесіп жатқан бөлек әлем. Сондықтан да ондағы басты кейіпкерлердің кейбір әрекетін өзгерту, мысалы, күшейту арқылы оны жаңартуға болмайтыны белгілі. Ол үшін сол характер сомдалатын басқа да компонеттерге, әсіресе әлеуметтік мазмұнға қажетті түзеулер енгізу керек.

С.Көбеев әлгіндей жаңа мінездеме жасаған Тұрлығұлдың әрекеттерін өзгертпей, сол алғашқы қалпында (1913 ж. романдағы) қалдырған. Роман басындағы шаруасын істейтін жалшылардың мал мен үйге қарауды біржола қойып “қонақ үйге су-су шұлғау, байпақтарын” жайып, байдың аса қадірлі аты, үлкен торыны (1913 ж. Рисак торы) мініп алып қақпан құрып, тышқан аулап, шілделікте жүруі қалай болар екен? Сол тәрізді, романда Тұрлығұл үнемі Әбіштен сұрайды. Ағайындарының оның малына қол сала бастауы қалай? Әлгіндей мінезді, әрекет адамына бұл тән емес.

Тұрлығұл сонша қатал-әрекет адамы болса, күйеу баласы Шалқанға қамшы жегізіп, үйінен Ғайшаны алып кеткен Қожашқа қарсы қалай болғанда да бір әрекет жасар еді. Тіпті солай болғанда да Тұрлығұлдың кейінгі әрекеттері тым жеңілдеу, автордың мінездеуіне сай емес.

С.Көбеев романының кейінгі басылымына енгізген осындай түзетулер көптеген уақиғаларға да көлеңке түсіріп тұр. Роман жазудағы негізгі мақсатының бірін автор былай баяндайды: “Романды жазудағы тағы да бір ең басты себеп болған нәрсе қазақ әйелінің қас жауы, қазақ әйелдерін теңсіздікте, қорлық зорлықта тұтып, малға теңеген феодалдық салтқа қарсы күрес жүргізу мақсаты еді”.

“Қалың мал” романының алғашқы нұсқасында да автор осы мақсатын айқын жүзеге асырған. Романда түрлі әлеуметтік топ психологиясы жақсы бейнеледі. Роман басында Байғазы мен Құрымбай билер өз пайдалары үшін Есмұраттың келінін саудалап жатса, 60-тағы Тұрлығұл мал беріп өзінің қызындай Ғайшаны алмақ болады. 60-тағы Тұрлығұл мен Ғайшаның арасындағы жас алшақтығы олар үшін мүлде үйреншікті нәрсе, сондықтан да оны ойлап отырған ешкім жоқ, оларды ойландыратын басқа нәрсе. “Сіз ұнатпай ма деп Итбайға ештеңе демей кеттік”, - дейді, Байғазы мен Қурымбай демек, Ғайшаны Тұрлығұл ұната ма, жоқ па? Мәселе сонда. Арадағы жас алшақтығын Тұрлығұл да ойлап отырған жоқ. “Маған бермесе де малға береді” – деп, Ғайшаны малға алатынын біліп отыр.

Бұл Тұрлығұл маңындағылардың ойы дейік. Енді қыз әкесі Итбай мен Ғайша ауылына келейік.

Әбіш келгеннен бастап Тұрлығұл жайын бірден сезген Итбайда ес қалмайды. “Қанша мал сұрасам екен? Әлде ақшалай алсам ба екен” – деп тыным таппаса, оның жақын ағайындары Амантай мен Жамантай, Қарақұлдардың пікірін қараңыз. “Бәрі бір дауыспен, жарайды, жат жұртыққа жаралған бала ғой, қайырлы болсын, беру керек, ол дағы бір орын ғой, әйел баланың орны табылған соң не керек, мал десе малы бар, бай десе бай”.

60-тағы Тұрлығұлдың Ғайшаны айттыруы олар үшін де адам таңданатын уақиға емес, қалыпты жай. Бірақ, бұл салтқа қарсылық та бар. Қыз шешесі Айсұлу Тұрлығұлдың атын естіген бойда-ақ ыршып түседі. “Мен он қырық жеті болса да баламды шалға беруге риза емеспін”.

Бірке, Әлкен, Жүністер Ғайша тілегін тілейді. Оны құтқарсаңшы деп Қожашқа тілек білдіреді.

Ғайшаның шілдеханада айтқан өлеңін естіп, қыздар жылап алса, Серғазы да ойға қалады. “...Рас, Ғайша он бесте, Тұрлығұл алпыста, әлде одан да артық па, бір аппақ шалға барып бишара қалай адам болады. Обал! Обал!... Ешкімге жазығы жоқ қор қызық секілді байғұстың обалына бекер кіріскен еекм, енді реті келсе құтылуына себепкер болсам”.

Серғазының Қожан Ғайшаға уақиғасына араласып, оларға тілекші болуының негізгі сыры осы.

Сол тәрізді Итбайды білетін көпшілік те Ғайшаның жайын естігесін “бүйтіп алған малы құрысын” – дейді.

Кейінгі басылымдарда Әлкен, Бірке, Жүніс бастаған топ Қожаш – Ғайшаға оқиғасын тізесін батырған Тұрлығұлдан кек алатын кез ретін, өздерінің таптық мүдделеріне қатысты қарайды. Ал 13-ші жылғыда олар құрбыларын аяйды. Реті болса оған көмекке баруға даяр екенін айтады. Бірі – Ғайшаны Қомашқа алып қашсаңшы десе, екіншісі Ғайшаны құтқаратын адамға 50 теңге беруге даяр екенін білдіреді.

Бірақ ел адамдары қаншама Ғайшаны аяса да, көңіл білдіруден аса алмайды. Әрекетке көшетін пәрменді қарсылық жоқ. Әлеуметтік шындық осы.

С.Көбеевтің “Қалың мал” романының 1934 жылғы Екінші басылымда шығарма көркемдік жүйесіндегі әлеуметтік мазмұн өзгертіледі. Тұрлығұл момын байдан елді ықтырған ірі феодалға айналады. Сондықтан да оқырман роман мазмұндағы сәйкессіздікті бірден сезінеді.

Көркем шығарманы келесі басылымда өңдеуде көркемдік жүйедегі әлеуметтік мазмұн әуендеріне абай болу керек. Қоғамдық қатынастарда пайда болған жаңалық, жаңа сана, әрекет, мінез-құлқы, түрлі әлеуметтік күштер көзқарасы, қарым-қатынасы тиісті деңгейге көркем мазмұнда көрініс табады. Бұл ескерілмеген немесе өзгертілген жағдайда роман көркем мазмұнындағы үндестік бұзылады. “Қалың мал” романындағы көркем шындық осыны көрсетіп отыр.

Қамар сұлу

С.Торайғыров

С.Торайғыров (1893-1920) ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің аса көрнекті тұлғаларының бірі.

“Қамар сұлу” романы – С.Торайғыров шығармашылығының жаңа сапаға өткелі тұрғанын, көркемдік-идеялық ізденістерін анық көрсететін шығарма. Онда қаламгердің қазақ қоғамы алдындағы кеселдерді әшкерелеумен қатар, оны жан-жақты бейнелеуге күш салғаны аңғарылады. Осы үшін ол жаңа формаға, күрделі жанрға барады.

1913-1914 жылдар роман жанрының қоғамдық санадағы орны, қызметі туралы әңгімелердің қозғалған шағы.

“Қамар сұлу” романына келгенде, көркем прозада С.Торайғыровтың біраз тәжірибесі бар. “Зарландым” (1912), “Ауырмай есімнен жаңылдым” (1913), “Қазақ ішінде оқыту жайы” (1913), “Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан” (1913), “Өлең мен айтушылары” (1913) т.б. шығармалар жазушы қаламының көркем прозада да қарымды екенін аңғартты. Қаламгер орыс прозасының небір үлгілерін, М.Дулатовтың “Бақытсыз Жамал” романын жақсы білген.

“Қамар сұлу” С.Торайғыров шығармашылығындағы алғашқы көлемді шығармалардың бірі. Оның поэмалары кейін жазылған. Сондықтан да күрделі жаңа жанрдағы бұл романның қаламгер шығармашылығындағы алатын орны да ерекше. Романнан С.Торайғыровтың таланты, дүниетанымы, саяси-әлеуметтік идеялары айқын көрінеді.

Кейінгі күрделі шығармаларында “Адасқан өмір”, “Кедей” т.б. қаламгер үлкен идеяларды образға, жинақты бейнелерге көшіруге еркін барады. Ал 1915 жылы ел аузынан жазып алған “Сақып пен Жантұрсын”, “Жазықсыз тамған қан” аталатын шығармаларының үзінділерінде жазушының проза жанрындағы болашағы көрінеді.

Бұл роман да өмірде болған уақиғалар негізінде жазылған. Шығарма фабуласын Алтай елінде болған кездерінде ел аузынан алған.

С.Торайғыров қазақ қоғамы ілгері дамуына кесел болып отырған кемшіліктердің ірісі ретінде тамақ үшін бәріне көніп, сұмдыққа көз жұмып отырған надан, көнбіс көпшілікті көрсетеді.

“Бай деп, кісі деп Нұрымды айт. Кәріліктің алды, жігіттіктің соңы” деп, шіркін ерледі ғой. Қамар секілді қосағаның тұс келуі сонысына қарай ғой. Ой, өркенің өссін! Алғаныңмен қоса ағар!” дегендегі Нұрым олардың сөзіндегідей қатарынан артық артық туған жан емес, ел ортасында “халқыңды қан жылаттың Жорға Нұрым” атанған ақсақ Нұрым. Сұлтанмахмұт осы психологияны астарлай да, тура да баяндайды. Романда сатиралық өрнектер мен ирония, публицистикалық әуендер қабат келеді. Жазушы өзінің ашу-ызасын туғызған қазақы тірлік келеңсіздіктерін ашына жазады, жымысқы психологиясын сынға алады. Әшкерелейді, ашынады.

Романда полилогтардың алатын орны өте зор. Әрі полилогтар пайдалану С.Торайғыров шығармаларында көркемдік-идеялық мәні бар үлкен тәсіл. Полилог арқылы қаламгер барша жолсыздықтарға жол беріп, көнбеске көніп, тамақ аңдыған надан топтың жиынтық бейнесін береді, әшкерелей жазады. Адамдық құқытарын, ар-намыстарын аяқ-асты етіп отырған әлеуметтік топтар жолсыздығына селт етпеген жандарға, бәрін біліп, қорлық пен мазаққа төзген, көнбіс халыққа бұл әдет пен халінің сұмдық сиқын көрсетеді. Сондықтан да ол дүние қызығын малға сатып аламын, мақсатқа да мал арқылы жетемін дегендерді де, оларға жол беріп отырған тамақ аңдушыларды да сынға алады. Осы топ портретін, психологиясын шеберлікпен жазады.

Романда Жорға Нұрым бейнесі талантты жазылған. “Бір олай, бір былай аунақшып, жарыла жаздап, булығып, анда-санда үйелеген өгіз секілді ыңырана түсуден басқаға шамасы келмей, ардақты күйеуіміз – Нұрым отырды”. “Ойбай!... не сұрайсың. Қайырлы болсын айта Нұрымға қарай ағылған лек-лек кісі! Бара салысымен “Ой, сабазың! Жарайсың! Сол керек еді... Қоса ағар” деп, қайырлы болсынды тұс-тұс жақтан жаудырысып-ақ жатыр, Нұрым да “омин-омин” деп, аузын толтырып, жалаң бас, есі жоқ, түсі жоқ, терлеп-тепшіп, екі езуі құлағында, алақандай шегір көзі ақайып, жирен сақалы қаудиып кеткен, әншейін-ақ күр-күр етеді”.

Романның бас қаһарманы – қалыптасқан характерлер. Алайда уақиға өрбуіне, тағдыр тартысына қатысты олардың ой-сезімдері, әрекеттері өзгерістерге ұшырайды. Мәселен, Қамарға жазған соңғы хаты (қоштасу хаты) қолға түсіп, басы дауға қалған Ахмет ат-шапан айыбын төлеп, енді Қамарға жоламасқа уәде беріп, алысқа қашса да роман соңында қорлық пен зорлықтан азап шеккен Қамарды көріп, оны қорлаушыларға қару жұмсайды.

Ахмет екеуінің арасы елге белгілі болғанда Қамар қатты күйінеді. Біржола күйрейтіндей күйге түседі. Мақтаулы қыздың ел аузындағы жеңіл әңгімеге қалуы – қазақ қызының психологиясы үшін сұмдық. Алайда, уақиғаға Жорға Нұрым араласқаннан бастап Қамар адамдық хұқы үшін ашық күреске шығады. Жорға Нұрымды мазақтап өлең шығарады, некесін қиюға келген молдамен айтысқа шығып оны жеңеді, бақсы-балгерлермен тартысқа түсіп, айтқанына қайтпай осы жолда қаза болады. Осы айтыстарында қазақ қоғамы мен қазақ қызы, надандық, дін туралы пікірлер жан-жақты қозғалады. Бұл эпизодтардың жасандылығы, ағартушы-дидактикалық мақсат, идеялар бірден байқалады. Оны көркем мазмұн мен форма, бейнелеу құралдары арқылы жететін әуенге көшірейін деген автор талпынысы аңғарылмайды. Соған қарағанда, қаламгер оқушысына кейбір ойларын тура жеткізуді мақсат қылған.

“Қамар сұлу” романының идеясы махаббат тарихы трагедиясынан ғана туындамайды. Жазушы әйелдер тағдырын адамдық правосын ескермеген қоғамдығы түрлі әлеуметтік күштердің осы проблемаға қарым-қатынасын да бейнелеп көрсетеді. Түйінді мәселелерді болашақ өркениет проблемаларымен көтереді. Романдағы салт-сана дегенді де шартты түрде ұққан жөн.

Роман қаһарманы – қалыңы төленген біреудің жесірі, болмаса жоқ-жітік кедейдің қызы емес, оқыған, текті атаның тұқымы. Әкесі Омар, Хасен – көзі ашық, оқыған, ойлы, дәулетті жандар. Роман басындағы Қамар портреті ретінде берілген өлең соңындағы қыстырма шумақта Омардың Қамарды бетін қақпай тәрбиелегені айтылса, теңіме бармаймын деген ой Қамардың басында мүлде жоқ. Ендеше, осы жарасты тірлікті астан-кестен қылатын қандай әрекет, оның өзегінде қандай мотив бар. Мотив – қадімгі қазақы күндестік. Балаларын оқытып жатқан Омар тірлігіне ағалары Оспан би мен Қалтан қажы, надан көпшілік қарсы. Қамарды бұлаңдатып өсіргеніне, ел мақтауына ілінгеніне қарсы. Оқыған баласы Ахмет арқасында “жаман Жәукенің” халық қатарына қосылғанына қарсы, Ахметтің өнерлігіне, сауаттылығына қарсы. Өздерін көзге ілмеген Қамардың Ахметті таңдағанына қарсы. Қолдарына әлдеқалай хат түскенде “өлгені тіріліп, өшкені жанғандай қуанып, шуылдасып қалатыны” сондықтан. Романда осы уақиғаға қатысы бар әр әлеуметтік топ өкілінің мүддесі көрінеді.

Қолы жетпеген замандастары Қамардың сорлағанына қуанса, себебі-күндестік. Оспан биге Нұрымның атақ, абырой, билігі керек, Қалтан қажыға орысшыл інісін тоқтау қажет, басқа атқамінерлерге Оспан мен Қалтан қажының, Жорға Нұрымның ықыласы, құрметі, дастарқаны, көпшілікке-тамақ, той кәделері, әңгіме т.б. қызық.

С.Торайғыров шығармашылығында астарлап сөйлеудің, символдық сипаты, семиотекикалық мазмұны бар образдың, типтердің орны өте мол. Мысалы, “Адасқан өмір”, “Кедей” т.б. шығармаларда қаламгер өмірдегі нақты уақиғаларды бейнелеуден, солар арқылы ой-дидактикаға барудан алыс. Ол шығармалардың көркем жүйесі астарында үлкен әлеуметтік проблемалар ғана емес, философиялық та мәні бар мәселелер көрінеді. Қаламгер нақты өмір уақиғаларына сүйенетін тәрізді образдар арқылы үлкен жинақтауларға, реалистік шарттылықтарға барады. “Қамар сұлу” романында да, кейінгі шығармаларында да нақты әдіске айналатын осы бағыттағы бейнелеу байқалады.

Замана бағытын ұққан Омар мен оқыған ұлы Қасенде, Ахмсетте бұл әлеуметтік күштерге қарсы тұрарлық қайрат аз. Қазақ аулындағы дәстүрлі қарым-қатынастар мықты, жаңа күштер әлсіз. Роман соңындағы бақсыны өлтіріп, Жорға Нұрымды жаралаған Ахмет әрекеті шарасы қалмаған, не істерін білмеген адам тірлігі.

“Қамар сұлу” романының көркем мазмұнында бадырайып көрініп тұрған дидактика, тәрбиелік мән жоқ. Сюжетті пайдалану тәсілдерінде де ерекшелік мол. Суреттеуге, әңгімеге, суретті диалогтерге барып отырғанмен мақсат фабуланы жеткізуде. Уақиға мен уақытты да мейлінше тығыздай баяндайды. Суреттеуден гөрі уақиға желісін, оның себеп салдарын көрсету басым.

С.Торайғыров өз романдарының арқауы ретінде ақылды, сезімтал жандардың трагедиялық тағдырын алады. Оның бас қаһармандары тұлғалық деңгейге дейін даралана көрсетіледі. Ертеңін ойлаудан гөрі өткенді сақтауды тәуір көрген әлеуметтік топтардың бүр жара бастаған жаңалықтарымен қарым-қатынасы, қақтығысы, күрес жан-жақты суреттеледі. Мақсат мүдделері, ой, сезімдері көрсетіледі. Бірде жаңалықтарды жеңіп, жастарды трагедияға душар қылса, екіншісінде, өздерінің қаусаған сипаттарын сезеді, рухани жеңіліс табады.

Әлеуметтік тұрмыс пен қоғамдық өмірге, салт-санаға ене бастаған жаңалық, күрес идеяларын талдау – С.Торайғыров үшін басты мақсат. Оның ұлттық ерекшеліктері де осы күрес үстінде ашылады. Мысалы, сүймеген адамына ұзатылып, зар жылаған қыздың тойындағы сый-сияпат пен ет аңдыған адамдар бейнесі – қаламгер шығармашылығында өзіндік бояуға ие. Олар үшін нақты жағдайда адам қайғысынан гөрі той сияпаты, қызығы қажеттірек. Жылау мен адам трагедиясы – олар үшін күнделікті уақиға. Оны көп көрген, тойған, көнеген. Солай болған, бола бекрмек деп ойлайды. Оны өзгерту керек-ау деп ойланып жатқан да олар жоқ, жолсыздық, заңсыздық-өмір заңы. С.Торайғыров осы пәлсапаға қарсы қадала жазады. Трагедияның содан екенін айтады, енжарлық пен көнбістіктің, надандықтың сұрықсыз сипатын бейнелейді.

Қыз бала малды, дәулетті шалға тиюге, байға баруға тиісті. Ол жылайды да көнеді. Ата-бабамыз сөйткен. Одан өзге жол жоқ. Көпшілік психологиясы, пікірі осы. “Қамар сұлу” романында ата баба жолына көнбей күреске көтерілген қыз характері, тағдыры бейнелейді. Қамар көптің бірі, надан, кедей қызы емес. Текті атаның бетінен қақпай өсірген ерке қызы, есті, әдепті қыз. Ата-ана алдына шығып, елдің салтын бұзсам деген ойында да жоқ. Осы жолда сүйгені Ахметке де тоқтау айтады. Қосылуға мүмкіндік болмаса - әуре болу, сөзге қалу, түсу мүлде қажет емес дейді.

Алайда, тағдырына Жорға Нұрымның араласуы есті қыз жан дүниесіне, санасына төңкеріс әкеледі. Қамар өзінің хұқының жоқтығын көреді. Салт-сана, әдеп туралы сенімі шайқалады. Ашынады, қарсылық білдіреді, күреске шығады. Бұл күрес бірте-бірте ұлғайып, өз басынан асып қазақ қыздары проблемасын қозғайды. Қаламгер осы көркем мазмұнға әкелетін сюжет, фабула таңдайды.

ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамы қайшылықтарын дөп басу, танып білу, тереңдей талдау, жан-жақты көркем бейнелеу оңай шаруа емес. Бұл тез өсіп, қанаттанып келе жатқан талантты тұлға С.Торайғыров үшін ғана емес, қазақ әдебиеті үшін де жаңа әдеби үлгі, икемді форманың қажеттігін көрсетеді. Қаламгер романдарына, әсіресе “Кім жазықтыда”, оның қаншалықты романдық ойлау деңгейінде көтеріле алғаны айқын көрінеді. Оның таланттылығы прозамен жазылған романнан кейін, өлеңмен жазылған романға тәуекел етуінде, күрделі жанрдың түрлі үлгілерін де байқап көруінде.

С.Торайғыров прозалық роман тәжірибесін белгілі деңгейде игере тұра, екінші романында өлеңге баруының нақты бір себептерінің барлығы анық. Ол қаламгердің ақындық талантында ғана емес күрделі мазмұнды көлемді дастанға, поэмаға айналдыруда көркем мазмұнда өрнектеуде қазақ әдебиетінде қалыптасқан дәстүрдің барлығын да ескеруде. Тез жазуды талап еткен төтенше шақта (бәйгеге арнап) дәстүрлі үлгіні пайдалануға ұмтылу таңданатын іс емес. Прозалық роман поэтикасының әбден кемелденбей тұрғанында өлеңмен жазылған романның әдемі көрінуі ғажап емес. Қоғамдық сана үшін де өлеңмен жазылған романның әдемі көрінуі мүмкін.



Қан мен тер 

Ә.Нұрпейісов

Көрнекті жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы, Арал ауданындағы Үшкөз ауылында туған. Ұлы Отан соғысына қатысып, майдан өмірін болашақ көркем дүниелеріне оқиға өзегі етіп алды.

Ә.Нұрпейісов 1956 жылы Москвадағы М.Горький атындағы Әдебиет институтын тәмамдап, шығармашылық жолға түседі. 1962-1964 жылдары “Жұлдыз” журналының редакторы болды. Содан беріде таза жазу жұмысымен айналысып келді де, соңғы уақытта ПЕН-Клубтың қазақ бөлімшесін, “Таң-Шолпан” журналын басқарып жүр.

Тұңғыш романы “Курляндия” 1950 жылы жарияланып, кейіннен “Күткен күн” деген атпен (1958) өңделіп, екшеліп жарық көрді. Ол – “Сең”, “Соңғы парыз” роман-дилогиясының, “Толғау” атты сыни еңбектің, көптеген очерктер мен көркем аудармалардың авторы.

Басты туындысы – “Қан мен тер” трилогиясы (1-кітап – “Ымырт”, 1961; 2-кітап – “Сергелдең”, 1964; 3-кітап – “Күйреу”, 1970). Ә.Нұрпейісов – халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері.

Тарихи-революциялық тақырыпқа жазылған қазақ романдарының ішінде жанрлық-композициялық, стильдік тұрғыдан “Қан мен тер” трилогиясының өзгешеліктері мол. Біріншіден, шығармада дәуір тынысын 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен бастап, Колчак, Дулатов армияларының талқандалған шағына дейінгі мерзім кең қамтылып суреттеледі. Екіншіден, “Қан мен терде” басқа туындыларда аталып қана өтетін патшашыл ақ әскерінің тіршілік келбеті мейлінше толыққанды бейнеленеді. Үшіншіден, романдағы авторлық мақсат, сюжеттік арналар, көркемдік зерттеу нысаны жаңа. Төртіншіден, Ә.Нұрпейісов сан алуан қасиеттерімен қалыптасып болған әлеуметтік-психологиялық талдау өнерінің қазақ топырағындағы жетілген өресін танытады.

Ә.Нұрпейісовтің бас қаһарманы Еламан – еңбекші қауымның өзгеден алабөтен артықшылығы жоқ қатардағы өкілі. Оның шектен тыс жуастығы, сылбырлығы, шешуші сәттердегі екіұдайлығы бізге таныс революционерлер мінезінен алшақ жатыр. Тек қана адам ретінде сараптағанда кінәлауға да болмайтын дағдылар Еламан жан дүниесіндегі адамгершілік максимализм, турашылдық, намыс сарылып әділет іздеу іспетті ұждандық-этикалық сапалар аясында табиғи қалпымен нанымды. Саяси-әлеуметтік сауаты ашылмаған, қазақ даласындағы тұңғыш өнеркәсіп салаларының бір түрі – балықшылық кәсібімен күнелткен, мәдени-ағарту орталықтарынан алыс, табиғаты қатал Арал теңізі өңіріндегі жандардың ел тұтастығы мен егемендігі үшін күреске шығуы – тарихи заңды құбылыс.

Фамилиясы да аталмайтын (әкесі – Науан) “қараңғы” Еламанның семьялық арнадағы тіршілік-тынысы – оның бүкіл адамдық тағдырын анықтаудағы, ар-ождандық ізденістерін, ашудағы негізгі тетіктердің бірі. “Қан мен тердің” тағы бір ерекшелігі халық бейнесін сомдауда елдің наным, сенім, көңіл-күй пернелеріне аса мән берілуі, жекелеген жандардың қоғамдық аренадағы орны мен тұрмыстық қалпын желілес суреттеу. Трилогиядағы психологиялық арна автордың әр от басындағы тіршілік дағдыларын кейіпкерлердің рухани өміріне тереңдеп бейнелеуден байқалады. Еламан, Рай, Мөңке, Қален, Төлеу отбасы, Тәңірберген, Федоровтар әулеті, штабс-капитан Рошаль, орыс жұмысшылары, Сүйеу қарт, Судыр Ахмет ошағына дейін жіті назар сала, арнайы тоқталуды көреміз. Бұл әдіс роман қаһармандарына тиесілі әлеуметтік іс-әрекеттердің психологиялық түп-тамырын табуға, образдардың толыққанды сипатын ашуға тікелей жол бастаған.

Бір реттен М.Шолоховтың “Тынық Донын” еске түсіретіндей хал “Қан мен терде” Еламан – Ақбала – Тәңірберген жүлгесімен көрініс береді. Еламан басындағы сергелдең мен Ақбала кешкен адасу соқпағы, Тәңірбергеннің азап пен ар талқысында талықсуы – күрделі көркемдік-эстетикалық шешім.

Трилогияның сюжеттік-композициялық желілері де бір бағытта өрістегенімен, авторлық, лирикалық шегіністер роман оқиғаларын жаңа сапалармен толықтырады, қаһарманның есею үдерісін (процесс) ашатын, белгілі әрекеттердің психологиялық дәлелдемесін дайындаушы мәнді детальдар қызметінде жүреді. Бұл орайда “Қан мен тер”, “Ботакөз”, “Тоқаш Бокиндегі” тәрізді алма-кезектесіп отыратын фабулалық жүлгелерден гөрі “Ақ Жайықтағы” үзіліп, жалғасып отыратын, бір тартыстық арнаны екінші қақтығыстар арқауымен күрмей байлап, ілестіре дамытып отыратын күрделі композицияға құрылғаны аңғарылады.

Негізгі қаһармандардың қиын тағдырлардың тоғыстыратын жер-теңіз жағалауындағы кедей балықшылар ауылы. Мұндағы тіршілік қамымен орыс байы – Федоров (Тентек Шодыр) ауына жалданып, асымдық талға жау тауып, күн кешіп жүрген Мөңке, Дос, Еламан, Рай - әр кездері ағайынды Алдаберген софы, Құдайберген болыс (Қаратаз), Тәңірберген мырзалардың малын, жылқысын бағып, кейін намысқа тырысқанда, бөлек шыққан өркеуде кедейлердің ұйтқысы.

Еламанның ыза-кегін оятқан тек Федоров қысымы емес. Бала жасынан тартқан жетімдік тақсіреті. Тәңірберген әкесінің қиянаты, жас мырзаның өз өктемдігі, жеке басынан асып, аз ғана қуанышы – жанұя бақытына түскен шіркеу – осының бәрін ерте есейген зерделі жігіт тағдырдың әділетсіздіген санайды. Еламанды ешкім күтпеген оқыс қадамға (Тентек Шодырды өлтіру) жетелеген себептер авторлық баяндауда кедеспейді. Ә.Нұрпейісов кесек әрекеттердің психологиялық астарын жанама синтетикалық жолмен суреттеген.

Сібірге жер аударылған Еламанның ісін ел ішінде өр мінезді Кәлен жалғастырады. Бай ауылдың барымта-қарымтасымен жүрген дара бітім, оқшау істің адамы – Кәлен мен Абыралы әулетінің мүддесі де қайшылыққа келіп тіреледі.

Тәңірберген – жазушы сомдап түйген характер. Оған М.Әуезов эпопеясындағы Құнанбай, Ғ.Мүсіреповтің “Оянған өлкесіндегі” Игілік бейнелерінің әсер-ықпалы көп. Тәңірбергенде дала көкжалы – Құнанбайдың ірілі болмағанмен, айлакерлігі, Игіліктің дәуір, қоғам барысын топшылап, тез бейімделгіш елшілігі бар. Уақыт, орта, жағдай, мінез сипатына байланысты М.Әуезов қаһарманындағыдай асқақтығынан жымысқылығы басым, ал Ғ.Мүсірепов кейіпкеріне залымдығымен ұқсас. Олармен теңесетін – Тәңірбергеннің озбырлығы, менмендігі. Тәңірберген көзге сыпайы, кішіпейіл; ал іс-әрекеті, жасырын жоспраларымен, өктем, бұза жарып өтетін жанкештілігімен өзіндік характер ерекшелігін жасайды. Ә.Нұрпейісов күрделі жан, ой, ұғым иесін терең сарабдалдықпен, әр қырынан, байыпты арналарда суреттейді. Осынау жауыздыққа бейіл, қатары көп адамның романдағы мәңгілік философиялық ақиқатты жария қылатын мағыналы тұлғаға айналуы – қаламгердің жаңашыл шығармашылық тұғырнамасына дәлел.

“Ботакөзде” Итбайды Кенжебай көтерілісшілермен бірге жазаласа, Кәлен мейманасы тасқан Құдаймендені жалғыз өзі тұншықтырады. Ақ көңіл, өнерлі, байыр жігіттің көп жағдайда Еламанға жетіспейтін қасиеттер: ерлік, шешімталдық, қызуқандылығы мен ақкөз ерлігі халықты соңынан ерте білетін көсемдікке лайық. Еламанмен бірге бастаған 1916-жылғы Арал өңірі кедейлерінің көтірілісі кезінде де Кәлен –соңғы айласы қалғанша ел алдындағы жауапкершілігін терең сезініп, қасындағы сарбасы үшін туған перзентін жау қолына тастап кететін дархан жаратылысы, оқшау жүректілігімен ерекшеленетін кесек тұлға.

Кәлен де, Еламан да заман талқысы қысқан шақта еркіндік іздеген жарлы қауымға көшбасшылық ететін халге жеке көңіл қалауымен емес, көпшілік тілегі, объективті заңдылықтар жасымен жетеді. Сарбаздардың өзін хан сайлау туралы ұсынысына қайырған жауабында Кәленнің таң қаларлық қарапайымдығы мен халықтың тарихи, адамгершілік наным, сенімі арқылы әбден сіңісті болған сергек даналығы айқын көрініс береді. Еламан алғашқы сойқан қылығынан басқа жерде әрбір қадамын есепке алып, көп толғанып барып, бір амалға келетін сақ та байсалды. Кәлен – бар істі ашу-ыза үстінде тындырып салатын, кейінгіні ойлап, сары уайымға түспейтін, наркескендей өткір.

Жазушы штабс-капитан Рошаль, генерал Черновтың ой-толғаныс, тіршілік характері арқылы іштей іріп-шіріген Колчак армиясын қызыға суреттеп кететін тарауларда негізгі тартыс арнасын Еламан, Тәңірбергеннің олармен кездесу оқиғалары нәтижесінде қоюланта түседі.

Бас кейіпкердің түрік шекарасындағы соғыстан алған әсері қиын-қыстау кезеңдерде рухани күш, моралбдық жігер беретін елестер түрінде еске алынып отырады. “Тар жол, тайғақ кешудегі” Петров, “Ақ Жайықтағы” Яковлевтің прообразы іспетті Мюльгаузеннің дарашыл психологиясы, авантюристік әрекеттері де өмір шындығын әр түсті бояулармен нанымды өрнектеу өнеріне кепілдік берсе керек.

Әр түрлі алдамшы типтердің, арамза одақтастардың шылауында кеткен жігерсіз Колчак армиясы халықтың ғасырлар бойы қанында тулаған ыза-кек толқынына бере алмайды. Ақтық шамасы қалғанша тістесіп өткен ақ гвардияшылардың қазақ даласында істеген қиянат-зорлығы елдің қатерлі жауға қарсы ынтымағын арттыра түседі.

Еламан үшін дәуір сапырылысы айқын нәрсе болса, Тәңірбергенге ол жұмбақ. Қорқыныш, үрей ассоциациялары таңданып, күдіктенуден, үміттенуден әлдеқайда басым. Тәңірберген тарихи-қоғамдық құбылысты діни-нанымдық фанатизм, сахара стихиясына ғана тән өмірлік қайшылықтар көлемінде бағалайды. Алайда әшейінде әдісқой, астыртын күрестің палуаны Тәңірбергеннің уақыт қаһарына қарсы шығар шарасы жоқ.

Трилогияда кескіндік анықтамалар мен пейзаж көріністерінің рөлі зор. Портреттің психологиялық айтарлары мол. Мысалы, романда Ақбала өңі, оның киім киісі, әдемі көзі, қалың шашы тәрізді негізгі сұлулық нышандары әлденеше рет қайталану арқылы соны жағдайлар табиғатына үйлес өзгерістерімен қамтылады.

Жазушы мезгілдік құбылыстарды көп жағдайда адамдардың ішкі сарайындағы толқындармен, тұрмыстық, мұраттық әуендермен желілес бейнелейді. “Қан мен тер” трилогиясымен Әбдіжәміл Нұрпейісов қазақ әдебиеті үшін бұрын жан-жақты бейнелеу өрнегінен өтпеген Арал өңірі табиғатын өзіндік топографиялық ерекшеліктерін ашып кестеледі. Үлкен эпикалық полотнода теңіз стихиясы барша қатал сұлулығымен адамдар тағдырын, олардың кәсіп-тіршілігінің сипатын, арман-мұратын, сол жолдағы іс-әрекетін бедерлейтін көркемдік-эстетикалық фон ретінде шебер көрініс берді. Ә.Нұрпейісов шығармасындағы ландшафт реңі кездейсоқ алына салмайды, олар әр кездегі қаһармандар ғұмыр кешетін ортаның тарихи-әлеуметтік болмысын танытатындай кейіпте, жан толқынымен бірлікте суреттеліп, жазушының заман, қоғам, өмір қайшылықтары жайлы астарлы философиялық ой-сезімдеріне рухани тірек болады.



Уақыт тағы өзгерді екен деп романды түзетуге салудың қажеті болмас еді. Бұл уақыт - өткен мен бүгінді екшей бағалайтын, әр нәрсені байыбына қарап бағалайтын уақыт. Көп мәселе тарихи туындыларды парасатпен зерделеуге байланысты. Саналы көзбен қараған жанға “Қан мен терде” мол шынайылық, суреткерге тән машық бар. 

Қара маржан 

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет