Жалаң құрамды субстантивтер. Мысалы: шығасы, көресі, ертегі (ертек +і), қыл (қыл+ы), тәңір (тәңі+і) – бұлар субстантивтенуі арқылы есімге өткен. Сонымен қатар мысалы, былғары // бұлғары туылымының түп тегі бұлғар – болғар этнониміне барып тіреледі. Ол тілімізде әуелде қазақы, қалмақы сөздерінің үлгісінде сын есім түрінде кірген. Содан субстантивтене келе, кейін өзінің сын есімдік тегінен алыстай-алыстай, мүлдем заттанып кеткен. Яғни дербес зат есімге айналған.
Жалпыхалықтық субстантивтер. Жалаң құрамды субстантивтердің көпшілігі жалпыхалықтық сипаттамалар. Олардың субстантивтік сапасы әсіресе мақал-мәтелдерде анығырақ сезіледі. Еріп жаяудың таңы айырылыпты. Бөріктінің намысы бір т.б. Мұнда сын есімнің орны бөлек. Себебі оның кез келгені субстантивтеніп кеткен. Түбір субстантив зат есімдер. Сын есімдер мен есімшелердің субстантивтену дәрежесі жалпы бірдей емес. Тіпті бір сын есім сөз табының өзінің де бұлай заттық сипат алу деңгейі әркелкі. Мұндай типті зат есімдердің ішінде субстантивтену арқылы реестрлік сөз дәрежесіне жалпы жеткендері де, сондай-ақ реестрлік сөз дәрежесіне әлі жете қоймағандары да, контекстік (стильдік) сипаттағылары да окказионалдық деңгейдегілері де бар. Олардың бұлай түрліше субстантивтенуі әрқайсысының өзіндік семантикалық құрылымына байланысты. Түбір субстантив зат есімдердің бірі – шал сөзі. Субстантивтену дәреждесінің жоғарылығы сонша, оның сөз таптық тегі қазіргі қалпынан тіпті байқалмайды. Кім де болса, зат есім екеніне еш күмән келтірмейді. Есіне шал түсті де ет бауыры елжіреп кетті (Б.М.). Шын мәніндегі әуелгі сын есімдік сипатын, яғни «ақ» деген мағынасын осы күнгі кейбір жеке сөзқолданыстан ғана көруге болады. Мысалы, Шалкөде топонимінен Шал құйрық (қырғызтіліндегі чал сақал) тіркесінен және шалбастану етістігінен. Бұлар «ақ көде», «ақ құйрық» (ақсақал), «ақбастану» дегенді білдіреді. Түбір субстантив зат есімдердің негізгі бөлігі өзінің сындық есімдік тегінен жалпы ажырамаған: әуелі сындық қалпында да, сонымен қоса кейін қалыптасқан есімдік дербестігінде де қолданылады. Мағынасы заттану («овеществление») дәрежесіне жеткен ондай субстантив зат есімдер әдетте мақал-мәтелдер мен фразеологизмдік (идиомалық) сөзқолданыстар құрамында жиі ұшырасады. Шешен, жаяу, арзан, соқыр, саңырау, керең осылар сияқты тағы кейбір сын есімдер, - мысалы, сондай түбір субстантив зат есімдер: Жауға барсаң кесерді ал, ауға барсаң шешенді ал; Жаяудың шаңы шықпас; Аттыға еріп жаяудың таңы айырылыпты. Соқырдың тілегені – екі көзі; Арзанның жілігі татымас; Саңырауға сәлем берсең, атаңның басы дейді. Түбір субстантив зат есімдер қатарында кейбір тарихи лексика элементтері де ұшырасады. Мысалы: жесір, тоқал дегендер тек қазақ тілінде емес, өзге де біраз түркі тілдерінде сондай лексикалық қабатқа жатады. Екеуі де әуелде тек сын есім болған, сын есімдік мағына білдірген. Тоқал лексемасының бастапқы кездегі туа мағынасы, сындық сипаты қазір «тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп сақалынан айырылыпты» дейтін мақалдан, сондай-ақ әдетте шатырсыз салынған (чердагы жоқ) үйге қатысты айтылатын тоқал үй, тоқал шам тіркестерінен айқын көрінеді. Ертеде бәйбішеден (бірінші әйелден) кейінгі кіші әйелдерді осылай тоқал деп атаған. Ұзын саны жиырма шақты ауыл. Көпшілігі Ырғызбайдың тоқалдары мен Өскенбайдық тоқалдарынан тараған туысқандар болатын (М.Ә.). Ал жесір лексемасы – араб тілінен енген кірме сөз. Ол да әуелбаста «тұл» («вдова») дейтін сын мағынасын білдірген. Оның осы сандық ұғымы (яғни «тұл» семантикасы) да кейін бірте-бірте тарихилана («заттана») түседі. Ақыры біржола субстантив зат есімге айналады, «тұтқын» («пленный»), «күң», «құл» («раб, рабыня») мағынасында қолданыла бастайды. Ертеде түрлі қақтығыс кезінде жаугершілік заманда қолға түскен тұтқындар осылай «жесір» деп аталған. Жесір дауы тіркесі де, міне, осыдан келіп шыққан. Түбір субстантив пен зат есімдердің мына бір тобы таза орыс тілінің ықпал-ырығымен қалыптасқан. Мысалы, науқас, сырқат, ыстық лексемалары термин жасау тәжірибесінде аударма жолмен пайда болған: алдыңғы екеуі әдетте медицина саласында жиі қолданылатын больной (больная) терминдерінің баламасы ретінде, ал соңғы ыстық сөзі температура атауының қазақша эквиваленті ыңғайында. Науқастың тілегі бойынша домбыра алғызып, көп-көп күйлер тартып отырды. Сырқат қазір орнынан тұрып жүре бастады. Бес күн болды, ыстығы қайтпай тұр. Ертеңіне қызуы қайта көтерілді. Кірме субстантивтер. Туынды субстантив зат есімдер тілімізде кірме сын есімдерден де жасалады. Адалды көңілім қаламай, Қалайды көңілім арамды. Туынды субстантив зат есімдер. Түбір субстантив зат есімдерге қарағанда, туынды субстантив зат есімдер саны жағынан едәуір. Олар – негізінен, үш-төрт қана жұрнақ арқылы жасалған туынды сын есімдер. Мысалы, мұндай -шы, (-ші) жұрнақты туынды субстантив зат есімдерге қанаушы, қаналушы, айыптаушы, меңгеруші, жаттықтырушы, тергеуші сияқты біраз жасалымдар жатады. Бұлар тілімізде кеңес дәуірінде орыс тіліндегі эксплуататор, эксплуатируемый, обвинитель, заведующий, тренер, следователь терминдерінің қазақтық баламасы ретінде қалыптасқан. Осы топқа сондай-ақ қайыршы, жүргінші туылымдарын да қосуға болады. Сырт тілдік әсер жалпы бұларда көрінеу. Сырт тілдік әсер -кер (-гер) жұрнағының қатысуымен жасалған айыпкер, бапкер, үміткер, талапкер, жүлдегер, заңгер, даугер туынды субстантив зат есімдерінен де айқын көрінеді. Тілімізде мағынасы «заттанған», есім негіз бен -лас, (-дас, -тас) жұрнағының өзара сөзжасамдық қатынасынан қалыптасқан сын есім туылымдар да біраз бар. Сындық семантикасы заттық сипат алған, зат есімденген мұндай субстантивтер қатарында, мысалы, күндес, құрдас, қарындас («туысқан» мағынасындағы), замандас, жерлес, әріптес, қарсылас, бәсекелес туынды сөздерін алып қарауға болады. Бұлардың ішінде күндес, құрдас, замандас, қарындас («туысқан» мағынасындағы) сияқты сын есімдер бүгінде мағынасы өте ерте заттанған байырғы субстантивтер ретінде сипатталады. Жалпы бәсекелес туылымын да солай байырғы сипаттағы субстантив зат есім деуге болады. Бөрібай Хасенді ең қауіпті бәсеелесінің бірі деп санайтын. Сын есім негізді тағы біраз туынды субстантив затесімдер -лық және -ғыш тұлғалы болып келеді. Олардың кейбірі мыналар: түстік, шайлық, майлық, сулық, тұңғыш (бірінші бала), мінгіш т.б. Шайлық деп әдетте күнделікті ас-суына, шай-пұйына жетерлік қаражатты айтады. Қолға жұққан майды сүртетін орамалды, салфетканы майлық, ал жуынған соң сүртетін орамалды сулық дейді. Сондай-ақ малшылардың су өткізбейтін сырт киімі де солай сулық аталады. Күнделікті жүріп-тұруға көбірек пайдаланылатын көлік түрі, яғни жылқы малы мінгіш саналады. Кейбір, мысалы, жыртқыш, кеміруші тәрізді туынды сын есімдер үнемі бұлай жеке тұрған күйінде емес, кейде көптік жалғауы арқылы субстантивтенеді, туынды субстантив зат есімге айналады. Мұндай, әр түрлі ит-құсқа, жәндіктерге қатысты сын есімдер әдетте –лар (-дар, -тар) жалғауының көмегімен, біріншіден, заттық сипат алады, екіншіден, оған көптік мағына да үстейді. Және бұл құрылымды субстантив зат есімдер әдетте өздерінің айқын терминдік сипатымен ерекшеленеді. Әйгерім түстік қамдату ісіне кірісіп, Зылихаға ақырын бұйрықтар бере бастады. Оның байлығы – менің шайлығым. Мінгіш болсын деп ботаны биеге айырбастағанбыз. Бір қосынан қырық-елу ғана мінгіш қалғаны бар. Жыртықштар, кемірушілер – сүтқоректілердің дербес екі бөлек атауы. Көшпенділер, жалдамалылар, омыртқалылар, хордалылар тағы біраз осы үлгідегі (модельдегі) туынды субстантив зат есімдер. Жоғарыда аталған көптік жалғаулы бұл субстантивтердің бәрі де кеңестік дәуірде пайда болған жасалымдар.
Сын есім негізді туынды субстантив зат есімдер қатарына сондай-ақ кірекеш, арбакеш, түйекеш, бейнетқор, ақша, аласы, бересі, шығасы сияқты тағы біраз туылымдар жатады. Жоғарыда қарастырылған туынды субстантив зат есімдерден айырмашылығы, бұлар өздерінің морфологиялық құрылымы, әсіресе жұрнақтық бөлігі, жалпы тектік (генетикалық) сипаты жағынан өте әркелкі. Мысалы, теңге, сом құнды қағаздары өздері жасалған материалының түсіне, ақшылдығына қарай әуелден осылай ақша деп аталған. Оның бұл сындық ұғымы кешікпей заттық сипат алып, яғни заттанып, ақыры біржола субстантив зат есімге айналып кеткен. Кірекеш туынды субстантив зат есімі тұрған қалпы, тұтас күйінде араб-иран тілдерінен енген. Арбакеш, түйекеш туынды субстантив зат есімдері кейін осы кірекеш лексемасының ізімен жасалған. Ал бейнетқор туынды сөзі – халықаралық пролетариат терминінің алғаш рет қазақшаланған эквиваленті. Сын есім негізді туынды субстантив зат есімдердің лингвистикалық табиғаты, өзіндік негізгі тілдік ерекшеліктері, сандық көлемі, жалпы алғанда, міне, осындай. Ал есімше негізді мұндай субстантив затесімдер олай емес, санаулы. Бар болғаны Жасаған, Жаратқан, алған тәрізді үш-төрт қана туынды сөз. Оның да соңғы алған есімшесі – тарихи сипатты көне құбылыс. Ол көбінесе бұрынырақтағы түрлі эпостық жырларда, тарихи шығармаларда, айтыс өлеңдерде қолданылған. Бүгінде қолданыстан шығып қалған.
Достарыңызбен бөлісу: |