2.2.6 Конъюнктену (шылауға өту) Сөз таптарының бір- біріне ауысуы атауыш сөз таптары мен көмекші сөздердің арасында да болады. Атауыш сөздер де тілдің тарихи дамуы барысында олардың кейбіреулерінің мағыналары солғындап, қолданылу өрісі тарылып, өз дербестігінен мүлдем немесе жарым- жартылай айрылып, көмекші сөздер тобына ауысады. Мысалы, қазіргі қазақ тіліндегі көмекші сөздер тобында қаралатын шылаулырдың дені тілдің даму барысында өздерінің мәні мен қызметін жоғалтып, көмекші сөздер тобына ауысқан атауыш сөздер болып келеді. Бірақ атауыыш сөздердің көмекші сөздер- шылауларға айналуы өте ұзаққа созылатын процесс. «Көп шылау сөздер тек белгілі ситуацияда ғана шылау қызметінде жұмсалып, ұзаққа дейін өзінің негізгі мағынасынан ажырамайды. Араға ұзақ уақыт салып барып оның грамматикалық қызметінен одан омоним ретінде жаңа атау сөз дараланып шығады» [4, 53]. Мысалы, қарай- етістік, қарай- шылау. Қазақ тілі грамматикаларында шылаулардың ішінде, әсіресе, септеулік шылаулардың арғы тегі басқа сөз табы болып келетіндігі, оның (септеулік шылаулардың) негізінен,, зат есімдер, үстеулерден және етістік сөздерден қалыптасқандығы жиі айтылады да, оған үшін (үшіін), шейін (шейіін), бойы (бойіы), сықылды (сиықіты), жөнінде (жөніініде) тәрізді т.б. есім- етістік мысал ретінде келтіріледі.
ҚОРЫТЫНДЫ Қазақ тілінің материалына қарағанда, сөзжасамның лексика- семантикалық жолы, көбінесе, омонимдік қатарда жұмсалған сөздер арқылы жасалып отырады. Бұл ретте дыбысталуы бірдей сөздер сөйлемде қолданылу орайына қарай әр түрлі сөз табын құрайтын болады. Ал мұның өзі, сайып келгенде, сөзжасамның байлығын көрсететін лексикалық жол болып табылады. Қазақ тілі білімінде қалыптасқан сөз таптастыру теориясы бойынша сөздерді түрлі топтарға жіктеу барысында әлі де болса, бірқатар қиыншылықтар, шешемін таба қоймаған ірілі- ұсақты проблемалар кездеседі. Соның бірі, сөз таптастырудың синтаксистік принципін қолдану кезінде әрбір сөз табының сөйлемде атқаратын қызметімен қатар жүйелі түрде олардың (белгілі бір сөз табына жататын сөздердің) тіркесу қабілетін нақты анықтаудың өз дәрежесіне емес екені болса, келесі бір сөз таптастыруға қатысты шешімін күтіп тұрған үлкен проблема – сөздердің бір сөз табынан екінші сөз табына ауысуы процесін зерттеу болып табылады. Тіл білімінде сөздің бір сөз табынан екінші сөз табына ауысуы, әдетте ешқандай сөз тудырушы жұрнақсыз іске ауысуына байланысты түсіндіріледі, және бұл құбылыстың жеке сөз таптарына қатысына қарай, яғни сөздің қандай сөз табына ауысқанына қарай адвербиалдану (сөздердің басқа сөз таптарынан үстеуге ауысуы), адьективтену (сөздердің басқа сөз таптарынан сын есімге ауысуы), вербалдану (сөздердің басқа сөз таптарынан етістікке ауысуы), прономиналдану (сөздердің басқа сөз таптарынан есімдікке ауысуы), субстантивтену (сөздердің басқа сөз таптарынан зат есімге өтуі) деп аталады. Ал жалпы сөздердің бір сөз табынан екінші сөз табына өту процесін атау үшін конверсия термині қолданылады. Конверсия тәсілі арқылы сөз тудыру мәселесі – қазақ тіл білімінде енді-енді ғана зерттеле бастаған тың тақырыптардың бірі болып саналады. Осы курстық жұмысты жазу барысында қазақтың қарымды қаламгерлері Т.Әлімқұловтың «Ақбоз ат» романы және Б.Мұқаевтың «Жалғыз жаяу» романындағы лексика- семантикалық тәсіл арқылы жасалған сөздер жиналып, 100 карточка жасалды. Талданған мысалдардан байқалғандай, мұнда арнайы аффикстік тәсіл болмайды. Сөзжасам белгілі бір сөздердің лексика- семантикалық мәнімен тығыз астарласып жатады. Осының нәтижесінде бір сөздер ол бастағы мәнін әлсіретіп, жаңа мағынаға ие болып жатса,енді бір сөздер омонимдік қатар құрай, әр түрлі сөз табының туындауына себепкер болады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР: 1. Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. – Алматы: Ғылым, 1989. - 368 б.
2. Қазақ грамматикасы. – Астана: Елорда, 2002.- 784 б.
3. Салқынбай А. Қазіргі қазақ тілі: Оқу құралы.- Алматы: Қазақ университеті, 2008.- 340 б.
4. Сарбалаев Ж. Сөзжасам мәселелері (оқу құралы) – Алматы: Арыс, 2002.- 152 б.
5. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. – Алматы, 2002, - 664 б.
6. Сүлейменова Э. Тіл білімі сөздігі. – Алматы: Ғылым, -540 б.
7. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. – Алматы: Дайк- Пресс, 2008.- 968 б.