б) Жаңа сабақты түсіндіру.
Адамның дүниеге келуі қандай заңды құбылыс болса, дүниеден өтуі де сондай заңдылық. Туу, өсу, өлу, қайта жаңғыру — табиғатқа тән нәрсе. Адам да — табиғаттың перзенті. Адам дүниеге жылап келіп, жылап кетеді. Тіршіліктегі қуаныш сезімін, өмірінің әр кезеңін өлең-жырмен өрнектеу қандай заңды болса, өліммен байланысты қайғы, мұң-шерді де осылай атап өту ежелгі ел дәстүрі болған. Қазақтың ұлы ақыны Абайдың "Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең" деуі осы жағдайды сипаттаудан туған. Адам өлімімен байланысты кеңілдегі мұң-шерді, қайғы-қасіретті сыртқа шығарған өлең-жырларды көңіл-күйімен байланысты туған шығармалар дейміз. Олар қоштасу, естірту, жоқтау болып үшке бөлінеді.
Қоштасу. Қоштасу өлеңінің негізіңде белгілі бір қайғылы хал жатады. Қазақ халқы өзінің тарихында талай ауыр күндерді басынан кешірді. Жат жұрттық жаулармен соғыс кезінде кір жуып, кіндік кескен жерін тастап, қоныс аударуға тура келді.
Тіпті тыныштық заманның өзінде де халықтың аяулы ақындары, шешендері, жыршылары елінің хан-сұлтандарымен келісе алмай, басқа жаққа кетуге мәжбұр болған кездер бар. Сондайлардың кейбіреулері патша үкіметімен, бай, болыстармен ұстасып, Сібірге жер аударылды. Күтпеген жерден сүйікті баласынан, сүйген жарынан айырылды. Міне, осындай жағдайларға байланысты қоштасу өлеңдері пайда болды.
Қоштасу өлеңдерінің тақырыбы әр алуан болса да, мазмұны, түрі төркіндес келеді. Олардың қай-қайсысында болса да көңіл күйі, еліне, жеріне, ғашық жарына, ата-анасына, туған-туысқанына деген махаббат, сүйіспеншілік сезімі білдіріледі.
Кітаппен жұмыс: Кітаптан өлеңдерді мәнерлеп,нақышына келтіре оқиды.
Достарыңызбен бөлісу: |