Орал хан өзі туған табиғатына ұқсас еді. Алтайдай асқақ, оның оқ жетпес құзар шың- дарындай биік еді! Заңғар тауларынан құлап аққан өзендеріндей тасқын еді. Тауларының сілемдерін жайлаған еркеліктеріндей елгезек еді. Өркеш-өркеш тастарындай ірі еді. Қалам сілтеген алыптардың бірі еді. Шығыстан жарқырап шыққан жұлдыз еді.
Оралхан Бөкейдің шығармашылық әлемі қандай еді?
О.Бөкейдің шығармашылық жолы 1970 жылдан басталады. Оралхан Бөкейдің алғашқы шығармасы «Сарыарқаның жаңбыры» деген әңгімесі болса, оның есімін көпшілікке танытқан - «Мұзтау» атты повесі. Оралхан Бөкей - қазақ әдебиетіне өз жолымен, өз жаңалығымен келген жазушы. Жазушының кез келген шығармасынан оның туған жеріне, жалпы адамзат баласына деген сағыныш лебі есіп тұрады. «Оралхан - табиғат пен махаббатты жырлаған Алтайдың шабытты жыршысы еді, біртұтас ұрпақтың ойының шынайы әміршісі, адамның рухани жан дүниесін үлкен шеберлікпен суреттеген жазушы. Оралхан Бөкеев қазақ әдебиетінің нағыз шебері болып қала бермек» деп, жазушы Роллан Сейсенбаев айтқандай, Алтайдың кербез табиғатын, тамылжыған сұлулығын, ондағы адамдардың образын «Қар қызы», «Атау-кере», «Жетім бота», «Жылымық», «Жасын», «Сайтан көпір», «Мұзтау», «Ұйқым келмейді», «Мынау аппақ дүние», «Бәріде майдан» т.б. шығармаларында шынайы бере білді.
«Оралхан не жазса да қанымен, жанымен жазушы еді. Қай жанрда жазбасын, олардың бірде-бірі қаламдастары мен қалың қауым назарынан тыс қалмайтын. Оралхан - бір оқылатын жазушы емес. Оралхан - қайталап оқуды қажет ететін жазушы, түсінгеніңше оқи беретін күрделі суреткер», - деп жазушы Дулат Исабеков айтқандай, «Апамның астауы», «Тортай мінер ақбоз ат», «Бура», «Терісаққан», «Кербұғы», «Қасқыр ұлыған түнде» әңгімелері идеясының сонылығымен ерекшеленеді. Мәселен, «Терісаққан» шығармасында тек Ағарыс өзені туралы жаза отырып, табиғатқа жан бітіріп, кейіптеу тәсілін молынан қолданған автор салт- дәстүр тақырыбын шебер көрсеткен. Оның «Алданған ұрпақ» трилогиялық романы қолжазбалық ойлар күйінде аяқталмай қалған.
Оралхан Бөкей қазақ драматургиясының дамуына да өз үлесін қосқан. Оның «Құлыным менің», «Текетірес», «Қар қызы», «Бармысың, махаббат?» пьесалары өмір шындығын, заман тынысын кеңінен суреттейді.
Жазушының көптеген шығармалары ТМД және шетел халықтары тіл- деріне: ағылшын, француз, чех, болгар, неміс, жапон, араб, қытай т.б. аударылып, оқырмандарын тапты.
1976 жылы Оралхан Бөкей «Құлыным менің» пьесасы үшін Қазақстан Республикасы Жастар сыйлығының лауреаты, 1978 жылы «Найзағай ізі» повестері мен әңгімелері үшін Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың лауреаты, 1986 жылы «Біздің жақта қыс ұзақ» кітабы үшін Абай атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Сондай-ақ «Молодая гвардия» және «Жалын» баспаларының сыйлықтарын иеленді. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.
Қаламгер 1993 жылы 17 мамырда шығармашылық іссапар кезінде Үндістанда қайтыс болды. Оралхан Бөкей атында Өскемен қаласында кітапхана, мектеп, көше бар. Алматы қаласында жазушы тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылып, көшеге есімі берілген. Елімізде Оралхан Бөкей атындағы көркем сөз оқу шеберлерінің байқауы өткізіліп тұрады.
Достарыңызбен бөлісу: