Л. Н. Нұрланова Қазақ Әдебиеті



бет16/67
Дата04.05.2023
өлшемі1,59 Mb.
#176067
түріОқулық
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   67
Байланысты:
қә 11 1-1

«Өмірзая» романы
үзінді
50
Қаншалық құмартқанмен Алматыдағы жертоқсан дүрбелең туралы Аяған айызы қанып әңгіме ести алмады. Дәрігерлердің қабағынан байқағаны – бұрынғыдай емес-жарқын емес, бірімен-бірі шешіліп сөйлеспейді, араларында бәлендей қақтығыс болғанмен мұндағылар орыс-қазаққа бөлініп алған сыңайлы. Соған қарағанда, үлкен дүрбелең болған-ау деп ойлайды. Нақты дерегі жоқ алыпқашты әңгімелерден кісінің жаны шошиды. Анда-санда туыстарына келіп-кетіп жатқандардың сөздерін құлағы шалғаны бар. Орыстардың айтуына қарағанда, қазақ студенттер қаланың бір шетіндегі бақшаға басып кіріп, кішкентай орыс балаларын өлтіріп кеткен көрінеді. Осылай деп еңіреп жылап отырған кемпірді көріп, Аяған жағасын ұстады. Әкесіне келген қазақ қызы алаңға шыққан жастарды танкімен таптағанын, жүздеген адамның қаза тапқанын айтып жылап отырды.
- Өзің көрдің бе? – деп сұраған Аяған.
- Құрбым айтты, деді қыз. Бәрі осылай дейді. Ешқайсысы өз көзімен көрмеген, біреулерден естіген. Аяғанның аңғарғаны – әркім өз ұлтын жақтайды, орыс пен қазақтың арасы тым ашалып кеткен сияқты.
М ұса Байларовтың әкесін Напалеонның орнына әкеліп жатқызған. Шалдан сыр тартып көріп еді, мүлде ештеңе білмейтіндей меңірейіп отырып алды. Балама жаманат жұғады деп қауіптенетін тәрізді.
Соңынан шам алып түсіп, сары ізіне шөп салып, осы жағдайға душар еткен кісінің әкесі екенін біле тұра Ес қарияға Аяжанның көңілі құлады. Ұлы екеуінің арасындағы әңгімені толық естіп, шалдың кім және қандай жан екенін білмесе оған соншалық ілтипат көрсетпес еді. Алғаш көрген сәтте-ақ, ол Алдияр Ақпанұлына ұқсайтын секілденген. Несі ұқсайтындығын қанша ойланса да таба алмай діңкелеген. Шалдың нені болса да бетке тура айтатын мінезі, көрінгенге сыр ашпайтын қасиеті, тауып сөйлейтін ерекелігі Аяғанның есіне әр сәт сайын ұстазын салады. Алдияр мен Есті құдіреті күшті құдекең бір материалдан жасай салғандай болып көрінеді. Айырмашылық – сыртқы пошымдарында ғана. Ес еңселі, етжеңді келген, дөңгелек жүзді кісі. Сиректеу сақалын еркіне қоя беріпті. Күні бойы сақалын саумалап, аллалап отырғаны. Сыртқа да көп шықпайды, орысшаға шорқақ болғандықтан іші пысып жататын Саламон патшамен шешіліп сөйлеспейді, оның үстіне, бүкір шалдың шалды-күйлі сөздерін естіген соң көңілі суып қалған сыңайлы. Бүкіш шалдың сұрақтарын естімеген адам болып жата береді. Келгелі бері Аяғанмен де шешіліп сырласып қарық бола қойған жоқ. «Мұндағылардың барлығы ақылынан алжасқан адам» деп ойлайтын болу керек, бәріне күдікпен, сенімсіз көзбен қарайды. Өзіне бағышталған сөзді жауапсыз қалдырады немесе сылтау айтып құтылады. Келгелі бері шалды айналдырып, оның әңгімесіне шөлдеп жүрген Аяған бүгін де оны сөзге тартты.
- Ақсақал, сыртқа шығып, таза ауа жұтып қайтпаймыз ба? Бүгін жексенбі. Әрі-бері жүріп, қан таратып қайтайық, - деп өтініш білдірген Аяғанға шал аларып бір қарады да, үндемей отыра берді. «Қимылсыз жата бергеннен пайда жоқ. Сізге қимыл-қозғалыс керек, қария».
- Қимылдап-қимылдап болғанбыз, шырақ. Ұзынымыздан түсіп, қимылдамай жататын уақытымыз келген біздің, - деді шал тық-тық жөтеліп.
- Жаны жайсаң жақсы адамдар бүгін де, ертен де, қысқасы, әрқашан керек, қария. Басқаға керек болмасаңыз да қоғамға, адамдарға керексіз, - деді жігіт екі көзін шалдан алмай. Ес қария селк етіп, оған жалт қарады. – Заман да, қоғам да жақсы адамдардың аздығынан болған екен-ау.
- Е-е, солай де... Солай екен-ау, деп кеңк-кеңк күлді шал. – Отыз екідегі нәубет, отыз жетідегі зобалаң жақсылардың аздығынан болған екен-ау.
- Естисіңдер ме? – деп, тып-тыныш жатқан Саламон жастықтан басын жұлып алды. –Сыртта бір сұмдық жатқан сияқты. Рекет!.. Қашу керек!.. Полундра!..
- Жан тәтті болған жастық шақта бассауғалап қашқанбыз. Енді қашқанда ұшпаққа шықпаймыз, - деп күрсінді Ес қария.
- Ақсақал, жындыхана Кеңес үкіметіндегі ең қауіпсіз орын, - деді Аяған, тыпырлап орнынан тұра алмай жатқан бүкіш шалды тыныштандырмақ болып.
- Олар мұнда келмей ме?
- Келмейді.
Саламонның көңілі орнына түскен тәрізді. Көзіне жылт ойнап шығып, рақаттанып қарнын сипады.
- Жақында пенсия өседі. Партияға мүше болғаныма елу жыл толады. О-һ-о, әлі өмір сүреміз біз, - деді күлмеңдеп. Ес қария ақырын ғана күрсініп қойды.
- Естімеген елде көп деген...
- Естисіз, қария, - деп Аяған күйінішті үнмен таусыла сөйлеп, - Туған анасын бауыздап өлтірген жауызды осында алып келген екен, ол қашып кетіпті.
- О-о, тоба!
- Бұл үй адмға да, наданға да пана болып тұр ғой қазір.
Естің қабағы шытылды. Аяғанның аузынан шыққан сөзді өзіне арналғандай ауыр қабылдады. Айтып жіберетін ащы сөз тілінің ұшына келгенмен шал ашуын сабырға жеңдірді. «Ауру адаммен» шапылдасып, шатақтасып жатқанды дұрыс көрмеді.
- Менің бетіме түкірмеген сен қалып едің, балам. Пенде баласына бастырмап ем кеудемді. Қартайғанда көрдік-ау қорлықты, - деп егілді шал. Өзінің аңдамай ағат айтып қалғанын түсінген Аяған шалды құшақтап:
- Кешіріңіз, - деді. Ес қария үнсіз қалды. – Сонымен сыртқа шықпаймыз ба? - Шал үнсіз бас шайқады. – Менімен қатар жүргіңіз келмейді. Себебі – мен жындымын. Ал сіз сап-саусыз, - деп мырс күлді жігіт. Ес оған жалт қарады. Екеуінің көздері тоқайласқан, шал басын тұқшитып, аллалап сақалын сипады. Неге екенін өзі де білмейді, осы жігіттің алдында жүні жығылып, абдырап қалады. Қай уақытта болса да өзінен көз алмай қадала қарап тұрғаны, кірпік қақпайды, жүзі жылымайды. «Е-е, бейшара, ауру ғой» деп мүсіркейтін. Байқап қараса сөзі пысық, ауру адамға ұқсамайды. Сақал-мұртын, шашын өсіріп жібергені болмаса басқа аурулар секілді әбес әрекетке бармайды, ешкімге қосылмай жападан-жалғыз сыртта жүреді. Бір уақытта қалшылдап тоңып, бөлмеге келеді де, шалқасынан түсіп жатып алып, терең ойға батады.
- Мен бәрін білемін, қария. Жалғыз баласы үшін басын оққа байлаған талай адамды білеміз. Шал көкірегі қар айырылардай күрсінді. Ләм дәместен орнынан тұрып, қыстық пальтосын киді де, есікке беттеді. Аяған оның соңынан ерді.
Жапалақтап қар жауып тұр екен. Жер-дүние аппақ. Күндегідей емес, ауа жұмсарыпты. Аяған аспанға қарап аузын ашты. Бетіне қонған ұлпа қар еріп, мойнына қарай сырғанады. Ол жата қалып қарға аунады. Қар көрмегелі қанша уақыт. Қыстайғы өмірі түрмеде өтті. Мамыр айында түрмеден шыққанда жерде алашабыр қар бар еді. Бірақ ол мынау сияқты аппақ, тап-таза емес, әбден кірлеген, сүрленген қар болатын.
- Қария, қардың иісі қандай тамаша! – деп дауыстады Аяған. Жұп-жұмсақ қарды көсіп-көсіп алып, құшыры қанбай иіскелеп, сонан соң бетін жуды. Қарға аунап қарқ-қарқ күлген жігіттің әбес әрекетінен күдік алып қалған. Оның сөзіне бола сыртқа шығып кеткеніне өкініп келеді.
- Қария, мен де өзіңіз сияқты мұнда күшпен түскен кісімін, - деді жүгіріп келген жігіт оны құшақтап. – Жерге аунағаныма қарап қорқып қалмаңыз. Мен де адаммын ғой, қария-ау. – Аяған әнтек езу тартып, сөзін жалғады. – Сіз секілді жанымды мазалаған ойларымды ашық айтқаным үшін Кеңес үкіметінің саясатына қарсы деп түрмеге қамады. Ол жерден ақталып шығып ем, осында әкеліп қамады. Кешірмеді. Шырылдап шындықты айтқанды өгейсітіп өкпеге тебе берсе, оның төрінде жағымпаздар мен қорқақтар, қара басының қамы үшін туған әкесін оққа байлап кететін шіріктер қалмай ма, қария-ау.
- Әй, жерге қараттың-ау мені. Тірідей көмдің-ау әкеңді. Бар арманым сені жеткізіп, қызығыңды көру еді. Жеттім арманыма, - деп күңіренді шал.
- Мен балаңыз екеуіңіздің араңызда болған әңгімені түгел естідім, - деп Аяған төтесінен тартты. Жайбарақат келе жатқан шал селк етіп, қалт тоқтады да, жігітке күдіктене қарады. – Сіз маған өте ұнадыңыз, қария. Сізге басымды иемін. Сіз сияқты асыл азаматтар сирек. Өте сирек. Кімнің кім екенін басыма іс түскелі біліп жүрмін. Қолыңда барда бетіңе жылтырағандар басыңа іс түскенде танымай кетеді екен. Мен жалғыз қалдым. Шыңдықты айттың деп бәрі теріс айналды. Тілімнің құрып бара жатқанын айттым. Ділімді қорғадым. Сол үшін Кеңес үкіметінің саясатына қарсы адам болып шықтым ғой, қария, - деп күлді қызулана сөйлеп келе жатқан жігіт. Шалдың оған деген ниеті түзеле бастаған секілді. Жігітті қолтықтап алған. – Қымс етсе саясат шығады алдымыздан. Адам болмаса ол кімге, неге керек? Айтыңызшы білсеңіз. Қай мемлекетте ең алдымен адам, сонан соң саясат керек емес пе, қария?!
- Е-е, жалған дүние-ай! – деп күңіренді шал. – Адам арзандап кетті ғой, қарағым. Саясат – парауоз, адам сол парауоздың пешін қыздыратын отын сияқты болып қалды қазір. Е-е-е!.. Не дейін-ай. Білгенімді айта алмай омалып отырысым мынау. Әттең-ай, аяғым тұсаулы, қолым байлаулы, аузым құлыптаулы ғой. Әй, заман-ай!
- Адам – робот, адам – құл. Ол еркін ойлауға, еркін сөйлеуге тиіс емес дейді біреулер. Шеңберден шыға бастаған еркін ойлы азамат саясатқа қарсы күш ретінде жазаланады. Мысалы, мына сіз және мен, - деп Аяған шалды иығынан ақырын ғана түртті, сосын өз кеудесін нұқыды.
- Азаттық жоқ жерде қоғам – аквариум. Біз аквариумдағы балық сияқтымыз, қария. Ал біреулерге сол аквариумдағы өмір ұнайды. Суы борсып кеткенмен онда акуа жоқ. Әсіресе Саламон мен Напалеон сияқтыларға сондай өмір керек. Өйткені олар – құл. Екеуі де мұртты көсемнің ықпалынан ешқашан шыға алмайды. Ешқашан!.. Оларға азаттықтың керегі жоқ, қария. Азаттық өзін-өзі сыйлайтын ақылы бар адамға керек. Ал сіз мүлде басқасыз, жасыңыз солармен қарайлас болғанмен, әлгілермен бір заманда өмір сүргенмен оларға мүлде ұқсамайсыз. Сіз Алдияр Ақпанұлына ұқсайсыз. Сондай бір ғұлама болған. Оның көрмегені жоқ, қария.
- Е-е, біз не көрмедік!? Отқа салды – жанбадық, суға салды – батпадық. Партиямыз өл деді, өлдік. Өлтір деді, өлтірдік, - деп күрсінді шал. «Құлы көп мемлекет – күшті мемлекет» дейтін Алдияр Ақпанұлы.
- Кемшілік қоғамда емес, шырағым, адамда... Қоғам – кеме, қалай бұрсаң солай жүреді.
- Қоғам – пойыз. Ол теміржолмен ғана жүре алады. Жол – жүйе. Социалистік жүйе. Сондықтан пойыз сол жолдан шыға алмайды. Жолдан шықса апатқа ұшырайды, қария.
- Алматыдан шыққан пойыз Мәскеуге, Ленинградқа да бармай ма?! – деді шал жігіттің түпкі ойын танып. – Бұл заманда пойыз бармайтын қала жоқ, қарағым.
- Қария, пойыз аса сенімді көлік болғанмен Америкаға, Жапонияға бара алмайды.
- Е-е, қарағым, күндердің күнінде мұхиттың үстіне де көпір салынар.
- Ой, айтасыз-ау, қария! – деп қарқылдап күлді Аяған.
Жындыханада түскелі бері адам сияқты көңіліндегі ойын ірікпей ақтарып, шешіліп сырласқаны – осы. Жаны жадырап, бір жасап қалды. Жапалақтап жауған аппақ қардың астында екеуден-екеу қыдырыпұзақ жүрді. Ақ қар жамылып қыдырып жүрген екеуін көріп, терезенің түбінде телміреп далаға қарап отырғандар сыртқа шықты. Біреулері жалаңаяқ, жалаңбас жүр. Қарға аунап, қар асап, сақ-сақ күліп жүргендерге қарап, Ес қария состиып тұрып қалды. Көзді ашып-жұмғанша болған жоқ үш корпустан үш санитар шыға келіп, айқайға басты. Жаңа ғана рақаттанып күліп жүрген аурулар қасқыр көрген қояндай жан-жаққа тым-тырақай қашып жөнелді. Біреуі ғана жатқан орнынан тұрмады. Жүгіріп келген санитар «тұр» деп ақырды, бірақ ауру орнынан қозғалмады. Ашуға мінген санитар қолыңдаған таяқпен арқасынан салып-салып жіберді. Жаны дызыққан Ес арашаға түспек болып шырқырап ұмтылған, оны Аяған жібермей ұстап қалды.
- Бұл – дурдом. Мұнда таяқпен де емдейтін тәсіл бар. Бөлмеге барайық. Бізді де аямайды, - деді жігіт суық жымиып. Бұлардың қолына түсе көрмеңіз.
- Е-е-е, қара күш ақылдан озған заман болды ғой бұл, - деді қалшылдап, өзіне-өзі келе алмай тұрған Ес қария. – Адам арзандағанда осылай болады.
- Бағасы арзандамаған адамды бұл жер қабылдамайды. Уциненный товар дейді біздің сауданың тілінде. Ақылы асқан бекзаттардың үйі жоғарыда, тау бөктерінде, - деп мырс күлді Аяған. – Тезірек жүріңіз, анау келе жатыр. Ол сізге адам деп емес, ауру деп қарайды.
- Мен аурумын, қарағым, - деді шал күйінішті үнмен. – Жанымда жазылмас жарам бар.
- Болыңыз, қария, болыңыз!..
- Ажалдан қорықпаған Ес адамнан қорықпайды, балам. Құдайға керек болмаған ақсақ шал пендеге керек болсын ба?! Қолыңда таяғы бар жүнді білек дәу жігіт ентігіп жүгіріп келген бойда ақырып, шалдың жағасына жармасты
- Далаға шығуға кім рұқсат берді саған?
- Қарағым, жағамды жібер, мен әкеңдей адаммын.
- Ә-ә, қарсыласасың ба?
- Жібер иттен жаралған! – деп ашына айқайлаған шал оны шапалақпен салып жіберді.
- Ах, әкеңнің!..
Жүнді білек дәу санитар таяққа сүйенген шалды бір жұлқып, жалпасынан түсірді. Арашаға жүгірген Аяғанды таяқпен салып жіберді де, тыпырлап орнынан тұра алмай жатқан шалды екі-үш рет оңдырмай тепті.
- Жат солай, жарымес! – деді де тым-тырақай болып жан-жаққа шашырай қашқан ауруларды қуалап кетті.
- Кешіріңіз, қария, - деді қолтықтап тұрғызып жатып Аяған. – Мен кінәлімін.
Шалда үн жоқ. Қалш-қалш етіп әрең жүріп келеді.
- Жалғызымның жақсылығын көрдім ақыры. Ұшпаққа алып шығамын деуші еді. Алып шықты, - деді жасқа тұншығып. Содан бөлмеге кіргенше дымы шықпады. Аяған қалбалақтап жүріп шалдың киімін шешіндіріп, сыртқа алып шығып, қарын қақты. Қайтып кіріп, суыққа тоңып дір-дір еткен Есті төсегіне жатқызды.
- Кешіре алсаңыз кешіріңіз, қария, - деді шалға тура қарауға батылы жетпей тұрған жігіт күмілжіп. Ес қинала езу тартты.
- Мұса! Қайда жүрсің, Мұса? – деді шал біраздан кейін сыбырлап сөйлеп. – Перзенттік парыз, қарызыңнан құтылдың сен. Сен үшін өмірдің қызығын тәрк етіп ем. Сен үшін қанды қырғын соғыста өліп қалмай, кеудемді сүйретіп аман келіп ем, Мұса. Неге үндемейсін, Мұса? Мұса-а! Бөлменің ортасында состиып тұрған Аяған баласының атын атап, сөйлеп жатқан шалға ұрлана қарады. Оның көз шарасы жасқа толып кетіпті.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   67




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет